Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология



Дата05.11.2016
өлшемі373,67 Kb.
#1004
ӘОЖ 323: 908] (574)
АУЫЗША ТАРИХ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология

бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Жүгенбаева Г.С.,

Қоңқабаева А.Н., Бұрханов Б.Б., Байжұманова З.Б.

ғылыми қызметкерлер.
Түйін

Мақала ауызша тарих мәселелеріне арналған. Маңғыстау облысына жүргізілген экспедиция материалдарына деректанулық талдау тәжірибелері жасалынады. Ауызша тарих сипатында орындалған бұл жұмыстар, халық жадындағы естеліктердің тарихи дерек ретіндегі мүмкіндігін көрсетеді. Мағлұматтардың аса байлығы, оның дәстүрлі қазақ қоғамын және ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихын зерттеудегі пайдалы ақпараттық рөлін дәлелдей алады. Авторлар ауызша тарихтың методологиялық, тарихнамалық және деректанулық сұрақтарын қамтып, осы дерек түріне қатысты өз тұжырымдарын ұсынады.



Түйін сөздер: ауызша тарих, Қазақстан тарихы, шежіре, естеліктер, деректеме, тарихи жад
Ұлттық тарихнамасы ресми басқыншы биліктің ықпалында саяси- идеологиялық штампта дамуға мәжбүр болған қазақ халқының тарихына иелік етуі – тәуелсіздіктің еншісі. Тәуелсіз ел тұрғысында ғана қазақтар өз тарихына барынша объективтілікпен, табиғи шынайылықпен, заманауи ғылыми танымның мүддесінде қайрылуды жүзеге асыра бастады. Қазақ халқының тарихи өткеніне қатысты тарихи деректерді анықтау, оларды сұрыптау, сараптау, деректемелік талдау жүргізіп, ең соңында тарихымызды зерттеуді қатыстыру отандық деректанушылардан салмақты ізденістерді талап етеді.

Тарихшылардың бұл бағытта атқаратын істері ауыр екендігіне алмағайып, күрделі саяси катаклизмдерге толы ХХ ғасыр тарихы, оның деректемелік қор кешені куәлік етеді. Тіптен оған дейін дәстүрлі қоғамда тіршілік етіп, көшпенді өмір салтын сақтаған халықтың тарихын түгендеудің күрделілігі өз алдына, кейінгі кезеңнің алапат сыртқы күштен туған қасіреті бұл мақсатты жүзеге асырудың ауыр боларын көрсетіп берді. Бұл ауырлық тарихи деректерді аршуға қатысты объективті себептер мен халық тарихының тасада қалуға мәжбүр болған тұстарының күрделілігімен байланысты.

Еліміздің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының № 1896/ГФ4 «Халық жадындағы құжаттық хроникалар: пәнаралық синтез әдістерімен деректанулық зерттеу (компьютерлендірілген талдау және мәліметтер базасын құру)» тақырыбындағы [1] ғылыми-зерттеу жобасын орындау мақсатында Маңғыстау облысына барған ғылыми іссапарымыз осындай мақсат-міндеттерді көздеген еді.

Бұл жұмыс «ХХ ғасыр тарихы көзі тірі куәгерлер естеліктерінде» атты жұмыс бағдарламасымен Маңғыстау облысының Ақтау-Жаңаөзен қалалары, Сенек, Түйесу, Теңге, Қызылсай, Рахат, т.б. елдімекендерінде жүргізілді [2].

1973 жылдың 20 наурызынан жеке дара (бұрын Гурьев, қазіргі Атырау обл. қараған) құрылған Маңғыстау облысы еліміздің қиыр оңтүстік-батысында орналасқан. Бүгінде 606, 9 мыңның үстінде халқы бар [3], республика экономикасының мұнай-газ өндірісін және ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуымен қоса, бірден-бір су-теңіз жолы (Ақтау теңіз айлағы) орналасқан аймақ болып табылады. Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Кавказ сырты елдерімен және Түрікменстанмен шекаралас аймақтың өткен тарихы сонысымен ерекшеленіп тұрады. Қазақ халқының Кіші жүз Байұлынан тарайтын Адай тайпасы тұрғылықты қоныстанған аймақтың өткені белгілі бір деңгейде, сол тайпаның тарихымен өзектесе дамиды [4].

Антикалық тарихнамадан [5] бастап ономастикалық дерек ретінде танылған Каспийдің Маңғыстау түбегі империялық Ресей мен Кеңестік билік тұсында географиялық-саяси мақсатта және табиғи қазба байлықтары үшін ғана ескеріліп келді [4]. Еліміздің ғылыми-мәдени және саяси астаналық орталықтарынан қашық орналасуы аймақтың негізінен алғанда, тарихи аспектіде зерттелуін жұтаңдандырып жіберген. Өлке тарихының тарихнамалық қорытылуға түсуі әлі ертерек.

Сондықтан, аймақтың өткеніне қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу жұмыстары бұл істің ең бастысы саналады. Біздің зерттеу жұмыстарымыз осыған орай ХХ ғасырдың көзі тірі куәгерлерінің естеліктерін, ауызша тарих сипатында іздеуге, жинауға негізделді [6]. Өлке тарихының дәстүрлі ауызша тарихы деректемелерін жинауға мән берілді.

Зерттеу барысында 50-95 жас аралығындағы 120-дан астам өңір тұрғындарының өз өмірі жайындағы Ауызша тарихы жиналды (Қосымша). Олардың арасында осы өңірде туып-өскен жергілікті тұрғындар, көршілес облыстардан көшіп келгендер және кеңестік модернизацияның зардабы жылдарында Иран, Ауғанстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей елдеріне қоныс аударуға мәжбүр болған қандас ағайындар бар.

Жұмыс әдісі сауалнама сұрақтарын толтыру (информанттың өз қолтаңбасымен жазып беруі, бала-шағасы, отбасы мүшелері немесе зерттеушілерге жаздыртуы), диктофонға жазып алу, фотоаппаратқа түсіріп алу түрінде жүргізілді. Сауалнаманы толтыру, респонденттермен жұмыс жасау алдын-ала хабарланып, бұл істің мәнісі, оның тарихи, тәрбиелік маңызы қозғалды [7]. Сұхбат берушілердің жеке құқықтары толық сақталып, өткен туралы естелігін барынша еркін, өз еркімен жеткізуіне мән берілді. Алынған мағлұматтың шынайылығы респонденттің жадындағы өткенді еркін еске түсіруіне байланысты. Респондентке қолайлы жағдай жасалуының ескерілуі шарт.

Бұл әдістің нәтижесі респондентердің ерекше құлшынысы мен жадындағы үзік естеліктерді кеңейте толықтыруы мен тың мәліметтерді еске түсіруіне ықпал етті. Респонденттер құрамы әр текті әлеуметтік ортадан шыққан тұлғалар болып табылды. Білім деңгейлері, атқарған қызметтері мен кәсіп-мамандықтары, жас мөлшері түрліше болуы олардың өткен өмірге деген көзқарасын айқындаған. Сол себепті жиналған мәліметтер мен өмірбаяндардың мазмұны және олардың ғылыми тарихи құндылығы алуан сапаға ие болады.

Информанттар жеке өмірбаяндарын айта отырып, өлкенің әр кезеңдегі тарихына қатысты және XX ғасырдың өздері куә болған немесе әке-шешелерінен естіген тарихи оқиғалары жайында мағлұматтар берді. Бұл деректерде өңір халқының ру-тайпалық құрамы, олардың рулық-территориялық қоныс-қыстаулары, кәсіпшілігі мен күнелтіс көздері, өлке топонимикасы мен тарихи фольклоры, көршілес мемлекеттермен (Ресей, Хиуа, Иран, Кавказ сырты) түрлі байланыстары, Ресей империясының түбекке қатынасы, әр кезеңде жүргізген саясаты, акциялары мен экспедициялары, 1836-1838 жж. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, 1870 ж. Иса-Досан көтерілісі, Кеңес үкіметінің орнауы, Әліби Жанкелдин экспедициясы, ұжымдастыру, тәркілеу, атақты да қасіретті «Адай көтерілісі», әр кезеңдегі орын алған аштық-күйзелістер жайында, шет мемлекеттерге ауа көшу, жергілікті халықтың арасындағы үш әлеуметтік топқа, яғни ауқатты, зиялы және дін өкілдеріне кеңестік биліктің жүргізген саяси қуғын-сүргіндері, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан өлке азаматтары және тылдағы өмір, Таушық елдімекеніне түскен «неміс бомбасы», өлкенің геологиясы мен кен орындарының тарихы, өңірдің «суық соғыс» жылдарында атом және уран өндірісіне қатысы, кеңестік экономиканың ХХ ғ. 60-80 жылдары мұнай-газ саласына бетбұру науқаны, алғашқы мұнай фонтанының атқылауы, ауыл шаруашылығының, балық кәсіпшілігінің дамуы, жаңа аудандардың құрылуы, қалалардың салынуы, құрылыстар мен жолдар, жергілікті дәстүрлі руханият пен мәдениет, кеңестік мәдени модернизация, тәуелсіздік жылдарындағы аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы және қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту саласы, халық демографиясына қатысты мәліметтер бар [2].

Өлке тарихына қосылуға шамасы жетерлік Ауызша тарих мәліметтерінің тарихи деректемелік деңгейін сараптап, ғылыми айналымға енгізу дербес зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуді талап етеді. Мұның маңыздылығы қазақ халқының біртұтас тарихындағы бос кеңістіктерді толтырады. Ұлттық тарихнаманың жаңа тың тарихи тақырыптармен толығуы, сондай-ақ халық жадында «сақтаулы» тарихтың жарыққа шығуы осындай ізденістермен жүзеге асады.

Осы орайда негізгі зерттеу жұмысының жүргізілуіне арқау болған Ауызша тарихтың методологиялық мәселелеріне тоқтала кету де артық емес. Ең алғаш ауызша тарих (oral history) алыс шетелде ХХ ғасырдың екінші жартысынан тарих ғылымында өзін көрсете бастайды. Жаңа сөз тіркесін ағылшын тілінде 1948 жылы Колумбия университетінің профессоры А. Невинс енгізді [8, 4 б.]. Ол сөз тіркесін тарихи оқиғаларға қатысушылардың жадында сақталған естеліктерін жинау мен пайдалануға арнайды. Кейін термин ғасырлар бойы жад арқылы ауыздан-ауызға жеткен дәстүрлі ауызша тарихтың барлығына, үнтаспадағы естеліктерге, осы деректер бойынша жазылған арнаулы әдебиеттердің бәріне қолданылды. Кейде ол ауызша деректер, ауызша тарихи дәстүрлер, ауызша куәландыру деген түсініктермен алмасып, бірде синоним, бірде мағынасы өзгеше сөздер болып өмір сүре берді. Дегенмен, бүгінгі таңда шетелде Ауызша тарих атауы орнығып, бұл сала деректану ғылымының пәнаралық сипатын көрсететін өзгеше құбылысқа айналып келеді [8-11].

Тарих ғылымының одан бергі кезеңдегі үздіксіз дамуы аталмыш мәселенің орнын, сипатын анықтап берді. «Ауызша тарих» терминінің мән-мағынасы тереңдей түсті: 1) тарихи материал, ауызша тараған білім мен мұра, яғни зерттеу нысаны; 2) тарихи зерттеудің бағытталған әдісі (интервью – ауызша мәдениет элементтерін құжаттандыру белгісі; қоғамда «ауыздан-ауызға» берілетін білімді тіркеуге алу (жазып алу); 3) бұл әдістің нәтижесі – жасалынған тарихи дерек, ауызша өмір сүруге бейімделген дерек; 4) реквизиттері және түсіндірме-ұғымдық аппараты бар ғылыми пән [10, 4 б.]. Ғылыми әдіс ретінде ауызша тарих болашақ үшін дыбыс пен бейнелеуде көрініс тапқан өткен өмірді сақтауға мүмкіндік жасайды; ресми деректерден алынған мәліметтерді толықтырады, кейде оны түзетеді, ауызша баяндалған және ауызекі сөйлеу тілінің байлығын, әуезділігін, бояуын, сұлулығын сезінуге нақты әсер етеді; т.б. [10].

Түйіндей айтқанда, Ауызша тарих бұған дейін дайын тарихи деректермен шектелетін тарихшылардың дерек құрастыру мүмкіндігіне жол ашты. Түрлі ғылым салаларында (журналистика, саясаттану, этнография, социология, фольклортану) кездесетін осы бір дерек түрі өзіне тән әдіспен, ең соңында тарихи өткенді толықтыруға қызмет ететін, яғни қалың бұқараның, көпшіліктің тарихқа қатысуына еркіндік беретін бірегей дерек түріне айналды.

Отандық тарихнамада халық жадындағы тарихи деректерге, соның ішінде Ауызша тарихқа көңіл аудару соңғы жылдардың жемісі. Оған қатысты арнайы ұйымдастырылған конференцияларды, мақалалар, курс бағдарламаларын, бірқатар орталықтарды атап өтуге болады [12-14]. Өз деңгейінде қалыптасуы, орнығуы кәсіби тарихшылардың тұрақты зерттеу бағытына айналдыру белсенділігіне байланысты.

Жадқа сүйеніп пайда болатын «өткен тарих мәліметтерін» тарихи дерек тұрғысында талдауда жоғарыдағы зерттеу методикасы мен методологиясын негізге алуы қажет. Жеке адамдық құжаттар тұрғысында жалпы айдарлауға болатын бұл тарихи деректер, сонымен қоса әрқайсысы дара ерекшелікке, айрықша белгілерге айрылады. Оларды деректанулық талдау пәнаралық синтез әдістерімен ғана толымды нәтижеге жетелейді.

Сауалнамалардың деректік ақпаратына және респонденттердің өз тарихын жеткізудегі өткен тарихқа қатынасына, оған деген көзқарасына тоқталайық.

Ең алдымен тарихи санасын айқындауда респонденттерге ортақ ұстаным – әр адамның өз руының шежірелік аталуы, шежіре тарихын, ру-тайпасының қоныс-қыстауы, жайлау-мекенімен байланыстыра дәлелдеуі еді. Бұл оның нақтылы кім екендігін айқындайтын төлқұжаттық мәндегі факторға айналған.

Қазақ халқының өткенін отырықшы халықтардың тарихына қатысты теориялық-методологиялық негіздемелермен байланыстыру қисынсыз. Шын мәнісінде, халық ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін өмір сүру тіршілігі мен ұлттық болмысы бойынша дәстүрлі қоғамның [15] барлық сипатты белгілерін бойына жинады. Бұған «Тарих толқынында» [16] еңбегінде Н.Ә. Назарбаев кеңінен тоқталғаны белгілі: «Қазақстан осы ғасырдың бас кезіне дейін тарих көшінің табиғи даму жолында қалыптасқан құндылықтары мен біте қайнасқан тұтастығын сақтай білген дәстүрлі көшпелі қоғам еді.

Көшпелілер қоғамының негізі және оның мүшелері болған. Тайпа, ру, олардың барлық мүшелері бір-бірімен қандас туыстар болып, олардың барша әрекет-тірліктері тұтасып жатқан.

Ол заманда дәстүр атаулы мифтер мен ауызша поэзиялық туындылар арқылы, парасат-пайым мен шаруашылық үлгілерінің сабақтастығы арқылы және әдет-ғұрыптар мен ырым-жоралар арқылы жалғасып отырған» [16, 35-36 бб.].

Дәстүрлі қоғам тұрғындары қазақтардың сол кезеңдегі тарихи жады міндетін шежірелік таным атқарды. Көшпелі халық өміріндегі шежіренің рөлін, оның ұлтты өзіне танытушы хас белгісін Н.Ә. Назарбаев аталған еңбегінде одан әрі тереңдей талдап береді: «...Көшпелілер қоғамының өзіне тән жағдайында қазақ халқы өзін орнықтыру үшін өз ішінде ғажайып тірек қалыптастыра білген. Сол тірегі, міне, он ғасыр бойы біртұтастығына кепіл болып келеді. Мемлекеттік құрсаудың болған-болмағанына қарамастан қазақ халқының біртұтас тарихи туынды ретінде сақталып қалуына да сол тірек себепші. Бұл жерде әңгіме әрбір қазақтың жеті аталық зердесі туралы болып отыр. Сахараның қазағы үшін шыққан тегін білу айдын төсіндегі теңізшінің қолындағы компас сияқты. Осы қасиет қазақ халқының маңдайына жазылған тарихи, географиялық, шаруашылық, саяси, экономикалық, мәдени ахуалына бірден-бір сай келіп отырған.

...Қазақтың бір тамырдан өсіп-өнген тектік тұтастығының сыр-себебі де осында. Көшпелі қазақтың өз шыққан тегін және рулық байланыстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моральдық-этикалық қағидаға айналған. Жеті атасын білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын тарата отырып, одан әрі исі қазақтың біте қайнасқан туыстастығына көзі жеткен» [16, 31-38 бб.].

Бұл ұлттық тұтастықты өмір сүру дағдысымен қоса күйреткен сырттан таңылған кеңестік билік болды. Кеңестік саяси-идеологияға бағындырылған халықтар тағдыры осы саясаттың құралы мен сынағына айналды. Кеңестік биліктің орнығуы кезіндегі әр қазақ баласының және оның отбасының тағдыры тұтас халықтың өмірін көрсете алады. Жетімдік пен жоқшылық сұхбат берушінің балалық, жастық шағының өкінішті шындығы.Табиғи апат, экономикалық-әлеуметтік мұқтаждық немесе өзара билік үшін соғыстар емес, сырттан мәжбүрлеп таңылған басқыншылықтан туған қасіретті жергілікті ұлттың өкілдерінің өмірдеректері арқылы терең сезінуге, түйсінуге болады.

Кеңестік жүйенің сән-салтанатын, заңдылығын барынша паш етіп, насихаттайтын ресми жазба деректерге таңылған жансыз тарихи танымның тым біржақтылығын мойындайтын уақыт келді. Қоғамның дамуы, оның болашағы өткен тарихты терең зерделеумен, пайымдаумен ұштасқанда ғана баянды. Әсіресе, ұлттық мемлекеттің өз тарихынан алған тағылымына жүгіну ұлттық салқынқандылықты сақтауға ықпал етеді.

Өз азаматтарын дәстүрлі қоғамнан басқа қоғамдық жүйеге өту кезеңіне даярлауға ықыласты болмаған кеңес үкіметі 20-ж. соңына қарай экономикалық науқандарын бастап жіберді [15, 251-263 бб.]. Мұның нәтижесі халықтың орынды наразылығына «Адай көтерілісі» [2, 28 б.] ұштасып, бірқатарының шет елдерге босып кетуіне, ауа көшуіне түрткі болды. Жат елге барған қандастарымыз, өз руы мен ру қонысы арқылы ғана тарихи жадын сақтап қалды. Тек осы факт қана жат елде мәжбүрліктен жүрген халықтың өзінің тарихи Отанын қандай жағдайда да ұмытпауға жетелейтін Темірқазыққа айналған. Шет елдерде өмірге келген қандастарымыздың ұрпақтары тек осы тарихи сананың мықты белгісіне айналған шежіре деректері негізінде өзін таныды, кім екенін, қайдан келгенін, тарихи Отанын біліп өсті. Бұл тарихи саналық естеліктер Иран, Ауғанстан, Түркия сияқты алыс шет елдерге ауа көшкен халықтың тәуелсіздіктен соң елге оралуына, өткеннен өзінің ізін табуына мықты рухани, моральдық күш берген.

Сол сияқты өткен ғасырдың 50-ж. соңы 60-жылдарынан бастап Маңғыстау қазба байлығының жаппай игерілуіне байланысты [2, 30 б.] Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен оралған қандас ағайындар да атажұртпен сол шежіре – естелік арқылы қауышып, тарихи Отанына сіңісіп кетті.

Бұл пікірімізді сұхбат берушілердің жас жағынан үлкендері қатарынан Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айтмағамбетұлы Мұхамеди (1922 ж.т.) ақсақалдың естелік-сұхбатымен қорыта түселік. «1929 жылы әкесі Бейбіт тәркілеу кезінде ұсталып, бес баламен қалған анасымен бірге 1933 жылы Түрікменстанға көшкен Мұхамеди 1965 ж. Маңғыстауға оралады. 94 жасқа келгенше қолынан қаламы түспеген, мұнайшы кәсібін игерген Мұхамеди ақсақал өз өміріндегі (Кеңес үкіметінен көрген жетімдігі мен жоқшылығы, жат елге кіріптар болған қиындығы, т.б.) ауыртпалықтарға қарамастан, өзінің ата-тегі, ру шежіресі жайында жанкештілікпен ізденуге кіріскен. Кіші Жүздің Адай-мұңал тайпасына жататын Байбоз руының генеалогиялық шежіресі [2, 15 б.], қандайда бір сыртқы факторларға қарамастан көшпенділердің тарихи жадына беріктігін айғақтап береді.

Тарихи жадынан ру шежіресін шығармау, аласапыран жылдарында мәжбүрліктен сырт елдерге кетіп, өміріне араша іздеген ағайынның арада жартығасырдан да көп уақыттан соң туыстарын, аталастарын іздеп-табуына, ағайындарымен қосылуына мүмкіндік берген. Иранға кеткен қандастарымыздың ұрпағы Н. Тобыштың (1957 ж.т.), Түрікменстаннан қоныс аударған Ү. Максимовтың (1960 ж.т.) естеліктері осындай мәліметтерімен құнды [2, 18, 25 бб.].

Кеңестік саяси-идеологияның қуғындауына ұшыраған асыл мұра – шежіре [17-18] көшпенділердің тарихи санасының бірегейлігін негіздеуші тарихи деректік болмысымен қатар қолданбалық міндетін көрсетті. Шежіре жад пен есті жоғалтпай, қайткенде де біріктірушілік миссиясын барынша атқарып шықты.

Кеңестік идеологияның ұлтсыздандыру саясатына қарамастан Маңғыстаудан қоныс аудармаған жергілікті тұрғындар да – шежіренің ұлттық бірегейлікті және өзін айқындаушы рөлін ішкі түйсікпен қабылдаған. Жеті атасын білу шарттылығын қатаң сақтаған жергілікті маңғыстаулықтар ауызша дәстүрде сақталып келген шежірелік танымды меңгергені сауалнамаларда көрінеді. Респонденттердің қай-қайсысының да шежіреге мұқияттылығы байқалады.

Әрбір рудың аталарын жалаң тізбектеумен шектелмей, оның немесе сол рудың елге іс-әрекетімен өнегелі, үлгі болған, басқа қырларымен танымал адамдарын қоса көрсету шежіренің тарихи, тәрбиелік функциясы екенін ескеру болып табылады. Бұл өлкенің тарихи фольклоры мен ономастикасының зерттелуіне үлес қосады. Әр ру шежіресінде Маңғыстаудың жер-су атаулары, топонимдері, дәстүрлі ауызша тарих туындылары, батырлық, тарихи жырлар, аңыздар, «Ақбөбек-Қайып» махаббат дастанына дейін кездесетіні осы бір тарихи фольклордың деректемелік мол қорының сипаты. Кеңес үкіметі тұсында да халықтың рухани демеушісі болған Бекет ата тектік-тарихи құндылықтардың тұғырына айналған [2].

Ауызша тарихтың маңыздылығы жекелей тарихи құбылыстарды ғана көрсететін арнайы деректерден әлдеқайда ауқымды ақпараттық мүмкіндігінде. Сұхбат беруші өз өмірін айтумен ғана шектелмей, ата-бабасының өмір тарихын қосып, тұтас тарихи деректік ақпаратқа жетелейді. Шежіремен өскен қазақ халқының зейінділігі тарихымыздың шындығы ел ішінде сақталғанын меңзей түседі.

Жергілікті маңғыстаулық, Сенек аулының тұрғыны, руы – Адай-Кедей Қ. Нұрғараевтың (1947 ж.т.) естелік сұхбаты тарихи деректік молдығымен сипатталады [2,13 б.]. Кеңестік кезеңде өмір сүріп тәрбиеленген, жоғары білім алған сұхбат иесінің өз естелігіне кезек берелік: «Мен, Нұрғараев Қойшыбай 1947 жылы ақпанның 1-ші жұлдызында (Гурьев) Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Таушық елді мекенінде шахтерлер отбасында дүниеге келіппін.

Таушықта 1939 жылдан 1948 жылдарға дейін көмір өндірілді, себеп Украинаның көміркеніштері немістердің қолында қалды.

1965 жылы Шахта орта мектебін үздік бітіріп шығып, Ленинград политехникалық институтының автоматика және есептеуіш техника факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы В.И. Ленин атындағы политехникалық институтының азаматтық өндірістік құрылыс инженері мамандығы бойынша үздік бітіріп шығып, институтқа ассистент болып қалдырылдым.

1971 жылдың желтоқсан айында СССР қарулы күштер қатарына шақырылып, Венгрия, Моңғолия республикаларында рота командирінің орынбасары қызметінде әскери қызметімді 1973 жылдың аяғында аяқтадым. 1973 жылдан 1977 жылдарға дейін Жанаөзен қаласында ГПТУ-162 училищесінде директордың өндірістік және оқу жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 1977 жылы Жаңаөзен мұнайшыларын ауыз су мен қамтитын Түйесу кен орнына Жаңаөзен қалалық атқару комитеті басшылыққа жіберді.

1977 жылдан 2014 жылдарға дейін ҚазМұнайГаз Р.Д. акционерлік қоғамының Түйесу кен орны ұжым бөлімінің басшысы қызметін атқардым.

Әкем Нұрғараев Қыстаубай 1922 жылы Гурьев облысы, Маңғыстау ауданы, Қарашық Сайқұдық жерінде, шешем Әли қызы Фәния (Нұрғараева) 1926 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Шешем 1870 жылы Маңғыстаудағы патшалық Ресейге қарсы шаруалар көтерілісінің қолбасшысы, ақын, батыр, би Тленбайұлы Исаның Орақ деген інісінің Ақбас баласының қызы. Иса Тленбайұлының ұрпақтары қудалауға түскенде шешемнің әке-шешесі қоныс аударып, Кавказға Махачқала қаласында бас сауғалайды. 1942 жылы Таушықта көмір өндірісі ашылған соң елге қайтады.

Балалық, жастық шақтарымыз екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, қираған қалаларды, күйзелген шаруашылықтарды қалпына келтіру, елдің аш-жалаңаш, жұтаң кезіне тұспа-тұс келді.

Маңғыстау ойында 29 ірілі-уақты колхоз болды. Әке-шешеміз «Қызылтаң» колхозында мал бақты. 6-7 жастан бастап, еңбекке араласып, мал жаю, түнету, қырқу, оны суару үшін таңертеннен кешке дейін шығырға жегілген. Көліктін үстінде отырып шаршайтынбыз. Баланың ойыны дегенді ойымызға да алмадық. 1954 жылы мектепке бардым. Әрине, ол кездерде оқуға деген талап, қатты болатын-ды. Бір сабақтан үлгермесең сол жылы қайтып оқитынсың. Сам орталау мектебіне бірінші сыныпқа оқуға жалаң аяқ, жалаң бас, қолымда киізден тігілген кітапқап бар, әкем алып барды. Жоқшылық не істетпейді.

Салқын түсе денешынықтыру сабақтарында қатарда аяғымыздын астына қи қатып, сыз өтпес үшін тұратынбыз.

Есімде қалғаны 1953 жылы 5 наурызда В.И. Лениннің серігі, коммунистік партиямен Совет халқының данышпан көсемі әрі ұстазы И.В. Сталин қайтыс болды, – деп Левитан радиодан хабарлады. Естіген ауылдағы адамдардың бәрі жылады, кейбіреулері, еңдігі жағдайымыз қалай болар екен, – деген де болды.

1965 жылдан бастап халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлары жақсарып, өрлей бастады. Мұны тәптіштеп жазып отырғаным, ол кезеңдерде мектеп қабырғасында оқушыларға саяси сабақ жүргізіліп, жаңалықтар жариялы түрде айтылатын және оқушылар материалдарды білуге тиісті еді» [2,14 б.]. Респондент естелігінде оның әлеуметтік тегі, өмірге көзқарасы, өзі өмір сүрген жүйе тұсындағы тұрмыс шындығы, қоғамдық-саяси ахуал, халықтың әлеуметтік жағдайы, өзінің жеке тұлға ретінде қалыптасуы, әке-шешесінің өмірі, т.б. көзімен көрген, өз басынан өткізген фактілері келтірілуі Ауызша тарихтың тарихи деректер арасындағы салмақты орнын көрсетеді. Респонденттің бұдан да басқа мәліметтерге толы естелік-жазбасына деректанулық талдау жасап, қаншама тың тарихи мағлұматтар алатынымыз шүбәсіз.

Сауалнамаларға жауап беру барысында қарапайым адамдар өз өмірі жайындағы фактілерді талдап, көзқарасын берумен қоса, өздері өмір сүрген қоғамды оның толыққанды мүшесі ретінде қабылдайды. Бұл билік пен жеке тұлға арасындағы қарым-қатынасты барынша түсіну, мойындаумен сипатталады. Естеліктер қоғамдық мүдденің алдыңғы орынға қойылуымен ерекше. Қазақ халқының қанағатшылдығы, табиғи болмысының кеңдігі кеңестік жүйенің барлық сынына төзімділікпен төтеп берген.

Қарама-қайшылыққа толы кеңестік жүйенің қоғамның рухани байлығын насихаттауға үндеуі сол заманның адамдарына өз нәтижесін берді. Кеңестік кезеңде өмір сүрген еңбек адамдарының сауаттылығы, дүниетаным, ойлау жүйелерінің кеңдігі, жаппай оқу-білімге ұмтылыстары жергілікті және Түрікменстан, Қарқалпақстаннан келген қандастарымыздың сұхбаттарында аңғарылады [2]. Әсіресе басым көпшілігі жергілікті тұрғындарды құрайтын Сенек ауылынан жиналған естеліктерде, сұхбат иелерінің өткен тарихына, өз өміріне қатысты фактілерді қоғамның мүддесі тұрғысында байланыстыруы байқалды [2, 27-36 бб.].

Түрікменстан, Қарақалпақстан елдерінің мұрағат қорларының қазақ халқының тарихына қатысты деректерді сақтағанына назар аударуымыз қажет. Сұхбат иелерімен кездесулер барысында ғылыми айналымға беймәлім тарихи деректердің мол қоры табыларына сенім молайды. Теңге, Рахат ауылдары тұрғындары арасында түрікмен тілінде білім алған азаматтар және түрікмен еліне еңбегі сіңген 75 жастағы Әбілхайырова Маусым сынды (Теңге ауылы тұрғыны) адай қыздары мағыналы естеліктерін айтты [2, 38 б.].

Маңғыстау азаматтары кеңестік саяси қуғын-сүргіннің нәубетін көрді. Ақтау қаласының тұрғыны С. Қилыбаев (1940 ж.т.), естелік-сұхбатында өз өмірбаянын айтумен қоса, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әкесі Қилыбаев Байбоз (1897-1988 жж.) туралы өз ізденістерімен бөлісті. Б. Қилыбаев 1936 ж. Мәскеудегі Халықаралық сауда институтын бітірген. КСРО сыртқы сауда Халық комиссариатының Қытайдағы төтенше өкілі, Гурьевте балық-консерв комбинатының директоры т.б. қоғамдық-мемлекеттік жұмыстарымен айналысқан. 1937 жылдың 24 қыркүйегінде НКВД қудалап, еңбекпен түзеу лагеріне жазасын өтеуге үкім шығарады. 1946 жылы босатылып, Таушықтағы аудандық қаржы бөлімінде жұмыс жасаған. Одан кейін 1948 жылы екінші рет қуғындалып, 1953 жылы шығады. 1956 жылы ССРО Жоғарғы Сот Әскери алқасы ақтайды. Қазіргі кезде Форт-Шевченко қаласынан №2 көшеге – Байбоз Қилыбайұлы, қоғам қайраткері атауы берілген. Маңғыстау мұнай-газының ардагері, 40 жыл көлік саласында еңбек еткен баласы С. Қилыбаевпен болған сұхбатта тоталитарлық жүйенің адамдар тағдырына қиянаты, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының тағдыры, соған қарамастан еш мойымаған әкелі-бабалы Қилыбаевтар өмірі жайындағы мол мәліметтерге қанықтық [2, 27 б.]. Байбоз Қилыбаев туралы арнайы зерттеулер жүргізудің өзектілігін ескеруге тиіспіз.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы маңғыстаулықтардың тұрмыс-тіршілігі және «Таушыққа түскен неміс бомбасы» жайында да естелік айтушылар кездесті. Педагог, өлкетанушы Қаражанов Қойлыбай (1937 ж.т.) балалық шағындағы қиындық туралы айтып берді. «35-55 грамм нан болмаған кезде тұз қатықпен сұйық көже жеген. Сонымен қатар, 1939-1940 жылдары балалар арасында қызылша ауруы көп болып, біраз балалар осы аурудың құрбаны болған.

1943 жылы Маңғыстау өңірінде малда топалаң ауруы көп болып, оның зардабы адамдарға қауіпті болуынан, Саратов қаласындағы осы ауруды зерттейтін Орталық институттың мамандары шақыртылып, бір топ мал дәрігерлері екпе жұмыстарын жүргізген». Сондай-ақ, ағартушы, ұстаз Әбілханқызы Күләш Таушық елдімекеніне түскен неміс бомбасының куәгері екенін естелік-сұхбатында жеткізді [2, 37 б.].

Маңғыстау қазба байлығының игерілуі, мұнай-газ саласының дамуы жайында, алғашқы мұнай фонтанының куәгерлері, ардагер-мұнайшылар Т. Қойшыбаев, І. Құлжұмыров, Ө. Жалқанұлы, т.б. естелік-сұхбаттарында қамтылды [2,34-40 бб.]. Ауызша тарихтың кең ауқымды мүмкіндігі сұхбат иелерінен өлке экономикасындағы өндірістік бағыттың басымдығы, жергілікті табиғатқа әсері, мұнай игерушілердің басқа ұлт өкілдерімен (кавказ халықтары, орыстар, т.б.) көбеюі, сырттан кадрлар тарту мәселесі, Жаңаөзен қаласының тұрғызылуы, мұнайшы мамандықтарын қазақтардың игеруі, т.б. аса маңызды мәліметтерді куәгерлерден көзбе-көз естуге, жазып алуға қол жеткізді. 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы куәгер, Жаңаөзен мұнай-газ саласындағы сан алуан жұмыстарды атқарған Ж. Мәтжанов (1952 ж.т.) өз естелік-сұхбатында осы кезеңді басқа қырынан тануға ой салды [2,41 б.].

Кеңестік экономиканың ауыл шаруашылығындағы табыстары халықты жұмылдырумен, кадр саясатын икемдеумен жалғасты. Жоғары оқу орнын бітірген түлектің кәсіби мамандығына қарамастан партиялық жұмысқа тартылуы, оның мемлекет алдындағы жауапкершілігін күшейтуге байланыстырылды. Сол кезеңдегі тұлғаның әлеуметтенуі, оның қоғам ісіндегі зор орны жайындағы естеліктерді түрлі басшылық, жауапты қызмет атқарған ардагерлер еңбектерінде байқалады. Мұны Маңғыстау облысының халық шаруашылығы саласына өмірін арнаған Д. Әріптің (1938 ж.т.) сан алуан деректік мағлұматқа толы баспадан жарық көрген естеліктері және күнделіктері дәлелдей түседі. Маңғыстаудың төл перзенті, қазір Ақтау қаласының тұрғыны, еңбек жолын физика пәнінің мұғалімі болып бастаған тұлғадан алынған Ауызша тарих сұхбаты мағыналы, әсерлі жүргізілді. Халыққа, қоғамға адал қызмет етудің негізі білім мен тәрбиені ұштастыру екені, естелік иесінің өмірлік ұстанымына айналған [19].

Маңғыстау өңіріндегі денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруға бүкіл өмірін арнаған, осы өңірдің жергілікті тұрғыны Б. Тұрарбекпен (1940 ж.т.) кездесуіміз, жиналған естелік-сұхбаттың мәліметтері, бейбіт өмірдің қаһармандары туралы ой туғызды [2,43 б.].

Естеліктерді тарихи дерек ретінде өлкетанушылық еңбектеріне кеңінен қатыстырған О. Көшбайұлы, М. Ұлықпан, Ж. Көңілімқосұлы тәрізді авторлардың сұхбат сауалнамаларға жауаптары, ой-пікірлері өңірдің тарихи өткеніне қатысты деректерімен ерекшеленеді [20-24].

Өзіміз кездесе алмаған белгілі өлкетанушы Ә. Спанның тарихи тақырыптарға арналған еңбектерінде, жазба мұрағаттық деректермен қатар естеліктер кеңінен тартылғанын ерекше атап өту керек [25-26].

Сол өңірдің перзенттері немесе тарихи Отанына оралған қандастарымыз болып табылатын өлкетанушылар түрлі кәсіп иелері бола тұра, халықтың тарихына, этнографиясына, мәдениетіне қатысты деректемелік құнды мәліметтерді үздіксіз жинап, информанттармен үзбей жұмыстар жүргізіп, нәтижелі іс атқарған [27-32]. Қоғамдағы тарихи танымға деген сұраныс пен қажеттілікті өтеуге атсалысқан жандардың азаматтық белсенділіктерінің арқасында бүгінде арамызда жоқ көнекөз қариялардан өлке тарихының «ақтаңдақтарына» қатысты естеліктері дер кезінде жазып алынды [2].

Маңғыстау өңірінде қоғамның тарихи жадына, оның отансүйгіштік рухының қалыптасуына терең мән берілетінін ерекше атап айтқан жөн. Бұған облыста тарихи танымдық шаралардың ұдайы және тұрақты түрде жүргізілуі, мәселен, 14 наурыз «Амал» мерекесін кең көлемде насихаттап, атап өту, тарихи, зиярат ету орындарын ұлттық тарихи жадының заттай ескерткіштері тұрғысында тарихи-патриоттық тәрбиеге орынды пайдалана білу, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық киім үлгілерін жарасымды қолдану және жергілікті өлкетанушылардың туған жерінің тарихын зерттеуге, танып-білуге деген ерекше құлшыныстары мен еңбектерін жатқызуға болады.

Сапарымыздың мақсаты облыстық, қалалық, ауылдық әкімдіктер, облыстық мемлекеттік мұрағат, мұражайлар, «Ардагерлер кеңесі» орталықтары және жергілікті өлкетанушылар тарапынан қолдауға ие болды. Келген сапарымыз жайлы «Жаңаөзен» қалалық газетіне, «Қазақстан-Ақтау» телеканалына сұхбат, блицсұхбат және ғаламторлық ақпарат алмасу тетіктері түрінде хабар беріліп, түрлі кездесулер ұйымдастырылды [6-7].

Бұл шаралар келген сапарымыздың мән-жайын жұртшылыққа кеңінен жеткізуге мүмкіндік туғызып, жұмысымыздың тиянақты жүргізілуіне септігін тигізді. Жинақталған мәліметтерді деректанулық сыннан өткізіп, деректемелік құндылығын анықтап, тарихымыздың күрделі, беймәлім тұстарын зерттеуге қатыстыру – бұл істің жалғасы болмақшы.

Естеліктердің Ауызша тарих әдісімен жиналуы деректік мағлұматтың сан қабатына жол ашты. Сұхбат иелерінің әрқайсысының ауызша және жазбаша сауалнамаларындағы мәліметтерді талдаудың өзі бірнеше сатыдан тұрады. Әр алуан тарихи деректерге бай халық жадындағы құжаттарды деректанулық сыннан өткізу күрделі жұмыстарды талап етеді. Өткен туралы бай ақпараттық тарихи мағлұматтар Ауызша тарих әдісіндегі дерек жинау барысында ғана қалыптасады. Жиналған материалдарға қысқа ғана тоқталған шолудың өзі осындай пікірді алға тартып отыр.

Ауызша тарихтың әлеуеті оны отандық тарих ғылымында дербес бағыт ретінде орнықтыруға қозғау салады. Қазақ халқының аса бай күрделі тарихи өткенін барынша объективті, тарихилық принциптерімен толыққанды танып-білу, зерттеу қаншалықты өзектілікке ие болса, тарихи деректердің сан алуан, көп түрлілігі де соншалықты маңызды.


Пайдаланған деректер мен әдебиеттер:
1. ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының № 1896/ГФ4 «Халық жадындағы құжаттық хроникалар: пәнаралық синтез әдістерімен деректанулық зерттеу (компьютерлендірілген талдау және мәліметтер базасын құру)» атты гранттық ғылыми жобасы. 2015-2017 жж.

2. ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының № 1896/ГФ4 «Халық жадындағы құжаттық хроникалар: пәнаралық синтез әдістерімен деректанулық зерттеу (компьютерлендірілген талдау және мәліметтер базасын құру)» атты гранттық ғылыми жоба бойынша Маңғыстау облысына іссапардың есебі. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТЭИ. Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімі. 2015-2016.

3. Население Казахстана за 2015 год выросло на 250 тысяч человек // Мына сайтты қараңыз. https://vlast.kz/novosti/15608-naselenie-kazahstana-za-2015-god-vyroslo-na-250-tysac-celovek.html [Электрондық ресурс]. Қаралған уақыты: 16 шілде 2016 ж.

4. Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1997. – 384 б.

5. Ирмуханов Б.Б. Прошлое Казахстана в письменных источниках. V в. до н.э. – ХV в. н.э. (Извлечения из источников). – Алматы: Өлке, 1997. –370 с.

6. Жүгенбаева Г. Маңғыстау тарихы – халық жадында // Жаңаөзен. 1916 ж. – 7 қаңтар.

7. Жүгенбаева Г. ХХ ғасырдың Маңғыстаудың халық жадындағы тарихы / Қазақстан-Ақтау телеканалына блиц-интервью. 1916 ж. – 6 қаңтар.

8. Урсу Д.П. Методологические проблемы устной истории // Источниковедение отечественной истории. – М.: Наука, 1989. – 268 с.

9. Бердинских В.А. Проблемы устной истории в СССР // Этнографическое обозрение. – 1992. – №5. – С.149-152.

10. Устная история Программа курса / Сост. Хубова Д.Н. – М.: РГГУ, 1997. – 20 с.

11. Томпсон П. Голос прошлого. Устная история. – М.: Весь мир, 2003. – 368 с.

12. Жақыпбеков С. Ауызша тарих айту дәстүрі // Қазақ тарихы. – 1994. – №3. – 33 б.

13. Мәдени мұра: халықтың тарих айту, сақтау дәстүрі және оны жаңғырту жолдары // 2005 жылғы 26-27 мамыр күндері Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында өткен халықаралық ғылыми–практикалық конференция материалдары. – Алматы: ҚазАқпарат, 2005. – 302 б.

14. Қойгелдиев М., Нұртазина Н., Жангуттин Б., Тілеубаев Ш., Нұрман Ш., Мырзатаева З., Қалыбекова М., Болатхан Ә. Айтылған тарих. – Алматы: Дәстүр, 2015. – 240 б.

15. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. – Т.4. – Алматы. Атамұра, 2010. – 752 б.

16. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.

17. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.

18. Алпысбес М. Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде. Тарих ғыл. д-ры дисс...авторефераты: 07.00.09. – Алматы, 2007. – 57 б.

19. Әріп Д. Бел-белестер. – Алматы: Нұрақынов баспасы, 2015. – 356 б.

20. Көшбайұлы О. Халқына жарық сыйлаған. – Алматы: Орхон, 2013, 304 б.

21. Көшбайұлы О. Сыбызғы сыңсып жылайды. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. – 248 бет.

22. Ұлықпан М. Шоғы батыр оралды Маңғыстауға. – Ақтөбе:А-Полиграфия, 2013. – 114 б.

23. Ұлықпан М. Тылсымы терең құпиялы Маңғыстау. Ақтөбе, 2010. –220 бет.

24. Көңілімқосұлы Ж. Бабалар баяны – ұрпағына аманат (ақиқат пен аңыздан өрілген Адай-баба шежіре жинағы). – А.: Нұрлы Әлем, 2013. – 392 б.

25. Спан Ә. Маңғыстау мақтаныштары. Иса Тіленбайұлы. –А.:Нұрлы-Әлем, 2004. – 288 б.

26. Спан Ә. Адай қасіреті. – А.: Нұрлы әлем, 2011. – 224 б.

27. Озғанбаев Ө. Аманқостан қалған аманат. –А.: Нұрлы Әлем, 2011.– 352 б.

28. Спанов Ә., Сатыбалдиев Е. Маңғыстау деген бұл аймақ. Мангистау: становление индустрии и люди. –Астана: Парасат, 1999. - 377 с.

29. Киай Мансур. Иран қазақтарының салт-дәстүрлері /Парсы тілінен аударған Нияз Тобыш. – Алматы:Орхон, 2012. – 200 бет.

30. Ақкенжеев Ш. Дәуір-дәурен. – Алматы: Бабамұра - М., 2009. – 448 б.

31. Ақкенжеев Ш. Тағдырым тоғысқан құрылыстар. – Алматы:Үш қиян, 2003. – 320 б.

32. Сегізбаев М. Таушық ауылына қош келдіңіз. Ауылымда ізі жатыр ұлылардың. – Алматы: Нұрлы әлем, 2009. – 384 б.


ҚОСЫМША

Респонденттер

тізімі



Аты-жөні

Туған жылы

1

Тәкенов А.

1947 ж.

2

Мухамедиев Г.

1933 ж.

3

Жаланұлы Ө.

1932 ж.

4

Аязбай Х.

1934 ж.

5

Нұрұлы С.

1947 ж.

6

Уразбаев Дж.

1943 ж.

7

Ғумаров А.

1941 ж.

8

Баязов Қ.

1941 ж.

9

Тұрганбаев Т.

1938 ж.

10

Есенкөбеков Қ.

1934 ж.

11

Елкеев О.

1939 ж.

12

Кенжебеков И.

1942 ж.

13

Ташимов Б.

1937 ж.

14

Утекова А.

1952 ж.

15

Қыдырбаев Қ.

1936 ж.

16

Махутов А.

1941 ж.

17

Шәкен С.

1936 ж.

18

Бекенов Н.

1933 ж.

19

Досбаева С.

1941 ж.

20

Балықбаева Т.

1950 ж.

21

Чукаев Б.

1955 ж.

22

Сенгеров Д.

1943 ж.

23

Тинов Н.

1947 ж.

24

Ұлықпан М.

1958 ж.

25

Жайлыхан Т.

1951 ж.

26

Турарбек Б.

1940 ж.

27

Нұрпанұлы С.

1933 ж.

28

Жуматова А.

1959 ж.

29

Қилыбаев С.

1940 ж.

30

Бисенбай Б.

1954 ж.

31

Әбенов С.

1939 ж.

32

Қожабергенов А.

1957 ж.

33

Амелов І.

1941 ж.

34

Көшбаев О.

1938 ж.

35

Назаров Т.

1946 ж.

36

Құлжұмыров І.

1941 ж.

37

Ырыскелдиев К.

1939 ж.

38

Байқұлов Т.

1934 ж.

39

Жапарбаев Ж.

1952 ж.

40

Еңсегенов К.

1924 ж.

41

Бекбанов Ы.

1921 ж.

42

Қонақбаев С.

1941 ж.

43

Бекмағамбетов Қ.

1944 ж.

44

Әбілханқызы К.

1937 ж.

45

Жалқанұлы Ө.

1932 ж.

46

Бекмұратов Д.

1951 ж.

47

Баязов Қ.

1941 ж.

48

Еділхан А.

1952 ж.

49

Ырзаханов К.

1938 ж.

50

Нұрқабаев М.

1943 ж.

51

Матжанова А.

1955 ж.

52

Сүндетов А.

1947 ж.

53

Мұханов Н.

1948 ж.

54

Қаржаубайұлы Ж.

1937 ж.

55

Тәшінханов Ж.

1947 ж.

56

Таушанов Қ.

1943 ж.

57

Исатай Б.

1941 ж.

58

Айтжанов Ж.

1941 ж.

59

Меңкеев А.

1947 ж.

60

Исенбаев Ж.

1952 ж.

61

Қойшыбаев Т.

1932 ж.

62

Көңілқосұлы Ж.

1942 ж.

63

Қараманулы Қ.

1937 ж.

64

Чукаев Б.

1955 ж.

65

Шакрат С.

1939 ж.

66

Нияз Т.

1957 ж.

67

Тұрарбеков Б.

1940 ж.

68

Қәкімбаева К.

1939 ж.

69

Матжанов А.

1952 ж.

70

Дүйсенбі Ә.

1933 ж.

71

Айдарханов Т.

1941 ж.

72

Аманова М.

1937 ж.

73

Сұлтан Ш.

1936 ж.

74

Жұмашева Т.

1956 ж.

75

Джакиев Ж.

1936 ж.

76

Назаров Т.

1946 ж.

77

Жарылғасов Б.

1952 ж.

78

Қаржаубаев Ж.

1947 ж.

79

Исембаев Ж.

1957 ж.

80

Қөңілімқосұлы Ж.

1942 ж.

81

Аскенбаев Б.

1944 ж.

82

Джанаева А.

1965 ж.

83

Агатаева Г.

1964 ж.

84

Өтебаев Н.

1941 ж.

85

Жантілеуов М.

1953 ж.

86

Балықбаев Т.

1946 ж.

87

Садакбаев Н.

1940 ж.

88

Өтебаев К.

1935 ж.

89

Шопанов Б.

1937 ж.

90

Ақназаров А.

1935 ж.

91

Бөршеев О.

1931 ж.

92

Жариев Ш.

1938 ж.

93

Қойшыбаев Ш.

1941 ж.

94

Тасмагамбетов А.

1950 ж.

95

Айдаров А.

1940 ж.

96

Қалиев Е.

1939 ж.

97

Абдигулов Т.

1947 ж.

98

Қордабаев Ж.

1943 ж.

99

Бекібаев А.

1938 ж.

100

Максимов У.

1960 ж.

101

Бультеков З.

1936 ж.

102

Әбілхасов Қ.

1943 ж.

103

Баймұханов Ж.

1946 ж.

104

Ахаев А.

1952 ж.

105

Бегеніш Б.

1938 ж.

106

Салықова К.

1925 ж.

107

Тоқмұханов Ж.

1947 ж.

108

Медетбаев О.

1943 ж.

109

Джолаев А.

1945 ж.

110

Әбілхайырова М.

1940 ж.

111

Есбосынов С.

1953 ж.

112

Балықбаева А.

1944 ж.

113

Жүгенбаев С.

1943 ж.

114

Қалдыбаев О.

1938 ж.

115

Нұрғараев Қ.

1947 ж.

116

Дүйсенбаева Н.

1937 ж.

117

Құлбеков О.

1963 ж.

118

Керимов Ғ.

1949 ж.

119

Айтмағамбетұлы М.

1922 ж.

120

Досанов І.

1938 ж.

121

Болатбаев А.

1914 ж.

122

Жақсылықұлы Ә.

1958 ж.

123

Нұржауов Б.

1963 ж.

124

Тулегенов Т.

1941 ж.

125

Қаражанов Қ.

1937 ж.


Резюме

Статья посвящена проблемам устной истории. Проводится анализ источников по материалам проведенной экспедиции в Мангистауской области. Данная работа, выполненная в форме устной истории, указывает на возможность относить воспоминания людей к историческим фактам. Огромное количество сведений доказывает бытность традиционного казахского общества и его полезную информационную роль в исследовании истории Казахстана в XX веке. Авторы пытаются охватить вопросы методологии, историографии и источниковедения, и предлагают свои выводы в отношении вышеуказанных данных.



Ключевые слова: устная история, история Казахстана, шежире (летопись), воспоминания, деректеме (реквизит), историческая память.
Summary

The article is devoted to problems of oral history. It suggests the analysis of sources on materials of the carried-out expedition in Mangystau Region. This work performed in the form of oral history indicates an opportunity to refer people’s reminiscences to historic facts. The huge number of data proves the existence of traditional Kazakh society that time and its useful information role in research of history of Kazakhstan in the 20th century. Authors try to cover the questions of methodology, historiography and source study, and offer their conclusions concerning the above- mentioned data.



Keywords: oral history, history of Kazakhstan, chronicle, reminiscences, details, historical memory.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет