С.Мұқанов
Жазушы лабораториясы туралы
... Осы арадан жазушының лабораториясы туралы бір мәселе туады. Кейбір, тәжірибесі аз жазушы былай істейді: тема іздеп, өндіріске ме, колхозға ма бір жерге барады. Барған жерінен ол көп материал алып, жазатын мекеніне қайтады. Бірақ, ол жинаған материалын қорыта білмейді, өзінше, жазушыша меңгере білмейді, көргенін көргенше жазам дейді де, образ жасаудың орнына саяси-шаруашылық есеп сияқты бірдеме береді.
Тәжірибелі жазушы олай істемейді. Ол жазатын темасына керекті материалдарды мейлінше зерттейді, керекті материалды меңгеріп алғаннан кейін жазушы ол материалдың бәрін де жауып қояды, зерттеген материалына сүйене отыра болашақ шығарманың жоспарын құрады. Жазушы – инженер. Жинаған материал – ағаш, кірпіш, тас сияқты құрал. Қолдағы материалын қалай құрап үй жасаса да инженердің еркі. Сол сияқты жинаған материалын шығармасына қалай орналастырып пайдаланса да жазушының еркі.
Болашақ шығарманың жоспарын құрғанда жазушының көздейтіні не?
1. Тап күресінің, қоғам тұрмысының шындығынан шықпау, баяндап отырған оқиғаға оқушы сенетін болу.
2. Қоғам тұрмысынан үлгілі, үлгісіз, жақсы, жаман адамдарды алып, халықты жамандардан бездіру, жақсылыққа баулу.
3. Жақсы, жаман адамдарды, олардың қимылы, ісі. Мінезі, құлқы арқылы көрсету.
4. Оқиғаны қызық қып құру, бір оқиға мен екінші оқиғаны, романның барлық оқиғаларын байланыстыра білу.
5. Шамаңша әдемі сөздер табу.
6. Оқиғаңмен, кейіпкерлеріңмен, сөзіңмен оқушыны еліктіруге тырысу, оқушыны шығармаңа құмарландыра білу.
Егер, жазушы жинаған материалдарының көлемінен аса алмай қолында бармен ғана қанағаттанса, одан ойдағыдай шығарма тумайды. Көркем әдебиетше қорыта білмеген материал көркем шығарма емес. Сондықтан, талантты, ысылған жазушы белгілі бір темаға керекті материалды меңгеріп алғасын фантазиясына ерік беріп, шарықтайды. Қажетті жерде тарихи материалдың көлемінен шығып, болмаса да болуға мүмкіншілігі бар оқиғаларды қосады. Содан барып әдебиет образы туады.
Бір шығармасын бір рет сыдыртып жазып шығатын жазушы жоқ. Олай жазса көркем де болмас еді. Әдемі сарайлар салуға инженер қандай қиналса, ойланса, толғанса, жақсы шығарма жазуға жазушы да сондай қиналады. Дұрыс қаланбаған бір кірпіш бүкіл үйді бүлдіреді, сол сияқты орынын тауып дұрыс пайдаланбаған материал бүкіл романға кемшілік келтіреді. Сондықтан жазушы романына қатынастырған әрбір адамның орнын тауып жұмсауға тырысады. Қылықсыз, іссіз, мінезсіз адам герой бола алмайды.
Көркем әдебиет тұрмыс шындығының сәулесі түсетін айна, бірақ тұрмыс шындығының бәрі көркем әдебиет бола берсе, онда ол көркем әдебиет бола алмайды.
Көркем әдебиет не? Ол, жазушының көркем фантазиясы арқылы еленіп шыққан тұрмыс шындығы. Жазушылық електен өтпеген тұрмыс шындығы көркем әдебиет емес. Тұрмыс шындығын елей білмеген кісі, жинаған материалын меңгеріп, көркем бояу бере білмеген кісі жазушы емес.
Жазушылық әрі талант, әрі профессия, талантсыз кісі жазушы бола алмайды, бірақ жазушылықты профессияға айналдырмаған талант өркендемейді. Жұмыскерлік, оқытушылық, ғылым иесі болушылық профессиясы, сол жүйені көп зерттеуді тілесе, жұмыскер де, мұғалім да, көп еңбек сіңіру арқылы профессионал болса, жазушылық профессиясы да сондай.
Академиктің білімінің басы “әліп-би” деп өркендейді. Содан жоғарылап бір ғылымның төбесіне шыққан соң ғана ол академик болады.
Көркем әдебиеттің де өзі биігі, өз шыңы бар. Ол адам баласының, талантты көркем сөз иелерінің мыңдаған жылдар бойы жасаған әдебиет мұрасы. Осы мұраны меңгеріп, төбесіне шыға білмеген адам көптің көзіне қайдан түссін. Ондай адам сай-саланың шұқырында жүріп күнелтеді де, әдебиетті бұрынғы сатысынан жоғары көтеруге көмектесе алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |