КӨКШЕТАУ
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісті
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?
Ырғалған көкке бойлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайың,
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған.
Еш адам оны барып қия алмаған,
—Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып,
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,
Басына атсаңдағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.
Сары алтын Көкшетаудың ерте-кеші,
Тау мен күн сүйіскендей еркелесіп,
Суретті шежіресі өткен күннің,
Сілекей ағызады ертегісі.
Талай сыр ертегіні ел айтады,
Ызыңдап таудан соққан жел айтады
4
Сырласып сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз-түн күңіренген көл айтады.
Толғанып төмен қарап шал айтады,
Тамсанып-таңырқанып бала айтады.
Тау-тасты тұнжыраған куә қылып,
Отбасы қатын-қалаш — бәрі айтады.
Ертегі болмаса да хатта қалған,
Аузында шежіренің қартта қалған.
Қарттардың баян қылған әңгімесін
Есіткен кейінгілер жаттап алған.
ЖЕКЕ БАТЫР
Болыпты баяғыда Жеке батыр...
Тау бағып жатады екен тігіп шатыр
Бір күні қарауылда қалғып кетіп,
Сол батыр бүгінгіше ұйықтап жатыр.
Сол батыр осы күні бір үлкен тау,
Көз жұмған көкке қарап сыры үлкен тау
«Ұйықтаған батыр» дейді таудың атын,
Адамша көлбеп жатқан қыры үлкен тау.
Батырдың қырыққа таяу келген жасы,
Денесі биік жота, таудай басы,
Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,
Киюлі баста жатыр дулығасы.
БУРАБАЙ
Тағы бір ақбас бура, — емес аттан
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан.
Мұны да «көзі көрген» қарт айтады,
Тыңдаған әлеуметке алқа-қотан.
Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып.
Күркіреп тұрады екен көбік шашып,
Бір көлді мекен қылып күнде келіп,
Су ішіп кетеді екен алшаң басып.
Дүниеде өрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты;
Бурабай атаныпты содан бері
Ақбура мекен қылған көлдің аты.
Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.
Ақ көбік көпіреді күміс судан,
Сан сұлу сөл көбікпен бетін жуған;
Көл басы бірде күңкіл бірде у-шу,
Әңгіме сансыз сырлы ертек туған.
Ақ бура көп жыл тауды қылған мекен,
«Бір үлкен іс боларда сезеді екен».
Ол істі елге айтқандай маңайдағы,
Бақсыдай тауды азынап кезеді екен...
Шабысып бірін-бірі ел қуар болса,
Не өлмек, не бір батыр туар болса,
Немесе бір апатқа ел ұшырап,
Кәрі-жас бетін жаспен жуар болса.
Бақсыдай бура азынап жүреді екен.
Мал шулап, иттер ұлып үреді екен.
Қалың ел маңайдағы құрбан шалып,
Құлақты алдағы іске түреді екен.
Қара бұлт тауды төніп басады екен,
Күркіреп жерге зәрін шашады екен.
Аспаннан қып-қызыл от жерге шашып,
Таудағы аң пана таппай сасады екен.
Білген соң бураның бұл қасиетін,
Үлкеннің кіші тыңдап өсиетін.
Түнеріп долы бұлттай күрілдеген
Бураға болмапты енді жұрт тиетін.
Баласы Абылайдың Қасым төре,
Жасынан сотқарлығы басым төре,
Бір күні тау ішінде келе жатты
Өзіндей бір топ жігіт қасында ере.
Бәрінің асынғаны қару-жарақ,
Соқтыққан өңкей сотқар жалақ-жалақ.
Найзамен неше түрлі ат үстінде
Ойын ғып келе жатқан көлді жанап.
Тастарды, ағаштарды қылып қарақ,
Ысқыртып келе жатқан өткір садақ.
Бураны Қасым төре сөз қылыпты,
Кез келсе атпақ болып төстен қадап.
Қасым хан туғаннан-ақ қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар.
Анадан қан уыстап туған мұңдар,
Қан ұрттап жүрсе ғана көңлі тынар.
Сол кезде шыға кепті ақбас бура,
Жап-жалбыр төсін басқан әппақ шуда.
Қасым хан тұра қалып ақ бураны,
Шіреніп атып сапты нақтап тура.
Өкіріп ақбас бура көбік шашып,
Шиқылдап тісін қайрап, аузын ашып
Қасымды бір айналып бура-қотан,
Қан ағып кеткен тулап таудан асып.
Бақсыдай сарнап бура тауды кезген,
Күңіреніп мекенінен енді безген.
Ел естіп хан ұлының бұл жұмысын
Зор іске ұшырарын бөрі сезген.
Жоқ болып ақбас бура көп күн өткен,
(Қасымның қан қолынан қаза жеткен.)
Бір күні таудай болып шөгіп жатқан
Бураны жұрт көреді өткен, кеткен.
Құбылаға басын беріп шөгіп жатқан,
Көк мұнар қалың ойға шомып батқан,
Ақбура қабақтарын қарс жауып,
Қозғалмай мәңгі жатып тас боп қатқан.
Ақ бура таудың тағы түйесі деп,
О дағы қасиетті бір иесі деп,
Тұқымы сотқар ханның оңбағаны,
Жұрт айтад «сол түйенің киесі» деп.
«Бұл іске Бурабайдың көлі куә,
Қасымның қалған жұрты, көні куә,
Бураша шөгіп жатқан мұнар тау мен
Ызыңдап таудың соққан желі куә...»
ОҚЖЕТПЕС
Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан
Бастары көкке бойлап бұлттан асқан.
Бір шың бар етегінде тіп-тік найза
Адамзат жасағандай құйған тастан.
Сүп-сүйір бейне найза шың, күз, биік,
Төбесі кейде тұрад бұлтқа тиіп.
Қарасаң етегінен шын басына,
Тақияң жерге түсед тұрған киіп.
Тіп-тік шын көкке қарай кеткен бойлап,
Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап.
Жалғыз-ақ шын басында ноқаттай боп
Құйқылжып қалықтайды бүркіт ойнап.
Басына атсаң дағы оғың жетпес,
Иіліп ешбір тауға тәжім етпес,
Сол шыңға жан шықпаған ұя салып,
Шаңқылдап қаршыға мен бүркіт кетпес.
Осы шың Бурабайдың жағасында,
Күнбатыс тауға кірген сағасында,
Орта жүз хан Абылай заманында,
Айтарлық бір іс бопты тағы осында...
Ертегі толып жатыр өткен-кеткен;
Өтірік-шынды әңгіме бізге жеткен.
Әйтеуір расы сол: Көкшетауды,
Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен.
Біреулер батыр мен би, ханды мақтап,
Бұрынғы надан, шірік заңды мақтап,
Сарнайды, жыр қылады сөзін сырлап,
Бақсыдай жын шақырған сандырақтап.
Тартынбай қан төккенді батыр деген,
«Бір өзі жүз кісіге татыр» деген.
Зиянсыз момындарды шаруа баққан,
«Қолынан түк келмейтін қатын» деген.
«Хан» деген жерге тамған қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар;
Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,
Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар,
«Би» деген сөз қуғандар арамтамақ,
Бәсеке бір-бірінен алған сабақ;
Ел жайын терең ойлап піше алмаған,
Сөз біткен қимылымен қас пен қабақ.
Көп тыңдап, көп тексердім осындайды
Мақтарлық қылық, мінез табылмайды.
Оқушы оқып өзі баға берер
Өлеңге қостым мен де Абылайды.
Абылай орда қылған Көкше тауын
«Аударған қонысынан талай жауын».
Бір жылы, жаздыгүні, қалмақ елін
Шаппақ боп қол жиыпты айтып сауын.
Қазақ пен қалмақ көрші заман болған,
Жылы жоқ шабысудан аман болған;
Қара күш сотқарлықпен ел бастаған,
Екі ел де аң тәрізді надан болған.
Жөнелді ханның қолы жынша шұбай;
Егей төс, мінгендері ығай-сығай.
Тыныш елге батырсынып шеру тартты,
Лек-лек боп қосындасып ыңғай сыбай.
Сайланып шыққан ірік өңкей кегей;
Сайласып мінгендері ылғи егей.
Асынып жарақтарын күн тиысып,
Аттарын тұқыртады шіреп шегей.
Шұбырып ханның қолы жүріп кетті;
Жылыдай қан ұрттауға бұрып бетті.
Жол жүріп бірнеше күн шеру тартып,
Қалмаққа бейбіт жатқан келіп жетті.
Атының құйрығы мен жалын түйіп.
Бәрі де көйлектерін сырттан киіп.
Қалмақтың ордасына үрпек шашты
Көк найза, дабыл қағып, қалды тиіп.
Ат қойды қалың әскер аңдағайлап,
Дүрсілі жер қозғалтып «Абылайлап».
Тыныш жатқан қалмақ елі қас қаққанша
У-шу боп шаң астында қалды ойбайлап.
Біреулер ысқыртады садақты атып,
Біреулер қанды қанжар жалақтатып,
Біреулер найзаменен жас баланы,
Іліп ап көтереді салақтатып...
Таптады атпен басып қалмақ елін;
Қан көбік сорғалатып аттың терін.
Олжалап қыз, қатының атқа өнгеріп,
Бауыздап алдарында еркектерін.
Қасқырдай ырылдайды күшін біліп,
Жарады жүкті әйелді ішін тіліп.
Баласын қанжарменен тілерсектен
Бір соғып керегеге кетеді іліп.
Тағы да қанды қанжар жалақтатып,
Көздерін жын соққандай алақтатып,
Кез келсе кек сақтар ер басын кесіп,
Байлайды қанжығаға салақтатып...
Әйелдің сұлуы мен жасын сайлап,
Қосақтап бір-біріне шашын байлап,
«Олжалап» қойша қағып, қан-қан болып
«Батырлар» шықты қайта топтап айдап...
Жас бала, кемпір-шалды бордай басып;
Аттарын ентелете борбайласып.
Айдалған мал-мүлік пен жас әйелдер,
«Бауырым»-дап... шуласады ойбайласып.
Хан қайтты қанға батып, елді шауып,
Шұбыртып ел күңірентіп, «олжа тауып».
«Осындай шаба берсем», — дейді Абылай,
Кетерсің бәлем қалмақ өзің де ауып».
Абылай бір жерге кеп аттан қонды
Сол тұсқа жиып алды қалың қолды.
Желпініп аттан түсіп қалың әскер
Гуілдеп мошады бір үлкен жонды.
Абылай батырларын алды жиып,
Үлеске олжаларын салды жиып.
Сол жерде бір сұлуға талас болды:
Бере алмай біреуіне бірі қиып.
Қамалап сол сұлуға қарасыпты,
Бәрі де «мен алам» деп таласыпты.
Жолына тұтас байлап мал мен мүлкін.
Сұлуды бір-бірінен қаласыпты.
Сұлуды өз көзімен көрмеген соң,
Көркіне көріп баға бермеген соң,
Сұлу деп жұрт айтады мен білмеймін,
Қасына Абылайдың ермеген соң.
Қалмақты шауып-шаншып қайтушылар,
Болмасын бұл сұлуға қайтіп құмар?
Сол қыздың көркемдігін айта алмайды.
Бұл істі дәмдендіріп айтушылар.
Сол қыздың он жетіге келген жасы,
Оралған аш беліне қолаң шашы.
Қап-қара қарлығаштың қанатындай
Иілген ақ маңдайда екі қасы.
Аш белі көк шыбықтай солқылдайды,
Қолаң шаш бейне жібек толқындайды.
Батырлар сол сұлуға салыстырған
— Жалғыз-ақ аспандағы Күн мен Айды.
Қиысқан бұрын талай сый-сияқты
Сұлуды бір-біріне қиыспапты.
Жолдасып бір қыз үшін қалың әскер,
Дуласып, кең далаға сиыспапты.
Сұңқардың баласындай торға түскен,
Құланның құлынындай орға түскен;
Тұтқын қыз жауларына жаутаңдайды,
Киіктің лағындай қолға түскен.
Сөзбенен бірін-бірі жеңісе алмай,
Жолдасып ынтымаққа келісе алмай;
Аттанды қалың әскер гүжілдесіп,
Сұлуды бір-біріне берісе алмай.
Жеткенше соныменен Көкшетауға,
Ала алмай бір-бірінен сұрап сауға.
Қалың қол Бурабайдың сағасына
Кеп қонды, бітім қылмақ талас дауға.
Түбектей айнала тау — берік қорған.
Қаптаған тау мен тасты қап-қара орман.
Бурабай жағасында оқ жетпес шың,
Жағалай сол жерге кеп әскер қонған.
Тілдесіп тау мен аспан сүйіседі.
Сәлем қып бұлттар басын иіседі.
Қиырдан келген қалқып түрлі бұлттар,
Бас қосып тау төсінде түйіседі.
Қалың қол шомылысып күміс суға,
Өздерін, аттарын да шомып жуған.
Тігісіп шатырларын тыныққан соң,
Таласты айналдырды үлкен шұға.
Жаутаңдап тұтқын қыздар жауларына,
Елеңдеп құлақ салып дауларына;
Бәнде боп қасіретпен қарасады
Матаған қол-аяқта бауларына.
Желбіреп алқа-қотан шатырлары
Айтысып сұлу үшін жатыр бәрі.
Абылай көк шалғынға кілем төсеп,
Әмірмен жинап алды батырларын.
— Батырлар бәріңізде олжа толық.
Әмісе оң болғай да біздің жорық.
Жүрмеңдер жамандасып өкпе сақтап,
Себебі олжадағы бір қыз болып.
Бұл талас түсті менің қарауыма,
Қайтсем де көнесіңдер балауыма.
Бәріңді көріп өзі таңдау қылсын,
Бұйырдым «тұтқын қыздың қалауына».
Батырлар түрегелді «алдиярлап»,
Тізіліп тұтқын қызға болды бармақ.
Тұтқын қыз кімді таңдау қалау қылса,
Сұлуды қатын қылып сол болды алмақ.
Жіберді қызға Абылай «барып кел». — деп,
«Немесе өз алдыма алып кел», — деп.
«Біреуін батырлардың таңдау қылар,
Ұқтырып құлағына салып кел», — деп.
Батырлар талас сөзді қойып енді,
Тұрысты тәуекелге буып белді.
Жіберген Абылайдың жігіттері,
Ортаға тұтқын қызды алып келді.
Аш белі көк шыбықша майысқандай.
Ашан жүз ақ шапақтап атқан таңдай,
Үзілген қызғалдақтай өңі солғын,
Қабырғаң көрсең аяп қайысқандай.
Секілді қолға түскен бала киік,
Мергеннің әлсіреткен оғы тиіп.
Күйік пен қасіретін жасыра алмай
Кеп тұрды хан алдына басын иіп.
Томсарып сұлу тұрды басын иіп,
Жеңіл ме жас басына келген күйік.
Қалмақтың алақандап қанын ішкен,
Қалайша қатын болсын жауын сүйіп?
Абылай тұтқын қызға салды көзін,
Сөйледі, әмір билік айтқан сөзін
«Жарқыным, өңкей батыр мына тұрған.
Қара да біріне ти, таңдап өзің».
Батырлар тұрған боймен қалды қатып,
Қадалып тұтқын қызға көзбен атып.
Тулайды жүректері дәйек қылмай,
Таңдар деп сұлу шіркін, кімді ұнатып!
Бәрінің жүректері аттай тулап,
Жүздері құбылады өңі қурап,
Қалың қол тым-тырыс боп тұрды қарап,
Күледі көл мен ғана орман шулап.
Қыз айтты: «құлдық, тақсыр төреңізге,
— Тағдырдың салған ісін көреміз де,
Адамды жете байқап сынамасақ,
Бір көріп тура баға береміз бе?
Я, тақсыр, менен таңдау сұратсаңыз,
Бұл істі осылайша ұнатсаңыз,
Таңдайын төреңізге құлдық айтып,
Өнерін батырлардың сынатсаңыз.
Тиейін садағы ұшқыр мергеніне,
Көзіммен асқандығын көргеніме.
Байланған мына шыңның қақ басына,
Жаулығымды атып жығып бергеніне...»
Абылай берді қыздың тілегіне,
Серт болды батырлардың білегіне.
Етектен шың басына көз жіберіп,
Зор күдік кірді әркімнің жүрегіне.
Қыз шешті орамалын беліндегі,
Бір адам серт қып берген еліндегі...
Сағымдай көз алдынан ағып өтті,
Жас өмір туып өскен жеріндегі.
Жібекпен шайы орамал кестелеген,
Айнала жазуы бар: «есте» деген.
«Егерде айтқан серттен таяр болсаң
Мейлің жырт, мейлің өрте, шеш те» деген.
Жұмбақты жазуларға қарап алып,
Тастады хан алдына орамалын.
Батырлар қозғалысып жапырласты,
Ентелеп хан мен қызды орап алып.
Абылай түрегелді даусын кернеп,
Сөйледі құлжадай боп қолын сермеп.
«Батырлар, бір қызықсың келді міне,
Мініңдер аттарына жылдам ерлеп!
Ыңғайлы бір он жігіт сайлансын тез!
Орамал шың басына байлансын тез!
Садақ пен құлаш сынар кезі келді.
Серіппе садақ оғы қайралсын тез!..»
Он жігіт белге байлап арқан жіпті,
Мысықша өрмелесіп шыңға шықты.
Байланған серт орамал найза ағашты
Ырғалтып шың басына әрең тікті.
Батырлар даярланып баптанысты,
Белсеніп оңтайланып аттанысты.
Шіреніп үзеңгісін сықырлатып
Айтулы жерге шығып саптанысты.
Қалың қол гуілдейді анталасқан,
Бәсеке бір қыз үшін тайталасқан.
Бір тасқа топ жанында қыз да шықты.
Тартыстың себепкері жанталаскан.
Кей батыр ойқастайды оғын сайлап,
Кей батыр безейді оғын өткір қайрап.
Шыңдағы орамалды оқпен ілу,
Әркімнің, тілегені «я, құдайлап».
Орамал желбірейді қойған байлап...
Абылай: «атыңдар!» — деп шықты айғайлап,
Батырлар шіренісіп тізбектеліп,
Тартысты садақтарын «Абылайлап»
Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,
Ойқастап аттары ойнап пысқырады.
Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,
Батырлар садаққа оғын қыстырады.
Әуені ысқыртады атқан садақ.
Қыз да тұр тас басында көзін қадап;
Етектен шыңға қарай көкті жарып,
Әндетіп тасқа тиген оқты санап.
Қарасып қалың әскер тұрды анталап,
Әркімнің шыңға ысқыртқан оғын санап.
Қызыққан жас сұлуға дәмеліден
Қалмады оқ атпаған бір нән талап.
Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,
Шыңда ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.
Оқтарын орамалға жеткізе алмай,
Батырлар біраздан соң «қарқындайды».
Шіреніп садақтарын шыңға кезеп
Сығалап орамалға оғын безеп,
Дағдарды оғын ешкім жеткізе алмай,
Ысқыртып садақтарын кезек-кезек.
Ешқайсы сыннан сөйтіп өтпеген соң,
Қыз қайтсін «өзін таңдау ет» деген соң.
«Оқжетпес» деген атақ алыпты шың,
Атқан оқ нақ басына жетпеген соң.
БОЙ
Күй шіркін кейде серпіп қылаңдайды,
Кейде пәс, кейде сейдің, сылаңдайды.
Кейде жай кібіртіктеп, ақсай жылжып,
Кейде ырғып, ақ түлкіше бұлаңдайды.
Сұлуша кейде әсемдеп бұраңдайды,
Мәстекше кейде мешед тыраңдайды.
Көрмеге байласаң да жерді тарпып.
Тұлпарша кейде шапшып тұра алмайды.
Күй шіркін әуел құлаш салған еді,
Шалықтап өрттей жүйткіп жанған еді.
Дестелеп Көкшетаудың ертегісін,
Тізбектеп біраз жыр ғып алған еді.
Әйткенмен шіркін жүйрік талған еді,
Қарқыннан біраздан соң танған еді.
«Оқжетпес» ертегісін бітіргенде,
Үзіліп жыр тізбегі қалған еді.
Бас жағы бұл ертектің жазылғалы,
Әңгіме белуардан қазылғалы,
Екі-үш жыл болса дағы, — кейінгісін
Жазуға қалам алдым қазір ғана...
ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫ
Жұмбақта
Батырлар апырақтап, зорланысып,
Қамалды қалың әскер қорланысып.
Өрлігін кербез шыңның енді байқап,
Үндемей хан да тұрды зор намыс қып.
Тұрды да тас басында қалмақ қызы,
Таласып қалың әскер алмақ қызы:
«Я, тақсыр, үшке шейін бәйге қылам,
Өзіңіз ерік берген соң таңдатқызып.
Бірінші сыннан адам өтпей тұр ғой.
Ешкімнің оғы шыңға жетпей тұр ғой,
Мінеки, көріп тұрсыз оқ атуға,
Еш батыр енді талап етпей тұр ғой.
Енді екі бәйге тігіп қарайын да,
Көрейін не жазу бар талайымда.
Үш сынның екеуінен озған ерді,
Сыныма толған ер деп қалайын да...»
Ойқастап қызға Абылай жақын келді,
Ұнатып қыздың сөзін мақұл көрді.
«Жарқыным, енді бәйгең
Қолдан келмес іс болып
Жүрмесін», — деп ақыл берді.
Қалың қол тұрды қоршап анталасып,
Лепірген қарқындарын біраз басып.
Қамалға шауып қайтып кеп тұрғандай,
Жауменен жағаласып, жанталасып.
Күлімдеп алтын күн мен биік аспан.
Қарасып айнакөлге жымыңдасқан.
Күледі айнала тау, қалың орман, —
Тек қана үн шықпайды тұйық тастан.
Қаз бенен аққу көлде қаңқылдайды...
Шарықтап, бала бүркіт шаңқылдайды.
Құбылған құстардың ән, күйлерімен,
Жаңғырып тау мен орман саңқылдайды.
Қалықтап қара бүркіт көкті шарлап,
Шарықтап айналады тауды барлап,
Шаңқылдап құздан құлап көк қаршыға.
Түйілер атқан оқтай төмен зарлап.
Батырлар айнала тұр тас қасында,
Алғандай бір-бір сұлу бас-басына.
Бәйгеге бірі қалмай түспек тағы
— Абылай бәсекенің бас-қасында.
Жауының елін шапқан ортасында,
Тапжылмай сұлу да тұр тас басында.
Ұшсын ба...қайтсын енді тұтқын пенде
Кез болған бәлесі аз ба жас басында.
Анталап, қамалаған көп жыртқышқа,
Жемтікше оңай өзін тастасын ба!
Зарлаған сөз өтпейтін нойыстарға,
Жалынып жылап ылғи қақсасын ба?..
Қыз айтты Абылайдың сөзін тыңдап.
«Я, тақсыр, біздікі тек мойынсұнбақ:
Екінші бәйге оп-оңай, күш сынасу.
Онан соң үшіншісі: жеңіл жұмбақ.
Өлшенсін осы тасқа мың қадам жер,
Жарыссын сол арадан дәмелілер.
Төрт адам жүгі болсын жарысқанда,
— Болмасын бекер еркек босқа арамтер.
Таппадым жеңіл бәйге бұдан басқа,
Сол ғана озған болад бұл таласта
Көтеріп төрт кісіні жүгіріп кеп,
Кім бұрын алып шықса мына тасқа».
Абылай батырларға: «серпіл!.. —деді.
— Жаяу түс, бар дәмелің желпін» — деді.
«Бәйгелік жер мөлшерле...» дегеннен соң,
Жүгіріп, даяршылар елпілдеді.
Батырлар дабырласып аттан түсті.
Қалың қол тамаша етті «қызық істі».
Армансыз тоқайласқан жаумен емес,
Сынаспақ болды өзара қара күшті.
Абылай ат үстінде күпілдейді,
Ойқастап, қоразданып дікілдейді.
Лепірген апырақтап батырлардың,
Күпті боп жүректері лүпілдейді.
Абылай асықтырып дігерледі...
Батырлар аттарын тез шідерледі.
Күшіне бекем сенген дәмелілер,
Алшаңдап білектерін жігерледі.
Бой тартып кейбіреулер енді бұқты,
Алшаңдап кейбіреулер алға шықты.
Балтыр мен білектерін жалаңаштап,
Шайқалып іріктелді, қырық-ақ мықты.
Көк құрыш бұлшық балтыр, білектері..
Тулайды дүрсіл қағып жүректері.
Майданда сыннан озып сұлуды алу
— Қазіргі әрқайсының тілектері.
Көркем қыз даурықтырды қалың қолды,
Бәйгеден келер екен қандай жолды?
Жамырап, реттеніп самбырласып,
Жарыспақ дәмелілер дайын болды:
Айнала қоршаған тау, орта даң-дұң.
Өлшеді «қыз тасынан» мың қадамды.
Жөнелді балуандар алшан басып,
Әрқайсы ертіп алып төрт адамды.
Қырық батыр аяңдады тайталаса
Желіккен әскер ду-ду, анталаса.
Қасында шатырлардың матаудағы,
Банадан «тұтқын күндер» таң тамаша...
Тұрған жұрт көруге асық істің артын,
Бәрі де тамашалап қыздың шартын.
Тізіліп балуандар лап жүгірді,
Әрқайсы төрт кісіні үстіне артып...
Жүгіріп кейбіреулер майысады,
Солқылдақ көк темірдей қайысады.
Тайқаңдап кейбіреулер бос тайлақша,
Құшағын қызға қарап жайысады.
* * *
Қарақшы, — қыз тұрған тас бұл бәйгеге,
Серт қылып, жүгіріскен сын бәйгеге.
Белгілі болмақ жері серт асықтың,
Түскені кімге бүге, кімге шіге.
Шуласып, әскер күліп, сақылдасты,
Батырлар жанталасып тақымдасты.
Өзгеден сегіз батыр озып шығып,
Ілезде қарақшыға жақындасты.
Бәрі де ырсылдайды жүгірісіп,
Майданда күштеріне жүгінісіп.
Сегізі озып келіп қыз тасына
Таласып, бірдей шықты бүгілісіп.
Бәйгеге сегізі де таласады,
Қыз бенен Абылайға қарасады,
«Шықтым», — деп қыз тасына «бұрынырақ»
Әрқайсы өзін-өзі санасады.
Абылай ат үстінде қарқылдады,
Даусы тау жаңғыртып саңқылдады.
«Сегізің тең түстіңдер, — деді Абылай,
— Күштерін бір-біріңнен артылмады...»
Әрине әміршіге мойынсұнбақ,
Сөзіне оның айтқан әркім тынбақ.
Шын түгіл теріс билік қылса да ұлық,
Иіліп «алдияр» деп аузын жұмбақ...
Сонда қыз толғанады даусын кернеп,
Бір сөзді айтпақ болып қозғап, тербеп:
«Бар еді, бір әңгімем тақсыр төре,
Соны айт деп еңірейді жүрек шерлеп.
Бәйгені көріп тұрсыз көзіңізбен,
Күтемін әділ төре сөзіңізден.
Сізге сол әңгімемді баяндаймын,
Сұрауға төрелігін өзіңізден...»
Берген соң хан рұқсат «айта бер!.. — деп,
Еліктей қыз майысып түсті жерге.
«Барайық көлдің, тақсыр, жағасына,
Шөлдедік, ыстықтадық, күйіп, терлеп...»
Бәрі де көлдің келді жағасына,
Су ішті көлеңкелеп ағашына.
Тағы да бір жартасты қасына алып,
Көлдің сол мінбелеген сағасына.
«Қыз тасы» жүз-ақ таяқ көлге шейін,
— Оны да сізге тағы мәлімдейін.
Бәйге тас «Қыз тасы» деп атаныпты
текте атқа ие боп содан кейін...
Ішкен соң күміс шарап көлдің суын,
Қыз шықты шараппенен бетін жуып,
Қалың қол қызға тағы телмірісті,
Тым-тырыс қоя қойып даурық шуын.
Жартасқа шықты сұлу лақтай ырғып,
Батырлар тас жанына келді сырғып
Жартасқа көлге төнген шығып тұрып,
Қыз айтпақ әңгімесін енді жыр ғып.
Шың күз, тау, — бұлты қапқан биік ерен,
Тіп-тік шың, аңғар жартас мылқау-керең,
Сүңкиіп, мінбелесіп, қатып қалған,
Төнісіп, көл түбіне түпсіз терең.
Жартасқа шыққан сұлу ойнамайды...
Биіктен құлармын деп ойламайды.
Құрғаққа құласа егер, тасқа ұрылмақ,
Құласа тұңғиыққа, — бойламайды.
Жартастың бір жағы шың, бір жағы су
Тау іші қалың орман, жап-жасыл ну.
Орман да, тау да, көл де, ертелі кеш,
Сыбырлап, сыңқылдаған күңкіл ду-ду.
Алтын күн, күміс суға нұрын бүркіп,
Сағыммен көкке ұшады торғындай бу,
Сызылтып әдемі әнін сыңқылдатып,
Ертеді балапанын көлде екі аққу.
Екі аққу көлеңдейді қатар жүзіп,
Күмістен айна көлге шимай сызып.
Толғанып шашады екі бөбегіне,
Көлдегі ақ шашақтың басын үзіп.
Кептер кебі
Аққудай ақ қанатын алған қомдап,
Тал бойын күміс сымдай безеп, оңдап,
Жартастың суға төнген қақ басында
Қалтырап бір күрсініп алды толғап.
Тағы да қыз толғанды даусын кернеп,
Бастады әңгімесін қозғап, тербеп,
Жүйріктей бүктетіліп, баурын жазып,
Көлбеңдеп, ширатылып, құлаш сермеп.
Сарнады сұлу тұрып, даусын қырнап,
Толғады әңгімені әнмен ырғап.
Сыңқылдап аққу құстай әдемі үнмен,
Нәп-нәзік қалтыратып шертті жырлап:
«Арқанын бір тауының саласында,
Көкорай қиырсыз кең даласында,
Сыңсыған қалың тоғай, томарлы көл,
Сол нудың құстары көп арасында.
Сол нуда бір құс көрдім кептер деген,
Жыртқыш жоқ оның етін жеп көрмеген.
Бәрінен жыртқыштардың қорғалайды,
Қорқады ең ақыры бөктергіден.
Кептер құс бір терекке ұялапты.
Еңбекке кептер байғұс тиянақты.
Ақ үрпек көздерінде төрт баласы,
Көріпті қарақұстан қиянатты.
Жыр қылмақ біреу бастан өткергенін,
Жыр қылмақ біреу азды-көп көргенін:
Я, тақсыр, таза тыңдап, төрелік бер,
Жырлайын, бастан-аяқ кептер кебін...»
Қарақұс пен кептер
Тыныштықтан, рақаттан да бірдей жеріп,
Бала үшін жердің ыңғай құртын теріп,
Тынымсыз кептер сорлы жүреді екен,
Жем тапса, төрт шақаға әкеп беріп.
Қаңғырған бір қарақұс жемтік іздеп,
Баспалап ұрын кепті оны көріп.
Кептер құс ұясына келген кезде,
Әлгі сұм ұстай апты, аңдып тұрып...
Кептерді өнері асып, алғансиды,
Құнжыңдап, арам шіркін арлансиды.
Қорғансыз аңғал құсты бұғып ұстап,
Мақтанып, қоқиланып, мардамсиды.
Мұршасыз кептер сорлы бырылдайды,
Тыпырлап қаны шапшып, қырылдайды.
Пәленің шеңгелінде сорлы анасын,
Көре сап төрт балапан шырылдайды.
Шырылдап төрт балапан жыласады,
Ес кетіп ұясынан құласады.
«Бізді же, анамызды қоя бер», — деп,
Жалынып, қарақұстан сұрасады.
Қаракұс: «талайды азап қылдым», — дейді.
«Осындай қолға түскен құлдың», — дейді.
«Құлашы сұңқардың да жетпей жүрген,
Талайды тыпырлатып жұлдым...» — дейді.
«Талайға азаттықты бердім», — дейді.
«Ақжүрек көкті кезген ермін», — дейді.
«Дөп келдің, шабытыма», — деп күледі
— «Тоймасам өздеріңді жермін», — дейді.
Мықтымсып мүгедекті жеңгеніне,
Мәз болар, кептерге әлі келгеніне.
Сорлыны босатар ма, топас мұңдар
— Қапыда ілінген соң шеңгеліне...
Қарақұс, кептер, лашын
Еңіреп, төрт балапан шуылдайды,
Қарақұс қоқиланып, қимылдайды.
Сол кезде аждаһадай көкте ысқырған,
Бірдеме жоғарыдан суылдайды.
Ысқырып, көкті жарып, садақтай боп,
Лақтырған жасыл темір қалақтай боп,
Көктен кеп, көз ашқанша жарқ-жұрқ етті.
Қарақұс тоңқаласты далақтай кеп.
Далиып қалды лезде шіркін пасық,
Ағызып арам қанын аузын ашып.
Кептерді қоя беріп мыжырайды,
— Әлгіде қодиланған арам сасық.
Көк қанат лашын екен келген шүйіп,
Суылдап жарқ-жұрқ етіп өткен түйіп.
Биші балаларын кептерді ұстап,
Қарақұстың мойнын қиып.
Қаратоғай ішін бағады екен,
Аң дауысты естіп ағады екен.
Төрт шақаны отырғанда
Қарақұсты қағады екен.
Кептер мен төрт баласы қалды бұғып,
Қалың шөпке басын тығып.
Қонып лашын, сөз қатқан соң,
Бас бағысып шөптен шығып.
Бассам, — деді лашын,— қасқырдаймын,
Шық көрінгенге қас қылмаймын,
Ажалдан құтқарлыңыз ғайыптан кеп,
Өтеймін мұныңызды қалайша ақтап?..
Жәрием қып, бүйтіп бізге келгеніңе,
Арман жоқ жауымызды жеңгеніңе.
Боламын төрт баламмен сенің құлың
Тақ тұрып батыр сенің дегеніңе...»
Төрт бала «ризамыз» деп бас ұрады.
Сөзіне анасының қосылады.
Лашынға құлдық ұрып, шуылдасып,
Ықыласын анасынан асырады.
Бес кептер құлдық ұрып қоймаған соң,
Лашынның жауабына тоймаған соң,
Шарт қойды төрт балаға лашын тұрып,
Бұтақта біраз ғана ойлаған соң:
«Төртеуін бір анадан туған егіз, —
Ер екен, екі айтпайтын мынау дегіз.
Ұшқан соң төртеуіңнің ең үлкенің
Бал уыз нақ төсіңнен тоят жегіз.
Мінеки, менің қояр жалғыз шартым
Алсаңыз ең үлкенін мойнына артып,
Өздерің тілендіңдер құрбандыққа,
Алмаймын уәдені күшпен тартып...»
Тұрғандай лашын шартын ойынсынып,
Бәрі де ризаланды бойын сұнып.
Үлкені балапанның «ризамын» деп,
Ант қылды иіліп кеп мойынсұнып.
Лашын құс: «күтем — деді,— ұшқаныңды
Аңдимын, ұшқаныңша дұшпаныңды.
— Деді де, қош айтысып жөнелді ұшып,
«Алыстан күтемін, — деп, — құштарышы.
Бала кептер
Мерзімді соныменен күндер өтті...
Сөз байлап балапанмен лашын кетті.
Құс болды қанат өсіп төрт балапан,
Лашынмен сертті орындар мезгіл жетті.
Судырап жібек жүні гүл-гүл жайнап,
Үшеуі балапанның кеткенде ойнап,
Үлкені отырады жеке қалып,
Тезірек келсе екен деп лашынды ойлап.
Алқызыл жұпар исі гүл майымен
Судырақ жібек жүнін сылап, майлап
Сыланып, әсемденіп бала кептер,
Отырды лашын ерге өзін сайлап.
Сақтанып бөтен-бастақ арам көзден,
Уәде-сертін күтті басын байлап.
Жарқырап көкті кезіп келер-ау деп,
Жыраққа қарап қояр бойлап-бойлап.
Жан-жаққа бала кептер қаранады,
Қомданып жал-құйрығын таранады
Пәледен кептер сұлу аманында
Лашынды іздеуге енді жаранады.
Бала кептер мен сұңқар
Іздеуге жол-жобасын құрғанынша,
Безеніп көкке құлаш ұрғанынша,
Аспаннан бір ақ сұңқар ағып келіп,
Сап етті кептер мойнын бұрғанынша.
Шарықтап кезген сұңқар көкті шарлап,
Орманды жүреді екен о да барлап,
Кептерді жібек жүнді көргеннен соң,
Құмартып ағады екен оқтай зарлап
Сұңқарға кептер байғұс: «арыз» — деді.
«Бар еді, мойнымда зор қарыз...» деді.
«Уәде берген едім бір лашынға,
Санаушы ем уәдемді парыз», — деді.
Сөйлейді жастан жәбір көргендігін;
Қан ішкіш қарақұстың келгендігін.
Қорғауға жыртқыштардан өзін-өзі,
Қарусыз жаратылған зор кемдігін.
Анасын жемек болған қара сұмның,
Лашынның соққысынан өлгендігін.
Жылаған шақаларға жаны ашып кеп,
Лашын ер, сұмның мойнын болгендігін.
Сұңқарға бастан-аяқ баяндайды,
Лашынға қалай уәде бергендігін.
Сөйледі ер көңілді лашын құстың
Қалтқысыз уәдеге сенгендігін.
Я, батыр, ғибрат алып ойласын, жұрт,
Сенудің нышанасын жоймасын жұрт.
Мұрсат бер, уәдемді орындайын,
Нануды бір-біріне қоймасын жұрт...
Үлкен сын болып еді жас басыма,
Серт қып ем өтірікке баспасыма.
Қолына берілейін қайтып келіп,
Ант етем сізден енді қашпасыма...
Кептердің сұңқар зарына исінеді.
Лашынның ерлігіне сүйсінеді.
Кептерге тілегінше ерік беріп,
Ең әділ дүниеде бисінеді...
Түнде ұшқан кептер
Мүгедек кептер сорлы, әлсіз зағип,
Болған соң ақсұңқарға мұңын шағып.
Талақ қып өтірікпен жан сақтауды,
Жөнелді лашынды іздеп қанат қағып.
Қарамай жолдың алыс, жырағына,
Жыныстың қиын соқпай бұрағына,
Жас кептер түн жамылып зырқырады
Лашынның қиырдағы тұрағына.
Түнде ұшып, өзін-өзі ұрламаса,
Көрінбей сұм көздерге зырламаса,
Кептерді күндіз жалғыз жүргізе ме,
Сұңқар да босатпас ед, жырламаса.
Тоғайды кезді заулап, қанат сермеп,
Лашынға ару төстен тоят бермек.
Сонан соң қайтып келіп ақ сұңқарға,
Болашақ салған ісін тағы көрмек.
Айдын көл, судыр қамыс, орман жыныс,
Түнеріп маужырайды түн тым-тырыс.
Ала бұлт аспанда тек ай зырлайды,
Зырлайды кептер түнмен алмай тыныс.
Кептер мен жапалақтар
Ұйқының мұнарына шомып батып,
Қара жер түн жамылып, қалған қатып...
Жалғыз-ақ қара түнде жем аулайды
Кейбірі мақұлықтардың, күндіз жатып.
Біреуі сондайлардың жапалақтар,
Жем аңдып, түнделетіп қапалақтар.
Бір жерде тұяғына жем ілінсе,
Қуанып қанаттарын шапалақтар.
Бір екі-үш боз жапалақ жол аңдыған,
Жем үшін тілек тілеп қараңғыдан.
Кептерді бір тоғайда ұстап алды,
Баспа ғып бұтақты бір тораңғыдан.
Қуанып жапалақтар алақайлап,
Кептерді жұлмақ болды талапайлап.
Шұбырып сілекейі үшеуінің,
Кептерді аймалады «балақайлап».
Секіріп, жынша күліп сақылдасты,
Сандарын шапалақтап лақылдасты.
Таласып жас кептерге түн ішінде,
Қан толып көздеріне бақылдасты.
Әрқайсы елтіп, санын шапақтайды,
Икемдеп жас кептерді жахаттайды.
Кептер құс өлердегі сөзін айтып,
Жалынып әрқайсына жапақтайды.
Сөйлейді кептер зарлап кемшілігін,
Мүгедек бозторғаймен теңшілігін.
Лашын мен ақ сұңқардың ерлік қылып,
Істеген қандай бұған кеңшілігін.
Кептер құс зар, мұңының бәрін айтты,
Жалынып сауға сұрап зарын айтты.
Сұңқар мен лашын ерге серт қылғанын,
Қалдырмай бастан-аяқ бәрін айтты.
Сұңқардан мұрсат алып түнделетіп,
Лашынға келе жатқан халін айтты.
«Сертімді орындайын тимеңдер», — деп,
Үш «досқа» кептер жылап жалына айтты.
Шыдамай аш бөріше алақтаған,
Тілдері сілекей боп салақтаған,
Мәз болып сақылдаған үш жапалақ,
Түстерін өзгертті енді жалақтаған.
Лашын мен ақ сұңқардың істеріне,
Түр кірді сүйсінгендей түстеріне,
Егілген кептердің көз жасын көріп,
Аяныш кірді елжіреп іштеріне.
Өзара жапалақтар қылды кеңес,
Сөйлесіп, тез келісті қылмады егес.
«Мұны егер жәбірлесек», — деді үшеуі,
Ешбір жан бізде намыс, ар бар демес.
Зор қылмыс жәбірлесек кешілмейтін,
Өмірі қорлық таңба өшілмейтін.
Лағынет қамытындай болар еді,
Мойыннан өле-өлгенше шешілмейтін.
Нәпсіге берілмелік сабыр қылмай,
Бұл ерді босаталық жәбір қылмай.
Лашынның мекеніне жеткізелік,
Қараңғы тоғай ішін дабыр қылмай.
Кептердің бұл жолында былай таман,
Қорқыныш талай жер бар бұдан жаман.
Серттерін орындасын жомарт ерлер,
Шығарып сап қайталық есен-аман...»
Солайша үш жапалақ ақылдасты,
Әлгідей әділдікті мақұлдасты.
Өзгертіп құлықтарын ғапу ет деп,
Кептерге жылы жүзбен жақындасты.
«Қауіпті түнде жүру қара орманда,
Жиналған сан жорықшы бар орманда,
Тіл алсаң осы арадан соңыра жүр,
Түн ауып жол тосқандар таралғанда.
Егерде енді жалғыз қорқам десең,
Боламыз біз жолбасшы саған көсем
Орманда түн ішінде жол білмесең,
Мерт болмай өту қиын, аман-есен.
Жиналған ойдан-қырдан қалың жауға,
Сені біз тырысайық алдырмауға.
Белгілі бір жерлермен алып жүріп
Жол тосқан жау көзіне шалдырмауға.
Орманнан аман-есен өткізелік,
Жөніңнен адаспастай дөп түзелік.
Немесе ерінбелік, сертіне жет,
Лашынның мекеніне жеткізелік...»
Жүруге үш жапалақ жоба құрды,
Істеуге сүйтіп ерлік бетті бұрды.
Дағдылы қараңғы түн қырандары,
Кептерді түнделетіп алып жүрді.
Қандыкөз түн ерлері — үш жапалақ,
Дағды алған түн қатуды қандыбалақ.
Тырс еткен сыбырлары білінбейді,
Өте сақ: қаранады жан-жаққа алақ
Алаңдап әр дыбысқа тоқтап, тыңдап,
Мылқауша ишаратпен шапшаң ымдап.
Орманның қара дүлей арасымен,
Кептерді алып жүрді ептеп, жымдап.
Біреуі ылғи жымдап кептерді алып,
Екеуі кежеуілдеп, жолды шалып.
Кептермен аман-есен қош айтысты,
Лашынның мекеніне әкеп салып.
«Күте алмай ренжітсек біз, ғапу ет», — деп,
Кептермен қош айтысты, «сертке жет», — деп.
Көрсетіп лашын құстың ұя ағашын,
Жөнелді үш жапалақ қайта беттеп.
Кептер мен лашын
Сөйткенше талауранып таң көрінді.
Рауандап атқан аппақ сам көрінді.
Серпіліп қара түннің көлеңкесі,
Бозарып ала төбе маң көрінді.
Лашынның кептер келді мекеніне,
Қуанды лашын орнында екеніне.
Кептердің қорықпай бұлай келуінің,
Лашын ер түсінбеді, не екеніне.
Лашынмен аман-есен кездескен соң,
Жолығып оңашада кездескен соң,
Лашынның сонда ғана түсті есіне,
Кептер құс бастан-аяқ сөзді ескен соң.
Сөз кебін шертті кептер бастан-аяқ,
Жатырқап, лашын құстан жасқанбай-ақ.
Сұңқар мен үш жапалақ уақиғасын,
Баян ғып, бір мүлтігін тастамай-ақ.
Сөйледі кептер барлық сыр зарлығын,
Сұңқардың жомарттығын, мырзалығын.
Кез болып, қара орманда достық қылған,
Үш ерге жан-тәнімен ырзалығын.
Лашынға уәде-серт бергендігін,
Түн қатып сол серт үшін келгендігін.
«Сертімді бұзғанымша, — деді кептер,
— Одан да артық менің өлгендігім...»
«Сол сертті енді, міне, орындаңыз,
Жаныма батса дағы қорықбаңыз.
Сол үшін іздеп сізді келдім, — деді,
Әйтеуір, сертіңізді толымдаңыз...»
Кептердің келгеніне азаптанып,
Сұңқардан, жапалақтан азаттанып,
Бәрінің жомарттығын салыстырып,
Отырды лашын қайран, ғажаптанып.
Бәрінің ерлігіне сүйсінеді,
Лашын да риза болып исінеді.
«Бәрі де менен артық жомарт-ау», — деп,
Өзіне күмәнденіп, түйсінеді.
Кептерге айтты:
«Саған тие алмаймын,
Сені енді жем қылуға қия алмаймын.
Басқалар жомарт болған бір тоятқа,
Қалайша қызығуға ұялмаймын?..
Сен келдің, уәдеңе сода татыр,
Тиюге саған қалай бармақ батыл?..
Мен риза, қайт», — деп енді берді рұқсат,
Тимеді кептерге енді лашын батыр...
Кептер мен бүркіт
Кептер құс риза болды көңлі тасып,
Лашынмен қош айтысты төсін басып.
Лашын ер парызынан құтқарған соң,
Жөнелді зулап ұшып белден асып.
Ұшады кептер талмай сермеп күшін,
Тезірек ақ сұңқарды көрмек үшін.
Жомарттың билігіне енді мүлде,
Апарып өзін-өзі бермек үшін...
Таң атқан үрпек бас шақ, алаң-елең:
— Көрінді орман, көлдер, ой, қыр, белең.
Оянып ұйқысынан бозша торғай,
Үрпиіп қаранады етіп елең.
Бір бүркіт таудан ұшқан тоят аулап
Орманға кеп тиетін дайым жаулап.
Орманды мүлгіп тұрған у-шу қылды,
Тиіп қап бір бүйірден оқша заулап.
Бұл бүркіт қу жем үшін ойды кезген,
Көркем шын, кербез биік таудан безген.
Тоғайдың бейбіт жатқан жәндіктерін,
Әдеті талғамастан бәрін езген.
Тамақсау әңгі бүркіт ұшқан қаңғып,
Жәндіктің бейғам жатқан кезін аңдып,
Жас шақа балапандар кездессе де,
Ұстайтын, оларды да «үлкен аң» ғып.
Бықпырт қып сан уақ құс балаларын,
Зарлатқан орман ішін у-шу шаң ғып.
Қыратын көбінесе әлсіз аңды,
Тыныш жатқан қара орманды сонша лаң ғып.
Қимайтын тау бүркітін мұндай іске
Сыртқы елді кететұғын тіпті таң ғып.
Орманды бүркіт сөйтіп бүлдіретін,
Қан қылып жүрген жерін былғап саңғып.
Түрлі құс орманда ұйықтап жатқан жиын,
Шошынып ояна сап қорғады үйін.
У-шу боп жандарынан түңілісті,
Бүркіттің аш қарында көріп күйін.
Ілезде азан-қазан бықпырт қылып,
Орманның даңғой бүркіт берді «сыйын».
Ордалы ұяларын талқан қылып,
Сан құстың жүрегіне салды түйін.
Бүркітке ерген тағы топты құзғын,
Жем үшін жаннан безген қалың ызғын.
Көніккен қан ішкіштер кімді оңдырсын...
Қан тырнақ көрмеген соң ешбір тізгін.
Іледі бүркіт сөйтіп талай құсты,
Әлеумет, есіттің бе, мұндай істі.
Бұға алмай сол орманда әлгі кептер,
Бүркіттің шеңгеліне тағы түсті...
Жібімей кептер құстың жылауына,
Зарланып көздің жасын бұлауына.
Тау бүркіт жөнелді алып мекеніне,
Кептердің назар салмай сұрауына.
Әлеумет, бұл көпті енді доғаралық,
Бұл істің Сарыарқада болғаны анық.
Білмеймін, ендігісін не қылғанын,
Кептерді кетті бүркіт жоғары алып.
Мойнында тау бүркіттің мың-сан жаза,
Тартылмақ мың жазаға бір-ақ саза.
Алдырған балаларын күйіктіден,
Таппай ма, ісі асқынған бір күн қаза.
Қиюлап айта алмадым сөздің көбін,
Сырлы ғып сөз айтуға жоқ еді ебім.
Төрелік сұрайын деп: қай құс әділ,
Әдейі баяндадым кептер кебін.
Жыр қылмақ біреу бастан өткергенін,
Жыр қылмақ біреу азды-көп көргенін.
Қай құстың ерлігі артық шешіңіздер,
Әдейі баяндадым кептер кебін.
Бұл жырым түсінбегенге жұмбақ-сынды,
Жыр қылдым түсінгенге болған шынды.
«Бұл жұмбақ» дегендерге шешкіз, тақсыр,
Сөзімді жұмбақ болса қылмай, мінді...
Бұл сөзді төрелікке жыр ғып тартып,
Сын тілеп, бәріңізге тұрмын артып.
Тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақ.
— Айтыңыз, қайсысының ерлігі артық?..»
Қыз бен әскер
Қыз тұрды айтып болып кептер жырын,
Күрсінді аршығандай көңіл кірін.
Түнерген тұңғиыққа құзда тұрып,
Ағытты күйікті қыз біраз сырын.
Домалап көзден тамған жасын сүртті.
Ашқандай мөлдір жаспен көздің нұрын.
Қалың қол қалша қарап, қалды қатып,
Жоғалтып әңгі адырлық, сес пен қырын.
Жауынгер батырсынған қалың қолға,
Болмады жырдың арты онша қырын.
Тым-тырыс қалшиған қол біраздан соң,
Қозғалып сөз қатысты бірін-бірін.
Тұтқын қыз — әскер ессіз болған құмар,
Сымбаты — көк өрімдей шыбық шынар.
Беліне дөрекі қол тисе нойыс,
Дер едің гүл сабақтай оңай сынар.
Түксиіп Абылай да тұрды тұйық,
Манадан сесі кеміп түскен иық.
Түнеріп, төмен қарап үндемейді,
Басқандай тұншықтырып түн тұңғиық.
Қол тағы жамырасты гүжілдесіп,
Ілезде гулеген үн тағы да өсіп.
Әркім де «бұл жыр-жұмбақ» десе дағы,
Шықпады қыз жұмбағын ешкім шешіп.
КӨКШЕТАУ КҮЙІ
Абылай біраз тұрып көпті байқап,
Гүжілдеп қозғалды енді басын шайқап.
Сұлуға таста тұрған қарап қойып:
«Шешуші, қайда...» — деді, қолын жайқап.
Абылай: «Шешуші кім?..» — деді айқайлап,
Қалың қол тына қалды тілін байлап.
Төңірек тым-тырыс боп қалды қатып,
Дағдарып, ой түбіне терең бойлап.
Жер мен көк бір-біріне жарасқандай,
Олар да бәсекемен таласқандай.
Айнала қоршаған тау, қалың орман
— Жер мен көк қызға төніп қарасқандай.
Нулы орман, биік шыңдар анталаса,
Қоршаған бейне мылқау, таң-тамаша.
Тым-тырыс түнерісіп үндемейді
— Өткерген алдарынан сан тамаша...
«Оқжетпес» — көкке өрлеген мүсін сұңғақ,
Айтылды етегінде әлгі жұмбақ.
Созылған көкке қарай сұлу шыңның,
Үні жоқ тұрса дағы сөзді тыңдап.
Тек қана орман ептеп сыбырлайды,
Жасырып, тапқызбастай сыр ұрлайды.
Ұры жел көзге ілінбей зыр жүгіріп,
Кел беті, гүл, жапырақ жыбырлайды.
Көлдегі жұбай аққу сыңқылдайды,
Еркелеп қос бөбегі қыңқылдайды.
Көлдегі мың түрлі құс күйге балқып,
Мас болып жаз иісіне мыңқылдайды.
Аспанда тау бүркіттер қалықтайды,
Саңқылдап биікте ойнап, шарықтайды.
Жарқылдап, шыңнан жерге, жерден көкке
Құйқылжып, топшылары талықпайды...
АДАҚ
Әрине, «мыңнан біреу шешен» деген,
«Жол таппақ, қамалғанда көсем» деген.
Тым-тырыс тұрған қолдан шықты біреу,
Жыр қылған қыз жұмбағын шешем деген.
Ежелден бәйге десе әркім қозбақ.
Дәмелі — қызықтыға қолын созбақ.
Қызықты затқа ұмтылса көп дәмелі,
Әрине, ебін тапқан біреу озбақ.
Күресте: жеңеді — алып, дауда — шешен,
Ақыл мен болжау істе қырағы озбақ
Жұмбақтың көп қамалған кілтін тауып,
Төреге қолын созды бір ер боздақ.
Қара сұр, ұзын бойлы, емес талпақ,
Денесі көк құрыштай, өрдеш-шалқақ,
Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,
Қақпақтай қобы жаурын, топшы жалпақ.
Солқылдақ көк құрыштай біткен тіп-тік,
Жараған аш бөрідей белі жіптік.
Ыңғайлы, сұлу сида, сұңғақ дене,
Жараған бәйге кердей ықшам, сыптық
Біленген шиыр дене, бейне шойын,
Жұп-жұмыр сом боп біткен жігер мойын.
Денесі бұлшық етті, шерткен күшті,
Бәйге атша ширатады тұла бойын.
Ұлы арғын Көкшетауды қылған мекен,
Аз кезі көшпелі елдің, жүрген жекен.
Арғынның бір баласы Қуандықтың
— Сүр жігіт жұмбақ шешкен, баласы екен
Жасынан кедейліктен кемдік көрген,
Жігерлі талабы зор өзі мерген.
Жылқысын бағып жүрген байын тастап,
Төренің бір себеппен қасына ерген.
Сыпайы, тиянақты өзін баққан,
Артықсып әңгіленіп емес лаққан.
Күші де, ерлігі де жолбарыстай,
Әділдік, кішілікпен көпке жаққан.
Тағы әнші, керней дауыс, ерен ақын,
Келтірген көркем сырлы сөздің нақын.
Сұрқия өтіріктен аулақ қашып,
Шындыққа, ерлікпенен жүрген жақын.
Егесте, көз ұшында қадақты атқан,
Күресте — қалың қолды адақтатқан.
Сондықтан Адақ деген есім алған,
Талайға сынасқанда — «табақ тартқан».
Жұмбақты шешемін деп қол созды Адақ,
Үстінде ықшам киім, белде садақ.
Қалың қол жалт қарасып, сеңше толқып,
Адаққа телмірісті көзін қадап.
Сөйледі Адақ тұрып Абылайға:
«Я, тақсыр, өтілім бар, — қабыл айла!
Жұмбақты шешпей тұрып тілегім бар,
Қабыл ғып тілегімді сөзді байла!
Болар ед, кешпес күнә — шешер болсам,
Жақпаса, қыздың басын кесер болсаң,
Жұмбақты сонда ғана шешіп көрем,
— Қыз сөзін шайпау болса, кешер болсаң...»
Бүркіт пен аққу, мерген
Абылай: кешірем, — деп қарқылдады,
Жаңғырып, айнала шың саңқылдады.
Сол кезде көлде жүрген жұбай аққу,
Ойбайлап суды сабап қаңқылдады.
Тұрған қол кенелмекке өлеңді естіп,
Толқыды көлге қарап елеңдесіп.
Қараса,— ойран болып жұбай аққу,
Заулап жүр көл үстінде көлеңдесіп.
Сабайды, көлді ойран ғып, суды шашып,
Қиқулап, аласұрып, аузын ашып.
Шулатқан екі аққуды бүркіт екен,
Жөнелді бір баласын ала қашып...
Көктен жай төбесінен түйгендей-ақ,
Немесе түнде бүйі тигендей-ақ,
Екі аққу ойран болып бірге ұмтылды,
Зар илеп ұясы өртке күйгендей-ақ.
Аққудың ақ бөбегін көлден іліп,
Таубүркіт қуанғандай көкте күліп.
Зарлатып, ата-анасын сұңқылдатып,
Жөнелді шарыққа өрлеп көкпар қылып.
Тырнақы тырнақсызға шаппасың ба?..
Аңдушы алу ебін таппасың ба?..
Аққудың балапанын алып бүркіт,
Шырқады «Оқжетпестің» қақ басына.
Көлдегі бейбіт құстар үрікті шошып,
Сүңгіді, қорғалады, қашты жосып.
Әскер де қарап тұрған қайран қалды,
Қос аққу сыңқылдады даусын қосып.
Зарлаған туған әке, анасына,
Таубүркіт көкпар қылған баласына
Жаны ашып кейбіреулер жабырқасты,
Аяныш кіргеннен соң санасына.
Әлсізді әлді жеген күші басым,
Жылатқан әлсіз болса қарындасын.
Тұтқын қыз осыны ойлап құз басында
Аққуға қарап тұрып төкті жасын.
Адақ та қарап тұрып бойын тежеп,
Садағын қолына алып, шертіп, безеп,
Көк сүңгі оғын іліп серіппеге,
Бүркітке сығалады дәлдеп кезеп.
Бұлтиған бұлшық етті құрыш білек,
Жиырылып ырғатылды күшін білеп.
Атуға ыңғайланған жолбарысша,
Ышқынды екі бұтты кере тіреп.
Садақтың серіппесін ырғап тартып,
Шалқиды пәрменінше күшін шіреп.
Жеткенде «Оқжетпестің» басына құс,
— Садағын Адақ мерген сілтеді іреп.
Ысқырды садақ оғы көкті жарып,
Зымырап жарқылдады жолын қарып.
Торғай боп «Оқжетпеспен» қатарласқан,
Үш қырлы оқ таубүркіттен өтті дарып.
Қаруын сан қылмыстың татарына,
Тап болды мерген дәлдеп атарына:
Таубүркіт төңкерілді жеткен кезде,
«Оқжетпес» нақ басының қатарына.
Таубүркіт қылығына жаза тапты,
Азырақ момын аңдар маза тапты.
Лақтырған терліктей боп көлге күмпіп,
Қан-қан боп, қанқұмар ер қаза тапты.
Бүркіттің көкпар алып қашуына,
Болмады «Оқжетпестен» асуына.
Көзінше қалың қолдың қаза тапты,
Тура кеп шын мергеннің басуына.
Шарықтап, балапанды ап кетті деген,
Ноқат боп «Оқжетпестен» өтті деген.
Ешкімнің қиялына кірмеп еді,
Бүркітке атқан садақ жетті деген.
АДАҚ МЕРГЕН
Таң болып әскер толқып дуылдасты,
Адақты көтермелеп шуылдасты.
Жаңғыртты тау мен тасты көтерген сөз:
«Бәйгеден Адақ озды, Адақ асты...»
Алшитып кәмшат бөркін түрді Абылай,
Тамағын қоразданып қырды Абылай.
«Бағана, неге бұлай атпадың?..» — деп,
Адақтың қасына кеп тұрды Абылай.
«Бағана, бәйгеде сен жарысыппең?
Ортаға өнеріңді салысыппең?..
Атқыштық күштілікті сынасқанда,
Онда озбай өзгелермен қалысыппең?..
Немесе бағана сен атпадың ба?..
Атуға жүрексініп батпадың ба?..
Әйтпесе сұлудан сен дәме қылмай,
Егеске түсуге әдеп сақтадың ба?..»
Айтты Адақ:
«Бәске, тақсыр, қатыспадым,
Шыңдағы орамалды атыспадым.
Сұлуды батырлардың бірі алсын деп,
Бәйгеге бекер түсіп шатыспадым.
Әдейі батырлармен сынаспадым,
Әуре боп белді бекер қынаспадым.
Жаңағы қыз жұмбағын естігенше,
Әдейі, тақсыр төре, сыр ашпадым.
Жұмсайтын, бар өнерді керек іске,
Әдейі салмап едім ерегіске,
Бәрін де қыз сертінің орындайын,
Тақсыр хан, мен даярмын төреңізге.
Ешбір оқ орамалды шала алмады,
Таянып шың басына бара алмады.
Атып мен орамалды түсірейін,
Болса да сұлуды ешкім ала алмады...»
Соны айтып Адақ енді тұрмай тоқтап,
Садағын оңтайлады безеп оқтап.
Қос аққу шыр айналды мұңлы үнмен,
Баласын кезек ұшып, сыңсып жоқтап.
Сұлу мен ханға қарап Адақ тұрды,
Безеніп «Оқжетпеске» садақ құрды.
Сүниіп суға төнген құз басында
Сұлу да таңырқап көз қадап тұрды.
Расы Адақ бәске қатыспаған,
Шыңдағы орамалды атыспаған.
Апырақ, албырт, әңгі батырлардан,
Бұл жігіт өзін аулақ жат ұстаған.
Тұрғандай түпсіз терең ойға батып,
Қадалып шың басына қалған қатып.
«Оқжетпес» өрдеш шыңмен арбасқандай.
Тұрған ед жолбарысша көзбен атып.
Және де жарысқа да енбеп еді,
«Түс» деген жігіттерге көнбеп еді
Ауырып тұрмын деген сылтауына,
Ренжіп қостастары сенбеп еді.
Өнері өзіне аян кем емесі,
Күшіне мұның ешкім тең емесі.
Тұрған бұл, жас құлжаша күші тертіп,
Тұрса да қайнап, қызып делебесі.
Батырлар жүгіргенде аршындатып,
Адақты күш билеп ед қалшылдатып.
Тұлпардай көрмедегі жер тарпыған,
Тықыршып ауыздығын қаршылдатып...
Жаңартты тұтқын қызбен Адақ шартты,
Шіреніп, серіппені ырғап қатты.
Сырықта шың басындағы орамалға,
Сығалап көздеп тұрып садақ тартты.
Әндетіп оқ жөнелді көкке боздап,
Әуенің дыңылдатып сымын қозғап.
Шаттанып шыңға қарай асқан сайын,
Елігіп, жар салғандай «шабандоздап».
Ұшқыр оқ шың басына кетті сарнап,
Жайқалған орамалға атқан арнап.
Қалың қол тыныс тартып, телмірісіп,
Жаңғыды айнала тау қоса зарлап.
Қос тілді оқ, найзағайша көкті тіліп,
Айырып орамалды кетті күліп.
Орамал жырымданып қала берді,
Болат оқ шүберекті кетпеді іліп...
Садаққа қыстырды Адақ үш қырлы оқты,
Ысқыртты шіреп енді аспан-көкті.
Атқан оқ орамалдың қадасына,
Сақ етіп, тас жаңғыртып, барып соқты.
Үш қырлы оқ дал-дал қылған мана құсты,
Шіреніп сілтеген соң қайрап тісті.
Отшыған қурайдай көк шалғыменен,
Қада мен орамалды жұлып түсті.
Адақтың оғы өзгеден ұшқыр ұшты,
Қос тілді, жасыл құрыш, үшкір үшті.
Басына «Оқжетпестің» оқ жеткізіп,
Өзгеден үздік болды — күш құрышты.
Қада ұшты орамалмен шыңнан жерге,
Тигендей ауыр құрыш ұшқыр ұшы.
Оқпенен ілдіргенде орамалды,
Қанғандай болды әскердің іш құрышы.
Шуласты, Адақты қол мыңға балап,
Қамалап қошамет қып жатыр талап.
Қызулап төбесіне көтерісті,
Құрметтеп, айқайласып, «көп жасалап».
Адақты қамап жатыр құттықтасып,
Жапырлап, кезек-кезек құтықтасып.
Жай күліп Адақ тұрды бәйгені ұтып,
Әңгі емес секіретін асып-тасып.
Қойқаңдап бөркін тастап шалқасынан,
Қошқардай байдың мыңды марқасынан.
Абылай Адаққа кеп алғыс айтып,
Риза боп, қақты күліп арқасынан.
ҚЫЗ ЖҰМБАҒЫ
Енді қол жапырылды құзға қарап,
Бұралып құзда тұрған қызға қарап.
Үлкендер көп жасалап құттықтасты,
— Әзіл қып біркелкі жас қыз баталап.
Қыз айтты Абылайға: —
«Даяр басым.
Тақсыр хан, жұрт кішкене аялдасын.
Болса да Адаққа мен тиер болдым,
Жырымның шешуін де баяндасын...»
Абылай қыз тілегін «мақұл», — деді.
Адаққа: «Ортаға кел, жақын, — деді.
Кебіндей сұлу айтқан әнге салып,
Сезінді жыр қылып айт, ақын», — деді.
Шуласып: «шешсін... шешсін!» — деді көп те,
Шешуін қыз көбінің естімекке.
Өзі де көпшіліктің құмар еді,
Адаққа жұмбақты енді шештірмекке...
АДАҚ АҚЫН
Адақ ер ыңғайланды даусын оңдап,
Лашындай шарықтауға қанат қомдап.
Шиырлып бойындағы күшін жиып
Жараған бәйтекердей бойын сомдап.
Қозғалды, дарқан ақын бұрағандай,
Құлағын домбыраның күйлеп қолға ап!
Боздатып күй сарының келтіргендей,
Екпінін ірке шертіп, кеннен толғап.
Бой жазып бәйтекердей ойқастаған,
Тұқырып, мойнын кезек оңнан солға ап.
Орғыды бір бүгіліп, бір жазылып,
Құлашын қарыштауға жолын болжап.
Әскер де қамаласып тұрды жиын,
Анталап, бір-біріне тіреп иін
Шешуі қыз кебінің не екен деп
Көрінген өңгелерге сонша қиын.
Ақырып құйқылжытып шырқады Адақ,
Соққандай таудан ұйытқып долы құйын.
Кең тастап көкірегін қобдиланып,
Серпілтті көкке өрлетіп кулак күйін.
«Әлеумет, сабыр етіп таза тыңда,
—Шешілсін қыз байлаған жұмбақ түйін.
Ұзатпай қыздың кебін баяндайын,
Тыңда да мейлің күйін, мейлің сүйін.
Адамның бір жолдағы намысы бір,
Болса егер, санасы бар бір-ақ ұйым.
Жайылып бірден бірге бастан-аяқ,
Жыр болмақ бұл әңгіме елге дүйім.
Ел менен ер намысын ақтай алмас,
— Ел шауып, олжа қылып алған бұным.
Хан да бар, қара да бар — бұл арада
Төрелік берерсіңдер, әділ биім...»
ЖҰМБАҚТЫҢ ШЕШУІ
Тұтқын қыз өз басының жырын айтты,
Жүректен жарып шыққан шынын айтты
Кептерді мысал қылып өз басына,
Не көрген бала күннен сырын айтты.
Зорлықтың жастан дәмін татқан екен,
Ауылын бір күн жау кеп шапқан екен.
Өлімнен ата-анасын жау қолынан,
Лашындай бір ер кез боп қаққан екен.
Шапқан жау отырғанда саспай жайлап,
Атасын бауыздауға пышақ қайрап.
Зарлаған екен сонда бала сұлу,
Жауынан рақым тілеп ағатайлап.
Лашындай кез болған ер ойда жоқта,
Бүйірден тиген екен жауға айқайлап.
Ауылды бейбіт жатқан қырған жаудың,
Лезде қалған екен өзі жайрап.
Ер жігіт бейне лашын ала мойнақ.
Бүйірден жауға тиіп салады ойнақ.
Жұлады қарақұстай жаудың басын,
Боп келген бейбіт елді ала қоймақ.
Әлгі ерге қыз әкесі барын сайлап,
Мал, басын түгелімен тартқан айдап.
Көп сөздің ақырында лашын сынды ер,
Кетіпті қыз баламен бір сөз байлап.
Кім көрген уәденің мұндай түрін,
Әңгімем естілмеген бұдан бұрын:
Лашын мен кептер кебін айтты сұлу,
Мысал ғып әлгі ерменен сертті сырын.
«Күнәға» бой жеткен соң, батпай тұрып,
Әйелдік тұрмыс дәмін татпай тұрып,
Әлгі ерге бір түнекке кеп қайтпақ қыз
— Қойнына күйеуінің жатпай тұрып.
Әйел боп салмай тұрып, басқа күндік.
Болатын болса дағы мейлі кімдік:
Байласқан серт бойынша әуелі қыз,
Әлгі ерге әйел болмақ бір-ақ түндік.
Сөз байлап ер кетіпті сұлуменен
Қыз өскен аз ғана өмір сүруменен...
Бір сабаз қызды келіп алмақ болған,
Қалап кеп, іздеп құлақ түруменен.
Күйеуін мысал қылды ақ сұңқарға,
— Әрине, сұңқар сипат ашық жарға.
Сұңқар ғой сүйген жары сұлу қыздың,
Болмай ма, сүймегені нақ сұм қарға...
Әрине, күйеу отау тіккен аулақ
Оңаша күйеу сонда жатпақ аунап.
Қасына алып келген қалыңдығын,
Үйіріп, сыр ашысып алмақ баурап.
Күйеуге қалыңдығын әкеп аулы,
Басына салмақ болған желек жаулық.
Қыз сырын айтқан екен күйеуіне,
Екеуін қалдырғанда құсша баулып.
Оңаша түнде отауда емін-еркін,
Сабаз қыз күйеуіне кебін шертіп,
Сол түнгі кеңшілігін сұранады,
Өтеуге баяғы ермен қылған сертін.
Сұлуға берген екен күйеуі ерік,
Жомарттық ерлігіне болып серік
«Сертіңді бар да орында», — депті жары,
Адамдық — қылған сертке болмақ берік.
Күйеуі айтқан сонда өсиетін:
Шыншылдық, — адамшылық қасиетін,
Жалғаншы атанба, бар, сертіңді өте,
Шыншыл бол, әділ халық бас иетін...»
Белгіге берген күйеу орамалын,
Сұлудан аямайды қора малын.
Шеттерін кестелеген орамалды,
Қыз шыққан, қыпша белге орап алып.
Рұқсат ап, ақ сұңқардан қойнындағы,
Білінбей өзге жұртқа бойын бағып,
Жөнелген екен сұлу түнде жалғыз,
Өтеуге, алған сертін мойнындағы.
Әр жерде ұрылардың ісі ұласқан,
Бәрінен сол түнгі бір үш ұры асқан.
Жүгірген түнделетіп жалғыз сұлу,
Бір жерден үш ұрыға ұшырасқан.
Ұрылар қуанысқан секірісіп,
Зорлауға қызды ыңғайлап бекінісіп.
Құтырып айуандық нәпсілері
Шұбырып сілекейі кекірісіп.
Жемді тек түнде аулайтын құсша қарап,
Жол тосып кездескенді жүрген талап.
Кептер құс ұшырасқан түнде орманда,
Мысал ғой үш ұрыға үш жапалақ.
Сұлуға үш қарақшы қызығады,
Кездері қарауытып қызынады.
Айуан нәпсілерін тойдыруға,
Естері алабұртып бұзылады.
Бұралған көк шыбықтай көркем ару,
Нәзік қыз істей алмақ кімге қару?
Іліксе арсыздарға мұндай олжа,
— Болады тілектері итше сару.
Қыз жылап айтқан екен барлық сырын,
Себебін келе жатқан бүйтіп ұрын.
Алдаушы болам ғой деп сенгіш ерге,
Жойма деп жалыныпты әбүйірін.
Сұлудың сырын айтып жылағаны,
Жалынып көздің жасын бұлағаны,
Оятқан үш ұрының ар-намысын,
Кеңшілік олардан да сұрағаны..
Құтырып қозған нәпсі басылады,
Кешірім сұрап қызға бас ұрады.
Оянған адамшылық ар, ұяты,
Айуан нәпсі жынын қашырады.
Жаман ой, арам қулық бәрін тастап,
Құрметтеп, енді үш ұры «қарындастап»,
Сабаздың лашын сынды мекеніне,
Қызды ертіп, түн ішінде жүрген бастап.
Үш ұры тірі жанға білдірместен,
Жолшыбай жат көздерге ілдірместен.
Қыз іздеп шыққан ердің мекеніне,
Жеткізіп сап қайтыпты кідірместен.
Түн қатып іздеп шыққан жерін тауып,
Қыз келіп жолығады ерін тауып.
«Баяғы серт бойынша келдім», — дейді,
Мұрсат ап түн ішінде ебін тауып.
Кебін қыз шерткен екен түгел бастан,
Бір сөзін уақиғаның қалдырмастан.
Күйеу мен ұрылардың кеңшілігін
Баяндап ақтарғандай бейне дастан.
Қалай ғып сұлу рұқсат алғандығы,
Күйеуі жомарттық қып қалғандығы.
Батырды бәрі қайран қылған екен,
Үш ұры тимей әкеп салғандығы.
Сұлуға батыр енді дейді шырақ!
Оншалық аулың сенің емес жырақ.
Ризамын, қайт ізіңше, сертің бітті,
Қызықсам қала ма ардан бір жапырақ?..
Ер арын қайтсін, енді зорласын ба?..
Өзің де, сұлуды да қорласын ба?.
Бұрын ер енді қызып бір шашаққа,
Алданып бұ да жомарт болмасын ба?..
Қыз аман кейін қайтып жолға түскен,
Кептерден пенде бопты торға түскен.
Жеткенше сұңқарына қайта келіп,
Сол елді шапқан жауға қолға түскен.
Сол елді шапқан жауы бізбіз міні...
Осы еді қыз кебінің барлық шыңы.
Тайлақша бәйге боп тұр, міне, ортада,
Біреудің маңдайдағы Ай мен Күні.
Орманға тиген барып таубүркіті,
Аңдарға ылғи момын жау бүркіті,
Тақсыр хан, сізге мысал айтылған сөз,
«Жүрміз ғой, десек тағы жауды үркітіп...»
Жазықсыз қалмақпенен жауласамыз,
Аянбай аңша қырып ауласамыз.
Қалмақ та ел өзіміздей деген болса,
Теңгермей бойымызға дауласамыз.
Мысал ғып жырлады қыз сыр мен зарын,
Елінің әділ, жомарт сабаздарын.
Жыр қылды түнде өзімен ұшырасқан,
Жол тосып ұрлық қылған — бабы аздарын:
Бәрінің жомарттығы сүйсінерлік,
Әр елге осындай-ақ тисін ерлік.
Жомарттық бізден мұндай табылмаса,
Мақтанған құр өтірік күйсін өрлік!..
Өлтірер деген еді ерді намыс,
Қоянды өлтіреді деген қамыс,
— Қызды енді олжаласақ елімізді
Не демек естісе егер, жат ел — қалыс...
«Сабаз» деп бұл сұлуды мақтар еді,
«Момын» деп қалмақ елін жақтар еді.
Бізден де бір қыз сөйтіп зарлап тұрса,
Қиянат қылғандарды ақтар еді.
Сөзді енді бүркемелік, етіп күлте,
Мұндайда керек емес мақта-білте.
«Ханы да, қарасы да арсыз деген»,
Келмесін ел бетіне шіркеу-шілте.
Қыз жырын сізге арнады төрелікке,
Болмайық, тақсыр, бекер өр-елікпе.
Істіген халық жерге түкірмесін,
Біз дағы әділ билік берелік те.
Әлеумет, мойнымызға бұл бір салмақ,
Қырылды, қолымыздан талай қалмақ...
Күн сайын лағнат айтып отыратын,
Боламыз қызды ұялмай, қалай алмақ?..
Бұл сұлу бәйгеме енді маған тиді,
Тақсыр хан, билігіне басымды идім.
Ұрықсат бердім қызға, елін тапсын,
Олжаны ұры қиған мен де қидым...
Тарқатсын нәзік тұтқын қасірет, шерін,
Жарамды бір жүйрікпен тапсын елін.
Еліне аман қайтып сұлу бикеш,
Өлмесе, тауып алсын жомарт ерін...
EPIK АЛҒАН ҚЫЗ БЕН ХАННЫҢ ҚОЛЫ
Иілді Адақ ханға, болып сөзін,
Кіргендей болды көпке біраз сезім.
Бұралып құзда тұрған нәзік сұлу,
Ырза боп, тұрды жылап сүртіп көзін.
Абылай төмен қарап тұрды тұйық,
Ішінде тұншыққандай мылқау қиық.
Ешкім де бұза алмады біткен істі,
Әскердің әлгі сөзге көбі-ақ ұйып.
Мінбелеп шыңдар көлге шүниеді,
Айнала көктен төніп үңіледі.
Көлбеген Бурабайдың айнасына,
Шыңдар мен көктен басын күн иеді.
Сұлудан дәмелілер үміт үзді,
Анталап, әскер шулап, қамап құзды.
Ерік алып, көкірек керіп демін алған,
Жамырап, құттықтады тұтқын қызды...
Қаранып сұлу енді оң мен солға,
Сөйледі ханы менен қалың қолға:
«Тақсыр хан, үлкен аға, замандастар!
Кідірмей бет түзейін, шығып жолға.
Ойлап ем, сырымды айтып жыламаққа,
Жұмбақтап ханнан ерік сұрамаққа,
Әдейі күз басына шығып едім,
Бермесе, тұңғиыққа құламаққа.
Тереңге төнген құзды сайлап едім,
Басына шығып кепті сайрап едім.
Олжаға түсер болсам, құздан құлап,
Өлуге белді бекем байлап едім.
Рақмет! Құтты болсын дегендерге,
Зарымды бүйтіп шешкен кемеңгерге...
Тағы да адамшылық еткейсіздер,
Олжа боп, біздің елден келгендерге...»
Кідірмей бір жүйрікті алдыртады,
Ерлетіп қоржынды оңдап салдыртады
Сусындап тұтқын сұлу киінгенше,
Суартып, жетектетіп, шалдыртады.
Тұрды қыз, сымдай болып белін қынай,
Қос бұрым, сүмбіл шашы беліне ұнай,
Жеңген соң сұлу енді құрмет көрді,
Келгендей Абылайдың елін сынай.
Сөйлесіп анталаған батырлармен,
Жүретін жолдың бағыт жөнін сұрай...
Қалмақтың өзге тұтқын әйелдері,
Қоштасты, зар еңіреп, жылай-жылай.
ҚЫЗ БЕН КЕРКӨЖЕК
Шапшыды, тықыршып
Кер бәйге сұрай,
Аузымен құс тістеген бейне құмай.
Жандыға шалдырмайтын желаяқты.
Қуса да қос қанатгы мейлі қудай!
Көжектей қамыс құлақ, сымпыс құйрық
Бүгілген бадана көз, мінсіз сүйрік.
Алмайды қанатсызды қапталына,
Жүйткісе көз ілеспес сағым жүйрік.
Жетектеп, әлекедей көжек керді.
Серке сан, бота тірсек өжет керді.
Шаужайлап аяңдатып бір жас жігіт
Тізгінін қатты қымтып, тежеп көрді.
Секіріп, аузын ашып, көкке шапшып,
Көжек кер қобалжытты үстегі ерді.
Желікті, дәйек қылмай, тез пысқырып,
Шашпаққа бұрқыратып ащы терді.
Жұлқынып, ауыздығын қарш-қарш шайнап,
Тұқырып, құштарланып, тарпып жерді,
Шиыршық атып, билеп шырқ айналды,
Уытты екпінімен шарпып желді.
Атыспай Абылайдың қолын жеңген,
Жөнелмек алып сұлу кемеңгерді.
Сұлуды кетпек алып құстай ұшып,
Дегендей: «Тарқатсын тез шемен, шерді».
Ыңғайлап, қызға әкеліп көжекті ұстап,
Мөлшерлеп, қоржынға сап қорек берді.
Жолшыбай су алуға керек десіп,
Бүктесіп, қоржынға сап көнек берді.
Пысықтап қайта-қайта: «Адаспа» деп,
Жадына жөнін мегзеп, шенеп берді.
Мініп ап, Керкөжекке шіркін сұлу
Бұралып қош айтысып жөнеп берді.
Мінген соң Қуандықтың құмайына,
Жөнелді қыз елі мен жұбайына.
Жолшыбай тірі жанға шалдырар ма,
— Керкөжек тигеннен соң сыбайына?
Жөнелді аузын ашып керше таңлақ,
Ырғиды, құйын соққан бейне қаңбақ,
Не құмай, не бұлдырық, не қаңбақ деп,
Айтарсың қарамасаң әбден аңдап.
Сәйгүлік Қуандықтың арда кері
Жорыққа Барақ батыр мінген таңдап.
Бауыры аңғал шыңның болды жым-жырт,
Сағымдай бітті тозып, қалған шаңдақ.
Жас елік кетті босап тұтқын қолдан,
Жас құлан шықты ойнақтап түскен ордан.
Тұтқын қыз Керкөжекпен кептер құсша
Жұртты енді босаңған соң темір тордан.
Тарихқа болмаса да онша дерек,—
Әркім-ақ оқып көрер қылса керек.
Көрейік толық білген жазсын жақсы,
Еш ертек меншікті емес ешкімге ерек.
Талай сыр ертегіні ел айтады.
Ызыңдап таудан соққан жел айтады.
Жасырын сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз-түн күңкілдеген көл айтады.
Толғанып төмен қарaп шал айтады.
Тамсанып таңырқанып бала айтады.
Тау, тасты тұнжыраған куә қылып
От басы қатын-қалаш — бәрі айтады.
Ертегі болмаса да хатта қалған,—
Аузында шежіренің қартта қалған.
Қарттардың баян қылған әңгімесін
Есіткен кейінгілер жаттап алған...
Жыршы ақын домбырасын шертіп төрде,
Ертекпен таныстырар ашып пер де.
Тыңдаған алқа-қотан әлеуметтен,
Талапкер жат алады, болса зерде.
Домбыра түптен қозғап жырын сарнап
Күрсініп толғанады қодыр перне.
Қоздатып көшкен елдей шұбыртады;
Моншақша тізбектеліп айтқан терме...
Домбыра сарнайды үдеп күйін шертіп;
Толғанып жырлайды ақын талмай тертіп.
Ертегін Көкшетаудың, баяндайды,
Ұзаққа шапқан аттай шоқып, кертіп.
Тыңдаған алқа-қотан әлеуметті
Ертекші тамаша етіп алады ертіп.
Тамсанып ертегіге өткендегі,
Әлеумет теңселетің күймен елтіп...
Ертекке енді әлеумет емес құмар...
Ескілік еңбекші елге болмас тұмар.
Еңбек пен өнер күйін естісе енді,
Әлеумет ынталасып елтіп тынар...
1925—1928 жылдар
Достарыңызбен бөлісу: |