11. Ел мен жердің жанашыры (Ә. Нұршайықов) Белгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың очерктері мазмұны жағынан да, түрі жағынан да әр алуан. Оның очерктерінің тақырып аясы кең, сөз етер өмірлік объектісі алуан сипатты болып келеді.
Ә.Нұршайықовтың очерктері оқырманын өзіне еліктіріп, жетелеп отырады. Тілі қарапайым, жалпы оқырманға түсінікті. Әсіре қызыл сөздерді тізбектемей–ақ айтар ойын жеткізеді. Журналист өмір шындығын, оның өзекті, көкейкесті мәселелерін көтеруден шет қалып көрген емес.
Ә.Нұршайықов қай тақырыпта жазбасын объектісін терең зерттеп, көргенін көңілге түйе білетінін, әр түрлі мамандық иелерімен тіл табысып, жан сырын ақтарысып сөйлесе білетінін аңғартады.
Ә.Нұршайықов очерктерінің шоқтығын көтеріп тұрған тағы бір ерекшелік – очерктірінің форма жағынан алуан түрлі келетіні. Ол очерктің бүгінгі замандас бейнесін сомдауға арналған портрет түріне де, бүкіл бір ауданның тыныс–тіршілігін қамтитын аналитикалық, проблемалық түрлеріне де, очерк–диалог, очерк–хат секілді сирек ұшырасатын түрлеріне де жиі қалам тартқан журналист. Очерктің қай – қайсысын болмасын өзіндік әдіс, тәсілмен жазады. Очерктерінде оқиғалар, еңбек процестері, характер қақтығыстары, нақты диалогтар, суреттей баяндау мен психологиялық мінездеме, мақал – мәтелдер мен нақыл сөздер алма – кезек алмасып, еркін пайдаланылады. Сөйтіп, очерктердің тартымды оқылуына, көркемдік қуаты артып, оқырманға тигізер әсерінің күшеюіне жол ашады.
Нұршайықовтың очерктеріне не нәрселер тән, оның өзіндік ерекшеліктері қандай, жазушы очерктері бізге несімен құнды? Енді осыған келейік.
Біріншіден, Әзілхан очерктерінен сол кезеңнің тіршілік – тынысы, жәй – күйі, адамдардың мақсат – мұраты, міндет – межесі барынша айқын көрініс тауып отырады.
Екіншіден, Әзілхан ұсақ – түйекті сағалап кетпей, өмірдің өзекті мәселелерін таңдап ала біледі. Сондықтан да оның очерктерінің көпшілігі проблемалық туынды дәрежесіне дейін көтеріліп жатады. Журналист очерктерінде халықтар достығы, интернационализм, соғысты болдырмау, бейбітшілікті баянды ету сияқты заманымыздың көкейкесті мәселелері кең көрініс табады. Әлбетте, қаламы кешегі кеңес дәуірінде қалыптасып, кеңес саясатына қызмет еткен журналистің қай – қайсыда бұл дәстүрден аттап кете алған жоқ. Сондықтан біз қайсыбір журналистің шығармашылық жолын сөз етіп, оның еңбегіне баға бергенде сол дәуірдің ерекшелігін естен шығармайтынымыз ақиқат.
Үшіншіден, Ә.Нұршайықов очерктерінде тамаша еңбек адамдарының, шын мәніндегі патриот адамдардың, өндіріс озаттарының, жаңашыл малшы мен диқанның, ғалым мен шаруашылық басшысының өнегелі бейнелері жасалады. Іскерлік еңбекқорлық дәріптеліп, ол көпке үлгі - өнеге ретінде алға тартылады.
Төртіншіден, Әзілхан очеркетерінің оқиға желісі қызықты, тартымды, фактілер мен деректерге бай келеді. Журналистің көркем тілі, материалдың мазмұнын байыта түседі, оқушысын еліктіріп, еріксіз тартып отырады.
Ә.Нұршайықов ең алғашқы очеркі – «Павел Фомич» атты туындысын «Біздің елімізде жаңашыл да талантты адамдар көп» ,- деп бастайды да сондай адамдардың бірі Павел Фомич екенін, оның кім екенін және жаңашылдығының неде екенін өз оқушыларына қысқа әрі жеңіл тілмен жеткізеді. Негізгі тақырыбы мал шаруашылығы, ірі қараның салмағын арттыру, әр сиырдан алынар сүтті молайту болғандықтан осы саланың өзекті мәселелерін жан – жақты сөз етеді. Ешқандай әсірелеу жоқ. Тілі қарапайым, жеңіл оқылады.
«Егін орағы» атты екінші бір очеркінен еңбек адамдарының қайнаған қызу жұмыс ортасындағы кескін–келбеті, ішкі сырлары есіңнен шықпастай әсер қалдырады. Сол оқиғаның ортасында өзің жүргендей сезініп, қуанып, ренжісе еріксіз қабақ шытасың. Очерк ә дегеннен оқушысын өзіне тартып, баурап алады. Егін орағы кезіндегі табиғаттың дүлей мінезін суреттей келіп, автор кейіпкерін іс үстінде көрсетеді.
Чапаев атындағы колхоздың екінші егін бригадасының бригадирі, орта бойлы, дембелше келген, соңғы күндері сақал–мұртын қыруға мұршасы келмегендіктен, дөңгелек бетін сақал қаптап кеткен орта жастағы Қалтаев Рыстай аспандағы алақандай қара бұлтты көзі шалғаннан–ақ мазасы кете бастады. Көз аштырмай тұрған осы бір жауыннан безер болған жүрегі қатты сескенген сияқтанады.
Очерк төрт бөлімнен тұрады. Әсіресе, «Ашу мен қайғы» бөлімін бөле – жарып қараған жөн. Ол оқушысын елең еткізерліктей желіге құралған, тартысы мол, оқуға жеңіл.
«Сақан Садуақасов қатты ашуланды. Оның ыза болғандығы сондай, бір сәтке қолындағы оқтаудай қара темірмен комбайнер Хауза Хаджимуратовты қарақұстан қағып жіберіп, миын аузына түсіргісі келді...».
Бөлімнің беташар осы жолдарын оқығанда Сақан көз алдымызға ұр да жық, әпербақан біреу болып елестеуі мүмкін.Бірақ, негізінде олай емес. «ДШ 11–65» нөмірлі жүк машинасының шофері Сақан Садуақасов қырмандағылардың сүйіктісі. Ол «төрт дөңгелекті дөңгелетсем болды, шаруам сонымен бітті» деп тұрмайды. Қырманға астық әкелсе де, қырманнан қабылдау пунктіне барса да қарап тұруды білмейді. Қайта да қасындағыларға қол ұшын береді. Елгезек, ақкөңіл жан.
Біз мұны автордың баяндауынан емес, оқиғаның өрбуінен, кейіпкердің іс-әрекетінен сеземіз.Олай болмаса, комбайнерді «қарақұстан қағып жіберіп, миын аузына түсіргісі келген» Сақанды, қырмандағылар жақсы көреді дегенге қалай сенесің.
Ә.Нұршайықовтың «Ұлыма хат» атты очеркінде бала тәрбиесі, жеткіншек ұрпақ тәрбиесін бүгінгі күннің көкейкесті проблемасы ретінде сөз етіп, толғақты ой қозғайды. Журналистің осы екі ай мерзім ішінде ұлына жазған жеті хатынан оқырман қауым қаншама әсер алды десеңізші. Очерктің әр жолын оқыған сайын әкенің ұлына деген ақ – адал көңілі мен мейірімі, бейбіт заманымыздағы бақытты қазақ отбасының өнегелі өмірі, бүгінгі замандастарымыздың жан – дүниесі көз алдыңа келеді.
Ақнұр мен әке бейнесі, ана жүрегі, сондай–ақ аға–апаның бір-біріне деген бауырмалдығы шуақты сезімге бөлейді. Мынау кең дүниедей шексіз ана мейірімі, дархан даладан кең әке пейілі еріксіз өзіне ынтықтырып, өзіне баурап алады. Мейірімділікті – анадан, дархандықты - әкеден үйренгің келеді.
Ә.Нұршайықовтың «Мақташылар» очеркі де осындай шабытпен жазылған туынды. Автор Мырзашөл даласына қоныстанған Шымкент облысының үш ауданы «Мақтарал», «Киров», «Жетісай» аудандарын аралаған, көріп, көңілге түйгендерін ақ қағаз бетіне түсірген. Очеркте бар байлығын құм төсіне жасырып, тусырап жатқан даланы берері мол дархан өңірге, шын мәніндегі мырза өңірге айналдырып түлеткен, гүлдендірген қарапайым адамдардың ерен еңбегі, әр түрлі ұлт өкілдерінің игі іс үстіндегі шынайы достығы, ұлтшылдығы, еңбек бәсекесі сөз болады.
«Біз мұнда мақта майданының ең қызу кезінде келдік. Әрине, ат басын ең алдымен «Мақтарал» совхозына тіредік, өйткені Шымкент облысының оңтүстігіндегі мақталы аудандарының қақпасы осы совхоз. Бұл шаруашылық осыдан елу жыл бұрын орнады. Мырзашөл даласында ең алғашқы мақта осы жерде егілді. Елсіз, сусыз далада алғаш орнаған әлсіз шаруашылық шөл мұхитының астынан шыққан шағын арал сияқты боп көрінді. Сондықтан «Мақтаарал» атанды. Кешегі кішкентай арал бүгінде мақтаның айдынды мұхитына айналды»,- деп жазады автор.
Жалпы, Әзілхан ел ішін көп аралаған журналистердің бірі. Алғашқыда «Дружба народов» журналында «Қазақстанды аралағанда» («По дорогом Казахстана») деген атпен басылған «Астық» атты очеркі осы сапар саздарынан туған. Автор мұнда қазақстандық миллиард үшін күрес жорығына қатысқан арқа даласындағы іргелі облыстар Павлодар, Ақмола, Көкшетау еңбекшілерінің қажырлы еңбегін тілге тиек етеді.
Очерктің өн бойындағы тартыс, шегіністер аудандық атқару комитетінің председателі Махмед Қайырбаевтың маңында өрбиді. Қайырбаев іскер ұйымдастырушы, еліміздің түкпір – түкпірінен тың игерушілермен тіл тауып сөйлесе алатын, қарауындағы жұртқа айтқанын орындататын басшы.
Ә.Нұршайықовтың тағы да бір ауызға алып, мақтауға тұрарлық очеркі «Алыстағы ауданда» деп аталады. Очерк кішігірім повесть іспеттес.Очерк нақты адамдар мен нақты өмір құбылыстардың образды түрде бейнелеп көрсетеді.
«Боран даладағы азын-аулақ шөпті көміп тастап,әр таудың қуысындағы жыртық, жүдеу, мыжырайған, мал қораларынын есік-тесігін бірдей бітеп, олардың үстіне мыстан кемпірдей ойнақтап, отырып алды.Адам дала қойынын тінтіп, қарды қазып, қыстап, ашалап шөп жинады, ол шөпті боран сонынан жып-жылмағай болып қалған, қар астындағы қораларды аршып, солардын ішінде азынап, тілін тістеп, тісін шықырлатып тұрған малдың аузына тосты. Дәл бір адамға ерегіскендей көктем де резинка арқандай созылып, ұзалаңдай берді. Әр күнге сығырая қарап, жылу күтіп, жақсылық дәметкен аудан адамдарды ауру баласының кірпігін баққан анадай сарғайды ».
Міне, «Сұлутаудың» теріскейінде орналасқан жаңа совхоздың өзгеше болып келген қыс қаһарымен арпалысы, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі осылай суреттеледі. Очерк желісі аудан басшысы Асановтың шалғай шептегі бір шаруашылықты аралаған сапары туралы. Шығарманың басты кейіпкері бүгінгі қол жеткен табысқа белшемнен баттым деп қаннен – қаперсіз күн кешетін тоғышар емес. Ол бүгінен гөрі келешегін көбірек ойлайтын, үнемі алға қарайтын қызметкер.
Нақ сондай – ақ журналистің «Жүгері туралы жыр» атты очеркіндегі колхоз председателі Николай Никитич Головацкий бейнесі де іскер басшы, көптің сүйікті адамы ретінде тұлғаланады. Оның образы шығармада әдемі жасалған. Әйгілі колхоз басшысының мінезі, рухани дүниесі мақсат – мүддесі, ой – сезімі шындылықпен суреттелген.
« - Мен бұл атты («Жүгерінің жырауы» деген) мақтаныш тұтамын. Ал жастар менің осы жырымды, көп жырлап айтқан ақылымды іске асыра берсе болғаны маған. Бұдан өзге ештеңенің керегі жоқ».
Кейіпкердің осы сөзі арқылы автор оның күнделікті жұмыс барысында колхоз еңбеккерлеріне, әсіресе, жастарға жүгері өсімдігінің қасиеті, ерекшеліктері, пайдасы жайында ертегі – жырдай ғып айтуды дағды еткен адам екенін айқын аңғартады.
Екінші бір шығарма кейіпкері Күлғайшаның да «Жүгері жырауынан» алған тәжірибесі, көп үйренгені оның әңгімесінен байқалады. Автор очеркте Күлғайшаны және оның еңбектес достарын іс - әрекет үстінде суреттеп, оқиға жүйесін өрелі істерге бұрады. Очеркте бүгінгі замандас бойына тән көптеген ортақ игі қасиеттер мен мұңдалап тұр. Күлғайшаның өмір өткелдерінен ұтымды келтірілген шағын көріністер қаһарман тұлғасын аша түседі.
Очеркте еңбек адамдарының жақсы ісі, жарқын табысы ғана көрсетілмейді. Кейіпкер характері, жан дүниесі ашылып, портреті сол қалпында көз алдыңа келеді: «Далапсыз ерін, сүрмесіз қас, табиғат тәнге құйған бояудан бөгде сызат, сызық жоқ. Қоспасыз қою кірпік, қолаң шаш». Жүгеріші әйел Күлғайшаның осылай кескінделген портретін оқығанда нағыз еңбекші қазақ әйелінің сүйкімді сымбаты еріксіз көз алдыңа келеді.
Ал, «Ертіс жағасында» очеркінің басты кейіпкері Қалқаман станциясының түбіндегі жаңа совхоздың трактор бригадасының бригадирі Павел Ефимович Рудь. Рудь болғанда бір кезде «Степь да степь кругом» деп ән салған, көз алдындағы көсіліп жатқан жалпақ даланы құбыжық көрген тың игерушілердің бірі. Уақыт өте берді. Дала төсіне алғашқы бороздалар салынды, тың дала төсі алтын алқапқа айналады. Алғаш айналасына самарқау көз салатын жігіт енді өзі түрен салып түлеткен өңірге ынтығып қарайды көзін айырғысы келмейді.
Павел Ефимович алғаш бойы үйрете алмай жүрген жылдары қол ұшын беріп, ағалық ақылын аямаған Қасым Қайырбаевты қазір ауырып жатса да ұмыта алмайды: «Ол бізді қалай өз соңына ертіп, топтастырып алды десеңізші,өз жүрегінің отымен тұтатты да,тура жанымыздың жалынын лаулатты.
... Совхозда осы жасалған дүниенің бәріне де парторг Қайырбаевтың көп үлесі бар. Әредікте үйіне барып, көңілін сұрап жүреміз. Аурумен алысып жатса да, ол совхоз ісіне үнемі құлақ түреді, бәріміздің жайымызды сұрап жатады»,- деп ризашылығын білдіреді тыңгер.
Факт – очерктің өн бойында өріліп отыратын алтын арқау. «Кезең, мерзім қойып отырған міндеттерге сай фактілерді бағалай білу, оларды белгілі бір ой мен пікірдің төңірегінде шоғырландыра білу, образ жасауға зор кеңшілік туғызады». Осы орайда Ә.Нұршайықовтың тағы да бір сырт көзге жиналыстың есебі болып көрінетін фактілерге жан бітіріп, комсомол конференциясында айтылған сөздер мен ойлар арқылы өмір картинасын жасаған, адам образдарын сәтті шығарған очеркі «Талқы» деп аталады.
Очерктің арқауы да, желісі де ауданда өткен комсомол конференциясы. Осы конференцияға қатысып отырған Елеутаев, Молшин бейнелерін, психологиясын берудегі шеберлігі журналистің ойы жүйрік, қиялы ұшқыр, қаламы қарымды екенін танытады.
Жазушы өз геройларын былайша суреттейді: «Елеутаев өзінің оң жағында отырған аудандық комсомол комитетінің екінші секретары Молшиннен Будникованың қай жерден екенін сұрап еді, ол өз - өзінен ыржия күліп, басын шайқады. Жайшылықта қызыл шырайлы оның өзі одан сайын албыртып қызарып кетіпті. Басын шайқағанда көзіне түскен ұзын шашы «Енді жығыламын – ау, енді жығыламын – ау» деп аттың тізгінін қоя беріп, жалына жармасып келе жатқан баланың үрейлі жүзін елестетті. Автор осы портрет арқылы өз кейіпкерінің көңіл – күйін бейнелі көрсете білген.
Осы орайда журналистің «Машина» деп аталатын тағы да бір шағын очеркін мысалға алуымызға болады. Онда автор өзінің жеке басы мен отбасынан басқаға жақсылығы жетпейтін облыстық газеттің редакторы Бекен Баймұратовтың характерін оқырманға өте әдемі жеткізеді. Ол осындай адам деп өз кейіпкеріне мінездеме беріп, немесе сынап – мінеп жатпайды. Газет қызметкері Қабыш екеуінің алғашында телефон арқылы, сосын кездескендегі әңгімесінен кейін – ақ оқушы Баймұратовтың қандай жан екенін бірден аңғарады. Ақкөңіл Қабыш оның машина алғанын естігенде төбесі көкке жеткендей мәз болады.Ол редакторға өзінің осы қуанышын білдіреді де. Бірақ, Баймұратовтың тұла бойы тұнған өзімшілдік екенін ол соңынан бір–ақ біледі. Бұл очеркте автор оқушысына адамгершілік, ізгілік, кісілік, тазалық туралы көп нәрсе аңғартады.
Ал, жазушының «Семинар» деп аталатын очеркін оқығанда «Спартак» совхозының орталығына ауданның түкпір–түкпірінен жиналып жатқан адамдардың бет – бейнесі келеді»
«Алдыңғы газиктерден түскен Морценко мен Ганауэр бірін–бірі қалжыңмен қағыта амандасты. Жданов атындағы совхоздың директоры, нардай биік мол денелі Ганауэр машинадан түскен бетте совхоз конторының есігіне қарай аяңдаған болатын. Ганауэрдің машинасын өкшелеп келіп тоқтаған екінші газиктен түскен иығына екі кісі мінгендей еңгезердей кесек адам «Агрономия» совхозының директоры Морценко сабырмен аяғын екі–үш аттап ілгері басты да өзінің ашық қоңыр даусымен тіл қатты:
- Иван Абрамович!
- Ганауэр кілт тоқтап, «Бұл кім» дегендей, арбиған үлкен денесімен тұтас қозғалып артына қарай бұрылды.
- Үңгіріне қарай ұмтылған аюға ұқсап, қорбаңдап конторға қарай жүрмей тұра тұрсаңшы».
Бұл журналист суреттеуіндегі екі совхоз директорының сырт бейнесі. Керек деталь. Адам осы жерден өрбиді. Екі директор да тың даланы игеруге келген тыңның алғашқы түлектері. Совхоз жұмысын жандандыруға жанын салып жүрген іс адамдары. Әр адамның бойында қандайлық мінез барлығы осыдан–ақ шым–шымдап көріне бастайды. Сөйте тұра әзілкеш бір–бірінің қалжыңын көтереді. Екі директордың көкірегінде бұйығы жатқан жүрек сырлары бар. Олары осы совхоздың директоры Біләловке барып, оның хал–ахуалын білу. Біләлов көптен науқас–тын. Қос директор Біләловке бұрын да барғысы келген, бірақ күнделікті тіршілік қол байлау болды. Ауыл маңынан ұзатпады.
« - Қайда жүгіріп барасың? Бұл Морценконың сұрағы – Біләловты сағынып қалып пе едің?
- Қалайша сағынбасқа, сағынғаным рас,-деді Ганауэр Морценконың қолын босатып жатып, - Біләлов кісі сағынбайтын жігіт пе? Шаруакер десең шаруакер, жігерлі десең жігерлі, ал оның ақкөңілділігі, адамгершілігі, достық жүрегі қандай. Міне, соның ауырып жатқанына қанша болды, екі айдай болып қалды. Сонан бері сен неше рет келіп көңілін сұрадың».
Морценконың осы бір жүрек жылытарлық сөзінен соң–ақ Біләловке деген сүйіспеншілігің арта түседі. Шығарманы ынтыға оқисың. Біләлов аудан көлеміне белгілі, беделді адам. Осы совхоздың директоры. Бірақ, ол өткен жолы кездейсоқ кеселге ұшырап аяғын жарақаттап алды. Одан ауданға кетті. Аупартком секретары Қайырбаев та Біләловты ақ жүректі асыл азамат деп біледі. Ал, Біләлов, Ганауэр, Морценко бір – бірінің қамын ойлайтын дос адамдар.
Автордың адам характерін ашудағы тәсілі журналист шеберлігін танытады. Морценконың монологін оқып көрелік: «Ауданда он екі совхоз, он үш колхоз бар екен. Осылардың директорлары мен председательдері саптағы бір отделениенің жауынгерлеріндей болып, өмірдің ащысын бірге көріп, тұщысын бөліп–татып, ортақ жеңіс үшін жан аямай күресіп жүргенде, қатардан шыққан жолдасының жайын білмеу адамшылық па?».
Морценконың бауырмалдық мінезі, ішкі жан дүниесінің сыр–сипаты осы бір жолдардан–ақ көрінеді.
Очерктегі тартыс. Осыдан барып өмірдің шынайы картинасы жасалады. Шығарманы оқу үстінде тартыс арқылы адам характерлерін ашуға тырысқан автордың діттеген жерінен шыққанын аңғарасың. Журналист Біләловты Б.Полевойдың Мересьевіне ұқсатады. Балдаққа сүйенген Біләлов совхоз шаруасынан қалған жоқ. Аупартком секретарының жаны ашығандығына қарамастан семинар жұмысына өзі араласады.
« - Фу, сіз қайдағы жоқты айтады екенсіз, Василий Георгиевич, - деді Боксин Біләловты тұқырта түскісі келгендей. – Бұл Мересьевтің тырнағынан неге садаға кетпейді. Мересьев – Біләлов. Тфу, айтар ауызға, естір құлаққа ұят!».
Қызғаншақтығына құрық бойламайтын Боксиннің характері осы. Боксинге қарсы жағымды образ Біләловтың характерін автор мына штрих арқылы ширата түседі.
Түнде байқаусызда оның «Победасына» бір жүк машинасы соқтығысады. Біләловке балдақ ұстатқан осы оқиға.
« - Жүк машинасының шофері мас шығар, - деді Ганауэр.
- Жоқ, мас емес, - Біләлов столының тартпасын ашып әлде бірдеңені іздей бастады. – Ол Өзбекстаннан көмекке келген бір коммунист шофер еді. Жұмысты өте жақсы істейтін. Қасындағы серігі науқастанып қалып, ол сорлы үш күн, үш түн бойына көз шырымын алмай, шаршап жүрмей ме? Қырманға әне жетемін, міне жетемін деп келе жатқанда көзі ілініп кеткен. Авария болған күннің ертеңінде әлгі шофер бишараны түрмеге отырғызбақ болып, милиционерлер акт жасап алып кетіпті. Онсыз да үрейі ұшқан байғұсты машинадан жұлып алып соттаймыз да құртамыз деп, дедектетіп жүр. Актіні қолыма алдым да дар еткізіп ортасынан бір бөліп, оны қайта бөліп, қайта жыртып лақтырдым да жібердім. Содан шофердің кінәсіз екендігін айтып парторгтен оған ешкімді тигіз бе деп өтіндім де, одан қалаға ауруханаға жүріп кеттім».
Біләлов характерге бай, басшы қызметкер, семинар аяқталды. Осы очерктегі Чайко, Хамит Мусин, Тамара Локинова, Бейсенбаевалардың характерлері біршама тәуір шыққан. Очерк кейіпкерлері көп жағдайларда өмірдің өзі мүсіндеген саналары қалыптасқан замана ұлдары, өз биіктеріне жеткен тұлға. Өмірдегі әр адам, өз алдына бір тұлға, оның өзіндік бітімі, арман мүддесі, мінез – құлқы, өмірбаяны бар. Автор «Семинар» атты очеркінде адамдардың характерін ашуда осы қасиеттерді естен шығармаған.
Ә.Нұршайықовтың очерктерін оқи отырып, журналист – жазушының қашан да талап деңгейінен көрініп, шұрайлы шығармаларымен шынайы өмір шындығын көрсетіп, қаһармандар бейнесін дәл жеткізіп, суреттей білгенін көреміз. Бұған мысал ретінде оның «Партиялық тапсырма» атты очерк – диалогын алуға болады. Шаруашылық басшысы мен жазушы диалогы ретінде жазылған бұл шығармаға «очерк» деген айдар тағылмағанымен оны очерк емес деп ешкім дау айта алмайды. Өйткені, мұнда очеркке тән сипаттар айқын көрінеді. Күнделікті өмірден туындайтын бірнеше проблема, өмір шындығы, еңбек адамының бейнесі, оның бойындағы асыл қасиеттер аңғарылады. Бұл очерктің сәттілігі сол оқырман бір рет емес, бірнеше рет оқыса да жалықпайтындай, қайта оқыған сайын нәр алып, журналистің жазу шеберлігіне, журналист кейіпкерінің шаруашылықтағы тәжірибесі, ақыл – ой парасатына риза болады.
Очерктің басты кейіпкері Семей облысының совхоз директоры Мұсажанов. Автор халық қалаулысы болып отырған совхоз директорымен әңгімелесе отырып, оқырманға көп нәрсені аңғартады. Мұнда әркімге де үлгі - өнеге боларлық көріністер, көтерілген тың проблемалар жеткілікті. Очеркте сонымен қатар әсерлі өмір көріністері, құнды пікірлер, толғақты ойлар баршылық.
Журналист кейіпкерінің портретін жасап, ол басшылық еткен совхоздың жер бедерін, табиғат көріністерін суреттеп немесе шаруашылықтың қол жеткізген табыстарын тізіп жатпаса да диалог арқылы көкейкесті ойды жеткізіп, өмір шындығын қаз – қалпында жеткізе білген.
Біздің көз алдымызға совхоз директоры Х.Мұсажановтың еңбек жолы, жан дүниесі мен ой–арманы елес береді. Ұлы Отан соғысының ардагері, омырауында қос Еңбек Қызыл Ту ордені мен Октябрь Революциясы ордені жарқыраған шаруашылықтың білгір басшысы, игі істің ұйытқысы, ауыл ағасы ғана емес сондай–ақ уақыт ағымына ілесіп, дәуір үнімен үндесіп отыратын, бүгінгі күн талабы тудырған көкейкесті проблемаларға үн қосатын, қазақ әдебиеті мен мәдениеті жайлы өз пікірі, өз ойы бар көкірегі ояу, ой-өресі биік, парасатты білімі терең азамат. Автор мен кейіпкер әңгімесі шаруашылықтың жай – күйінен өрбіп, бүгінгі әдебиет, мәдениет мәселелері жайлы салиқалы да парасатты сөз қозғайды.
Ә.Нұршайықов очеркте сол кездегі совет адамына, совет маманына тән болған қасиеттерді көрсете отырып, кейіпкері арқылы бірнеше проблема көтереді. Біріншіден, ол – қазақ әдебиетіндегі тәлімгер жұмысшы бейнесінің, сондай–ақ дәрігерлер мен коммунистер жайындағы шығармалардың сирек көрінуі. Совхоз директоры қазақ әдебиетінің жанашыр оқырманы ретінде бұған қынжылыс білдіреді. Жазушылардың шығармаларына арқау болуға лайық кейіпкерлердің өз совхозында да көп екенін нақты фактілермен дәлелдей сөйлейді. «Осы облыста Көкпекті балалар үйінде Жақия Шайжүнісов деген ақсақал қырық жыл қызмет істеді. «Социалистік Еңбек Ері» деген жоғары атаққа ие болды. Осы кісі қазір пенсияға шықты, ал тәрбиелеген шәкірттері алуан түрлі салада халыққа қызмет етіп жүр. Міне, осы кісі жайында бір үлкен шығарма туатын шығар деп өзім іштей күтіп жүрдім. Қазір ол үмітім де өшті. Міне, жазушыларға айтпақ екінші бір назым - әдебиеттегі мұғалім бейнесі еді...» - дейді. Сонымен бірге совхоз дәрігері Қалихан Жадыранов туралы да: «Егер жазатын кісі болса, біздің Қалихан очерктеріңіздің де, повестеріңіздің де дайын тұрған кейіпкері», - деген пікір айтады.
Очеркте шаруашылықтағы өзекті мәселелер, шешімін таппай жүрген проблемалар сөз болады.Мәселен, «Озат тәжірибе мен ғылым негізінде ойлана келіп, совхоз малының экономикалық тиімділігін арттырудың тәсілін тапқандай болдық. Ол тәсіл – малды қыста топтап, байламай, бір жерде бағу әдісі. Жаз малының күйлі болатыны өзінен - өзі түсінікті. Әрине, жазда да баға білген мал ғана балықтай семіз болып шығады. Сиырларды жазда семірту әдісін жоғарыда аталған Ленин ордені бақташымыз Жарашев Бекеш ойлап тапқан еді. Ол күндіз күн ыстықта қарамағындағы малды тегіс қораға қамап, көк шөп беретін болды. Кешке қарай өргізіп әкетіп, түні бойы көк шалғынға жаяды. Бұл әдіс малдың жазғы қоңын бірден көтере бастады. Артынан осы тәсіл совхоздың барлық табындарында қолданылды», - дейді бас кейіпкер.
Осылай ол совхоздағы мал шаруашылығын тиімді өркендетудің озық тәжірибесімен қатар кейбір проблемаларды да тілге тиек етеді. Малдың астына қалың төсеніш салып, өзгеше комплекс ойлап табуы, ол комплекстің шаруашылыққа тиімділігі мен пайдасы жайында айтылған пікірлер, келтірілген нақты фактілер мал өсірумен шұғылданатын колхоз – совхоздар басшыларына, мамандарына ой салатындай құнды.
Осы шағын шығарманың өзінде автор бірнеше проблемалық мәселені орынды көтере білген. Очерктің мазмұнын байытып, әлеуметтік мәнін биіктетіп тұрған ұтымды жерлерінің бірі–қазіргі таңда ауыл шаруашылығын кадрлармен қамтамасыз ету, жастардың өз ауылында тұрақтануына жету сияқты көкейкесті проблеманың аталмыш «Скотовод» совхозында қалай шешіліп отырғаны егжей – тегжейлі көрсетілуі болып табылады.
Осы орайда «Жастарды тұрақтандырудың бір жолы мамандық мәселесіне тіреледі. Түптеп келгенде табыстың түбі мамандық қой. Мамандығы көптің – табысы да көп. Осы күнгі адамды мал асырамайды, мамандық асырайды. Міне, осыны ескере отырып біз жастарымыздың мамандығын көбейту мәселесіне көңіл бөлеміз. Олардың ең кемі үш мамандық алуына қамқорлық жасаймыз. Қазір совхозымыздағы кез келген жастардың шоферлік, тракторшылық, комбайншылық мамандықтары бар. Оның үстіне токарь, слесарь, электрик мамандығына ие болған жастарымыз да жеткілікті. Мамандығы көптің – малы түгел, табысы көп, тұрмысы жақсы», - деп әңгімелейді директор.
Шаруашылық басшысының жастарды ауылда тұрақтандыру мәселесіне қалай көңіл бөлетіні осы бір жолдарды оқығанда айқын білінеді. Демек, басшылық ұйымдастыру қабілеті қайсы бір өзекті проблеманы болмасын шешуге септігін тигізеді екен. Очерк кейіпкерінің осындай өнегелі ісі, үлгілі өмір жолы, шаруашылықты басқарудағы мол тәжірибесі тағылым алуға шақырып, өзіне тартып тұрады.
Очеркте кейіпкердің қарапайым мінезі, адамдармен қарым – қатынасы шынайы суреттеледі. Мәселен, ол совхозда алғаш рет көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, оған жастарды тартады. Сонда үйірмеге қатысқысы келмей, ән айту, би билеуді білмейміз деген жастарға «Сендер тұрғай, кәрі мен де айта аламын»,- деп Абайдың «Сегіз аяғын» шырқауы, бірде олармен қосылып би билеуі, «Бәлі, сенің қимылың, қозғалысың аяқ алысың нағыз бишінің тактысын танытады. Бір–екі рет үйірмеге қатыссаң, сенен асқан биші болмайды», - деуі оның қандай жаны жайсаң жан екенін аңғартады. Әрі совхоз басшысының бұл қарапайымдылығы жастарға қалай әсер етеді, олардың жігеріне жігер қосады десеңізші.
«Оркестіріміз алыс түкпірде жатқан «Скотовод» совхозын бүкіл елге таныта бастады. Оркестр – осы совхоз адамдарының күмбірлеген көкірегі ғой».
Директордың бұл сөздері оның парасатты азамат екенін паш етеді. Сөйтіп, автор бұл очеркінде совхоздың өсу жолын, яғни кешегісі мен адам айтса нанғысыз өзгерістердің, алға басқан қарқынын, сол шаруашылық басшысының парасатты биік бейнесін, нұрлы шуаққа толы жан дүниесін, табанды еңбегінің жұлдызы жарқыраған жемісін шебер жеткізеді.