«зар заман» кезеңіндегі ақындар шығармашылығындағы тарихилық аннтоция



Дата31.12.2019
өлшемі88,5 Kb.
#55271
А. СЕРІКОВ,

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының 2 курс магистранты
ӘОЖ 821.512.122
«ЗАР ЗАМАН» КЕЗЕҢІНДЕГІ АҚЫНДАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТАРИХИЛЫҚ
АННТОЦИЯ

Мақалада автор ХІХ ғ. Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нармамбет және т.б. «Зар заман» ақындарының тарихи көзқарастары мен олардың шығармашылығының тарихилығын қарастырады. Сондай-ақ ақындар шығармашылығының басты бағытын талдай отырып, оларды тарихи дерек ретіндегі құндылығын айқындайды, қазақ әдебиетіндегі ХІХ ғ. басында қалыптасып, ғасыр соңында ғылыми тұрғыда бекіген «Зар заман» ағымының ақындары түсінігін ашып көрсетуге тырысады



Түйін сөздер: «Зар заман», Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нарманбет, Әуезов, шығармашылық, әдебиет, тарих.
XIX ғасырдағы Зар заман кезеңіндегі ақындардың шығармашылығында тарихилық кең суреттелген. Қазақ тарихында жүз жылдық дәуірді қамтыған ерекше сипатты әдеби бағыт, бөлекше тұрпатты әдеби арна - зар заман ағымы болды. Ол - отаршылдық дәуір әдебиетіндегі зар заман ағымы. Оның ғылыми түрғыда бекуі XIX ғасырдың соңын ала басталып, күні бүгінге жалғасып келе жатыр.

Қазақ әдебиетінің тарихында М. Әуезов жүз жылдық дәуірді қамтиды деген зар заман ағымы, зар заман бағыты, зар заман сарыны XX ғасырдың өн бойында атауы орнықпағанымен, мән, мазмұн, бет, түр жағынан қарастырылып, бөлініп, анықталып келді. Тұтас бір дәуірдің хал-күйін өзгеше түр, өзіндік стиль, белгілі мақсат, бағыт, негізгі сарындармен әдебиетке түсіретін құбылыс - әдеби ағым. Сол тұрғыда Дулаттың, Шортанбайдың, Мұраттың, Нарманбеттің отаршылдық ойранына қарсылық, наразылық, мін, сын мәнінде туған; халықтың қасіретін өлеңге түсірген; саяси сұмдықтардың сипатын діни қысым, қоныстан айыру, тұрмыс күйін аздыру, әкімшілік биліктен тайдыру, адамгершіліктен безу, т.б. жақтарын сан қырынан ашқан поэзиясы; түрі, тұрпаты, сарыны, мақсаты тоқайласып, бірігер тұсы көп өнері - зар заман ағымының негізі.

Тарих мәселелерінде күні бүгінге дейін белгілі бір әдеби ағым, оның теориялық, саяси-әлеуметтік сипаттары жайлы даралап айтқан зерттеу көп емес. Сол негізде келгенде М. Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқулығына енген «Зар заман ақындары» атты зерттеуі күні бүгін құнын жоймаған, жылдардың көшінде, саясат желінің өтінде жоғалтқандарымызды табуға тірек болатын, мәні зор еңбек. Әуезов зар заман ақыны кім, дәуірі қандай еді, көтерген мәселесі не болды дегенді нақты айтады [1].

Зар заман ақындарының өлең-жырларында елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарыны орын алған. Жалпы «көшу», «қонысты тастау» ұғымы көптеген халықтардың фольклорлық шығармаларына тән. Талауға түскен елден кетіп, жайлы жер, ыңғайлы қоныс іздеу идеясы еркіндік, бостандыққа ұмтылу мұраттарымен орайлас келеді. Туған жердің табиғатына қарап тұрып, өткен күннің елесін іздеу, жастық дәуренді еске алу үрдісі ата қоныстың бүліншілікке түсіп, өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң-шермен астасып жатады. Ақындардың бірқатары жұтаған жер мен көшкен елге қайырылып сөз айтып тұрып, басқыншылық пиғыл мен зорлықшыл әрекеттерді зарлана жырға қосады. Зар заман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, алдағы уақыттағы ел сипатының тарихының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы. Мұндай болжам өлеңдер зар заман ақындары шығармашылығының бастапқы кезеңінде, яғни отарлаушылардың ойранынан бұрынырақ айтылғандығымен құнды. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарасақ, олардың ойлаған қаупі расқа айналғанына куә боламыз. М. Әуезов «зар заман ақындары»  деген терминге бірнеше теориялық тұжырымды негіз етеді. Айрықша назар аударар бір түйін: «... Зар заман ақындарынан біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығы ауызша әдебиет десек, мыналарды жазба әдебиеттің басы деу керек»  деген ғылыми жаңалығы айқын ой.

Біздің зар заман ақындары дегенде, жалпы қазақтың атам заманның бергі өмір тарихындағы зарды емес, дәл осы М.Әуезов атап беріп отырған, орыспен арадағы саяси ахуалға байланысты туған мұң мен зарды нысанада ұстауымыз қажет. Отаршылдық саясаттың зардаптары мен мақсаттары саяси жүйе ретінде, тарихтың белгілі бір беті ретінде көрінген тұсты бар сипат-өзгешелігімен тұтас қабылдап, оның әдебиетке түскен көлеңкесін нақты сөйлеу қажет.

«Зар заман ақындарының көпшілігі XIX ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысының артынан шығады. Қалың қазақтың ұйқысын шайқап шыққандай болып, орта жүзді, кіші жүзді түгел оятқан Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болады. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел танылады».

Әуезовтің алабөтен айырып айтуынша, зар заманның зары орыс отаршылдарының келе бастауынан басталған зар, мұң ғана емес. Мұхтар Әуезов зар заман әдебиетін айқындап берген көп себеп үміттің үзіліп, «жолсыз жорықтың» жеңіліспен аяқталып, Кенесары мен Исатай-Махамбет өлтіргеннен кейінгі халді баса айтады. Қазақтың ілгерідегі ахуалы осындай сұмдықты сезінген күйде болғанын ақыры соның болып тынғанын ұғындырады. Қазіргі таным таным-түсінік тарихқа баға, көзқарас деңгейінен келгенде бұл түсіндірулер, талдаулар белгілі жайлар болып көрінуі де мүмкін. Бірақ қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын негіздеу мақсатында талданған тарихтың, оның әдебиетіндегі ізінің түп негіздерін бекіте түсу үшін қарастырғанда- ол пікірлер өз күшінде.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы аса елеулі, саяси мән жағынан болсын, көркемдік негіздері жөнінен болсын айқын тұрған осы бір ағымның зар заман ағымы атауын орнықтырып, бекітіп, тұтас алып қарастыруға ғылыми тұғыр да бар, әдеби мұра үлгілері де ұшан теңіз. М. Әуезов осы мәселені XX ғасырдың бірінші ширегінде түбегейлі, түпкілікті ғылымның зерттеу нысанасы етіп қойған [1].

Бұл ақындардың ішінде өлең-жырдың бар қуатын пайдаланып, ата-баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені – Дулат Бабатайұлы.

Дулат Бабатайұлы - зар заман әдебиеті өкілі делінеді. Солай болғанымен де зар заман әдебиетінің негізгі зар заман сарыны жатқанымен, Дулат өлеңі Шортанбай, Мұрат өлеңінен өзгешелік сипаты, айырмасы көп өлең. Ақынның өлеңі өмірді сырттан бағалаушы, сырттан тамсанушы, баяндап, мазмұндап шығушы емес. Сол өмірдің ішіне еніп, сырын сезіп, соны өзгеге сезінтіп, өзгеше айқындықпен құбылтып өрнектеген өлең.

Дулат он тоғызыншы ғасырдың орта орта тұсында жасаған қазақ әдебиетінің тарихын туғызушы тұлғалардың ішіндегі әрі ауызша, әрі жазба түрде жыр тудырған, заман, ел күйін толғаған, айтқаны кейінгінің де қымбаты болып қалған, қала беретін тағы бір биігі. Дулат заман күйін жеткізіп, мінін ашық айтып, ендігі күй не болмақ дегеннің қисынды жолдарын алға тартады[2].

Қаншама қиындықты басынан кешкен қазақ халқына жаны ашып, бірнеше жырларын арнағанын білеміз:




Қазақ деген ғаріп жұрт,

Миығыңды көрсетпей,

Ұстарасыз түсті мұрт.

Ұйқы басып, сезбедің


Шырмағанын жаудың сырт.

Емін-еркін ен жайлап,

Өсіп едің Бұхарда.


Дулат Бабатайұлы шындықты жаны сүйетін, тік, турашыл, ойындағысын, айтқысы келгенін тайсалмай бетке айтатын батыл ақын. Жалпы алғанда, «Зар заман» - XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты болып табылады. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман» ақындары деген ат қойылған болатын»[1].

Ақындар өз шығармаларында қазаққа тән болмыс пен, ұлттың қасиетін сақтап қалуға бағытталған ниеттері шығармаларында бейнеленген көріністің амалсыз, зарыға айтылуынан білінеді. Әсіресе, Шортанбай ақын шарасыздықтан дінді таяныш қылады. М.Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқулығына Шортанбайды Қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы ағымның - зар заманның атышулы тұлғасы ретінде таныса да, өкінішке орай, қилы-қилы замандарда Шортанбай мұрасын бағалау мәселесі қилы саққа жүгіртілді. Тұтастай зерттеу нысанасына ілігіп, жан-жақты жүйеленіп, талдана қойған жоқ. Шортанбай - ақын, Шортанбай - жырау деп те айтылады. Себебі Шортанбайдың шығармашылығында жыраулыққа да келетін шығармалары да жеткілікті. Өлеңдерінің тарихилық мәні және сипаты жағынан да, шығармасының түрі де, үлгісі де, тіптен ұйқасы мен ырғағы да жыраулық поэзияның теориялық негіздеріне бағынып жатқан тұсы көп. Шортанбай заманында тас жарып шыққан бұлақтай қайсар, тұнық, биік жыры мол қазақ өлеңі ащы мұңға батты, қорғасын ойлардың салмағына тұншықты[3].



Шортанбай шығармаларында өзі көріп тұрған қазақ өмірінің барлық суретін айтады. Ол қазақ қоғамы тарихындағы осы бір күрделі дәуірдің суретін, ондағы өзгерістер сыпатын дәл бейнелеп, алдыңа жайып салады, ескі салтпен қайшылыққа келіп, өмірге өктем кіре бастаған тіршілік сипаттарын жіті көзбен көреді. Бірақ заман ағысының бағытын өз ұғымымен сиыстыра  алмай қиналады. Оның зары да осыдан туады.


Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бір заман.
Сөздің басы бисмиллаһ,
Біз айталық, сіз тыңда
Мұсылманның тарихын:
Төрт аяқты хайуан
Бұ дүниенің жарығы.
Бағасы кеткен жігіттің
Бетінен алар зайыбы.
Бір алладан басқаның
Көпті қылған айыбы.
Кесапаттың кесірі
Келе ме деп керт басқа,
Сол себептен қорқамын!- дейді.


“Зар заман”, “Тар заман”, “Бала зар”, “Опасыз жалған”, “Осынша азды ел неден”, “Байды құдай атқаны” – бәрі де “Заман азды” деген пікірді дәлелдеу үшін жазылған. Бұл өлеңдер, сондықтан да, біркелкі “Асылық азған заманда” деп басталып, “Заман азуының” белгілерін танытатын өмірдің әр қилы саласын суреттеуге арналады.

Шортанбайдың бұл суреттеуінен қиын заманның қайдан келгенін байқауға болатынын аңғартады. Сауда капитализмінен қазақ елінің қазынасын соруға келген елшісі – ақша. Саудаға негізделген қарым-қатынас адамдардың байланысының барлық түрлерін ығыстырып, оларды тек ақша тілінде сөйлетеді. Шортанбай өлеңі қазақ даласында таптық жіктелушіліктен туған осы бір тарихи құбылыстың пайда болу жолын әдемі суреттейді:


Байды құдай атқаны

Жабағы жүнін сатқаны.

Кедей қайтіп күн көрер,

Жаз жатақта жатқаны.

Жаздай арық қазғаны,

Күздей пішен шапқаны.

Ішіп-жемдік болмайды.

Оны-мұны тапқаны.

Аш, жалаңаш, бейнеттен

Жүдеп, арып, талады.

Бір ешкісі бар болса,

Шығын деп тілмаш алады.


Осы өлеңде қаншама өмір шындығының - тұтас бір тарихи процестің суреті жасалған. Мәселе - жатақтың шығуын жай айта салуда емес, кедейлерді байлармен іргесін бөлісіп, көшуден қалып отырықшы болуға итермелеген, жаздай арық қазып, күздей пішен шабуға мәжбүр еткен жағдайды ақынның терең аша білуінде. Ол салт-сананы да, адам психологиясын да, экономиканы да, дәуірдің идеологиясын да қамтиды. Осы салалардың бәрінде де ескі патриархалдық қалып бұзылып, жаңаға жол ашылды. Ақынға бұл жағдайлар ұнамайтындықтан, өзінің қорытындысын шығарады. Бірақ оған қарамай ақын сол өзгерістер қалай басталып өрістегенін, нәтижесін, үдерісті түгелдей көркем суретке айналдырып ұсынады. Қандай да болмасын Шортанбай таланты белгілі бір дәуірдегі халық тіршілігінің көркем бейнесін жасаумен өлшенеді. Ол ел ішінде кезіп жүрген ойларды, пікірлерді жинақтап қорытады. Осы көзқарасты сол дәуірдегі халықтың ой-пікірінен алынғаны даусыз екені белгілі. Көп қиыншылық көрген халықтың зарын керемет суреттегендіктен Шортанбай өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады. Олардың, қанша уақыт өтсе де, ұмытылмай келе жатқаны да сондықтан. Халық ежелден-ақ жақсы тұрмысты, әділетті өмірді аңсаған. Ақын шығармаларының тілі де халықтық. Ол бейнелі сөз жүйесін жақсы біледі. Ойындағы нәрсесін жеткізе, оған тыңдаушының көңілін аударарлық етіп, еркін айта алады [3].

Өз шығармашылықтарында халықтың тарихы жете сөз болатын Тәтіқара ақын, Шал ақын, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы және тағы басқа ақындардың толғау өлеңдерінің деректанулық, және тарихнамалық тұрғыдан зерттеу, жазылып қалған тарихы жоқ халықтың өткенін танып-білуде баға жетпес тарихи деректер болары сөзсіз. Зар заман ақындарының шығармашылықтарында қазақ халқының тәуелсіз кезеңінен бастап, оның Ресей империясның отарына айналуы, жерінен, қонысынан айырылуы, оның себептері, халықтың көзқарасы, ашу-ызасы, наласы, дәрменсіздігі, болашағына деген сенімсіздігі толығымен баян болады. Халықтың рухы жоғалған дәуірі Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» деген толғауында былайша бейнеленген:

«...Бұл толғау жаңа низам жүріп ел штатқа көніп, елді оязай, болыс, ауылнайлар билей бастаған заман» түріне айтылған. Айтылуы 1873 жылдың шамасында болған [4].

Ресей империясы отарлаушыларының озбырлығы мен сұрқия саясаты Зар заман ақындарының өлең-жырларында жан-жақты суреттеледі. Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, діннен аулақтату сықылды империялық пиғылдың жүзеге асуына қарсыласу қозғалысы Зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді. Бұрынғы жыраулар поэзиясымен үндесіп жататын өршіл рух, әсіресе, Мұрат Мөңкеұлының жырларынан айқын байқалады. Ескі тарихтық сөздерді, елдің шежірелерін Мұрат Мөңкеұлы өте жақсы білген. М.Мөңкеұлының шығармашылығында жер атаулары көп кездеседі. Бұлардың көбі ескі аттар. Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз қалдырмайды. Ол бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Мұраттың заманы - бостандық үшін «егескен ердің бәрі жер тіреген» заман. Патша үкіметінің қазаққа құрған саясатының өрлеп тұрған заманы, қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы. Мұрат елдің мұңын айтады, бұрынғыны жоқтайды.

Мұраттың өлеңдерінде патша өкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Өкіметтің жақсы жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады. XIX ғасырдың екінші бөлімінен шыққан қара ақындардың көбі Мұраттың шәкірттері. Міне, қысқаша айтқанда, Мұраттың тілі әдебиетімізге негіз болған ел әдебиетінің тілі. Мұраттың өлеңдерінде қазақтың ел әдебиетіндегі жыр, толғау, айтыс, мақтау, хат, асқақ, жоқтау секілді өлеңдерінің бәрі бар. Әдебиет тарихына Мұраттың сөздерінің керектігі шексіз нәрсе [2].

Патша үкіметінің отаршылдық саясаты жайлы жиырмасыншы жылдары Халел Досмұхамедұлы да батыл, ашық айтты. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себептеріне аса қырағы саяси бағаны сол кезде Халел Досмұхамедұлы берген еді.

«Он сегізінші, он тоғызыншы ғасырдағы қазақтың қозғалысының ең күштілері - Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарынікі. Үш қозғалыстың бас мақсаты - қазақты орыстың жәңгірлік құшағынан құтқару»[5].

Халел Досмұхамедұлы «Қазақтың халық әдебиеті» еңбегінде зар заман ағымы деп ала бөтен қарастырғанымен бостандықты аңсаған әдебиет үлгілері жайлы айтады. «Халық поэзиясының тағы бір соқталы түрі - зар заман мен толғау. Бұл өлеңдерде салт - сананың бұзылуы жырланады, халық өмірінің көне әдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен әкімдердің парақорлығы мен пәтуасыздығы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шұрайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы елдің азуы, аштық, жұт тағы басқа сөз болады: бұрыңғы өмір мен ескі салт-дәстүрлер мадақталып өзгерістерге зар айтылады. Мән жағынан зар заман ағымына жақындата беруге болатынын аңғарамыз.

XIX екінші жартысынан былай қарай қазақ әдебиетінде қалыптасқан әдеби ағым түрі ретінде танылып XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарында өзіндік сипат-мазмұн, түр-ерекшелігіне қарай ерекшеленіп, тұжырымдалған әдебиет тарихындағы зар заман ағымы деген тұжырым сол қалыпта орнығып, әдеби мұраның мәнін ашуда негіз болып қала алған жоқ. Түрлі саяси науқандардың тұсында ол ағымға қилы мән берілді. Бір кездегі тарихи даму шындығынан туған, халықтың қасірет күйін жеткізген әдебиет деп танылған орасан зор мұраға сары уайым үмітсіз үгілген жаңалықтан үріккен, діншіл әдебиет деген мін тағылды, «Зар» ұғымы басқа мағына ала бастады[6].

Сондай-ақ, профессор Ханғали Сүйіншалиев әдебиеттегі зар заман ағымы атауының жай-күйіне мынадай барлау жасайды: оларды түгел әдебиет тарихынан шығарып тастағысы келмеген аға-буын әдебиетшілер әр саққа жүгіртіп, өз ойларынан «Зар заман» әдебиеті дәуірін шығарған болатын. Қазақ әдебиетіндегі сол бір айрықша көзге ұрып тұрған ағымның қилы тарихына зар заманның әдеби ағым ретінде таралуы мен танылуының ұзақ жолына, қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесімен қазақ әдебиетінің өзіндік спецификасымен іштей байланысып жатқан біртұтас құбылысқа тиянықты ғылыми барлаудың бастауын Әуезов еңбектерінен алатынымыз ақиқат.

ХХ ғасырдың соңынан бастап  Зар - заманның тарихи сипаты, Зар - заманның   ақындарының шоғырының белгілі өкілдері, әдеби ағым ретіндегі ерекшеліктері , көркемдік кестелері туралы бір қатар еңбектері жазылды. Зар - заман шығармаларының - жаңалығы мол, өзгеше дәстүрі бар күрделі құбылыс ретінде әдебиеттану ғылымының тұрақты зерттеу нысанасы болып қала бермек.

Осы айтылған зар заман ақындарының сарыны жүз жылдан артық дәуірдің ішінде өмір сүрген қазақ ақынының барлығына да күй, сарын болды. Зар заманның артқы ақыны XIX ғасыр мен ХХ ғасырдың жапсарында өмір сүріп, сол кезде өлең айтқан Нарманбет. Нарманбет Орманбетұлы шығармалары, өлеңдері қысқа, яғни ұзақ сюжетті өлеңдер жазбаған екен. Сюжеттері ең қысқа да, әдемі өлеңдері «Кер заман», «Балалық үй». Ол одан басқа Ресей патшалығының қазақ даласына жүргізген отарлау саясаты туралы «Аждаһаның аузында» деген өлеңінде патша үкіметін аждаһаға теңейді.




Ақынның Аждаһаның аузында,

Айрылып қалдық қоныстан,

Бекіліп мизам шықпай тұр,

Әлгі бізге орыстан.

Қазақтың жолы тарайып,

Нәпсілері қарайып,

Әділеттік азайды.

Би, старшын, болыстан



-деп жырлайды. Бұдан басқа да шығармалары қазақ халқының басынан кешірген өткен тарихын керемет суреттейді. Көбінесе әлеуметтік мотивтегі толғаулар, заман, өмір, адамның мінез құлқы жайында афоризмдер мен, айтыс пен жоқтау да кездеседі. Заман зарының ең ақырғы күйін шертіп, тоқтаған осы ақын.

Қазақ әдебиетінің тарихында зар заман ақындары деген атаумен белгілі жыр жүйріктері - заманның желі оңынан туғанға дейін шығармалары жұртшылыққа кеңінен таныстырыла қоймаған тұлғалар. Кеңестік кезеңде олардың ардақты есімдерін негізінен әдебиетшілер, сол ақындар ғұмыр кешкен өлкелердің халқы, көзі қарақты, көңілі ояу оқырмандар ғана жақсы білгенімен, былайғы ел-жұрт жыр жампоздарының мұраларын толық пайдалануға мүмкіндік ала қойған жоқ. Олардың зиянды делінген шығармалары жарыққа шыққан жоқ. Зар заман ақындары шығармаларының жұртшылыққа тоқтаусыз жол тартып жатқаны кейінгі жылдардың жемісі [8].


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі




1.   Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б.

2. Мәдібай Қ. XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: «Қазақ университеті», 2001. – 467 б.

3. Мәдібай Қ. Қазақ әдебиеті тарихында зар заман ағымының М. Әуезов зерттеулерінде айқындалуы // Заман-Қазақстан. – 1997. – №22 тамыз.



4. Қасқабасов С. Халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 126-б.

5. Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: «Ана тілі», 1991. – 102-105-бб.

6. Омарұлы Б. Зар заман әдебиеті. – Алматы, 2005. – 376 б.

7. Сүйіншәлиев Х. XIX ғасыр әдебиеті. – Алматы «Ана тілі», 1992. – 123-б.

8. Жүгенбаева Г. Дәстүрлi ауызша тарих // ҚазҰУ хабаршысы. – Тарих сериясы №2(37), 2005. – 5-9-бб.


А. СЕРИКОВ,

Магистрант 2-го курса

Института истории и этнологии

им. Ч.Ч. Валиханова



ИСТОРИЧНОСТЬ ТВОРЧЕСТВА ПОЭТОВ И ЖЫРАУ

ПЕРИОДА «ЗАР ЗАМАН»
В данной статье автор рассматривает исторические взгляды и историчность творчества таких поэтов и жырау периода «Зар заман» (Скорбные времена) XIX в., как Дулат, Шортанбай, Мурат, Нарманбет и др. Кроме того, автор анализирует основные направления творчества жырау и его ценность как исторического источника и раскрывает понятие течения «Зар заман» в казахской литературе, которое началось в начале, а официально научно утверждено в конце XIX века.

Ключевые слова: «Зар заман», Дулат, Шортанбай, Мурат, Нарманбет, Ауэзов, творчество, литература, история.



  1. SERIKOV

Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology

2-nd year Master’s Student


HISTORICITY OF THE CREATIVITY OF POETS AND ZHYRAU

OF THE "ZAR ZAMAN" PERIOD
   In this article, the author examines the historical views and historicity of the creativity of such poets and zhyrau of the "Zar Zaman" (Sorrowful Times) period of the XIX century, as Dulat, Shortanbay, Murat, Narmanbet, etc. In addition, the author analyzes the main directions of creativity of zhyrau and its value as a historical source, and reveals the concept of the current "Zar zaman" in Kazakh literature, which began in the early XIX century, but was approved officially in science in the end of the XIX century.

Keywords: "Zar zaman", Dulat, Shortanbay, Murat, Narmanbet, Auezov, creativity, literature, history.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет