Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет25/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2

Ж.Аймауытов, М.Әуезов
Абайдан соңғы ақындар

Қазақтың мінезін суреттеп, мінін айтып, айқын сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғыртып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталды. Абайдан соң қазақтың мінез, қалпын суреттеп берген айна болған жоқ. Міні айтылмай, беті жуылмай, бітеу, тұйық күйде келді. Ол уақыттағы сөздер таразыға тартылып салынбады, надандық пердесін жырта алмады. Таяз, ұсақ көрнексіз түрде болды. Абайдан бері әлгі өмірдің тұйығы табылып, түйіні шешіліп, сыр сыртқа шығып, мінез айнаға түсіп келе жатыр. Қалам шамасынша шеберлеп, келісті жақсыны да, кейіпсіз жаманды да суреттеп отыр. Әдебиетіміздің атасы болған Абай туралы өз пікірімізді жазып едік, енді Абайдан соңғы ақындардың өнері туралы пікірімізді жазбақпыз.


Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе бір “оянудың” барлығы, бұл оянуға бірінші – Абай, екінші “Қазақ” газеті, үшінші – жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды. Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп қозғайтын бір әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оянды, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған “Қазақ” газеті. Бұл газет халықтың саяси көз ашылуына, “жұрттық” деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп, өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп, қатарға кіретін болса, “Қазақ” газетіне борышы үлкен. Бұл газеттің әдебиетке істеген аналық қызметі мәңгілікке атағын шығарып, қадірін күшейтеді. Осы күнгі өлеңшілердің жалпы бетінде халықтың жалғыз ғана мінін айтып, жақсылыққа нұсқайтын, бірақ ақындықтың түгел шартын көксемейтін бірбеткейлік бар.
Көбіндегі бір мінез халықтың мінін айтса да, жақсылыққа тартса да тірелетін қазығы ұлтшылдық болып отырады. Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып таршылықта келіп өнер, білім жүзінде өзгеден кейін қалғандығынан. Енді сол қысымшылықтан босанып, тез ілгері бассам екен деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе. Бұл ұлтшылдық “Қазақ” газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керектіні көздеп жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады. Өлең ұлтшылдық жолымен кетіп отырса, газеттің соңынан ергендік, ақындарымыз өлеңнің мағынасына түсінбегендік. Бұған газет кінәлі емес, ақындардың солақайлығы кінәлі.
Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болуы керек емес. Жолы еркін, азығы талғаусыз өнер болуы керек.
Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ. Тегінде, “ақын” бар, “өлеңші” бар. Ақынға қойылатын шарттар әлгі айтылған. Өлеңшілікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді. Бұлай болғанда біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз. Сілтеген қаламы, сермеген таяғы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолымен қойғандай, мейірің қанып тойғандай болып шығатын өлеңдер бұ күні ақындар да аз. Көбінің өлеңі шеберлеп айтқан қара сөз. Мәдениеттің төменгі басқышында жүргендіктен әдебиеттің өзге түрлері тараулай алмай кешегі өткен ақындарша билердің сөзіне еліктеп, не жазса өлеңмен жазуы бұ күнгі өлеңшілерге сән болып жүр. Бірақ, бұл әдет ілгері басқан сайын қала беруі керек, өлеңшілікке өнері жоқ, жай тілді кісілер өлеңге салынып, бойдағы өзге өнерін жойып алуы мүмкін. Және өлең болуға лайықсыз сөзді жұрт өлең қылып жүр. Шарты табылмай, зорлық пен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ, қайта сыңаржақ қылғаннан басқа.
Біздің ойымызша қазіргі жазылып шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар:табиғаттың әр түрлі түрімен сырласып, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтап, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз.
Адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса қиялы күшейіп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек және ақынның қиялы жай ақын емес кісінің қиялынан артық болуы керек. Салған жерден оқушыны соныға салып жібергендей болсын. Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, “Көлеңке басын ұзартып” деген өлеңдеріндей бұ күнгі ақындарда өлең жоқ. Көрген нәрседен көңілде өзгеше артық бір әсер қалып, аудармай, бұлжытпай тілмен суреттеп беруі соңғы өлеңшілерде күшті емес. Езім, көңіл суретін тілмен үйлестіріп, келтіру ақынның ғана қолынан келетін жұмыс. Бұл турада Абайдың суретшілдігіне жеткен әлі ақын жоқ. Аңшылықты, жылдың төрт уақытын суреттеген өлендеріндей суретті сөздер қай ақында бар? Және сол төрт уақытты суреттегендегі Абайдың қиялы мен сезімінің күштілігі соңғы ақындарда кем.
Кейінгі ақындардың тағы бір міні-сыршыл еместігі. Әркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның жанындағы сол жасырын сырды тауып, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп әрбір пернесіне тап басуы. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады.
Онан соңғы бір міні-тілдерінің шебер,кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де, нәзік сыйпаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстірт кетіп,айтпақ суретін көңілге берік қондырып бере алмайды. Жас ақындардың ішінде сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар Мағжан. Бірақ оның тілі де кестелі, толық келмей өлеңінің әсері көңілге ала қонады. Мысалы: “Жолда” деген өлеңінде боранды сипаттағанда тілін жеткізе алмай “Жел... ішін тартып, осқырып” деген жерінде көңілге байланып келе жатқан суреттің түрі бұзылыңқырап кетеді. Өлеңде, әдебиетте жанды нәрсенің сипатын жансызға жамайтын жол бар, бұл бірақ ұнасымды болған жерде қосылады. Мысалы: сол өлеңнің ішінде, “Жел...кейде қатты ысқырып” дегені ұнап тұр; “осқырып” деген сөз желге жанаспайтын сыйпат. Бұл айтылған-суретшілдік, терең қиял, сыршылдық, кестелі, шебер тіл, нәзік сезім ақындардан ғана сұралатын сыйпат. Өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап, қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады. Сезімге әсер берерлік суретші өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Маметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін нәрсемен жалғастырып әкететін артықша маңыз бар. Бұлар-сыршыл (лирик) ақындар.
Екінші жіктің өлеңінде: Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәкәрім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңдері сырты төгілген, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәнті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие әсері аз, ақылға азығы бар, бұлар халықтық (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады.
Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақын, ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктеп, жеке жортақтап құба жонданып келетін Ғұмар Қарашев.
Енді осы жоғарғы айтылған үш жіктің өлеңшілерін бас-басына тексереміз. Алғашқы айтылған төрт ақынның ішінде Мағжан, Ахмет, Сұлтанмахмұт бір бөлек. Міржақып бір бөлек. Алғашқы үшеуінде орыс ақындарына еліктегіштік бар. Еліктегіштік ақындық жолында мін емес. Пушкин мен Лермонтов өлеңдерінің көбінде Байронға еліктеген деп айтылады. Бірақ еліктеумен олардың ақындық дәрежесі кеміген жоқ. Қайта орыста оларға жеткен әлі ақын жоқ.
Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері, мысалы: “Орамал”, “Жолда”, “Туған жер” сияқты өлеңдері. Мағжан өлеңіне ұқсайтын Ахмет Маметов пен Сұлтанмахмұттың кейбір өлеңдері. Бұлардың еліктеу күші де, көңіл қиялы да қалаған жерден дәл шығып отырмайды. Сыршылдық сипатын көрсететін Сұлтанмахмұттың “Жас жүрегі”, Ахметтің “Су жағасында” деген өлеңдері сияқтылары.
Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш аса еліктегіш емесі Міржақып. Кенеттен киліккен оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы, Сүлеймен Бижановтың, Қазан Нұрмұхаметовтың өлеңдеріне шығарылған “Жұт”, “Қайда едің?” деген өлеңдері жүрекке әсер беретін өлеңдері “Сағыну”, “Қиял”, “Шәкірт”, “Қажыған көңіл”, “Айырылу”, “Жамалдың зары”, осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасіретті, зарлы, салмақты әсер бар. Міржақып өлеңдерінің кей жерлерінде тілді тұтып қалып отыратын сөз буынында не артықтық, не кемдік болып отырады. Мысалы: “Айырылу” деген өлеңінде:
“Жүректің қасіретін жаспен жуып,
Келесің жаным сезіп қайтып жуық.
Рахат рухына тілеп хақтан.
Қош айтып кетпес пе едім көңілім суып”, - дегендегі “Рахат рухына тілеп хақтан” ның бір буыны басқаларынан кем. Бұл сөздің маңызын қуғандықтан. Міржақыптың алғашқы кездегі өлеңдері шұбалаң, маңызсыздау еді. Ақындық күші соңғы сыршылдыққа айналған өлеңдерінде көріне бастады.
Енді екінші жіктің өлеңшілеріне келейік. Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі, Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі ойдан шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып шермен айтып, біресе ақыл қып сипап айтып, не қылса да халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар. Бірақ бұған қарап қиялы шалқып шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімімен, жетілмеген ұғыммен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері переводқа шеберлігі. Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит, Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде көңілге шақ еткізе түсіретін тапқыштық, салыстырғыш, сыншылдық, аса терең болмаса да, төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы: “Әр жан, әр түрлі”, “Той”, “Азаттық күні”, “Жаңа жылға” әм басқалар сықылды. Өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне хаттап тізген өлеңі дәлел.
Сыртының сұлулығы, тақылдақтылығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шәкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкетіп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шәкәрім, көбінесе, өлеңі халыққа ұғымды болуын көздейді. Және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, ішкі мағынасымен де еліктеген кісі – Шәкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар. Бекет Өтетілеуовтің өзінің өлеңімен таныстығымыз аз, переводы ұғымды, жеңіл, тәуір.
Ғұмар Қарашевта Марабай ақын, Бұхар жырау тағы со сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыны бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын желдіртіп, ескектетіп айтқанына келісуші еді... Ол кездегі халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ, сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсапа сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұ заманда артық, ұнаспайды. Өлеңнің сыртқы ағымын қуып отырғандықтан ішкі мақсат анық шықпай, иленіп, бытырап, бірін-бірі басып, көкірекке айқын із түспейді.
Осы күнгі өлеңшілер туралы қысқаша пікіріміз осы. Бұл ақындардың өнері туралы бар болған сын бұл емес. Нығызырақ сынауға бас-басына арналып бір мақала жазылып, өлеңдері әбден сай, баспа қылыну керек. Бұл жазғанымыз бірсыдырғы жалпы қарап өткендік.
Жоғарыда айтып едік: өлеңші бар, ақын бар деп. Қандай өлең жазған кісі ақын болатыны аз да болса байқалған шығар. Бұл айтылғандардан бізде әлі ақындардың аздығы сезіледі. Әдебиеттің күшеюіне осы күнгі ақындардың үлкен себебі әзір тиген жоқ. Тимегені белді, күшті ақын шығып, жазған өлеңінің бәрі маңызды болып, әдебиетке түр тауып бере алмай отыр, бірінің 4, бірінің 5, бірінің 6 өлеңі ғана көңілдегідей болып шығады. Және әр ақынның беті әртүрлі, күштеп көп жазған бір кісі болмаса әдебиет беті түр таба алмайды. Кейінгі қалам ұстағандарда не жазса өлеңмен жазғысы келетін бір әдет бар, тіпті өлеңге ыңғайы жоқ кісілердің ақын болам ба дейтін ойы бар. Бұл ой – қате. Ақындық бар болса өзі де түртіп шығады, жанды артық қинатпайды. Шабыт айдамай, жан қиналып, келіссіз жазылған өлеңнен ақын еместігі беп-белгілі көрініп тұрады. Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады. Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балалар алдап сатып шыға беретін. Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар. Бірақ қолдан келмейтін нәрсеңмен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды. Өлеңнен өзге ертегі, жұмбақ, мақал, тақпақ, қара сөзбен қызмет етуге де болады. Шамасы келетін де, келмейтін де өлеңге жұмылғандық бәрі бірдей тойшы болғандық, не қойшы болғандық. Тегінде әр жақты болмай, бір беткей сыңаржақ болу да қате деп білеміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет