Қарашы Зайсан көлдің келбетіне,
Көл бар ма мұндай сұлу жер бетінде?
Толықсып көк толқыны көбік шашып
Қаз дауысын, аққу әнін тербетуде!-
деп сұлу Зайсанның сипатын қарапайым халықтың сөзімен жырласа,
енді бірде:
Адам жаны өлеңдеткен, жыр еткен,
Жыл ішінде ғашығындай мезгіл бар
Өмір қойған аты оның нұр көктем...
Көк плюшке бөленді бар атырап.
Көк ормандар жайды жасыл жапырақ,
Көк өзендер көсіле ағып күркіреп
Теңіздерде құйып жатыр сарқырап...
Үлкенменен кіші әзілдеп құрбыдай
Жай – күйіне жас салтанат құрды май
Сезіміңді, лебізіңді толқытып
Өмір туын нұрмен желпіп тұрды май
Қаз бауыр бұлт жоғарыда қалықтап
Орман шашын сәулесімен тараған
Ай сүңгиді аспанынан шалқалап
Ұлы анадай әлде болса балажан
Күн шығады жас көктемді арқалап,-
деп көктем көркін беруде ол ерекше ақындық тіл табады. Осындай дәл және ақындық шеберлікпен жазылған суреттер Диханның ақындық жолдарының өсуіне тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Дихан лирикаларының бірталайы нақты бір өмір обектісін, нақты бір тартыс түйінін баяндайды. Мәселен, оның «Өзен», «Өмірде бір ыстық шағың болады», «Алтай сулары», «Қорғасын толқыны», «Домбыра күйіне» сияқты шебер жазылған өлеңдері әрі шағын лирика, әрі сюжетті шығарма. Ақынның «Өмірде бір ыстық шағың болады» деген өлеңі жаңа жыр ырғағымен берілген, форма жөнінде ізденумен жазылған тақпақ. Өз Отанының қуатты жасағыш бейнесін ол осындай ізденумен жазылған шағын жырларында да ұтымды тапқырлықпен бере алады.
Дихан бірталай поэмалар жазған ақын. Әсіресе, соғыстан кейін
Алтай тақырыбын лирикалы жыр көлемінде де дамытып, нақты жырлауда елеулі табыстарға жетті. Зайсан көлі, Ертіс, Үлбі өзендері, Алтай тауы бойындағы өмір көріністері, жаңа құрылыс, еңбек ерлігі ақын поэзиясының негізгі бір идеялық, творчестволық мотиві болды,
«Алтай жүрегі» (1953 жыл) поэмасы 1954 жылы орысшаға аударылып басылды. 1957 жылы бұл шығарма жөнделіп, толықтырылып «Таудағы ту» деген атпен қайта шықты. Осы поэманың жалғасы ретінде «Отты тасқындар» атты поэмасы 1956 жылы жарық көрді.
Бұдан соң ақын енді Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірбаяны, творчестволық қызметін қатар қоғамдық қайраткерлерлігіне арналған «Ақын арманы» атты көркем шығармасын жазуға кіріседі. Дихан бұл іске дайындықпен келген болатын.
Баянауыл аудандық «Ленин туы», Қызылжарда шығатын Қарағанды облыстық «Ленин туы», республикалық «Социалистік Қазақстан», Жазушылар Одағының «Қазақ әдебиетіндегі» журналистік қызметін былай қойғанда «Жаңа әдебиет» кейін «Әдебиет майданы» журналында жарияланған «Сырлы шкафтың сыры» мен «Танакөк» әңгімелерінен бастап өлеңмен жазған «Алтай жүрегі» романы және Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрадысының» аудармасы поэзиядан прозаға салынған жолдың алтын көпірі болды.
Алдында роман болып жазылған бұл шығарма кейін үш кітаптан тұратын трилогияға айналды. Бұл еңбегін бастан аяқ жазып шығу үшін жазушы өзінің 16 жыл аяулы өмірін арнапты. Бірақ ол үшін ақын – жазушы ешқашан өкінбейтін болады. Себебі, онда өлмейтұғын мұра, өшпейтұғын тарих бар. Осы мақаланы жазу барысында біздер Д.Әбіловтың «Ақын арманы» трилогиясын тағы бір рет оқып шықтық. Соның барысында өзімізге төмендегідей ой түйдік. «Ақын арманы», «Арман жолында» және «Баянауыл баурайында» деп аталатын үш кітаптан тұратын бұл «Сұлтанмахмұт» трилогиясы қазақ әдебиетінің алтын қорына келіп құйылған шын мәніндегі құнды шығарма. Мұнда өмірі қысқа болғанымен өлеңі ғасырларға созылатын Сұлтанмахмұт сынды қазақ халқының ақынының образы беріліп қана қоймай, сол арқылы ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің тарихы, қоғамдағы орны мен саясаты, әлеуметтік – экономикалық хал жағдайлары да алақандағыдай ашып көрсетіліп берілген. Шығарма сонысымен құнды. Иә, ақын арманы өлмейді. Жалғасын табады.