Тавтология (грекше: tauto-бірдей, logos–сөз) –анықтауыш сөздің анықталушы сөздің мағынасын қайталауы. Мысалы: қараңғы түн деген сияқты.
Оксюморон (грекше: oxymoron–аңғырт тапқырлық) –бір–біріне қайшы ұғымдардан құралып, образды ұғым тудыратын сөз тіркесі (С. Негимов). Мысалы: тірі өлік, қорқақ батыр, жақсы өлім.
Айшықтау
Фигура (латынша келбет, бейне) - әдеби тілдің әсерлігі үшін қажет тәсіл, яғни сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру. Мақсаты: сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беру арқылы олардың оқырманға әсерін күшейту.
Айшықтаудың бірнеше түрі бар.
Арнау – адамның, яғни ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, олармен іштей кеңесуі. Арнауды А.Байтұрсынов үш
түрге бөлген: жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау. Кейін бұл үлгіге айналды.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз ауызыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың… Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі Дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың… Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.
(Абай)
Бұл - жарлай арнаудың үлгісі: ақын жеке адамға емес, жалпы жұртқа қайырыла сөйлеп, жеке адаммен оңаша емес, жалпы жұртпен жария кеңескен.
Шырағым-ау, шашың неге ағарды? Әлде біреу кемітті ме бағаңды?
Сенің қара тұлымыңды сипаған, Сарғайдың ба ойлап мендей ағаңды?
Тентегім-ау, мұртың неге қыраулы Көрдің бе әлде көп бейнетті, сынауды?...
(Қ. Бекхожин).
Бұл – сұрай арнаудың үлгісі: ақын немесе ақын жырға қосып отырған адам өз ойын өзгеге арнап сан-сапа сауал арқылы айтып жеткізеді де, өзі сол сауалдарға жауап күтеді.
Орай да борай қар жауса, Қалыңға боран борар ма? Қаптай соққан боранда Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге Ту байласаң тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса, Шаппаған нәмәрт оңар ма?
(Махамбет)
Бұл да – сұрай арнаудың үлгісі; бірақ мұндағы өзгешелік – арнауда қойылған сұрақтарға автор жауап күтпейді, өйткені олар ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті, арнаудың өн бойында өзінен-өзі анықталып жатыр. Сұрай арнаудың мұндай түрлерін шешендік, яки риторикалық (грекше ділмар) – айшық деп атайды.
Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы.
Жылқысын көптігінен баға алмайды. Өлгені Төлегеннің рас болса, Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?!
(«Қыз Жібек»)
Бұл - зарлай арнаудың үлгісі.
Достарыңызбен бөлісу: |