434-бап. Ұсақ бұзақылық
1. Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер -
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер -
он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, осы Кодекстiң 50-бабының екіншi бөлiгiне сәйкес әкiмшiлiк қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер -
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 434-1-баппен толықтырылды
434-1-бап. Жеке тұлғалардың спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда жүріс-тұрыс қағидаларын бұзуы
1. Жеке тұлғалардың спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда жүріс-тұрыс қағидаларын:
1) спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға алкоголь өнімін, металл, шыны ыдыстағы өнімді, пиротехникалық бұйымдарды және пайдаланылуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі не жеке және заңды тұлғаларға материалдық нұқсан келтіруі мүмкін өзге де заттарды алып кіру;
2) спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған, сол сияқты жеке тұлғалардың құқықтарын кемсітетін плакаттарды, эмблемаларды, транспаранттарды және өзге де көрінетін заттарды пайдалану түрінде бұзуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
жеке тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
435-бап. Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 293-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған адам жасаған ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
436-бап. Елдi мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық қарудан оқ ату, пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдарды ұшыру
1. Елдi мекендерде және бұл үшiн бөлiнбеген орындарда атыс қаруынан, газды (өзін-өзі қорғау жағдайларын қоспағанда), пневматикалық қарудан оқ ату -
қару тәркiлене отырып немесе онсыз, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi бұзатын және iрi материалдық залал келтiруге әкеп соқпаған, елдi мекендерде және бұл үшiн бөлiнбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару -
пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркiлене отырып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер -
пиротехникалық құрылғылар тәркiлене отырып, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған, сол сияқты осы Кодекстiң 437-бабында көзделген құқық бұзушылық үшiн бiр жыл iшiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адам жасаған әрекеттер -
әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған зат тәркілене отырып, он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
437-бап. Тыныштықты бұзу
1. Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет -
жеке тұлғаларға - он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тоқсан айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
438-бап. Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру
1. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарын, полицияны, медициналық жедел жәрдемдi, авариялық қызметтердi көрiнеу жалған шақыру -
жеке тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған не аварияларды, өрттердi, дүлей зілзала салдарын жою кезеңiнде жасалған әрекеттер -
жеке тұлғаларға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
439-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлау -
жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
440-бап. Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу
1. Жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу -
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жасы он сегізге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекеттер -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе оларға масаң күйде келгені үшін әкімшілік жазаға бір жыл ішінде екі рет тартылған адам жасаған әрекеттер -
бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер -
он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
441-бап. Жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салу белгiленген жекелеген қоғамдық орындарда темекi бұйымдарын тұтыну - жеке тұлғаларға үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
жеке тұлғаларға алты айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс берушiнiң темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы орындар бөлудi көздейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы, сондай-ақ бұл үшiн арнайы белгiленбеген орындарда темекі бұйымдарын тұтынатын адамдарға шаралар қолданбауы - лауазымды адамдарға - он, заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 442-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
442-бап. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы
1. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы -
заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы -
заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -
заңды өкілдеріне он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 443-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
443-бап. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау -
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
444-бап. Құмар ойындарға қатысу, тарту немесе рұқсат беру
1. Құмар ойындарға (ақшаға, затқа және өзге де құндылықтарға) бұл үшiн бөлiнбеген орындарда қатысу, сол сияқты бұған арнайы рұқсаты жоқ адамдардың спорттық және өзге де жарыстарға ставка қабылдауы -
ойын құралдары, ақша, заттар және өзге де құндылықтар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарын құмар ойындармен және (немесе) ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға бәс тігумен айналысуға тарту және рұқсат ету -
жеке тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2015.24.04. № 310-V ҚР Заңымен 445-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
445-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу
1-тармақ ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
1. Ойын мекемелерін, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассаларын тұрғын емес үй-жайларда орналастыру туралы талапты және оларды тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын емес үй-жайларында, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салуды сақтамау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ойын бизнесін ұйымдастырушының ойын мекемелерінен (тотализаторлардың немесе букмекер кеңселерінің кассаларынан) тыс жерлерде бәс тігуі, мөлшерлемелерді қабылдауы (есепке алуы), ұтысты төлеуі не заңда белгіленген жағдайды қоспағанда, ақшадан басқа өзге де мүлік түрінде мөлшерлемелер қабылдауды және (немесе) ұтыс беруді көздейтін құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруы және өткізуі -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс пайызы жөніндегі талаптарды сақтамау -
әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып және лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Ойын бизнесін ұйымдастырушының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен және шарттарда міндетті резервтерді қалыптастыру, пайдалану, тұрақты негізде орналастыруды қамтамасыз ету жөніндегі шарттарды орындамауы -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Ойын автоматтарын немесе олардың бөліктерін казинолардағы және ойын автоматтарының залдарындағы қабырғаларға, терезе мен есіктің ойықтарына монтаждау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Ойын бизнесін ұйымдастырушының ойын мекемелерінің кассалары мен ойын орындарын бейнежазу жүйелерімен жабдықтау жөніндегі талаптарды сақтамауы не жазылған ақпаратты сақтау мерзімдерін немесе тіркеу шарттарын бұзуы не бәс тігуді ұйымдастыруға және өткізуге арналған жабдық орнату міндетін орындамауы -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7-тармақ ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
7. Бір казинода кемінде отыз ойын үстелін, ойын автоматтары залында кемінде алпыс ойын автоматын орнату жөніндегі талаптарды сақтамау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Ойын бизнесін ұйымдастырушының ойын автоматтарын Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалануы -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
9-тармақ ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
9. Аппараттық-бағдарламалық кешен серверін фискалдық режиммен қамтамасыз ету, аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы бәс тігу қорытындысының нұсқаларына ұтыстардың коэффициенттерін есептеуді, қабылданған мөлшерлемелерді есепке алуды, бәс тігу нәтижелері бойынша ұтыстарды есептеуді, ұтыстарды және олар бойынша төлемдерді есепке алуды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындамау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
10-тармақ ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
10. Аппараттық-бағдарламалық кешен есептеген коэффициенттер негізінде және алда болатын нақты оқиғаларға ғана мөлшерлеме қабылдау туралы, не букмекер кеңселерін аппараттық-бағдарламалық кешенмен жабдықтау жөніндегі, не экономикалық қызмет саласында жасаған қылмысы үшін не ауырлығы орташа қасақана қылмыстар, ауыр қылмыстар, аса ауыр қылмыстар үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар адамның ойын мекемесінде басшылық лауазымға тағайындалуына тыйым салу туралы талаптарды сақтамау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Осы баптың бірінші, екінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, тоғызыншы және оныншы бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
лицензиядан айыра отырып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
12. Осы баптың үшінші және сегізінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер - әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып және лицензиядан айыра отырып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2016.09.04. № 496-V ҚР Заңымен 445-1-баппен толықтырылды
445-1-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу
1. Лотерея операторының әрбір тираждың және тираждық лотереяның лотерея билеттері, түбіртектері немесе өзге де құжаттары бойынша ұтыстардың нәтижелерін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімдік баспасөз басылымдарында жариялау немесе лотерея операторының интернет-ресурсында орналастыру жөніндегі талаптарды орындамауы, сол сияқты жариялау немесе орналастыру мерзімдерiн бұзуы -
қызметін тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Лотерея операторының лотерея өткізудің бекітілген талаптарының бір данасын лотерея және лотерея қызметі саласындағы уәкілетті органға жіберу және лотерея өткізудің талаптарын өзінің интернет-ресурсында орналастыру туралы талаптарды орындамауы, сол сияқты жіберу немесе орналастыру мерзімдерiн бұзуы -
қызметін тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Лотерея операторының таратылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тіркелген лотерея мөлшерлемелері, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты жинау, қалыптастыру, сақтау және есепке алу жөніндегі талаптарды бұзуы, сол сияқты оны уәкілетті органға ұсынбауы, уақтылы ұсынбауы не анық емес ақпарат ұсынуы -
қызметін тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
4. Лотерея операторының жүлде қорын қалыптастыру жөніндегі талаптарды бұзуы -
қызметін тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер -
қызметін тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
446-бап. Эротикалық мазмұндағы өнiмдердi жарнамалау
Эротикалық мазмұндағы өнiмдi осы мақсаттар үшiн бөлiнбеген орындарда сату, тарату немесе жарнамалау -
эротикалық мазмұндағы өнiм тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
447-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзу
Мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзу -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
448-бап. Кәмелетке толмағандардың вандализмі
Он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған вандализм, яғни мемлекет қорғайтын ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді, адамдар жерленген жерлерді жазулармен немесе суреттермен, немесе қоғамдық имандылықты қорлайтын өзге де әрекеттермен қорлауы, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіруі -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
449-бап. Қоғамдық орындарда тиісу
1. Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру -
жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаған әрекеттер -
Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
450-бап. Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну
1. Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну -
қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін үш айға тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға - бір жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - үш жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл сол әрекет -
қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін үш жылға тыйым сала отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғаларға - бір жүз елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
26-тарау. Баспасөз және ақпарат саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар
Достарыңызбен бөлісу: |