10. Ойы терең, қаламы қарымды жазушы
(Зейтін Ақышев)
Зейтін Ақышев 1911 жылдың сәуір айының 18 жұлдызында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы қазіргі «Жарылқапберді» атындағы кеңшарында дүниеге келген. Ата-анасы кедей шаруа болған. 13 жасына дейін ауылдағы бастауыш мектепте, онан кейін Омбыда бастауыш, жеті жылдық мектептерде оқыған.
Ол өзінің еңбек жолын 1931 жылы бастады. Әуелде Баянауыл аудандық оқу бөлімінің іс жүргізушісі, кейін оның инспекторы, жеті жылдық мектептің мұғалімі, директоры болды. 1939 жылы Семейдің педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, Павлодар педучилищесінде оқытушы, орта мектеп директоры, Павлодар, Талдықорған облыстық оқу бөлімдерінің меңгерушісі қызметін атқарды. Алматыдағы оқу-педагогика баспасында аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болды. 1955-1960 жылдары республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторы, 1965-1969 жылдары Қазақ ССР Министрлер советінің аппаратында аудармашы редактор, ал 1970-1972 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми редактор болды.
1969 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Оның «Ағаш үй» деп аталатын тұңғыш өлеңі 1932 жылдың айында Павлодар округтік «Колхоз» газетіне басылған. Одан кейін бірнеше әңгіме, повесть, романдары жеке-жеке кітап болып шыққан. Біразы орыс тіліне де аударылған.
Зейтін Ақышев драматургия саласында да біраз еңбек еткен («Жаяу Мұса», «Келіндер»). Ол көркем аудармамен де айналысқан. Мәселен, бірқатар оқу-методикалық құралдар мен оқулықтардан, саяси, ғылыми кітаптардан басқа, В.Панованың «Кружилиха» романын (1952), А.Куприннің «Жекпе-жек» повесін (1955) Я.Колостың «Талай атай» повесін (1956), тағы басқа көркем шығармаларды қазақ тілінде сөйлеткен.
Шығармалары-«Біздің шамшырақтар» Очерктер. А.,1962; «Достарым менің» әңгімелер мен повестер. А., «Ақбел асуы» роман. А., 1971; «Жесірлер», «Бұршақ соққан жер» Дилогия.А., 1973, 1976; «Жаяу Мұса» Роман. А., 1981; «Шынардың шыбығы» А., 1987; «Бәрі де есте». Повестер мен әңгімелер. А.,1982.
Зейтін Ақышевтің «Жазушы» баспасынан шыққан «Достарым менің» атты кітабы әңгіме, хикаялардан тұрады. Автор мектеп жастары мен ауыл интеллигенциясының өмірінен іріктеп алған оқиғаларды әңгімелеп береді. Кітапта «Сұңқарқия жазығы», «Күрең бедеу», «Сырттан оқитын Сырттанбай» және «Теңгенің темірі» деген қызықты хикаялар баяндалады.
«Күрең бедеуде» жазушы өзінің балалық шағын, күрең бел туралы жазады: «Мен бала кезімде қағылкез, ұршықша иірілетін шапшаң, аттың жалында ойнайтын пысық едім. Сондықтан шығар деймін, ат жаратып бәйгіге ат қосатындар күндік жерден іздеп келіп, әкем мен шешемнен қолқалап сұрап кететін. Сөйтіп мен бәйгі аттың басына көп шаптым. Мінген атым «далада тезек теріп» қалған емес, олжасыз қайтқан жолым болған жоқ. Мен әкем мен шешемнің кенжесі едім. «Тентек сары тең құрбысынан кем болмасын, кемдік көрмесін» деген болу керек, өзім ес біліп, ат жалын тартып мінгелі біздің үйдің босағасынан бір тәуір жылқы кеткен емес.
Балалық дәуір өтіп, қызды ауылдың сыртына жақындаған сайын үзеңгі бауды сірестіріп, аттың басын тарта қамшылайтын болған кезде біздің үйде бір күрең бие болды. Қысы-жазы жоны таймайды, жазғытұрым өлі жүні түлеп түсіп, аузы көкке тигенде кәдімгі күрең пұлыштай құлпырады. Өзі де жүзіктің көзінен өткендей, жарты қарыс құлағы тас төбесінде шаншылады да тұрады. Сыбдыр білінсе көзі шатынап, басын жұлып алатын. Сымпыс құйрығын көтеріп, төрт аяғы дамыл таппай тыпыршып, ата жөнелуге ыңғайланып тұрушы еді»,- деп жазушы күрең биесін есіне алып, осылайша суреттейді.
«Күрең бие бедеу еді. Өмірі құлындаған емес. Әкем «жануардан тұқым алам» деп талай айғырға қосты, бірақ құлындамады. Ол кезде ел сауықшыл-ақ. Әйтеуір ат шабыс көп. Ат шабыс ол кезде әрі ермек, әрі спорт қой. Ал күштілердің күш сынасатын, бақ таластыратын жері. Біреулер: «ат шаппайды, бап шабады »,- дейді, енді біреулер: «ат та шаппайды, бап та шаппайды, бақ шабады» дейді. Тегі соның жөні бар. Иесі күшті болса, аты жүйрік келеді.
-Күрең биені жаратып күзгі ат шабысқа қосам,- деді әкем бір күні,- бұл құралақан мал емес, аяғының желі бар. Көкпарға салғанда таңертеңнен кешке дейін бір талмайды, қоянды бұлтартпайды, қашағанды албастыдай басады.
-Әйд-а-ә-әйт деген! Байтал шауып бәйгі алмас! Күрең биенің бәйгісімен байиын деген екенсің, дәмең зор екен деп шешей мазақтап күлді.
Ыза боп кеттім. Жаздай терін алдырған өзім, онда ауырсынған жоқ, енді не айтып отыр.
-Өзім мінем,- дедім. Әкемнің көнгісі келмеді. Сонан кейін дауласқаным жоқ, сырымды ішіме бүктім.
Ат шабыс болатын күні ерте тұрдым да, биені ерттеп мініп, алдым. Әкей олай ұрысты, былай ұрысты. Айылын тартып берейін, құйрығын сүзіп, кекілін түйіп берейін деп алдаусыратты да. Біріне де көнбедім. Сол бетіммен оразамды да ашпастан сәске көтеріле жұрт жиналып жатқан Көкөзек бойына келдім»,- осылайша жазушы өзінің бірбеткейлігін білдіреді.
«Ал сырттан оқитын Сырттанбайда» жазушы Сырттанбай Қуысов мұғалім болып жүргенін, сырттан оқуға түсіп сессиясын ала алмай, жолы болмай келетіні жайында қызықты әнгімелейді:
Сол кезде Сырттанбай мұғалім әдейілеп қалаға барып, институтқа сырттан оқуға түскен де, сол туралы қағаз алған. Сол қағаздын күшіне ол күні бүгінге дейін «құдіретіндей» сенеді.
Сырттанбай сырттан оқуға салқын қарайды деуге аузың бармайды, обалы нешік, жыл құрғатқан емес. Оны айтсаңыз жазғы сессия жақындады- ау дегенде одан бұрын қамданатын мұғалім жоқ. Көп оқығанмен не керек, дәл емтихан кезінда «құдай қара бастырып» ең болмағанда бір пәннен құлайды. Бірақ, сонда да үмітін үзбейді. Тосыннан көрген адам Сырттанбайды мұғалім демес еді. Ауыл тұрғындарының өзі қолтығына қысқан бір-екі кітабы мен он шақты дәптерін көргенде ғана Сырттанбайдын мұғалім екенін жаңа білгендей болады.
Кітап дегенде оның білетіні баяғы «Ана тілі» оқулығы. Одан кейінгісі – 3 класстың арифметикасы. Оның көптеген жылдардан бергі серігі де, құралы да осы 2 кітап. Сырттары кірлеп, шеттері мүжіліп, бірлі-жарым беттері жыртылып қалған, бірақ ол оның сабақ беруіне бөгет бола алмайды, өйткені осы екі кітаптың ішіндегісін жаттап алған. Өйтпеген де ше! Сырттанбай өмір бойы үшінші класты оқытып келеді...»
Жазушының осылайша келтірілген үзінділерінен-ақ Сырттанбай мұғалім аталған адамның қандай екенін, институтта сырттай оқып жүріп, сол оқитындығы жайындағы тілдей қағаздың күшімен мектепте сабақ беріп жүріп, бір – екі кітабы мен он шақты дәптерімен, ескі кірлеу болса да оқушыларын оқытып жүрген, жыл сайын қалаға оқуға аттанып, емтиханнан құлап, жолы болмай келетін Сырттанбайдың бейнесін көруге болады. Жазушы осы кейіпкерінің өзінен-ақ өмірде осындай жандардың бар екендігін аңғарады.
«Шынардың шыбығы» атты кітабы «Жазушы» баспасынан 1987 жылы жарық көрген. Роман негізі үш бөлімнен тұрады. І бөлім –«Әкем Құтпан болғанда», ІІ бөлім - «Көшесінен Қараөткелдің сатырлатқан», ІІІ бөлім - «Ішім өлген дүние-ай».
Жазушының бұл жаңа шығармасында ел арасында есімі аңызға айналған әрі сері, әрі әнші Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі жайында баяндалады. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, қилы-қилы кезеңдер мен соқтықпалы соқпақсыз қиын-қыстау қыспақтардан өткен Иманжүсіптің шынында да көрмегені жоқ еді. Оны Райымхан болыс пен Шолақ аяз секілді қанды шеңгелердің зобалыңнан құтқарған тек 1917 жылғы төңкеріс болатын. Романда мұның бәрі нанымды әрі әсерлі суреттелетін.
Зейтін Ақышев бұл кітаптарынан басқа 1971 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ақбел асуы» романында төңкеріс жылдарында Ертіс бойында болған оқиғалар баяндалады. Паша үкіметінің саясатына қарсы бас көтерген Арын, Бәшен, Балташ, Қаңтарбай сияқты қазақ жұмысшылыры мен кедей шаруалар-орыс күрескелері – Ермаковпен, Кузенковпен қол ұстасып, ұлы шайқасқа араласады. Кітап кеңес үкіметі тұсында жаңа адамның қалыптасуын көрсетумен аяқталады. Роман тоғыз тараудан тұрады.
Алғашқы тарауда жазушы оқырмандарын Ертістен таныстырады, оның тасуын, жұрттың басқа жақтан қоныс іздеп, көшуін әнгімелей отырып, кейіпкерлерінің портретін береді. Мәселен, Ертісті жазушы былайша суреттейді; «Әйтеуір өзім Ертіс бойына барсам қыңқыл – сыңқылдан арылып, шаншу, сыздау, сырқырау атауларының қайда кеткенін білмей, құлан-таза жазылам да кетем.
Ертіс бойы біздің ата-бабамыз туып өскен, кірін жуып, кіндігін кескен, өрім- бұтағын үрбіткен ата мекеніміз. Белуардан келетін көкмайса, жайқалған ну орман... Арқаның жібек желі бетіңді желпіп өткенде, бетегесі қаракөк пүліштей құлпыратын ұлан-байтақ дала..»
Ертістің мұзы қозғалып, сен жүрген кезін: «Сатыр- сұтыр етіп көшіп жатқан мұз. Бірін-бірі басып-жаншып қитара жапыра ілгері ұмытылады. Кейде өкіргені, күрілдегені, күрс етіп сынғаны естіледі. Жылжыған қалын сеңнін алдынан тосқауыл кездесіп кептеліп тұрып қалса, мұз ұмар-жұмар боп бірінің үстіне бірі шығып кетеді. Сол кезде су көтеріліп тасып, маңайдағы елдің есін шығарады, жұрт « Ертіс көтеріледі» десіп аласапыран болады.
Ертіс көтеріліп су тасыса-ақ жиектегі ауылдардың бар қолынан келгені қора-қопсысын тастап, жеңіл – желпі жүгін арқалай, бірлі – жарым тұяғын алдына салып қырға қарай дүркірей жөнелу болатын », - деп суреттейтін.
Ертістің сол жылғы тасуы біздің ауылға өлмес күніңді ойлан, жаңа қоныс ізде, ескі қонысың мен қоштас дегені еді деп, отыра берсең, тасқынның астында қалып өлесің тұншығып – деп ескерткендей болды. Біздің әкей Қаңтарбай ағамдар құр даурықпаға ере қоймайтын адамдар еді ғой. Бірақ осы жолы алды – арттарына қараған жоқ, бүкіл ауыл болып қырға қарай жөнелді- дейді жазушы. Осындағы Қантарбайды былайша таныстырады: «Қаңтарбайдың бар байлығы төрт баласы мен Қатшасы, жалғыз бұзаулы сиыры, қара өгіз, он шақты ұсақ тұяқ. Тағдырдын жазғанына әуелден бас иіп көніп алған адам оған қарсы тұруды күнә деп білетін еді. Бүгін де сол: Тағдырдың бізге бұйырғаны осы шығар -деп екі кішкентайын тонының етегімен орап отыр. Ең кішісі Қатша анамның бауырында. Маймұна екі көзі жаутаңдап, су астында құрып бара жатқан қораларға қарай береді. Балташта аяйтын ештеңе жоқ. Өзі біздің үймен Қаңтарбай ағамның үйіне көмектесіп жүр. Анда-санда көзі жалт етіп Маймұнаға қарап қояды. Мұндағы Балташ бейнесін Баймырза атай қайтыс болғанда мен есімді шала-пұла білем. Ол кісі ұзын бойлы, қара шұбар шал еді. Біз ол кісіні аңшы ата дейтінбіз. Балташ сол Баймырза шалдың жалғыз ұлы. Жасы жиырмадан асқан шығар деймін, дембелшең, денелі әдемі жігіт. Өзі ақкөңіл, адал, досының табанына қадалған шөгір өзінің маңдайына қадалсын дейтін, біреулер болады ғой, дәл соның өзі. Екі-үш жыл бойы Қасымбектің жылқысын бағыпты. Балташ әуелде Керекуге көшпек болған екен, «қартайғанда қаланың шаңына тұншығып өлер жайым жоқ»,-деп шешесі көнбепті. Ақыры олар Ақбел бойындағы нағашысына көшпек болды. Нағашысының ішіндегі ең жақыны, еті тірісі, бас көтерері –«Бәшен». Қалиман кемпір мен Балташ көшіп келген бетте осы Бәшенді паналаған. Зердлі Балташ Бәшенге ұнайды, оның өсе келе ер азаматқа басшы болатынын Бәшен біледі. Бәшен - әйгілі қайсар. Төніп келген ажалдан да қорықпайды. Бұл екуіне Қарақойтас түбіндегі қырық үй Мамай ғана емес, қалың бұқара арқа сүйейді, медет тұтады. Екеуі Ақбел өміріндегі елдің жігітіне бас болып, атқа мінгізеді, қолдарына найза ұстатады. Роман соныңда Керекуде кеңес үкіметі орнағаны айтылады. Қаңтарбай сайланады да, жер-су шаруасын басқару соған жүктеліп, Қаңтарбайдың жаңа биікке шығып шырқауымен аяқталады.
З.Ақышевтың 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан әйгілі «Жаяу Мұса» атты роман кітабында қазақтың белгілі әнші-композиторы жаяу Мұса Байжановтың өмірі арқау етіп алынған. Автор Мұса өмірін суреттеу арқылы ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласының жай-күйін, оның саяси-әлеуметтік бет-бейнесін жақсы көрсете білген. Мұса Байжановтың өнер жолындағы алғашқы қадамынан бастап, халық сүйіспеншілігіне бөленген белгілі әнші, белгілі компазитор дәрежесіне көтерілуін, әділет үшін күрестің мойымас майталманы болуын автор сол кездегі ішкі-сыртқы оқиғаларға тығыз байланыстыра отырып нақты белгілеген.
Романның оқиғасы қою, кейіпкерлері іс-әрекеті тарихи фактілер мен көркемдік синтез арқылы тұтастық тауып, ситуациялар көп жоспарды шығармаларға тән байсалдықпен дамып отырады.
Шығарманың тілі нәрлі де нақты. Жаяу Мұса әділетсіздікке қарсы, зорлық пен зомбылыққа қарсы тілі мен үнін құрбан етіп шайқасып өткен адам. Ол бар өміріне Жасыбай мен Ақшоқыда өткізетін жан емес,оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ десе де болғандай. Сол жерлерде ол талай адамдармен кездеседі. Бала жасынан жоқшылықпен таршылықты көріп өседі. Ермегі кітап оқу, қағаз жазу, еріккенде ит жүгіртіп, құс салу, Ақшоқының шыңдары мен құздарына тор құрып, қоян, шіл, бұлдырақ аулаумен болған. Жаяу өміріндегі ең қызықты, ең бақытты кезең осы бір жылдар болған. Оның бар ойы, бар арманы қалған өмірі әйелі Сапармен, әнмен, аңшылықпен өткізу болған екен. Ал өміріндегі ең үлкен қуаныш – Сапардан үш нәресте көреді. Тұңғышы қыз еді. Оның атын Тобылғыдағы адвокат Рубановқа берген сертімен Анка деп қойған. Өзі жоқта кемпір-шал жас баланың атын- Бибіқамыр деп қояды. Бірақ ол Сапура мен Жаяуға ұнамайды. Екіншісі қыз, аты Нәсіп, үшіншісі Салық есімді ұл бала.
Әйелі Сапар сырқаттан жазылмай қайтыс болады. Жаяу басқа әйел алмайды, үш баласын бағады. Жаяудың «Келдім Сапар басыңа» –деген өлеңі бар. Бірақ Жаяудың ел ішінде қадыры кеткен жоқ. Жұрт оның бір ауыз сөзін тындауға құмар. Бүкіл ел оны «Батыр» деп атап кетеді. Жалғыз баласы Салық пен келіні Күлзимаға өле-өлгенше риза болып кетеді.
«-Құдай тағала маған 94 жыл тіршілік берген екен,- деп толғанып кетеді кейде. Бірақ сол өмірдің кейінгі он шақты жылы болмаса, арғы жағы түгел азаппен, қорлықпен, айдаумен, жоқшылық-таршылықпен өткенін ойлап налиды, өкінеді белгілі әнші – компазитор Жаяу Мұса Байжанов»-деп жазды З.Ақышев өзінің «Жаяу Мұса» романында.
Достарыңызбен бөлісу: |