Ж.Аймауытов
Неге арналсаң, соны істе!
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!
Әрбір өнер белгілі мінез қасиетін тілейді. Ондай қасиеті болмаса, қызмет жемісті болмайды. Белгілі бір өнерге арналып, бейім бола туған адамда ондай қасиет анық байқалады. Мысалы, артистің бойына біткен мінез қасиеті: біреудің басынан кешірген халін ұға білу, өзін өзгенің орнына қоя білу, басқалардың кейпіне түсу. Оның үстіне артист болуға өткір сезім, күшті қиял, жаттау қабілеті, ұстамдылық сипаттары да керек. Саудагер болуға құнтақты, епті, айлакер, пысық, ісшіл, тапқышыл, жылмаң болмай, болмайды. Саудагер көрсе қызар, шыдамсыз, күйгелек болды-ақ ұрынады, ұтылады. Өткір сезім, күшті қиялдың саудагерге түкке керегі жоқ. Әскер қызметі көнбістікті, ерлікті, тәуекелшілдікті, тез байыптағыштықты тілейді. Осындай өзгеше сипаттар әр адамға белгілі рең береді. Қай адам қандай кәсіп істейтіндігі сыртқы түрінен де көрініп тұрады. Әскер адамның жүріс-тұрысы, сөзі, дауысы тез, тік, кесілмелі, тақ-тақ келеді. Дүкенші болса, әдепшіл, жылмаң, жарамсақ келеді. Жақсы оқытушы болу үшін ілтифаты тұрақты, кең, мінезі ауыр, жатық, бойына берік, ұстамды болу керек, шәкірттерінің қылт еткен қылығын байқап, жауабына әзір тұру керек.
Өнерге ыңғайлы болу үйренумен, машықтанумен, жүре табылмайды, адам іштен туа өнерге икем бола туады. Менің табиғатым нені қалайды? Ындыным нені сүйеді? Ішімдегі дауысым мені қайда шақырады? Менің “мендігімді” сыртқа шығаратын ең басым, күшті ыңғайым, талабым қайсы? Сол дауыстың айтқанына жүруім керек. Адамның өзге сипаттарының бәрінен артық жетілетін талабы осы болу керек. Өмір жолының тоғысында тұрған әрбір адам осыны істеу керек. Бірақ бұл оңай іс емес. Бұл мәселені шешуге әзір мектеп те жараған жоқ. Мектеп те, үй іші де бұ жағына келгенде, жас буынға түзу жөн сілтей алмай келді. Үй іші баласын белгілі өнерге арнағанда, оның ыңғайымен есептеспейді, көрнекті орнында шен алатын, мал табатын қызмет еткенін қалайды. Ал, енді жас буынның өз таңдауына жіберсек, өзі одан әрі адасады. Кейде ол білімнің бір тарауына әуестенеді, кейде жолдасы қай жолды таңдаса, о да соған еліктейді; кейде біреудің орнына “дәрежесіне” қызығып, соның жолын көксейді, сонымен теріс жолға түсіп кетеді. Ыңғайы келмейтін қызметті істегеннің сазайын ондай жігіт келешекте мықтап тартады, бармағын шайнайды. Өмір бойы өз жолына түсе алмаған адам бір пұшайман сорлы жан дағы. Өз жолында қызмет ету ырыстың басы. Шүу дегеннен өзінің тура жолын тауып алатын ырысты адамдар да бар. Ондай адам аз жолына не хиуадан кез келіп қалады, болмаса жасынан-ақ бір өнерге үздік құлауы анық көрінеді де, бейімдеген жағына ауып кетеді. Қайғы сол: үздік адам өмірде сирек ұшырайды. Көпшілік өмір бойы қараңғыны қармалап, әр өнердің басын бір шалып, өз жолына түсе алмайды. Мұндай жандарда белгілі бір өнерге жығыла құмарлық, яки белгілі мүдде болмайды, болса да, артық байқалмайды. Іштегі жасырын дауыс өмір жүзіндегі істе көмекке шақыру, сол дауыстың сілтеген бетіне жүру, әсіресе, осындай адамдарға керек.
Өмірде ешбір іске ыңғайсыз, қабілетсіз адам сирек болады. Асылында әркімде бір қабілет болуға тиіс. Бірақ сол қабілет қандай қызметке керектігін табу керек. Әрине, біреудің қабілеті артық, біреудікі кем, біреудің жұмысы өрге домалайды, ол жұмысты екінші біреу істесе, орнынан да мызғыта алмайды. Біреудің басы милы, біреудің қолы епті. Мұның екеуі де әлеуметке керек.
Бұл іске олақ адамды, еш нәрсеге икемсіз, мүлдем топас деуге болмайды. Рас, адамның көбі іске тұрлаусыз, табансыз, бірді бастап, бірді тастағыш келеді. Мұндайлар толық адам емес, бұлар әрі-сәрілер. Бұлар қай ортаға кез келсе, сол ортаның жағдайына ыңғайланып жүре береді, өз ойынан шығаратын үздік өнері болмайды, олар есекке қосақталса да, атқа қосақталса да үйір болып кетеді. Дегенмен, ондай кісіде тіпті ыңғай жоқ деуге келмейді, ыңғайы болса да дер кезінде ұстармаған, жетілмеген болады. Тура жолына түсуге адамды табиғаты тура жетектей бермейді және адамның жетілуі де дәйім бір бағытпен жүре бермейді. Әр адамның өмір ағымын зерттесек, түрлі қабілеті түрлі мезгілде өсіп-өнетінін байқаймыз. Біреу салғаннан кең жолға түсетін болса, енді біреу өмірде әр қызметті бір ұстайтын болып жаралады, бір қызметтен екінші қызметке көшіп, қабілетінің әр тарауын жетілтуді қалайды, мұның мүддесі өзінен-өзі өзгеріп отырады, ол өзгеруде ешбір жүйе, тәртіп те болмайды. Мысалы Толстойдың өмірі бұған үлгі. Толстой (Лев Николаевич) өз жолын іздеп, қызметтің әр тарауын істеп, талабының әр жағын жетілткен. Ол сықылдаған боз бала да, әскер басы да, диқаншы да, тәрбиеші де, жазушы да, философ та болған, тағы түрлі өнерді істеген. Жас буынға сондай ірі адамдардың өмірімен таныс болу өте пайдалы...
... Адамның талабы іске тез ату үшін сыртқы шарттың жағымдылығы бір керек болса, туыста сүйегіне біткен қасиет екі керек. Кейбіреу туғаннан белгілі өнерге қабілетті, енді біреуде қабілет кем. Бастапқылардың өмірде өз жолын табуға үміті бар, соңғыларда аз. Туыста бір өнерге қабілетсіз жаралған адам, қанша үйреніп, машықтағанмен, ол өмірге қабілет жасап ала алмайды. Қазақтың “Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болады
деген мақалы ар жағында көсемдігі, шешендігі таяу тұрған адамға ғана айтылуы керек. Таяу тұрған түк өнерің болмаса, таң атқаннан күн батқанша сөйлесең де, шешен бола алмайсың, қырт-мылжың боласың. Бұны ғылым іспеттеп бекітіп отыр. Алайық жазушының өнерін. Өнерлі жазушы болуға “тілдің сұлулығы”, “қаламшылық” қуаты керек. Жазушылық, ақындық сүйекке бітетін өнер: қанша машықтаса да, кім болса сол, жазушы бола алмайды, кемелдікке жете алмайды. Жазушының бірі Геккел айтады: “Мен ешбір әдеби білім алғам жоқ, мен тілім сұлу болсын деп ешқашан ойлағам жоқ, мен табиғатта ең жақсы тәрбиеші әйелді көруді тіледім – шығармам осындай болды”, - дейді. Енді бір жазушы “Жазушылықты қалай табуға болады?” деген сұрауға былай жауап береді: “Егер кісінің өзінде жат зеректік болмаса, біреудің тәжірибесі пайда береді дегенге сенбеймін. Мен ағылшын тілінде жазғысы келген жастарға Тенисон мен Теккерейдің шығармаларын анықтап оқуды маслихат етер едім, оның үстіне дайым жазып машықтану дұрыс дер едім. Егер өзіңде өнерден бір тамшы да болмай, жазушылардың қатарына қосылуды қиял етушілер болса, оларға ең жақсы ақыл: лайығы жоқ орынды аламын деп бекер әуреленбе дер едім”.
“Сіз менің сөзімнің әдемілігіне таңданып, бұл өнерді қалай таптыңыз? – дейсіз. Маған бұл сұрауға жауап беру өте қиын, мүмкін емес сықылды. Ойымды сыртқа шығаруым, яки сөйлемдерді үйлестіруім менің ақылымда өзінен-өзі туады, қалай туатынын өзім де білмеймін” дейді екінші бір сұралған жазушы.
Осы мәселе туралы Рескин тағы бүй дейді: “Менің бір досым пәлендей кітабымның жүйесіздігін бетіме басып, қайғырады. Менен кітабымды үздік қылып, жүйелеп жазуымды тіледі. Осы негізге сүйеніп, қияға біткен қайыңға келешектегі бұтақтарының бетін өзің белгіле деп шарт қоюына да мүмкін”.
Жалпы айтқанда, сұрау қойылған жазушы біткен сөз сұлулығын машықтау мен табу мүмкін емес деп бір ауыздан жауап қайырған. Сүйекке біткен өнер мен үйреніп тапқан өнердің арасы қандай болу туралы жазушылардың көбінің пікірі осындай. Жазушылық өнері табиғаттың берген сыйы болу керек...
Достарыңызбен бөлісу: |