Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты


Қазақ әдеби тілінің эпистолярлық стилі



бет3/7
Дата05.11.2016
өлшемі2,13 Mb.
#905
1   2   3   4   5   6   7

Қазақ әдеби тілінің эпистолярлық стилі

Зерттеушілер әдеби тілдің стильдік тарамдалуын жанр принципіне негіз етеді. Соған байланысты, қазақ әдеби тілін функционалдық стильдерге тарамдайды. Мысалы, көркем әдебиет жанрына көркем әдебиет стилін, қоғамдық-публицистика жанрына публицистика стилін, т.б. жанрларға сай жіктейді. Орыс тіл білімінде эпистолярлық жанрға эпистолярлық стиль алынады.

Қазақ эпистолярлық стилінде жазылған хаттар легіне майданнан келген хаттар немесе майданға ел өмірі туралы жазылған хаттарды айтуға болады.

Қазақ әдеби тілінде маңызды орын алатын, өлең немесе проза түрінде жазылған, ғылымға қатысты мәселелерді талқылайтын хаттар да көптеп табылады. Мысалы, қоғам қайраткерлері, ғалымдардың хаттары, Ш.Уәлиханов «Сот реформасы жайында хат», сонымен қатар, бірқатар тілші ғалымдарымыз, Қ.Жұбанов Жанғазы Жолдаевқа 1936 жылы жазған хаты жауап хат түрінде жазылған, ғылыми тақырыпқа арналған, яғни ғалым қазақ тіл біліміне қатысты мәселелерді өз хатында баяндайды. Ы.Алтынсарин қазақ даласына мектеп ашып, оның жай-күйін орыс ағартушыларына хат арқылы баяндап отырғанын білеміз.

XVIII ғасырдағы қазақ даласында қолданылған ресми стилінде жазылған ескерткіштерге қазақ хандарының, сұлтандарының, батырларының, старшиналарының патшаға және орыс әкімшілік орындарына жазған хаттары жатады. Бұл хаттар арқылы сол кезеңдегі эпистолярлық жанрдағы жазбалардың сипаты мен қоса, қоғамдағы әлеуметтік жағдайлар жөнінде мәлімет алып, сол кезеңдегі эпистолярлық стильдің сипаты мен хаттар тілінің қандай болғанын да көреміз. «Олар:

1. Қайып хан елшілерінің қазақтардың Ресеймен тату тұру тілегі туралы мәлімдемесі. 1716 жылғы 13 қыркүйек.

2. Қайып ханның жоңғарларға қарсы бірлесіп аттану үшін әскер жіберу туралы өтініш жасап император І Петрге жазған хаты. 1718 жыл 10-желтоқсан.

3. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өзінің қол астындағы адамдармен бірге Ресей бодандығына алуды сұрап әйел патша Анна Иоанновнаға жазған хаты. 1730 жыл 8-қыркүйек. Нұралы ханның Орынбор губернаторына хаты. 1773 жыл 19 қыркүйек» [26, 15-б].

Эпистолярлық стиль жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытады. «Әдетте, бұл салада зерттелуге тиісті материал кез-келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатысты жайларды сөз еткен хаттары емес, белгілі бір қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік не өзге де мәні бар мазмұнда болуы тиіс» [15, 229-б].

Әр хатта баяндалатын жайттар әр қилы. «XIX ғасырдағы қазақша жазылған Шоқан Уәлихановтың, Мұса Шормановтың, Махамбет Өтемісұлының, Ыбырай Алтынсариннің хаттарын орыс жазушыларының әлеуметтік, ғылымдық мәселелерді сөз еткен әрі көркем әдеби тілде жазылған ой-толғаныстарымен қатар қоюға болмайды. Қазақша хаттарда қоғамдық ой-пікір ішінара Ильминский мен Махамбет хаттарында болмаса, өзгелерінде жоқ»[15, 230-б]. Бұлардың барлығын тілдік тұрғыдан көңіл аударарлық материалдар деп санаймыз. Біріншіден, хаттар арқылы сол кезеңдегі қазақша хат жазысу мәнерін (стилін) аңғарамыз, екіншіден, ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілдің өзара тоғысу құбылысын байқаймыз.

Тіл жағынан алып қарастырсақ, қазақ феодалдарының атынан жазылған құжаттар арнаулы кеңсе тілінің үлгілеріне жатады. Онда татар тілінің элементтері басым, қазақ тіліне тән элементтер аз. «Орта Азия тіліне тән архаизмдер мен арабизмдер араласқан татар тілі хандар канцеляриясы практикасында ұзақ уақыт берік сақталып, ресми хат-хабарлардың барлығында қолданылды. Бұл тіл қазақ халқының көпшілік бұқарасына мүлде түсініксіз болды» [15, 230-б].

«ХVIIІ ғасырдың орта тұсы мен ХІХ ғасырдың І жартысында халықтық тіл негізінде пайда болған әдеби тіл осы кеңсе тілі арқылы тағы бір саты жоғары көтеріле, күрделене түсті»[38, 162-б] ,-деп тұжырымдайды ғалымдар. Сол кезеңдегі жазбалар, яғни хаттар тілінде араб, татар тілінің басым болуына, архаизмдер мен көне түркілік элементтері көптеп кездесіп, көпшілік қауымға түсініксіз болса да, қазақ әдеби тілінің дамуына өзіндік үлес қосқан.

Ақын-жазушы, сыншы, ғалымдардың қоғамдық ой-пікірлері мен, қоғамдық түрлі көзқарастарын, естелік, күнделік, хаттары арқылы білеміз.

Қазақ әдебиетінде хат түрінде жазылған шығармалар бар. Ы.Алтынсаринде «Балқожа бидің баласына жазған хаты», Абай Құнанбаевта «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» т.б өлең түрінде жазылған. 1916 жылғы көтеріліс кезінде майданға хат, майданнан елге хат өлең түрінде жазылған. Майданнан жазылған хаттардың тілі ауызекі стильде жазылған. Қазақ тілінің эпистолярлық стилі сол кезеңдерде ресмиге қарағанда ауызекі сөйлеу стиліне жақын.

ХVIII-XIX ғасырдағы хаттардың тілін зерттеу үшін «оның алдында эпистолярлық стиль болды ма?», «болса қандай болды?», «белгілі жазу мәнері сақталған ба?» «тілінде бүгінгі қазақ әдеби тілі тұрғысынан алып қарағанда қандай елеулі ерекшеліктер байқалады?» - деген сұрақтарға жауап іздедік. Фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерді әдеби тілімізбен салыстырып, грамматикалық, фонетикалық заңдылықтарымызға сүйене отырып талдау жасадық.

Қазақ халқы ХХ ғасырдың басында саяси-әлеуметтік дамуда, ғылым мен жалпы мәдениеттегі әр алуан өнер білім саласындағы өз даму тарихының әр кезеңіндегі түрлі елдермен араласып, қарым-қатынас жасағаны белгілі. Бұл қарым-қатынас нәтижесінде қазақ тілінің сөздік құрамында бірқатар кірме сөздер, сондай-ақ орыс тілінің де түрлі жаңа атаулар, ұғымдар, терминдер, терминдік сөз орамдары, аударма ыңғайында баламалар пайда болды.

Академик Р.Сыздық: «Қазақ тілінің осы күнгі стильдік тарамдалуының басы ХІХ ғасырдың ІІ жартысына тура келеді. Бұл тұста қазақ тілінде мерзімді баспасөз пайда болды, соған орай әдебиеттің қоғамдық-публицистикалық жанрының іргетасы қалана бастады», дей келе, «Осы кезеңде проза, драматургия жанрларына сай белгілер пайда болып, әрі қарай дамыды, стильдер жігі айқындала түсті. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық әдеби тілінің мынадай функционалдық стильдері болды: көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, жартылай ғылыми стиль, ресми іс-қағаздары стилі, эпистолярлық стиль» [15, 25-б],-деп жіктейді.

Ғалым: «Қазақ тілінде жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттары ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап табылады. Олар, әрине, санаулы ғана. Дегенмен бізге жеткендерін сөз етуге болады. Бұлар: атақты жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының 1839 жылы жазған хаты, ол бұл хатты Жем, Сағыз, Қайнар бойын жайлаған Әлім, Шөмен руларының бірнеше беделді адамдары – Баубек, Нәдірқұл, Сәли, Жармұхамбет, Амантай батырларға жолдаған» [15, 234-б] ,- деп көрсетеді.

Тілші ғалымдар ресми іс қағаздары үлгісіне бұйрық, циркуляр, үндеу, указ, әртүрлі анықтама документтермен қатар, әкімшілік орындарына жазылған арыздарды, қызмет орнындағы адамдардың өзара жазысқан хаттарын жатқызады [53, 43-б].

Қазақ эпистолярлық стилінде жазылған хат мәтінін жіктеуде ғалым Е.М. Виноградова хаттарды коммуникативтік қызметіне қарай топтастырған тұжырымына сүйенуге болады:

Жеке хаттар. Жеке хаттар негізгі эпистолярлық жанрларға жатады.Олар мынадай :

а) қалыптасқан үлгісі жоқ хаттар (әлеуметтік-тұрмыстық хаттар)

ә) этикет түріндегі хаттар

б) кепілдемелік хаттар

в) белгілі бір үлгіде жазылған хаттар

Жеке іскерлік хаттар :

а) адресанты жасырын хаттар

Ресми-іскерлік хаттар :

а) нұсқаулық;

б) дипломатиялық;

в) хабарлама, рапорт және т.б.

Әдебиеттегі хаттар. Бұл хаттар қосымша эпистолярлық жанрларға жатады:

- әдеби достық хаттар;

-жариялану үшін авторлық өңдеуге түскен хаттар;

-баспалық құлақтандыру хаттары;

-өлеңмен жазылған хаттар;

-әдеби мазмұндағы (тұрмыстық емес ) жеке хаттар;

-әдеби қосымшасы бар жеке хаттар;

-әдеби шығарма құрылымындағы хаттар;

-ашық хат (редакцияға жазылған хаттар); [54, 12-б] .

М.Балақаев, Е.Жанпейісов хаттарды былайша топтастырады: «1) ресми хаттар; 2) ресми-іскери және іскери хаттар; 3) тұрмыстық хаттар, олардың екі түрін ажыратады: сырластық және достық хаттар» [26,134-б].

Қазақ тіліндегі хаттарды төмендегідей түрлерге бөліп көрсетеміз:

ресми хаттар, іскери хаттар, дипломатиялық хаттар,тұрмыстық хаттар, достық хаттар, сыршыл хаттар, әдеби-достық хаттар, ресми хат, ілеспе хат, хабарлама хат, бастама хат, растау хат, циркуляр хат, кепілдік хат, сұраныс хат, коммерциялық хат, жарнамалық хат, түсінік хат, ескертпе хат.т.б. Мысалы:

Ресми хаттар. ХХ ғасырдың басында бұл хаттардың белгілі бір рәсімдеу үлгісі болған. Бұл хаттардың тіліне күрделі синтаксистік құрылымдар тән, сөйлемдер ұзын-сонар болып келеді. Сол кезеңдегі ресми стильді анықтайтын сөздер, сөз тіркестері, әртүрлі фразеологизмдер қалыптасқан. Ресми хаттар мазмұны және мақсаты бойынша кепiлдiк беру хаттары, еске салу хаттары болып бөлiнедi және оны жазудың ақпараттық жарнамалық, коммерциялық cұpaтy xaттapы, хабарлау хаттары, шақыру хаттары, жауап хаттар, өтiнiш хаттар, хабарлама қалыптасқан тәртiбi бар. Қызметтiк хаттың мәтіні қарапайым, негiзгi бiр мәселеге ғaнa арналады. Бұл осы хатты алушы мекеменің хатты өңдеу барысындағы ең алдымен, тipкеу, бақылау, iскe қалыптастыру) техникалық операцияларын жеңlлдетеді және хaттың орындалу процесін тездетедi. Бұл хаттарда жүйелi түрде қолданылатын тiл - стандарт тiлдiк бiрлiк. Бұнда әдеби хаттарға, жеке хаттарға қарағанда мәтіні жүйелi, нақты және нық болады. Деректер мен оқиғалар объективтi түрде ұсынылады, ал ұсынылып отырған мәселе жеткілікті түсініктермен қысқа және анық айтылады. Тақырыптары құрылымына, құрамына қapaмaстaн үш негізгі қызметті атқарады. Олар: анықтауыштық, ақпараттық және прагматикалық. Бұл негiзгi үш қызмет бiр-бiрiмен тығыз байланысты. Хаттарда «Адресат» (хатты алушының) деректемесінің құрамдac бөлiктерi дұpыc көрсетiлуi тиiс: фирма, құрылымдық бөлiмшелерi, лауазымы, аты-жөнi, алушының почталық мекен-жайы көрсетiледi. Қызметтік хаттар стандарт формалар арқылы басталып жазылады. Өзге хат мәтіндері дәріптеп, мадақтайтын эпитеттер арқылы басталса, аталған хат түрі де қаратпа арқылы жазылады. Мысалы «Құрметті, әріптестер!», «Аса құрмет тұтатын Тоқмағамбет Сейілбекұлы!», т.т.

Ресми хаттарға қойылатын талап тақырыбы болуы тиіс, сонымен қатар, жазылған айы-күні көрсетілуі қажет. Хат жолданып отырған мeкeмe мен хат алушының мекен-жайы, аты-жөні жазылады. Хаттың негізгі мәтіні беріледі, хат соңында сыпайыгершілік сақтау сөздері беріледі сондай-ақ, мәтіннің түйiнi беріледі. Жiберушiнiң қызметi, қолы, аты-жөнi, хатты дайындаушы хатшының аты-жөнi қоса жазылады. Ресми хаттарда конструктивтi тipкecтep қолданылады. Стандарт тiлдiк бiрлiктер жұмсалады.

Шешiмдердi қабылдау себептерiне қарай «келісім бере отырып», «есепке ала отырып», «назарға ала отырып», «қарап», «басшылыққа ала отырып» және т.б. сияқты көсемшелер арқылы берiледi:

Хаттың тақырыптық бөлiгiнде мынадай деректемелер болады: «Құжаттың күнi», «Құжаттың тіркеу нөмірі», «Құжаттың тіркеу нөміріне және күніне сілтеме», егер жауап хат болса, онда мәтiннiң тақырыбы көрсетіледі.

Хаттың мәтiнi кiрiспе және негiзгi бөлiмнен тұрады:

Кiрiспе бөлiмде фактiге, күнге, хатқа сiлтеме жасай отырып, хатты жазудың себептерi көрсетiледi.

Негiзгi бөлiмде хаттың негiзгi мақсаты (ұсыныс беру, бас тарту, өтiнiш, кепiлдiк және т.б.) айтылады. Хаттағы ақпаратты жақсы қабылдау үшiн мәтiндi жазудың дәстүрлi тәртiбiн өзгерту ұсынылады және екінші бөлiмге дәлелдер мен тұжырымдарды орналастыра отырып, мәселе оның негiзгi мәнінен басталады.

Алдын-ала талқыланған күрделі емес мәселелер жайлы хаттар түсiндiрмесiз бip ғана бөлiктерден тұрады. Қызметтiк хаттардың негізгі мақсаты- іс-әрекетке кірісудің қажеттiлiгiне сендiру, көрсету, түсiндiру болып табылады және негiзгi мәселе мәтіннің анықтығынан, нақтылығынан және қысқалығынан көрінеді. Хатта көрсетiлген фактiлер объективтi, сандық деректері дәл, хаттың жалпы тоны қалыпты болуы тиіс.

Хаттарда көрсетiлетiн мәселелердің алуан түрлілігіне қарамастан іс-әрекетті негіздеу кезінде бастапқы және қорытынды сөздер мен сөз тіркестерінің шектелген жиынтығы: «Айырбастау тәртібімен...», «Байланысты...», «Ерекше жағдайда...», «сәйкес...», «мақсатында...» деген сияқты сөз тіркестері міндетті түрде қолданылады.

Мекемеден жiберiлетiн барлық хаттар eкi топқа бастама және жауап хаттар болып бөлiнедi.



Бастама хаттар – бұл жауап талап eтeтін хат. Осындай хаттардың көпшiлiгi қандай да бip мәселенi шешудi өтіну (ұсыныс, cұpaту) сипатында болып келедi. Бұл хаттың ең көп тapaғaн түpi және оның тақырыбы сан алуан. Оның сипаттамасы қойылған мәселенiң оң немесе тepic шешiлуiн бiлдiредi. Хаттың күні мен нөмірін көрсетеді. Бұл деректеме хат түпкілікті рәсімделгеннен кейін бланкіге толтырылады. Мазмұндық сипаты бойынша қызметтік хаттар шартты түрде мына төмендегi топтарға бөлiнедi:

Iлеспе хаттар - адресатқа жiберiлетiн хaтқa қoca жiберiлетiн құжaттap туралы ақпарат беретiн құжат болып табылады. Iлеспе хаттарды дайындау ұсынылып отырған құжатқа қандай да бiр түсінік немесе қосымша қажет болғанда рәсімделеді: орындау уақытын көрсету, кешiктiру себептерiн түсіндіру, күрделі тұстарын түсіндіру және т.б. жағдайларда. Хат: «Жiберемiз», «Қайтарамыз», «Ұсынамыз» сияқты сөздерден тұрады және жіберілетін құжаттың тақырыбы және iздеу белгiлерi (күні мен нөмірі) керсетіледі. Барлық қалған жағдайларда, мазмұнында қандай да бiр ақпарат болмаса, iлеспе хат рәсiмделмейдi.

Іскери хаттар. Бұл хаттың бір ерекшелігі - хаттың аралық түрі – ресми-іскери хат ресми хатпен тығыз байланысты болып келеді. Хаттың бұл түрі ресми хат пен іскери хаттың өзіне тән ерекшеліктерін өз бойына жинақтаған. Ш.Уәлиханов «Сот реформасы жайында хат» т.б. Бұл хаттар тобы да ресми стиль мен эпистолярлық стильді ұштастырады.

Е.М.Виноградова ресми іскерлік хаттарды:

а) нұсқаулық;

б) дипломатиялық;

в) хабарлама, рапорт және т.б.[54] деп бөледі.



Дипломатиялық хаттардың қазақ елінің тағдырына қатысты ертеректе жазылған үлгілері бар.

Сонымен бірге, дипломатиялық хаттар қатарына жататын 1742 жылдың 21 мамырында Әбілхайыр хан мен Есет батырдың Орынбор комиссиясына қалмақтар мен қазақтар арасындағы бітім және Қарасақалдың қайда жүргені туралы жазған хатын алсақ, хат мәтіні мына төмендегідей:

Әбілхайыр ханнан, 1742 жыл, 8 сәуір.

Оның императорлық ұлы мәртебесі, Ұлы мәртебелі патша Елизавета Петровнаға адал боданбыз.

Оның императорлық ұлы мәртебесінің атынан генерал-лейтенант Леонтий Яковлевич Соймонов мырза арқылы жолданған громотаны алдық, мен қатты қуандым, және бұрынғы генералдың орнына келген Сізді құттықтаймын және ұзақ өмір тілейміз, қызметіңіздің мерейлі болуына тілектеспіз. Ал мен болсам, бұрынғыдай сіздерге адал боданмын және алла тағаланың шапағатымен қазір өз ордаммен Орынборға таяу маңға келдім, биылғы жазда, құдай қаласа Сіздің биік мәртебеңізбен жолығысуды аңсаудамын. …Және ұры башқұрт Қарасақал жөнінде айтарым, шын аты Шуна ғой, бізге оның қажеті жоқ, егер құдай қаласа Сіздің биік мәртебеңіздің қолына тапсырылатын болады…

Императорлық Ұлы мәртебелі аса рақымды патша азғам біздің өтініштерімізді тегіс орындар деген үміттеміз, ал парсылық Надыртола, қалмақ Қалдан-Шереннің боданы болуды қаламаймын, шын жүрегіммен аса рақымды мейірман патшаға ғана бодан болғым келеді…

Сіздің биік мәртебеңізге осы хатпен Юсуп абызды, Байназар батырды аттандырдым. Осы хатымды алысымен Өзіңіздің сенімді адамыңызбен тілмаш Арасланды маған жіберуіңізді өтінемін және сіздің барлық ауызекі бұйрықтарыңыз бен хаттарыңызды осындай адамдармен жіберу керек. Өз хатымның аяғына мөрімді бастым. 1742 жылдың 7 көкегі. Хан әмірімен хатты жазған құлы Әлмұхаммед Нұркеев [53,76-б].

Хатты Әбілхайырдың өзі емес, хан әмірімен Әлмұхаммед Нұркеев жазды деген пікірлер берілген. Хатты жазушы, яғни қызметшісі, адресат «құл» деген сөзбен беріледі. Хат иесінің адресатқа құрмет көрсетіп эпистолярлық жанрға тән «ұлы мәртебелі» деген тұрақты эпитеттерді қолдану арқылы бастайды. «Алла тағаланың шапағатымен», «құдай қаласа», «құдай тағала» деген ислам дініне байланысты ауызекі сөйлеу стиліндегі тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Сөйлемдері қазақ тілінің синтаксистік заңына сай құрылған, кейір сөйлемдерінде мазмұны жағынан ауытқушылық бар. Хатта субьектінің көзқарасы беріледі. «Оның императорлық ұлы мәртебесінің атынан генерал-лейтенант Леонтий Яковлевич Соймонов мырза арқылы жолданған грамотаны алдық, мен қатты қуандым және бұрынғы генералдың орнына келген Сізді құттықтаймын және ұзақ өмір тілейміз, қызметіңіздің мерейлі болуына тілектеспіз». Хат бірінші жақта жекеше түрде баяндай келе, көпше түрге ауысады. «Және ұры башқұрт Қарасақал жөнінде айтарым, шын аты Шуна ғой, бізге оның қажеті жоқ, құдай қаласа, ол Сіздің биік мәртебеңіздің қолына тапсырылатын болады». Хат мәтінінің ерекшелігі – қазақ тілінде жазылғандығы. Бұл сипат лексикалық, грамматикалық тұлға-тәсілдерінен танылады. Сонымен қатар сол уақыттың өзінде-ақ белгілі жазу мәнері болғандығын көрсетеді.

Патша үкіметінің әділетсіздігі туралы араб әрпімен шағатай тілінде жазылған Исатай, Махамбет бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Бұл хаттарды (26 хатты) кирилица әрпіне түсірген академик Манаш Қозыбаев пен архивтің бұрынғы директоры М. Хасанаевтың басшылығымен орысша нұсқасы және соған байланысты басқа да құнды материалдар енгізіліп, жеке кітап болып шығаруға ұсынылған. Хаттар Орынбордың генерал-губернаторы – Василий Алексееич Перовскийге, Орыс әскери атаманы полковник Василий Осипович Покатиловқа, тергеуші жасауылдар: Бородин, Мезимовтарға, сондай-ақ сахара істеріне байланысты обыр мекемелерге арыз түрінде жазылған. Хат орыс әкімшілігінің осы тектес ел ішіне қойған атар оқ, шабар қылыштары: Жәңгір хан мен жалданба итаршылары Қарауылқожа Бабақожаұлы сияқтылардың сиқы мен сықпытын көрсетеді.

Хат мәтіні мына төменгідей:



Ішкі Орда болғушы беріш руының старшыны Исатай Тайман ұлынан ағлам нама

Сіз биік мәртебелінің хұзіретіңізге беймағлұм емесдүр…Оралдың войсковой старшинасы Иван Емельянович Акутин қасында бірнеше командаларымен мені өзіне шақырмақтығына банаға (шақыру себепті) мен һәм өздігімнен аттанып шығып, бірақ ықтиярсыздықтан хисап етілгендігімнен нышаны көрінгендігі себепті, хауіпті болып еліме қайтып келгенімде, халқымызға Қарауылқожа Бабақожаұлы бірнеше кісілерімен аттанып, ұлы бүлінгішілік, пәлекеттер еріштіріп,(әлек салып), әрқайсысы әр тарапқа көшіп жүргенде жасауыл Қарақожа Бабақожаұлы Күндусіне апармыш бірнеше жауыз пиғылды жолдастарымен аттанып келіп, шықмыш орысты һәм сіздерге жаулықпен шығарып, сол сіздің еліңізді аралап, үлкендеріңізді ұстап алып, уә қатын-балаларыңызды қырып, малдарыңызды байтұл мал қыламын деп жұртымызға жар салып, уә біздерге қараған кісілердің ауылын шауып, малдарын тартып алып, сол себепті мен һәм халықтың бүліншілікпен бара алмай, мұнан бұрын да әр не оқиғаларымызды баян уә аян айлаған едік. Шафхатлы назарларыңызға белгілі, Қожаның көрсеткен зор әлегінен бара алмағанымыз себепті, ханұнары намасында болынбасақ еді деп. Тағыда сол 14 мизанда әлгілермен молдахат алысып, оларды да ашындырып қалған едік. Қайда көшіп, уә қайда жүрмектерімізді уә бұл себепті біздер әлгі данұшпандардың көрсеткен уәсуәсә сөздерінен күндуімізді «шығармақлықлармыз үшін «Бекетай» уә «Жаманқұл» делінуші жайларда отырмыз.

Олардың соңғы күн жоқ нәрселермен көрсетіп, нахақ орындардан кінәлі қылмақ еді. Тағы да ышандырамыз, уә бақша қауымларымен крухылар жиған кісілеріміз, тағы да бөтен, бұзық пиғылымыз жоқ бүр. Уә, дұшпандарымыздан қорыққанымыздан біздер нендей ол ұлық Император-ағзам хұзіретіне ышанусыздықтарымыз интыпар етілгендігі білінсе еді деп көз тұтамыз. Сонымен біздің уә, ғайрылардың (басқалардың) хаддімнен мекен етуші жайларынан ықтиярсыз сүріп әр бір орынға жіберсе біздер өзімізге қалған срокте еш біріңізбен жүрмеске присягі мен кіндуымызды ашындырамыз. Бұдан төменде ол Ағзам-хұзіреттерінің нендейнің алғыр, уә салғырттаяғына ризамыз, жүмле халқымызбен деп көз тігіп қалғушы, кемтар қызметкеріңіз старшын Исатай Тайманұлы мөрімді бастым.»

18 мизан 1837 4-қор,1-тізбе, 1974-іс, бет (түпнұсқадан)

Оралский әскери атаман [56,72-б].

Хат мәтінінде:

- бана- себеп банайы себеп (шағатай- парсыша);

- күндусіне апармыш - өзімен бірге апармыш (парсы);

- байтұл мал- хатталып-шатталған мал(шағатай);

- ханұнарлы намасында- заңның ауқымында(шағатай);

- молдахат- тоқтам хат;

- уәсуәсә- азғыру(арабша);

- күндуімізді-өзімізді (парсыша);

- крухлар- ұйымдасу мағынасында;

- ышанусыздықтарымыз интыпар - сенімсіздігіміз қалдырылуы;

- хаддімнен- ежелден;

- сүріп- түре қуалау;

- срокте- өлшеулі мерзім (орысша);

- жүмле- тұтас, барлық деген ұғымдар қолданылған.

Махамбет хатын Жем, Сағыз, Қайнар бойын жайлаған елдердің, әлім-шөмен руларының адамдары Баубек, Нәдірқұл, Сәли, Жармұхамбет, Амантай дегендерге жазғандығы тарихтан мәлім.

«Хат мәтіні 1970 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 31 июльдегі санында түпнұсқасымен бірге жарияланған мақаласында транскрипциясы (араб әрпімен жазылған хат текстін қазіргі қазақ графикасына көшіру) біраз дұрыс жасалмаған. Мысалы: чауыб, алача деп жазылған сөздері шауып, алаша болып, араб жазуымен алтмыш, кіші, йумшаб, йәбәрәңіз, Иармухамед, ерді, уа, һәм түрінде берілген сөздер алпыш, кіші, жүсап, жіберсеңіз, Жармуханбет, еді, һәм деп «қазақша» транскрипцияланған (біз мұны Махамбет хатының сол мақалада берілген фотокөшірмесінің кішкене үзіндісінен көріп байқадық»,-деп түйіндейді Р.Сыздық [15, 257-б].

Хаттың түпнұсқасымен танысатын болсақ:

« Дәлудің 19-да 1839 йылда йолданды»,

«Хұрмәтлу батырлар Баубек, Нәдірқұл, Сәли, Жармұханбет, Амантай, баршаларыңызға бірдайін сәлемдерімізден соңыра истих-фарларың уләндірсе элха-мдиллә сізнің дұғакүйлірін-нің хамидіндә.Уәбұнден соң бүйылғы Хиуа барган сафарымы-здан саған сәләмәт қайтып келугі һәр сөзлірімізні Жарастан сұрап білерсіз. Өһәм сізләрні өзімде көруге бек интізар болсам да жұртның жайсызлығы бірлән өзімнің артқы жағымның жайсыз ашуғышлығы уәзәрә бара алмадым... »[56] -болып келеді.

Р.Сыздықова еңбегінде осы хатты және іспеттес хаттар жиынтығын ХІХ ғасырдағы орыс жазушыларының әлеуметтік, ғылымдық мәселелерді сөз еткен әрі көркем әдеби тілде жазылған ой-толғаныстарымен қатар қоюға болмайды деп көрсетеді [15, 264-б].

Дипломатиялық хат – Махамбет өмір сүрген кезеңдердегі қазақ эпистолярлық жанрының сипатын танытатын құнды жазба.

Тұрмыстық хаттар. Хаттың бұл түрі басқа түрлерінен лингвистикалық сигналдар арқылы ерекшеленеді. Бұл хаттардың тақырыптары көбінесе тамақ киім, денсаулық, рухани байлықтар, мәдениет, адамдар арасындағы қарым-қатынастар, дем алу түрлері болады. Жазылу мәнері жағынан бұл хаттар еркін, ауызекі стиль элементтері жиі қолданылады. Диалектизмдер, ауызекі сөйлеу стиліне тән қарапайым сөздер, сөйлемдерінің құрылысы эпистолярлық стильді ауызекі стильмен жалғастырады.

1968 жылы «Жетісу» газетінде жарияланған С.Қозыбаевтың «Хаттармен өрілген өмір» атты мақаласында келтірілген Мәншүк Мәметованың майдан даласынан анасына жазған жеке хатының мәтіні төмендегідей:



«Мамажаным менің! Мұңаймашы, мен майданға аттанып барамын. Өзімнің ерлігімді, адамға тән өрлігімді танытпақпын. Мама, қажет болған жерде Отан үшін өмірімді құрбандыққа шалуға бармын. Жолыққанша, мамажан ..»

Мәншүктің келесі хаты: «Майдандағы өмір көңілді болып кетті. Немістермен мылтық тілінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қателеспесем біз осы күндердің ішінде алға жылжуымыз керек…» [57, 7-б]. Бұл хатта ғылыми ақпарат жоқ. Хаттың басқа стильдермен ұқсастығымен қатар жеке хаттарға тән айырмашылығы айқындала түседі. Ептеп болса да, хатта көркемдік әсірелеу бар. Мұнда да:

- хаттың адресанты, адресаты нақты адам;

-хатта көтерілген тақырыпқа байланысты құбылыстар ойдан шығарылмай, шынайы мәнінде берілген;

-хат мәтінінде ауызекі сөйлеу лексикасы қолданылған.

Тағы бір мысал ретінде жауынгер-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің Әзілхан Нұршайықовқа жазған хатын алуға болады



«Бауырым Әзілхан!

Аман-саушылығыңа тілектеспін. Жазған хатыңды кеше алдым. Көптен бері командировкада болып, содан кеше келдім. Мен де аман-саумын дегеннен басқа сөз жоқ

Өзің үзбей хат жазып тұр. Аман-сау, абыройлы болуыңа тілектеспін. Таныс жолдастарға көп сәлем.

Хатыңды күттім. Мәлік.

3 февраль, 1944 ж» [58, 4-б].

Адресант пен адресат арасындағы қарым-қатынас, тұрмыс мәселесі т.б. баяндалады.



Достық хаттар. Мұнда ауызекі сөйлеу тілінің элементтері молынан кездеседі, бұл хат көбінесе диалогқа құрылады. Тұрмыстық қаратпалар кеңінен қолданылады. Ы.Алтынсариннің Н.И. Ильминскийге жазған хаттары т.б. Хаттың ерекшелігіне орыс сөздерінің жиі жұмсалуын, хаттардың бағыныштылық сипатты білдіретін сөздермен, тұрақты тіркестермен аяқталуын айтуға болады. «Сізге шын берілген қызметшіңіз», «Шын жүректен сыйлайтын бағынышты пендеңіз» т.б. Көркемдегіш құралдардың, троп түрлерінің, бейнелі, айқындауышты сөйлемдер мен фразеологизм, мақал-мәтелдердің жұмсалуы эпистолярлық стильді көркем әдебиет стилімен жақындастырады.

Достық хатқа мысал ретінде Сәбит Мұқановтың мына бір хатын алсақ,



Сүйікті Хажым (Хажығали Жұмағалиұлы)

Жұмалиев жолдас!

Мен сені қазақ педагогика институтының студенті кезінде көріп жүргенмен, бетпе-бет және жақын түрде, тек 1934 жылдың қысының басында Теке (Орал) қаласында ғана білдім. Ол кезде Москвадағы қызыл профессорлар институтында оқып жүрген едім де, Текеге қысқы каникул кезінде келген едім. Сен ол кезде Орал педагогика институтында сабақ береді екенсің. Сонда сенен және басқа Текеліктерден көрген сый-құрметімде шек болған жоқ.

1935 жылы, мен ЦКП-ны тамамдап Алматыға келсем, сен өзің оқыған институтқа оқытушы болыпсың. Тамаша жетістік !

Содан бері «Ауыл аралас, қой қоралас» дегенді қарым-қатынас үзілген жоқ. Осы отыз үш жылдың мәдениеттік, оның ішінде әдебиеттік майданында бірге қызмет атқарғанымызда, екеуіміз де бір идеяда, бір тілекте келе жатырмыз, ол - Ленин идеясы.

Қазақстан кеңестік мәдениеті мен әдебиетіне сен сіңірген еңбек ұлан – байтақ. Халқымыздың Қазан революциясынан бұрынғы мәдениетін сәнді киіз үйге баласақ, кеңестік дәуірдегі мәдениетін ХХ ғасырдағы ең салтанатты сарайдың қатарында десек, сол сарайдың көптеген мықты тіректерінің біреуі сенсің!

Сол халықтың советтік мәдениетіне әлі де талай үлес қосарлық талант та, талап та, жігер де тұла бойыңда түгел.

Бүгін жасың алпысқа, мәдени қызметің қырыққа толуын халқың тойлаған күні, саған мықты саулық, бақытты өмір, жемісті өмір тілеймін.

Ағалық, жолдастық, достық көңілден – (Сәбит Мұқанов)

Алматы, 7/VI–1968 жыл [59,152-б].

Сыршыл хаттар. Хаттың бұл түрі жазушының жеке өмірін, ішкі жан-дүниесін, сезімін сәулелендіреді. Мысалы, ақын Марат Отаралиевтің хаттары:

Әлібек!

Хатыңды, открыткаңды бәрін алдым. Тұманбайдың өлеңдерін жібергенің не? Мен саған «Қазақ әдебиетінің» март айының аяғында (тақырыбын ұмыттым) жас ақындар туралы (ішінде мен де бар) мақаласы бар газетті жібер деп ем, ұмытып кеттің бе?

А, әлгі С. тіпті жазуды жазуды қойып кетті. Аңқау, ақ көңілділік кейде адам жанының ақылсыздығын байқатпайды екен ғой. Аулақтап кеткен кезде ескі таныстардың жақсы жақтары ерекшеленіп, кемшілігі айқын көрінеді. Кейбір қыздарға ақымақтық та жарасады, тек жарасқан кісісіне.

Ә.Тәжібаевтың сөйлеген сөзін оқыдым. Түкке тұрмайтын Оразбек поэмасының төңірегінде есіл сөздерді еркіне жіберіпті. Парасатты, сынаса сынауға тұрарлық дүниелер жоқ па екен соншалық. Әлде қәзіргі дүрлігудің лебін пайдаланып қалғысы келгені ме. Рас, сөз арасында бес- алты ауыз айта кетуге болар, ал ара- тұра талдауға тұрмайтын дүниеге сонша қадалып,еліре беру жарамсыз- ақ.

Университеттің әдеби бірлігінде не жаңалық бар? 1 курстан қосылған талаптар бар ма? Біздің курс жігіттері аманшылық па? Қыздар ше, қыздар бұзылып жүргеннен сау ма өздері.

Маған Тұрсынзаданың және Тұманбайдың биылғы жинақтарын (арасына екі- үш күн салып) сыртын ақ қағазбен орап почтаға бандероль етіп жіберуге тырыс. Әлгі «Қазақ әдебиеті» (жоғарыда жазған), сосын Тұрсынзаданы ұмытпашы.

Әбзелханға менен сәлем айт. Менің жағдайым жаман емес. Күндер зулап өтіп жатқан сияқты. Бесінші ай өтіп барады. Маған тиесілі отыз айдың бес айы өтсе, қалған жиырма бесі де аударылып түспес деймісің. Өлеңді аз жазып жүрмін, күндіз служба, кешке волейбол, гармонь, кино, кітап оқимын.

Бүгінге осымен болдым. Алматының жігіттеріне, Алматының қыздарына, талдарына, бұлақтарына, гүлдеріне, өлеңдеріне, Алматыға, саған сәлем.

Ертең 2 май ғой. Бүгін увольнениеге шығам. Тағы да ішіп жүрмесем. Ит біле ме.

Марат.30 апрель [60, 124-б].

Хатта ауызекі сөйлеу стиліне тән элементтер жиі жұмсалады (Маған Тұрсынзаданың және Тұманбайдың биылғы жинақтарын (арасына екі- үш күн салып) сыртын ақ қағазбен орап почтаға бандероль етіп жіберуге тырыс. Әлгі «Қазақ әдебиеті» (жоғарыда жазған), сосын Тұрсынзаданы ұмытпашы).



Почта, служба, волейбол, гармонь, кино, увольнение, т.б. орыс сөздері, инверсияға құрылған сөйлемдер сөйлеушінің тілдік ерекшелігін байқатады, әрі сыршыл хаттарда ауызекі сөйлеу стилінің элементтері молынан жұмсалатындығы, субьектінің көзқарасының тікелей берілетіндігі байқалады.

Әдеби-достық хатқа тән белгілер:

- метафоралық оралымдар, теңеулер көп қолданылады;

- ауызекі стильге тән жалғауларды қысқартып айту ( ойлағам-ойлағанмын, екем-екенмін);

- қайталама, қосарлама қос сөздер көп кездеседі («Артық-ауыс», «жан-жүрегімді», «астаң-кестең», «орынды-орынсыз», «бұрын-соңды»);

- әдеби хаттардан әдеби көркем шығармаға тән барлық ерекшеліктерді көруге болады;

- эмоционалдық-экспрессивтік, бейнелілік, көркемдік қасиеттер тән, сондықтан әдеби хаттарда көркем әдебиетте қолданылатын стильдік-бейнелілік құралдардың барлығы дерлік кездеседі;

-хат жолдаушының мамандығына байланысты терминде кездесуі мүмкін;

- әдеби хаттарда өзіндік авторлық баяндау стилі бой көрсетіп отырады.

Хаттардың көркем шығармадан айырмашылығы:

- адресатқа бағытталғандығы;

- өзіндік коммуникативтік мақсаты;

Сөйлемдер ықшам, оқуға, қабылдауға жеңіл (салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдер аз кездеседі.) Мұхтар Әуезовтің Ғайнижамалға жазған сүйіспеншілік хатын талдасақ, «Міне, хатыңды алып, көңілдің көп кірі мен кірбіңі жуылғандай болды. Жаным жадырап, көңілім көтеріліп қалғаны соншалық, осы бойда жеделхат жолдадым да, мына хатты жазуға кірістім. ... Хатыңыздың алғашқы жолдарынан сондай салқын сыз лебі де аңқып қоя берген. Бірақ, әрі қарай оқыған сайын, хаттың аяғында, өзімнің сүйіктім, өзі де сүйетін аяулы Ғайниыммен қайтадан табысып, қандай қатты қуандым десеңізші!..



Осынау бір байыпты да байсалды, артық-ауыс сөзі жоқ хатта айтылғанның бәрі жан-жүрегімді қатты тебірентіп, әрі бетімнен от шығарды. Мен мұндай парасатты, жігерлі де жаны таза Ғайниді білмейді екем. Сіздің күйкі өмірдің күйбеңінен жоғары тұра білетініңіз мені қайран қалдырып, жан-дүниемді астан-кестең етті. Мұндай тамаша қасиетіңізді көргенімде, Сіздің бойыңыздан бұрын өзім байқамаған бұл жаңалыққа, бекзаттығыңызға дән риза болдым. Мен өзім Сізді қалай сүйсем, Сіздің де мені солай сүйетініңізге сенгім келеді. Біздің ойымыз да, сезіміміз де, аңсарымыз да біте қайнасып, бірге туысқандай болып кеткені соншалық, жан-жүрегімізбен жақын болып, бауыр басысып кеткен бұл жұптастығымызға жара салып, кірбің түсірудің өзі обал-ақ болар еді [40, 248-б].

Ерекшеленген тілдік бірліктер - көркем әдебиет стиліне тән тілдік қолданыстар. Баяндап отырған субъектінің көзқарасы образды түрде, әсірелеу арқылы жеткізіледі. Кейіптеулер, фразеологизмдер, троп түрлері, синонимдер - көркем әдебиет тіліне тән құбылыстар.

Демек, эпистолярлық жанр түріне жататын әдеби хаттар эпистолярлық стиль мен көркем әдебиет стилін ұштастырады.

Мұхтар Әуезовтің хаты адамдар арасындағы өзара үйреншікті жазып сәлемдесу, не хабарласу (эпистола) ғана емес кәдімгідей эпистолярлық әдебиет. Жұртқа мәлім Федор Достоевский, өзінің «Бейшараларында» мұндай жазба түрін көркем шығарма туғызу тәсіліне, тіпті әдеби жанрға айналдырған. Ал мына жазбаларға қарап отырып, автордың адамдық тағдырын, суреткерлік ғұмырнамасын, бұрын бізге беймәлім болып келген тағы бір түпкірін тінтіп, тың деректер жинап қана тынбаймыз[40,253].

Сондай-ақ мұнда Мұхтар Әуезовтің өзіндік авторлық баяндау стилі байқалады. Сөйлемде көсемшенің – ып формасы жиі қолданылады. («Міне, хатыңды алып…», «жаным жадырап…», «жан жүрегімді қатты тебірентіп», «қайран қалдырып», «бауыр басысып»).

Хаттың бірінші мақсаты хабарлау және жеделхатқа жауап ретінде жазылған, екінші мақсаты хат жіберушінің сезімін білдіру. Мынадай метафоралық оралымдарды кездестіреміз: «Сондай салқын сыз лебі де аңқып қоя берген», «Көңілдің кірі мен кірбіңі жуылғандай болды». Эпитеттер: «Парасатты, жігерлі де, жаны таза Ғайниді білмейді екем»

Ғабит Мүсіреповтің хатын әдеби хат ретінде қарастырамыз. Хат мәтіні көркем әдебиет тіліне тән образдар, ауызекі тілге тән диалектизмдер, фразеологизмдер, сөздердің ауыспалы мағынада жұмсалуы орын алған. Мысалы:

ӘБДІЛДА

Аман оралдың ба, жаным!

Манағы бір кезде берілген хабарға қарағанда, Сен бүгін Ленин қаласына оралуың керек. Егер бұл хабарды бірер күн бұрын естіген болсам, мен бүгін жүріп кетпеген болар едім, әсіресе, осы жолы біраз отырысып, көп сөйлеуге құмартып едім. Енді сол тілекті білдіргеніме қанағат ет. Ұзамай ауылға келерсің, көрісерміз, сөйлесерміз. Тап осы кезде ауыл аман, қора-қопсы бүтіндей қоярлық емес. Көп нәрселер баяғысына тартып, орынсыз алауыздықтар, керексіз алабұртулар, кешіккен балалықтар, ерте келген шалдуарлықтар туғызып жүр. Естірсің, жақын арада бірталай адамдарды ұрсып- сөгіп, ұрсатын-сөгетін жайларымыздың көп екенін тағы да әшкерелеп алдық. Өйтпеске болмады да. Бір жағынан соңғы жылдарда ұйымшылдығымыз, бірлігіміз күшейген сияқты еді, екінші жағынан іруіміз де елеулі екен. Соның бәрі анда-санда шырқ бұзып, кейіп кетіріп тұрады. Ұйымшылдығымыздың да перде жыртыспас, шынды айтқызбас жақтары қоюланып қалыпты. ... «Шоқан» айналасында да солай болыстық. Сонымен аз ғана еңбек ете түс, аз ғана өңдей түс деуді ұяла білер жастарға ғана айтпасақ бәлеге қалатын болдық, ұйымшылдық дегеніміз оп-оңай ыдырап кетеді.

Әдебиеттің терең талаптарын жете ұғынып қайтқалы отырған сендер тіпті қатал болуларың мүмкін. Ырбай-тырбайға қарамай, әдебиетіміз жөнінде ашық-ашық әділдік айтамыз ба, болмаса, әуелі ырбай-тырбайдың аяқталуын күтеміз бе? ...

Сәлеммен Ғабит.

Кешігетін болсаң хат жаз. Ғ.М.1.08.1956 ж [61, 77-б ]. Хат иесінің өзіндік көзқарасы, авторлық идеясы басым.

Көркем шығармада суреттеу көп қолданса, хат мәтінінде суреттеу өте сирек кездеседі. Суреттеу субъективті авторлық баяндаудан бөлінбей, бірге берілген, жеке абзацқа мүшеленбейді.

Ғабит Мүсіреповтің өзіндік баяндау стиліне жай сөйлемдерді қолдану тән, хаттың мақсаты бір ұжымдағы алауыздықты жою мәселесін көтеру. Диалектілік сипаттағы қос сөздер көрініс береді: «ырбай-тырбай», «ұрсып-сөгіп». Эпитеттерді ұтымды және жиі қолданады: «ұяла білер жастар», «орынсыз алауыздықтар», «керексіз алабұртулар», «кешіккен балалықтар», «ерте келген шалдуарлықтар». Ауызекі сөйлеу тілінде жиі жұмсалатын риторикалық сұраулы сөйлемдер де көрініс берген «әшкерелеп алдық»- ұрыстық, ескерттік, айттық т.б. етістіктердің орнына жұмсалып авторлық мысқылды береді. Көркем туындылардағы айтылар ойды әсірелеу, комика тудыру т.б. көріктеуіш тілдік құралдар хат тілін көркем шығармаға жақындатса, екіншіден қаламгердің сөзсаптамының даралығын аңғартады. «Орынсыз алауыздықтар, керексіз алабұртулар, кешіккен балалықтар, ерте келген шалдуарлықтар туғызып жүр». Автордың ажуа, мысқылы образды түрде жеткізілген. Хат мәтініндегі перде жыртыспас, шынды айтқызбас жақтары қоюланып қалыптыжазушының ойы тұспалмен өрілген. Хат белгілі бір адресант пен адресат арасындағы коммуникативтік байланысты көрсетеді. Осы желі хатта үзілмеген.

Енді төмендегі қазақ эпистолярлық стилін танытатын хатқа талдау жүргізсек, әдеби хаттың үлгісін танимыз. М.Иманжановтың Әзілхан Нұршайықовқа жазған хатының мәтіні төменгідей:



ӘЗІЛХАН!

Аман-сау жүріп жатырсыңдар ма?

Сенің очеркің осы хатты жаздырып отыр. Әуелі қалай оқығанымды айтайын. 30.12,54 жылы түскі демалыс сағаты алдында очерк менің қолыма тиді. (Әбдікәрімді әлі көргенім жоқ, біреуден беріп жіберіпті). Түскі асқа дейін 7-8 бетті оқып кетейін деп қолға алайын. Жоқ, очерк мені кетірмеді, ұстап қалды. Орта кезден аса бергенде маған бір « шіркін-ай» деген тілек пайда болды. Енді осы «На среднем уровне» сияқты аяқталмаса екен! – деп отырдым. Аяғынан шыққанда «Уһ!» – деп дем алдым. Нағыз өмір!…

Міне, очерк осылай оқылды. Ол маған бас алғызбай тамақтан кешіктірді. Искусствоның күші осылай екен.

Мен қолпаштап айтуды, өтірік мақтауды қадірлемейтін адаммын. Өзіме біреу бұлай етсе, қорлау деп түсінемін. Сондықтан біреу жөнінде де мен осылай сезінемін. Шыным, маған қатты ұнады. Қазақ очеркіндегі жаңалық деп бағалаймын. Жеделбуаз қысыр сөздер, көргенді тізу, қонып-түстену, «жолдан» дегендер әбден тойдырып болды ғой. Мынау соларға үйренген адамға самал ескендей болды. Жұп-жұмыр, арқауы бір босамайды, адамдар мінезімен, түр-кескінімен көзге елестеп отырады. Жай ғана жиналыстан, ешбір сюжетте табуға болмайтын қарапайым жиналыстан, мұндай әңгіме тудыру- өмірді зерттегіштік, шеберлік. Иә, иә, бұл әңгіме, шын өмірден алынған көркем әңгіме. Мұныңмен очерк жазуды біраз қиындаттың. Несі бар, дұрыс. Қиындасын, қолымыздан келмейді екен, әуреленбейік, бұл жанрды қорламайық.

Саған бұл хатты жазудағы мақсатым – осыны айтып қуанту ғана емес. (Әрине, еңбекті бағалау да – үлкен зейнет, мен оған түсінемін). Мұның үстіне баяғы өзіңе айтқан: ЖАЗУ КЕРЕК! ЖАЗУ КЕРЕК! Ішіңде талай сырың бар, өнерің бар, өзіңді қинап жүрген көп күйлерің бар. Білемін. Шығару керек сыртқа, айту керек басқаға. Болмайды!…

Әзірге әңгіме осылай. Халимаға, балаларға қолдарын қысып сәлем жолда! Әрине, менен! Жігіттерге сәлем!

Мұқан

07.01.1955 жыл. Алматы [62, 321-б].

Очеркің осы хатты жаздырып отыр, жеделбуаз қысыр сөздер, үлкен зейнет, самал ескендей, жұп-жұмыр, арқауы бір босамайды т.б. эпитет, кейіптеу, әсірелеу, қайталама құбылысы хат тілін әсерлеп, көркем әдебиет тіліне жақындатады. Бірақ бұл хат та хат жолдаушы мен хат алушыны байланыстырады. Өзге хаттардан ерекшелігі тілінің образды, бейнелі болып келуі, хат басында амандық сұрасу, соңында сәлем айту сияқты бірліктер жұмсалған. Қыстырма сөздер, оңашаланған айқындауыштардың жұмсалуы ауызекі сөйлеу тілімен әдеби хатты ұштастырады, яғни хат тілі еркін жазылған, ауызекі сөйлеу тілінде ұшырасатын қыстырынды сөйлемдер (Әбдікәрімді әлі көргенім жоқ, біреуден беріп жіберіпті);

(Әрине, еңбекті бағалау да – үлкен зейнет, мен оған түсінемін) қолданылған.

Субьектінің көзқарасы айқын берілген, ауызекі сөйлеу тіліндегідей хат жолдаушының ішкі сезімі, эмоциясы бірден жеткізіледі (Аяғынан шыққанда «Уһ!» – деп дем алдым. Нағыз өмір!…).



Енді төмендегі тағы бір хаттың мәтініне үңілсек,

Аса қадірлі достар – Мұқан мен Рәзия!

Қалай, аман-саусыздар ма? Балалардың дендері сау ма, қарттардың күйлері жақсы ма? Біздің хабарымыз: тегіс аманбыз. Сіздердің хаттарыңызды алып, қуанып қалдық. Мұқанның жайы тәуірлігін одан бұрын, Серіктен телефон арқылы сөйлескен де, естіген болатынбыз. Оның үстіне өздеріңізден келген хаттан барлығын анық естіп, жүрегіміз біраз тыныштық тауып қалды. «Апырай, жақсы болып жазылып кетіп, анау екі айлық жолдамамен барып демалып келсе, қандай жақсы болар еді» деп жатырмыз. Одан кейін курортқа кету мәселесін де ойлаймыз жүрегі жарап, өкпесі көтерсе, самолетпен барғаны да дұрыс болар еді- ау десеміз, өйткені пойызбен жүрген адамға ( алыс жол және науқас адам болғандықтан) ауыр тиер деп ойлаймыз. Оны, әрине, денсаулықтың жалпы жағыдайына қарап шешесіздер ғой. Біздікі әншейін іштей ойлаған ой сияқты жай да.

Біздің жақта айта қоярлық бөтен әңгіме жоқ: облыс мемлекетке астық тапсыру жөнінде алған міндеттемесін орындай алмайтын болды, 110 миллион пұт емес, қазір 80 миллионның етегінен ұстап, соны орындауға күресіп жатқан жай бар. Ендігі тілек те тек Республика миллиардының айналасында ғана болып отыр. Биыл астық ысырабы көп болды, бөлектеп жинауға дайындық аз болды да, көп егін комбайн жетпей, қурап түсіп қалды ғой.

Кеше «СҚ» маған куәлік жіберіпті, тілші деген. Обкомның особый секторына, секретный хаттар тәртібімен, арнаулы үлкен конвертпен, спецсвязьбен келді. Қалың конверт. Сол тың жердің даласындай үлкен конвертті ашып келіп жіберсем, оның ішінде небары тілдей ғана куәлік болып шықты. Бұл, әрине, Көшековтің ісі, соның-ақ қолының қамқорлығы. Сонымен, енді өзімді заңды тілші деп есептеп отырмын. Бастығым -Көпбаев.

Әнеукүнгі «Дружба народовтың» заказын орындай алмай қалдым. Өйткені олар 13 қыркүйекте не қылсаң да бер деп талап қойды. Ал мен 13 қыркүйекте емес, 1 қазанда бітірсем сол деп отырмын. Неге екенін білмеймін, қол тым шабан жүруде. Соны бітіріп, «ӘЖИ»ге жіберіп, Баянауыл жайына қайта оралмақ ойым бар. Басқа айта қояр бөтен жаңалығымыз жоқ.

Мұқа, қазіргі жалпы жайыңыз қалай? Әнеукүнгіден кейін қайталаған жоқ па сырқатыңыз? Балалар жүдеп қалған жоқ па сіз ауруханада жатқан кезде папаларын сағынып? Курортқа кетсеңіз тағы да сағынады-ау олар. Бірақ, денсаулық жараса қалайда барып келу керек курортқа. Ал мен өзімде сағындым сізді – тек жазушылар пленумына баратын шығармын деген үмітке ғана арқа сүйеп отырмын. Егер онда да сіз ол мезгілде Алматыға қайтып оралсаңыз. Соған дейін тағы да бір жинақ боларлық очерктер жазып апармақ ойдамын.

Рәзия апай, сіз бізге посылка жіберемін деп бекер әуреленесіз. Сіздің жайыңызды біз білмейді дейсіз бе, біз сізге посылка жібермеді деп өкпе қояды деп ойлайсыз ба? Бізге тек анда-санда бір хат жазып, хабарларыңызды білдіріп тұрсаңыздар болды, басқа ешнәрсе дәметпейміз, құдай ақына. Сондықтан оған босқа уақыт кетірмеңіз. Сізге айтар жалғыз-ақ өтінішіміз бар: ол хатты авиа етіп жіберсеңіздер екен. Өйткені поштамен жіберілген хаттар өте кеш келеді. Ал біздің сіздерден келген хатты тез алғымыз келеді.

Сіздерді құрметтеуші Әзілхан мен Халима. Мақсұт пен Рүстемге бізден, біздің балалардан сәлем! 17.09.56 ж [62, 328-б] .

Хат мәтіні негізінен әдеби, достық үлгіде жазылған. Хат барысында автор қолына алған очерк жайындағы өзінің көңіл-күйін жеткізсе, екінші хатта достық сезім мен жанашырлық байқалады. Әдеби хаттардың басталуы мен аяқталуы еркін болады. Мысалы «Аман-сау жүріп жатырсың ба?», «Аман оралдың ба, жаным?». Ресми хаттардағыдай қатаң форма жоқ. Кейіптеу, деректендіру тәрізді троп түрлері жиі кездеседі: Бірінші хатта «очерк мені кетірмеді», «Сенің очеркің осы хатты жазғызып отыр» сияқты кейіптеулер жұмсалған.

Стильдік мәндегі орыс тілінде сөз тіркестерін қолданады. «Енді осы «на среднем уровне» сияқты аяқталмаса екен». «Искусствоның күші осылай екен». Орыс сөздерін қолданады: «Обкомның особый секторына», «секретный хаттар тәртібімен», «Дружба народовтың». Орыс сөздеріне қазақ тілінде қосымшалар жалғану құбылысын көреміз. Бұл жай сол кезеңдегі орыс тілінің ықпалын, үстемділігін, басымдылығын көрсетеді. Яғни күнделікті сөйлеу тіліне енген варваризмдер сол қоғамның бейнесін танытып, хат тілінде қолданылған.

Хатта эмоционалдық-экспрессивтік мәндегі одағай сөздерді тырнақшаның ішінде қолданады: «Уһ», «шіркін-ай». Параллельдік конструкциялар кездеседі: «Жай ғана жиналыстан мұндай әңгіме тудыру өмірді зерттегіштік, шеберлік». Экспрессивтік-эмоционалдық реңкі бар бұйрық райда «Жазу керек!», «Жазу керек!» деген сөйлемдер қайталанып қолданылады. Ойталқы сөйлемдерді көп қолданады: «Болмайды», «Білемін», «Күтпедім», «Толық басып жатыр».

Ирония құбылысы қолданылады, яғни қарама-қарсы мәндегі жағдайлардың ұшырасуы: «Мұныңмен очерк жазуды қиындаттың. Несі бар, дұрыс. Қиындасын, қолымыздан келмейді екен, әуреленбейік, бұл жанрды қорламайық».

Әзілхан Нұршайықов түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдерді көп қолданады: «Одан кейін курортқа кету мәселесін де ойлаймыз: жүрегі жарап, өкпесі көтерсе, самолетпен барғаны дұрыс болар еді-ау десеміз, өйткені пойызбен жүрген адамға (алыс жол және науқас адам болғандықтан) ауыр тиер деп ойлаймыз».

Ауызекі сөйлеу тіліне тән оралымдар кездеседі: «Не қылсаң да бер», «денсаулық жараса, қалайда барып келу керек курортқа». Яғни сөйлемдер инверсияға құрылған, «алыс жол және науқас адам болғандықтан» деген қыстырмалар жұмсалады.

Күрделі теңеу қолданылады: «Тың жердің даласындай конвертті ашып келіп жіберсем».

Эпистолярлық мәтінде семиотикалық бірлік болғанына байланысты мынадай бөліктері болуы қажет: бастау, негізгі бөлік және соңы. Бастау – жеке хаттың ең ежелгі бірлігі болып табылады, ол хатты XIX ғасырдың II мен XX ғасырдың жартысы кезеңіндегі дербес жанры болғаны туралы айтады. Іскери жазба құрамынан шықса да, бұл белгі оны іскери жазбадан айырады.

Ақын-жазушы, сыншы, ғалымдар мен өнер иелерінің хаттары – эпистолярлық мұраның мол көзі болып табылады. Сондай хаттардың бірі – сыншы І.Омаровтың хаттары. Сыншы өзінің ой-пікірін, қоғамға деген көзқарасын, философиялық ой-түйіндерін хат арқылы қалдырған.

Сыншының хаттары жөнінде М.Керімбекұлы былай дейді: «І.Омаров хаттары – өткір тілдің мәйегі, кемеліне келген келісті ойдың үлгісі, әбден көңіл сүзгісінен өтіп, жүйелеген ойдың көрінісі. Сыншы хат арқылы өмірдің өзекті мәселелерін қозғайды, талқыға салып пікірлеседі, ақылдасады. Түйінді қорытынды ой айтады. Көп хаттарында ақын-жазушыларға шеберлік жайында ақыл кеңес береді»[63, 48-б].

Сыншы І.Омаровтың Б.Момышұлына жазған хатында: «Адамзат тағдырын қатты ойлайтын ұлы азаматтың жанының үнін сезгендеймін. Шудақталып көріне бастаған соғыс бұлттарының қаншалықты қауіпті екенін өткен тарих дәлелдеп, еңбекші халықтарды бауырмалдылыққа шақырыпсың. Ондай ұран шақыруға сенің правоң мол»,-дейді. «Шудақталып көріне бастаған соғыс бұлттарының», «ұлы азаматтың жанының үні» т.б. көріктеу құралдары жұмсалып, көркемдік мәнін арттырады.

Хат өте қысқа жазылған. Екінші хатында: «Менің ең қадірлі досым, әйгілі батыр Бауыржанға!»- деп бастаған. Яғни эпистолярлық стильге тән сипатты сақтай отырып, тарихи шындықты баяндайды. І.Омаров хатында: «Шынымды айтсам, сені сол алпысқа қиғым келмейді. Мүмкін бойыңмен келген де шығарсың, бірақ ойыңмен әлі жассың. Сен бастан кешірген аласапыран өмірден, қиын- қыстаудан, тән жарасынан, жан жарасынан осыншама ерлікпен өтіп, бүгінгі таңда таңқаларлық қайраткерлік ету тек сенің ғана қолыңнан келеді. Өмір жолын қорытындылау әлі ерте, дегенмен мүшелді жасыңда еңіреген ер болып, ел абыройына көрік беріп, батыр атандың, жазушы атандың, тарихқа мәңгі өшпестей аяулы атыңды жаздың. Өзінің көзі тірісінде мұндай әйгілі болу тарихта кездесе бермейді»- деп ой толғайды [64, 45-б].

І.Омаров хаттарының түрлі жағдайларға байланысты жазылғандығына хаттағы деректерге қарап, көп нәрсені аңғаруға болады, жоғарыдағы үзіндіде тарихи шындықтың көрінісі жатыр. І.Омаров «Шығарма шындығы» деген сын мақаласында Бауыржан Момышұлына ой-пікірін батыл айтады. Б.Момышұлы кейбір жазған мақалаларын І.Омаровқа жіберіп, оның пікірін үнемі хат арқылы алып отырғандығын хаттары арқылы білеміз. І.Омаров хатында: - «Қадірлі Бауыржан! Мақалаңды алдым. Қайда басылатынын білмеймін, бірақ та өте ойлы, мағыналы және өте қажет еңбек. Тіл жағынан да, философиялық негіз жағынан да, саяси жағынан да көптеп жазылып жатқан мақалалардан шоқтығы биік тұр...», деп, сыншы Б.Момышұлының мақалаларына баға беріп отырған. Сыншының хаты 1969 жылы жазылған. «Өзім болсам әлі де оңала алмай жатырмын. Әлсізбін, бірақ та өмір үшін күресемін. Әрине, тек қана өмір сүру мақсаты емес, еңбекке қайтқым келеді(Чин емес, еңбек) деп І.Омаров өз күйінішін хат арқылы білдіреді [64, 36-б]. Осы хатында сағынышын да, қуанышын да жасырмай айтады: «Сені, сол себепті елің болып, халқың болып, онан қалады, бүкіл ойлы адам баласы болып жақсы көреді, сыйлайды, қадір тұтады. Мен болсам, сені туған бауырымнан артық санаймын, дәріптеймін. Сендей адаммен, азаматпен замандас болғаныма қуанамын. Сені аса қадір тұтушы досың Ілияс Омаров».

І.Омаров хаттарынан хаттарынан ақынның не жазушының өмір тарихын білумен қатар қоғамдық көзқарасын да аңғарамыз. Сыншы, ғалым, ақын-жазушы хаттары қоғамның келбетін таныта алады.

Жазушылардың жеке хаттары кейін жалпы ұлттық әдеби тіліне енетін сөз құралдары, буындары, сөздер мен түсініктер меңгерілетін зертханасы болып табылады.

Әдеби хаттар мен тұрмыстық хаттарға еркіндік тән болса, іскери хаттарға белгілі бір жазылу тәртібі мен талап қойылады. Уақыты мен күні, орны көрсетіліп жазылады. Жоғарғы мекемелер мен ұйымдapдaн шығатын хаттар, негізінен, тапсырма беру, хабардар ету, ескерту, түсiндiру, cұpay салу түрiнде жиі кездеседi. Олардың әрқайсысының белгiлi бiр үлriсi, формасы болады.

Іс қағаздарының барлығының коммуникативті мақсаты бар. Іс қағаздарының ішінде эпистолярлық стильге жататын түрі әрі көп қолданылатын түрі қызметтік хат болып табылады. Қызметтік хаттар қазақ эпистолярлық стилінің қатарын құрайды.

Бүгінгі таңда қазақ эпистолярлық стилін танытатын қызметтік хат түрлері өте көп. Мысалы, ресми хаттар, қызметтік хаттар, ұсыныс хаттар, сұраныс хаттар, шағым хаттар, циркуляр хаттар, жолдама хаттар - өзіндік жазу талабы бар, жазу мәнері бар, тұрақты дайын күйінде қолданылатын үлгілері, яғни қалыптасқан сөздер мен сөз тіркестері, терминдері бар, қалыпқа түскен жүйесі бар хаттар болып табылады. Олар өзге хат түрлерінен ресми, кеңселік стилімен дараланады.

М.Қасымбеков, Қ.Әлімқұлов «Іс қағаздарын жүргізу» атты кітабында хаттарды маңызы мен мазмұнына қарай хат талап, хат өтініш, хат-шағым, хат ескерту, хат хабарлама, ілеспе хаттар тобын құрайтын инициативалы хаттар және ақпарат түсінік, тыйым салу хаттарының жиынтығын құрайтын жауап хаттар деп топтастырады [65, 14-б].

Ал қызметтік хаттарды Л.Дүйсембекова: «ресми хаттар, жеке хаттар, ұсыныс хаттар, сұрау салу хаттары, шағым хаттар, жолдама хаттар» [27, 134-б] бөліп көрсетеді.

Қызметтік хаттардың төмендегідей түрлері бар, әр қайсысының өзіндік жазылу мәнері, құрылысының даралық сипаты бар.



Хабарлама хат – өзiнiң стилi бойынша шақыру хаттарына және ақпараттық xaттарға ұқcac болады және ол нақты адресат үшiн толтырылады және cұрaтуғa жауап болып табылады. Ол: «Хабарлаймыз». «Хабардар етемiз», «Сiздiң, назарыңызға ұсынамыз» деген сөздер арқылы жазылады. Одан әpi қандай да бiр фактiлер көрсетiледi. Жарнамалық хаттар ақпараттық хаттардың бiр түpi, нақты адресатқа жiберiледi және жан-жақты сипаттамасы жане жарнамалап отырған тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң, бағалары көрсетiледi. Ақпараттық хаттар белгілі бір іс-шараның өтуі жөнінде хабарлайды. Мысалы, ондай хаттарға конференцияның өткізілетін орны мен тақырыбы, талаптары жөнінде хабарлау мақсатында жіберілген хаттарды атауға болады. Ақпараттық хат адресатқа қандай да бiр фактi немесе iс-шара туралы хабарлайды.

Көбiнесе, ақпараттық хаттардың көмегімен қандай да бiр ұйымның қызметiн, өндiретiн өнімін, шығаратын бұйымдарын үгiттейдi.



Жарнамалық хаттардың мақсаты – адресаттың ұсынылып отырған қызметтерге қызығyшылығын тудыру болып табылады. Хаттың мәтіні нақты, анық және толық ақпараттарға ие болуы тиiс. Мұндай хаттарда автор- ұйымның мекен-жайы бөлек көрсетiледi.

Шақыру хаты – адресатты қандай да бiр жүргізілетін іc-шараларға қатысуға шақыру. Нақты тұлғаларға, сондай-ақ мекемелерге жiберiледi. Хат: «Қатысуыңызды өтiнемiз», «Сiздi шақырамыз», «Бiз Сiздi шақырғанымызға өте қуаныштымыз» және т.б. сияқты сөздер арқылы жазылады. Шақыру хатына қойылатын талаптар:

  • жүргiзiлетiн iс-шараның сипаты;

  • өтетін мерзімі, нақты уақыты көрсетіледі;

  • құрметті, қадірлі, сыйлы т.б. қаратпа эпитеттермен басталады;

  • мәтіні шағын, нақты.

Растау хаттары – бұрын жiберiлген құжаттың күшінде қалатынын хабарлайтын (мысалы, шарт, нұсқаулық және т.б.) жiберiлiмдердi хат, телеграмма, аударым, бандероль, тауарлар, құндылықтар) алу туралы хабар. Хат қандай да бiр фактiнi, iс-әрекеттi, телефонмен сөйлесудi растайды және мiндеттi түрде хатта «растаймыз» деген сөз жазылады.

Осындай хаттарды уақытылы жiберу мәселесін бақылауға алуға және ескертпе хат жiберудi болдырмауға мүмкiндiк бередi.



«Циркуляр хаттар – ведомстволық жағынан бағынышты барлық мекемелерге бiр мезгiлде жөнелтiлетiн хат, олар, негiзiнен, тапсырма беру сипатында болады» [27, 135-б].

Ақпарат түciнік хаттары дегенiмiз – бұрынғы тапсырылған міндетті түсiндiруге, оның кейбiр мәселелерi мен фактiлерiн нақтылай түсу мақсатында жазылатын хаттар. Тыйым салу хатында салынған cұрaуғa мәселелердің шешілмегені туралы жазылатын болса, шешiм хатында-мәселенiң дұpыc шешiлгенi жөнiндегi мағлұмат бередi.

Ескертпе хат қандай да бiр мiндеттеменiң, с.с. жүргізілген іс-шаралардың орындалу мерзімінің жақындағанын немесе өтіп кeткен шараларды көрсетедi. Бір хат өте қысқа болуы мүмкін және маңызды бiр бөлiктен ғанa тұpaды. Мұндай хаттар «Ескертемiз» деген сөзбен аяқталады.

Кепiлдiк беру хаты – ондағы мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз eтeтін құжат. Аталған хаттарда ақы төлеуге, өнiмдi немесе оның қандай да бiр бөлiгiн жеткiзу мерзiмдерiне кепiлдiк берiледi. Кепiлдiк беру хаттары

жоғары құқықтық қызметтер атқарады, сондықтан хаттың мәтіні анық және нақты болуы тиiс.



Сұраныс хаттары. Мекемеге бір ақпаратты жіберуді сұрау немесе белгілі бір құжатты жіберуін сұрайды.

Артық әсірелеу, көркемдік құралдар жұмсалмайды. Белгілі бір ғана мақсатпен қатаң ресми талапта жазылады.



Коммерциялық xaттap – келісім-шарттар жасау және оны орындау барысында жасалады. Олар сатып алушының тауарлар, қызметтер туралы жан-жақты ақпарат беруiн өтiнyі және/немесе тауар жiберуге ұсыныстары, (оферта) сатушылардың жауаптары, жарнамаға жауап, кредиттiк хаттар болуы мүмкін. Рекламациялық (шағым) xaттapдa кәсіпорын басқа тараптың (қарсы агенттiң) келiсiм-шарт талаптарын орындамауынан болған шығындарды өтeyiн талап етедi. Рекламацияда осы фактiнi растайтын құжаттардың көшiрмелерi қoca берiледi. Осы негiзгi құжатқа қосымша ретiнде жан-жақты дайындалған көшiрмелер рәсiмделедi.

Шетелдiк әрiптестермен келісім-шарт жасау кезінде кредиттік xaттap

пайдаланылады. Онда сатушы алушының банкiнен валюталық есептік шотының нөмірімен сатып алушының тауарлар және қызмет көрсету үшін ақы төлеуге берген банк кепiлдiгiн көрсете отырып, кепiлдiк беру хатын сұрайды.

Жауап хаттар – бастама хаттардың сипаттамасына байланысты болады, өйткенi оның мәтінінің тақырыбы белгiлi, бастама xaттa қойылған мәселелерді шешу сипатын жазу немесе ұсынысты, өтінішті орындауды қабылдау не одан бас тарту. Жауап әрқашанда қандай өтініштер қанағаттандырылады, түскен өтiнiштердiң барлығы қанағатrандырылды ма, қашан және қай мерзiмде орындалғаны туралы нық қысқа болуы тиiс.

Қызметтiк хаттардың келесi түpi – баяндау хаттары. Олар кәсіпорын басшысына арналған немесе тұжырымдap мен ұсыныстардан тұpатын, жұмысты орындау туралы құбылыс, дерегі бар қалыптасқан оқиға туралы жоғары тұрған органға ақпарат беретiн құжат. Жоғары тұрған басшыны қандай да бiр деректер, оқиғалар туралы хабардар ету қажеттiлiгi жағдайында автордың бастамасы немесе басшының қатысуы бойынша жасалады және жазылып отырған мәселе бойынша құрастырушының ұсынысы болуы да мүмкін. Баяндау хатқа мысал ретінде Сәрсен Аманжоловтың мына бір хатын алсақ:


ВКП(б) өлкелік комитетіне

Ұлт мәдениеті институтының директоры

С.Аманжоловтың баяндау хаты
Институтта жұмыс істегелі бері сіздердің алдарыңызға үнемі бір мәселені қоюмен келемін. Бұл мәселе институттың ғылыми істерге арналған мекен-жайының тарлығы туралы болып отыр. Бұрын институт жаңадан ашылған тұста, кең көлемдегі жұмыс жоспарын жасаудың мүмкіндігі жоқ кездері бұл мәселеге зәрулік онша байқалмайтын. Қазір үлкен академиялық сөздікті құрастыруға кірісуімізге байланысты бүтін бір кітапхана, көптеген жаңа қызметкерлер қабылдау қажет болып тұрған кезде осы күнге дейін отырған музейдің кіре беріс бөлмесінен еш қанағаттана алмаймыз.

1934 жыл [66,75-б].

Мақсаты – басшының белгiлi бiр шешiм қабылдауына себеп болу. Баяндау хаттың мазмұнын ашатын тақырыбы болады. Құжаттың осы түрін рәсiмдеу адресатқа байланысты. Баяндау хаттары ішкі және сыртқы болып eкire бөлiнедi.



Жеделхат, телефон хат, телетайп хат мәтініне ерекше телеграф стилi тән. Мұндай хаттардың мәтіні қысқа, дәл, анық болуы шарт. «Мәтiнде көмекшi сөздер, жалғаулар, шылаулар, тыныс белгiлерi болмайды. Көп белгiлi түрлерi болмаса, сандар сөзбен жазылады. Mәтін қысқа, жинақтылықты қажет етедi, eкi ұшты, астарлы мағынаны қажет етпейдi. Бұл хаттың негiзгi мaқсаты кepeкті ақпаратты тез жеткiзу болғандықтан, қызметтік хатттардағыдай кiрiспе сөз, сыпайыгершілік сөздер жазылмайды. Мүмкiндiгi барынша қысқа және түсінікті болуы қажет» [27, 142-б] .

ХХI ғасыр ақпарат ғасыры, жаhандану ғасыры, Евразиялық қауымдастық ғaсыры. Ғасыр еншiсiне жататын құбылыстар адамзат өміріне, кез-келген қоғамда қоғамдық сананың дамуы, мәдени, саяси, азаматтық, құқықтық сананың дамуымен тығыз байланысты екен даусыз. Жылдар өткен сайын қоғамның қай саласында болсын iлгерiлеушiлiк, даму сатысының жүрiп отыруы - заңды құбылыс.

Ақпарат алмасу, ақпарат беру жолдары ақпараттық технологиялар жетiсiтiгiне қарай почта, телеграф, телекс, телефон, факс, Интернет-почта технологиялары көмегімен телеграмма/жеделхаттар, телефонограмма/ телефонхаттар, телетайп хаттар, факстер, электрондық почтамен келетін хаттарды жеткiзу iскe асырылады. Олар – телеграф арқылы жiберiлетiн қысқа мазмұнды, жедел сипаттағы құжат жеделхат.

Жеделхат құрылымы мынадай:

- категориясы мен нөмері;

- мерзiмi, жiберiлетiн уақыты;

- алушының аты-жөнi, мекен-жайы;

- мәтін;

- жiберушiнiң қолы;

-жіберушінің мекен-жайы.

Жеделхат мәтініне ерекше телеграф стилi тән. Жеделхат мәтіні қысқа, дәл, анық болуы керек. Сыпайыгершілік сақтау мақсатында жұмсалатын сөздер, аман-саулық сұрау, кіріспе сөз, хат соңындағы сәлем жолдау, т.б. қолданылмайды. Жеделхатқа тән ерекшелік нақты көтерген мәселеге қатысты қысқа мәтін ғана жазылады, яғни жеделхаттардың мәтініне нақтылық, қысқалық тән. Мысалы, құттықтау, өтініш, хабарлау т.б. Өзге хаттарға қарағанда жазылу тәртібі қатаң сақталуын талап етеді.

«Жедел хаттар ішкі және халықаралық болып бөлінеді. Ішкі жеделхаттарға мемлекет ішінде жіберіліп қабылданатындар, ал халықаралық жеделхаттарға шет елдерге жіберілген немесе шет елдерден келгендері жатады. Ішкі жеделхаттар «өкіметтік», «жедел», «жай» болып үшке бөлінеді»[27,144-б].

Телефонхат- жедел мәселелер бойынша телефон арқылы берiлген және алушы жазып алған құжат. Ол отырыстар, мәжiлiстер, іскерлік кездесулер, жоспарланған іс-әрекеттердегі өзгерістер, іс-шаралар туралы жедел хабарлар мақсатында пайдаланылады .

Жеделхат мәтіні мен оған қойылатын талаптар телефонхатқа да қойылады.

Телефонхатта міндетті түрде мына талаптар болуы шарт:

- жіберген мекеменің атауы, мекен-жайы;

- құжат түрінің атауы;

- хабарды беру (қабылдау) күнi мен уақыты;

- адресат;

- құжаттың мәтіні;

- қолы;

- телефонограмманы қабылдаған және жіберген тұлғаның лауазымы және аты-жөні;

- телефонограмманы берген және алған мекеменің телефон нөмері көрсетіледі.

Бүгінгі дәуір - телеграфтың, телефонның, радионың, теледидардың, байланыс жүйесінің қарқынды дамыған дәуірі. Ақпаратты еркін және жылдам жеткізу заман ағысының жетістігі болса, эпистолярлық стильдің де дамуы болып табылады. Әрбір электрондық хаттың, жеделхат пен телфонграммалардың жазылу мәнері, тәртібі эпистолярлық стильдің көрінісі болмақ. Соның бірі - E - mail немесе электрондық почта. Заман ағымына жетістіктеріне, қоғамдағы өзгерістерге қарай хат жазудың соңғы жетістіктерінің бірі – бүкіләлемдік Интернет жүйесі арқылы хат алысу күнделікті өмірдің қажеттілігі ретінде кеңінен қолданысқа енді. Мұнда әрбір адамда жеке электрондық мекен-жайын табу үшін өзінің құпия сөзі (код), хат қоржыны болады. Бұл интернет жүйесі арқылы кез-келген электрондық мекен-жайы бар досыңа немесе басқа адамдарға хат жіберсеңіз, ол бес секундтың ішінде өз иесін табады, яғни дүниенің төрт бұрышына ортақ байланыс. Сонымен қатар, бұл арқылы көптеген суреттер, құжаттар, іс-қағаз құжаттарын, т.б. хат арқылы жіберуге немесе қабылдауға болады.

Қазақ эпистолярлық жанрға жататын туындылардың бүгінгі күнгі көрінісіне келер болсақ, қазақ баспасөз бетіне белгілі қоғам қайраткерлері заманымыздың, қоғамымыздың күрделі мәселелеріне арнап хат жазып, талқылауға ұсынады. Өз көзқарастарын газет-журнал беттеріне жариялай отырып, көзқарастары мен тұжырымдарын ашық түрде хат түрінде жолдайды.

Мысал ретінде ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың премьер-министрге хатын атауға болады.

Хат «Жалын» журналына жарияланды. Ақын қазақ тілін, мемлекеттік тілді дамытуға көңіл бөлінгені жайлы айта отырып, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын кейбір шенеуніктеріміздің кесірінен бүкіл қазақ халқы зардап шеге беруі керек пе?”деген ащы шындықты көтереді. «Баяғы жартас бір жартас» деп қынжылады. «Кезінде Үкіметте әзірленіп, бірақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Қарағұсованың кінәсінен тоқтап қалған «Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлердің, лауазымды мамандық иелерінің белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес меңгеру туралы» заңды қайта көтеру қажет деп білеміз» [67,5-б] деген ұсынысты білдіреді.

Хаттың алдыңғы үлгілерден айырмашылығы хат бірден мемлекеттік тілді дамыту ісіне, яғни қоғамдық мәселеге арналады. Хат тілі ресми стильде жазылған деуге болады.

Сонымен, қорытындылай келгенде, эпистолярлық стильде жазылған шығармалар көрнекті тұлғалардың, ақын-жазушылардың немесе қоғам қайраткерлерінің әлеуметтік мәселелерге арналған тақырыптарға жазылған хаттары түрінде болады. Эпистолярлық хаттар белгілі бір қалыптасқан үлгідегі баяндау тәсілімен жазылады және бұл хаттардың лексика-фразеологиялық құрамы (саяси-публицистикалық сипатта, әкімшілік терминдер, күрделі терминдер, т.б.) өзгеше болып келеді. Эпистолярлық стильдегі мәтіндердің сөйлем құрылысы күрделі келеді. Көп жағдайда хаттар тіліне эмоционалдық, бейнелеу тән емес. Хат мәтінінің фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшелігін талдау –сол кезеңдегі эпистолярлық стильді тануға мүмкіндік береді. Эпистолярлық үлгідегі мәтіндер бұқаралық коммуникация аясында басты орын алады. Олар кейде прагмалингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық сипатқа ие.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет