Эпистолярлық стиль белгілері:
- сөйлеушінің сөзге тікелей араласуы;
- барлық деңгейлердегі тілдік единицалардың нақтылы, тура мағыналарында жұмсалуы;
- субъективтік баға беруші тілдік құралдардың жиілігі;
- кітаби тілден тыс тілдік құралдардың белсенділігі, соның ішінде барлық тілдік деңгейлердің, әдеби тілден тыс элементтердің қолданылуы;
- фонетикалық, синтаксистік, кейбір морфологиялық тілдік единицалардың толық қолданылмауы;
- белгілі бір адресатқа бағытталғандығы;
- хаттың әдеттегідей аман-саулық сұраудан, эпитетті қаратпалардан басталуы;
- хаттың соңында сәлем жолдануы;
- белгілі бір қалыптасқан үлгіде, баяндау тәсілімен жазылуы;
- лексика-фразеологиялық құрамының (саяси-публицистикалық сипатта, әкімшілік терминдер, күрделі терминдер, т.б.) өзгеше болып келуі;
- эмоционалдық, бейнелеу құралдарының көп қолданылмауы;
- ойдың логикалық жүйелігін сақтау мақсатымен сөйлемдер құрылысының күрделі болып келуі.
Бұл жерде айта кететін жайт, өзіндік белгілері, жазылу мәнері бола тұра эпистолярлық стиль өзге функционалды стильдер қатарынан орын ала алмауы, қолданылу аясы жоқ. Ал қазақ тіліндегі функционалдық стильдердің өзіндік қолданылу ортасы бар.
Мысалы, ғылыми стиль - ғылым саласында, ресми стиль – басқару саласында, публицистикалық стиль - бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылады. Эпистолярлық стильді жеке бір бағыты жоқ. Әр стильдің құрамында қолданылады. Ресми хаттар жеке стиль бола алмайды, сондықтан ресми стиль құрамында қолданылады. Яғни, эпистолярлық жанрдың ресми стиль құрамында қаралған себебі осы қолданылу аясына қатысты. Сонымен, эпистолярлық стиль өзіндік ерекше табиғаты бар стиль болып табылады. Орыс тіл білімінде эпистолярлық жанр ретінде алынып зерттеледі.
Академик Р.Сыздықова еңбегінде эпистолярлық стиль ретінде қарастырылады [15, 235-б]. Эпистолярлық жанр барлық стиль түрлерінде кездеседі.
3 Қазақ хат жазу дәстүрінің қалыптасып дамуы және оған әсер еткен әлеуметтік-этнографиялық жағдайлар
Хат мәтіні замандар бойы қалыптасып, тұрақты нормаға түсіп, ішкі даму процесі негізінде сыртқы қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге лайық икемделіп дамып отырды.
Н.И.Гайнуллина эпистолярлық жанрдың даму тарихында құрылысы жағынан, жазылу мәнері, талаптары жағынан т.б. өзгеріске түскендігі жайлы ғылыми еңбегінде талдап береді.
Ғалым: «В исторической перспективе эпистолярный жанр претерпел существенные изменения на всех уровнях структурном, содержательном, экспрессивно-эмоциональном, функциональном.
В этой парадигме не менее существенные изменения находим в нем и на уровне наименования. И здесь частное письмо не оказалось статичным и неизменным, а меняло или расширяло круг своего наименования в зависимости от внешних обстоятельств и места, которое занимал данный жанр в целом в системе функциональных жанров в разные периоды истории русского литературного языка» [45, 426-б].
Даму сатысының алғашқы кезеңдеріндегі хат жазудың ең негізгі материалы ретінде пайдаланылған папирус біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтан басталып өз мәнін біздің дәуірімізге дейінгі IV жүзжылдықтың классикалық және эллиникалық кезеңдеріне дейін сақталғанын «Кітаптың шығу тарихына» байланысты зерттеу жұмыстарынан көреміз.
«Хат» көне уақыттардан бері Грек, әсіресе Рим әдебиеттерінен бастау алады. Цицерон, Гораций, Сенека, кіші Плиний хаттары (өлең жолдаулары) – ерте эпистолярлық әдебиеттің үлгілері болып саналатындығы белгілі.
Мысалы, әлемдегі эпистолярлық жанр сипатын танытатын, құнды жазбалар сырына үңілсек, хат мәтінінің тарихи даму жолын аңғаруға болады.
«Цицерон хаттары сақталған, хаттарында қоғамдық мәселелерді талқылайды. Ол «ашық хаттар» – хат түріндегі публицистиканың қайнар бастауы. Кіші Плиний, керісінше өз хаттарына жеке мән береді, күнделікті өмірдегі қызық құмар эпизодтар, өзі туралы мәліметтер, кез келген оқиғалар туралы жазады, бірақ Плинийдің хаттары көбінесе «хат» сияқты шығарылған әдебиеттік миниатюралар түрінде жазылған. Хат жазу үшін өсімдіктің талшығының өзекшесі қолданылды. Өзекшелер жұқа кесіктерге бөлініп, қатты тақтаға салынып бір-біріне желімделді. Осылайша жұқа ұзынша келген орамдардың ішкі жағы хат жазу құралына айналды. Плинийдің айтуы бойынша орамдар жиырмадан аспайтын парақтардан тұрды. Папирус дайындау Грецияда, Арабияда пайда бола бастады. Гректер папирусты біздің дәуірімізге дейінгі Х ғасырдан бастап пайдаланған, VІІ ғасырда папирус орамдары кітап дайындау, жазу, сызудың негізгі материалына айналды. Папирустың ең көп көлемі 1877 жылы фаюмадағы ежелгі Арсинада және Ашмунинада табылған.
Ал Арабияда бүкіл әлемдік кітапханалар мен музейлерде сақталған араб папирустарының жиынтығы және қамту кезеңі 700 жылға жуық. Әлем бойынша бұл жиынтық Орта ғасырлардағы араб тарихын зерттеу жұмыстарындағы атқаратын рөлі мен маңызы ерекше [46, 112-б].
Антикалық дәуір әдебиетіндегі мәліметтер сол кездің өзінде хат жазу этикеті болғанын көрсетеді. Мысалы: сол дәуірдегі хаттарда алдымен жіберушінің аты, одан кейін алушының аты, амандасу формалары мен түрлі тілек мәнінде жұмсалатын сөздерден кейін барып хат мәтіні жазылатын болған.
ХVІІІ ғ. еуропалықтар хатты кеңінен жаза бастады; көп елдерде пошталық байланыс тәртіпке келді, хат жалпыға қолайлы ақпарат құралына, сондай-ақ бос уақытты өткізудің құралына айналды. «Хат мәнеріндегі роман» - психологиялық және әлеуметтік роман реализмнің даму жолында маңызды роль атқарды. Бірақ ХІХ ғ. роман тарихи хабарлау, жанұялы хроника негізінде дамиды, А.С.Пушкиннің «Роман в письмах» (1829), Ф.М.Достоевскийдің «Бедные люди» (1845) – дәуірдің ақырғы романдары.
Хат – публицистикалық және іс қағаздар прозасы үшін, шағын әңгіме түрінде баяндалатын үлгілер үшін маңызды. Сонымен қатар, тұрмыстық және әдеби эпистолярлық прозаның тіл ресурстарын әзірлеуде маңызы зор. Ағарту дәуірінде хат ең маңызды жанрға айналып, «тәрбиелеу» мақсатында пайдаланылды.
Эпистолярлық әдебиет сол негізгі екі бағыт бойынша дамиды: «ашық хаттар» - памфлеттер және «новелла-хаттар», тұрмыстық хаттар мен сыр ашу хаттары.
Хаттың даму сатысына тікелей байланысты түрлеріне назар аударсақ, инициативтік хат сол кезеңдегі жеке хаттың үлгісі ретінде бірқатар жағдайлар мен себептермен айқындалады. Сол себептерге байланысты инициативтік хаттың ішінде мынадай түрлерін бөлуге болады:
Мысалы, Қайыпхан елшілерінің Ресеймен тату тұру тілегі туралы мәлімдемесі,
а) императивті-түрткі хаттар, олардың негізінде бұйрықтар, өтініштер жатады. Кіші жүз ханы Әбілхайырдың өзінің қол астындағы адамдарымен бірге Ресей бодандығына алуды сұрап әйел патша Анна Ионновнаға жазған хаты т.б. Бұл хаттарда тұрақты эпитеттер қолданылады, биік, зор, асқар, жоғары деген ұғымды беретін ғали сөзі жиі жұмсалған. Ғали хазіретлеріңіз – ұлы мәртебелілігіңіз т.б. Бір нәрсені сұрай, өтіне жазылған хаттар ғарыз, ғарыз наме, ғарыз ахуал, ғарыз хал деп беріліп отырылатын болған.
б) Ақпараттық-инициативтік хат, оқиға, факті, іс туралы хабарлайды; хат алушыны хабардар ету, немесе хат алушыға коммуникативтік актінің екі мүшесіне маңызды ақпарат жіберу.
Аталған хаттың грамматикалық құрылысында кездесетін қазіргі әдеби тілмен салыстырғандағы ерекшеліктер қосымшалардан байқалады. Мысалы, дүр, мыш, лар қосымшаларымен қоса, уа, һәм, бірлән шылауларының қолданылуын атауға болады.
Инициативтік хаттардың арасында көбінің себептері имплицитті көрсетілген. Ондай хаттар экспрессивтік императивтік-түрткі хаттардан, ойдың сабырлы-эпикалық баяндау мәнерімен ерекшеленеді. Мысалы, «Сәлемнің бағдыда біздерден есендік сұрасаңыз алхамдилла ифтиля деб білесіз».
в) Қайталау-инициативтік хаттар хат жазушымен хат алушыға бір рет айтылған, бірақ белгісіз себептер бойынша хат жіберушінің бұйрық, өтініштері хат алушымен орындалмаған. Ондай хаттың лингвистикалық белгілері болып табылатын формула: бұрын + жазғам. Қайталау-инициативтік хаттың экспликациясын оларда кездесетін формулалар күшейтеді – растаймын, сондай-ақ хат жазушы өзінің хат алушысына хатты бірнеше рет жазғаны және оларға жауап алмағаны туралы хабарлайтын.
г) Орталанған-инициативтік хаттар, сол хаттарға себеп болған «эпистолярлық емес», қосымша көздер:
1) эпистолярлық мәтінді жасау үшін себеп болған нақтылы тұлға, факті, оқиғалар. Хаттарда сол ақпарат көздеріне сілтеме төмендегідей сөздермен берілген: оның айтуы бойынша, бізге хабарлағандай, бұрынғы алынған мәліметтер бойынша.
2) ұқсас инициативтік хаттың жақсыз аталған көзі жақсыз немесе белгісіз-жеке лингвистикалық жасаумен тірек етістіктер арқылы жасалады. Көрсетілген хат түрлері кіріспе сөз, сөз тіркестері және сөйлемдерді зерттеу үшін қызықты, арнайы зерттеу тақырыбы болуы мүмкін. Осы жұмысқа қойылған мақсаттарға байланысты қазақ әдеби тілінің ұлттық тілі ретінде бастапқы қалыптасу кезеңінде эпистолярлық стильдің типологиялық байлығын белгілеу үшін қызмет ететін функционалдық формулалар ретінде қарауды керек етеді.
Жауап хаттары. Олардың жазылу себебі бір – алынған хатқа жауап беру немесе хабар беру. Бұл хаттарда: Сіздің хатыңыз, менің хатым, Сізден алынған хат, мен алған хат және т.б. сөздер жиі қолданылады
Қызметтік хат жазу мәдениетінде әлі этикет формаларын қолдану, дұрыс қолдану бірден қалыптаса қойған жоқ. Мысалы: ресми қарым-қатынас барысында жазылған түрлі хаттарда дер кезінде жауап қайтарғаны үшін немесе дер кезінде шара қолданғаны үшін, мекемеде орын алған келеңсіз жағдайдан шығуға көмек көрсеткені үшін бір-екі ауыз рахмет айту дәстүрі қалыптаса қойған жоқ. Қызметтік хаттар қаншама бейтарап тонмен, ресми түрде жазылса да қарым- қатынасты реттеу, сақтау үшін қысқа, нұсқа, жылы реңкті тілдік этикет формаларын қолдану басымдау болып келеді. Қызметтік хаттардың құрылымы ғалым Л.Дүйсембекованың еңбегінде талданады және олардың төмендегідей сипаттары анықталған: тақырыбы, датасы, адресаттың аты-жөні, кіріспе сөз, хаттың мазмұны, негізгі мәтін, хат соңындағы сыпайыгершілік лексемалардың сақталуы т.б. [27, 125-б].
XVІІІ ғасырда қазақ даласында қолданылған ресми хаттарда түрлі дәрежедегі лауазымды адамдарды, әкімдерді дәріптейтін тұрақты эпитеттердің қолданылуы шартты және эпитеттерді қолдану сол кезеңдегі ресми хаттар тіліне тән. Мысалы: 1694 жылы қазан айында қазақ ханы Тәукенің Ресеймен достық қарым-қатынастарды жаңғырту туралы және Тобольскіде ұсталған Келдей мырзаны Қазақстанға жіберу туралы өтініп І Петрға жазған хатында: «...Асқан мәртебелі тақ иесі және аса жоғары мәртебелі әрі ұлы өкіл және ие әрі құдіреті күшті ұлы ақ патшаға» немесе осы хаттағы «...Барынша басымды иіп тағзым етемін, ал Сіздің аса қасиетті ұлы мәртебеңіздің қайырымдылығына тағзым еткеннен кейін мынаны хабарлағым келеді» деген дәріптеу эпитеттерін көреміз [47, 23-б].
Тілдік этикет формалары сөз ситуациясына тәуелді болады. Ал сөз жағдаят күрделі экстралингвистикалық фактор екені белгілі. Тілдік этикет формаларының стильдік жағынан бір-бірінен айырмашылығы болады. Бұл құрылымдардың стильдік даралануы олардың өзіндік микрожүйе екендігін көрсетеді. Жалпы ресми хаттарда хат арналатын адамға қаншалықты таныс болса да «сен» деген сөз қолданылмайды.
Бұрынғы қазақ қоғамында әлеуметтік жікті саралап көрсетудің өзіндік жүйесі болған. Мысалы: ханның әйелін – ханым, қызын – ханша, ұлын – ханзада, бидің әйелін – бекбике, қызын – бикеш, баласын – шора деген сөздер арқылы болса, қазіргі таңда азаматтарға қаратпа ретінде, олардың лауазымын, түрлі атақ, дәрежесін эпитет түрінде айту мысалы, «жолдас», «мырза», «ханым» сөздері қазіргі тіл этикетінде қолданыс тауып отыр.
Сонымен, эпистолярлық стиль өзіндік ерекше табиғаты бар стиль болып табылады. Орыс тіл білімінде эпистолярлық жанр ретінде алынып зерттеледі.
Әр кезеңдерде жазылған хаттардың өзіндік дараландыратын ерекшеліктері бар.
Ғалым Н.И. Гайнуллина эпистолярлық жанрдың әр кезеңге тән табиғатын қоғаммен тығыз байланысты қарайды. Әлеуметтік жағдай, қоғамдағы өзгерістердің эпистолярлық жанрға, эпистолярлық жазбалардың әдеби тілдің дамуына ықпал еткендігі жайлы айтады. Мысалы, «Эволюция эпистолярного жанра непосредственно связана с групповой дифференциацией общества, его сословным делением и общественно-политическими установками пишущего. И не последнее место в этом наборе причин занимает отдельная языковая личность, ее жизненная и общественная позиция, ее влияния на общий ход развития не только в обществе, но и в языке в целом» [45, 428-б].
ХХ ғасыр басында публицистикалық жанрдың өркендеуі, көркем әдебиеттегі проза жанрының қалыптасуы, ғылым мен техниканың дамуына байланысты әдебиеттердің жазылуы, ресми іс қағаздарының, құжаттардың жүйелі қалыптасқан тілде берілуі қазақ тілінің ресми стилін қалыптастырып, жеке стильдік тармақ деп тануға негіз болды.
Қазақ халқы ХХ ғасырдың басында саяси-әлеуметтік дамуға, ғылым мен жалпы мәдениеттегі әр алуан өнер білім саласындағы өз даму тарихының әр кезеңінде түрлі елдермен араласып, әр түрлі қарым-қатынас жасағаны белгілі. Бұл қарым-қатынас нәтижесінде қазақ тілінің сөздік құрамына бірқатар кірме сөздер, сондай-ақ орыс тілінің әсерінен де түрлі жаңа атаулар, ұғымдар, терминдер, терминдік сөз орамдары, аударма ыңғайында баламалар пайда болды. Атаған кезеңдегі эпистолярлық жазбалардың тілінде кірме сөздер кеңінен қолданылуы өріс алды.
Кезең-кезеңге орыс әдебиетінде қарапайым бұқара хатынан мемлекетаралық саяси мәні бар хаттарға дейін сақталған. Әсіресе, әдебиет пен өнер қайраткерлері жазысқан хаттарға ерекше назар аударған.
Жазушылар шығармашылығын өмірбаяндық жазбалары, эпистолярлық мұрасы негізінде зерттейтін филологиялық мектеп өмірге келді.
Хаттың, эпистолярлық жанрдың қазақ әлеуметіндегі, әдебиетіндегі кейбір заңдылықтары, алатын орны жөнінде пайымдау жасауға болатын болды.
Сонымен қатар, басқа ұлт қоғамының эпистолярлық жанрға ұқыптылығы қазақ ғылымына құт әкелген сәттер бар. Атап айтқанда, қазақ халқының өткен ғасырдағы ұлттық салт-санасы, тұрмысының дәйекті құжатына айналып отырған. «А. Янушкеевич хаттарының сақталуы, 1861 жылы Парижде кітап болып басылуы – француздардың хат сақтау дәстүрінің игі әсері. Француздар сақтап, бүгінге жеткізген А.Янушкеевич хаттары, Зелинскийдің «Қазақ дала» поэмалары, академик Алексеев ашқан алғаш «Владимир мен Зара» бар. Орыс халқында да эпистолярлық мұраға бай орыс жазушыларының бірі - М.Горький. Пролетариат әдебиетінің атасы өзі де хатты көп жазған, өзіне жолданған хаттарды да сақтай білген. Ол тек қана совет жазушыларының өзінен 13 мыңнан астам хат алыпты» [48, 93-б].
Ф.М.Достоевскийдің махаббатқа толы хаттары сақталғандықтан - Шоқандай халық перзентінің мәдени-рухани ортасын терең пайымдауға мүмкіндік туды.
М.Сералиннің «Айқап» журналына жазған беташар сөзі, «Талапкерге жауап» деп аталатын хаты – эпистолярлық жанрдың жазушы мен оқырман арасын баспасөз арқылы жалғайтын журналистикаға қызмет етуінің көрінісі. Баспасөзде жарияланған хат үлгілерін ХХ ғасыр басындағы газет-журнал бетінен жиі кездестіруге болады. Айтылған жайлар – хаттың қазақ халқы өміріне қатынас құралы ретінде, әрі мәдениет үлгісі райында дендеп енуін айғақтайтын деректер. С.Торайғыров жазған кейбір хаттар ақынның екі томдық шығармалар жинағында жарияланды. Ақынның эпистолярлық мұрасы жинақталған.
Ал С.Мұқановтың хат формасында жазылған «Қандас досыма хат» (М.Шолоховқа), «Досыма хат»(Ү.Балқашевқа) т.б. сын мақалалары әдебиет мәселелерін терең толғайтындығымен қатар, халық тарихын шежіредей тарататындығымен құнды. Бұл хат – мақалалар да С.Мұқановтың эпистолярлық жанрға ерекше құрметпен қарағанының белгісі.
Жалпы, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басында жазылған хаттар сол кезеңдегі тілді көрсететін нұсқаларға жатады. Бұл кезеңдегі хаттардың көпшілігі шағатай тілінде жазылған ескерткіштер.
Тарихты танытатын эпистолярлық жанрдың туындысы ретінде Янушкеевич хаттарын атауымызға болады. Хат қазақ тілінде жазылмағанмен сол кезеңдегі эпистолярлық жанрдың сипатын береді. Хат мәтіні төмендегідей.
Біз енді бірнеше минуттан кейін жол үстінде боламыз. Нөкер, жүк аттары, қазақтардан құралған жасауыл – бәрі сақадай сай. Тек сапарлас серігімнің әйелі, балалары мен қызметкерлерінің жылап-сықтауларымен өзінің де көз жасын құрғата алмай тұрғаны ғана бізді Омбыда сәл кідірте түсуде.
Жанұялы адамның өз от басынан ұзап шығардағы осы қоштасу сәтінде, мен де қымбатты анашым, саған аманшылық тілеген сәлемімді тағы да жолдай отырып, өзіңнің тілеулі батаңның шапағатында болатындығымды айтқым келеді.
Мені алда қиындығы мен қолайсыздығы мол ұзақ сапар күтіп тұр. Мүмкін, оның қауіпті болуы да ықтимал. Бұл менің бұдан бірнеше жыл бұрын өркениетті Еуропаны аралаған саяхатыма мүлдем ұқсамайды. Мен енді, тіпті, белгісіз ел, қазақ даласын бойлай сапар шегемін. Қолыма қару алып, асау ағатын өзендерді кешіп, бұған дейін ешбір поляктың аяғы тимеген тау шыңына шығамын. Көшпелі халық ортасында болуға бел байладым. Сөйтсе де бұл сапар мені ешбір үрейлендірмейді. Алдағы сапарымды бір тәңіріге сыйына отырып қабылдадым. Демек, бұл менің осы жолдағы әр қадамымды ақ тілеу - анамның дұғасы да қорғар деп сенемін.Сен менің арғымақ пен қайығым бол, Сен маған жол көрсетер жұлдызым бол!
Тағы да қайталап айтамын, қош сау тұрыңыз, сүйікті анашым! Баршаңызбен қоштасамын, аман болыңыздар.
Хат поляк жігітінің қазақ даласына келуінің мақсатын баяндай отырып, оның қазақ даласындағы қазақ халқымен бірге сапарға шығар алдындағы көңіл-күйін жеткізеді.
Хат әдеби шығарма сияқты жанама, жазба түр ретінде болады, бірақ та әдеби шығармадан өзгеше бір ерекшелігі тек нақты бір адамға арналған, әрі хатта ауыспалы мағынадағы сөздер, айқындауыш тілдік бірліктер жұмсалмайды. Болған оқиға шынайы өмірден алынып баяндалады. Хатта ауызекі тіл, тұрмыстық лексика көбірек қолданылады.
Дегенмен, хат мәтінінде автор баяндаған қоршаған ортада, болмыста, жүзеге асатын құбылыстар «жылап-сықтауларымен өзінің де көз жасын құрғата алмай; қазақ даласының құрғақ мұхитындағы» деген сөз тіркестері арқылы көркемдеп жеткізу орын алған.
Хат мәтінінде хат жазылған шынайы уақыт көрсетілген. (Омбы. 1846 жылдың 8 мамыры).
Хат жоғарыда айтып өткеніміздей, халқымыздың тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-санасын танытуға да қызмет атқарады. Хат арқылы халқымыздың өткенімен таныс боламыз.
Семей. 14 мамыр. П., М., П. достарыма «Буырқансам мен егер, атасындай мұхиттың». Жүрегімде ұзақ жылдар сақталып, түн баласында ұйқыма маза бермес осы бір тілегім ақырында орындала бастады ғой деймін. «Орындала бастады» деуімнің себебі сол, дәл қазір осы мақсаттың шетіне бір аяғым ілінгендей. Алайда, өз басымнан өткізген тәжірибеме қарағанда, көп реттерде бар тілегімді, мақсатым мен үмітімді құйын көтеріп әкете беретін. Сөйтіп, бұл жолы да, бесікті шайқалтар «жазмыштың желі» (өздеріңізге аян Голуховскийдің сапырма сөздері) Омбыға кері оралта ма деп те қорқамын. Ол мейлі болсын, мейлі болмасын, әйтеуір, бір кезде Нұхтың суда жүзгені сияқты, менің енді бірнеше күннен кейін қазақ даласының құрғақ мұхитындағы сапарым басталмақ.
…Сіздер Рубругиз немесе Рюбригиз бен Плано Карпинидің естеліктері мен күнделіктерінде (әділі мен оларды оқымаған едім, мүмкін келешекте де оқуға мүмкіндігім болмас та( баяндағандарын (бұл жайында маған Омбылық қазақ, татар, монғол тегінің шығуын зерттеп жүрген бір зиялысы сендірді): «Еділден ары атпен жүргенде отыз күндік жерде Шыңғысханның астанасы, монғолдардың басты қаласы Қарақорым барлығын, онда өздерінің болғандығын, қымыз, тіпті, қарақымыз да ішкендері» жайлы білулеріңіз керек шығар. Бүгінде еуропалық ғалымдар осы бір мәселенің түйінін шешу үшін бастарын қатыруда. Олимптен Юпитерге найзағай отындай күйреткіш Азия әміршісінің бұл қаласы қай жерде болды екен. Кейбіреулер Қарақорымды Енисей жағалауларында болар деп болжам жасаса, басқа біреулер Сырдария, Геродоттар мен Страбондардың ескі Яксартында болар деп есептейді. Ғалымдар болса сол қаланы Гоби шөлінен іздеуге кеңес береді, тіпті. Онда болмаса ол қала Байкалдың терең түбінде қалған болар дейді. Сөйтіп, осындай сан қилы даурықпа таластар мен бос болжамдар әлемнің бес құрлығына қауесеттене тарап кетсе керек.
Бекер қан төктіруден және сияны бос шығындаудан сақтандыратын, сондай-ақ, монғол мемлекеті бөлігінің мұрагерлері ретінде саналатын қазақтардың пайымдаулары мен сенімдеріне сүйенсек, «Шынғысханның мекені» солардың даласында болғанын бекіте түседі. Мен сол бір қуатты қаланың орны мен тыныштықтың қас жауының тақ қалдығын іздеуге кетіп барамын. Бұған қарап, сіздер мені адамзат сүйіспеншілігі үшін өзін-өзі құрбандыққа ұшыратар, болмаса жапа шегуге құмар жан деп ойламаңыздар. Сібір астанасындағы кітапханалар тек «Париж құпиялары», «Мәңгілік Жид», «Преферанс философиясының курсы» сияқтыларға бай болса да, болашақ ұрпақ үшін жалбарынамын - Тобыл кітап қоймаларында болса дон Рубруиздің, немесе синьор Карпинидің күнделіктеріндегі Шыңғысханның мекен-жайы туралы дерек көшірмелерін «әлдебір мамонт тапқандай» маған тездетіп жіберсеңіздер екен.
Несі бар, Ниневия да табылды ғой, ал маған неге Қарақорымды таппасқа!
Сау болыңыздар!
Хатта жазушының стиліне тән «мақсатым мен үмітімді құйын көтеріп әкете беретін», «бесікті шайқалтар «жазмыштың желі», «қазақ даласының құрғақ мұхитындағы сапарым басталмақ», «найзағай отындай күйреткіш Азия әміршісі», «әлдебір мамонт тапқандай» тәрізді образды суреттеулер, фразеологизмдер жұмсалған. Әдеби шығармалардан өзгешелігі - адресатқа бағытталуы, адресанттың тікелей хабарлауы, тарихи шынайылықтың ( әсірелеу, құбылту жоқ) басым болуы, тарихи деректердің қолданылуы, хат жазылған мерзімнің көрсетілуі (Семей. 14 мамыр) т.б.
Екінші хатында:
Қымбатты інім! Міне, біздер бірнеше күн бойы Семейдеміз. Бізді қазақтардан тек Ертіс қана бөліп тұр. Ол ағыны қатты өзен. Атам замандағы жаулардың қалдықтары батқан оның жағасында суық үзілмейтін Тобыл мен желі басылмайтын Омбы қалалары орналасқан. Гумбольттің болжауынша, Сібірдің бұл әйгілі екі қаласының астын бір кезде мұхит толқындары шайып жатыпты. Менің осы өзеннің жағаларынан жазған көптеген хаттарым сені бұдан үш жүз жыл бұрын қарапайым қазақтың найзасының ұшымен Кешімхан иелігіндегі жерлерді тартып алғандығымен, сондай-ақ, қазіргі Батыс Сібір генерал-губернаторының астанасымен жетік таныстырған-ақ шығармын деймін. Саған әлі де бейтаныс Семей өзінің тарихи ескерткіштері мен саяси мәні жағынан Тобыл мен Омбыдан шағындау болса да Сібірдің Қытаймен, Ташкентпен, Қоқанмен, Бұхармен, сондай-ақ, Орта және Ұлы жүздермен кең көлемде сауда жасауда маңызды қызмет атқаратын орын. Бір кездегі Омбы облысының орталығы болған Семей қазір Томск губерниясының округіне қарайды. Ол Тобылдан 1300 шақырым қышықтықта болса, Омбыдан 700 шақырымдай алшақтықтағы Семей өзеншігінің Ертіске құяр аңғарында тұр. Ол бұл жерге ХVІІІ ғасырдың ІІ жартысында, яғни, 1716 немесе 1726 жылы осы аттастықпен кішігірім бекініс қамалы ретінде, 20 шақырым төменде қоныс тепкен. Жоңғарлардың қираған ескі қорғандары орнына салынған бүгінгі Семейде 7000 тұрғын бар. Мұның басым көпшілігі татарлар, ташкенттіктер мен бұхарлықтар. Сондықтан да болар, Семейде бір ғана шіркеу бар. Оның есесіне алты немесе жеті мешіт болса керек...
Семейдің ауа-райы таза. Қысы аязды болса да Омбыдағыдай өте суық және ұзаққа созыла бермейді. Қала көшелерін сусыма құм алып жатқандықтан мұндағы ыстық африкалық жақты еске түсіреді. Бұл қолайсыздықты, кейде, тіпті, Сібірде кездесетін қарбыздар ұмыттырып жібереді. Қарбыз болғанда қандай! Мұндай келісті қарбыздар тиелген бірнеше кемелер сүйретпелерімен тамыздың аяғында картобы мен шалқаны мол біздің Омбыға ат басын тірейді.
Семейдің Омбыдан тағы бір артықтығы- оның айналасын қарағайлы орман қоршап тұратындығында. Бұл әрине тұрғындарды отын мен құрылыс мұқтажына ұрындырмайды. Ал аң мен құста есеп жоқ. Бұл жақта тек астық қымбаттау, себебі, айналаның бәрі орман мен құм. Қаланың өнеркәсібі деген де көзге ілінетіні – тек бірнеше тері зауыттары мен ұн тартатын диірмендер...
Менің назарыма сирек кездесетіндерден іліккені мыналар:
1 Белгілі саяхатшы Палластың Сібір бойын аралаған кезде
буряттармен киіз үйде әңгімелесу сәтін бейнелейтін сурет.
Мұны саяхатшы өз қолымен салған;
2 Гумбольтың осы қалада болған кезінде бір альбомға
жазып қалдырған шағын пікірлері;
3 Балқаш жағалауының бірнеше қырғауылы;
4 Арқат тауларының аңдары;
5 Хрисиан дәуірінің 101 жылы шығарылған ұсақ рим теңгесі.
Жақын маңдағы қазақ ауылдарынан айдап әкелінген аттар бізді Ертістін арғы жағында күтіп тұрса керек. Сөйтіп, біз ертең өркениеттіліктің бетін уақытша жаба тұрып, өзімізді көшпенді өмірдің қым-қиғаш оқиғалары мен қауіп-қатеріне душар етеміз ғой.
Сау сәлемет бол! [49, 204-б]
Бұл хатта ғылыми информация көп. Осыдан хаттың басқа стильдермен ұқсастығымен қатар өзіне тән айырмашылығы айқындала түседі. Мұнда: коммуникация хат мәтінінде тікелей жүзеге асады. Хаттардың адресаты нақты, баяндалған хабар адресатпен байланысты, яғни, А.Янушкеевич пен достары, інісі хат жазысу арқылы арада белгілі бір коммуникация, яғни, хат жазудағы байланыс бар.
Хатта көтерілген тақырыпқа байланысты деректер, құбылыс ойдан шығарылмай, шынайы баяндалған.
«Атам замандағы жануарлардың қалдықтары батқан оның жағасында суық үзілмейтін Тобыл мен желі басылмайтын Омбы қалалары орналасқан»; «Еділден ары атпен жүргенде отыз күндік жерде Шыңғысханның астанасы, монғолдардың басты қаласы Қарақорым барлығын»; «Міне, біздер бірнеше күндер бойы Семейдеміз. Бізді қазақтардан тек Ертіс қана бөліп тұр. Ол ағыны қатты өзен»; «Омбы облысының орталығы болған Семей қазір Томск губерниясының округіне қарайды…»; «Киев түбінен жеткізілген тастарды көрдік. Бұл тас үшін диірмен иесі, сол жерде 500 сом төлесе, оның жеткізілуіне тағы сондай қаржы жұмсапты. Ол тастар маған барынша таныс…»
Баяндау хат мәтініне дәлел, оқиға, процесстердің тәртіпті тізбегі арқылы беріледі. Хаттың шынайы көркемділікпен жазылуы автордың тек қана шығармашылық тәсілін көрсетпейді, оның дүниетанымымен қоса негізгі ойдың адресатқа әсерлі жетуін қамтамасыз етеді.
Автор тұтас шығармадағы шындыққа бір ғана, өзіндік көзқараспен қараса, хатта авторлық идея басым.
Суреттеу субъективті авторлық баяндаудан бөлінбей (Семейдің Омбыдан тағы бір артықтығы- оның айналасын қарағайлы орман қоршап тұратындығында. Бұл әрине тұрғындарды отын мен құрылыс мұқтажына ұрындырмайды. Ал аң мен құста есеп жоқ.) бірге өмір сүреді, жеке абзацқа мүшеленбейді. Хат белгілі бір сапарды баяндап отырғандықтан, онда қысқа пейзаждық суреттеулер көрініс табады. Пейзаждық суреттеулер үнемі баяндаумен араласып берілген, жеке тақырыпты құрамайды.
Хат мәтінінде жай уақыт- шынайы уақыт және уақыт хат жазылып отырған сәтпен байланысты белгіленген.
«Семей қаласы, 14 декабрь,1856 жыл», «Семей, 14 мамыр, П., М., П.достарыма».
Хат мәтінінің соңында адресантқа тілек айтылады: «Сібір астанасындағы кітапханалар тек «Париж құпиялар», «Мәңгілік Жид», «Преферанс философиясының курсы» сияқтыларға бай болса да, бағалы, байсалды шығармалардың аздығын ескеріп, бейбітшілік пен болашақ ұрпақ үшін жалбарынамын – Тобыл кітап қоймаларында болса дон Рубругиздің немесе синьор Карпинидің күнделіктеріндегі Шыңғысханның мекен-жайындағы деректер көшірмелерін «әлдебір мамонт тапқандай» маған тездетіп жіберсеңіздер екен».
Хат қазақ тілінде жазылмаса да, сол кезеңдегі эпистолярлық стильді танытады. Бұдан шығатын қорытынды қазақ эпистолярлық стилінде орыс, батыс тілдеріндегі эпистолярлық жанр үлгілерімен байланысады.
Қазіргі эпистолярлық стильдегі хаттың тарихи құрылымының негізгі бөліктері XV–XVІІ ғасырларда қалыптасқандығын ғылыми зерттеу жұмыстарынан көруге болады. Мысалы, армян жазулы қыпшақ тіліндегі құжат мәтіндерінде әр құжаттың жазылған уақыты, билердің аты-жөндері көрсетілгендігі жөнінде мәліметтер беріледі және XV – XVІІ ғасырларда жазылған іс- қағаздары стиліне тән стандарт бірліктер қолданылады.
Бұл дәуірде жазылған іс-қағаздарының, ресми стиль, эпистолярлық стиль үлгілерінің Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа байланысты жазылғандығын түрлі зерттеулерден білеміз.
Ресми құжаттар сол кезеңдегі қазақ даласының саяси, әлеуметтік, экономикалық жағын бейнелеумен қатар, XYІІІ ғасырда қазақ эпистолярлық стилі тілінің қалыптасу деңгейін, жазылу мәнерін, ара-қатынастағы мәдениеттілікті сақтау, яғни этикет формаларының да қалыптасуын көрсетеді.
Қазіргі таңда қоғам дамуымен қатар қатынас жасау жолдарының демократиялық стилі өмірімізге ене бастады. Құрғақ сөзбен жазылған ақпараттық, жарнамалық хаттар ағыны көпшілік қауымның назарын, көңілін аударудан қалып барады. Сондықтан, жалпы хат жазу, соның ішінде жарнамалық, коммерциялық хаттар жазудың қарапайым, қызығушылық тудыратын, көрнекілік түрлері ене бастады. Хат жазуда дәл, әсерлі сөзбен мәтінді құрай білудің мәні өте зор. Қазіргі жағдайда хат жазысу, ақпарат, қызмет көрсету, тауарды жарнамалаудың жаңа мәдениеті қалыптаса бастады. Барлық сатыдағы қызметтестермен қатынас жасаудың өзіндік мәнері қалыптасқан батыстық үлгілерден өзіміздің ұлттық келбетімізге тән үлгілермен толықтыра отыру тиімді.
Ресми хаттар тобы басқару қызметіне қатысты, сондай- ақ жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасындағы қарым- қатынасты реттейтін құжаттардың қай- қайсы да күнделікті өмір де ұдайы кездесіп отыратындықтан, мағынасы жағынан ең маңызды орын алады. Әрбір ресми құжаттар басқару қызметіне қатысты көлемінде заң күшіне ие, сондықтан да олардың нысаны мен құрамы жағынан бірізділігі (унификация) және стандартты болуы талап етіледі, сонымен қатар, ресми хаттар тілінде жүйелі түрде қолданылатын стандарт тілдік бірлігі сақталуы қажет. Олар іс- қағаздар тілінде дайын күйінде қолданылып, құжат тақырыбы қызметінде жұмсалып, құжат мәнін ашатын ерекше құрал ретіндегі қызмет атқарады. Қазақ ресми іс- қағаздар стилі халықтың қоғамдық өмірімен, мәдени өркендеуімен, әдеби тілдің дамып, жанрлық тармақталуымен, қоғамдық қызметінің артуымен байланысты дамып, жетіліп отыр.
Ал қазіргі таңда хат тұрмыстық шеңберден шығып, публицистикада, әр түрлі мекемелерде көрініс таба бастады. Мысалы, хат басқару байланысының негізгі құралы ретінде құжат түрлерінің ішіндегі ең кең тараған басқару қызметінде туындайтын көптеген жедел мәселелерді шешу мақсатында қолданылатын құжаттар түрі ретінде қалыптасты.
Қызметтік хаттар кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар арасын байланыстырушы болып табылады.
Қазақ тілінің қоғамдық қызметіне байланысты кейінгі жылдарға дейін ресми іс қағаздар тілін зерттеу мәселесі өзекті болған жоқ. Қоғам дамуының ықпалына, мемлекеттегі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге байланысты соңғы жылдары қазақ тіл білімінде функционалды стильдер проблемасына қатысты мәселелер көтеріліп, оның жеке тармақтарын зерттеу қажеттігі туып отыр. Басқару іс қағаздарын жүргізу жұмысының күрделілігіне қарай оны іске асыратын, бейнелейтін құжаттардың түрі, оны жазу әдісі, мәтіндегі тілдік құралдардың қолданылу тәсілі де күрделене түседі. Тілдің функционалдық стильдері, оның іс қағаздар жүргізу саласы, құжаттар өз ішінде бірнеше салаға бөлінеді.
Ресми іс қағаздар стилінің қызметі оның жанрлары арқылы жүзеге асырылады, яғни іс қағаздарының жанрлары стильдің алға қойған мақсатын көрсете алады. Іс қағаздар жанрлары ресми іс қағаздар стилінің негізгі функциясын жүзеге асырғанмен, әр жанрдың өз ерекшелігі, өз қызметі бар. Іс қағаздар жанрлары функционалдық стильдің өз сипатын сақтайды, бірақ әрқайсысының құрылымдық-композициялық ерекшелігі мен лексика-фразеологиялық құрамы бар. Осы ерекшеліктері арқылы іс қағаздары жанрлары бір-бірінен ерекшеленеді және өзара топтастырылады. Құжат жазушы ресми қарым-қатынас жағдайы және осы жағдайға сәйкес құжат жанрын таңдау схемасы бойынша жұмыс істейді.
Қоғам қайраткерлері, жазушылар қоғамдағы өзекті, белгілі мәселелер жөнінде, саяси тақырыпта т.б толғандырып жүрген ойлары мен көзқарастарын (келісу-келіспеушілік), тұжырымдарын хат арқылы ақпарат құралдарына ашық жариялап, енді бірі оған жауап хат жолдап немесе сын айту т.б. пікірлерін хат мәтіні түрінде жариялайды
Ғалымдардың бір-біріне жазысқан хаттары, естелік, күнделік, т.б. жазба мұралары арқылы олардың көзқарастары мен сыни еңбектерін, ғылыми тұжырымдарын білуге болады, сондай-ақ, қаламгерлердің хаттарының да маңызы зор.
Белгілі мәдениет қайраткері І.Омаровтың атақты жазушылар М.Шолохов, Л.Леонов, А.Фадеев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы т.б. қаламгерлермен жазысқан хаттары І.Омаровтың сыншылдық мұрасының мазмұнын байытуға үлес қосқанын білеміз [50, 61-б]. Яғни эпистолярлық жанрға жататын мұралар бүгінгі таңда да баршылық.
Қ.Ергөбековтің «Баянғұмыр» сын мақалалар жинағында «Ой қайнары – күнделік», «Хат жаздым қалам алып», «Жүрек қанымен жазылған хаттар» жайлы мақаласында жауынгер хаттарын тілге тиек етіп, эпистолярлық жанрға ерекше назар аударады. Мақалада: «Өлең – хат – қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрдың формалық ерекшелігі ғана емес, мазмұн тереңдігі жөнінен де жанрдың шырқау шыңы» [51,104-б] деген ойды алғаш рет зерттеу тұрғысында оқырманға жеткізеді. «Жауынгер хаттарын – эпистолярлық жанрдың енді қайталанбас қымбат үлгі бай қазынасы» [51, 110-б] екенін айқындап береді.
Эпистолярлық жанр – жан-жақты зерттеуді қажет ететін сала. Яғни қай кезеңнің болсын жазушы, сыншы, ғалымдар, өнер иелерінің хаттары жүйелі зерттеуді қажет етеді. Ол хаттар эпистолярлық мұраның мол көзі болып табылады.
Хат жанрына жататын хат мәтіндерінің өзіндік композициялық құрылымы болады. Ол логикалық, грамматикалық, мағыналық байланыстарға негізделген, тиянақты мазмұнға ие біртұтас қарым-қатынас бірлігі, яғни, мәтіннің бір типі болып табылады.
Қазіргі таңдағы хат мәтінінің жазылу мәнері төмендегідей:
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев мырзаға
Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сізді, әлемге белгілі аса көрнекті мемлекет қайраткерін, жаһанға танымал ірі парасатты тұлғаны бүкіл халықтық сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Елбасы болып қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – бастауында Сіз тұрған тәуелсіз еліміз жүргізіп отырған ішкі- сыртқы бейбіт саясатының, сенімі мен көзқарасы әралуан сан ұлт пен ұлыстың, мақсаты мен мүддесі ортақ – жарқын болашаққа бірлесе батыл қадам басқан халықтардың бірлігі мен ынтымағының, достығы мен өзара бауырмалдығының да тамаша жеңісі. Сіздің басқаруыңызбен егеменді Қазақстан әлемнің мықты дамыған елу мемлекетінің қатарына қосылатыны сөзсіз.
Құрметті Елбасы! Жаратушы иеміз Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр бергей. Тағыңыз да, бағыңыз да қайырлы болсын және соған дайымы біз дұға жасап алла тағаладан тілеп отырамыз! Отбасыңызға береке- бірлік пен ынтымақ нәсіп болып, сүйікті Отанымыз өркендеп гүлдене берсін!
Ізгі ниетпен, Сізді аса құрметтеуші,
Қазақстан мұсылмандары
Діни басқармасының
Төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі [52, 4-б]
Хат мәтіні ресми хаттарға тән барлық талаптарға сәйкес:
- мақсаты көрсетілген: Елбасыны қайта сайлануымен құттықтау.
- хат жолданып отырған мекеменің аты мен хатты алушы адресаттың аты- жөні;
- негізгі мәтіні;
- хатты аяқтай келе сыпайыгершілік сақтау сөздері немесе мәтіннің түйіні тілек білдіру ретінде берілген;
- жіберушінің қызметі, қолы, аты-жөні.
Хатты үш композициялық бөлікке бөлуге болады. Бірінші бөлімде президентті қайта сайлануымен құттықтау. Екінші бөлімде Елбасыға Қазақстан халқының ынтымағын айта келіп, оған үлкен сенім артады: «Сіздің басқаруыңызбен егеменді Қазақстан әлемнің мықты дамыған елу мемлекетінің қатарына қосылатыны сөзсіз». Үшінші бөлімде тілек білдіреді: «Отбасыңызға береке- бірлік пен ынтымақ нәсіп болып, сүйікті Отанымыз өркендеп гүлдене берсін».
Хат ресми хатқа жатса да, лексикасы баршаға түсінікті, ешқандай қатаң формаға құрылмаған. Бұл хатты құттықтау хатқа да жатқызуға болады. Себебі хат мәтіні Елбасын құттықтаудан басталады: «Құрметті Елбасы! Жаратушы иеміз Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр бергей. Елбасы болып қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын.» Мұнда адресаттың өзіндік баяндау стилін аңғарамыз. Бірінші бөлімде жіктік жалғауының бірінші жағының жекеше түрінде, ал үшінші бөлімде көпше түрінде баяндайды. «Мейірімді, рақымды», «жоғары мәртебелі», «жаһанға танымал», «құрметті» деген эпитеттерді қолданады.
Адресант діни басқарма болғандықтан, діни лексиканы қолданады: Алла, дұға тілейміз. Сөйлемдері толымды, лепті сөйлем кездеседі. «Жаратушы иеміз Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр бергей. Тағыңыз да, бағыңыз да қайырлы болсын және соған дайымы дұға біз дұға жасап алла тағаладан тілеп отырамыз!»
Қорыта айтқанда, хат мәтіндерінің құрылысы, жазылу мәнері қоғам өзгерісімен тығыз байланысты. Хат мәтінінің дамуына, қалыптасуына қоғамдағы құбылыстар, әлеуметтік орта т.б. өз әсерін тигізіп отырады. Айталық, қазақ эпистолярлық жазбалардың көне түрінде араб-парсы сөздері, көне түркі тілінің элементтері басым болса, берірек кезеңде орыс, татар тілдерінің элементтері кездеседі.
Қазіргі эпистолярлық жанр үлгілерімен өткен ғасырлардағы қазақ эпистолярлық жанрының сипатын танытатын құнды жазбалар арасында байланыс бар. Ол жазылу мәнерінен байқалады. Мысалы, қазіргі хаттар да амандық-саулық сұраудан құрметтеуші, сыпайыгершілік лексемалардан басталады, хат соңында сәлем жолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |