Қазақ тілін ұғынудың заңдылықтарын атаңыз.
методика (әдістеме) — метод, гректің тetodos деген сөзінен шыққан, қазақша зерттеу жолы деген мағынаны білдіреді.
Қазақ тілі әдістемесі — ана тілін ұғынудың заңдылықтарын және тіл туралы білімді балаларға үйрету жолдары мен құралдарын зерттейтін педагогикалық ғылым.
Ана тілін ұғыну заңдылықтары тіл табиғатының өзінен және оны ұғыну психологиясынан келіп шығады. Бұған білім беру жолдары мен құралдары да жағдай жасайды.
Білім беру жолдары мен құралдарына: 1) мақсатты түрде іріктеліп алынған тілдік материал; 2) оқу жұмысын ұйымдастыру; 3) оны үйрету әдістері жатады.
Бірінші з а ң д ы л ы қ. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді.
Балалар ана тілінің фонологиялық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Егер бала үйренбеген болса, мектептегі жүргізілетін жұмыстар да қиындай түседі (мысалы, оқу дағдысын қалыптастыру т. с. с.).
Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектеп¬ке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.
Ана тілінің грамматикалық мағынасымен де балалар мектепке дейін танысады. Мектептің міндеті оқушыларға ана тілінің сан алуан грамматикалық қатынастары мен көріністерін үйретіп, тіл байлықтарын арттыра түсу.
Грамматикалық мағынаны ұғыну үшін бала жан-жақты, кең ойлай алатындай болу керек. Сондықтан грамматикалық мағынаны ұғыну барысында олар шындықтағы заттар мен құбылыстардьщ арасындағы қаты-настарды түсінеді, ойлауға үйренеді. Міне, осыдан тіл мен ойлаудың тығыз байланысы келіп шығады.
Сөйтіп, тілді ұғыну — ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілермен оқушылардың тіл байлығын арттыру.
Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады. Әдістемелік қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:
1) оқушыларда орфоэпиялық дағды қалыптастыру;
2) грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету;
3) қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және
оларды сөйлеуге үйрету.
Осы ережеге сай, бастауыш мектептерде бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту әдістері белгіленеді.
Екінші заңдылық. Тілді ұғыну үшін орасан сезімталдық керек. Зерттеушілер мұндай қасиеттің балада тіпті сәби кезден болатындығын айтып жүр.
Грамматиканы үйрету осы «тілдік сезімталдыққа» сүйеніп, іске асырылады.
Бұл қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:
1) балалардың бұрыннан білетін сөздерін тәртіпке келтіру (мұнда грамматика басты орын алады);
2) оқушылар өздеріне белгісіз грамматикалық көріністерді бұрыннан таныс көріністермен салыстыра
алатындай дидактикалық материал іріктеледі;
3) тілдік фактілерді жинақтауға негізделген әдістерді кеңінен пайдалану.
Үшінші заңдылық. Фонологиялық, граммати¬калық және лексикалық мағыналармен қатар сөйлеу мәнері, сезімге бөлене сөйлеуді меңгереді.
Мұндағы әдістемелік қағида: сөйлеу мәнеріне назар аудару.
Бұл қағиданы іске асыруда мына сияқты ережелер сақталады:
1) тілдің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарын үйрену барысында сезімге бөлене
сөйлеу мәнерінің жолдарын түсіндіріп отыру;
2) ана тілі мен қазақ тілі сабақтарын міндетті түрде байланыстырып отыру;
3) тілдерін талдағанда көркем мәтіндердің сезімге әсер ететін бөліктерін таңдап алу.
Т ө р т і н ш і заңдылық. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеуді таңбалау жүйесіне аудару ретінде (дыбысты таңбаға көшіру) ұғынылады.
«Жазбаша сөйлеу бала үшін сөйлеуді меңгерудің жалпы екінші кезеңі болып табылады — дейді профессор Н. С. Рождественский. Ауызекі сөйлеудің өзі шындықтағы заттар мен қатынастардың таңбалары болып табылады. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеудің дыбыстары мен сөздерін шартты түрде белгілейтін таңбалардан тұрады»1.
Сауат ашу кезеңінде баланы жазуға үйретудің бастапқы шағында әуелі оған таныс емес әріптің бұрыннан таныс, естіп жүрген дыбысы айтылады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе — ауызекі сөйлеудің жазбаша сөйлеумен салыстырылып тұруы. Мысалы, тыныс белгілерін қоюда дауыс ырғағының рөлі.
Сонымен, ана тілін оқытуда жазбаша сөйлеудің ауызшамен салыстырылуы мынадай әдістемелік қағидаға негізделеді.
Бұл қағида төмендегі ережелерді сақтағанда іске асады:
1) ауызекі сөздегі дыбыстар мен жазғандағы әріптерді салыстырып отыру; 2) дауыс ырғағы мен тыныс белгісін салыстырып отыру; 3) ауызша және жазбаша жаттығуларды ұштастыру.
Бесінші заңдылық. Фонетикалық, граммати¬калық және лексикалық мағыналардың барлығы «тіл материясын», яғни тіл таңбаларын — дыбыс, морфема, сөз, дауыс ырғағы және тиісті жазбаша таңбалар (әріп, тыныс белгісі) — ұғыну барысында меңгеріледі.
Тілді оқушы мазмұны және формасы, яғни логикалық, грамматикалық ерекшеліктері тілдің көмегімен анықталады.
Ендеше тілді оқушы, практикалық жағынан белгілі бір тілді фактілерді тану құралы ретінде де пайдаланады.
Мұндай заңдылықтан тілді оқыту қағидасы келіп шығады.
Бұл қағиданы іске асыру ережесі мынадай:
1) көрнекілікті пайдалану (кесте, сызба, түрлі суреттер, теледидар, кино және т.б.)
2) есту құралдарын пайдалану (мәтіндер оқып беру, магнитофон, радио, теледидар, кино т. б.);
3) оқу құралдары, көркем мәтіндер, ғылыми-көпшілікке арналған мәтіндер, газеттер, журналдар;
4) ана тілін үйрену үшін оқушылардың басқа пәндерді оқу барысындағы сөйлеу практикасы (мұғалімнің, жолдастарының сөзі, оларды аңғарту үшін талдау) пайдаланылады.
Тіл материясына көңіл аудару қағидасы мұғалімге нақты жол көрсетеді. Оқушы әуелі көру не есту арқылы қабылдайды, ал оның мәнін сонан соң ғана аңғарады.
Алтыншы заңдылық. Тілге үйрену органдарының (өкпе, тамақ, тіл, беттің бұлшық еттері), жазатын қолдың жаттығулары, қимыл-қозғалыстарының тәртіптелуі, дағдының қалыптасуы арқылы ғана іске асады.
Мұғалімнің айтқанын естіп немесе жолдастарының жұмысына қарап қана тіл үйренуге болмайды. Әрбір оқушы өзі оқып, жазып, айтып, түрлі сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер кұрастырып, сөйлемдерді сан салаға өзгертіп, өзі әрекет еткенде ғана нәтижеге жетеді.
Бұл заңдылықтан сөйлеу органдары мен жазатын қолды жаттықтыру қағидасы келіп шығады.
Жетінші заңдылық. Тілге жүйелі түрде сатылап үйрету. Тіл лексика және грамматикалық формалар арқылы дамиды, екінші жағынан тіл неғұрлым бай болса, тілдік фактілер де соғұрлым тез ұғынылады.
Сондықтан оқушыларға алдыңғы үйренгендерін ұмытып қалмайтындай етіп тілдік материалдарды бірте-бірте көбейтіңкіреп беріп, сөйлегенде қолданылып отыруына жағдай жасалады.
Мұнда қайталаудың алатын орны ерекше және бала есінде саналы түрде, түсініп сақтауы үшін ойлау операцияларын қолдану керек: салыстыру, талдау, жинақтау, дерексіз ұғым, жалпылау, нақтылау және индуктивтік, дедуктивтік ой қорытындыларын жасай алатындай болуға тиіс.
Тілге жүйелі түрде, бірте-бірте үдетіле үйрету заңдылығынан мынадай әдістемелік қағида шығады:
1) ұштастыра оқыту;
2) қайталау;
3) өз бетімен жұмыс істеуді күшейте түсу.
Бұл қағидаларды іске асыру үшін:
1) бағдарламаны тиянақты құру;
2) жоспарлы түрде қайталап отыру;
3) жаттығу жұмыстары;
4) оқушыларды ойлау мен сөйлеуге үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері іріктеу сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.
Сөйтіп, ана тілін меңгерудің заңдылықтары оны мектепте оқытудың негізі болып табылады; ал әдістемелік қағидалар осы заңдылықтардан туындайды, мұндай қағидаларға негізделген әдістеме, сөз жоқ, оқушыларға ана тілін үйрету жұмыстарын жүйелі жүргізуге көмектеседі.
Қ.т.о.ә мақсаты- зерттейтін обьектісін жан-жақты танып білу,заңдылықтарын ашып айқындау.
Достарыңызбен бөлісу: |