14. Ақын арманы өлмейді
(Дихан Әбілов)
Дихан ағаның шын аты Әбдірахман екен. Бұл туралы ақынның өзі «Ой толғаулары» атты естелік кітабында «Қазақ бала туғанда молда алдырып, азан шақыртып ат қойдырады. Қошқарбай молда менің атымды «Әбдірахман» қойған екен. Арада он бес – жиырма күн өткенде біздікіне Мәшһүр Жүсіп келіпті. Менің атымды сұрапты.
Жоқ, Әбіл, Қошқарбай қойған ат бұл нәрестеге ат болмайды. Бері
әкелші өзін, - деп, мені өзіне жақындаттырып алып, аузыма түкіріпті де, - мұның аты Дихан! депті. Ол шығымдылық деген сөз» - деп жазыпты.
Туған жері Баянауыл тауының солтүстік беткейіндегі Мойылды деген табиғаты әсем құз жартастар мен ағаш-орман арасы. Әкесі - Әбіл, арғы нағашысы – атақты Бұқар жырау. Жасынан Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сәбит Дөнентаев, Жаяу Мұса, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тума таланттардың шапағатына бөленіп, құйма құлақ дарын иесі болып өседі. Соның бір көрінісі мынау:
«Манағыдай емес Арыстан ағаға бойым үйреніп:
-Өзіңіз кімсіз, аға? – дедім.
-Мен Омбы қазағымын. Атым Дүйсенбі. Ұмытып қалма!
-Қайда барасыз?
-Қоңыр малақайының маңдайын шалқайта сырып:
Өз жұртың күндейді,
Қайың жұртың міндейді
Нағашы жұртың тілейді,-
дегенді естіп пе едің? Ендеше мен сол тілейтін жұртыма барам. Ботпай ауылын білесің бе?
...Сөйтіп, қой соңынан ере сөйлесе отырып, Кереку мен Баян қара жолынан өте бергенімізде, Дүйсенбі аға Ботбай шілігіне барар жолды сұрады менен. Жақсы ағадан айрылғым келмейді. Алайда жөн айттым.
Осыдан жарты шақырым біздің ауыл. Соның баурайы көш жолы соған түсесіз. Екі-үш шақырым өткенде Алпыс ауылы. Одан кейін Бүркітбай бұлағы, Айман бұлақ, Торайғыр көлі – Сұлтанмахмұт, Ботбай ауылы.
Пластинкаға жазып алғандай жаңағыларды қайталап айтты да:
-Бүркітбай бұлағы не? Мұстафаның Бүркітбайы ма?
Бауырында Баян ауылы қойым жатыр,
Шалқыған көк теңіздей ойым жатыр.
Бәкеңнің Мұстафасы ән салғанда,
Таласар ол болам деп қандай пақыр?
- деді
Мен мүдіріп қалдым. Жауап қайтара алмадым.
-Ал, қош бала!
Бұл Дихан баланың қазақтың жыр дүлділі Сәкен Сейфуллинмен алғаш жүздесуі болатын.
Осылай жастайынан әрнәрсеге зерек болып, өз бетімен хат тануға талпынған бала 1920 жылдардан бастап Баянауылда бастауыш (Масғұт мұғалімнен орысша бірінші класты бітіріп, хат танып, кітап оқитын дәрежеге жетеді) мектепті бітіріп, онан соң 1926-1928 жылдар аралығында Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында оқиды. 1934-1937 жылдары Алматыдағы журналистер институтын бітіреді. ҚазПИ-дің аспирантурасында білімін жетілдіреді. Бұдан соң Д.Әбілев туған ауылында, Қызылжар, Қарағанды, Алматы қалаларында мәдени-ағартушылық мекемелерінде, газет басқармаларында, Жазушылар одағында түрлі жауапты қызметтер атқарады. Ал, 1941-1946 жылдар аралығында Отан басына қауіп-қатер төнгенде әскер қатарында майданда болады.
Осы арада Дихан ағамыз Семей ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген кезінде денсаулығына байланысты бір-екі жыл оқуын үзіп, Баянауылда 1931 жылдан бастап шыға бастаған «Ленин туы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарғанын айта кеткіміз келеді. Ал, ол кезде бұл аудандық газеттің редакторы белгілі ақын, жазушы Ғалым Малдыбаев болатын.
1931 жылы ақын, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпеев қайтыс болады. Осыған орай 1932 жылдың басында газет редакторының атына Алматыдан жазушы, халық жанашыры Ғабит Мүсіреповтен төмендегідей хат мәтіні келіп түседі.
Ғалым! Сен қызмет етіп жүрген Баянауылда бүгінгі тірілердің ірісі Мәшһүр Жүсіп Көпеев қайтыс болыпты. Мәшһүр ХІХ-ХХ ғасырдың бірдесі уәкілі, әрі ақын, әрі шежіре. Халық творчествосының жиынтық қазынасы. Осы дүниелері өте мол болуға тиісті. Ел іші әзірше бәрін түсіне бермейді. Әркімнің қолында кетіп жүруі де мүмкін.. Сондықтан сен сол Мәшекеңнің шығармаларын, қолжазбаларын маған «Қазақстан» баспасына жібер, тез кіріс. Қапыда қалмайық!
Сәлеммен Ғабит
1932 жыл, 12 ақпан.
Ал, Ғ.Малдыбаев болса, өз кезегінде түрлі себептерге байланысты
бұл мәселенің орындалуын Д.Әбілевке тапсырады. Осы оқиғаны Дихан аға өз аузымен біздерге: «Мұра-мұрат,- деді әкем. Сені жаңа заман белсендісі көретін болар Шарафи (Мәшһүрдің үлкен баласы)» Жаз. Мен айтты деп жаз!...»
Сараң сөзді Әбекең (Әбіл – ақынның әкемнің айтқанын кітапшама жазып алып тұрмын): «Шарафи, екеуіміздің қараңғылығымыз Мәшекеңнің нұрына көлеңкесін түсірмесін. Балам бара жатыр. Үкімет керек деп жатқан Мәшекеңнің көкірек қазынасына ратшылық жасама»- деп жазғызды да аяғына Әбіл деп арабша таңба салды. Жүріп кеттім. Бере ме, жоқ па? Бақ тәуекел! Бұл сөз алдына уақиға боларлық жайт. Қысқасы, сол сапарымда мен Мәшекеңнің үйінде он тоғыз күн болып, екі кітап қолжазбасын алып қайттым. Ғалым сол күні менің көзімше почтаға апарып Ғабитке жөнелтті. Қазір Ғылым Академиясының әдебиет институтының қазынасында, менің қарындашпен беттеген Мәшекеңнің сол екі кітабы әлі бар», - деп әңгімелеп берген болатын.Осылай сонау бір қысылтаяң кезде де рухани байлығымыздың мәртебесінің асуына үш бәйтерек осындай бір жақсылық жасаған болатын. Осындай игі істің жалғасы ретіндегі тағы бір құнды оқиға Дихан ағамыздың халық жыршысы Нұрпейіс Байғанин атамызды әдебиет майданына алып келуі болатын.
Соғыс алдында тоқсандағы жыр дүлділі Жамбылдың ақындығына 75 жыл толу тойы өткізілмек болады да жер-жерге айтыс ақындарын іздестіруге өкілдер жіберіледі. Бұл жолы Дихан ағаның еншісіне Ақтөбе облысы тиеді. Сөйтіп, белгілі әдебиетші Қанафия Мұстафин екеуі баласы Ғалымның қамауында отырған жыр тұйғынын Алматыдан, Жәкеңнің қасынан бір-ақ шығарады.
Кезінде С.Дөнентаевтан бастап, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин және т.б. Дихан ағаның творчествосына ден қойып, өсіп-өну жолына үнемі қамқорлық жасап отырған.
Бұған мысал ретінде ақынның өз аузынан айтқан:
«Тайыр:
-Мұқа, бұл әлгі өзіңіз «оқып шықтым, ұнады» деген «Бармақты» жазған жас ақын Дихан,- деді.
Мұқан Тайырдан көзін алып, менің жүзіме қоңыржай қарап тұрды да:
-«Бармақты» жазған 16 жылдың көтерілісіне өзі қатысқан ересектердің бірі ме деп едім. Ол жылдағы балаң жанның өзінше көргені мен сезгені екен ғой Диханның жазғаны,- деп Мұқан мені бұрыннан білетіндей іштарта айтты»,- деген әңгімесін көлденең тартуымызға болады. Бұл сол жылдардың өзінде тарлан жазушылардың қатарына қосылған М.Әуезовтің өзінен кейінгі жас талапқа берген үлкен бағасы еді.
Енді тікелей Д.Әбілевтің творчестволық еңбек жолына келер болсақ, онда ең алдымен Семейде оқып жүріп С.Дөнентаевқа өлеңдерін көрсетіп, сынатқан. Оның сол кездегі бірлі-жарым өлеңдері «Кооператив», «Қызыл әскер» сияқты, сол Сәбит сынынан өтіп барып «Жаңа ауыл» газетіне жарияланған. Бірақ болашақ халық жазушысы ол кезде өлеңді өндіртіп көп жазбаған. Оның өлең жазуға бүтіндей берілуі Алматыға келіп, журналистер институтына түскен кезінен басталады. Алғашқы дәуіріндегі Дихан ағаның өлеңдерінде екі Сәбиттің де, Бейімбеттің де идеялық творчестволық ықпалы байқалады. «Соп-соп борозда», «Оянып кетпегенде», «Ызақор еді Серіағам» сияқты егіншілік, еңбек өмірін нақты суреттеген өлеңдерінде Диханның алғашқы ақындығы танылады. Мәселен, оның 1932 жылы жазған:
Күркіреп ақты көк өзен,
Көкала толқын көкке атып.
Тулатты толқын тауларын,
Кетердей жерді аударып.
Долы Ертіске қарасаң,
Баяғы ағын, сол ағын.
Жуып жатыр таласып,
Көпірдің діңгек балағын,
деген «Көпір» атты өлеңінде ақынның суретшілік қабілеті айқын байқалады.
1930 жылдары Дихан өлеңді бұрқыратып көп жазады, көп оқиды, білімін де, ақындық тәжірибесінде толықтыра береді. Тек институт көлемі ғана емес, Алматыдағы әдебиетші-жазушылар ортасы да ақынға үлкен мектеп болады. Диханның көптеген өлеңдері республикалық газет-журналдарда басылады. 1937 жылы «Шалқыма» атты поэмасы, 1939 жылы «Сүйемін» атты өлеңдер жинағы жарияланады.
Дихан шығармаларының ішінде жылы, суретті лирикалар да, жұртшылықтың жақсы назарын аударған «Шалқыма» сияқты поэмасы да бар еді. Тақырып жағынан алатын болсақ, екі жинағына ортақ бір нәрсе: ақынның «Қуат» поэмасынан бастап, «Чапаев», «Мерген бала», «Оқ», «Отан үшін» сияқты өлең-жырларына дейін бәрі де Отан қорғау, кеңес әскерінің жеңімпаздығын, күрестерін бейнелеуге арналған. Сондай-ақ, «Испан қызы», «Ремедиос» секілді империалистердің басқыншылық арандату әрекеттерін әшкерелеуге арналған ұзақ сюжетті өлеңдері де Отан қорғау тақырыбын тереңдете түседі.
Осы жинақтарына кірген «Кел, жігіттер», «Қызыл жалау», «Таңертең», «Торғай», «Қызғалдақ», «Қырғыз қызына» сияқты лирикалары Диханның лирик-ақын екендігін байқатады.
Дихан ақындығының екінші дәуірі, яғни, өсіп қалыптасқан кезі Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдарда басталады. Оның ақындық жолда өсуіне толып жатқан себептер бар. Алдымен ақын от пен оқ кешкен майданда жүріп солдат өмірін, соғыс уақиғаларын нақты жырлады. Шындықтың өзімен қоян-қолтық араласты. Ал қашанда болсын өмір шындығының өзі адамға ең ауыр мектеп қой, сол өмір, соғыс шындығы ақын қаламын төселдіріп, жетілдіре түсті.
Ұлы Отан соғысы ақын поэзиясындағы ең орталық тақырып. Бұл тақырыпты меңгеруге ақын әр жағынан, әртүрлі шеберлік, жанрлық ерекшелігімен келеді. Дихан бірқатар өлең-жырларында, поэмаларында сұрапыл соғыстың қатал жорықтарын, кеңес патриоттарының жауға деген ыза, кектерін, ерлік күрестерін баяндаса («Жұлдызды жігіт», «Біздің батыр полковник», «Жаңа жыл кеші», «Москва түбінде», «Неман», «Төмпешік»), енді бір келесі лирикасында ол соғыстағы жауынгер солдаттың туған жерге, достарына, туыс-жақындарына деген сағыныш, жалынды ыстық махаббатын әр алуан сюжет, ақындық мотив, көркемдік формамен бейнеледі. Мәселен, олардың қатарына «Қоштасу», «Жан сөзі», «Сүйген жарға», «Мені де, сені де», «Сағыныш», «Құздағы жұлдыз», «Ақ үйде», «Күй», «Туған елге», «Тастақ», «От», «Тоты», «Қайда кеттің», «Сол күн үшін», «Бөбегім», «Ботакөз» т.б. өлеңдерін жатқызуға болады.
Бұдан басқа оның майдандағы солдаттың соғыс жайындағы тіршілігін, нақты тұрмысын, сезім күйлерін суреттеген лирикалары да қызықты. Диханның «Шылым», «Алабаған», «Құты», «Бұғы», «Кәрлен кесе» жырлары осындай өлеңдер.
Дихан қазақтың басқа жауынгер ақындарынан ерекше бір тақырыпты, атап айтқанда, Қиыр Шығыс, Жапониямен соғыс тақырыбын бырсыпыра жырлап қайтты. Бұл сол кезде қазақ поэзиясындағы тың тақырып болатын.
Диханның соңғы дәуірдегі поэзиясында лирикамен қатар эпикалық шығарма елеулі орын алады. Ақынның соғыс тұсындағы поэзиясында суретшілік, сюжеттілік, шағын өлең арқылы белгілі бір ойды, тартыс түйінін қорытып отыру әдісі соғыстан кейінгі дәуірдегі шығармаларына тереңдей қалыптаса түседі. Тақырыпты меңгерумен шеберлігін жетілдіру ақын үшін маңызды бір творчестволық мақсат болады.
Жоғарыда біздер Диханның табиғатты, өмір көркін жырлаудағы шеберлігі бала кезінен оянған талантының жарқ етпе көрінісі дедік. Мәселен, Алтай тақырыбына арналған лирикалары мен поэмаларында оның Ертісті, Зайсан көлін, Үлбе өзенін жарқын да сұлу суреттей алған шеберлігін танимыз. Жылдың төрт мезгілі, көктем, тың даладағы егіс тақырыбына арналған табиғаттың алуан түрлі құбылыстарын, сол жарастықты табиғат құшағындағы адамдардың еңбек өмірін берудегі суреттілігі көрінеді. Ақын бірде:
Достарыңызбен бөлісу: |