Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы
Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
Семей 2008
ББК 81, 2 Қаз
Ә 12
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің Ғылыми кеңесі шешімімен ұсынылған
ISBN 9965-19-004-6
Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы
Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты. Монография Семей: 2008. – 158 бет.
Жалпы редакциясын басқарған:
Шалабай Б. –- филология ғылымдарының докторы, профессор
Пікір білдіргендер:
Қосымова Г. –- филология ғылымдарының докторы, профессор
Нәзбиев Ж.Д.- филология ғылымдарының докторы, профессор
Еңбекте қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің қалыптасу, даму тарихы, функционалдық стильдер жүйесіндегі орны, өзіндік ерекшелік, белгілері мен қолданылуы жайлы жан-жақты қарастырылды. Қазақ халқының біртуар азаматтары мен қоғам қайраткерлері, ақын жазушылардың хаттарын, қолжазбалары дереккөз ретінде алынып, хаттардың стилі, мәтін құрылымы, грамматикалық, лексикалық, стилистикалық ерекшеліктері талданды.
Кітапты студенттер қазақ әдеби тілінің жалпы курсын оқу кезінде хат мәтіні тілінің өзіндік ерекшеліктерін тануда, көркем мәтіндегі тілдік бірліктердің, көркемдегіш амал-тәсілдердің семантикалық және стилистикалық табиғатын ашуда көмекші құрал ретінде қолдана алады.
ББК 81,2 Қаз
ISBN 9965-19-004-6 Әбікенова Г.Т., 2008
Алғы сөз
Адамзаттың даму процесімен бірге дамып, жетіліп келе жатқан адамдардың қарым-қатынас әрекеттері тек ауызша ғана емес, жазбаша да заман талабына сай қарым-қатынас жолдары арқылы жүзеге асады. Қарым-қатынас әрекеттерінің бірі - хат жазу дәстүрі. Хат жазу ертеден бүгінгі таңға дейін әлеуметтік жағынан алғанда мәдени және тарихи мәні зор жанрлардың, жазба тілдің ежелгі формаларының бірі болып табылады.
Қазіргі қазақ тіл білімінде хат мәтіні арнайы қарастырылмаған, зерттеуді қажет ететін тақырыптардың қатарына жататын тың және көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақ халқының біртуар азаматтары мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылардың хаттарын, қолжазбаларын зерттеп тану, стилін, мәтін құрылымын стильдік тұрғыдан қарастыру, грамматикалық, стилистикалық, лексикалық т.б. ерекшеліктерін зерттеу - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Яғни мұндай ұлттық құндылықтарды зерттеудің, бүгінгі таңдағы көзқараспен алып, бағалаудың, саралаудың, талдаудың мәні зор. Сонымен қатар, тіліміздегі эпистолярлық стильдің өзге функционалды стильдерден даралығы мен ұқсастығын танудың да маңызы бар.
Қазақ тілінің эпистолярлық стилі жеке дара толық зерттелмеген, тың тақырып болып табылады.
Монографияда ғылыми тұжырымдар жасауға, лингвистикалық талдау жасауға негіз болған деректер - қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларының хаттары, сондай-ақ эпистолярлық жанр туындылары.
Эпистолярлық стиль ерекшелігін зерттеу, қазіргі әдеби тілмен салыстырғандағы фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін саралау, хат мәтінінің тілдік стильдік ерекшеліктерін талдау және хат жанрының түрлерімен таныстыру жұмыстың алдына қойылған мақсаты болып табылады. Зерттеудің негізгі мақсаты әр кезеңдегі эпистолярлық стильдің жан-жақты – тарихи-лингвистикалық, типологиялық, функционалдық-стилистикалық ерекшеліктерін сипаттау. Жұмыста қойылған мақсаттарға сәйкес зерттеудің төмендегідей екі негізгі аспектісі айқындалады: тарихи-мәдени және хат мәтінінің мазмұнына бағытталған типологиялық және мәтіннің ертеректе туу үрдістеріне байланысты функционалдық-стилистикалық факторлары, сондай-ақ эпистолярды жасаушының сөз қолданыс факторларын айқындау.
Еңбекте қазақ эпистолярлық жанрына жататын туындылардың, яғни хаттардың тілі лингвистикалық тұрғыда бірлікте қаралып, талдауға түсті.
-эпистолярлық стильдің типологиясы және оның функционалдық-стилистикалық түр ретінде қалыптасуының даму үрдісі анықталды;
-функционалды-стилистикалық тұрғысынан эпистолярлық стильдің қазақ тілі қалыптасуы кезеңіндегі қазақ әдеби тілі дамуының жалпы үрдісіне қалай әсер еткені жан-жақты зерделенді;
-жалпыхалықтық қолданыста ұшыраспайтын кейбір сөздер талдауға түсіп, мағынасы айқындалды;
-хат мәтініне әсер еткен экстралингвистикалық белгілері анықталды;
-алғаш рет сол кездегі хаттар эпистолярлық стильдің ішкі үрдістерін зерттеуге жұмсалды.
Жұмыстың нәтижесі ұлттық әдеби тіл қалыптасуының негізгі үрдістері мен жазба түрлерінің, оның ішінде эпистолярлық стильдің эволюциялық үрдістері жөнінде белгілі ережелерді тереңдетеді, толықтырады және эпистолярлық стильге тән ерекшеліктерді анықтайды. Хат жанрының қалыптасуы мен даму тарихын танып білуге септігін тигізеді.
Еңбекті жоғары оқу орындарында қазақ әдеби тілі тарихының жалпы курсын оқытқан кезде, қазақ тілінің стилистика саласына да қатысты қосымша материал ретінде пайдалануға болады.
І ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ СТИЛЬ ЖӘНЕ ОНЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ СТИЛЬДЕР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ
1 Эпистолярлық стильдің зерттелуі
«Әр стильдің лингвистикалық тұрғыда алғанда, сондай-ақ экстралингвистикалық тұрғыдан алғанда да, өзіне ғана тән белгілері болатыны анық» [1, 39-б]. Эпистолярлық стиль өзіне тән ерекшеліктері арқылы өзге стиль түрлерінен дараланады.
«Қазіргі кезде стилистика ғылымында әдеби тілдің бес функционалды стилі анықталады. Олар: ғылыми, ресми, публицистикалық, көркем әдебиет және ауызша сөйлеу стильдері. Олардың өздері қатынас жасаудың нақтылы жағдай, міндеттеріне т.б. байланысты тағы ұсақ түрлерге жіктеледі. Оның үстіне функционалды стиль араласып та келе береді, яғни бір стильде басқа стильдердің элементтері кездесе береді. Функционалды стильдердің әр түрінің элементтері қабаттаса қолданылып, көп қабатты стильдік құбылыстар пайда болады. Бұл жағдайда стильдердің өзара нәтижесінде және олардың өз ішінде бөлінісі себепті жасалады. Сөйтіп, тілде функционалды стильдік және стилішілік жіктеліс өте күрделі, сан тармақты болып келеді» [2, 74-б],-дейді профессор Б. Шалабай. Біз қарастырып отырған эпистолярлық стиль ресми стиль ішінде алынып келген шағын стиль болып табылады. Сонымен қатар функционалды стильдердің құрамында қолданыла береді.
Стиль – латын сөзі, қазақ тіліне аударғанда жазу құралы деген мағына береді. Стиль деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолдану принциптерін айтамыз.
Винокур Г.О.: «Стилистика изучает язык по всему разрезу его структуры…» [3, 16-б] ,- десе, Ефимов А.И. стилистиканың зерттеу нысаны туралы былай дейді: «Изучая выразительные качества (экспрессию) речевых средств, устанавливая синонимические эквиваленты и варианты, бытующие в области лексики, фразеологии, частей речи и синонимических конструкций, стилистика является своего рода вершиной исследования языка, теоретической основой развития национальной речевой культуры» [4, 5-б]. Стилистиканы кейінгі уақытта лингвистикалық стилистика және әдебиеттану стилистикасы деп екіге бөлу орын алған.
Лингвистикалық стилистика – шығарма тіліндегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік, бейнелегіштік мүмкіндіктерін, стилистикалық бояулары мен мағыналарын, қолданылу заңдылықтарын тілдік тұрғыда зерттейтін сала.
Лингвистикалық стилистиканың ең басты түрлері, оның мазмұны мен негізгі бағыттарын айқындайтын түрлері – функционалдық стилистика мен тіл ресурстары стилистикасы. Функционалдық стилистиканы зерттеушілер қолданыс тілі стилистикасы деп те атайды. «Стилистиканың бұл түрінің басты бағыты – шығарманың, мәтіннің құрылымы, ондағы тілдік құралдардың орнымен қолданылып, тыңдармандарға немесе оқырмандарға ойды мүлткісіз жеткізуді қадағалау» [5, 16-б].
Функционалдық стильді топтастыру мәселесі тіл білімінде әлі де болса зерттеуді қажет етеді.
Орыс тілі мамандарында стильдерді классификациялауға байланысты әр түрлі пікірлер бар. Орыс тіл білімінде стильді әр түрлі тармақтарға бөлу, функционалды стильдерді топтаған кезде әр түрлі принципке сүйену кездеседі. Стильдерді топтастыру мәселесі Мещерский Н.А., Ларин Б.А., Ефимов А.И., Винокур Г.О., Виноградов В.В., Филин Ф.П., Котков С.И., Лихачев Д.С., Иванова А.И., Будагов Р.А., Кожина М., Тарабасова Н.И., Волков С.С.т.б. көптеген ғалымдар еңбектерінде қарастырылады.
Р.А.Будагов стиль түрлерін ауызекі-жазбаша, ғылыми-көркем әдебиет стилі деп бөледі [6, 258-б].
М. Кожина стиль түрлерін ресми-методикалық, тұрмыстық іс қағаздар, ғылыми-техникалық және көркем әдебиет стильдер деп көрсетеді [7, 81-б].
М.М.Михайлов орыс тілінде ауызекі сөйлеу, көркем әдебиет, ғылыми, публицистикалық, ресми, іс-қағаздар, салтанатты-риторикалық (парадно-риторический), сот тілдерінің (судебный) стильдеріне жіктейді [8, 46-б].
Әдеби тілдің стильдерін классификациялауда Д.Э.Розенталь орыс тілінің функционалды стильдерін мынадай топтарға бөледі:
-ауызекі сөйлеу стилі;
-жазба (кітаби) стиль;
-публицистикалық стиль;
-көркем әдебиет стилі [9, 125-б].
Ал А.И.Ефимов классификациясы бойынша стиль:
- көркем-беллетристикалық стиль,
-қоғамдық-публицистикалық стиль,
-ғылыми стиль,
-профессионалды-техникалық стиль,
-ресми іс қағаздары стилі,
-эпистолярлық стиль деп тарамдалады [10, 140-б].
Cтилистика және стильдің мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, оның қолдану, қызмет ету мәселелерімен тығыз байланысты. Ресейде И.А. Бодуэн де Куртенэден басқа бұл мәселе төңірегінде Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур сияқты ғалымдар еңбек сіңірген. Сондай-ақ стилистика мәселелерін талдауға чехословакиялық «функционалдық-лингвистика» мол үлесін қосты. Тіл құрылымының зерттеуінен бастап, оның қызмет етуіне дейінгі функционалдық-стилистикалық зерттеулер ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары тереңдей түседі.
Орыс тіл білімінде стилистиканы зерттеген ғалым Н.Шанский стиль деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерін атайды [11, 40-б].
Қазақ тіл білімінде қазақ тілінің стилистикасын зерттеуші ғалымдар жоғары пікірлермен үндес пікірлерді айта отырып, қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін талдайды. Ғалымдар: «Стиль ұғымы-кең де күрделі. Әсіресе, функционалды стилистика мәселесі тіл ғылымының барлық саласын және жаңа ғылыми бағыттарды өзіне иемденіп отырады» [12, 2-б] «Стильдер - тілдің бәріне тән құбылыс. Стильдерді топтастыру проблемасы да – тіл білімінде тиянақты шешілмеген даулы мәселелердің бірі. Стильдерді топтастырудың дәстүрлі, қалыптасқан, бұрыннан белгілі принципі жоқ» [13, 19-б],-дейді.
Осыған байланысты қазақ тіл білімінде де түрлі топтастырулар бар.:
І Сөйлеу стилі
ІІ Кітаби жазба стильдер
Іс-қағаздар және ресми стиль
Публицистикалық стиль
Ғылыми стиль
Көркем сөз стилі [13, 19-б].
Ғалым Ә.Болғанбаев қазақ тілінде шешендік стиль қалыптасқандығы жөнінде: «Бұл стиль қазақ халқының көне тарихымен қоса жасалып келе жатқан бірден-бір көне стильге жатады» ,- деп атап көрсетеді [14, 5-б].
Профессор М.Балақаев «Қазақ тілінің стилистикасы» еңбегінде:
«Орта ғасырда Грецияда, Римде стиль – сөзге сендіру, нандыру тәсілі, стилистика риторика (шешендік) өнері болып саналған. Үнді оқымыстылары стильді мәнерлеп сөйлеу, ал стилистиканы мәнерлеу туралы ғылым деп есептеген. Кейін, ұлттық әдеби тілдің қалыптасу дәуірінде кейбір елдерде стиль белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құрал деген ұғымда қолданыла бастады. Бұл ұғым Россияға да кең тараған болатын. Мысалы, Ломоносовтың үш стилі (жоғары, орташа, төмен) осы жанрлық принципке негізделген» [13, 5-б], дейді.
Қазақ тілінің эпистолярлық стилі ресми стильмен бірге алынып жүргені белгілі. Эпистолярлық стиль хат мәтіні тілінің ерекшелігін, жазу мәнерін қарастырады. Эпистолярлық стильге ғалым Р.Сыздық: «бұл стиль – жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері» - [15, 229-б], -деп анықтама береді.
Орыс тіл білімінде ресми стильді арнайы зерттеген – В.В.Виноградов [16].
Ал М.П.Вяткин арнайы зерттеу жұмысын жүргізбесе де, қазақ хандары мен сұлтандарының орыс әкімшілігіне әр түрлі мақсатта жолдаған хаттарын өзінің «Қазақ ССР тарихы бойынша материалдар» деген еңбегінің 2,3,4 томдарында жариялаған [17].
Функционалдық стильдер тіл қай әлеуметтік салада қызмет ететіне байланысты қоғамның қажеттіліктері мен тілдік құралдардың даралануынан қалыптасты. Функционалдық стиль белгілері бір салаға тән ойлау түрін сәулелендіреді. Бұл экстралингвистикалық факторлар барлық тілдерге жалпы болып табылатындықтан, белгілі бір салада қызмет ететін әр түрлі тілдерде сөйлеуге деген бірдей талаптар іске асырылады. Бірақ іске асырған кезде әр тілде тіл жүйесімен негізделген өз ерекшеліктері бар.
С.И.Котков ресми стильді тілдік (кітаби-сөйлеу) және мазмұндық ерекшеліктеріне қарай :
1) эпистолярлық (жеке хаттар, грамоткалар);
2) актілік (іс қағаздары, заңдық-құқықтық мазмұндағы мәтіндер);
3) статьялық (статьялық тізімдер мен есептер) [18, 4-б]- деп бөледі.
Н.Тарабасова С.И.Котковтың жіктеуіне мынадай толықтырулар енгізеді: актілік стильге тек қана мемлекеттік акт-іс құжаттарын жатқызады, ал эпистолярлық түріне жеке хаттарды ғана емес, ресми және әкімшілік хаттарды, олардың аралық түрі болып табылатын хаттар (расспросные речи) мен ертегілерді қосады. Бұл жөнінде ғалым былай дейді: «Между этими существенно отличаюшимися по характеру проявления индивидуального начала видами материала деловой письменности, можно выделить своего рода переходит тип, в котором личные, вступая в чужой передаче, становится констатирующим, т.е.фактом делопроизводственным. Это так называемые расспросные речи и сказки» [19, 157-б].
С.Ю.Федюрко функционалдық стильдердің өзіндік ерекшеліктері мен түрлеріне талдау жасай келіп, мынадай тұжырым айтады: «Функциональные стили представляют собой функционально ориентативное членение литературного языка с целью наиболее эффективного обслуживания сфер коммуникации. Функциональные стили отличаются с одной стороны определенной стабильностью, определяют угол общения в различных сфер коммуникации, с другой стороны они динамичны, т.е. функциональный стиль приспособливается в новым формам обмена информации. Социальная функция деловой письменной речи крайне важна, т.к.именно деловая речь призвана обслуживать официальные и чрезвычайно важные сферы человеческих отношений: отношение между государственной властью и населением между странами, между предприятиями, между личностью и обществом» [20, 125-б].
«Әр функционалдық стильді жеке зерттеу олардың әрқайсысының түрлі аспектідегі қолданысын, қызметін, ерекшелігін көрсетуге, әр стильдің жеке стилистикасын танып білуге жол ашады» [21, 23-б] ,- дейді Л.Дүйсембекова.
Қазақ тіл білімінде ресми іс қағаздарының тілі мен стилі 60-70 жылдары зерттеле бастады. 1972 жылы Н.И.Ергазиеваның «Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке» [22] деген тақырыпта жазылған кандидаттық диссертациясын атауға болады.
Ф.Ш.Оразбаева, Қ.Т.Мұхамади іс қағаздардың үлгілерінің тіл ерекшелігінен гөрі, ресми документтердің лексикасына, оның ішінде ресми документтерге тән терминдердің қалыптасып, дамуы жөнінде қарастырады . Ғалымдар: «Іс-қағаздардың қоғам өміріндегі атқаратын қызметі өте зор. Іс-қағаздардың саяси, тарихи, құқықтық, әлеуметтік мәні зор»,-деп тұжырымдайды [23, 5-б]. Ресми стиль, іс қағаздар үлгілері Әбілқасымов Б. [24], Сыздықова Р. [25], Балақаев М., Жанпейісов Е. [26], Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. [12] және Л.Дүйсембековалар [27] еңбектерінде зерттеледі.
Көптеген ғалымдар хатты «Эпистолярлық стиль», «Эпистолярлық әдебиет», «Эпистолярлық жанр» деп атап жүр. Эпистолярия сөзі гректің «эріstole», яғни «хат» деген мағынадан шыққан ұғымды білдіреді. «Эпистолярлық» - «хатқа тән»; «хат түрінде жазылған»; «хаттан тұратын» деген ұғымдарды береді [28, 603-б].
Қазақ Совет энциклопедиясында: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грекше жолдау, үндеу) – сан алуан хат түрінде жазылған шығарма. Эпистолярлық әдебиетке жеке адамдардың бір-біріне жазған, мәдени маңызы бар, әдеби мұраға айналған хаттары да жатады» деген түсінік беріледі [29, 453-б].
Орыс тіл білімінде «Функционалдық және құрылымдық белгілері бар кез-келген мәтінді эпистолярлық» деп тұжырымдаған ғалымдардың пікірлерін кездестіреміз [16, 16-б].
Н.М.Кожина эпистолярлық стильге мынадай сипаттама береді: «Эпистолярный стиль – это исторически сложившаяся разновидность письменной речи, в которой используется несколько моделей структурной организации корреспонденции между учасниками общения, в том числе – письма и послания. Каждый стиль – это модель коммуникации, блогадаря которой информация не просто передается как высказывание сообщение источника речи, направленное к ее получателю; этот процесс является гораздо большей сложностью. Так, информирование в том или ином стиле характеризуется тем что осуществляется наилучшим для данной ситуации общения образом: выразительно, экспрессивно, в соответствии с целями и задачами общения, т.е. при помощи релевантных языковых средств»[30, 56-б].
Эпистолярлық деп хат белгілеріне тән және оның бейнелеуі үшін шынайы эпистолярлық коммуникация қызметіне және құрылымдарына ие әртүрлі мәтіндерді айтамыз.
Эпистолярлық қызмет жеке коммуникативті актіге (хатқа), сол сияқты тұтас интеракция (әртүрлі хаттар жиынтығы) үшін спецификалық композициялық – тілдік форма құрастыратын тілдік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Бұл мәтіннің макроқұрылымы деңгейін құрайтын немесе мәтіннің микроқұрылымы деңгейін құрамайтын форма түрінде қолданылады.
Эпистолярлық коммуникативтік жағдай – бұл уақытша-кеңістікте ажыратылған нақты қатысушылар арасындағы тілдесудің, сөйлесудің жазба түрі арқылы жеке тұлғалардың көп аспектілі әрекеттестіктігін жүзеге асыратын және адресат пен адресант арасындағы тұрақты емес ассимметриялық қызметпен сипатталатын тілдік коммуникация түрі болып табылады.
Эпистолярлық коммуникация жалпы түрге тән коммуникацияға қосу арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, почта қызметі типін алатын болсақ, почта қарым-қатынас құралы түрінде емес, жеткізу объектісі ретінде болады. Осы мақсатта хаттың ерекше сыртқы «кеңістік» аясы – конверт болып табылады. Ол хатты қорғаушы қызметін атқарады: эпистолярлық коммуникацияға қатысы жоқ адамдардан бөледі немесе олардың қол жеткізуінен қорғайды. Осылайша конверт, тыңдаушының екі тобына арналып бағытталған жанама тілдік акт ретінде қызмет атқарады.
Эпистолярлық коммуникацияның нақты мазмұны оған қатысушылардың мәдени-әлеуметтік деңгейі мен қажеттілігіне қарай өзгеріп отырады. Осы негізде тұрақты тілдік құрылымдардың типтері, тілдік, сөйлеу жанрлары қалыптасады.
Эпистолярлық коммуникация нысанының спецификасы хат мәтінінің түрлілігі мен өрнектілігінен, сол сияқты объект тілінің оның субъектісіне жақындығынан байқалады.
Эпистолярлық интеракция үшін коммуникативтік қызметінің жиілік, сирек белгілері тән.
Эпистолярлық коммуникативтік жағдайдан туындайтын эпистолярлық жанрлардан тек әдеби коммуникация саласында қызмет ететін жанрларды айыруға (эпистолярлық сатиралық журнал, эпистолярлық саяхат, эпистолярлық повесть, жолдау және т. б.) болады.
Эпистолография (грек - жолдау) – «хат» немесе «жолдау» түрлері қолданылатын шығармалардың тектері мен түрлері болып табылады. Олар тұрмыстық хат алмасулар негізінде дамыды, хаттар айналымын әңгіме түрінде баяндалатын нысанға айналдырып, «хатты» шығармашылық шарттылықтардың негізгі заңдарына бағындырды.
Сондай-ақ, эпистолярлық әдебиетке тарихи-мәдени маңызы бар көрнекті қайраткерлердің хаттары енеді.
Эпистолярлық стиль жөнінде, Аристотельдің айтуынша, авторға «өз қалпында қалуына» мүмкіндік береді. Олар – қоғамда таралған сыр білдіру хаттары, жолдау хаттары. «Хаттар» құжаттық әдебиетке жатады, сонымен қатар «деректілік» әсерін пайдаланатын тікелей куәліктер, хабарлаулар болып табылады және осыған байланысты аса бір сендірушілік қасиетке ие болады.
Эпистолярлық стильдің функционалдық стильдер жүйесіндегі орны
Эпистолярлық стильдің ресми-іс қағаздар стилі ішінде қарастырылып келгені белгілі. Орыс тіл білімінде эпистолярлық стиль ресми-іс қағаздар стилінің шағын түрі ретінде алынып, эпистолярлық жанр деп аталып жүр.
Эпистолярлық стильді ресми стильден бөліп алып, оның жеке шағын түрі ретінде қарастыруымыздың мәні зор. Себебі, эпистолярлық жазбалар тілінің ресми іс-қағаздар тілінен өзгешелеп тұратын өзіндік стильдік белгілері, лексика-грамматикалық ерекшеліктері бар. Функционалдық стильдің өзге түрлері сияқты өз алдына дара стильдік белгілерінің болуы оны ресми стильден ажыратып, шағын стиль тармағы ретінде қарастыруымызға негіз болады.
«Стильдік белгі дегеніміз – белгілі бір функционалдық стильдің даралығын, басқа стильдерден өзгешелігін танытатын қасиеті. Стильдік белгі тілдік құралдардың белгілі жиынтығымен және сол стильдің өзіндік қолданыс жүйелілігімен айқындалады. Стильдік белгіні стилистикалық сапа, қолданыс тілінің белгісі деп атаушылық та кездеседі. Қалай болғанда да, сол стильдің өзге стильдерден айырмашылықтарын танытатын ерекшелік ретінде ұғынылуға тиіс» [1, 39-б].
Қазақ тіл білімінде эпистолярлық жанр, эпистолярлық стильдің пайда болуы мен дамуы, қалыптасуы, өркендеуі туралы ғылыми түрде зерттеліп, толық талданған арнайы еңбек жоқ. Сондықтан, эпистолярлық стильді саралап, зерттеу бүгінгі таңдағы тіл білімі үшін маңызды.
Ғалым М.Серғалиев: «Функционалдық стильдердің қай-қайсы да шағын стильдерге жіктеледі. Егер стиль – қоғамдық тарихи жағынан қалыптасқан тілдің (қолданыс тілінің) бір түрі болса, шағын стиль дегеніміз – стильдің тарихи қоғамдық жағынан қалыптасқан түрі. Шағын стиль әр стильдің құрамында және белгілі бір мәтінге ғана байланысты болады» [1, 55-б] ,-дейді. Сонымен қатар ғалым әр стильдің шағын стилін көрсете келе, көркем әдебиет стилін шағын стильге ажырату олардың жанрлық ерекшеліктеріне байланысты болады деген тұжырым айтады. Ресми стильдің шағын стильдері деп «таза заң ресми шағын стилі, дипломатиялық ресми шағын стиль, кеңсе қағаздары ресми шағын стильдерінен тұрады» [1, 55-б],- дей келіп, «Функционалдық стильдер ішінде ерекше тілдік жүйеге құрылған ауызекі сөйлеу стилі, қазақ ұлттық әдеби тілінің жіктелуінде айрықша орын алады» [31, 56-б] ,- деп атап көрсетеді.
Біз қарастырып отырған эпистолярлық стиль эпистолярлық стиль ресми стиль ішінен орын алатын, ауызекі стиль элементтері жиі ұшырасатын шағын стиль болып табылады. Өткен дәуірлердегі хат мәтіні тіліндегі лексика-грамматикалық ерекшеліктерді айқындап, сыры ашылмаған сөздерді қазіргі тілмен байланыстыра зерттеу – сол дәуірдегі тілді сипаттауға, даму ерекшеліктерін, стильдік қолданысын айқындауға септігін тигізеді.
Эпистолярлық стильдің функционалдық стильдер ішіндегі орнын айқындау – қазақ тіл білімінің стилистика саласындағы маңызды мәселе.
Эпистолярлық стильдің өзіндік табиғатын айқындау үшін өзге функционалды стиль түрлерімен салыстырып қарастырудың мәні зор.
Функционалдық стильдерге қойылатын белгі кейде бірнеше түріне ортақ болуы мүмкін. Мысалы, ғылыми стильдің өзге стильдерден даралайтын белгісі – нақтылық балғанмен, бұл белгі іс қағаздарына да қойылатын талап. Жазба тіл мен сөйлеу тіліне тән белгілер стильдердің бірнешеуіне ортақ болып келеді.
Эпистолярлық стильді функционалдық стиль түрлерінен даралауда өзіне тән стильдік белгілерін айқындауда осындай ортақ белгілердің қайсысы басым қолданылатынына назар аударамыз. Бұл орайда «Функционалдық стильдің анықтамасында айтылған тілдің қоғамдық - әлеуметтік қызмет түрінің стильдің қай түрінде басым болып келу арқылы ерекшелігін сипаттайтыны сияқты, функционалдық стильдің белгілі бір түрінің стильдік белгілері туралы сөз болғанда да сол белгілердің қай стильде басым қызмет атқаратынына мән беру керек болады» [32, 41-б] ,- деген тұжырымға сүйену қажет.
Қазақ әдеби тілінің әрбір функционалдық стилі өзіндік өзгешеліктерге ие. Осы ерекшеліктері арқылы олар бір-бірінен дараланады.
«Әдеби тілдің функционалдық стильдерінің тығыз байланыста болуы, олардың саралануының кейіннен пайда болған құбылыс екенін растайды. Бұл байланыс бір функционалдық стильге тән амал-тәсілдің екінші бір функционалдық стильде қолданылуынан, бір функционалдық стильдің екіншісіне әсер етуінен, соның нәтижесінде әдеби тілдің стильдер жүйесінің дамуынан байқалады. Бір стильге тән тілдік ерекшеліктердің екіншісіне ауысып, өнімді қолданылуы стильаралық диффузия деп аталынады» [33, 85-б]. Әр стильдің белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін танып, білу арқылы бір-бірінен ажыратамыз. Мысалы, ауызекі сөйлеу стиліне қарым-қатынастың бейресмилігі мен еркіндігі, сонымен бірге сөзге субьектінің, тікелей араластындығы, тіл бірліктерінің бірден дайындықсыз жұмсалатындығы, ауызша сөйлеу түрінің басым болып келуі жатады. Ауызекі сөйлеу стилінің белгісін анықтай келе, ғалымдар диалогтің жетекші орын алатындығын (монологтің болатынын да теріске шығаруға болмайды) назарға алады [7, 209-б].
Аталған стиль түрінің сипаттамасын академик М.Серғалиев:
«- кітаби тілден тыс тілдік құралдардың белсенділігі, соның ішінде барлық
тілдік деңгейлердің әдеби тілден тыс элементтердің қолданылуы;
- фонетикалық, синтаксистік, кейбір морфологиялық деңгейлердегі тілдік единицалардың толық қолданылмауы;
-барлық деңгейлердегі тілдік единицалардың нақтылы, тура мағыналарында жұмсалуы;
- субъективтік баға беруші тілдік құралдардың жиілігі;
- окказионализмдердің болуы;
- жіктеу есімдіктері мен конструкциялардың көп пайдаланылуы т.б.» [1, 57-б] ,- деп саралап көрсетеді.
Бұл аталған белгілердің кейбіреулерінің басқа функционалдық стильдерде де кездесуі мүмкін. Осы саналған белгілердің барлығын тұтастай алғанда, ауызекі сөйлеу стилінің ерекшеліктерін құрап қалыптастырады. Бұл сияқты негізгі сипаттар ресми стиль мен ғылыми стильде, публицистикалық стильде де бар. Эпистолярлық стильдің ерекшелігін қарастыруда ауызекі сөйлеу стилінің белгілерін эпистолярлық стильден іздейміз.
Ауызекі сөйлеу стилі сияқты эпистолярлық стильге төмендегідей сипаттар тән:
- сөйлеушінің сөзге тікелей араласуы;
- барлық деңгейлердегі тілдік единицалардың нақтылы, тура мағыналарында жұмсалуы;
- субъективтік баға беруші тілдік құралдардың жиілігі;
- кітаби тілден тыс тілдік құралдардың белсенділігі, соның ішінде барлық тілдік деңгейлердің, әдеби тілден тыс элементтердің қолданылуы;
- фонетикалық, синтаксистік, кейбір морфологиялық деңгейлердегі тілдік единицалардың толық қолданылмауы; т.б. сол сияқты өзгешеліктер -қарастырылып отырылған стильге де қатысы бар құбылыстар. Демек, бұл белгілер – эпистолярлық жазбалардың ауызекі сөйлеу стиліне жақын екендігін танытатын белгілер.
«Сөйлеу стилі белгілі бір жағдайда тікелей жасалатын қатынас стилі болғандықтан, ол сөйлеудің ауызша формасымен тығыз байланысты. Ауызша сөйлеуде еркіндік басым келеді... Сөйлеу тілінің өзіндік ерекшелігін жасайтын айрықша белгісі – жағдайға (ситуация) байланысты сөйлеу мәнері. Сөйлеу мәнеріне қарай тілдік единицаларды қолдану өзгешелігі болады. Ол ерекшелік, ең алдымен, ондағы лексика-фразеологиядан байқалады» [13, 20-21-бб].
Эпистолярлық стильдің ауызекі сөйлеу стиліне жақындығы қарапайым сөздердің жұмсалуы, субъектінің тікелей көзқарасының берілуі, сөйлем құрылысының ауызекі сөйлеу тіліне тән инверсияға құрылуы, т.б.
Эпистолярлық мәтіндердің сөйлем құрылысы күрделі болып келуі, өзіне ғана тән жазу мәнерінің болуы, көп жағдайда хаттар тіліне эмоционалдық, бейнелеу тән болмауы дараландырады. Алайда кейбір жеке хаттар автордың толғандырған жеке ойларын, құлшыныстарын, әр түрлі жағдайлардан алған әсерлерін баяндауға құрылуы мүмкін. Бұл орайда айта кететін жайт, жеке хаттар өзінің мазмұны жағынан іскери хаттарға қарағанда әртүрлі болады, оларда қоғамдық қажеттіліктен бастап, жеке адам басындағы сыршылдық мазмұндағы әр түрлі жайттарға дейін баяндалады.
Ғалым Ю. С. Степановтың пікірі бойынша эпистолярлық жанр мен стиль шегінде түрлі жанрлар мен стильдер көрініс табады. Жанр деген түсінікке тоқталсақ, «жанр – өте айқын композициялық құрылым», «жанр- композициялық бірлік», «жанр – мәтіннің біртұтас жүйелі құрылымдық ұйымдасуы» [34, 247-б]. Бұл анықтамаларға сүйенсек, түрлі хат топтарын олардың композициялық құрылымы ортақ принципке біріктіреді, жанр ретінде қарауға мүмкіндік береді.
«Сөйлеу барысында сөз таңдауға, сөйлем түрлерін сұрыптауға мән аз берілгендіктен, оған қажеттілік аз болғандықтан, сөйлеу тілінің санаулы ғана сөйлемдерден тұрып, стандартқа айналуына таңдануға болмайды. Солай болғандықтан сөйлеу тілінің фразеологизмдері мен мақал-мәтелдері де сан жағынан оншалықты көп болмайды» [35, 54-б]. Бұл белгілердің кейбіреулері эпистолярлық стильде де ұшырасады.
Хат мәтінінің тілінде морфологиялық тұлғаларды қолданудағы елеулі өзгешеліктер, лексикалық ерекшеліктер мен сөйлем құрылысындағы даралық сипат оны ресми іс қағаздары стилінен ерекшелеп тұрады. Сонымен қатар, бұлардың ортақ белгілері де бар.
«Функционалдық стильдердің қолданылу тәжірбиесіне қарағанда тілдік элементтердің немесе стильдік құралдардың бір-біріне ауысып жүретіндігі сияқты, тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметтері де стильдердің бірнешеуінде байқалуы мүмкін» [1, 28-б]. Ресми іс-қағаздарына тән, көркем әдебиет стиліне тән кейбір белгілердің эпистолярлық стиль үлгісіндегі шығармаларда кездесуін осы тұрғыдан түсіндіруге болады. Дегенмен, эпистолярлық стильді шағын өз алдына жеке стиль екендігін дәлелдеу үшін ауызекі сөйлеу стиліне ұқсастығы мен өзгешелігін дәлелдеп көрсету – эпистолярлық стильдің табиғатын тануға мүмкіндік туғызады.
Эпистолярлық стиль үлгісіндегі хаттар ресми стильден мазмұны, көлемі, жазылу үлгісі жағынан ерекшеленеді. Эпистолярлық хаттар белгілі бір қалыптасқан үлгідегі баяндау тәсілімен жазылады және бұл хаттардың лексика-фразеологиялық құрамы (саяси-публицистикалық сипатта, әкімшілік терминдер, саяси терминдер, т.б.) өзгеше болып келеді.
«Іс қағаздары стиліне әр түрлі мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері жатады. Іс қағаздары белгілі бір форма бойынша жазылады. Ол форманың түрлі үлгілері болады. Іс қағаздары көбінесе сол үлгілер бойынша жазылады. Ресми стильдің көлем мазмұн жазылу формасы жағынан іс қағаздарынан біраз ерекшеліктері бар. Ресми қағаз белгілі бір қалыпқа (штампқа) түсіп отырады, онда сөз қолданысы ерекше болады» [13, 31-б].
Ресми стильдің төмендегідей негізгі тілдік белгілері болады:
- тілдік құралдарды қысқа қолдану;
- материалдардың стандарт түрінде орналасуы;
- терминдер мен номенклатуралық ұғымдардың мол жұмсалуы;
- баяндаудың жүйелі сипаты;
- сөйлемдегі сөздердің дағдылы орын тәртібі;
- эмоционалдық- экспрессивтік мәні бар сөздердің мүмкіндігінше аз қолданылатындығы;
- индивидуалдық стильдің әлсіздігі.
Бұдан басқа да тарамдап айтуға болатын белгілері де кездеседі, бірақ осы аталғандардың бәрі топталып келгенде, ресми стильдің даралығын құрайтыны сөзсіз. Жеке-дара алғанда, сөз болған белгілердің кейбіреулерінің өзге де функционалдық стильдерде ұшыраса беруі әбден мүмкін [36, 79-б].
Мысалы, хаттаманы алар болсақ, ресми стильге тән өзінің жазылу мәнері үнемі сақталып отырылады. Үш басты бөліктен тұрады: қандай мәселе тыңдалды, екінші жарыссөз беріледі, үшінші шешім, қаулы қабылдануы тиіс. Хаттамаға міндетті түрде төраға мен хатшы қол қояды. Нақтылық, дәлдік қажет етіледі.
Ал эпистолярлық стильдің де өзіне тән осындай лингвистикалық белгілері бар. Олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады:
- белгілі бір қалыптасқан үлгіде, баяндау тәсілімен жазылуы;
- лексика-фразеологиялық құрамының (саяси-публицистикалық сипатта, әкімшілік терминдер, күрделі терминдер, т.б.) өзгеше болып келуі;
- эмоционалдық, бейнелеу құралдарының көп қолданылмауы;
- ойдың логикалық жүйелігін сақтау мақсатымен сөйлемдер құрылысының күрделі болып келуі.
Ресми стильдің де лексика-фразеологиялық құрамы басқа әдеби тіл стильдерінен мүлдем ерекше, яғни, бұл стильдің өзіне ғана тән лексикалық единицалары мен фразеологиялық тіркестері болады. Ресми стильдің құрамындағы лексика бейтарап сөздер мен кітаби сөздерден тұрады. Ауызекі сөйлеу тілінде жұмсалып жүрген лексика-фразеологиялық единицалар ресми стильдің қарауына түскенде басқаша сипат алуы әбден мүмкін. Ол сөз болып отырған стильдің жинақылығына, нақтылығына тікелей байланысты. Былайша айтқанда, ауызша сөйлеу дағдысында айтыла беретін толып жатқан варваризмдер, диалектизмдер немесе жаргонизмдер ресми тілде солармен синонимдес сөздермен алмасулары қажеттік болып табылады [37, 87-б. 62 -т].
Эпистолярлық стильдің лексика-фразеологиялық құрамында көбінесе саяси-публицистикалық сипаттағы сөздер, әкімшілік терминдер, саяси терминдер ұшырасады.
Жеке хаттарда өмірдің әр қилы құбылыстарына байланысты бақылау, ой қорыту сияқты сезім мен әсерді бейнелейтін қасиет те бар. Эпистолярлық стильдегі туындылардың бұл белгісі оны ресми стильден ерекшелеп, көркем әдеби стиліне жақындатады. Ресми және іскери хаттар бойынан ресми тілге тән белгілер көп ұшырасса, тұрмыстық хаттарға көркем әдеби стиль мен ауызекі сөйлеу стиліне тән белгілер ортақ. Ресми хаттар эпистолярлық жазбаларды ресми стильмен ұштастырады. Мысалы ресми хаттардың белгілі бір рәсімдеу үлгісі бар. Бұл хаттардың тіліне күрделі синтаксистік құрылымдар тән, сөйлемдері созылыңқы, құрмалас болып келеді. Сол кезеңдегі ресми стильді анықтайтын сөздер, сөз тіркестері, әртүрлі фразеологизмдер қалыптасқан. Ондай хаттарға Айшуақ ханның хатын жатқызуға болады. Оның себебі, Айшуақ ханның хаты небәрі төрт-бес сөйлемнен тұрады, ал хаттың көлемі бір бет. Сөйлемдері шұбалаңқы, күрделі. Сондай-ақ, іскери хаттарда эпистолярлық жанр туындысы болса да, ресми стильмен сабақтасып жатыр. Бұл хаттың бір ерекшелігі - хаттың аралық түрі – ресми-іскери хат арқылы ресми хатпен тығыз байланысты болып келеді. Хаттың бұл түрі ресми хат пен іскери хаттың өзіне тән ерекшеліктерін өз бойына жинақтаған. Сонымен қатар эпистолярлық үлгілерде әр түрлі қызмет салаларынан қажетті ақпараттар мен тұрмыстық және өмірбаяндық мағлұматтар да беріледі. Осындай мазмұндық ерекшеліктерімен қатар эпистолярлық стильде өзге функционалдық түрлерінен даралап тұратын фонетикалық, лексикалық, грамматикалық айырмашылықтары бар.
Ресми хаттар ақпараттың дәлдігімен, нақтылығымен ерекшеленеді. Образдылық, әдемі, әсерлі бейнелеуіштік сөздер тән емес. Мысалы, ресми құжат болып табылатын жолдама хат мәтініне үңілсек,
Жолдама хат
Қазақ мемлекеттік
Ғылыми-техникалық ақпарат
Ғылыми-зерттеу институтының
директорына
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіндегі филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын ДР 14.05.04 диссертациялық кеңес 10.02.02.-қазақ тілі мамандығы бойынша Темірбекова Гүлжамилия Өмірбекқызының «Қазақ тіліндегі есімшенің мағынасы мен қызметінің дамуы» атты кандидаттық диссертация жұмысын және авторефераттың 2 данасын мемлекеттік тіркеу мен микрофильмнен өткізу үшін жіберіп отыр.
Диссертацияның қорғалған күні 14 ақпан 2000 жыл.
Диссертация кеңес төрағасы,
филология ғылымдарының
докторы, профессор Т.Т. Ғалымов
Жолдама хаттың ерекшелігі нақтылығы мен дәлдігінде, ақпаратты жіберуші стильдік норманы қатаң сақтайды. Субъектінің жеке көзқарасы, ойы берілмейді, қатаң талаппен жазылады. Жолдама хат - ресми стильде жазылады.
Эпистолярлық стильдің көркем әдебиет стилінен даралығы және ұқсастығы жағына келетін болсақ, әдеби хаттар, сыршыл достық хаттар, тұрмыстық хаттар оны көркем әдеби стильге жақындатады. Дегенмен эпистолярлық стиль көркем әдебиет стилінен белгілі бір жазу мәнері арқылы да дараланады.
«Көркем әдебиеттің стильдік ерекшеліктері жалпы халықтық тілде кездесетін фактілердің барлығын да қолдана беруден бас тартпайды. Сондықтан көркем әдебиет шығармаларда әдеби нормамен қатар ауызекі тіл элементтері де, диалектизмдер де жаңа қолданыстар мен варваризмдердің кездесуі заңды» [38, 105-106-бб] ,-деп тұжырымдайды.
Сондай-ақ ғалымдар көркем шығарма тілінің басқа стильдегі әдебиеттер тілінен ерекшелігі көркем әдебиетте барлық стильдік құбылысқа тән сөз үлгілері мен саяси терминдер, ғылыми атаулардың кездесетіндігінде екендігін айтады. Көркем әдебиет стиліне тән ерекшелік, осы стильде орындалатын еңбектердің басты міндеті эстетикалық тәрбие беретіндігімен тығыз байланысты болып келетіндігінде екендігін көрсетеді. Яғни көркем шығармада «сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі алғашқы орында»,-деп анықтайды [38, 105-106-бб]. Байқағанымыздай көркем әдебиет стилінің ерекшеліктері эпистолярлық жазбаларда кездесе бермейді. Атап айтқанда, сөздердің образдылығы, бейнелілігі, ауыспалы мағынада жұмсалуы көркем әдебиет стиліне тән құбылыстар болса, эпистолярлық стильдің бір ерекшелігі - тілдегі сөздер тура мағынасында қолданылады. Көркем әдебиет стиліндегі туындыларда сөздердің ауыспалы мағыналары жиі қолданылатыны көпшілікке белгілі. Мұндай мағына көп жағдайда көркем әдебиет тілінде, публицистика тілінде мол жұмсалады.
Эпистолярлық үлгідегі шығармалар тілінде фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер де көп қолданылмайды. Тілдің бейнелі көріктегіш құралдары мен астарлы мағынадағы сөздер де аз кездеседі. Хат тілінде сөздердің ауыспалы мағыналары қолданыла қалса, ол белгілі бір мақсатқа байланысты болып жатады. Айталық, әзіл-оспақ, құрбылардың қалжыңы ретінде метафораны да, метонимияны да, синекдоханы да т.б. қолдануға тыйым салынбаса керек, ал жалпы, хат тілінің табиғатында сөздердің тура мағынасының қолданылатынын тағы баса айтуға тура келеді. Ол оны көркем әдебиет стилінен ерекшелендіреді. Эпистолярлық стиль көркем шығармалар тілінде қолданылады. Эпистолярлық стильде жазылған шығармалар көрнекті тұлғалардың, ақын-жазушылардың немесе қоғам қайраткерлерінің әлеуметтік мәселелерге арналған тақырыптарға жазылған хаттары түрінде де келеді. Бұлар кейде проза түрінде, кейде өлең түрінде жазылады. Бұларда көркем шығарма тіліне тән қасиеттердің бәрі де ұшырасады.
Басқа стильдерден гөрі көркем әдебиет тілінде эстетикалық қызмет басым орын алады. Шығармадағы адамдар арасында болатын қарым-қатынас арқылы, кейіпкерлердің әр түрлі ортада, қуаныш немесе күйініш сәтін бейнелеу үстінде жазушы сөздің эстетикалық мәніне баса көңіл бөліп отырады. Айталық, іс қағаздары мен ғылыми мақалалар немесе алдын ала ешбір дайындықсыз қолданылатын ауызекі сөйлеу тілінде жиі ұшырасатын сөздермен салыстырғанда, көркем әдебиетте сөздерді ойлана, саралай, таңдап, сұрыптап қолданудың нәтижесінде, әрі жазушы шеберлігіне байланысты образдылық қуаты айқын ашыла түседі.
«Көркем әдебиет тіліне тән келесі бір ерекшелік – көп стильділігі. Мұның мәнісі – көркем әдебиетте басқа функционалдық стильдердің элементтері кездесіп отырады деген сөз. Көркем туындының, әсіресе прозаның көп кейіпкерлерден, оқиғалардан тұратынын ескерсек, тілдік құралдардың да көп түрлерінің пайдаланылатыны белгілі. Айталық, шығарма кейіпкерлерінің сөйлесіп, тіл қатысуы көп жағдайда ауызекі сөйлеу стилін еске салады. Сондай-ақ оқиғаға қатысушы адамдардың әр түрлі қызмет бабында болуына қарай әр алуан іс қағаздары мен ресми құжаттардың стиліне ұқсас сөздер мен сөйлемдердің ұшырасуы да мүмкін: басқару органының адамы болса, тиісті қаулы-қарарлардың үлгілері немесе сан түрлі анықтамалар, өмірбаян, өтініш сияқты құжаттар болары рас. Кейіпкер ғылымға қатысты болса, ғылыми еңбектің үзіндісі немесе ғылыми ортада болып жататын баяндамалар мен жарыссөздердің болуы да шындық. Қысқасы, көркем әдебиеттің тіліндегі құрамдық мәселесі осындай көп стильдік мәселесімен ұштасып жатады. Бұл, әрине, басқа стильдердің бәрі көркем әдебиет тіліне тәуелді немесе соның құрамына енеді деуге негіз бола алмайды. Әңгіме өзге стильдерде жиі кездесетін тілдік белгілердің орайымен көркем әдебиет тілінде де ұшырасатындығында болып отыр. Шындығында, көркем әдебиет тілі өзге стильдер сияқты, жеке-дара функционалдық стиль болып табылады» [38, 140-б].
Эпистолярлық стильді көркем шығарма стилінен ерекшелейтін белгі – көркем шығарма тілінде мол ұшырасатын бейнелеу, көріктеу құралдары бұл түрінде көп жұмсала қоймайды, оның орнына тура мағыналы сөздер жұмсалып, ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын лексемалар орын алып, диалектілік ерекшеліктер, әдеби тілден тыс жатқан тілдік бірліктер де кездесе береді.
Айшықтау құралдарының, яғни образды, астыртын мағыналы, бейнелі тілдік құралдарының жиі қолданылуы көркем әдебиет тілінің бір ерекшелігі деп есептелінеді. Тілінің осындай бейнелі болып келуі, әрбір сөзді орнын тауып, дәл стильдік мақсатта шеберлікпен жұмсаудың нәтижесінде жазушы қаламынан туған еңбек көркем әдебиет деп аталады.
Тіліміздегі троптардың, стилистикалық фигуралардың еркін де жан-жақты қолданылуы әсіресе көркем әдебиетте жүзеге асады.
Басқа стильдерде кездесе бермейтін қасиет - көркем әдебиет тілінде автордың шығармашылық даралылығының арқасында соны, авторлық тың тіркестер мен теңеу, эпитет, троп түрлерінің қолданылуы. Бірақ эпистолярлық үлгідегі туындыларда көріктеу, бейнелеу құралдары мүлде қолданылмайды деген қорытынды жасауға болмайды. Көріктеу құралдарының қолданылуы көркем әдебиет стилінде басты қасиет болса, эпистолярлық шығармалар тілі олардың аз қолданылуымен көркем әдебиет стилінен ерекшеленеді.
Бұдан шығатын қорытынды, функционалдық стиль түрлері бір-бірімен байланысты, олардың біріне тән қасиет екіншісінде ұшырасып қолданысқа түсіп жатады. Сондықтан оларды бір-бірінен ажыратуда бұл белгілердің қай стильде көбірек орын алатынына назар аударамыз.
Мысалы, әдеби хаттарда әдеби көркем шығармаға тән барлық ерекшеліктер кездеседі. Эмоционалдық-экспрессивтік, бейнелілік, көркемдік қасиеттер тән, сондықтан әдеби хаттарда көркем әдебиетте қолданылатын стильдік-бейнелілік құралдардың барлығы дерлік кездеседі. Сонымен қатар, әдеби хаттарда өзіндік авторлық баяндау стилі бой көрсетіп отырады. Мысалы, әдеби хат Қасым Аманжоловтың Сәбит Мұқановқа жазған хатының нұсқасы.
«Қадірлі Сәке!
Жазған жанр хатыңызды алып, Көкшедей көңілімнің қуанышы Бурабайдай шалқыды. Хатыңызды – сіздің сөз сауытыңыздан жаңада шыққан тамаша бір романдай сүйсініп оқыдым. Хатыңыз арқылы бүкіл ұлы өмірдің бірсыпыра суреттерін көрдім. Әсіресе, қазақтың советтік әдебиеті мен искусствосының жаңалықтарын жазғаныңызға ризамын…
Маған неге өлең жазбайсың деп «мүдіртуіңіз» өте орынды. Жазу керек. Бірақ, менің ынта- зейінім Отан соғысының ұлы күйін тыңдауға аударылғандықтан, ұсақ-түйек шығармаға алаң болғым келмейді. Сұрапыл соғыстың концерті біткен соң поэзия ұясына қайта қонып, Отан соғысының ұлы хикаясын шындап бір шертсем деймін. Болашақ игілікті шығармалардың желісі жанымда тартылып жатыр.
Жанымда жанар таудай жатыр жырым
Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым,
Көрерсіз жанар таудың атылғанын-
Жаңғыртып ойдың шыңын, жан түпкірін
Өлеңнің қаптатармын отты селін-,
Толассыз топанындай ертегінің,
Білерсіз сонда Сәке, кім екенін –
Құландай құйындатқан тентек інің.
Қадірлі Сәке, жаза берсем бітетін емес.Қалғанын қайтқан соң жазамын. Менің бұл хатым сіздің архивіңізде жататын шығар. Қайтқан соң көшірмесін берерсіз. Мен мұнда архив сақтамаймын ғой.
Жалпы, халім жақсы. Беделдімін. Ден сау. Көңіл көтеріңкі. Мына… Гитлердің дүниеге салған сойқаны мені аз уақытқа әдебиет өмірінен аулақтатып тұр. Уақасы жоқ. Қарақшыға жеткенше көп уақыт бар. Жолда бөгелсем де өмір бәйгесінен құр қалмаспын. Әйтеуір бір ұлы сенім көңіліме ұялап алды. Тегі сол сенім ақталатын шығар. Сұрағандарға сәлем.
Ініңіз Қасым (Аманжолов – авт.) 30.03.1942 ж»[39, 276-б ].
Хаттардың көркем шығармадан айырмашылығы:
- Адресатқа бағытталғандығы;
- Өзіндік коммуникативтік мақсаты бар;
- Хат әдеттегідей аман-саулық сұраудан басталады;
- Хат соңында сәлем жолдайды.
Көркем туындыға ұқсайтын тұстары образды сөздердің қолданылуы. Көкшедей көңілдің бурадай шалқуы, сұрапыл соғыстың концерті, поэзия ұясы, әдебиет өмірі, гитлердің дүниеге салған сойқаны, ұлы сенім , Отан соғысының ұлы күйі т.б. – эпитет, метафора, перифраза, кейіптеу, әсірелеу сияқты айшықтау құралдарының жұмсалуы, хат жазушының көңілін әсірелеп жеткізуі – көркем шығармаға тән қолданыстар. Хатта хат жазушының хабары өлең жолдары арқылы өрілген. Поэзияға тән метафораларға құрылған. Троптың барлық түрі жұмсалып тұр. Өлеңнің отты селі, жанар таудай жыр, толассыз топанындай ертегінің гиперболаға құрылған жолдары оқырман сезіміне әсері ерекше. Дерексіз ұғым сенімнің ұялап алуы, көңілдің бурадай шалқуы, соғыстың концерт қоюы, жырдың жанар таудай ақын жанында жатуы т.б түрлене жұмсалған ауыспалы мағынадағы сөздер эпситолярлық стиль мен көркем әдебиет стилін тоғыстырады.
Кейбір әдеби хаттардың сөйлемдері ықшам, оқуға, қабылдауға жеңіл (салалас,сабақтас құрмалас сөйлемдер аз кездеседі.). Мысалы, Мұхтар Әуезовтің Ғайнижамалға жазған достық хатын алсақ, хат басқаларға қарағанда бірден кездесе алмауының себебін түсіндіруден бастайды да, «Өзіңнің Мұхтарың» деп қол қояды. Хат мәтіні «Ал, мен қазір үшінші айға тағы осында қалып отырмын, бірақ Сіз айтқан сөзге көнерсіз бе? Қысқасы,маған оңай тиіп жүрген жоқ, Сізбен бірге болармын-ау деген арман адыра қалды, әйтсе де Сізге баруға еш мүмкіндігім жоқ. Шамаңыз келсе сөге жамандамассыз!
Өзіңнің Мұхтарың
Р.S. Мекен-жайым: «Националь», 335-бөлме
Сіздің Халкомыңызбен танысуға тырысқан жоқпын, әлгі бір айтқаным- сөз арасында, қыстырма әңгіме ретінде ғана айтылған жайт» [40, 147-б].
Эпистолярлық стильдің аталған белгілері оны функционалдық стильдің өзге түрлері сияқты, өзіне тән лингвистикалық, экстралингвистикалық белгілері, сонымен қатар кез келген стиль түрімен ортақ белгілері кездесетін, функционалдық стильдер жүйесіндегі өзге түрлерінен дараланатын стиль тармағы деп есептеуге мүмкіндік береді. Эпистолярлық құндылықтар тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жасау ұлттық әдеби тіл қалыптасуының негізгі үрдістері мен жазба түрлерінің, оның ішінде эпистолярлық стильдің эволюциялық процестері жөнінде белгілі ережелерді тереңдетеді, толықтырады және оған тән ерекшеліктерді анықтайды. Бұл стиль элементтері көркем шығармаларда да кездеседі. Қарастырылып отырылған стильде жазылған шығармалар сол дәуірдің ауызекі сөйлеу тілінің, сондай-ақ әдеби тіліндегі фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерді айқындауға мүмкіндік береді. Мұндай хаттардың бәріне ортақ ерекшелік – оларда адамның кез келген жерде аша бермейтін құпия сырлары немесе ең бір аяулы жан сезімдері терең ашылады. Хат түріндегі шығарма жазушыға қаһармандарын барынша ашық, тебірене сөйлеуге, ішкі дүниесін бүкпесіз ақтаруға мүмкіндік береді. Сондықтан эпистолярлық стильді көркем шығармада қолдану – жазушы үшін кейіпкердің ішкі сезім сарайын ашуда, оның барлық ішкі толқынысын, тебіренісін ақтарып салып, сол арқылы оқырман көңілінен орын табуда таптырмас тәсіл болып табылады.
«Функционалдық стильдердің қай-қайсы да белгілі заңдылықтың нәтижесінде пайда болады. Функционалдық стильдің пайда болуына ықпал ететін біраз жай баршылық. Экстралингвистикалық фактор мұндай стиль ұғымын қалыптастыруда елеулі қызмет атқарады. Ол факторлар мыналар:
- қолданыс тілінің мазмұны;
- сөйлеушінің (жазушының) сипаты;
- әңгімелесушінің (бірнеше әңгімелесушінің) сипаты;
- әңгімелесушінің өзара қатынастарының сипаты;
- қолданыс тілінің мақсаты;
- қарым-қатынас тілінің жағдайы;
- қолданыс тілінің жүйелері т.б.[41, 69-б].
Эпистолярлық стиль үлгісінде жазылған туындылар – қазақ әдеби тілінің тарихына мәтін түрінде белгіленген, оған ғана тән формальды және функционалды белгілері бар өткен ғасырдың жазбасын зерттеу үшін өте маңызды сала.
Эпистолярлық стильде әр түрлі деңгейлерде жеке хат жазушының тілдік тұлғасының ерекшеліктері туралы және қазақ әдеби тілінің тарихында сол тұлғаның ролі туралы айтылады; XVIII ғасырдағы қазақ даласында қолданылған ресми іс қағаздарына қазақ хандарының, сұлтандарының, батырларының, старшиналарының патшаға және орыс әкімшілік орындарына жазған хаттары жатады. Бұл эпистолярлық стиль үлгілері сол кезеңдегі қазақ даласының саяси, әлеуметтік, экономикалық жағын бейнелеумен қатар сол кездегі хат тілі қандай болғанын да көрсетеді.
Эпистолярлық үлгідегі мәтіндер бұқаралық коммуникация аясында басты орын алады. Олар кейде прагмалингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық сипатқа ие.
Эпистолярлық стильдің ғылыми стильмен ортақтастыратын жақтары да бар. Дегенмен ғылыми стиль мен эпистолярлық стильдің айырмашылықтары ерекше.
Ғылыми стильдің негізгі сипаты:
- нақтылық;
- айқындылық;
- дәлдік;
- образдылық, әсірелеу тән емес.
«Ғылыми стиль – жазба стильдің бір түрі. Бұған қазақ тілінде әр салада жазылған ғылыми шығармалар жатады. Ғылыми стильде зерттеу объектісі болатын – зат не құбылыс ғылыми негізде сипатталып, дәлелдеуді қажет етеді» [13, 42-б].
Эпистолярлық стильге жататын туындылар қатарынан ғылыми стильде жазылған хат мәтіндері де тілімізде ұшырасады. Мысалы, қызметтік хаттардың көпшілігінің тілі ғылыми стильде жазылады.
Яғни, оған тән белгілер төмендегідей болып келеді:
- диалектизм, жаргон, қарапайым сөздер сирек ұшырады;
- тілі жинақы;
- нақтылық, бірізділік, дәлділік тән;
- сөйлемдер толымды, жақты болып келеді;
- көріктеу элементтерінің жұмсалуы міндетті болып саналмайды;
- ғылыми стильдегідей дайын үлгілер қолданылады;
- сол мекемедегі өндіріске қатысты, ғылымға байланысты терминдер жұмсалады; т.б.
Ғылыми стильге ұқсас тұстарын дәлелдеу үшін жазушы К.Смаиловтың О.Сүлейменовке жазған хатына үңілейік. Мәтіні төмендегідей:
«Қазақстан, қазақ даласы 20 ғасырдың екі ғаламат оқиғасы- ядролық қаруды игеру мен космостық кеңістікке шығу секілді тарихи оқиғалардың жүзеге аса бастаған жері- мекені, куәсі, жасаушысы болғанын айтамыз. Ол әлем үшін қуаныш еді!...Ал, сол жердегі адамдарға ше? Осыдан қырық жыл бұрын 1949 жылының августінде Семей облысы Абыралы ауданының жерінде, Дегелең тауының баурайында тұңғыш советтік атом бомбасы жарылып, сынақтан өтті. Бұл туралы ертеңіне «Совет Одағы атомдық қаруға ие болды!»-деп мақтана- қуана, әлемге жар сала жария еткенбіз. Иә, қазір біз атом қаруы- апат, атом бомбасы- алапат, оны құрту, тіпті атом электр станцияларын да тоқтату, қирату деп жатырмыз. Ол кезде ше?» - деп жазушы өзінің хатын бастайды. Жоғарыдағы хат мәтінінде, Камал Смаиловтың Олжас Сүлейменовке жазған «Атом айбар ма, ажал ма?» хатында ғылыми стильдің элементтері өте көп, сондай-ақ, терминде жиі ұшырасады. «Ядролық паритет», «Поритер», «Дропшот», «Троян» жобалары т.б. Сөйлемдері де ғылыми стильге тән нақты деректермен беріліп, сөйлемдері де ғылыми стильге ұқсас құрылған. [42, 126-б]. Хаттан автордың өзіндік стилімен бірге басқа хаттарға ұқсамайтын ерекшелігі де байқалады. Бұл хат кәдімгі хаттар сияқты дәстүрлі сәлемдесуден басталмай, бірден ядролық қарудың зияны мен тұңғыш атом бомбасының қалай жарылғаны туралы баяндайды. «Строниций-90 мен цезий бөлініп шығатын плутон ядросы жарылады екен. Олар да бар, басқа да біраз нәрселер бар құрамында. Бірақ олардың бәрі де сол жер астында жарылған жерінде қалады, сол жерде өзіне-өзі бұғалық салып тұншықтырады. Заряд 600 метрдей тереңдікте жартасты- гранитті қыртыс қабатында жарылады да, сол тас қатпарларының арасында қалады, соларға сіңіп жоғалады. Бұл жарылыстың коэффициенті.Бірге тең демек барлық ядорлар түгел тізбекті реакцияға түсіп, бәрі де ыдырап кетеді» [42, 125-б].
Бұл хаттың мәтінін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» деген кітабындағы «Ядролық қарудан бас тарту – тәуелсіз Қазақстан халқының еркі» деген бөлімімен салыстырсақ, тақырыптары ұқсас [50, 308-б].
«1949 жылғы 29 тамызда тұп- тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қомағай қадалып, оны шарпып өтті де, дәл бір күн орнына күн болғысы келгендей аспанға көтеріле берді...» [43, 308-б].
1) Екі мәтінді салыстырсақ, тақырыптары бір болғанмен, екінші мәтінде, яғни көркем мәтінде хат мәтініне қарағанда суреттеу тәсілі көбірек қолданылады.
2) Алынған хат мәтінінде ғылыми стильдің элементтері кездеседі. Бұдан байқайтынымыз, хат мәтінінде әлеуметтік- тұрмыстық жағдайлар ғана айтылып қоймай, ғылыми ақпараттар да берілген деген қорытындыға келеміз.
«...Егер осы қозғалыс болмаса, Курчатов қаласының қақпасы қазақтарға ашылар ма еді, Абыралы ауданы қайта құрылар ма еді, ең бастысы жыл бойына полигон мелшиіп, жарылыстар тоқталар ма еді? Көргендер, түсінгендер мұны біледі, бағалайды.», «Әрі әлемдік деңгейде қоғамдық қызмет атқару, жер шарын аралап дамыл таппау, әрі ақындық шабытқа ие болу, ірі ғылыми еңбекпен шұғылдану- мұның бәрі бір адамға аз сыбаға, аз міндет емес. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ, табиғат сені солай туды да, тағдыр солай ұйғарды.Көтергейсің, шыдайсың...» ,-деп хатты аяқтайды [42, 125-б].
Бұл хатта ғылыми ақпарат беріледі. Осыдан хаттың басқа стильдермен ұқсастығымен қатар өзіне тән айырмашылығы да айқындала түседі. Мұнда:
- хаттың адресанты, адресаты нақты адам;
- хаттағы хабар адресантпен байланысты, оған қатысты хабар бар;
- коммуникация жүзеге асып отыр;
- хатта көтерілген тақырыпқа байланысты фактілер, құбылыс ойдан шығарылмай, шын мәнінде жүзеге асып отыр;
- баяндау хат мәтінінде дәлел, оқиға, құбылыс, процестердің тәртіпті тізбегі арқылы беріледі. Хаттың шынайы көркемдікпен жазылуы автордың тек қана шығармашылық тәсілін көрсетпейді, оның дүниетанымы мен қоса, негізгі ойдың адресатқа әсерлі жетуін қамтамасыз етеді.
Хат ғылыми стильде жазылған мәтіннен тұрса да, хатқа тән коммуникация үзілмейді. Жоғары да атап кеттік, хаттың соңында алғыс, тілек айтылады. Хатта Камал Смаилов Олжас Сүлейменовке «Невада – Семей» қозғалысын жүргізгеніне алғысын айтып, ризашылығын білдіреді. Хат мәтінінде ауызекі стилі де ұшырасады. Мысалы, «Олар да бар, басқа да біраз нәрселер бар құрамында». Сөйлем ауызекі стиліндегідей инверсияға құрылған. Демек, ғылыми стиль мен ауызекі стиль хат мәтінінде тоғысқан.
М.Балақаев «Ic қағаздары: қаулы-қарарлар, заң, бұйрық, үндеу, кіріс-шығыс құжаттарында көріктеу элементтерінің жұмсалуы шарт емес, бұларда сөйлемдер толымды, жақты болып келедi: «қаулы етедi», «шешiм қабылдады», «тапсырылсын», «мiндеттелсiн» сияқты дайын үлгiлер қолданылады. Fылыми стильдiң өзiне тән белгiлерiн: тiлi жинақы, стилi «қатаң», сөздерi дәлме-дәл, тап-тұйнақтай болу, бiрiздiлiк және дәлдiлiк деп атайды, оның үстіне сөйлемдерi күрделi болады, сабақтас сөйлемнiң басыңқы сыңарлары ойдың негiзгi бөлшегi болып, бағынышты сөйлемге ерекше мағыналық қызмет жүктеледі; мұнда диалектизм, жаргон, қарапайым сөздер болмайды, шартты белгiлер мен қысқартулар көп болады» - деп түйедi [13, 32-б]. Эпистолярлық стильге жататын кейбір хаттар төңірегінде де осындай жайттар туралы сөз етуге болады. Ғылыми стильде жазылған хаттың тағы бір мысалы ретінде профессор Құдайберген Жұбановтың ауыл мұғалімі Жанғазы Жолаевқа жолдаған хатын алсақ, «… Сеніңше, осы күнгі емленің нендей кемістігі, нендей қиындығы бар? Терминдерді қоя тұрып, қазақтың өз сөздерін жазуға кемістік келтіретін не бар? Өзіңше ондайын қайтіп түзеу жөн? Осылардың жауабын сен де жаз…Сабақтаста күрделі сөйлем бас сөйлемнің бір мүшесіне ғана байланысты да, салаласта олай емес, бір сөйлем екіншісіне солайымен байланысты болады, біріне- бірі мүше емес.
Тыныс белгілеріне ереже шыққан жоқ. Бұл синтаксис шешілмей, шешілмейді ғой. Ұсыныстар бар…» [44, 229-б] хат ғылыми тілде жазылған. Термин сөздер көптеп кездеседі. Дипломатиялық хаттар эпистолярлық жанрға жатса да ғылыми стиль, ресми стиль аралығынан орын алады. Мұнда да ғылыми информация айтылып, мәтін ғылыми стильге сай жазылған болса да, хатқа тән коммуникация үзілмейді. Хат мәтінінде ғылыми стиль элементтері кездескендіктен екі стильді жақындастырады. Эпистолярлық стильге тән белгілері байқалады:
-хаттың адресанты, адресаты нақты адам;
-коммуникация жүзеге асып отыр;
-хаттағы хабар адресантпен тікелей байланысты;
-хатта көтерілген мәселелер нақты;
-дәлел, нақты баяндау, субъектінің көзқарасы қоса берілген т.б.
Сонымен эпистолярлық стиль ғылыми стильден белгілері арқылы ерекшеленеді.
Эпистолярлық стильдің публицистикалық стильмен де ұқсас белгілері, ортақ қасиеттері бар. Публицистикалық стильдің де экстралингвистикалық және лингвистикалық ерекшеліктері болады.
Экстралингвистикалық белгілері:
- хабардың толыққанды болуы;
- баяндау;
- нақтылығы;
- фактографиялылығы;
- логикалылығы;
- ықшамдылығы;
- экспрессивтілігі мен эмоционалдығы;
- қимыл-әрекетке итермелеуі.
Лингвистикалық белгілері:
- сөздердің үнемдеп қолданылуы;
- қалың оқырманға түсінікті болу мақсатында сөздердің ұтымды пайдаланылуы;
- қоғамдық-саяси лексика мен фразеологияның публицистикалық ыңғайда кірістірілуі;
- қажетті жерінде публицистикалық стильден басқа стильдердің тілдік құралдарының жұмсалуы. Ал сөздердің үнемді қолданылу ұстанымы да баспасөз атаулының негізгі талаптарының бірі болып табылады. Мұның да орындалғанына көз анық жетеді. Автор шабыттана, синонимдік қатарларды, сөйлемнің бірыңғай мүшелерін үйіп-төге жұмсағанымен, шұбалаңқылыққа бармайды, әр сөзді өз орнында пайдалана біледі. Тегінде, сөзді үнемдеп қолдану - жалпы әдеби тілде жазылған еңбектердің бәріне ортақ талап.
Үнемдеу әр функционалдық стильде өзіне тән ерекшеліктерімен жұмсалады.
«Тағы бір байқалатын жай – публицистикалық туындылар тек осы функционалдық стильге тән сөздерден ғана тұрмайды. Олардың құрамында, бұларға қоса, басқа функционалдық стильдің элементтері, яғни өзге стильде жиі кездесетін сөздер мен тұлғалардың болуы қателік деп есептелмесе керек» [1, 115-б].
Қорыта айтқанда, эпистолярлық стиль – әдеби тіліміздің өзге стильдері сияқты өзіне ғана тән белгілері, жазу мәнері, қойылатын талаптары бар ресми стиль ішінен орын алатын шағын стиль түрі. Ол өзге стиль түрлерімен тығыз байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |