Ж.Аймауытов
Мағжанның ақындығы туралы
/Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама/
Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек.
Кеңінен толғамай, шұғылдан істелген жұмыс өңсіз, үстіртін болмай тұрмайды. Мағжан өлеңдерінің егжей-тегжейін, ноқатын, тәститін қалдырмай тәптіштеп қарап шығуға көп уақыт, көп дерек /материал/ керек, ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу керек. Бұ жағынан да емін-еркін бола алмадық.
Мағжанды тексергендегі тағы бір қиыншылық мынау. Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. “Алтынның қолда барда қадірі жоқ” дегендей. Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін. Біз де – сол көптің біріміз. Не заманға күйлеп, не басқа бір мақсатпен бір жағынан ағып өтіп жүрсек, ғажап емес. Міне, сондықтан біз бұл баяндамамызда Мағжанның бір табысын толық тексеріп, жете сынап ұшығына шыға алмаймыз /тағы зерттеу үшін баяндама жетпейді, аз болса қалыңдығы бір елі кітап жазу керек болады/. Бұл баяндаманы Мағжан сөздері туралы азды-көпті көңілге перне түсіріп, пікір алысу деп қарау керек. Әйтсе де мұндай баяндамалар пайдасыз да болмайды. Орыстың Пушкин сынды, Гоголь сынды ақындары бар заманда атақты социалистический сыншы Белинский әлі орыста әдебиет жоқ деп қайғырған. Әдебиет сынмен көркейеді. Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық-жалын сүзіп жіберсе, көрікті болып жұтынып шығады. Әдебиетке сондай күтім, сондай сын керек. Әсіресе әдебиетті сынау біз сықылды жұртқа керек, өйткені бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса – балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек, біздің де ақындарымыз, жазушыларымыз санатқа қосылады.
Шаруаның билемейтіні жоқ. Әлеумет ішіндегі адамдардың өзара қатынасы да содан туады. Әлеумет түгіл, үй ішінің де, ерлі-зайыпты адамдардың тұрмыс жайы да шаруға тіреледі. Шаруа түрі ел билеу жұмысына да, саясат құрылысына да ықпал жүргізеді. Дінді, дүниені қалай ұғыну, өнерлі, ғылымды болу-болмау, салт-сана түрі – бәрінің бас иетін қожасы – шаруа.
Олай болса, әр адамның, әр ақынның өрісі бірінші- заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне /тұқымына/ байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ.
Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болу керек. Өйткені ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден гөрі сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тіпті жетпегенін айтып береді. Әлеуметтің, өз табының қатарға кіріп ер жеткені кейін қалып, кер кеткені өзгеден гөрі ақынға артығырақ батады, ақынның жүрегі өзгедегі гөрі көбірек толқиды, көбірек толғанады. Өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады.
Көл қорыған қызғыштай, “Ел қамын жеген Едігемсіп” ақын кәуәп болып жүргені. Күшті ақын - әлеуметінің тіл қамшысы, сайламаса да табиғатымен сайланып шығарылған уәкілі, мұңын, зарын айтқызатын елшісі. Өз әулетін, өз табын ілгері сүйреуге, көтермелеуге, демеуге күшті ақындардың әсері тиген, әлі де тимекші.
Луначарский айтады: “Юнан жұртында Солонның данышпан атағы шыққандығымен де емес, қара сөзге шешендігімен де емес, күшті элегия – поэма жазып жұртқа әсер берген ақындығымен еді” – дейді. Ақынды пайғамбарға теңеген сөз ежелгі Рум жұртынан қалған. Ақындар өздерін пайғамбарға, періштеге, әділ қазыға теңеп сөйлесе, онысында шындық жоқ, бекер деуге болмайды, бір шақадай болса да шындық бар.
Ақын бір жағынан өз табының, әлеуметінің жоғын жоқтап, мүддесін көксеп жүрсе, екінші жақтан оның бір артықшылығы - өзгеден тәжірибешілігінде, өзгеден өмірді анық, жете білуінде.
Өзі өмірді анық жете біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейді, өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлаш ұрып кетеді. Кейде көңілдегі ойы шықпай, басқа нәрселерге де көшіп кетеді.
Луначарский айтады: “Ақын бірнеше таптың, бірнеше топтың ар елегінде болуы мүмкін. Ақын тетігі көп машина тәрізді. Тургеневті ақсүйектердің ақыны, солардың уәкілі деуге бола ма? Болмайды! Тургеневтің тұсындағы барып тұрған ақсүйектер адам құлданып, құлдың еңбегін жеп дәурен сүргендерді дұрыс деп білетін еді. Тургенев мұжықты құлдануға қарсы болды. Ол тумысы ақсүйек болса да, еркіндікті сүйетін ақсүйек еді. Ақынның кім екенін ұғу үшін оның шығармаларын тексеріп, зерттеу керек. Зерттесек, кейде бір тап емес, әлденеше таптың мүддесін көксеген ақындарды да табамыз.
Нағыз сырлы әдебиет бар, мәселен Лермонтовты, Шекспирді алсақ, олар белгілі бір үгіт айтқан ба? Таптың жырын жырлаған ба? Жоқ, оларға сырлы, көркем сөз шығару, айқын перне түсіру мақсұт болған. Олар бір әдемі суретті, болмаса адамда болатын бір сезімді, болмаса белгілі адамдардың жанында болған тартысты алады да, қиялына келген нәрсені суреттейді”.
Міне, ақынға қарайтын Маркстің, марксшілердің көзі осы.
Ақынның пікірі, ақынның сөзі әлеуметіне байлаулы; ақын әлеуметтің жасап шығарған құралы болса, Мағжан да өз әулетінің ұлы екен ғой. Мағжанды жасап шығарған әлеумет қандай? Соны қысқаша шолып өтейік.
Бәрімізге белгілі Мағжанның туып-өскен, тәрбие алған әлеуметі – қазақ. Мағжан тұсындағы қазақтың әлеумет құрылысы қандай еді? Ата-анаға, ру-руға бөлініп, руды ақсақал, би. Болыс, тілмаш билеген, орысша айтсақ, “патриархат” құрылыс еді. Арғы заманда қазақ еркін жүріп, ен жайлап, өзінен шыққан хандары, батырлары, билері, шешендері болып, онда да бір кісінің аузына қарауды әдет қылды. Жан-жағынан жау қысып, өз ішінен ала ауыздық шығып, қазақ берекеден айрылып, орысқа қарады. Орысқа бағынғанмен де қазақтың бұрынғы әлеуметтік қалпы өзгере қойған жоқ, әлі де хандардың, билердің, атаулы ауылдың тұқымы билейтін болды. Солар – дуан бас, солар – советник, солар – қазы, солар – болыс, би болды. Олардың “ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс”, қарсы келер, бас көтерер жан болған жоқ. Қара бұқара кедей сөзге, қатарға алынған жоқ. Әлеуметшілік, жұртшылық деген нәрсе болған жоқ. Елдің тағдырын ру басылар, ақсақалдар, болыстар кесіп-пішті. Әлеумет құрылысы өзгерген жоқ: қазақтың кәсібі, шаруа түрі мал бағу болса, әлі де мал бағуда келе жатты. Кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер тобы деген нәрсе анық болмайды.
Міне, Мағжанның туып-өскен ортасы, ұяда көргені осы...
1905 жылғы өзгерістен былай қазақтың қамын ойлаймын деген азаматтар ұлт мұңын сөйлеп, ұлт мәселесін қолға ала бастады.
Ол өзгерістің арты мемлекеттік думаға уәкіл жіберуді шығарды. Қазақ азаматтарының бас қосуына, мұңын сөйлеуіне аз да болса еркіндік берілді. Қазақ баласын оқуға беруі көбейді. Қазақтың баспасөзі газет-журналдары шыға бастады. Қазақтың “жақсы боламын деген жасы ұлтшылдық1 сезіміне жабысуға айналды. Міне, сол жастардың біріне Мағжан да қосылды.
Медресе “Ғалиядан” шыққан соң Мағжан орыстың учительский семинариясында оқиды. Бұл 12-13-ші жылдың шамасы болса керек. Ол орыстың әдебиетімен танысып, солардан үлгі ала бастады. Ол кездегі орыстың әлеуметтік құрылысы, ескі ақсүйектер дәуірі шөгіп, капиталистер дәуірі үстемдей бастаған дәуір еді. Көпшілік құл есебінде саналып, өмірге жеке адам қожалық еткен заман еді. Орыстың жақсы деген зиялылары патша өкіметіне қарсы болып, қара бұқараны жақтап, “бұқарашылдық” туын көтерген шақ еді. Капиталға негізделген әлеуметте кім пысық, кім қунақы, кім өнерлі, кәсіпшіл болын сауда қылса, фабрик, завод жүргізсе, жердің жүзін шарлап ысылып, көпті көрсе, сол қара бұқарадан мойны асқан үздік болып саналған. Сауда капиталының дәуірлеу себебінен Колумб Американы тапқан, сауда капиталы математика ғылымын күшейткен. Сауда мәдениеттің, пәннің, әдістің, “техниканың” өркендеуіне Архимедтің баққаны тәрізді ықпал жүргізген. Саудагердің алапаты өзгеден артқан, буржуйлар табын тудырған, адамға табыну, адамға бас ию, өзімшілдік сықылды пікірді майданға шығарған. Сондықтан капитал дәуіріндегі ақындардың, жазушылардың көбі дарашыл болған. Әлеуметті былай қойып, жеке адамды суреттегіш, кейіпкер /тип/ шығарғыш болған. Мағжан орыс әдебиетімен таныс болған соң Шекспир, Гейне, Гете, Байрон, Пушкин, Фет, Бальмонт, Максим Горький, Александр Блок сынды жеке адамды дәріптегіш, дарашыл ақындарға мүрит болған, солардан тәлім алып, соларға еліктеген. Ол ақындардың бәрі идеализм жолын тұтынған болатын.
Бір жағынан, үй іші - әкеге, әлеумет ру басыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген, қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші, татар медресесінде оқып, түрікшілік, исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші, патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші, орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші, батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық, дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек? Олай болып шықпау мүмкін емес. Әлеумет ортасының, заманының жағдайы солай...
Қазақтың газет-журналдары шығып тұруы, қазақ жастарының жұмыла оқуға кіріскені, олардың әр қалада мәдениет ағарту ұйымдарын ашып, кеңес құрып, ұлт мәселесіне, баспасөзге араласуы Мағжанның ұлтшылдығын күшейтеді. Жастардың жігері, талабы Мағжанды да жігерлендіреді; ол жастарға сенеді, жастардан таудай үміт күтеді. “Балапан қанат қақты”, “Мен кім?”, “Тез барам”, “Мен жастарға сенемін” деген жалынды, күшті өлеңдерін шығарды.
Ақынның қасиеті – заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи із, тарихи материал /дерек/ қалдырып отыруында...
Мағжанның түрікшілдігі тыңнан тауып алған нәрсе емес, әуелден-ақ бар болатын, ол “Ғалияда” жүргенде түрікшіл пікірде бірер өлең жазған. Бірақ орысша оқуға кіріскеннен былай, ол пікірін жарыққа шығара қоймайтын. 19-шы жылдарға шейін Мағжанның түрікшілдік рухын жамылған өлеңдерін білмейміз. Колчактың кер заманы, одан қала берсе ұлтшылдықтың аузына қақпақ салған кеңес заманы Мағжанның баяғы басылып қалған түрікшілдік сезімін қайта оятты. Мағжан енді ұлт жалауын түрік жалауының панасына, түрік қанатының астына қоюды табады. Жеке ұлтшылдықтың өрісі тарылғандығын көріп, түрік тұқымды жұрттармен әдебиет жүзінде өзінше одақ жасаған болады. Бара-бара Мағжанға түрікшілдік те тар ауданды көрінеді, ол күншығыстың – Азияның ақыны болып, Европамен, Батыспен “араздасады”. Ресейде болсын, Мағжанның түрікшіл, азияшыл болу себебі, оның өз қиялынан болмаса, оның солай болайын деген тілегінен деп ұғуға болмайды. Оның терең негізі бар: мәселен, күншығыс халықтарын алсақ, бәрі де Батыстың, Европаның жемі, аздығы, атып жейтін аңы болып келе жатыр. Үндістан, Ауғанстан, парсы жұрттарын, түрк, араб жұрттарын қашаннан бері ағылшын сорып, қанап келеді. Қытай, Жапония сықылды мемлекеттер – Европадағы мәдениетті озбыр жұрттардың қырқысып, таласып байлығын иемденбек болып көз тігіп отырған жерлері, Ресей қол астындағы түрік тұқымдары патша үкіметінің отары болып келді. Батыстың мәдениетті жұрттары өнерсіз, ғылымсыз Шығыс жұрттарын жеуге ынтасы құрып, мойнын созғалы талай жылдар, ғасырлар өтіп барады. Европадағы талай қанды соғыс, капитал соғысы көбінесе күншығысқа қожа болу үшін шығып келген. Азия – құл, Европа – қожа есебінде үкім істеген. Бұл саясатты азиатшыл шығыстың жұрттары білетін. Бірақ торды үзіп шыға алмайтын. “Күншығысты Батыстың капитал бұғауынан азат ету керек” деген Кеңес үкіметінің ұраны ақынның жүрегіне жылы тиеді де, енді ол шығыс жалауына жабысады. Шығыстың ұранын шақырады. “Күнбатысты қараңғылық қаптады, түн баласы қанға қақалып түнеріп өлуге айналды, адамдықтан безді. Батыстың мәдениеті құлайды, мәдениет “пайғамбары” Күншығыстан шығуға керек” деген пікірге келеді. Бұл пікір тууға, әрине, “Европаның сөнуі” деген Шпенглер сықылды ғалымдардың кітабын оқу да себеп болады. Бұл пікірге ауғаннан бері Мағжаннан “От”, “Күншығыс”, “Пайғамбар”, “Ақсақ Темір”, “Түркістан”, “Жер жүзін топан басса екен”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы” сықылды өлеңдерді көреміз. Төңкерістің алғашқы аласапыран дәуірі қазақ тұрмысына қатаң тиді. Қазақ даласы ақтар қашып, қызылдар қуған соғыс майданы болды. Азамат соғысында ел қатты шығындады, оның үстіне “разверстка” шықты. Әуелгі кездегі милиция, агент, тағы басқалардың лаңы қосылды. 21-ші жылы зор ашаршылық, дүние тапшылықтан, сауда тоқталғаннан шыққан жалаңаштық – осының бәрі ұласып, ел қазағына зор ауыртпалық болды...
Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшпелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны болады. Ақын ескі тұрмыспен тәрбиеленіп қалады да, жаңаның жақсы екенін білсе де, сол өмірге тосаңсып, түсіне алмай, жаңа заманның адамы бола алмай, көп тайқалақтайды. Ақсүйектер дәуірі күйреп, капитал дәуіріне көшерде ақсүйек ақындарында да торығу, ескіні жырлау болған. Өйткені ескі өмірдің жақсы жақтары көңілде сайрап тұрады, жаңаның ие боларына көзі жетпейді. Міне осындай көшпелі дәуір басталарда, адам ескіге көзін сүзіп, жабыққан заманда әдебиет бағыты романтимзге айналатын. Біздің Мағжан да романтизмге беріліп отыр. Ол жалғыз ақынның сезімі емес, елдің де арманы, көңілі “әттең баяғы дәуреніміз болар ма?” – дейтін ер ел ішінде де аз емес. Мағжан романтизмге салынып, көшпелі дәуірдің рухын айнаға түсіріп отыр деуге болады...
Қазақ әдебиетінде романтизм дәуірі аяқталуға Мағжан көмек көрсетті деуге болады. Бұрын Мағжан өлеңдерінде орыстың түрлі ақындарына еліктеушілік көрініп тұрса, қазақтың ақындарымен танысқаннан кейін Ақан сері, Шәңгерейлерді жинағаннан былай, Мағжан өлеңінің бетін ескілікке қарай бұрады. Енді қазақтың ескі ақындарын дәріптейді. Қазақтың ескі заманын жырлайды. Ертегі, Қорқыт, Баян – Мағжанның романтизмі күшейгендігіне дәлел...
Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнешілдеріне /символист/ еліктесе, ішкі рухында күйректілік, жылауықтық /сентиментализм/ романтизм болады. Сентиментализм әсері, әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды. “Домбыра”, “Зарлы сұлу”, “Жәмила”, “Шын сорлы”, “Жас келін”, “Алданған сұлу”, “Тілегім” деген өлеңдерін оқысаңыз, бәрінде де әйелдің халін өте ауыр көрсетіп, әйелмен мұңдасқандай, әйелді аяғандай, есіркегендей, оқушылардың жанын ашытқандай мұң бар, зар бар:
Жәмила, мұнша неге жүдедің,
Бетіңде тамшы қан жоқ қой.
Сарғаймашы, бауырым? –
деп іші-бауыры елжіреп қатты аяйды. Шыдай алмай, өзі де бірге жылайды, оқушының да жүйесін босатады. Ақынның көрінісі сондай, бос әйел көрсе жыламай қоймайды. Сүйген жар құшағында бола ма, қуана ма, күйіне ме, әйтеуір көзінің жасын тыя алмайды. Екі сөзінің бірі сүйейін де өлейін, күйейін де өлейін. “Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан, тірі тастап кетіп мені не етейін?”. Әйелді аяп есіркеу, орыстың бейнешіл ақындарына еліктегендегі Мағжанның бар өлеңдерінде көрінеді. Жазу жолында бейнешілдердің негізгі әдісі – ишарамен, бейнемен түсін бояп, көлеңкелеп жазу, олар төңіректегі деректі тұрмыстан өзге дүниеге, ана дүниеге бір ұйқастық іздейді. Сөздің ішкі маңызында көбінесе сыртқы ұйқасына, тізіліміне, ырғағына көбірек назар салады. Олардың сөзі ақылдан гөрі жүрекке артығырақ әсер беріп, сезімді билейді. Бүгінгі өмірді онша керек қылмау, өзінен өзгені жақтамау, өнерді де өте жақсы көру, әйелді сүю, махаббатты жырлау – міне, бейнешілдердің тұтынған жолдары. Сондықтан бейнешілдердің өлеңі құлаққа жағымды, үнді, әуезді, күйлі, зарлы келеді. Дыбыстардың құрылуы сурет туғызады. Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, Абай да сөздің ішін мәнерлі, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауға, сөздің сыртқы түрін әдемілеуге Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ. Өлеңнің сыртқы сұлулығына, дыбысына әуестеніп кеткендіктен кейде Мағжан өлеңдерінің ішкі маңызы кем болып шығады. Шу дегенде ермек үшін қатарлап жиып қойған баланың қуыршағы тәрізді көрінеді. Бірақ жұмбақ та болса, тіпті мағына шықпайтын өлең жоқ. Бәрінде де мағына бар...
Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей “тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін” үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді...
Күшті ақын өзгелерді өзіне еріксіз еліктетеді, соңынан шәкірт ереді, әдебиет жүзінде жаңа жол /школ/ ашады. Мағжан да күшті ақын. Күштілігі еліктеткенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды. Алайын деп алмаса да, еріксіз, өзі байқамай алып қояды. Неге? Кестелі, ырғақты, күшті даяр сөз, даяр түр ауызға түсе кетеді. Сондықтан Мағжанды жек көретін өлеңшілер де Мағжан өлеңінің түріне, әдісіне /техникасына/ еліктеп жүр. Санап, тексеріп қарасақ, Мағжанға қарсы жазып жүрген ақындарымыздың бәрі Мағжан өлеңінің даяр түрімен жазып отырғанын көресіз. Жеңіл-желпі өлеңшілер былай тұрсын, бір кезде күшті болған ақындарымыз, Мағжанға ұстаз болған ақындарымыз бұл күнде өлең жазса, баяғы шәкіртіне еліктейтін болыпты. Бұл сөздерімнің бәріне дәлел келтіріп, әр ақынның өлеңдерін жазуыма болады. Бірақ орын тар болғандықтан жазуды артық көріп отырмын. Түбінде еліктегеніміз жоқ деп таласушылар болса, еліктегендігін өлеңімен көрсетіп, жұрттың алдына тартармыз.
Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан. Мағжан тыңнан 8-9 жаңа өлшеу туғызды, бәрін бірдей санаудың қажеті жоқ. “Сап-сары бел”, “Біраз Фетше”, “Шылым”, “Александр Блок”, “Мені де, өлім, әлдиле”, “Күншығыс” тағы басқа өлеңдері Абай өлшеуінде жоқ.
Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін /бейнешілдігін/ қазаққа аударды, өлеңді күйге айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты.
Мағжан – заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, ескіні жырлаған, жаңаны әлі мойындап болмаған ақын. Әлі де болса оның ақындығы, еңбегі алдында. Ол – күшті ақын. Күшті ақын өмірінде талай өзгеріске жолығады. Пікір жүзінде жаңалықтар табады, Мағжан да өзгеруге мүмкін.
Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны. Ел ішінде бай, кедейдің арасындағы қиянатты, теңсіздікті көрмейді. Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, дарашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын; бұ жағынан қарасақ, ол – ескі пікірлі ақын.
Жақсы жағын санасақ, ол – сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жауынгерлікке қарсы күншығысшыл ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |