Көркем реализм туралы
Кешегі күнге дейін өнердің тарихы, оның ішінде әдебиеттің тарихы ғылым емес, causezie болды. Causezieнің барлық заңдары сақталынып отырды. Тақырыптан тақырыпқа, әдемілікті жырлаған лирикадан суреткер өмірінен алынған анекдотқа, психологиялық трюизмнен философиялық мазмұн мен әлеуметтік орта мәселелеріне қарай тез ауысып отырды. Өмір туралы, дәуір туралы әдеби шығарма негізінде әңгімелеу – пайдалы да оңай міндет; гипстен көшірмесін алу тірі дененің суретін салғаннан анағұрлым тиімді де оңай. Causezieнің дәл терминологиясы жоқ. Керісінше, атаулардың көп түрлілігі, каламбурларға сылтау болатын эквивокация – осының барлығы көбіне әңгімеге әр береді. Сонымен өнер тарихы ғылыми терминологияны білмей келді; әрекеттегі қолданыстағы сөздерді сын елегінен өткізбей, олардың мағынасын дәл анықтап, көп мағыналылығын ескермей қолданып келді. Мысалы, әдебиет тарихшылары идеализмді белгілі бір философиялық өмір түсінігі мен риясыз, тар материалдық ыңғаймен жүрмеу ұғымдарында шатастырды. Осындай шатастыруды Антон Мартидің жалпы грамматикаға арналған еңбегінде жақсы әңгімеленген “форма” термині айналысынан да байқалады. Бұл ретте, әсіресе, “реализм” терминінің жолы болмады. Бұл сөздің мағынасын анықтамай, орынды-орынсыз қолдана беру қауіпті салдарларға алып келді.
Өнер теоретиктері ұғымындағы реализм дегеніміз не? Бұл – шындықты өмірге барынша жақын беруге ұмтылатын көркемдік әдіс. Реалистік шығарма деп, біз өмірді шындыққа жақын бейнелейтін шығармаларды айтамыз. Оның екі мәнділігі көзге түседі:
1. Әңгіме реалистік шығарма деп, оның авторы өмірдің шын бейнесі ретінде ойластырып жазған шығарма, ұғынылатын ұмтылыс, бағыт турасында болып отыр.
2. Реалистік шығармаға мен ол туралы пікірімде оны шындықты шын жазған шығарма деп бағалаған шығарма жатады.
Біріншісінде біз көркем шығарманы имманентті түрде бағалауға мәжбүр болсақ, екіншісінде менің әсерім шешуші өлшем болып отыр. Өнер тарихы “реализм” терминінің осы екі мағынасын да шатастырып келеді. Менің жеке, жергілікті көзқарасыма обьективті, сөзсіз сенімді мағына қосақталып келеді. Көркем жаратындының реализмге, не ирреализмге жататындығы менің оған деген қатынасыма байланыстырылған. Бірінші мағынасы елеусіз түрде екіншісімен ауыстырылады.
Классиктер, сентименталистер, романтиктердің біразы, тіпті ХІХ ғасырдың “Реалистері” де, модернистердің көпшілігі, футуристер, экспрессионистер, т.б. өздерінің шындықты суреттеуге адалдығын, барынша шыншылдығын, бір сөзбен айтқанда, реализм өздерінің көркемдік бағдарламасы екендігін ұдайы мәлімдей келеді. ХІХ ғасырда бұл ұран көркемдік бағыттың атына айналды. Қазіргі өнердің, әсіресе әдебиеттің тарихы негізінен осы бағыттың ыңғайында жасалды. Сондықтан да жекелеген оқиға, жеке көркемдік ағым қарастырылып отырған бағыттың жүзеге асуы деп түсініліп, одан бұрынғы, кейінгі реализмнің көркемдік бағыттары сонымен салыстырыла отырып, бағаланды. Сонымен “реализм” сөзінің үшінші мағынасы дәлірек айтсақ, ХІХ жүзжылдықтағы белгілі бір көркемдік бағыттың сипатты белгілерінің жиынтығы келіп шықты. Басқаша айтқанда, әдебиет тарихшысына өткен ғасырдағы реалистік шығармалар барынша өмірге жақын болып көрінді.
Көркемдік шынайы шындық ұғымын талдап көрейік. Егер кескін, бейнелеу өнерлерінде обьективті, сенімді шындықты беру туралы ойлауға болатын болса, ал сөзбен беруде, әдеби бейнелеуде “табиғи” /Платонның терминологиясы/ шынайы шындық жайлы әңгімелеуге негіз жоқ. Поэтикалық троп түрін, мысалы метафора, не метонимияны қолданғанда обьективті өмірге жақындау келіп, неғұрлым шынайы шындықты бейнелеу мәселесі туындауы мүмкін. Иә, кескін өнерінде де шындық шартты, фигуральды түрде. Үш өлшемді кеңістікті тегіске проекциялаудың методтары шартты түрде, сол сияқты бояу, абстракциялау, салынатын предметті бейімдеу, бейнелеу белгілерін сұрыптап алу да шартты. Айтылған сөзді тіл білмейінше түсіну қиын болатындығы сияқты суретті көре білу үшін де кескін өнерінің тілін үйрену қажет. Кескін өнеріндегі мұндай шарттылық, дәстүршілдік көру арқылы қабылдау актісіне жағдай жасайды. Дәстүрдің жинақталу мөлшеріне орай кескіндемедегі образ предметпен байланысты идеограммаға, формулаға айналды. Білу бір ғана сәтте өтіп, біз суретті көруден қаламыз. Идеограмма деформацияланған болу керек. Нәрседегі бұрын белгісіз болып келгенді қабылдаудың жаңа түрі арқылы көре білу жаңашыл суретшінің ғана қолынан келеді. Предмет әдеттен тыс ракурсте бейнеленеді. Алдыңғылар қалыптастырып кеткен композиция бұзылады. Орыс кескін өнеріндегі реалистік мектептің негізін салушылардың бірі Крамской өзінің естеліктерінде шындыққа неғұрлым жақындай түсу мақсатымен академиялық композицияларды бұзып отыруға ұмтылғандығын жазады. Бұл – жаңа көркемдік бағыт Stuzm und Dzangaның, яғни идеограмманы деформациялаудың типтік дәлелі.
Б. Кенжебаев
Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу
Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнелі көрінісі, сүрлеуі; ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылымы тарихи да қазақ халқы азаматтық тарихының ізімен жасалуы тиіс.
Қазақ халқының құрамына енген рулар ежелден, арғы заманнан осы күнгі Орта Азияны, Қазақстанды, Орталық Азияны, шығыс-оңтүстік Сібірді, орта, төмен Еділді, Каспий жағалауларын мекендеген. Сол жерлерді ертеде мекендеген көптеген түрік, монғол руларымен, кейін азербайжан, түрікпен, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, ойрат, тува, хакас, башқұрт, татар халықтарының құрамына енген ру-тайпалармен бірге, кейде қатар жасасқан. Солардың біразымен кейде жауласып, қақтығысып, соғысып; кейде одақ құрып, қыз алысып, құда болып, әскери топ жасап, анда болып жүрген.
Біздіңше, тегі ерте уақыттарда арғы, бергі тарихтарда аталатын скиф, ғун, қаңлы, сақ, сармат, алан, карлук, хазар, оғыз, куман – бәрі де есте жоқ ерте замандардан Орталық Азия мен Византия аралығын мекендеген түрік, монғол рулары, солардың әр кездегі ру-ұлыстық, түрлі бірлестік, құдандалық аттары.
Аталған жерлерді жайлаған түрік, монғол ру-тайпаларының қай-қайсысы да болмасын үнемі бір орында, өзі әуелі мекендеген жерінде отыра бермеген. Кейде өзара жауласып, соғысу салдарынан, кейде басқа жақтан келген ру-тайпалардың, халықтардың жорығы, көшіп-қонуы салдарынан бір жерден екінші жерге, бір өлкеден екінші өлкеге ауып, мекендерін жиі өзгертіп отырған...
...Қысқасы, ертедегі қазақ ру-тайпалары бұрынғы уақытта, қазақ халқы, қазақ хандығы болып құралғанға дейін Қытай, Рим аралығындағы аймақтар мен өлкелерді мекендеген түрік, монғол руларымен бірге тірлік еткен. Сондықтан бәрінің тарихи, қоғамдық, мәдени өмірі ұқсас болған...
... Бері келе тайпа, ұлыс өзінің басынан өткендерін, бұрын-соңды болған атақты ер, батыр адамдарын әңгіме, аңыз, жыр еткен. Олардың өлісін жоқтаған, тірісін мадақтаған. Осыдан аңыз-әңгімелер, ертектер, батырлар жырлары келіп шыққан.
Біз айтып отырған ру-тайпалардың ұлыстық дәуірдегі ондай туындылары: қиял-ғажайып ертектер, алып батыр, Қорқыт жөніндегі аңыздар, Оғыз, Алпамыс, Күлтегін туралы жыр-дастандар деп айтуға болады.
Осы күні біз Алып, Қорқыт жөніндегі аңыздар, Оғыз, Алпамыс, Күлтегін жөніндегі жыр-дастандар қазіргі түрік текті халықтардың анасының әдебиетінде бар, мынасының әдебиетінде кездеседі; оларды бұл халықтар бірінен-бірі ауысып, үйреніп алған деп түсіндіреміз. Кейде, тіпті, пәлен халық жасаған, басқасы сол халықтан үйренген деп дәлелдеуге тырысамыз. Біздіңше, осының бәрі бекер. Себебі, айтылған аңыздар мен жыр-дастандар түрік текті халықтар бірге араласып, жиі қатынасып жүрген кезде жасалған. Солардың бәріне ортақ, бәріне бірдей туынды. Сондай-ақ, түрік ру-тайпаларының ру-ұлыстық дәуірде бәріне ортақ әліппесі, жазу-сызуы болған. Олар бұрынғы ұйғыр, арамей әліппелері, Орхон-Енисей, Талас, Шу жазулары деп аталады.
Тегі тарих, археология ғылымдарының қазіргі табыстарына қарағанда Орталық Азия мен Шығыс Европа аралығында жасаған ру-тайпалар біздің жыл санауымыздың Ү-ҮІІ ғасырларында қоғамдық тіршілігі, шаруашылығы, мәдениеті бірталай жетілген ел болған. Халықтың біразы мал шаруашылығымен, біразы егіншілікпен тірлік еткен. Меру, Самарқан, Үргеніш, Бұхар, Пенжікент, Отырар, Тараз сияқты үлкенді-кішілі қалалар, кенттер мәдениет орталықтары жасалған. Оларда керамика, тоқыма, зергерлік сияқты әртүрлі қол өнер кәсібі, астрономия, математика сияқты ғылымдар дамыған; сурет, сәулет, музыка өнерлері болған...
Арабтардың осы күнгі Орта Азия, Қазақстан жерлерін жаулап алу әрекеті ІХ ғасырдың басынан басталды. Көп жылдар бойы кескілескен соғыстар болды, арабтар жергілікті халықтарды “ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен” бағындырды. Арабтар өте қатал келді: жергілікті халықтарды, олардың бұрынғы мәдениеттерін набыт қып қырды, жойды. Әсіресе, мәдениеттерінен ешқандай жұрнақ, нұсқа қалдырмауға тырысты.
Хорезмдік ғалым Әбурайхан әл-Беруни (973-1048) Х ғасырдың басында жазған “Өткен буындардың ескерткіштері” атты кітабында арабтардың осы қырғын-жойқыны туралы былай деп жазады:
“Кутайба бин Муслим әл Балиқи әртүрлі тәсілмен бұрынғының бәрін таратты, жойды; Хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеді; дін қызметкерлерін, аңыз-әңгімелерін білетін адамдарын, ғалымдарын түгел құртты; Хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім білмейді”.
Сонымен бірге, арабтар жаулап алған жерлерінде өзінің мемлекеттік тәртібі – халифат орнатты; жергілікті халықтарға өзінің ислам дінін зорлап енгізді; араб тілін, араб әліппесін үйретті, араб мәдениетін таратты.
Арабтар жаулап алған кезден бастап сөз болып отырған өлкелер, халықтар олардың әлеуметтік өмірі қоғамдық дамудың жаңа сатысына көтерілді – феодалдық қалыпқа көшті. ІХ ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басынан өлкенің, ондағы халықтардың шаруашылығы, мәдениеті қайтадан өркендеді. Бұл кезде оқу, білім, өнер, әдебиет – бәрі де араб тілі, араб мәдениеті ықпалында дамыды...
...Дұрысында, тарихтан көріп отырмыз, Х-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қала, кенттер өркендеген, жергілікті халықтардан талай ұлы жазушылар, ұлы ғалымдар шыққан; жергілікті ру-тайпалар өкілдері шығарған, жазған түрлі әдеби шығармалар, ғылыми еңбектер болған. Бұл жерде оларды түгел теріп отырмай, Мұхамед Хорезмиді, Әбунасыр әл-Фарабиді, Әбурайхан әл-Беруниді, Әбуғали Ибн Синаны, Әбілқасым Фердоусиді, Рабғузиді, Махмұт Қашқариді, Қожа Ахмет Яссауиді, Омар һайямды, Баласағұндық Жүсіпті және солардың көркем шығармалары мен ғылыми еңбектерін атасақ, біздің әлгі пікірімізді толық дәлелдей алады...
...Түрік тайпалары мен ұлыстарының ертедегі әдеби нұсқаларынан “Оғыз нама”, “Мұхаббат нама” деген шығармаларды зерттеген совет ғалымы А.М. Щербак: бұлардың алдыңғысы ІХ ғасырға, ұйғыр дәуіріне, екіншісі ХІІІ ғасырға, араб, монғол билеген дәуірге жатады. Бірақ екеуінің тілдік, әдебиеттік негізі бір. Екеуі бір әдеби дәстүрдің екі дәуірін сипаттайды дегенді айтады.
Көпке мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ХІІІ ғасырдың басынан тағы бір шапқыншылық келеді. Ол – күн-шығыстан келген Шыңғысхан бастаған монғол шапқыншылары еді. Монғолдар Қытай, Рим аралығындағы кең-байтақ жерлерді түгел жаулап алды. Онда үлкен мемлекет құрды, ол Алтын Орда, (Ақ Орда, Көк Орда) деп аталып, үш ғасыр шамасы уақыт өмір сүрді.
Араб басқыншылары сияқты монғол шапқыншылары да өлкенің елін, жерін әбден ойрандады. Ертедегі батырлық жырлардың сөзімен айтқанда, оның халықтарын қан қылды, қалаларын шаң қылды; шаруашылығын әбден күйретті, өлкенің өңін мүлде өзгертіп жіберді. Ол замандарда Орта Азия мен Қазақстанға, ондағы халықтарға қарағанда араб елінің, арабтардың мәдениеті жоғары еді, олар мәдениетті халық деп саналушы еді. Ал, монғолдардың мәдени дәрежесі арабтарға қарағанда да, Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қарағанда да біраз төмен болушы еді. Сондықтан монғолдар билеп-төстеп тұрған кезде, Алтын Орда тұсында, ХІІІ-ХҮ ғасырлар арасында Орта Азия мен Қазақстан өлкелерінің, ондағы халықтардың мәдениеті оншалықты өркендемеді. Бұрынғы қалпына келтірілген қала-кенттер, мәдениет орындары Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі болған бірсыпыра хандар соғысы кезінде тағы қиратылды.
Қазақтың кейбір әдебиетші ғалымдары біз жоғарыда көрсеткен ертедегі әдеби, ғылыми шығармаларды, жазушылар мен ғалымдарды қазақтыкі емес, қазаққа олардың тілдері түсініксіз, рухы жат дейді. Бұл дұрыс емес.
Себебі: бірінші, қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ, сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал...
...Екінші, көрсетілген әдеби, ғылыми шығармалардың бірқатары түрік, ұйғыр, шағатай тілдерінде, бірқатары бұрынғы түрік, шағатай, араб тілдерінде (көбірек шағатай тілінде) жасалған. Ал, шағатай тілі араб, парсы сөздері араласқан, араб, парсы тілдеріндегі кітаптар стиліне түскен түрік тілі, түрік ру-тайпаларының кітаби тілі еді...
...Бірқатар ғалымдар Қытай, Рим аралығында жасаған ру-тайпаларда сөз болып отырған замандарда шыққан жазушылар мен ғалымдарды анасы ана ру тайпаның уәкілі, мынасы мына халықтың перзенті деп бөледі: пәлен өзбек, түген түрікпен деп жіп тағады. Бәрін дерлік қазаққа қатысы жоқ етіп шығарады. Бұл мүлде бекер.
Өйткені, алдымен, бірқатар жазушылар мен ғалымдар өздерін “Әл-Фараби”, “Әл-Беруни”, “Әл-Қыпшақи”, “Әл-Сығанақи”, “Әл-Түркстани”, “Яссауи” деп атаған. Бұл олардың қазақ жерінен, қазақ жерінде әр кезде болған белгілі қала-кенттерден, қазақ руларынан шыққанын, қазаққа қатысы болғанын аңғартады.
Онан соң, мәселе қай жазушының, қай ғалымның қай ру, қай тайпадан шығуында емес, көбінше, әсіресе, оның шығармасы мен еңбегінде, өз шығармасын, еңбегін қай тілде жазғанында болуға тиісті. Мәселеге осы жағынан келсек, біз сөз етіп отырған жазушылар мен ғалымдар әрқайсысы әр ру-тайпадан шықса да, шығармалары мен еңбектерін жалпы түрік тілінде, өз тұстарындағы барлық түрік ру-тайпаларына бірдей тілде, солар бір кезде білген, түсінген, ортақ әдеби тілдерде жазды.
Сондықтан жоғарыда аталған жазу-сызуларды, жазба әдебиет нұсқаларын, әдеби шығармаларды, жазушылар мен ғалымдарды өзбек пен ұйғыр да, әзербайжан мен түрікпен де, қырғыз бен қарақалпақ та, қазақ та өз әдебиетіміз, жазушыларымыз бен ғалымдарымыз деп иемденуіне, әдебиеттерінің тарихына енгізулеріне әбден болады, солай иемденуге, қабылдауға міндетті де.
Міне, сонда еліміздегі түрік текті, түрік тілді халықтардың ертедегі әдебиеттерінің тарихы бір болып келеді. Бәрінің ертедегі әдебиеттері тарихында бір әдеби нұсқалар, шығармалар, бір жазушылар, ғалымдар қарастырылатын болады. Мұның ешбір оғаштығы жоқ...
...ХҮ ғасырдың басында Алтын Орда мемлекеті ыдырады, жойылды. Оның орнына жеке-жеке шағын хандықтар құрылды. Солардың бірі қазақ хандығы құрылғаннан бастап халық болып қалыптасты.
Қазақ хандығы бірде тұтас, бірде жүз-жүз болып бөлініп, ХҮШ ғасырдан бастап біртіндеп Россияға қосыла бастады. Қазақ хандығы тұсында да халық қоғамдық тұрмысына лайық, қабілеті келгенше жаңа, өз мәдениетін, әдебиетін, өзінің халықтық әдеби тілін жасады...
...Сөз болып отырған дәуірде қазақтың Асан Қайғы, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали... Жалаири сияқты ойшылдары, тарихшылары; Сыпыра жырау, Шалгез, Қодан Тайшы, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтанберді, Жиенбет, Ттіқара, Үметай, Шал Бұхар сияқты ақындары мен жыраулары болған. Осыған қарағанда бұл дәуірде, көшпенділік жағдайға байланысты, қазақ халқының ауыз әдебиеті, соның ішінде эпостық, салттық жыр-дастандары, ақындық, жыраулық өнері молырақ дамығаны байқалады.
Қазақ хандығы дәуірінде шығарылған көркем әдебиет туындылары, көбінше, бұрынғы қыпшақ диалектінде шығарылды да, жазба әдебиет нұсқалары, ғылыми еңбектер бұрынғы кітаби тілде жасалды. Осылар негізінде қазақтың әдеби тілі қалыптасты...
...ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде кітаптар көп басылды, газет-журналдар шығып тұрды; қазақтың жаңа оқығандары, озат идеялы орыс мәдениетінен үлгі алған адамдары Шоқан, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт, Мұқаметжан т.б. шықты.
Бұл дәуірде қазақ халқының жаңа әдебиеті: демократияшыл, ағартушылық идеялы, сыншыл реалистік әдебиеті туып, өркендеді. Онда әдебиет жанрларының жаңа түрлері, көркем проза, публицистика пайда болды. Бірді-екілі драмалық шығармалар көрінді...
...Сонымен, жинақтап айтқанда, қазақ халқының бұрын-соңды әдебиетінің тарихын былай жүйелеген дұрыс деп білеміз.
І. Бұрынғы әдебиет (Ү-ХҮ ғасырлар арасы). Қазақ ру-тайпаларының ежелгі ру-ұлыс дәуірлеріндегі әдебиеті. Көбінше, сол замандардағы түрік ру-тайпаларымен бірге жасаған ортақ әдебиет.
ІІ. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар арасы). Қазақтың өзіндік әдебиеті.
ІІІ. Қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа, сыншыл реалистік әдебиеті.
ІҮ. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1900-1920 жылдардағы) әдебиеті.
Ү. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі советтік әдебиеті.
Біз қазақ халқы әдебиетінің тарихын дәл осы жүйемен жасауды, оқырман көпшілікке осы жүйеде талдап, таныстыруды жөн көреміз.
И.Н.Розанов
Дәуір ырғағы
Әдеби серпіліс теориясының тәжірибелері
Жаңашылдық жалауын көтерген әрбір ірі жазушы немесе тұтас бір буын әдеби қызметінің барысында екі мәрте тегеуірінді шабуылға тап болады: алғашқыда әдеби ескі сарынның, кейінірек әдеби сары уыздардың, яки Пушкинше айтсақ, олар сүт тісі шыққандықтан анасының төсін тістелей бастайды1.
Әдеби қозғалыс үшін алғашқы типтегілердің ықылассыздығы, яки шалдардың бұрқылы тұрлаусыз мағынаға ие; ал талантты, белсенді жастардың арасынан байқалған терістеу маңызды. Ол әрі қарай дамуға серпіліс береді. Бұдан әрбір жаңа буын бұрынғыдан жақсы және талантты, сөз өнері әрқашан мұндай серпілістен ұтады деген тұжырым жасауға болмайды. Алға баспай, кері кеткеннің мысалы жеткілікті. Әңгіме дүрліккен прогресс туралы емес, қозғалыс туралы өрбіп отыр. Тоқырау емес, қозғалыс – нағыз ұтыс сол болмақ.
Әрбір жазушы дәстүрдің өрмегін үзеді. Егер ол өз жолымен шусыз, өз жаңашылдығын өзі байқамай жүрсе, басқалар да ұзақ уақыт байқамайды. Символизмнің ізашары Тютчев 15 жыл бойы өлеңін жариялаумен болды. Оның кейбір шығармасы аса үздік еді. Солай болса да, оны ешкім байқамады. Тоғышарларды былай қойғанда, Белинский де, тіпті /1836 жылға дейін/ Пушкин де назар аудармады2.
Егер жалғыз немесе бір топ жазушы гүл жамылған судың жел жайқалтпаған көгін бұза-жара ескекпен сыңғырлата ессе, барлық әдеби және тоғышар батпақтан: “Бұл бассыздық, бұл жағымсыз, бұл - әдебиет емес!” деген айқай шығады. Осындай анықтаманы шығармашылығының бастапқы кезінде сарытап пікірлерден Пушкин де, Гоголь де, Некрасов та, символистер де, футуристер де естіген.
Талантқа нағыз пәле – тым ынталы шәкірттері мен жолын қуушылардан. Беделдіні құртушы – тағдырдың тәлкегі дерсің – беделді болмақ. Әрбір ірі жазушыдан кейін жаңа дәстүр қалыптасады. Өрмек пайда болады, шөп көктейді. Су бетін көк жабады. Тағы да жел тимеген көк, тағы да “әдеби”, тағы да ескек күші керек.
Эпигандор буыны сүйіне алады. Жаңашылдар буыны өз жаңашылдығы мен талантын бағалауға бейім. Бірақ олар бұрынғы қайраткерлерге аяусыз қатал және аса беделділердің көрін қазуға асығады. Жаңа ғана ұрандаған есімдері олар тоқыраудың рәмізін де салады...
Жауға шабуыл жасалғанда негізгі биіктер атқыланады. Әдеби жылжуда алғаш бұрынғы көсемдер мансұқталады. Олар қазіргі кезеңге сәйкес емес деген санамен заңсыз түрде терістеуге секіріс жасайды немесе талантын кемітуге барады. Айталық, Пушкин тұсында ХҮШ ғасырдың Ломоносов, Державин секілді басты ақындары қайта бағалануға тап болды. Некрасов дәуірінде Писарев Пушкинге және оның мектебіне кіретін Фет пен Полонскийге ақын атағын қимады. Оларды өлеңшілер деп есептеп, ақындыққа Некрасов лайық деп тапты. Некрасовтың поэтикалық қуаты символистердің алдында терістелді. Бұған Владимир Соловьев тер төкті...
Осы терістейтін бағаның бәрі – бір ыңғайдағы, түсінікті, тарихи қажетті, бірақ негізі жөнінен жалған құбылыстар. Әрине, қабілет дәрежесін дәуір деңгейімен және алынған асулармен байланыссыз анықтауға болмайды. Әлбетте, Ломоносовтың ақындық қуатын терістеу қандай ақылсыздық болса, Пушкинді терістеу де сондай ақылсыздық. Тарихи перспективаны сақтасақ, кейінгі толқын дарынсыз деп тапқан Тредьяковский Пушкиннен біздің күнімізге дейінгі кез-келген екінші сортты ақындардан талантты. Сын және ақындардың бағасы – ағымдағы сәт пен көңіл-күйдің құлы. Егер әдебиет тарихшылары өз кезеңінде тарихи сәт деп қараса, алса ғана уақытшылық пен кездейсоқтықтың арбауынан кейде құтыла алады...
Әдебиет тарихшылары осы уақытқа дейін әдеби тартылу мен инерцияға аса көп көңіл бөліп келді.
Контраст бойынша, шығармашылық контраст бойынша лайықты назар аударсақ, орыс поэзиясындағы қозғалыс схемасы көрнекі көрінер еді.
Контраст декларацияда емес, шығармашылықтың өзінде болуы қажет. Имажүнистер футуристерден практика жүзінен гөрі, теория тұрғысынан бөлектенеді /серпіледі/. Олардың буынсыз жері осында. Серпіліс дәрежесін дәуірдің негізгі сипаты анықтайды. Кіші дәрежені - өтпелі дәуір, ірі және анық дәрежені - өрлеу дәуірі, жарқын дәуір тудырады.
Жуковский, Лермонтов; Блок – біздегі өтпелі дәуірлердің аса ірі нәтижелері: Жуковский – Державиннен Пушкинге өтердегі, Лермонтов – Пушкиннен Некрасовқа өтердегі, Блок – Брюсовтан Маяковскийге өтердегі тұлғалар...
Жарқын дәуірдің бейжай қалдырмаған өкілдері: Ломоносов, Державин, Пушкин, Некрасов, Брюсов және Маяковский. Бұлар әрқашан да өз уақытының талассыз ұлы ақындары болмаса да, сол уақытқа етене ақындар болып қалды. Некрасовты ақтық сапарға шығарып саларда, Достоевский “кек пен мұң ақынының” замандастары ішінде Некрасовтан да таланттылар болды, бірақ олардың Некрасовтай маңызы болған жоқ деп әзіл айтып еді. Расында, ақын ретінде Тютчев Некрасовтан ақын ретінде әлсіз емес. Сөйте тұра Некрасов дәуірі болды, Тютчев дәуірі болған жоқ. Біздің дәуірімізді Хлебников, немесе Анна Ахматова дәуірі емес, Маяковский дәуірі деу ыңғайлы...
Өтпелі дәуірлер – буфер сынды: олар серпіліс кезінде түсер күшті жойқын етпейді; сондықтан оны қаперге алуға да болмайды.
Серпіліс қалай жүрді?
Державин Ломоносовтан серпіледі. “Менің басты тырысуым, - деп мойындайды ол, - Ломоносов секілді жазбау болды”. Оның қызық көрінетін буыны осылай пайда болды. Пушкин Державинге қарама-қарсы жекелеген дүниелердің стиліне айрықша назар салды. Некрасов Пушкин мен Лермонтовқа қайшы тәсілдерге сүйенді. Символистер Некрасов пен Надсон поэзиясынан, футуристер символистерден серпілді. Осылай бірқатар жылжу болды. Жаңашыл буындар арасында – басқа буындар бұл санатқа кірмейді - әкелер мен балалардың толассыз күресі жүріп жатады.
Бір кездері атадан серпілген әкелерден серпіле отырып, белгілі жағдайда әкелерден гөрі аталарға жақындайсың, ал арғы бабаң – бабаңнан гөрі жақындай түседі.
Поэтикалық дәуірлер ырғағы осыған негізделген...
Т. Кәкішұлы
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ағымдар
Реалистік арнаға түсу барысында, қазақ әдебиеті қызық-қызық кезеңді басынан өткергені байқалады. Батырлар жырының көркемдік қуатына тереңірек көз жіберсек елді қорғау, халықтың қамқоры болу идеясымен мұңдалып шығады. Бұл поэзиямен атқарылар іс емес. Бірақ біздің жырға үйренген табиғатымыз ұйқастыра айтуды, сөзбен жеткізуді талап еткен соң, 7-8 буынды жыр үлгісімен баяндап береміз.
Ал, шындығында, осы батырлық жырды іштей бунақтап, бұтарлап, басқа әдебиеттердің үлгісімен салыстырар болсақ, өзінің бас кейіпкері, оқиға дамытар сюжеті, тартыс конфликтісі бар шығарма екенін көреміз. Бұл прозаға тән қасиетті жыр өрнегіне салып, оқиғаларды байланыстырар тұста баяндау әдісін қолдану кейіпкерлердің жанды бейнесін жасауға қажетті тәсілдер екенін байқаймыз. Сонымен бірге әр түрлі ән мақамын араластыра отырып, тыңдаушының ынтығын арттыратын амал да батырлық жырдың эстетикалық әсерін еселей түседі.
Көркем образ жасау амалдарына зер салсақ, батырлар жырындағы қаһармандардан Еуропа әдебиетіндегі рыцарьлық романның келбетін көрер едік. Осының сәтті тәжірибесін Ә.Нұршайықов пен А.Сейдімбековтың батырлық жырларды қара сөзге айналдырғанынан-ақ қазақы романның ерте заманнан-ақ болғандығын аңдағанбыз. “Қамар сұлу” мен “Шұғаның белгісі” шығармаларынан да поэзия мен прозаның қоян-қолтық араласып жатқандығын, ара-жігін ажырата қою қиын екенін байқаймыз. Еуропа үлгісіне түсе бастаған “таза қара сөзіміз” әуелгі кездерде натуралистік сипатпен көрініп, артынан мәдениеттене бастағанын елемеуге болмайды. Осылардың бәрін теориялық тұрғыдан қисындыра білсек, қазақ прозасының өз ерекшелігі барын аңғарар едік те, соған лайық қорытындылар жасап, әдебиетіміздің өресін айқындар едік. Өзінің ұлттық келбетімен, ерекшелігімен көрінген шығарма ғана өз оқушысының жүрегіне жол тауып қадірленеді, құрметтеледі.
Реализм - өнер атаулының ең өнімді де өміршең арнасы. Онан тым алшақтап кеткен ізденістердің келешегі күңгірт. Сондықтан реализмнің алуан түрлі бағыттарының қайсысынан болсын іргемізді аулақ сала алмаймыз. Оның туу, қалыптасу, дамуына жіті көз жібере алсақ қана, әдебиет тарихындағы құбылыстарды шырайлы көрсете аламыз.
Қазақтың Абайдан басталған жаңа жазба әдебиетінде реализм жүйелі түрде қалыптасып, қоғамның кем-кетігін, адам пиғылының сыр-құпиясын түзетпек ниетке берілгенде, сыншылдық тенденциясы күшейеді. Бір кезде таптық қарауылды мықтап қойып, байды – кең құрсақ, ақылсыз, кедейді – жетелі де алғыр етіп көрсете білгенді социалистік реализм деп атадық. Бұл көркемдік әдістің принциптері реализмнің талап-тілектерінен тыс жатпайды. Бірақ әдеби таным белгілі бір стандарт, қалыпқа салынған жерде өнердің қанаты қырқылады екен.
Қазақ әдебиетінде социалистік реализм бір бағыт болып тарихтан орын алуға тиіс. Оны көрмеуге, елемеуге хақымыз жоқ. Өйткені социалистік қоғам біздің тарихымыздың бір белесі, өткен жолы. Оны аттап өтіп кете алмаймыз. Бұл жай өмірді реалистік тұрғыдан суреттеудің тарихи бір кезеңі, одан қашсаң да құтыла алмайсың.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуында бадырайып көрінген, әлі күнге дейін тамсандырып келе жатқан көркемдік амал – романтикалық суреттеу тәсілі. Кезінде романтизмді революцияшыл, өршіл және реакцияшыл, керітартпашыл деп екі бөліп, біріншісін – жақтадық, екіншісін – даттадық, әрі-беріден соң сөзіміз “дәлелді” болу үшін саясат араластырдық. Мұңшерге батып жылап-сықтау – кешегі күннен, қазақтың феодалдық-патриархалдық тұрмыс-салтынан айырылмауы, ескілікті дәріптеу деп, оңды-солды соқтық.
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында дүниені романтикалық тұрғыдан танып-білу әдісі реалистік сыңайдан асып түспесе, кем емес. Тіпті көшпелі өмір салтының өзінде романтиканың толып жатқан сілемдері барын аңғармау, оны сөз өнері арқылы жарқыратып көрсетпеу мүмкін емес. Бірақ, біз асқақты сөз орамынан іргемізді аулақ салып, көркемдік танымымыздың қуатты бір қанатын қырқып тастадық. Романтикалық суреттеу тәсілін ойысқандарды қарамаған, даттамаған кезіміз аз. “Жылау-сықтауы көп” Мағжанды былай қойып, сәл осалдық танытып”, “Сыр сандық” пен “Аққудың айырылуын” жазған Сәкенді де ағаш аттың басына мінгізіп қойдық. Көңіл күй лирикасын жаздырмай махаббат сезімінен безуге күштедік. “Сарыуайымға салынушылық”, “буржуазиялық көңіл-күйге берілу” деп күйеледік... Мұндай тұста романтикалық ойлау, суреттеу түгіл, натуралистік бояудың өзін пайдалану қиын екенін түсіне бермедік. Сондықтан үгіт-насихаттық леп күшейді де, шын көркемдік тәсілдер сахнадан ысырыла берді. Саясаттанған танымымыздың осы қысас қисынын енді түзетіп, қазақ әдебиетіндегі романтикалық суреттеу әдісін өзіндік бет-келбеті бар бір ағым, бағыт ретінде қарастыру қажет. “Қазақ романтизмі” деген атаудан үрікпей, оның ерекшелігін ашып, өзіміздің ұлттық таным-біліктің өресін көрсетуге тиіспіз. Міне, сонда ғана біз өзіміздің эстетикалық түсінік-танымымыз арқылы рухани байлығымыздың қадір-қасиетін аңғарамыз. Мағжан Жұмабаевтың қазақ әдебиетінде өмірді романтикалық арнада суреттеу амалын тауып, оны реализмнің жұртына аунатып алу арқылы ел-жұртқа қош иісі аңқыған керемет поэзия сыйлағанын ұмыптаған абзал...
Ал адамзаттың көркемдік танымына тән өмірді сатиралық және символикалық арнада суреттеу тәсілдері де қазаққа еш уақытта жат болған емес. Бұл тәсілдер, әсіресе, ХХ ғасырда күшейе түскенін білеміз.
Шынында, өмірде кездесіп жатқан ожарлық пен оғаштықты, адам пиғылындағы сүреңсіз қылықтар, қызғаныш пен арамдықты мінеу, сынау күші кеше ғана емес, ауыз әдебиетінің алғашқы үлгілерінің өзінен-ақ көрінеді емес пе?..
Олардың бәрін қазақ Еуропа мен орысқа жанасқаннан кейін ғана тапқан жоқ. Әлденеше ғасыр бұрын өзінің өмір тәжірибесінен туындап, сөз өнерін өздері табынатын, сиынатын өнерге айналдырған болатын. Біз осыны тарамдата, жіліктей бұтарлап зерттеуге тиіспіз.
Ілгерінді мәдениеттерден алғандарымызды, бойға сіңіргендерімізді рабайымен ғана айта білгенде ғана қазақтың көркемдік таным-білігінің тарихы дұрыс жазылады. Бұрынғыдай евроцентристік ой-пікірлердің бәріне шұлғи беруді енді қою керек. ХХ ғасырдың аяғындағы өмір мен көркемдік өткелдерінің бізге үйретері осындай...
К.Ахметов
Достарыңызбен бөлісу: |