Т.Нұртазин
Эстетикалық пікіріміздің даму
тарихынан
Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін қазақта сын, эстетикалық пікір болды ма? Болды! Бұған басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да ежелден-ақ табиғаттағы, қоғамдық өмірдегі көркемдікті сезініп-тұшынуы және сол эстетикалық талғамды ғасырлар бойы ұштап, әрлей түсуі дәлел.
Революцияға дейін қазақ әдебиетінде эстетиканың және әдеби сынның өз алдына дербес сала болып жүйеленбегені рас. Дегенмен біздің халқымыздың бұл жағынан алғанда атам заманнан келе жатқан эстетикалық пікірі барлығын айқын көре аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” дегенде, қазақ халқы сөз өнерін жете танып, өте жоғары бағалаған. “Жылы-жылы сөйлесе – жылан інінен шығады” деген мақал сөз өнерінің эстетикалық күшін, адам жанына, психологиясына сиқырлай әсер етіп, я ерітіп жіберуге, я қатуланып қаһар төгуге дейін барғызуға құдыреті келетінін танытады.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Басықараның Қанапиясы:
Өлең шіркін шығады өнерпаздан,
Өнерсіз не шығады ақылы аздан! –
депті. Бұл арада эстетикалық арнаулы білімі жоқ Қанапияның өлең - өнер екенін, оны жасау өнерпаздың, ақылы мол адамның қолынан ғана келетінін жақсы парықтайтыны байқалады. Біржан ақын Сарамен айтысқанда:
Сайратқан орта жүздің бұлбұлымын,
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға, -
дейді. Ал өлгелі жатқанында айтқан өлеңінде:
Ақсары, Тоқсарымен – екі сары,
Үш жүздің баласына болдым дәрі, -
деп өзінің ақындық өнеріне баға беруге ұмтылады.
Желді ақын Біржанның аса айтуы да бар шығар, алайда ақын сондай асқақ дәреже өзіне ақындық сөз өнері арқасында оралғанын жанымен сезініп, зор шабытпен шарықтап сөйлейді. Шынында да, ақын қайтыс болғалы айтарлықтай уақыт өтсе де, оның сөзі бүкіл қазақ халқына әлі де дәрідей екені даусыз.
Сөз өнері жөніндегі халық нақылдары, Қанапияның, Біржан салдың өлең өнері туралы айтқандары – халық санасында көркемдік жөнінде, көркем сөз жөнінде қалыптасқан эстетикалық ұғым, толғамды пікір болғанын айқындайды.
Қазақтың ағартушы-демократы Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар халқымыздың рухани дамуында жаңа саты болғаны белгілі. Бұлар қазақ халқының бұрынғысы, бүгінгісі, болашағы туралы терең пікірлер толғап, тың тұжырымдар жасап кетті.
Шоқан Уәлиханов қазақтың ауыз әдебиеті жөнінде орыстың революцияшыл демократтарының көзқарастарымен қабысатын пікірлер айтты. Ол немістердің “тұманды, қаракүңгірт” теориясын сықақтады; содан кейін орыс мифологтарының фольклорлық концепциясына негіз берген Кантты, Шлегельды, Гердерді әжуа етті. Шоқан, мифологтар айтқандай, ауыз әдебиеті түрлі мифологиялық сенім-нанымдардан туады дегенге қарсы болды. Шоқанның пікірінше: “Ауыз әдебиеті – халық рухының, тұрмысының, әдет-салтының, мінез-құлқының, өмір сипатының бейнесі. Ауыз әдебиетінің филологиялық жағынан да, тарихи мәлімет жағынан да маңызы зор”.
Шоқан қазақ пен орыс фольклорының ұқсастығы көп екенін баса айтты да, ол ұқсастық екі халықтың тарихи тағдырларының ұқсастығымен байланысты деді. Майковқа жолдаған хатында Шоқан: “Отечественные записки” журналынан білсеңіз, - деп жазады, - менің қолымда орыс ертегілеріне ұқсас қазақтың ертегілері бар; соларды және менің шаманизм жөніндегі зерттеулерімді жариялауға болмас па екен? Қазақтың өлеңдері (орта ғасырлық аңыздар) Алтын орда батырлары туралы баяндайды да, ол орданың тарихына жаңа түсінік береді және оның құлау себебін анықтай түседі. Бұл арада Шоқан ауыз әдебиетін халық өмірінің айнасы деп қарайды; ғалымның ұғымынша, қазақтың ауыз әдебиеті Алтын орданың шынайы сырын ашады, оның құлау себебін анықтайды. Данышпан ғалым ауыз әдебиетін өмір сырын ашушы, өмірге жаңа көзқарас ұсынушы құрал деп таниды.
Көркем сөз жөнінде Ыбырай Алтынсариннің да бірсыпыра пікірлер айтып кеткені белгілі. Ол Торғайда мұғалім болып жүрген кезінде қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеп, көркем сөздің әсер етушілік күш-қуатына айрықша көңіл бөледі. Н.И.Ильминскийге жіберген бір хатында ол: “Халықтың санасын оятып, жүрегін тербейтін кітап керек” деп жазады. Алтынсарин Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударып, оның идеялық әсерін зерттейді. Бастапқы бақылауында қазақ балалары Крылов мысалдарын түсінбегенін, “малдар мен аңдар адамша сөйлей ала ма?” деп ғажаптай таңырқағанын айта келіп, балаларға басқа жеңілірек әдеби шығармаларды әдеби шығармаларды беруге ұйғарғанын айтады. Бірақ данышпан педагог балалардың жан сырымен таныса келе, Крылов мысалдарын олардың қабылдайтынын анықтайды. Содан былай ол орыстың ұлы мысалшысының бірнеше мысалдарын аударып, оқу процесіне пайдаланады. Сөйтіп, оларды 1879 жылы өзінің “Киргизская хрестоматия” деген кітабында жариялайды.
Кел балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық, -
деп мектеп гимнін жазған Ы.Алтынсарин – көркем сөздің адам жанына алып әсері барын жете білген қайраткер. Ұлы педагог қазақ халқының өміріне мәдени жағынан іргелі өзгеріс кіргізуді алдына программа етіп қойған; сол программаны орындау үшін бар дарынан аямай жұмсап, әдебиетті идеологиялық күшті құрал ретінде пайдаланған.
Данышпан Абайды эстетикалық тұлғалы жүйе жасады деп айта аламыз. Зор өкінішті нәрсе – Абай күнделік жазбады, кімдерді оқығаны, кімдерден қалайша үйренгені туралы дерек аз; кімнің эстетикасына еліктеп, оны өзіне үлгі тұтқанын айқындау оңай емес. Бірақ соның бәрінің есесіне Абай тастап кеткен үлкен документ бар. Ол – данышпан ақынның өлеңдері мен қара сөздері. Соларды назар салып оқысақ, Абайдың эстетикасы данышпан В.Г.Белинскийдің эстетикасымен түгелдей қабысатынан көреміз.
Сөзімізді дерекпен дәлелдейік. Белинскийдің эстетикалық бес принципі, кодексі бар. Ол принциптерде данышпан ойшыл искусствоның табиғатын, идеялық-көркемдік және әлеуметтік мәнін, сырын ашады. Ол принциптер төмендегілер:
1. Әдебиет – қоғамның жемісі; қоғам өмірін және оның дамуын бейнелейді, - дейді Белинский. Ұлы сыншының бұл пікірін екінші сөзбен айтсақ: өмір бар жерде – искусство бар, өйткені искусство - өмірдің жемісі. Дәл осындай пікірді біз Абайдан да табамыз.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы, бос бақпай елең-селең.
Абайдан келтірілген осы шумаққа ой жүгіртсек, әдебиеттің өмірмен бірге туатынын, өмірдің бар сатысында бірге жасайтынын, ең аяғы өлгенде де соңғы сапарға сүйегіңді өлеңмен шығарып салатынын көреміз. Абайдың пікірінше, әдебиет – қоғамдық нәрсе. Қоғамнан тыс әдебиет жоқ. “Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар”. Ұлы ақын сөзді жаза беруге бекінеді, керек деген алар, керек қылмаған алмас деп түйеді. “Ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе - өз сөзім өзімдікі, дедім...”.
2. Белинскийдің айтуынша, искусство – қоғамдық күрестің құралы. Абайдың пікірі де осыған орайлас.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Неше түрлі, айла етіп.
Ойланбай қайран жұрт,
Ұялмай қал, жым-жырт!
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқамын.
Бұл өлеңдерден Абайдың поэзияны қоғамдық күрестің құралы, жұршылықтың санасын оятатын құдыретті әмірші деп қарайтыны айқын көрінеді.
3. Белинскийдің айтуынша, искусстводағы суреттеме реалдық өмірдің шынайы бейнесі болуға тиіс. Искусство шындықты суреттеуге міндетті. Абай да дәл осы принципті қолдайды.
Сөз айттым “Әзірстәлі, айдаһарсыз”,
Мұнда жоқ “алтын иек, сары-ала қыз”.
Кәрілікті жамандап өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз.
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
Абай – реалист; ол өмірді шығыс әдебиетінде бір кезде болған қиялшылдық салтпен көпірте әсірелеуге қарсы. “Алтын иек, сары-ала қыз” деген тармақ Әріп ақынның өлеңінен алынып отыр. Ол сияқты өмір көрінісін адам тынығысыз ғып бұрмалай, бояулай көрсетуге данышпан ақын төзбестікпен ыза білдіреді.
4. Белинскийдің айтуынша, искусствода мазмұн бірінші орында болуға тиіс.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Сонымен Абай өлеңінің іші алтын болуын, сырты күмістей жарқырауын шарт қып қояды.
5. Белинскийдің принципі бойынша, искусствода түр мазмұнға сай болуы керек. Абай да осы принципті ұстанады.
Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас:
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар баһра ала алмас.
Көп жағдайда Абайдың эстетикасы қазіргі күннің талап-тілегімен де үндесе шығатындай. Ол алдымен күнделіктің күрделі мәселелерін жырлауды бірінші парыз санайды.
Батырды айтсам, ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам, қыздырмалап, -
Әншейін күн өткізер әңгіме үшін,
Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап,-
дейді Абай. Данышпан ақын поэзияға әлеуметтік, эстетикалық, халықтың санасын тәрбиелерлік зор мән береді де, оған ермек деп қарайтындарға ызғар төгеді.
Абай орыстың революцияшыл демократтарының эстетикасына үндес озық эстетика жасады, соған сүйеніп данышпан дарынан жарыққа шығарды – классикалық шығармалар берді.
Әдебиетте Абай дәстүрін барынша байыта түскен С.Торайғыров: “бұрынғы қиссаларымыздың ақ көңілге күйе жағып, адастырудан басқа пайдасы жоқ, бас қатырғыш хикаят”, - деп жазды. “Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болады”, - деп бағалады ол жақсы шығармаларды. Торайғыров қазақ әдебиетінде ұзақ жылдар бойы етек алған заршылдыққа жан-тәнімен қарсы тұрды. “Тұрмыс дерті зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын “өлең” деп, “өнер” деп соны айтамын. Сырт көрінісі “қатын ойбай” тұрсын, “шайтан ойбай” болып көрінсе де, дәмі бар, маңызы бар “ойбай” сол, қайнаған қанның, толғатқан көңілдің, толған жүректің сығындысы сол... Марқұм Абай өлеңдері секілді”. Торайғыров бұл арада әдебиеттің өмірдегі күрделі мәселелерді қозғап, оқушының жүрегін терберлік маңызды, көркем, әсерлі болуын бірінші шарт деп санайды. Ол тіпті ойбайлы, зарлы шығарманы оқуға да жиренбейді: тек терең мәні, өмірдің толғақты мәселелерінің сығындысы болуын, әсерлі болуын шарт деп біледі.
Торайғыров поэзияны, искусствоны адам санасын тазартарлық, тәрбиедеп дұрыс бағытқа икемдерлік пәрменді күш деп санайды. “Бір халықтың сүтпен бірге байланысқан ірік-шірік қара” кеуілдерін аршып, жаңа рухпен нандыратын, таза бейілмен жаңаландыратын машина – шын шырқырап шыққан өлең-жыр, әдебиет деген нәрсе...”. Аз жасаған Торайғыров өзінің эстетикалық пікірлерін түгел баяндап үлгермеді. Бірақ оның есесіне ақынның творчествосы эстетикалық үлгі таратарлық. Оның:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам...
Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға, -
деп жалындай ұмтылған лирикалық геройы жаңа адам еді. Осыларға қараңдар, үлгі алыңдар, осындай кейіпкерлерді жасаңдар деп жазушы қаламгерлерге үлгі ұсынғандай болды.
Маңайымнан әрмен кет,
Жанды қуыршақ арам ет!
... Бірақ жазық қазақта, -
Ұлы, қызы мазақта! –
дегенде ақын қазақтың қыздары, ұлдары өнерге жетіліп, дүниені оймақтай үйіретін болса екен деп аңсады. Сөйтіп, С.Торайғыров әдебиетімізге эстетикалық желі сияқты өрнек тартып кетті.
Революцияға дейінгі әдебиетте сын, әдебиеттану ғылымына жататын еңбек – Кәкітай Ысқақовтың Абайдың 1909 жылы Петербургте шыққан өлеңдер жинағына жазған кіріспесі. Онда автор Абайдың өмірі мен творчествосынан көптеген бағалы мәліметтер келтіруімен қатар, оның өлеңдеріне де бірқыдыру талдау береді. М.Сералиннің “Шәһнәма” туралы жазған мақаласы да (1914 ж.) сын саласында елеулі нәрсе деп айтарлық. “Қазақ” газетінде жарияланған (1913 жылы ноябрьде) “Қазақтың бас ақыны” атты мақала да назар аударарлық нәрсе.
Сонымен, қазақтың эстетикалық, әдеби-теориялық, әдеби-сыншылдық пікірі Ұл Октябрьге дейін де бірсыпыра дамып қалғанын көреміз. Эстетикалық пікір – қоғам пікірінің басқа салаларынан бөлек, жалқы емес. Шоқан, Ыбырай, Абайларды тудырған қазақ ортасы эстетикалық пікірді де бірсыпыра қалыптастырып, құрауы әбден заңды.
Достарыңызбен бөлісу: |