Төрт-бес күннен соң әмірші аңға аттанады.
Үйір-үйір аңшы иттер, тазылар,
садақшылар, Әміршінің қарақұрым жеке нөкері, аспаздары мен қызметшілер, аң
үркітетін кернейшілер мен дабылшылар —ұзын шуақ керуен астанадан шығып,
ту-ту көз ұшында еміс-еміс көгеріп жатқан зеңгір тауларға беттеді. Бір күншілік
жол жүріп керуен тауға да жетті. Сарай адамдары, әкімдер, қол басылар, Әмірші
әулеті ақар-шақар шыңдардың арасынан арсы-гүрсі құлайтын жойқын өзеннің
бойындағы ну жынысты қойнауға шатырларын тікті.
Тау бойына қонған күні Әмірші ағыл-тегіл дастарқан жайды. Шарап судай
ақты. Жұрт қанша дуылдасқанмен, Әміршінің құлағы елең етердей ештеңе
аңғарта қойған жоқ. Бәрі де сол ертең басталғалы тұрған аңшылықтың жайы. Ат
мақтаған, ит мақтаған, құс мақтаған кеу-кеу. Мергендіктерін салыстырып
қызарақтасқан мақтан әңгіме.
Сол күні түнде де көз іліндіре алмады. Аңшылыққа қонған самсаған көп
шатырда сес жоқ. Маңай тым-тырыс. Сыртта маужыраған жазғы түн. Саф ауа,
өн бойын ал-сал албыратып бара жатқан бал шарап. Ертеңіне ертемен
басталғалы тұрған ду-ду сайран. Одан артық қандай рақат керек. Көрші
шатырлардан қор-қор дыбыс көбейді. Әміршінің жақсы көретіні осындай
түндер, осындай өмір.
Әмірші түсінде ихрам киіп, жалаңаяқ Қағбада болғанын көреді.
Жұрттың
барлығы қара сұр жотаға бара жатады, алдарынан үстіне кілем жапқан
ашамайлы
Достарыңызбен бөлісу: