әдістемелік материалдар 2013 жылғы №2 басылым



бет6/11
Дата31.01.2018
өлшемі2,5 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

3.Тəрбие əдістері –бұл тəрбие көздеген мақсатқа жетудің жолдары, тəсілдері. Мектеп тəжірибесіне орай əдістердің жəне бір анықтамасы – қажетті сапаларды қалыптастыру

мақсатымен тəрбиеленушілердің санасына, еркіне, сезіміне жəне қылық-əрекетіне ықпал жасау тəсілдері.

Əдістер түрі сан-алуан да шексіз көп. Ал оның нақты көрінуі өз шəкірттерінің білімдік күш-қуаты мен жалпы мүмкіндіктерін жете танып, оларды өтілетін материал сипатына байланыстырып жəне басқа да көп оқу жағдаяттарын зерделі саралай білген педагог əрекетіне тəуелді. Қай тұлға, қанша тұлға араласса, əдіс формасы да сондай əрі сонша – бұл заңдылық. Əлбетте, əдістердің бəрі бірдей тиімді деп айту қиын. Ол үшін сол əдістің түзілу, қолдану жағдайларын білу қажет. Нақты мақсатқа байланысты дайындалған көп əдістердің ішінен біреуі ғана тиімді болуы мүмкін.

Тəрбие тəжірибесі алдымен ежелден келе жатқан дəстүрлі əдістерге арқа сүйегенді тəуір көреді. Алайда, көптеген жағдайларда олардың да тиімсіз болып қалатыны бар, сондықтан да тəрбиеші əрдайым тəрбиенің нақты шарттарына сай келер көздеген мақсатқа үлкен үнем жəне мол табыспен , жылдам жеткізетін жаңа əдістерді іздестіруге мəжбүр. Тəрбие əдістерін құрастыру, таңдау жəне дұрыс қолдану – педагогикалық шеберлік шыңы.

Тəрбие тəсілі – жалпы əдіс бөлігі, нақты жақсаруға жеткізетін жеке əрекет. Көркемдеп айтатын болсақ, тəсіл- тəрбиешінің өз шəкірттерімен бірге мақсатқа тезірек жету үшін таптап өткен соқпағы. Егер осы тəсілмен басқа да тəрбиешілер пайдалана бастаса, тəсілдер уақыт озуымен даңғыл жолға - əдістерге айналады. Əдістер мен тəсілдер байланысының тығыз екені осыдан көрінеді.

Тəрбие құрал-жабдықтары. Тəрбие жеке ықпалдарды байқатса, құрал-жабдықтар тəсілдердің жиынтығынан құралады. Мысалы, еңбек –тəрбие құралы, ал көрсету, еңбекті бағалау, жұмыс қателігін білдіру –тəсілдер. Сөз (кең мағынада) – тəрбие

жабдығы, ал ілікпе сөз, əзіл ескертпе, ескертпе теңеу – осы жабдық құрамындағы тəсіл. Бұл тұрғыдан кейде тəрбие əдісін көзделген мақсат үшін қолданылатын тəсілдер мен құрал-жабдықтар жүйесі деп те атайды.

Əдіс баламалары өте көп. Олар арасынан мақсаттар мен нақты жағдайларға сай келетіндерін таңдап алу үшін оларды қандай да бір ретке келтіріп, топтастыру, яғни классификациялау қажет. Əдістер классификациясы дегеніміз қандай да белгісі бойынша бір топқа келтірілген əдістер жүйесі. Осы классификацияға арқа сүйеп, педагог барша жүйені анық білуімен бірге оның қажеті мен өзіне тəн сипаттарын тереңірек түсінеді.

Тəрбие əдісі- көп өлшемді құбылыс, оның жүйелесуіне негіз болар белгілер сан-алуан. Солар арасында аса танымал болғандарын атап өтейік. Сипаты бойынша əдістер – сендіру, жаттықтыру, мадақтау жəне жазалау. Мұндағы «сипат» мəні – əдістің бағыт-бағдарын, қолдану аймағын, ерекшеліктерін жəне т.б. білдіреді.

Сана қалыптастыру əдістері

Тəрбие процесінің жалпы құрылымынан байқағанымыздай, дұрыс ұйымдастырылған тəрбиенің бірінші сатысы- оқушылардың өздерінде қалыптасуы қажет əрекет-қылық нормалары мен ережелерін білу (түсіну). Ең алдымен қандай да сапаны туындатып, орнықтыру үшін, сол сапаның мəн-мағынасын жете түсініп алу міндетті. Адамның

көзқарастарын, ұғымдарын, наным-сенімдерін кемелдендіруге бағытталған əдістер тұлға санасын қалыптастыру əдістері атамасын алған. Бұл топ əдістері екінші кезеңде іске қосылатын – сезім, көңіл-күй толғаныстарын қалыптастыруда аса қажет. Егер оқушы педагогикалық ықпалға бейтараптылық пен немқұрайлылық танытатын болса, тəрбие процесі шабандайды, мақсатқа жете алмайды. Егер оқушы қабылдаған идеясын өзін толғантқан жарқын бейнеге айналдыра алса ғана, оның бойында ізгі де жарқын сезімдер туады. Өткен жылдар оқулықтарында бұл əдістер тобы сендіру əдістері деп аталған, себебі олардың міндеті – тұрақты наным-сенімдер қалыптастыру болған. Оқушы əрекет-қылығына дем беретін оның білімі мен білігі емес, ең алдымен ол көзделген адами сапаның қоғамдық қажеттігі мен өзіне пайдалылығын танып, оны өз нанымы негізінде əрекет-қылыққа айналдыруы, ал бұл сана қалыптасуымен бірге жүретін психикалық құбылыс. Тəрбие мазмұнымен белгіленген іс-əрекетке бала белсенді араласуға дайын болған жағдайда ғана қолданылатын əдіс өз нəтижесін береді.



Этикалық тақырыптағы əңгіме – инабаттық мазмұнға негізделген деректер мен оқиғалардың үлкен көңіл көтеріңкілігімен əсерлі баяндау əдісі. Сезімге ықпал ете отырып, əңгіме моральдық бағамдар мен əрекет-қылық нормаларының мəнін түсініп, ұғуға жəрдемдеседі. Ол адамгершілік ұғым, түсініктерінің мазмұнын ашып қоймастан, оқушылардың инабаттылық талаптарына сəйкес болымды тұлғалық əрекеттеріне деген ұнамды қатынас өрбітіп, мінез-құлықтың оңды өзгерісіне ықпал жасайды. əдептілік əңгімелері бірнеше қызмет жасайды: 1) білім көзі; 2) тұлғаның адамгершілік сапаларын басқалардың имандылық қасиеттерімен толықтырады; 3) тəрбиелік ұнамды үлгі-өнегені өрнек ретінде ұсынады.

Тəрбие тəжірибесінде ұғындыру мен сендіруге қоса үгіттеу əдісіне де жүгінуге тура келеді. Үгіттеу əрекеті тəрбиеші ұстанған қатынас формасына түгелдей тəуелді. Үгіттеу арқылы педагог тəрбиеленуші тұлғасында ұнамды қалыптарды жобалайды, жақсылық сезімін ұялатады, жоғары нəтижелерге жететініне сендіреді. Үгіттеуден болатын тиімділік тəрбиеші абыройына, оның жеке адамгершілік болмысына тəуелді, өз сөздері мен əрекеттерінің дұрыстығына кепіл бола алған жағдайда ғана оның үгіті мақсатына жетеді. Бала тəрбиесінде ұнамды үлгі-өнегеге арқа сүйеу, мадақ, өз қадірін сезіну, ар-намысты қолдан бермеу секілді алғы шарттарды пайдаланған педагог қай күрделі жағдайда да үгіт жұмысының өз нысанына жетіп, жемісті боларына толық сенуіне болады.

Үгіттеу арқылы кейде оқушыны өз қылығынан ұялу, өкіну сезіміне келтіруге болады. Педагог баланың мұндай сезімдерін оятып қана қоймастан, келеңсіз əрекеттерін түзетудің жолдарын да көрсетеді. Бұл жағдайларда орынсыз əрекеттің, оның салдарының мəнін дəлелді ашып берумен бірге тəрбиеленуші мінезіне ұнамды ықпал жасаушы тəрбие көздерін тауып, қолданады. Кейде орынсыз қылық білместіктің салдарынан болады. Мұндайда үгіт ұғындыру жəне сендірумен бірге


қолданылып, оқушы өз қателерін мойындап, мінезін оң қалыпқа келтіргендей əсерде жүргізіледі.

Əдептілік сұхбаттары тəрбиеленушілерді өздерін толғантқан барша сұрақтар бойынша дұрыс баға беріп, пікір жүргізуге жəрдем береді. Болған жағдай, оқиғалар мен əрқандай қылықтарды талқыға сала отырып, балалар олардың мəн-мағынасын жеңіл түсінуге мүмкіндік алады. Көп жағдайларда əдептілік сұхбаттарды да өткізуге нақты дерек, оқиға, балалардың қылығы себеп болады. Мұндай сөйлесулерді болған оқиғалардың «ізін суытпай» не сол оқиғаның кінəкəрі сəл өзіне келіп, «жүрегі орнына» түсіп, мəн-жайды аңғаратындай болған соң ұйымдастырған жөн.

Өмір өнегесі ұдайы оңды болса, тіпті жақсы, бірақ олай бола бермейді, балаға əсер етуші кері өрнек аяқ астында. Оқушылар назарын өмір, адам келеңсіздіктеріне аударып бару, болымсыз қылықтар салдарын талдап, олардан қорытынды шығару –міндетті шарт. Мезетімен орынды пайдаланған ұнамды үлгі тəрбиеленушіні жаман қылықтан сақтандыруға жəрдем беретінін де ескерген жөн.

Тəрбие тəрбиешінің жеке басы үлгі-өнегесіне, оның қылық-əрекетіне,қамқорлығындағы балаларға қатынасына, дүниетанымына, іскерлігіменабыройына тəуелді.

Ұстаз үлгісінің оңды ықпалы оның сөзі мен ісінің жарасымдылығына, балалардың бəріне бірдей ақ пейілді қатынасына орай арта түседі. Бұл тəрбиешінің беделіне, ол бастаған істің жүйелілігі мен бірізділігіне де байланысты.

Сонымен, сана қалыптастыру əдістері тұлғаның ізгілену тəрбиесінде маңызды рөл атқарады. Мұндай əдістер түрі: əдептілік əңгімелері, түсіндіру, ұғындыру, əдептілік сұхбаттары, үгіттеу, сендіру, көрсетпе нұсқау, үлгі тəрбие əдістерінің тиімділігі олардың қалай қолданылуына, педагог таңдаған гуманистік бағытқа тəуелді.

Іс-əрекет ұйымдастыру əдістері

Тəрбие көзделген əрекет-қылық (поведение) типін қалыптастыруы міндетті. Тұлға тəрбиелілігі түсінік, ұғымнан көрінбейді, ол адамның нақты іс-əрекетімен бағаланады. Бұл тұрғыдан іс-əрекет ұйымдастыру мен қылық қалыптастыру тəрбие процесінің

өзегі ретінде қарастырылады. Аталған топтағы əдістердің бəрі тəрбиеленушілердің практикалық іс-əрекетіне негізделген. Мұндай іс-əрекетті басқару үшін педагог оны құрамды бөліктерге – нақты істер жəне қылықтарға жіктейді.

Қажетті тұлға сапаларын қалыптастырудың жалпыланған əдісі – жаттықтыру. Балада қалыптасатын қылық, əрекеттің қай-қайсысы да жаттығып, дағдыланудан. Балаға басқалардың қалай жазатынын əңгімелеп, жазуға, атақты күйші өнерін көрсетіп, домбыра тартуға үйрету мүмкін емес. Тəрбиеленушіні мақсатты бағытталған белсенді əрекетке ынталандырмай, жоспарланған мінез бітісін де орнықтыруға болмайды.

Жаттықтыру мəні – талап етілген əрекеттерді көп мəрте қайталаумен автоматты орындалу дəрежесіне жеткізу. Жаттығулар нəтижесі – тұлғаның бекіген сапалары: əдеттер мен дағдылар.

Жаттықтыру істерінің тиімділігін келесі шарттар анықтайды:

1) жаттығулар жүйесі;

2) олар мазмұны;

3) түсініктілігі мен жеңілдігі;

4) көлемі;

5) қайталау жиілігі;

6) бақылау мен түзету;

7) тəрбиеленушілердің тұлғалық сапалары;

8) жаттығулардың орындалу мерзімі мен орны;

9) жеке-дара, топтық, ұжымдық жаттығулар формасы;

10) жаттығу сеп-түрткілері мен оған деген ынта себептері.

Жаттығулар жиілігі, көлемі жəне жетіскен нəтижелер арасында тікелей тəуелділік бар: жаттығу неғұрлым көп орындалса, олар жəрдемімен қалыптасушы сапалар дамуы да соғұрлым жоғары келеді. Бұл тəуелділік тұлғалық ерекшеліктерімен реттеліп барады. Бірдей тең деңгейлі сапаны қалыптастыру үшін əр оқушының орындайтын

жаттығуларының саны əрқилы: бір бала көзделген сапаға аз санды жаттығудан жететін болса, екінші біреуінде ондаған, жүздеген жаттығу əрекеті қажет. Сапа неғұрлым күрделі келсе, оған байланысты əдеттерді қалыптастырып, тұрақтандыру үшін соғұрлым көп жаттығу орындап, көп мəрте қайталау керек.

Жаттығулар жүйесін жоспарлауда тəрбиеші ең алдымен өз тəрбиеленушілеріне қандай дағдылар мен əдеттерді қалыптастыруы қажет болатынын ойластырып алғаны жөн. Жаттығулардың көзделген қылық-əрекетке сəйкес болуы (адекватность) – əдісінен баланың өмірлік қажетті, мəнді жəне пайдалы дағдылары мен əдеттері қалыптасады. Сондықтан жаттығулар қалай болса, солай ойдан шығарылмай, өмірден алынуы тиіс. Бірінші кезекте жалпы адамзаттық ізгілі сапалар тұрғызушы жаттығулар пайдаланылады.

Үйретіп көндіру тəрбие процесінің барша кезеңдерінде де тиімді, бірақ бала дамуының алғашқы сатысында əбден қажет. Бұл əдісті пайдалану шарттары:

1. Тəрбие шарттарын екі тараптың да анық, дұрыс түсінуі. Егер тəрбиеші алдына қойған көндіру мақсатының мəнін, пайдасын жете пайымдамаса, онда əдіс баланы түгелдей бағындырумен орындалады. Баланың өзі нені қажетсінетінін түбегейлі түсінген жағдайда ғана əдіс өз нəтижесін береді.

2. Қандай да талапқа көндіруде, айтар ойыңызды сөзбен анық, түсінімді өрнектеңіз, ерекше пікіріңізді «олай бол да, солай бол» деп қайырмаңыз. Дұрысы «Көршіңе сəлем берсең – ол да жылы сəлемдеседі», «Салақтың болашағы жоқ, тырнағы өскен, құлағы кір – адам шоршытады» сияқты насихат жолымен ұғындырған жөн.

3. Əрбір уақыт аралығына қонымды, оқушы мүмкіндігіне сай əрекет жоспарлаңыз. Асығыстық мақсатты жақындатпайды, керісінше, алыстатады. Алғашында дəл орындауға, кейін тез орындауға үйретіңіз.

4. Қалай орындалуын, одан болар нəтижені көрсете біліңіз. Салақтық пен тазалықты, ұқыптылық пен салғырттықты нақты мысалмен көрсете түсіндіріп, бала жанын қозғаңыз, өз тəрбиесіздігінен ұялып, оқушыны өзінің келеңсіз əрекетінен жеркенуге мəжбүр етіңіз.

5. Көндірудің бірізді – параллель схемасын қолданыңыз. Егер тұлға сапаларын біртіндеп, кезегімен тəрбиелейтін болсаңыз – уақыт жеткізе алмаймыз. Барша сапаларды параллель де қалыптастырып болмайды. Сондықтан, қай сапалар өзара

табиғи байланысты болатынын анықтап, оларды бірқатар тəрбиелеңіз, екіншіде қай сапа қандай қасиетке негіз боларын біліп алып, оларды бірінен соң екіншісін қалыптастырыңыз.
6. Көндіру тілектестік пен мүдделілікке негізделген, бірақ бірқалыпты қатаң, үздіксіз бақылау бар жерде нəтижесін береді. Бақылау оқушының өзіндік бақылауына ұласуы қажет.

7. Көндірудің педагогикалық тиімді нəтижесі ойынмен бірге келеді. Бала белгілі қағидаларды ойын барысында еш зорлықсыз-ақ, өз қалауымен орындайды. Көндіру үшін баланы ойынға тартудың себептері: 1) қажетті іс-əрекет мақсаты оқушылар үшін тартымсыз болса; 2) мақсатқа жету жолы іс логикасына орай баланы жалықтыратын, қолайсыз болса.

Тəрбиелік жағдайлар – арнайы жасалған шарттарға орай тəрбиеленуші іс-əрекеті мен мінез-қылығын қалыптастыру əдісі. Тəрбиелік жағдайлар (ситуация) тиімділігін көтерудің екі жолын еске ұстаған жөн:

- жағдай жалған, жасанды болмай, нақты өмірде кездесетін қарама-қарсылықтары мен қүрделіліктерден құралуы тиіс. Тəрбиеші əдейі жағдай туындатушы шарттарды түзеді, ал ситуациялар табиғи қалпында өтуі тиіс. Мектеп өмірі мұндай ситуацияларға бай: «Оқушы – мұғалім», «Оқушы – жол тəртібінің сақшысы», «Оқушы – ертеңгі серуен басшысы» жəне т.б. тосын жағдайлар. Мұғалім ескертпесін күткен тəрбиеленуші оған алдын ала дайындалады, ал əрекет тосын болса, көп жағдайда бала мұғалім айтқанына көнеді. Оқушының тосын қылығына мұғалім кеңпейілділік, қайырымдылық танытуы лазым. Бірақ бұл жағдайдағы басты шарт: бала мұғалім əрекетін дұрыс түсініп, оны əлсіздік, сенімсіздік демей, жоғары адамгершілік тұрғысынан қабылдауы тиіс. Қай жағдайда да мұғалімнің ситуация дамуына тікелей араласпағаны жөн.

Аталған əдіс басқа тəрбие əдістерінің баршасымен тығыз байланысты.

Тұлға мінез-қылығын қалыптастыру əдістері тəрбиеде өте қажет. Олардың бəрі тəрбие процесінің өзегін құрайды. Атап айтсақ, бұл əдістер: жаттықтыру, талап, көндіру, тəрбиелік жағдайлар (ситуациялар).



Ынталандыру əдістері

Тəрбиеленушіні белгілі іс-əрекетті орындатуға талаптандыру ниетімен қолданылатын əдістер тобында ынталандырудың орны өз алдына. Бұл əдістің ежелден-ақ мадақтау мен жазалау түрі белгілі. XX ғасыр педагогикасы жəне бір өте əсерлі ынталандыру əдісі – жарыстыру əдісін алға тартып отыр.

Кейінгі он жылдықта дəстүрлі ықпал əдістеріне қосымша субъектив-прагматикалық əдістің тиімділігі жариялануда. Ғылыми зерттеулер мен практика нақтылағандай, бүгінгі жастардың ерекшелігі - өмірге болған прагматикалық (пайдакүнемдік) қатынасы. Осыдан қазіргі заман оқушысы өзіне, өз жолдастарына тəрбие маған не береді, неге, қай уақытта ол қажет, одан түсер пайда қандай жəне қаншалықты деген сұрақтарды үстемелеп қоятын болды. Осы секілді пайдакүнемдік – прагматикалық бағытты ескере отырып, кейбір шет ел педагогикалық жүйелері тəрбие процесін тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы коммерциялық қатынас сипатында бағалайды. Ал мұндай қатынас өзегі – пайда. Əдіс əлі қалыптасып, ресми қабылданған емес, бірақ тұрмыста тəрбиеші мен тəрбиеленушілер арасында түзілетін келісім-шарттар жүйесімен біртіндеп тұрақтануда.

Мадақтау – тəрбиеленушілер əрекетіне ұнамды баға беру. Мадақтау ықпалы оқушының ұнамды көңіл-күй сезімін көтеруге негізделген. Осыдан да мадақтау балада өзіне деген сенім орнықтырып, жұмысқа деген жағымды көңіл қатынасын оятады, жауапкершілік арттырады. Мадақтау түрліше орындалуы мүмкін. Олар арасында тəрбие процесінде жиі қолданылатындары – қолдау, қуаттау, алғыс жариялау, құрметті құқықтар беру, мақтау қағаздары мен сыйлықтар беру жəне т.б.

Қарапайымды бола тұра, мадақтау өте жауапкерлі де іс. Мадақ шектен тыс əсіреге айналып кетпей, орынсыз кем де болмауы керек. Санамен сарапталмаған əсіре мадақ баланы бұзады. Осыдан мадақтаудың психологиялық қырлары мен оның салдарын ескерген жөн:

1. Мадақ-марапат сырттай көзге түсіп, əйгілену ниетімен емес, мақтаушы мұғалім мен марапатталушы оқушының, яғни екі тараптың бірдей жан дүниелік қалауы мен қабылдауынан болуы шарт.

2. Мадақтау арқылы тəрбиеленушіні басқа балаларға қарсы қойып алмауды да ойластырған жөн. Сондықтан тек табысқа жеткен оқушыны ғана мақтап шектелместен, шын ықыласымен еңбектенген, өз ісіне адалдық танытатындардың бəріне де жылы лебіз, мадақ сөзді аянбаған жөн.

3. Мадақ қолдана отырып, кім, не үшін, қаншалықты сыйға тұрарлық екенін сараптауды ұмытпаңыз. Əсіре мадақ астамшылдыққа апарады.

4. Əрқандай мадақ жеке тұлғалық ерекшеліктерді ескерумен беріледі. Өзіне сенімі жоқ, үлгерімі төмен оқушыны қолдап-қуаттау қажет. Қандай да ұнамды сапасын танып, педагог сол арқылы балада сенім оятады, ұмтылыс пен дербестік, кедергілерден сескенбеу қасиетін баулиды. Өзіне тəрбиеші, төңірегіндегі адамдар сенімін артқан бала, өз кемшіліктерін де «жүгендеп», оңды жолға түсе бастайды.

5. Бүгінгі мектеп тəрбиесіндегі басты міндеттерден жазбау. Мадақтау мəселесін шешуде өз шəкірттеріңізбен пікір алысуды да жадтан шығармаңыз.

Жарыс, бəсеке. Көп бала топтала қалса, сол бойда өзара бедел таластыра бастайды. Балалар табиғатына аса тəн құбылыс – бəсекелестік. Төңірегіндегілер арасында өз беделін танытып, оны бекіту – əр адамның тума қажеті. Ал бұл қажеттілікті іске асыру басқалармен жарысуды керек етеді. Жарыс нəтижесі баланың ұжымдағы беделін ұзақ уақытқа айқындап, бекітеді.

Гуманистік педагогика жазалауды да жоққа шығармайды, бірақ оның шегін, сипатын, орындалу жолдарын өзгертуді талап етеді.

Жазалау –келеңсіз қылықтарды шектеп, тежеу үшін, басқалар алдында, өз тұрғысынан айыбын мойындау сезімін ояту мақсатында қолданылатын педагогикалық ықпал əдісі.

Басқа тəрбие əдістері секілді жазалау да қылық-əрекеттердің сырттай себептерінің тұлғалық ішкі ықылас-ниеттерге ауысуына негізделген. Мектеп тəжірибесінде жазалаудың келесідей түрлері қолданылуда; 1) қосымша міндеттер таңу; 2) кей құқықтардан айыру не шектеу; 3) моральдық сөгіс, не айып тағу. Тəрбие барысында жазалаудың келесі формалары қабылданған: жақтырмау, ескерту, сөгіс жариялау, алдын ала сақтандыру, айыпқа сай талап қою.

Жазалау əдісінің тиімділігін анықтаушы шарттар төмендегідей:

1. Оқушы «пір» тұтқан абыройлы адам тарапынан болған жаза əсерлі келеді. Келеңсіз қылығы тек тəрбиеші емес, дос, жолдастарының да жақтырмауына, ескертуіне ұшыраса, айып сезімі күштілеу болады. Сондықтан тəрбиеші ұжымдық пікірге көбірек жүгінгені жөн.

2. Бүкіл сыныпқа жаза қолдануға болмайды.

3. Жаза шешімі қабылданса, ол орындалуы шарт.

4. Жаза тиімділігі оның оқушыға түсінімді болып, оны əділ деп қабылдауынан. Өтелген жаза қайтып еске алынбайды, оқушымен қалыпты қатынас жалғасын табады.

5. Жазала, бірақ оқушының намысына тиюші болма. Тəрбиеші жазаны өз жек көргендігінен емес, педагогикалық қажеттіктен қолданады. «Келеңсіз қылық - жаза» формуласы мүлтіксіз орындалуы шарт.

6. Жазалау мəселесін шешуде негізінен келеңсіз қылықтарды, болымсыз мінез бітістері мен əдістерді шектеу, тежеуге бағытталған тəрбие əрекеттері тізбегін біртіндеп қолданып, басты, мəні нақты, ұнамды сапаларды орнықтыруға қаратылған іс-əрекеттерге өту қажет.

7. Жазалау əдісін қолдануға негіз- дау-дамайлы жағдай (ситуация). Бірақ көрінген орынсыз қылық пен ережеден ауытқу жанжал туындатпайды, сондықтан, парықсыз жаза қолдана беруге болмайды. Жазалау мəселесінде жалпы, барша жағдайға жаза тағайындау мүмкін емес, əрқандай тəртіп бұзу өзінің дара сипатына ие: оны істеген кім, қандай жағдайда болды, себептері не – осы жəйттерді ескерумен жаза жеңіл не өте қатал болуы ықтимал.

8. Жазалау - өте ауыр да əсерлі əдіс. Жаза таңдаудағы педагог қателігін түзету өте қиын. Сондықтан, жүз берген жағдай жөнінде толық та анық түсінім болмағанша, асығыстықпен жаза қолдануға болмайды. Кері жағдайда жаза өз əділдігі мен пайдасын жоғалтады.

9. Педагогикалық процестегі жаза – кек алу құралы емес. Балада жазаның оның өз пайдасы үшін қолданылып жатқанына сенім тудырыңыз. əрқандай жаза əр баланың жеке ерекшеліктеріне орай қолданылғаны дұрыс.

10. Жазаның жеке балаға,оны даралығына сай қолдануы – əділдіктен ауытқу емес. Бұл өте маңызды проблема. Егер педагог оқушының жеке тұлғалық ерекшеліктеріне мəн беретін болса, жаза да, мадақтау да жікке келеді, ал, егер ол тек келеңсіз қылықтың өзіне мəн беріп, қай тəрбиеленуші тарапынан болғанына назар аудармаса, жаза түрлері жіктелінбей қолданылып, тұлғалық бағыт заңдылығына қайшы келеді. Мұғалім өз педагогикалық позициясын балаларға түсіндіруі шарт, сонда ғана шəкірттер жаза əділдігін мойындайды.

11. Əрқандай жаза педагогикалық əдептілікті, жас кезеңдері психологиясын, сонымен бірге тек жазамен істі оңғаруға болмайтынын түсінген жөн. Осыдан да жаза басқа тəрбие əдістерімен бірлікті қолданылады.

Субъектив – прагматикалық əдіс негізі – тəрбиесіздік пен білімсіздіктің, тəртіп пен қоғамдық талаптарды өрескел бұзудың пайдасыз екенін түсінуде. Қоғамдық жəне экономикалық қатынастар баланы ерте жастан қатаң конкуренттік тайталасқа қосып, өмірге тыңғылықты дайындық көруге мəжбүрлейді. Осыдан да нарықтық экономикаға ертерек көшіп, дамыған елдердегі мектептік білім мен тəрбие қарапайым тұрмыс-тіршілік қажетіне (утилитарное) бағытталып, басты мақсат – шəкірттерді оқу орнын бітірген соң жұмыс табу, тіршілік қамын жасауға тəрбиелейді. Біздің өткен кеңестік дəуірдегі тəрбиеміз, керісінше, оқушыға бəрін білдірді, бірақ субъектив – прагматикалық тəрбиені буржуазиялық деп жоққа шығарғандықтан, мектеп түлегі білгенін тұрмыста қолдана алмай, жеке де, қоғамдық та пайдаға жарата алмады.

Тəрбие əдістерін таңдау – күрделі проблемалардың бірі.

Тəрбиешінің кəсіби қызметтерін орындау барысындағы тəрбие əдістерін таңдауы əрі оларды пайдалануы көптеген қалыптасқан шарттар мен мүмкіндіктерге тəуелді.

Мұндай шарттар түрі: ниеттелген тəрбие мақсаттары мен міндеттері; тəрбиеленушілердің жас жəне даралық ерекшеліктері; тəрбие мезеті; шəкірттердің қызығулары мен қажеттері; оларды қоршаған əлеуметтік жағдайлар; тəрбиеленуші қатысқан топтың қалыптасу деңгейі; күтілген нəтижелер; тəрбиешінің өз басы мүмкіндіктері. Тəрбие əдісін таңдау негізінде тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы гуманистік қатынас болуы шарт. Қолданылатын əдістердің тиімділігі келесі жағдайларға байланысты: таңдалған əдістің шынайы əрі нақты шарттарға сəйкестенуі; əдісті қолдану мезетіндегі тəрбиеленушілердің психологиялық қалпын кəсіби көрегендікпен сезе білу; əрқилы тəрбие əдістерін өзара үйлестіре пайдалану; таңдалған əдісті тəрбие

шараларымен толықтыра түсу; əрбір əдісті қисынды нəтижеге жеткенше орынды пайдалану.

Тəрбие əдісін таңдай отырып, тəрбиеші əрбір тəрбиеленушіге өз жасампаздық іскерлігін жүзеге асыруға, даралық шығармашылығын танытуға, табыс көздерін іздестіре білуге, нəтижелерді болжастыруға, көзделген мақсатты іске асыруға толық мүмкіндік беретіндерін пайдалануға ұмтылуы қажет.

4.Тəрбие процесінің принциптері (тəрбие принциптері) бұл тəрбие процесінің мазмұнына, əдістеріне, ұйымдастыру жолдарына қойылатын негізгі талаптарды айғақтайтын жалпы бастау тұжырымдары. Олар тəрбие процесінің анайылығын аңдатып, педагогтарға нақты педагогикалық міндеттерді шешуде бағыт-бағдар береді.

Тəрбие процесіне арқау болар принциптер өз алдына жүйеге бірігеді.

Осы жүйедегі гуманистік педагогика принциптері келесідей:

- тұлғалық бағыт принципі;

- тəрбиенің жеке тұлғалық жəне қоғамдық бағыттарының бірлігі принципі;

- тəрбиенің өмір, еңбекпен байланыстылық принципі;

- тəрбиеде ұнамды өнегені пайдалану принципі;

- тəрбиелік ықпалдар бірлігі принципі.



Тұлғалық бағыт принципі. Тəрбие процесінде тұлғалық бағыт принципі тəрбиеленушілердің жас ерекшеліктері мен даралығын, əсіресе жалпы жəне жеке адами қасиет - сапалары мен мүмкіндіктерін ескеру негізінде іске асырылады. Адами қасиет сапалар мəні: тұлғаның өмірлік бағыт-бағдары, тіршілік жоспары, құндылықты бағамдары, қалыптасқан жандүниелік ұстамдары, іс-əрекеті мен мінезіндегі басымды сеп-түрткілер. Тұлғаның осы аталған жетекші сапаларынан бөлектене қарастырылатын жас не даралық ерекшеліктер (мінез, темперамент, ерік жəне.т.б.) жоғары дəрежелі кісілік қадір-қасиеттерді қалыптастыруға бағышталған тəрбиені қамтамасыз ете алмайды, жас деңгейін, даралық ерекшеліктерді білу маңызды, солай да болса, жоғарыда аталған сапалардың жетекшілік ролін тану ғана баланың жас мүмкіндіктері мен жеке ептіліктерін дұрыс пайдаланудың көзін ашады.

Тұлғалық бағыт принципінің тəрбиеші алдына қоятын талаптары:

1) тəрбиеленушілердің жеке темпераменттік ерекшеліктерін, мінез бітістерін, көзқарастарын, талғамдарын, əдеттерін үздіксіз зерттеп, жете білу; 2) тəрбие процесін диагностикалаумен бірге баланың ойлау қабілеті, сеп-түрткілер, ұстанымдары, өмірлік бағыты, өмір мен еңбекке деген көзқарасы, құндылықты бағамдары, тіршілік жоспарлары секілді тұлғалық сапалардың нақты қалыптасу деңгейін түбегейлі тану; 3) əр оқушыны тұлғаның ілгерілей дамуын қамтамасыз етуші күш-қуатына сəйкес əрі біртіндеп күрделеніп баратын тəрбиелік істерге ұдайы қатыстырып бару; 4) мақсатты іске асыруға кедергі болар себептерді өз уақытында анықтау əрі аластау, ал егер бұл мүмкін болмаса, жаңа жағдайлар мен шарттарға тəуелді тəрбие бағытына дер мезетінде өзгерістер енгізу; 5) барынша тұлғаның өз белсенділігін арқау ету; 6) тəрбиені тұлғаның өзіндік тəрбиесімен ұштастыру, оқушыға өзіндік тəрбие мақсаттарын, əдістері мен формаларын таңдауға жəрдем беру; 7) оқушыда дербестік, ынталылық, өзіндік іс-əрекет қабілеттерін дамыту, тек басшылықпен шектелмей, табысқа жеткізер іс-əрекеттерді ұтымды ұйымдастыру жəне бағыттай білу.

Осы талаптардың бірлікті орындалуы мектеп тəжірибесінде бұрыннан танымал жас ерекшеліктері мен даралық ескеру принциптерінің қарабайырлығын жояды, тəрбиешіні процестің үстірт белгілеріне шегеленбей, тереңде жатқан мəн-мағыналық байланыстарға назар аударуға бағыттайды, осы процесте көрінетін тəрбие заңдылықтары мен себеп-салдарлы қатынастарды тануға жетекшілік етеді.

Тəрбиенің жеке тұлғалық жəне қоғамдық бағыттарының бірлігі принципі. Озат ойлы педагогтар тəрбиені «өсиет пен өнеге, сендіру жəне зорлау жəрдемімен адамдарды нəзік шақтан іс-əрекетке қосып, игерілген ережелерді тұрмыста қолдануға үйретуші қоғамдық құрылым» (Г. Сент-Джон) ретінде таныған. əр дəуірде бұл принцип мəні ауысып барған: бірде жеке тұлғалық бағыт басымдау болып, кейде қоғамдық, мемлекеттік бағыттар жетекшілік еткен. Алайда, тəрбиенің басты міндеті - адамды белсенді қоғамдық əрі рахат жеке өмірге дайындау - қай заманда да сақталып қала береді.

Бұл принцип бойынша педагогтың барша қызметі өсіп келе жатқан əулет тəрбиесін мемлекеттің тəрбиелік стратегиясына сəйкес орындауға жəне əлеуметтік үйлесімге келген тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Мемлекет қызметіндегі тұлға ретінде тəрбиеші тəрбие саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындайды. Егер мемлекет жəне қоғам мүдделері сəйкес келсе, азаматтардың жеке мүдделерімен үйлесімді болса,

онда тəрбие принциптері де тəрбие мақсаттары мен міндеттерінің саласында өзіне тиісті орын алады. Ал бұл жағдай керісінше болса, принцип іске аспай қалады, себебі тəрбиешінің тəрбие істері қорына толыққанды тəрбие үшін қажет нақты деректер түспейді.

Бұл принципті іске асыру барысында əсіре ұрандаудан, желікпе үндеулерден, бөспе сөзділіктен аулақ болған абзал, себебі тəрбие ең алдымен құнды əрекет-қылық жəне қарым-қатынас тəжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін пайдалы іс-əрекет, қызмет процесінде жүзеге келеді. Алайда, оқушы араласқан нақты іс-əрекет (ойын, еңбек, қоғамдық істер, оқу, спорттық жəне т.б.) тəрбиелік мəнге ие болуы үшін, оның субъекті - балада сол əрекетке деген қоғамдық құнды сеп-түрткілерді қалыптастыру қажет. Егер олар жоғары ізгілікті, қоғамдық мəн-мағынасымен елеулі болып келсе, əрекет-қылықтар нəтижесінде орындалатын қызмет те үлкен тəрбиелік ықпалға ие болады. Əр тұлғаның əлеуметтік сапаларын орнықтыруда оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегі олардың мақсатты бағытталған сана-сезімін қалыптастыру істерімен ұштасуы қажет. Баланы қандай да іс-əрекетке ойыстыруға қолданылған сөз, ауызекі нұсқау, нақты тұрмыстық пайдалы қызмет пен ұнамды əлеуметтік тəжірибеде өз бекімін табуы тиіс. Тəрбиенің өмір жəне еңбекпен байланыстық принципі. « Мектеп үшін емес - өмір үшін» - ұранымен күтіп алады екен ежелгі Рим мектептері өз оқушыларын. Адамзаттың алғашқы қадамдарының өзінде –ақ адам тəрбиесімен шұғылданған тұлғалар өмір мен тұрмыс практикасынан ажыралған тəрбиенің мағынасыз болатынын түсінген.

Адам тұлғасын қалыптастыру оның іс-əрекетімен, қоғамдық жəне еңбектік қатынастарға келуімен тікелей тəуелді байланыста. Адамның ұнамды сапалары еңбекте ғана дамиды: неғұрлым ол ауқымды, мақсатқа орай болса, тұлғаның дамуы мен əлеуметтену деңгейі де жоғары келеді. Осыдан да тəрбиеленушілерді қоғамдық өмірге, əрқилы пайдалы істерге араластырумен оларға болған ұнамды көзқарас пен қарым-қатынастарын қалыптастырып бару міндетті шара. Тең құқықты мүше ретінде еңбек процесіне қатыса отырып, бала адамгершілікке баулынады, рухани жəне тəндік дамуға келеді, еңбектің қоғамдық мəнді сеп-түрткілерін ажырататын болады, өзінің моральдық сапа-қасиеттерін бекітеді, одан əрі жетілдіреді.

Тəрбиені өмірмен байланыстыру принципі педагогтардан екі бағытта белсенді қызмет атқаруды талап етеді: 1) тəрбиеленушілерді адамдардың қоғамдық өмірі жəне еңбегімен қолма-қол əрі кең таныстырып, жалпы тұрмыста болып жатқан əлеуметтік өзгерістерді мезетінде түсіндіріп бару; 2) тəрбиеленушілерді шынайы өмір қатынастарына тартып, араластыру, қоғамдық пайдалы іс-əрекеттердің сан-алуан түрлеріне қызығулары мен бейімділіктеріне сəйкес қосып, оның нəтижесінен рахат сезінуге баулу.

Аталған принципті іске асыру барысында педагог орындауы тиіс міндеттер төмендегідей:

- қоғам мен адам өміріндегі еңбектің маңызын əр балаға жете түсіндіру;

- материалды жəне рухани дүние өндіруші еңбек адамдарына болған құрметке баулу;

- шаршап-жалықпай еңбектену қабілетін дамыту, қоғам жəне өз мүддесі үшін адал да шығармашылықпен іс қылу ниеттерін өрістете түсу;

- қазіргі заман өндірісінің жалпы негіздері жөніндегі ақпараты жеткізу;

- еңбек аясында өз басы мүдделері мен қоғамдық міндеттерді үйлестіре білуге, қоғам қажеттері мен өз ниеттеріне орай кəсіп таңдауға үйрету;

- қоғамдық игілік жəне табиғат байлықтарына құндылықпен қатынас жасауға баулу;

- қоғамдық мүлікке байланысты ысырапшылдыққа, жауапкерсіздікке, талан-тараждыққа, табиғат байлықтарына болған жыртқыштыққа төзбеушілік сезімін ояту.

Тəрбиені өмір жəне еңбекпен ұтымды ұштастыру мақсатында келесі ережелерді ұстанған жөн:

1. Желең сөз емес, оқушылардың нақты əрі қолынан келер ісі пайдалылау. Осыған орай тəрбиеші сабақ жəне сыныптан тыс жұмыстарға қойылатын талаптар бағдарламасын түзіп, оларды бірізділік принципі негізінде іске асырып баруы шарт.

2. Өз əрекеттерін жанұя талаптарымен үйлестіре отырып, тəрбиеші əр оқушыға оның басты міндеті оқу екенін жете түсіндіруі лазым. Бұған қосымша –үйге жəрдемдесу, əлі жететін басқа да тапсырмаларды орындау.

3. Бала, əдетте, қандай да істі орындауға құштар; енжарлық, селқостық, іссіздік-бала табиғатына жат құбылыстар.

4. Дəрістер мен сыныптан тыс тəрбие жұмыстарында өлкетану материалдарын пайдаланған өте тиімді.

5. Ересектермен қатар еңбекке араласуынан балалар қолға алған жұмыстарды жауапкершілікпен бағамдауға үйренеді, ал бұл олардың азаматтық сапаларының дамуына жəрдем береді.

6. Бала тəрбие процесінде өз еңбегінің басқа адамдарға, қоғамға қажет əрі пайдалы екенін сезінуі тиіс.

Тəрбиеде өнеге-үлгіні сүйеніш ету принципі. Егер өз тəрбиеленушісінде педагог тырнақтай да жақсылық нышанын байқап, оны тəрбие процесінде пайдаланатын болса, оның шəкірт жанына жол тауып, тезірек табысқа жетуі сөзсіз. Дана педагогтар тіпті тəрбиесі жетімсіз балалар мінезінен де ұнамды бітістер тауып, оларды тəрбие мақсатына орай басқа да қасиет-сапаларды қалыптастырып, тұрақтандыруға шеберлікпен қолдана алған. Ұнамды үлгі-өнегелерді сүйеніш ету принципінің талаптары қарапайым: педагог баланың ұнамды мінез бітісін табады, оны пайдаланып, басқа, əлі қалыптаспаған не кері кеткен мінез бітістерін дамытады, қажетті деңгейге жетілдіріп, өзге əрекет-қылық сапаларымен үйлестіреді.

Баланың ұнамды сапалары (жануарларға мейірім, тума қайырымдылық, ықыластылық, жомарттық жəне.т.б.) келеңсіз қасиеттермен (уəдесіздік, өтірік айту, еріншектік жəне т. б.) бірге жүреді. Бірақ түгелдей «бұзық» не тума «сүйкімді» бала болмайды. Адамдағы болымды қасиеттерді молынша көбейтіп, кері сапаларды мүмкіндігінше азайту –тұлғаны ізгілендіру жолындағы тəрбие қолынан келер маңызды міндет.

Тəрбиеші қызметі табысты болып, тез əрі ұнамды нəтижеге жетуі үшін, ол келесі ережелерді ұстануы қажет:

1. Тəрбие процесінде дау-дамайға, тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы қайшылыққа, күш жəне көзқарас тайталасына жол бермеу міндетті. Тек қызметтестік, ымырашылдық пен шыдамдылық жəне бала тағдырына мүсіркей араласумен ғана ұнамды нəтижелерге жету мүмкін.

2. Оқушы қылық-əрекетіндегі тек олқылықтар мен кемшіліктерге ғана назар аудара беру қателік. Əрдайым жақсы нышандарды тауып, қолдау шарт, əлбетте, келеңсіз сапаларды түзету қажет. Дегенмен, мүмкін болғанша, алдымен ұнамды қасиеттерді анықтап, қажет болса қалыптастырып, одан əрі оларды жетілдіре түсу тиімді.

3. Педагогикалық тұрғыдан тəрбиеленушілердің ұнамды қызығулары мен бейімділіктеріне (танымдақ,эстетикалық,табиғат жəне жануарларға қайырымдылық жəне т. б) арқа сүйеген тиімділеу, олар жəрдемімен көптеген еңбек, имандылық, эстетикалық тəрбие міндеттерін шешуге болады. Ұнамды үлгі-өнегені пайдалану принципі тəрбие процесінің табиғатына берілген жетекші өзекті таба білуге байланысты. Əр нақты жағдайға орай осы өзекті табу-бала тəрбиесі жолында жанпидалыққа түскен қай педагогтың да қолынан келетін іс.

4. Ұнамды тəрбие аясын (фон) түзу-өнеге пайдалану принципінің жəне бір шарты. Бұл ая құрамы - тəрбиеленушілердің тіршілік, іс-əрекет ауқымы мен тəрбиелік қатынастар стилі. Байыпты, іскерлік жағдай жасалып, əркім өз ісімен шұғылданып, басқаларға кедергі болмаса, еңбектену мен тынығу жоғары дəрежеде ұйымдастырылса, «қабырға да көмектесіп» дегендей сергек те сенімді алға ілгерілеу болады. Жұмыс орнының барша қолайлылықтары алдын ала ойластырылып, үйлесімді əрекеттер мен бірдің екіншіге болған қамқорлығы сезілсе, мұның бəрі қызмет бабындағы адамға ұнамды əсер етпей қоймайды.

5. Қателіктерінен үздіксіз кері əсерге ұшыраған бала өзіне, өз күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне сенуден қалады. Тəжірибелі педагогтар ғұлама Гомерден қалған «Мадақ бар жерде-Жаратқан мен сəби жүреді» қанатты ойды ұстанып, балаға деген жылы, қолдау лебізін бір де аямайды, болашақта қолға кіретін жетістіктері үшін де алдын ала мақтауға жомарт келеді. Олар баланың жақсы қылығын күні бұрын жобалап, оның нəтижелі боларына баланы сендіреді, өз шəкірттерін қызметтес жолдасына айналдырып, қателескен жерінде қол ұшын береді.

Тəрбиелік ықпалдар бірлігі принципі. Бұл принциптен туындайтын мақсат-бала тəрбиесіне қатысты ықпалдардың баршасын (жанұя, мектеп, мектептен тыс қоғамдық

мекемелер, жалпы қауым) бірлікті іске қосып, тəрбиеленушілерге өзара үйлестіріліп, келісілген талаптар қоюды жүйелеу. Егер мұндай бірлік пен үйлесім болмаса, тəрбие процесінің қатысушылары А.И.Крыловтың кейіпкерлері Шаян, Аққу жəне Шортан секілді əрекеттерін жан-жаққа шашыратып алмауына кім кепіл? Бұдан үлкен зиян көретін алдымен тəрбиеленуші: кімге сеніп, кімге еретінін білмей сарсаң болады, өзіне абырой тұтқан «пірлерінің» ішінен жөндісін айыра алмай, күйзеліске келеді. Ал мұндай жүктемеден белі қатаймаған баланы құтқару үшін тəрбиелік ықпалдардың бəрін бір арнаға келтіріп, тұлғаға бағытталған күштердің ұнамды əсерін көтеру-тəрбиелік ықпалдар бірлігі принципінің басты талабы.

Аталған принципті іске асырудың төменде келтірілген ережелері тəрбиешіге өз қызметінің барша саласында кезігетін жағдайларды ескеруге көмектеседі:

1) Тəрбиеленуші тұлғасы отбасы, жолдас-достары, төңірегіндегі ересек адамдар, қоғамдық мекемелер мен оқушылар ұжымы жəне т.б. ықпалында қалыптасады. Осы сан қилы ықпалдар арасында біршама маңызды рөл сынып ұжымы мен тəрбиеші тұлғасына тиісті болатынын еске ұстай отырып, басқа да тəрбиелік əсер көздері болатынын ұмытпаған жөн. Сыныптағы оқушылар мен тəрбиешіден болатын талаптардың бір-біріне қайшы келмей бір бағытта болғаны аса қажет.

2) Тұлға қалыптастырудағы бас жетекші – отбасы. Өз баласының даралық ерекшеліктерін тереңнен сезіну, оның тəрбиесінде қайталанбас жол таба білу мен сол тəрбиеге мейір, жүрек жылуын қосу тек ата-аналарға ғана берілген шеберлік.

Бұл тұрғыдан оларды ешқандай тəрбиеші –педагог не оның істері ауыстыра алмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» -деп атам қазақ бекерге айтпаған. Осыдан, талап – отбасымен қажет байланысты қолдап, қуаттау, бекіте түсу, қай тəрбиелік мəселе болса да, оны ата-аналармен бірлесе шешу.

3) Тұрмыста осы тəрбиеге байланысты кейде табиғи тəрбиелеуші – жанұя ресми тəрбиеші- педагог талаптарын ұнатпай қалатын да жағдайлар кезігіп қалады. Көп жағдайда ата-аналар өз балаларын шектен тыс еркелетіп, олардың жанаярлыққа түсуіне қолқа болады да педагогтардың сол бала тəрбиесіндегі барша жетістіктерін демде желге ұшырады. Мұндай келісімсіздіктерді жоюда бала тəрбиесін оңды жолға қоялық дегендердің бəрі ортақтастық табуға ынталы болғаны жөн.

4) Кейде тəрбиеші ұжым, қоғамдық ұйымдар пікірлерімен келіспей, өз əріптестерін сынға алатын жағдайлар да болып қалады. Бұл балалар көзқарастары мен нанымдарына əсер етпей қоймайды. Сондықтан бала тəрбиесі мекемелерінің мүшелері өзара келісімде, бірлікті қызмет жүргізгені жөн.

5) Ұштастық пен бірізділік принциптері талаптарына орайлас дəрістерге жəне оқудан тыс тəрбие жұмыстарын бір жүйеде алып барған орынды. Тəрбие жұмысында бұрыннан орныққан ұнамды қасиет сапаларды ескерген жөн. Педагогикалық ықпалдар мен

талаптар біртіндеп күрделеніп баруы керек. Бірлікті талаптардың орындалуы жолында отбасы мен ата-аналарға тікелей кеңесші – тəрбиеші-педагог.

6) Тəрбиелік ықпалдары үйелестіру тəсілі – тəрбиеге қатысты адамдардың, қызмет түрлері мен əлеуметтік мекемелердің басын қосып күш біріктіру. Осыдан да тəрбиеші қоғамдық мекемелер, əлеуметтік қауымдастықтар жəне отбасымен байланыс түзуде шаршап –шалдығу білдірмегені жөн.

Сонымен, тəрбие принциптері – тəрбие процесінің мазмұнына, əдістеріне, ұйымдасуына қойылатын негізгі талаптарды анықтаушы жалпы бастау тұжырымдары. Бүгінгі таңдағы гуманистік педагогика ұстанған принциптері: тəрбиені нақты тұлғаға бағыттау; жеке жəне қоғамдық тəрбие бағыттарын үйлестіре, байланыстыру; тəрбиені өмір жəне еңбекпен ұштастыру; тəрбиелік ұнамды үлгі - өнегені арқау ету; тəрбиелік ықпалдарды біріктіре, пайдалану.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу