2. Білім алушылардың дайындық деңгейiне қойылатын талаптар
10. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тиісті мамандық бойынша «магистр» дәрежесін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ӘАОО-да тиісті мамандық бойынша «магистр» дәрежесін бере отырып және/немесе біліктілік бере отырып кадрларды даярлауға бағытталған.
11. Кәсіптік құзыреттіліктер магистратураның әрбір мамандығы бойынша кәсіптік стандарттар негізінде жұмыс берушілердің талаптары мен қоғамның әлеуметтік сұраныстары ескеріле отырып анықталады.
ӘАОО-да оқу нәтижелері кәсіби құзыретке (біліктілік сипаттамаларына, біліктілік талаптарына) сәйкес бітірушінің құзырет моделіне сәйкес келуі қажет.
12. Бейіндік магистратура экономика, медицина, құқық, білім, өнер, қызмет көрсету және бизнес, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік салалары, құқық қорғау қызметі үшін кәсіптік даярлығы терең басқарушы кадрларды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.
Бизнес ортасы үшін мамандар даярлау мақсатында жоғары оқу орны MBA бағдарламасын іске асыра алады. MBA кәсіптік білім беру бағдарламасы шеңберінде мамандар даярлау мазмұны мен деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
13. Ғылыми және педагогикалық магистратура жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі және ғылым саласы үшін ғылыми-педагогикалық даярлығы терең ғылыми және педагогикалық мамандарды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асырады.
ӘАОО-да ғылыми және педагогикалық магистратура тереңдетілген кәсіби және ғылыми-педагогикалық даярлыққа ие болатын қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласы, құқық қорғау қызметі үшін басшылық, ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асырады.
14. Магистратурада білім алу тек күндізгі оқу нысанында жүзеге асырылады.
ӘАОО-да магистратурада оқу күндізгі, кешкі нысанда жүзеге асырылады. Білім алушылардың санатына байланысты қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып оқытуға жол беріледі.
15. Магистранттың магистратураға түсер алдында тиісті білім беру бағдарламасын меңгеруге қажетті барлық пререквизиттері болуы тиіс. Қажетті пререквизиттер тізбесін жоғары оқу орны өзі айқындайды.
Қажетті пререквизиттер болмаған жағдайда магистрантқа оларды ақылы түрде меңгеруге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда магистратурада білім алу магистрант пререквизиттерді толық меңгергеннен кейін басталады.
16. Ғылыми, педагог және басқарушы кадрларды магистратурада даярлау екі бағытта:
1) 2 жылдық оқу мерзімімен ғылыми және педагогикалық;
2) кемінде бір жыл оқу мерзімімен бейіндік бағыттарда жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орны магистратурада оқу мерзімін алдыңғы дайындық деңгейінің білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келуіне және пререквизиттердің болуына байланысты өзгерте алады.
17. Оқу процесін кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастыру кезінде әр оқу пәнінің көлемі кредиттің бүтін санын құрауы тиіс. Бұл ретте пән, әдетте, кемінде 2 немесе 3 кредит көлемімен бағаланады.
ӘАОО-да әрбір пәннің көлемі кредиттердің бүтін санын құрайды және пәнді 1 кредитке бағалауға жол беріледі.
18. Магистранттар әрбiр оқу пәнін бiр академиялық кезеңде меңгеріп, аяқталған соң емтихан нысанындағы қорытынды бақылауды тапсырады. Кәсіптік практиканың барлық түрлері, курстық жұмыстар (жобалар), ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмысы, тағылымдамалар бойынша қорытынды бақылау магистранттың оқу жұмыстарының түрлерін қорғау нысанында белгіленген бағалау шкаласына сәйкес бағаланады.
19. Базалық пәндер циклі (БП) міндетті компонент пен таңдау компоненті пәндерінен тұрады.
ӘАОО-да базалық пәндер циклі (БП) міндетті пәндерден және жоғары оқу орны компоненттерінен тұрады.
20. Ғылыми және педагогикалық бағыттағы магистратурада БП циклінің көлемі үлгілік оқу жоспарының жалпы көлемінің 48%-ын құрайды, оның ішінде 40% міндетті компонент пәндеріне, ал 60% - ы таңдау компоненті пәндеріне тиесілі.
Бейіндік бағыттағы магистратурада БП циклінің көлемі үлгілік оқу жоспарының жалпы көлемінің 44%-ын (оқу мерзімі 1 жыл) және 28%-ын (оқу мерзімі 1,5 жыл) құрайды, оның ішінде 62% және 50% міндетті компонент пәндеріне, ал 38% және 50% таңдау компоненті пәндеріне тиесілі.
ӘАОО-да магистратурадағы базалық пәндер көлемі үлгілік оқу жоспарының пәндік жалпы көлемінің 40% құрайды, оның 20% міндетті компонент пәндеріне және кемінде 80% кемінде жоғары оқу орны компонентіне тиесілі, бұл ретте:
1) ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратурада БП циклінің көлемі кемінде 17 кредитті құрайды, оның ішінде кемінде 3 кредиті міндетті компонентке тиесілі;
2) салалық бағыттағы магистратурада (оқу мерзімі 1 жылдық) БП циклінің көлемі кемінде 7 кредитті құрайды, оның кемінде 1 кредиті міндетті компонентке тиесілі;
3) салалық бағыттағы магистратурада (оқу мерзімі 1,5 жылдық) БП циклінің көлемі кемінде 14 кредитті құрайды, оның ішінде кемінде 3 кредиті міндетті компонентке тиесілі.
21. Ғылыми және педагогикалық бағыттағы магистратурада бейіндеуші пәндер циклінің көлемі үлгілік оқу жоспарының жалпы көлемінің 52%-ын құрайды, оның ішінде 9%-ы міндетті компонент пәндеріне және 91%-ы таңдау компоненті пәндеріне тиесілі.
Бейіндік бағыттағы магистратурада бейіндеуші пәндер циклінің көлемі үлгілік оқу жоспарының жалпы көлемінің 56%-ын (оқу мерзімі 1 жыл) және 72%-ын (оқу мерзімі 1,5 жыл) құрайды, оның ішінде 10% және 12% міндетті компонент пәндеріне, ал 90% және 88% тиісінше таңдау компоненті пәндеріне тиесілі.
ӘАОО-да бейіндеуші пәндер (БП) циклінің көлемі магистратурада үлгілік оқу жоспары пәндерінің жалпы көлемі кемінде 60% болады, олардың 10%-нан аспайтыны міндетті компонент пәндеріне және кемінде 90% жоғары оқу орны компонентіне бөлінеді, бұл ретте:
1) ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратурада БП циклінің көлемі кемінде 25 кредитті құрайды, оның ішінде кемінде 2 кредиті міндетті компонентке тиесілі;
2) салалық бағыттағы магистратурада (оқу мерзімі 1 жылдық) БП циклінің көлемі кемінде 11 кредитті құрайды, оның ішінде кемінде 1 кредиті міндетті компонентке тиесілі;
3) салалық бағыттағы магистратурада (оқу мерзімі 1,5 жылдық) БП циклінің көлемі кемінде 22 кредитті құрайды, оның ішінде кемінде 2 кредиті міндетті компонентке тиесілі.
22. Міндетті компонент пәндерінің тізбесі үлгілік оқу жоспарымен айқындалады. Міндетті компонент пәндерінің көлемін қысқартуға жол берілмейді.
23. Таңдау компоненті пәндерінің тізбесін жоғары оқу орны өзі анықтайды. Бұл ретте жұмыс берушілердің талаптары мен еңбек нарығының сұранысы ескеріледі.
ӘАОО-да жоғары оқу орны компонентінің пәндер тізбесін ӘАОО өз бетінше айқындайды. Оқудың қосымша түрлері міндетті компоненттен және жоғары оқу орны компонентінен тұрады. Міндетті компоненттің көлемі кемінде 13 кредитті құрайды және кемінде 6 кредиттен тұратын кәсіби практикадан, кемінде 7 кредиттен тұратын магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысынан тұрады. Оқудың қосымша түрлерінің жоғары оқу орны компонентіне әскери тағылымдама және/немесе оқудың басқа да түрлері қосылады.
24. Ғылыми және педагогикалық бағыттағы магистратураның білім беру бағдарламасының мазмұны осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
ӘАОО-да ғылыми және педагогикалық бағыт бойынша магистратураның білім беру бағдарламаларының мазмұны осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
25. Бейіндік бағыттағы магистратураның білім беру бағдарламасының мазмұны осы стандартқа 3-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
ӘАОО-да салалық бағыт бойынша магистратураның білім беру бағдарламаларының мазмұны осы Стандартқа 4-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
26. Бейіндік магистратураны бітірген магистрант педагогикалық қызметке кәсіптік педагогикалық бейіндегі бағдарламаларды қосымша меңгеріп, негізгі дипломға қосымша тиісті куәлік берілгеннен кейін ғана жіберіледі.
27. Бейіндік магистратураны бітірген тұлғалар үшін педагогикалық бейіндегі білім беру бағдарламасының мазмұны, ӘАОО-ны қоспағанда осы стандартқа 5-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
28. Магистратурада оқыту мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады. Оқу тілін магистранттың өзі таңдайды.
Үш тілде білім беру бағдарламаларын енгізуші ӘАОО-лар үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беруді жүзеге асырады. Екі тілде білім беру бағдарламаларын енгізуші ӘАОО-лар екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде білім беруді жүзеге асырады. Сонымен бірге түрлі тілдерде берілетін пәндердің пайыздық арақатынасын ӘАОО анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |