Егемен Қазақстан
2010-02-24:
ДАҚПЫРТ ПЕН ШЫНДЫҚ
Гастелло, Матросов ерліктері және Қызыл Армия күні туралы не білеміз?
Бетін аулақ қылсын. Соғыс қай заманда да адам баласына қайғы-қасірет әкелген. Зобалаң. Нәубет. Халық оны да көрген. Басынан өткізген. “Басқа түссе баспақшыл”, – деген.
Неміс фашистерімен болған майданда жауынгерлер де, жай адамдар да жүздеп, мыңдап қырылып жатты. Елге ауыртпалық түскен сол кезеңнің өзінде партия, оның лениндік Саяси бюросы қоғам өмірін бұрынғысынша саясаттандыруды азайтпады, қайта күшейте түсті.
Осыған сәйкес “жанқиярлық ерлік көрсеткен” кеңес сарбаздарының образын сомдау үшін шұғыл түрде “өзін-өзі құрбандыққа шалған” ақжүрек қаһарман қажет еді. Сол үшін адамның үш ұйықтаса ойына келмеген ерлік “үлгілері” жасалды. Мәселен, пулемет амбразурасын кеудесімен жауып, жан тапсыруы керек. Қызыл әскердің танк шынжырының табаны астында басылып, езілгені жеткіліксіз, ол бір буда гранатты беліне байлап, не қолына ұстап темір тажалды жарғаны жөн.
Немістердің нұсқауы бойынша оқ тиіп, танк жарамсыз жағдайға ұшыраса, экипаж мүшелерінің аман қалуы ойластырылады. Ал біздің танк жана қалса, оны ұзақ мерзімді атыс орнына айналдыру міндеті жүктелген. Тек осындай “көпшілік қатысқан ерлік” ұлт атасын абыройсыздықтан сақтайды, өз халқын геноцидке ұшыратты деген қаңқу сөз тыйылады деп есептелген болуы керек.
Белоруссияның Радошкович поселкесі маңындағы әуе соғысы мен от шарпыған ұшақтың әдейі бұрылып, неміс әскеріне таран жасауы немесе Псков облысының Чернушки деревнясының жанындағы жау дзотын кеудесімен жапқан қиямет-қайым сталиндік идеологияға сайма-сай келді. Сонда шын мәнінде батыр кім еді, ол қандай адам, нақты аты-жөндері, өмірбаян деректері дұрыс-бұрыс па деген сияқты “ұсақ-түйектерге” пәлендей назар аударыла қоймады. Өйткені байтақ еліміз түгелдей Батыр болды, расында солай еді. Осы тұрғыдан келгенде кеңес заманында абырой-беделі аспандап тұрған Николай Гастелло мен Александр Матросов жайында кейін белгілі болған кейбір деректерді сөз ете кетсек дейміз.
– Атақ-даңқы аңызға айналған ұшқыш Гастелло – әскери қылмыскер. Ол сол ұрыста парашютпен секіріп кеткен. РСФСР Қылмыстық кодексінің 262-бабында бұл “апатқа ұшыраған әскери корабльді тастап кету” деп аталады. Ол ұшқыш болғандықтан әуелі парашютпен экипажды түсіріп, сосын барып өзі секіруі тиіс болатын, – дейді ресми ақпарды жоққа шығарып, осы оқиғаның қалай болғанын анықтаумен айналысқан Москва түбіндегі Коломнада тұратын авиацияның отставкадағы майоры Эдуард Харитонов.
“Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатында 42-авиадивизияның 22.06 мен 28.06.1941 ж. аралығында біржола жоғалған басшы және қатардағы жеке құрамның тізімінде капитан Н. Гастеллоның өзі және экипаж мүшелері – А. Бурденюк, Г. Скоробогатый мен А. Калинин бар”, – деп хабарлайды ол. – Ал “ескертпе” деген бағанада “отқа оранған самолеттегі экипаждың біреуі парашютпен секіріп түсті, бірақ кім екені белгісіз” деп көрсетілген.
Күдік ертеде басталды.
1951 жылы капитан Николай Гастелло ерлігінің 10 жылдығына орай оған ескерткіш орнатып, сүйегін село орталығындағы саябаққа қайта жерлеу (бұрын денесі ұшақтың құлаған маңына қойылыпты) кезінде қабір ішіндегі планшеттен басқа ұшқыш – капитан Александр Масловтың құжаты, жеке заттары табылады, осы экипаждың мүшесі атқыш-радист Г. Реутовтың аты жазылған бойтұмар (медальон) да осында жатыр. Яғни Н. Гастелло мен оның қандыкөйлек жолдастарының жерленді деген қабір ішінен олар табылмады. Бірде-біреуінің ізі жоқ.
Қысқартып айтсақ, оқиға былай өрбіген. 1941 жылдың 26 маусымында жаңағы Радошкович деген поселке маңайынан үздіксіз алға жылжыған неміс әскерлерін тоқтату мақсатымен бомба тиеген үш ұшақ – капитан Н.Гастелло, капитан А. Маслов, аға лейтенант Ф.Воробьев басқарған экипаждар жорыққа шығады. Мұның соңғысы тапсырманы орындап, аман-есен қайта оралады. Қалған екі әуе кемесіне неміс зениткасының оғы тиіп, біреуінің түтіні будақтап, жанған күйі белгісіз бағытқа ұзап, көзден ғайып болады. Ал екіншісі, от-жалынға оранғанына қарамастан, немістер шоғырланған аймаққа бет бұрып, жерге түскенде быт-шыты шығады, өртенеді. Көпке дейін бұл Н. Гастелло жасаған ерлік болып есептелді. Ал А.Маслов пен оның серіктестері хабар-ошарсыз кетті деп саналды. Өздері және отбасылары талай жыл күдікті адамдардың қатарына жатқызылып келді.
“Сонау 1951 жылы Н. Гастеллоны қайта жерлеу кезінде-ақ белгілі болған осынау ақиқатты КСРО тұсында зерттеуге, әділеттілікті орнатуға мүмкіншілік болмады. Шынында, өлімге бас тігіп, өшпес ерлік жасаған Николай Гастелло емес, капитан Александр Маслов еді. Ал онымен бірге қаза тапқан экипаж құрамы мыналар – штурман лейтенант Владимир Балашов, кіші сержант атқыш-радист Григорий Реутов және кіші сержант әуе атқышы Бақтыораз Бейсекбаев”, – деп жазады ресейлік зерттеуші В. Чуприн.
Сөйтіп, сұрапыл соғыстың төртінші күні – 1941 жылдың 26 маусымында – ерлікпен қаза тапқан, кейін ақиқаты белгілі болған соң Ресей Батыры, еліміздің “Халық Қаһарманы” атағына ие болған бауырымыз Бақтыораз Бейсекбаев туралы ақиқат осылай ашылды. Мұның бәрі Гастелло өмірінің “ақтаңдақтарын” анықтаудан басталған еді.
* * *
Екінші дүниежүзілік соғыста Александр Масловтың экипажы сияқты (бұрын Николай Гастелло деп келдік қой – А. К.) өлімге саналы түрде басын тіккен қаһармандар басқа елдердің әскерлерінде де бар. Айталық, америкалықтар капитан Келлидің есімін қадір тұтады. 1941 жылдың желтоқсанында Тынық мұхиттың үстінде ұшып келе жатқанда оның ұшағына жапон оғы тиеді. Экипаждың басқа мүшелерін парашютпен түсіріп, штурвалда жалғыз қалған Келли жалын шарпыған ұшағын жапондарға бағыттап, “Харуна” кемесімен бірге жанып кетеді. Ал жапондарда “камикадзе” (“Құдай жіберген жел”), “тейсинтай” (“екпінді отрядтар”) қозғалысы өріс алғаны белгілі.
Қызыл Армияда 1941-1945 жылдары 200-ден астам әскери қызметшілер пулемет ұясын өзінің денесімен жауып, үнін өшірген. Қазақтар арасынан мұндай ерлік жасағандар – Сұлтан Баймағамбетов, Боран Нысанбаев, Жанғазы Молдағалиев, Ақәділ Суханбаев, Сабалақ Оразалинов, Сүндетқали Есқалиев, Жұман Қарақұлов. Біз білмейтін батырлар болуы да мүмкін. Кеңес заманында бұлардың бәрін орыс Александр Матросовтың ерлігін қайталады деп келдік. Осыған орай бұрын оның өмірбаянына байланысты айтылмай келген кейбір айғақтарға назар аударып көрейік.
Ең алдымен ресми ақпарға сөз берейік.
Матросов Александр Матвеевич – (1924, Днепропетровск – 23.02.1943, Псков облысы Локнян ауданы Чернушки деревнясының маңайы). Кеңес Одағының Батыры (19.06.1943, марқұм). Жастайынан ата-анасын жоғалтып, Ивановодағы балалар үйінде және Уфадағы балалардың еңбек колониясында тәрбиеленген. 1942 жылдың қазан айында әскерге шақырылып, жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. 1942 жылдың қарашасында өзі тіленіп майданға барады: 56-гвардиялық атқыштар дивизиясының 254-гвардиялық атқыштар полкіне қатардағы жауынгер болып тіркеледі (Калинин майданы). 1943 жылдың 23 ақпанында Чернушки деревнясы үшін болған шайқаста жау дзотына бұзып-жарып өтіп, бөлімшенің жеңіске жетуі үшін амбразураны денесімен жауып, өзін құрбандыққа шалған (БСЭ, 15-т. М., 1974, 512-б.).
Энциклопедияда көрсетілген бұл мәліметтер туралы не айтуға болады?
2006 жылдың 29 қарашасында Ресейдің “Россия” телеарнасы Александр Матросовтың өмірі туралы арнайы сөз қозғады. Сонда бұрын естімеген, бізге беймәлім көп мағлұматты құлағымыз шалды.
Телехабарда айтылған мәлімет бойынша оның шын фамилиясы Матросов емес – Мұхамедиянов. Аты – Шакирян. Туып-өскен жері – Башқортстанның Құнақбаев селосы. Ұлты орыс емес – башқұрт. Оның туған-туыстарын, өзін білетіндердің ақпары бұл.
Шакиряннің (бізше Шәкіржан болуы ықтимал – А. К.) үй ішінде, отбасында жағдайы, тәлім-тәрбиесі онша болмағанға ұқсайды. Туған жерінен ерте кетіп қалады. Жол-жөнекей реті келген көлікке мінген жас бала үйінен безіп, бас ауған жаққа саяхат жасауды құмартады. Содан көшедегі қаңғырып жүрген жерінен Уфадағы балалар үйіне орналастырылады. Жүріс-тұрысы, тәртібі, мінез-құлқы басқаларға түсініксіз, күдіктілеу болғандықтан ба, әлде басқа себептер болды ма, кім білсін, ақыры ол балалардың еңбекпен түзеу колониясынан бір-ақ шығады.
Бірде туған ауылына келеді. Жерлестері “Шакирян”, “Шакирян” деп сөйлей бастаса: “Шакирян емеспін, қазіргі менің атым – Саша, Александр”, – депті. Матрос жейдесін киіп, теңіз флоты әскеріне барамын деп үнемі айтып жүргендіктен оны бәрі “матрос” деп атап кеткен. Артында іздеушісі, қолында ешқандай құжаты жоқ өзімен-өзі болып жүрген баланы сосын Александр Матросов деп жазып жібергенге ұқсайды.
Майдан алаңында болған текетіресті сөз етсек, Матросов әскери қызметін атқарған ротаның алдында біреу емес, немістердің үш дзоты болыпты. Жаудың осы пулемет ұяларын құрту міндеті Шарипов, Ғалымов және Огурцов деген қызыләскерлерге жүктеледі. Шарипов болса нысаналы жерге жетеді, дзоттың үнін өшіреді, қолға түскен жау әскерінің қаруын алып, соңынан өкшелей қуып, артынан оқ жаудырады. Ғалымов тапсырманы орындап қана қоймайды, 30 шақты неміс фашистерін қырып, ерекше көзге түседі. Ал Огурцов дзотқа жете алмайды, өйткені жолда жараланып қалады. Оның орнына Матросов барады. Дзотқа жетеді, кеудесімен жабады!
Псков облысының Чернушки деревнясының маңында болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Шарипов жауынгерлік медальмен, Ғалымов “Қызыл Жұлдыз” орденімен наградталады, ал Александр Матросовқа (марқұм) Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
“Правда” газетінде А. Матросовтың суреті мен Батыр атағын беру туралы жарлық жарыққа шығады. Мұны байқаған Қунақбаевтағы ауыл адамдары: “Шакирянды қараңдар! Мынау сол ғой!” деп бәрі шуласыпты. Осы хабардан кейін әуесқой өлкетанушылар қаһарман жерлесінің өмір жолын зерттеп, біраз шындықтың бетін ашады.
Ұлты – орыс. Жұмысшы табының өкілі. Ерлік 23 ақпанда – Қызыл Армия күні – жасалған. Әскери басшылық марапаттау қағазын толтырғанда ақиқатты аттап өтіп, деректерді осылай “саяси талапқа сай етіп” құрастырған.
Шіп-шикі өтірік. Оның фамилиясы Матросов емес, Мұхамедиянов екенін айттық. Ұлты – башқұрт. Пролетариат табына ешқандай қатысы жоқ, ауыл адамы. Украинада өмірі болмаған, зауыт-фабрикада істемеген. Днепропетровскінің емес, башқұрт жерінің тумасы. Александрдың (Шакирянның) қаза тапқан күні 23 ақпан емес, 27 ақпан (“Аргументы и факты”, № 19–1997). Подольскдегі әскери мұрағаттағы ақпар да осылай. Яғни ол Қызыл Армия күні өлген жоқ – онда тірі. А. Матросов қазаға ұшырады деген 23 ақпанда ол деревня аймағына әлі жете қоймаған, рота селодан 25 километр алыста болған.
Жоғарыда сөз еткен “Россия” телеарнасы ұйымдастырған хабарда башқұрт елі Батыр ұлына қойған селодағы ескерткішті көрсетті. Бірақ онда Александр Матросов емес, “Шакирян Мұхамедиянов” деп жазылыпты.
* * *
Өткен ғасырда Қызыл Армия мен Әскери-Теңіз Флотының күні деген бүкілхалықтық мереке бар еді. Қазіргі Ресей оны Отан қорғаушылардың күні дейді. Олай болса, бұл той-думан қандай тарихи оқиғаны еске алу үшін белгіленген? Ресми ақпар бойынша, 1918 жылдың 23 ақпанында қызылдардың жаңадан жасақталған құрамалары Нарва мен Псков түбінде неміс әскерлерінің шабуылын тоқтатқан көрінеді. Ал шын мәнінде солай ма еді?
1918 жылдың 28 қаңтарында В. И. Ленин ерікті негіздегі Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясын (ЖШҚА) құру туралы декретке қол қойды. Өмірге жаңадан келген құрылымның туған мерзімін осы күн деп есептеуге орайы келіп-ақ тұрды. Бірақ оның реті келмеді.
Ұрыс алаңында орыс әскерінің хал-жағдайы өте ауыр, мүшкіл еді. Бірінші Сыртқы істер халкомы Лев Троцкий 1917 жылғы желтоқсанның басынан бері Брест-Литовскіде бітімге келейік деп немістермен жүргізген келіссөзден нәтиже шықпады. Керісінше, 1918 жылдың 16 ақпанында генерал Гофман уақытша үзіліс аяқталғанын хабарлап, соғыс қимылдарын қайта өршітті. Большевиктер ел ішінде “соғысты тоқтатайық, сіздерге дереу бейбітшілік, жер және бостандық береміз” деп бір жылдай уәде еткен үгіт-насихаттан хабары бар бұрынғы ақ патша сарбаздары неміс әскеріне қарсылық көрсетпей, соғыстан қашып, майдан шебін тастап, тылға кете бастайды.
Ескі армияның қатары осылай іріп-шіріп, толық күйреген. Ал оның қалай жаңартылатындығы, түбегейлі қалай өзгеретіндігі белгісіз. Қарулы күштер швейцарлықтардың үлгісімен халықтық милиция тұрғысында ма, әлде дамыған еуропалық елдердегідей тұрақты әскер болуы қажет пе деген сауалдар төңірегіндегі айтыс үдей түскен. Большевиктік шешендер осылай сөз сайысына түсіп, пікір таласын қыздырып жатқанда республика тағдыры қыл үстінде тұрды.
Міне, осындай шиеленіскен жағдайда В. И. Ленин қандай шарт қойса да келісіп, оңаша бітім жасауды ұйғарды. Германиямен бітім жасайық деген пролетариат көсемінің үзілді-кесілді талабы талқыланып, 18 ақпанда партияның Орталық Комитеті оны қолдап, дауыс береді (15 мүшенің 7-еуі қарсы шыққан – А. К.). Неміс жағына бұл шешім қолма-қол жеткізілсе де жеңіл олжаға қызыққан олар абыр-сабырды пайдаланып, соғыс әрекетін тоқтатпай алға жылжи береді.
Екіұшты тұрақсыздық жағдайға ұшыраған Совнарком 22 ақпанда “Социалистік Отанға қауіп төнді!” деген үндеу қабылдап, амалсыздан жанкешті қадамға барады. Осыған сәйкес ВЧК-ға бұзақылар мен арандатушыларды соттың шешімінсіз-ақ тұрған жерінде атып тастауға дейін құқық беріледі. Питер жұмысшыларының барлығына дерлік қару-жарақ үлестіріледі. Астаналық гарнизон жауынгерлерінің біріккен отряды мен Балтық теңізшілерінен құрылған су жаңа қызылгвардияшылардың бір бөлігі ұрысқа аттанады. Әрине, мұндай жартылай партизан жасағы жауға шындап қарсылық көрсете алмады. Сөйтіп, 23 ақпанда кешке қарай немістер Псковқа енген.
Кейін, соңғы жылдары, аңғарғыш, әуесқой зерттеушілер өткен заманның шаң басқан құжаттарын армансыз ақтарса керек. Одан талас тудырмайтын қорытынды – 23 және 28 ақпан аралығында Ресей-герман майданында ешқандай соғыс болмаған. Ұсақ-түйек қақтығыстар келесі аптадан кейін ғана басталған. Орыстар “пахабный мир” деп жүрген Брест келісіміне қол қойылған наурыздың үшінші жұлдызында Әскери-теңіз істері жөніндегі халком Павел Дыбенко республикаға ұнамсыз сыйлық жасағаны бар. Ол қарамағындағы отрядпен әуелі спирт құйылған цистернаны оп-оңай олжалап алады, сосын абыройсыздық жасап, Нарваны жауға қалдырады. Одан соң “бас жазуға” сонау Гатчинаға сапар шегеді (Дыбенко сол үшін трибунал сотына тартылып, өзінің жоғары қызметінен қуылған). Осыған орай ақпан ішінде көзге түсер шамалы қандай іс-шара болды десек, сол айдың соңғы онкүндігінде әскери істер жөніндегі халком Николай Подвойскийдің өкімімен еріктілерді жаппай отрядқа жазу науқанының басталуын айтуға болар еді.
Еріктілерді алыс жолға аттандыру, жақын туыстарымен қоштасу, жыласып-сықтасу сияқты кезең, сөз жоқ, халық есінде мықтап сақталады. Әсіресе ерлерін шығарып салған әйел жүрегіне ерекше әсер етері сөзсіз. Осыған байланысты болар, бір жыл өткен соң 1919 жылдың ақпанында питерлік әйелдер “Қызыл Армияның өмірге келуі” құрметіне мереке күнін белгілеуді сұрап, В. И.Ленинге хат жазады. Ильич бұл өтінішке аса ықылас көрсете қоймайды, бірақ қолдайды. Майдандағы және тылдағы жағдайдың қиын екендігі ескеріліп, сол кезде “жауға қарсы тойтарыс берудің бүкілхалықтық көтерілу күні” деп аталған мереке алдағы жексенбіге белгіленеді. Сол жылы ол 23 ақпанға сай келген.
Кейін екі жыл бойы бұл мереке атап өтілмеді. Ал ресми “той тізіміне” азамат соғысы аяқталған соң 1922 жылы ғана ілікті. Одан соңғы кезеңде аталмыш күн жыл сайын қызық-думанға айналды. Рас, 1933 жылы “Правда” газетінде қорғаныс халкомы Климент Ворошилов 23 ақпанда ЖШҚА-ның мерекесін өткізу “носит довольно случайный и трудно объяснимый характер и не совпадает с историческими датами” деп ақ көңілін байқатып, оның басқа шын сыры бар екендігін сездірген еді.
Сонда сәйкессіздік неде екен?
Мүмкін, жаңа майдан мен дивизия құра бастаған, ал Революциялық соғыс кеңесі тыл аймағында әскер ұйымдастырып, оны дайындаумен айналысқан 1918 жылдың 2 қыркүйегі болар? Олай болса, Реввоенсовет председателі, соғыс істері жөніндегі халком Лев Троцкийді еске алуға тура келеді. Немесе ел басына күн туған ең бір ауыр, қиын күндерде – азамат соғысы кезінде – ЖШҚА-ның алғашқы бас қолбасшысы болған Иоаким Вацетистің аталғаны жөн бе? Алайда, бұлардың екеуі де кейін “халық жауы” деп танылып, көздері жойылды емес пе?
Әлде есепті жартылай партизан отрядының орнына келген алғашқы тұрақты бөлімшелерді құру мерзімінен бастаған дұрыс па? Жоқ. Біріншіден, мұндай жұмыс Псков пен Нарва түбіндегі масқара жеңілістен кейін төрт айдан соң қолға алынды. Екіншіден, оның басы-қасында болғандардың бәрі дерлік “троцкийшілер” атанып, 30-жылдардың зобалаңында атылып кеткен. Демек, шамалы қопара бастасаң Қызыл Армияны құрып, оған басшылық жасағандардың бәрі халық жаулары болып шыға келеді.
Репрессия толқыны әскери қызметшілердің ең жоғарғы басшыларын құртып, сосын барлық ортаншы деңгейдегі командирлері қырылып болды-ау деген кезде, 1938 жылы, Қызыл Армияның туған мерзімі ресми түрде негізделді. Сталиннің өзі бұл туралы 1942 жылы сөз қозғап, “1918 жылдың 23 ақпанында “немістің таңдаулы корпустары мен дивизияларының талқандалғанын” атап өтті.
Қызыл Армия күнінің сыры, міне, осындай.
Амантай КӘКЕН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Астана.
ЖЕҢІМПАЗСЫЗ СОҒЫС
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жүріп жатқан аймақтық әскери соғыстардың көпшілігі ресми түрде жарияланбастан болатынын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман ретінде тарихтан жақсы білеміз. Бұған әр жерде болып келген әскери қақтығыстар дәлел. Атап айтсақ, Вьетнамдағы, Ауғанстандағы, Таяу Шығыстағы, Парсы шығанағындағы, Чешенстандағы, ал ең соңғысы бес күнге созылған Қап тауындағы соғыс.
БҰҰ-ның 1980 жылғы 14 қаңтардағы қарары бойынша Ауғанстанға Кеңес әскерінің кіруі “шетелдік әскери басқыншылық” деп аталды. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар КСРО-ға наразылық білдірді. Қарулы қақтығыстарда әскери техниканың тартылуы мен әскери адам шығыны көп болған жағдайда халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес, әскери басқыншылық та “соғыс” деп саналады екен.
Кеңес Одағы: “Ауғанстан еліне интернационалдық көмек көрсетеміз”, деген сылтаумен оның қарулы күштерін сол елдегі азаматтық соғысқа қатыстырды және кең көлемде әскери іс-қимылдар жүргізді. Бұл шайқастарда КСРО-ның әскерлері мен әскери техникасы орасан зор шығынға ұшырады. Атап айтсақ, 147 танк, 1314 бронды әскери көлік, 443 зеңбірек, 118 әскери ұшақ, 333 әскери тікұшақ, 12 мыңға жуық жүк мәшинелері қирады. Осылайша, азаматтық “соғыс” өңірлік соғысқа ұласып, халықаралық сипат алды. Оған шектеулі контингенттік 40-шы армияның тартылғаны бәрімізге жақсы мәлім. Кезінде оны ұстап тұруға кеткен бір жылдық шығын 3 млрд, АҚШ долларын құраған екен.
Кеңес Үкіметі Ауған жерінде соғыстың басталғанын жарияламағанымен, бүкіл әлем қауымдастығының алдында сол кездің өзінде-ақ саяси қате жібергенін мойындап, оны түзету жолдарын қарастырды. Бұл қайта құру кезінде КСРО-ға М.С.Горбачев билік құрған жылдары жүзеге асты. 1988 жылдың 14 сәуіріндегі КСРО, АҚШ, Пәкстан, Ауғанстан елдері өкілдерінің қатысуымен қол қойған Женевадағы төрт жақты келісім бойынша Кеңес әскерін Ауғанстаннан шығару шарттары белгіленді. Онда 1988 жылдың 15 мамырынан бастап, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін шектеулі контингент Ауғанстан жерінен шығарылатын болды. Бұған сол кездегі КСРО Сыртқы істер министрі Э.Шеварднадзе көп үлес қосты.
Кеңес Одағында сол кездері біз сөз еткен 1979-1989 жылдарғы кезең “Ауған соғысы” деген атпен тарихта қалды. Осы 10 жылға жуық уақыт ішінде 600 мыңнан астам адам жат жерде әскери қызметін өтеді. Сондағы қайтыс болған 14453 жауынгерлердің дені 18-20 жас аралығында өмірді енді ғана бастаған, тұла бойынан жастық жалыны кетпеген, албырттықтан азаматтыққа қадам басқан, өмірге құштар жандар еді. Пәкстан мен Ауғанстан түрмелерінде әскери тұтқын ретінде түскендер және із-түзсіз жоғалғандар саны – 417. Кейіннен олардың 119-ы халықаралық Қызыл крест гуманитарлық ұйымдарының араласуымен тұтқыннан босатылып, өз елдеріне қайтты. Солардың ішінде тұтқынға түскен әр ұлттың 42 адамы ислам дінін қабылдап, Ауған жерінде біржолата қалып қойды. БҰҰ-ның адам құқын қорғау жөніндегі арнайы комиссиясының құрамында болған Ресейдің әскери сарапшыларының айтуы бойынша әртүрлі жағдаймен 55 әскери тұтқын түрмеде көз жұмған. Ал 200-ге жуық Кеңес әскерлерінің өлі не тірі екендігі туралы дерек әлі күнге дейін табылмай отыр.
Ауған соғысында 86 жауынгерлер мен офицерлер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде біздің жерлестеріміз Қ.Майданов пен Н.Креминиш бар. Кеңес Одағының Батыры, білікті әскери ұшқыш Қ.Майданов 2000 жылы Ресей әскерінің құрамында қызмет етіп жүріп, Чешенстанда ерлікпен қаза тапты. Оған екінші рет Ресейдің Батыры атағы берілді. 2008 жылы Тәуелсіздік күні және Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуының 20 жылдығы қарсаңында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен біз сөз етіп отырған от кешуге қатысқан генерал-лейтенант Б.Ертаев “Халық қаһарманы” атағына ие болды. Сол соғыста Кеңес Одағы Батырын алғандардың 29-ы кейінгі шайқастарда қаза тапты. 103 әскери қызметші Ленин, 1972-сі жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. 20153 солдат пен офицер Кеңес Үкіметінің басқа да орден, медальдарына ие болды.
Ауған соғысының егеменді ел болып отырған біздің елімізге де әкелген адам шығыны мен зардабы аз болған жоқ. Атап айтсақ, Қазақстан бойынша 22269 адам осы алапатқа қатысты. Кейін КСРО құрамындағы одақтас республикалардың дербес мемлекет болуына байланысты жоғарыдағы отандастарымыздың 300-ге жуығы өздерінің тарихи отандарына қоныс аударды. Жоғарыдағы келтірілген жалпы цифрдың ішіндегі 903 адам осы соғыстан қайтпады. 21-і із-түзсіз жоғалып кетті. 484 отандасымыз түрлі деңгейде әскери жарақат алып, мүгедек болып елге оралды. Өткен 21 жыл ішінде сондағы алған әскери жарақаты салдарынан республика көлемінде 7 мыңға жуық Ауған соғысына қатысушы қайтыс болды. Олардың арасында аяқ-қолынан айрылып, І топтағы соғыс мүгедектеріне теңестірілгендері – 74. Тіпті аман оралғандары да түрлі дертке шалдығып, сол соғыс зардабын әлі тартып жүр.
Статистикалық деректерге жүгінсек, лауазымды үлкен шенеуніктердің балалары Ауған жеріне әскери қызметке жіберілмеген екен. Сондықтан барлық ауыртпалық қарапайым халық өкілдерінің отбасына түсті. Мысалы, Алматы облысы бойынша 3701 адам Ауған жеріндегі соғысқа жіберілген. Бәрі жұмысшы, мұғалім, шаруа, дәрігер, ғылым мен өнер иелерінің желкілдеген жас құрақтары-тын. Міне, солардың 173-інің денесі туған жерге темір табытпен әкелінді. Екі жерлесіміз хабар-ошарсыз кетті. Оның бірі, Алакөл ауданынан алынған Бекболат есімді жігіт. Із-түзсіз жоғалып кетті. Осыдан он жыл бұрын ТМД әскери қауымдастық ұйымы арқылы Бекболатқа іздеу салғанымызда, Ауғанстан мен Пәкстан түрмелеріндегі әскери тұтқындардың арасында ол туралы ешқандай дерек табылмады.
9 жыл 10 айға созылған Ауған соғысы туралы мәліметтер соңғы кездері қайта зерттеліп, жылдан-жылға оның әкелген зардабы мен тауқыметінің басқа қырлары ашылуда. Оның әрбір ақтаңдақ беттерін табу үшін мәселені жете зерделеп, анықтау бүгінгі күннің еншісінде. Бұл әскери жарақат алып, мүгедек болған ардагерлердің, жесір қалған әйелдердің, әкесіз жетім қалған балалардың, азаматынан айрылған ата-аналардың, әскери тапсырманы орындау кезінде жат жерде көз жұмған біздің қарулас достарымыз бен боздақтарымыздың алдындағы қасиетті парызымыз.
Биылғы жылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен әкетілгеніне 21 жыл толды. Онда әскери борышын атқарған азаматтар үшін, жоғарыдағы айтулы күн мереке емес, әділетсіз Ауған соғысында құрбан болған боздақтарды еске алу күні. Ұзақ жылдан бері Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында сол от кешуде опат болған боздақтарға ескерткіш тұрғызу мәселесі біздің көптен бері көкейімізде жүрген еді. Ұсынысымызды қолдап, Талдықорған қаласының орталық саябағында ескерткіш тұрғызуға көмектескен Алматы облысының әкімі С.Үмбетовке жетісулық Ауған соғысы ардагерлерінің айтар алғысы шексіз. Сондай-ақ, батырлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, жат жерде өшпес ерлік жасап, соғыс даласынан қайтпай қалған боздақтар рухына тағзым ете отырып, қайыспас қайсар ұл тәрбиелеген қазақстандық аналардың алдында Ауған соғысының ардагері ретінде басымызды иеміз.
Ерлік ӘЛІМҚҰЛОВ, Қазақстанның мәдениет қайраткері, өнертанушы,
Ауған соғысының ардагері.
Достарыңызбен бөлісу: |