Егемен Қазақстан 22. 11. 2013 Зайырлылық және ұлттық идея



Дата27.12.2016
өлшемі74,52 Kb.
#5722
Егемен Қазақстан

22.11.2013

Зайырлылық және ұлттық идея
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ МӘНІ ЖӘНЕ ПАФОС

Ұлттық идея жайлы пікірталас екі онжылдық бойы жалғасын тауып келеді. Алайда, талқы ең алдымен істің мәні жайында, идеялардың стратегиялық мазмұндық жақтары туралы, содан кейін ғана оның формасы, ұраны, нақты қайда бағытталатындығы жайлы болуы керек. Бірақ іс жүзінде барлығы өзгеше болуда: идеяның мәні өз-өзінен бәріне түсінікті секілді, тіпті, талқыға да түспейді де, ал оның формалды жағы аса қызу әрі өткір талқыланады.

Бұл мақалада біз өзімізді айрықша әділдік ұстанымда көрсетуден, не болмаса қандайда бір жетекші идея ретінде идеологиялық тұжырым ұсынудан аулақпыз. Оның үстіне шынайы идея ғалымдар кабинетінде емес, халық арасында метатарихи факт ретінде тосыннан пайда болады. Сол себепті де осы өзекті, қиын да нәзік мәселе төңірегінде ешбір реніш-талапсыз ой толғауға тырысамыз. Және де ұлттық идея зайырлылық сипатқа ие болуы керек пе немесе діни идея болуы керек пе деген бір аспектіде қарастырамыз.

Жалпы алғанда, ұлттық идея дегенді қалай түсінуге болады? Бұрынғы ойшылдар идея түсінігі мен идеал түсінігінің терең байланысын атап көрсеткен. Ойшылдар идеяның жобалық мәнін ерекше атаған. Идея үйлесімді өмірдің бас­тауы секілді, себебі, ол қайшылықтарды шешу тәсілін ұсынады. Идея көлеңке, қараңғылық тасасында жасырынған ақиқатты жарыққа шығарушы.

Кез келген халықтың ұлттық идеясы­ның міндеті біріктіруші бастамада, ішкі жасампаздық қуатта, сондай-ақ, бұл қуат­тың болашаққа бағытталуында болып табылады. Барша халықтардың шынайы міндеті, мысалы, орыс философы Вла­­димир Соловьевша айтатын болсақ, өзіндік күш-жігер мен ерекше қабілеттің жеткенінше жалпы адамзат өркениетінің дамуына атсалысуында жатыр.

Қазақстандық қоғам шарттарында бірыңғай идеологиялық тұжырымдама қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені, қазіргі әлем – қоғамдық түсініктен кең орын алып қана қоймай, сонымен қатар, қатаң талап пен саналы түрдегі ұстаным ретінде көрініс табатын идея плюрализмі әлемі. Мұндай жағдайда қоғамдық топтар мен жеке тұлғалардың мақсат-мүдделерін бірлікте қарастыру қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады. Қазіргі таңдағы Қазақ­­­­стан барынша көпқырлы және халықтың құрамы, табысы, өмір сүру қалыбы барынша сараланған болып табылады.

Сондықтан, Қазақстанның барлық дерлік азаматтарының мүддесімен үйле­сім табатын бірыңғай идеологиялық тұжы­рым республиканың бүгінгі даму саты­сында қажет те емес, мүмкін де емес шығар. Оның үстіне, «идеология» ұғы­­мы өткен кезеңдер мен қазіргі заман фило­софтары, тарихшыларының зерт­теу­лерінде жағымсыз сипатқа ие бола­ты­ны да рас. Басқаша айтқанда, бірың­ғай идеологиялық тұжырымды енгізу көп­­теген қазақстандықтар үшін жасанды түр­де талап ету жүйесін енгізу секілді болады.

Сонымен қатар, республика тұрғын­дарының дүниені ұғынулары мен негізгі құндылықтарында мәнділіктің бірлігі қажет. Идея плюрализмі феномені реля­тивизмнің шынайы қаупін, яғни – қоғамның ішкі дүниетанымдық жік­телуіне әкеліп, соңында қоғамның құл­дырау қатерін тудырады. Бұл қауіп бүгін­гі әлемдегі көптеген құбылыстар мен оқиғалар арқылы дәлелденуде және бұл құбылыстар мен оқиғалар Қазақстан Республикасын да айналып өткен жоқ. Қазіргі таңдағы дін мен атеизмнің қарсы тұрулары бір жағынан, мемлекет пен діннің біртіндеп бірігуі, мысалы екінші жағынан; идеялық радикализм, халықаралық терроризм, «қоғам-мемлекет» бағытында жиілеп кет­кен шиеленістер және т.б. – Мұның бәрі қоғамның дамуы тұрғындардың жан дүниелері мен ойларындағы бір­лік тұрақты болғанда ғана жүзеге асатын­дығын көрсетеді. Бұл жерде әңгіме сыртқы біртектілік, унификация мен ортақ деңгейлілік туралы емес, ішкі бірлік­те болып отыр.

Осы орайда, ұлттық идеяның дамуына қатысты зайырлылық пен конфессионалдық екі түрлі полюстарды және қарама-қарсы стратегияларды ұсынады. Қазақстандағы діни көптүрлілік шарттарында дін республикадағы ұлттық идеологияның негізі бола алмайды, өйткені, оның тұрғындарының басым бөлігі мұсылмандар емес.

Мәселе дінді ұстанушылардың немесе ұстанбаушылардың санында емес, дүниетанымында деген қарсылықты пікір­лер айтылуы мүмкін. Шын мәнінде де солай шығар. Алайда, мәселе бірқатар жағ­дайлардың себебімен күрделене түсуде.

Қазіргі Қазақстанда тұрғындардың діни, атеистік белгі бойынша бөлінуі, діни алуандылық белгілері бірден байқалады. Бұл бағыттардың барлығынан толық келісім мен консенсус күту мүмкін емес. Президент Н.Ә.Назарбаев 2003 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде: «... Ерекшеліктерді түпкілікті бірдейлестіруге болмайды, өйткені, ерекшеліктер діндердің негізі болуы да мүмкін», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, ұлттық идеяда дәстүрді жаңашылдықтармен араластыру маңызды. Ал ол біріктіруші идеяның мазмұны, ғасырлар тереңінен бастап болашаққа жетелейтін инвариант сипатына ие болған жағдайда ғана мүмкін.

ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДАҒЫ РУХАНИЛЫҚ МИССИЯСЫ

Қоғамдағы діни және зайырлылық өмір бастауларының арасындағы қайшылықты біздің ойымызша, руханилық қасиеті шеше алатын секілді. Ол жеке немесе тұтас алғандағы зайырлылық пен дінилік аясынан кең, сондай-ақ, ол екеуінің де мәнділік негізін құрайды.

Руханилық деген не – сәнді сөз немесе бұлдыр идеализация емес, нақты түсінік ретінде?

Руханилық мәніне, оның өзегіне жоғары немесе абсолютті құндылықтарды жатқызуға болады. Олар қандайда бір терең құндылық, қасиеттілік дәрежесіне ие, сол себепті сакралды сипатта болады. Сыртқы көріністе олар жалпы адамзаттық өнегелік нормалары (өз мәні мен генезисінде шартсыздықпен ерекшеленетін жоғары мораль) ретінде байқалады. Басқаша айтқанда, руханилық дегеніміз, қоршаған ортаны жоққа шығармау, кез келген адамды жағымсыздықпен қабылдамау, ешқашан, қандай жағдайда болмасын біреу туралы жаман ойламау қабілеті болып табылады.

Келтірілген анықтаманы толықтыра отырып, біз адам руханилығы туралы жеткілікті түрде толық, байланысқан әрі терең түсінік ала аламыз. Бұл махаббаттың ішкі-сезімдік қабілеттілігінің жоғары формасы, толық сенімнің немесе болмысқа деген қасиетті сенімнің сапасы, айналадағының бәріне және әр қайсысына шын пейілде болу, өз туындыларын риясыз беруге, сыйлауға ұмтылушылық.

Руханилық түсінігі өзінде діни де, зайырлылық та бастауларды бірік­тіре­тіндігіне, руханилықтың пайда болу құпиялылығы мен рухани заңды­лық­тар­дың жазмыштық сипаты және оның адамның шынайы дамуын көздейтіндігі дәлел бола алады.

Осылайша, руханилық дегеніміз ұлттық идеяның ішкі негізі, ол әлемнің негізгі діндерінде ерекше көрініс табатын өнегеліктің қарапайым және мәңгілік нормалары деуімізге болады.

Руханилық бүкіл әлемге туыстық сезім­дерді туындатады, сәйкесінше, бар­лық адамдарға, яғни: отбасы мүшелеріне, жа­қын және алыс туыстарға, діндес және өзге діндегілерге, отандастарға және басқа да шетел азаматтарына деген туыстық сезімді қалыптастырады. Осы­лайша, руханилық адам бойындағы нағыз адамгершілікті, адамсүйгіштікті айқын­дайды.

Келер ұрпақты тәрбиелеу мен үйретуде осы ішкі дамудың жоғары деңгейі басты орынға қойылуы қажет. Педагогиканың міндеті қоғамның үйлесімде дамуындағы басты міндет болып табылады. Адами тұрғыдан даму мен қалыптасу немесе то­қырау мен өлу – міне бұл, зайырлы немесе діни білімнің шешуі тиіс тарихи дилемма.

Руханилық – ең жоғары абсолютті өнегелік құндылықтар жүйесі ретін­де қазақ этносының дәстүрлі мәдение­тін­де басты орынға ие болған және ғылы­ми-зерттеулер көрсеткендей, ол этикалық феноменді сипаттайды. Қазақ философиясының классиктері Ш. Уәли­ханов, Абай, Шәкәрім өздерінің көптеген еңбектерін халықты біріктіру факторы туралы ойларға арнаған. Алтыншы сөзінде Абай қандай адамдарда бірлік болатынын және олар өз араларындағы бірлікке қалай қол жеткізетіндіктері туралы ой толғайды. «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» (бүгінгі мұнай долларларына осылай айтса), – бірақ бұл бастысы емес. Бұл арқылы Абай бірлікке шақырған, материалдық игілік емес, бірінші кезекте ой бірлігіне шақырған. Қазақ классигінің әлем, қоршаған ортаның шынайылығы мен адамдардың қатынасын танудағы бірлік ұстанымы – оның маңызды ойларының бірі ретінде танымал.

Қазақстан жерінде бүкіл дәуірде, Қорқыттан Шәкәрімге дейін уақытта, философиялық ізденістердің ортасында – адам болудың мәні тұрды. Адам дегеніміз не, ол қандай болу керек? Шынайы адамгершіліктік пайда болуына не себепкер және оған не қарсы келуі мүмкін? Қазақы ой толғаудың өзге философиялық толғаныстардан ерекшелігі – адамды қандайда бір жоғары бастауларға енгізу немесе керісінше, жоғары бастауларды қоя тұрып, адамды тек «пәнилік» тұрғыда қарастыру емес. Қазақ философиясының мақсаты – адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты ұғыну мен оны дұрыс қою болып табылады. Осы адамның шынайы өнегелік даму идеясы, классикалық қазақы ой толғауды ерекшелейтін басты сипаты секілді. Абайдың «Адам бол!» – деген үндеуі де осыны дәлелдей түседі.

Бұл қазіргі жаһандану кезеңінің күрделі, кейде, тіпті, қайшылықты шарттарында аса өзекті болуда. Бүгін біз бір тілде сөйлесе отырып, бір ұғымға түрлі түсініктер енгізудің арқасында бір-бірімізді түсіне алмаудамыз. Ал бұл дегеніміз біздің санамызда түрлі дүниетанымдық негіздер мен ұстанымдар бар деген сөз. Сол себепті, бір-бірімізге деген ішкі ұмтылыс қана бізді бір-бірімізден алшақтататын жағымсыз процесті жеңе алады.

Біздің ойымызша, ұлттық идея туралы терең ойдың астарында ортақ бірлік пен құндылықтарды түсінудегі ортақтық жатуы тиіс. Жоғары құндылықтық-мәнділік-бағдарлар – қазақстандық қоғамдағы зайырлы және конфессионалды мәдениеттің өзара түсіністігі мен диалогының интегралдық шарттары болып табылады.

Руханилық шын мәнінде кез келген халықтың дамуының терең негізі. Ал халықтың салты, дәстүрі, тіліне келер болсақ, мұның бәрі ішкі рухтың көріну мәнісі, яғни, мәдениет деп аталатын ішкі бастаманың сыртқы безендірілуі, өңделуі, бедерленуі. Дәстүрлі мәдениет, мысалға, үйлену тойы, ас беру, аруақтарды еске алу жоралғылық формасында – нақты ұлтты құрайтын адамдардың жан дүниесін көрсетеді. Және ең басты себебі, этностың дәстүрі әдетте озық адамзаттық қасиеттерді тәрбиелеуге бағытталған. Әрине, өткен дәстүрдің бәрін қайта жаңғыртудың қажеті жоқ: мәдениет өткеннің бар үздігін жинақтап әдеттегі формаларда қасаңдыққа түспей, одан тың, одан да жақсы нәрселерді туындатқанда ғана өміршең бола алады. Осы ой толғауларды қорыта келе тұжырым ретінде келесілерді атап өтейік: ұлттық идея, біздің көзқарасымызша, өзінің терең мазмұнында жалпы ұлттық, нақты айтсақ, шынайы адамдық болуы тиіс. Өйткені, адам өзінің тіршілігіндегі қандайда бір сыртқы элементтер мен детерминанттарына сәйкес келуден бұрын, өзінің «мен» деп аталатын эгоистік емес, рухани ішкі, мәнділік бастамасына сәйкестенеді. Шәкәрімнің «ұжданы» және Абайдың «нұрлы ақылы» – бұл жалпы қазақстандық идеяның шамшырағы ретінде ұстанатын биік нәрсе.

Ұлы даланың осы бір өмірлік сабақтарын белгілі бір деңгейде қазақстандық дүниетаным қабылдап алды. Басқаша айтқанда, Қазақстанның ортақ халқын дамыту бізге руханиланған зайырлылық келешегінде – бізді шығармашылыққа арналған өмірге жете­лейтін, ішкі жан дүниеміздегі мәңгілік өнегелік заңдылықтарында жатыр.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы.

Сергей КОЛЧАГИН,



философия ғылымдарының докторы, профессор.

http://www.egemen.kz/kz/zamana-2/29668-zajyrlyly-zh-ne-ltty-ideya



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет