Екінші кітап


Жұмысшы бейнесін сомдаған жазушы



бет28/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31
25. Жұмысшы бейнесін сомдаған жазушы
(Ахат Жақсыбаев)

Кешегі сұрапыл соғыстың аз-ақ алдында, яғни 1940 жылдың ызғарлы қысында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Имантайдың отбасындағы шағын қараша үйде шыр етіп бір сәби дүниеге келді. Алғаш күнінен әке-шешесінің шексіз махаббатына бөленген нәрестеге Ахат деген есім берілді. Онысы ата-анасының балаларының Ахат атасындай атақты, аяқтыға жол бермейтін, ауыздыға сөз бермейтін шешен болсын деген ақ тілеулерінен туындаған болар.


Уақыт көші жылжи отырып, замана керуені ілгері басып, арада бірнеше жылдар өткенде соғыстан кейін іле-шала тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған жас бала, елуінші жылдардың соңында зіңгіттей жігіт болып өмір көшіне қосылды. Еңбек жолын Екібастұз қаласында шахтерліктен бастаған ол арада көп өтпей таудай талабы мен бармақтай бағының арқасында қазақтың қара шаңырағы, білім ордасы Қазақ Мемлекеттік Университетінің өзі қалаған журналистика факультетіне оқуға түседі.
Жоғарыда Ахат Жақсыбаев еңбек жолын Екібастұз қаласында шахтада жұмысшы болудан бастаған дедік. Мұның өзі жазушының кейін бүкіл творчестволық еңбегінің қайнар көзіне айналған. Соның арқасында, әсіресе, қазақ қаламгерлерінің ішінен екінің бірі бара бермейтін жұмысшы тақырыбына бірден ден қойған. Кеншілер өміріне терең үңіліп, адамдардың күнделікті тұрмыстағы, өндірістегі қарым-қатынасын шығармаға арқау етті. «Бозарал» повесі мен «Егес», «Бөгет» аталатын романдары осы жағынан бағаланып, қазақ әдебиетінің өндіріс тақырыбын шешудегі алтын қорына келіп қосылды.
Жазушы Ахат Имантайұлы қазақ баспасөзіне де елеулі үлес қосқан жазушы. Ол «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет бөлімін меңгерген уақытында талай жас талапкерлердің тұсауын кесіп, ақыл кеңесін берген. 1972 жылдан бастап «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы болған. «Ақиқат» журналымен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болған.
Жоғарыда айтқанымыздай Ахат Жақсыбаев мамандық алғаннан кейін бірден сол кездегі «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетіне қызметке орналасады. Талантты жас осы кезден бастап арсыл-күрсіл қайнап жатқан мазасыз өмірдің ішіне бойлап кіріп, газет жұмысының егжей-тегжейімен жете танысып, өзі тандаған мамандықтың ыстық-суығына бірдей төзіп, мол тәжірибе жинақтайды.
Екіншіден, журналистік қызмет болашақ жазушының қайнаған тіршіліктің ұңғыл-шұңғылына тереңірек үңіліп, қарапайым адамдармен араласуына, Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір адамның баласындай өмір сүріп жатқан көп ұлтты Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен танысуына кең жол ашты.
Сөйтіп, кешегі журналист, бүгінгі жазушы Ахат Имантайұлы қазақ баспасөзіне де елеулі үлес қосқан қаламгер. Себебі, ол «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет бөлімін меңгерген уақытында талай жас талапкердің тұсауын кесіп, ақыл-кеңесін берген.
Жазушының азаматтығы, оның шығармашылығының көтерілген шыңы туралы қазақ халқының белгілі сатирик жазушысы Үмбетай Уайдин ағамыз кезінде «Азамат жолы» деп аталатын өзінің бір мақаласында: «Шығармаларын басқа жұрттан бұрын қамтып, ерте қағып алатын менің де қаламдас достарым баршылық. Солардың бірі маған диплом жұмысынан романдарына дейін таныс Ахат Жақсыбаев»,- дей келе одан әрі жазушының «Егес», «Қорған» романдарына төмендегідей байыпты да байсалды талдаулар жасап, айшықты да орынды баға береді.
Ахат Жақсыбаевтың «Егес» романының 190-бетінде Зағираш есімді кейіпкердің аузынан айтылатын: «Шіркін-ай, біз осы кісі танымаймыз. Әсіресе, қызылға үйірміз» деген жолдар бар. Оның өзіндік себептері бар. Шығарманы танымау, түсінбеу жақсылық па? Шығарманы танымау- авторды танымау. Шығарманы түсінбеу – авторды түсінбеу. «Егес» романы стандартпен жазылмаған шығарма.
Ахат Жақсыбаев – түсінікті жазушы, танымал жазушы. Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ «талантты тану- қиын, танымау-қиянат».
Әдетте қаламгердің сөздерін айтып, өздерін қалтарыста қалдыратын жайларымыз көп. Біз осы қалыптап қашып, сөз орайында Ахаттың жеке басының көзге түсе бермейтін қасиеттерінен хабардар еткіміз келеді.
Ахат Жақсыбаев ешкімге ұқсамайтын қаламгер. Оның мінезі де, жазуы да басқалардан ерекше. Жазушының «Егес» романында қақ-соқпен жұмысы жоқ, жаратылыс табиғаты момын, жан-дүниесі мөлдір, мақсат-мүддесі биік Батырбек есімді кейіпкер бар. Батырбектің жолы ауыр. Жеңіс, табыс Батырбекке өте қиындықпен, маңдай термен келеді. Сол жеңіс, табыстың жолында жиі күрсінеді.
Биік мақсат, мақсат-мұра жолында Батырбек үй-ішімен ақылдаспай, қауырт көтеріліп, Қарағандыдан Қаратасқа тайып тұрады. Авторда биік мұраттың адамы, бірақ оның Батырбектен айырмасы - өмір бойы бала шағаның қасында. Адал жар, идеал әке, азамат жазушы. Батырбек – жас адам, романтиканың адамы. Оны жылы орын, жайлы төсегінен жұлып әкетіп жүрген де сол романтика. «Жастық желік» күлдіреді, күрсінеді, опық жегізеді. Жастықтың аты - әрине жастық. Жаңа жер, жаңа ортаға келгеннен кейін Батырбек жаңа адамдармен танысады. Әртүрлі дастархан басында болады. Зағираш, Әлималар да оның жаңа таныстары. Жан дүниесі мөлдір жас адамды кім жамандыққа қисын. Сол Зағираш, Әлималармен таныстығы барысында «нәпсі жеңіп, осы баланы құдай ұрып қалмаса неғылсын!», «опық жеп қалмаса болар еді-ау!» деп Батырбекті анау-мынау жамандыққа көңілің қимай қылпылдап отырасың. Автор оны «енді қайтер екен» деген жерлерін тап-таза, мөп-мөлдір қалпында алып шығады.
Шым-шытырық оқиға, шырғалаң тағдыр жасау үшін Батырбекке арақ ішкізіп, мас қылып, әр әйелдің соңынан сүмеңдетіп, ертіп қоямын десе жазушының қиялы жеткен болар еді. Осы тұста әйел баласына ғана емес, жатқа да, жақынға да адал қарапайым, кішіпейіл Жақсыбаев жаратылыс табиғаты тағы да көз алдыңнан көлбеңдейді.
Жазушының соңғы оқырман жүрегіне тапқан екінші бір шығармасы «Қорған» романы. Бұл еңбегінде қаламгер бұрқ-сарқ қайнаған өмір тынысын байсалды пайымдаумен қатар әрбір адамның мінез-құлқына кездесетін штрихтарды өзінің бес саусағындай ашып, көрсетіп береді. Мәселен, бұған мысал ретінде романның бас кейіпкері партком хатшысы Жандосовтың бейнесін алуға болады. Жазушы көбіне тұрмыс-тіршіліктің сұрғылт жақтарын нақты мысалдармен, өрнекті сөйлемдермен адамның ішкі жан-дүниесін саралап, жеткізе білген. Бұған көз жеткізу қиын емес. Енді нақты мысалға жүгінелік:
«Қарт ұлы мен қызына кезек барып, біраз уақыт бірге тұрып қайтқанын әңгімелейді. Көп ашылмады. Балалары бөтенсіп, жатырқансып қалыпты. Бәрі де жақсы, бірақ бәрі де сыпайы «кет» демейді, бірақ үздігіп те тұрған жоқ. Өз үйіндей еркінсіп кете алмай, қас-қабақты аңдумен, жүріс-тұрысты бағумен қарадай шаршапты. Өздері бір-бірімен үйірілгіш, бұл сол семьяда кірікпей шеттей қалады. Бұның берген тәрбиесі басқаша еді, қарап тұрса балаларының құлқы өзгеріпті. Дүниеге құнығу бар....» Міне, осылай ырғақты сөйлемдер арқылы қаламгер оқырманын баурай біледі. Ой қорытады. Мұның өзі жазушының шынайы шеберлігін танытады.
Бір сөзбен айтқанда Ахат Жақсыбаев әлем әдебиетінің мол нәрінен сусындап, өмірден көп тәжірибе жинақтап, терең біліммен қадам басқан жазушы. Ол көп оқиды, көп ізденеді, көп түйеді. Сондықтан да оның өмірден алғанынан алары көп, бергенінен берері көп дарынды қаламгер деп білеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет