Екінші кітап


Буырқанған, бұрқанған жыр тасқыны



бет17/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   31
Буырқанған, бұрқанған жыр тасқыны.
(Қалижан Бекқожин)


Бабам қалап кеткен бе,
Қат – қат сандық тастарын?
Келемін аттап бөктерде
Тебірентіп мені де
Аталар өткен асқарым... [73]

Баянауылдағы Бекқожа балташының баласы Нұрғожа ақынның Қайыржан, Қалижан есімді ағайынды ағалы – інілі екі ұлы болған. Әкелері әсіресе үлкенін жанындай жақсы көріп:


Нұрғожа бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі
Құдайға қазір алса ризамын
Артымда Қайыржаным қалса тірі,-
деп өлең жолдарын да арнаған.
Алайда ғазиз әке балаларының болашағына бөле – жара қарамаған. Қос қанатына өрелі білім беру қамымен 1917 жылы төңкерістің алдында ауылдан қалаға, яғни Керекуге көшкен. Кейіннен әкелерінің өздеріне деген мұндай қамқорлығына Қалижан: «Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молдасымақтарға діни оқуға берді...
... Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет... «Бисін бе, биесін – би, Бәби - бо» деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз. Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз – хикаялар, ертегі – дастандарды оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі кітаптарға толы болатын. Сонымен қатар қаладағы татар дүкендерінде Бұқарада, Қазанда, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса – дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезімде оқығаным - татардың ұлы шайыры Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл тамшылары» атты өлеңдер жинағы. Әкем Абай, Сұлтанмахмұт, Мұрат өлеңдерін, Біржан – Сара айтысын, тегі сүйсіне оқыса керек», - деп ризашылықпен еске алған.[74]
Ал, енді Қ.Бекқожиннің өзіне келетін болсақ әдебиет майданында жарты ғасырдан астам еңбек еткен жылдарында үлкен асулардан өтті. Оның өлең, поэмалары, әдеби сын, публицистикалық еңбектері, пьесалары том – том кітап болып басылып, театр сахналарында қойылды. Ол әдебиеттану және аударма саласында да елеулі еңбектер жазып, соңына өшпес мұра қалдырған белді де, белгілі әрі білікті суреткер ақын, жазушы.
Қазақстан Мемелекеттік сыйлығының лауреаты, халық ақыны Қ.Бекқожиннің өмірбаяны мен творчествосы жайлы әр жылдары жарық көрген баспасөз материалдарын былай қойғанда, мектеп оқушыларына арналған оқулық, хрестоматияларда, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтар [75] мен қазақ әдебиетінің тарихына арналған ғылыми еңбектерде [76] нақты бір жүйеге келтірілген көптеген тұжырым пікірлер білдірілген. Сондай – ақ, ақын творчествосын зерттеудегі әдебиетші Төкен Ибрагимов [77] пен ғалым Әбділхамит Нарымберовтардың [78] да еңбектерін айрықша атап өткеніміз жөн.
Ақын Қ.Бекқожин әдебиетке отызыншы жылдары келген. Бұл туралы белгілі ғалым Р.Бердібаев: «Қазақ совет поэзиясы түрлі тың тақырыптарға барды, әр жанрда шығармалар туды. Жалпы алғанда, 30 жылдарда қазақ поэзиясы сан жағынан да, сапа жағынан да, жаңа қияға өрледі. Оның тұрақты да өнімді өкілдері ретінде І.Жансүгіров, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, К.Әбдіқадыров, Ғ.Орманов, Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов сияқты белгілі ақындар қызмет етті. Отызыншы жылдардың орта тұсында бұлардың қатары Ә.Сәрсенбаев(1905), Қ.Аманжолов (1911 - 1955), Ж.Саин (1912 - 1961), Қ.Бекқожин (1913), Қ.Сатыбалдин (1917 - 1970), М.Хакімжанова (1906), Д.Әбілов (1907), А.Жұмағалиев (1915 - 1941) тәрізді ақындармен көбейді», - деп жазды.[216]
Шынында да Қалижан кезінде әдебиет әлеміне:
Ерке өскен еркін елде мен бір жаспын,
Туғаннан тың ғасырмен мен сырласпын.
Ержеттім толқынды өмір арасында –
Сондықтан менің жырым - өрен тасқын, -
деп буырқанып келген жастың бірі еді. [217]
Өзінде де, сөзіне де сенімді ақын:
Еркінмін, бұлтты жарып көкке ұшамын
Бұзамын мұхиттың да мұз құрсауын, -
дей келіп одан әрі:
Гүл орман, Отанымда шаттық өмір,
Теңіздей көтерілген шалқып көңіл
Сайраған бұлбұлдарды сол орманның
Жан – жақтан жастық жыры толқындап тұр
Шырқаймын мен де бірге шаттық сырын
Жырыммен жаңғыртамын таудың шыңын,-
деп шарықтап кетеді.
Бұл туралы ғалым Ә.Нәрімбетов: «Отызыншы жылдардың орта тұсында поэзия әлемінің табалдырығын аттаған ақын Қ.Бекхожиннің алғашқы туындыларынан байқалатын жай: оның шығармаларында сол тұстағы уақыт тынысының сезілетіні. Ақын бірден халық өмірінің дүбіріне құлақ қойып, идеал – мақсатын жырлауға ұмтылды. Өз заманының көкейкесті мәселесін толғауды басты ақындық парызым деп білді. Бұл бағыттағы оның шығармаларының идеялық нысаны айқын еді. Ал, көркемдік сапа тұрғысынан қарағанда, олардың дені алғашқы творчестволық тәжірибелер, тұңғыш барлау ізденулер екені көрініп тұр. Көркемдік шеберлік жолындағы ақын алар биік асулар алда болатын», - деп жазады [80]
Иә, ақын алар асулар алда болатын. Бұған оның әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған жырлары куә. Бұл сұрапыл майдан жылдарында Қ.Бекхожиннің де творчествосының жауынгерлік рухы күшеюмен қатар, қаһармандардың келбеті де айқындала түсті. Ол, ә дегеннен – ақ «Кек дабылы» деген өлең жазып:
Кеудемізде кек қайнаған
Кекпен өзен отқа айналған
Қаһарлы айқай салған шуды
Дүниеде кім ашулы?
Біз, жігіттер, -біз ашулы!
Біз ашулы
Намыс оты
Бойды өртеген, жалын қысқан
Ашындырды, арға тиді,
Бүлік салып бізге дұшпан, -
деп халықтың бойындағы жауға деген өшпенділікпен, шексіз ашу – ызаны дәл тауып, тұтандыруға тырысты.
Бұдан кейінгі ақынның екінші бір өлеңі «Кәдімгі біздің Қошқарбай» деп аталады. [82] Мұнда ол жауды талқандауда шынайы ерлік көрсеткен қарапайым қазақ жігіттерінің бейнесін:
Сонда неміс сұмына
Оқ боратып дауылдай
Қағысқанды қандатып
Қабағына қан татып
Түнерді түсі аспандай –
Қан қырғында жүр екен
Кәдімгі біздің Қошқарбай,-
деп тебірене жыр жолдарына қосты.
Қ.Бекхожиннің Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған туындыларының белгісі де, бірегейі боп оның «Партизандар» және «Партизан анасы» деп аталатын жырлары болып табылады. Бұл жайында белгілі ғалым Ә.Нарымбетов жоғарыда аталған монографиясында: «Мәселен, ақын Қ.Бекхожин «Партизан анасы» балладасында белгілі бір нақтылы сюжетпен партизан өмірін айқын суреттеуді мақсат еткен. Шығарманың бас кейіпкері партизан және оның кәрі анасы. Жорықта жүрген партизан ұлына деген ананың сағынышын ақын тебірене толғайды. Әр ананың өз перзентінің тірлігін тілейтіні заңды құбылыс. Сол әрбір әзиз анадай партизан анасы да ұзақ мерзім жорықта жүрген ұлымен жүздесуді арман етеді. Ұлым тірі ме, өлі ме деп көкірегі қарс айырыла күдіктенеді де. Сөйтіп, жаумен үш жыл майдандасқан ұлын іздеп ана жолға шығады. Сол жерде фашистер ананы қоршап «партизан ұлың қайда, тауып бер?» деп қысады. Жау аузынан өз ұлының тірі екенін естіп қуанған ана сезімін ақын оның өз сөзімен жеткізе алған:
Ей, залымдар, өлтір мені
Жыламаймын, мен қуанам
Тірі екен ғой сендерге ойран
Салып жүрген менің балам
Қуанамын тірлігіне
Қарашығым еді менің
Қуанамын ерлігіне
Сақтап жүрген ана кегін...[83]
Бұдан кейін жауыздардың анаға оқ атуы алдындағы ана арманы, қиялы әдемі бейнеленген. Сезім суреттерін бере отырып, ақын шығарма кейіпкерлерінің биік бітімін шынайы мүсіндеген. Олар: жауды талқандап жүрген ер партизан және оның абзал анасы»,-деп әділ бағасын берген. [84]
Саяси, азаматтық лириканың бастауы сонау С.Сейфуллин, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлиндерден басталады. Ал, осы саяси - азаматтық лирика Қ.Бекхожиннің творчествосынан басты орын алады десек қателеспейміз. Бұған оның «Отан», «Жер», «Бейбітшілік» тақырыптарына арналған:
Сол ғана інім, сол тілек,
Сол тілек ізгі, сол күшті!
От алмасын зеңбірек
Тыныштық жеңсін соғысты
...............................................
Аузында ажал оты бар
Атомдар бейбіт жол алсын,
Ашуы мұзға атылар,-
деп басталатын «Тұрсын дүние бабында» [85] деген сияқты өлең шумақтары куә.
Осы орайда арнайы сөз етуге тұрарлық екінші бір мәселе – Қ.Бекхожиннің творчествосындағы замандас бейнесі. Мәселен, ол «Адамзатқа маймыл ата дегенге» [86] деп аталатын өлеңінде:
Адамзатта күннің ізгі нұры бар
Пейілі бар, күндей жылы, мерейлі
Адамзатта- жалын да бар қуырар –
Жаусыздықты жерге төнген үрейді
Адамзатта- асқан дана ақыл бар
Дүниеге теңіз болып шалқыған
Құдірет бар, бағынатын атомдар
Қасиет бар тұлғасына сай туған,-
деп замандасын ең биік дәрежеге көтереді де, кен қопарған кенші мен қызу еңбектің қазанында қайнаған жұмысшыны, ел ризығын жиып жүрген диқанды, дала төсін тұяққа толтырып отырған малшыны, зәулім үйлерді тұрғызушы құрылысшыны («Жезқазған жырлары», «Кеншімен сырласу», «Шахтер мақтанышы», «Комбайншы қыз», «Қарт шопанды ойладым», «Құрылысшы жыры») осының дәлелі ретінде айызынан қандыра тебіріне жырға қосады.
Өсиет өлең шығару дәстүрі қазақ поэзиясында ертеден бар. Оған Бұқар жырау Қалқаманұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәбит Дөнентаевтың, Тұрмағамбет Ізтілеуовтың көптеген өсиет өлеңдері дәлел. Бұл салада Қ.Бекхожин де аз еңбектенбеген. Сондықтан оның «Әркімде бір қате бар», «Туысыма», «Ақын ініме», «Қайғың болса», «Жұрт көзінше күрсінбе», «Егер шықсаң асқарға», «Ұмыт бәрін», «Бес ешкіні қудым» деп аталатын жырларын қазіргі поэзиядағы өсиет өлеңдерінің тәуір нұсқаларының қатарынан табатынымыз орынды. Мәселен, ол бұл тұрғыдан алғанда кейінгі ұрпаққа:
Ұмыт,-
Көрген запыңды күншілерден,
Өсектерді соңыңнан сыңсып өрген
Еске сақта әзілін достарыңның
Кірбің кезде көңілді бір көтерген
Ұмыт,-
Ұсақ өкпеңді туысыңа
Қалмасын зіл кеудеңнің қуысында
Жадырай бер мереймен, ізгілікпен
Кеңір сонда кеудең де, тынысың да,-
деп өсиет айтады [87]
Сондай – ақ, Қ.Бекхожин нақыл шумақтар да жазған ақын. Бұл туралы ғалым, зертеуші Ә.Нарымбетов: «Арғы – бергі қазақ поэзиясында өсиет өлеңдермен қатар нақыл шумақтар шығару дәстүрі де ежелден бар. Сырттай қарағанда өсиет пен нақыл өлеңнің табиғатында ұқсастық та байқалады. Іштей үңіліп, ажырата қарағанда, айырмасы да көзге түседі. Өсиет өлеңнің көлеміне қарағанда нақыл өлеңнің мөлшері шағын келеді. Өмір тәжірибесінің сығынды жиынтығындай философиялық ғибраттылық ой – пікір нақыл шумақтың өзегі болып отырады. Бұл ретте ол мақал – мәтелге де жуықтап қалады. Бірақ нақыл шумақ мақал – мәтел емес. Сол нақыл шумақтардың біразы өмір сынынан, халық талғамынан өтсе кейін біразы мақал – мәтелге де айналып кетуі мүмкін. Сондықтан ақындардың нақыл шумақтарын кейінгі уақытта шығуы ықтимал мақал – мәтелдердің арсеналы десе де болғандай»,- деп жазып нақыл шумақтарға тың көзқарас білдіріп, орынды баға береді. Ғалымның бұл ой – пікіріне ақынның:
Таудай толқын болса да,
Суға батпас қасқалдақ.
Қанша боран соқса да
Қыран ұшар аспандап
Таусыла сыр айтқаннан
Томсарғаның ірілік
Сөйлесуге баптанған
Сырласыңның сырын ұқ [88],-
деген нақыл шумағы толық жауап беріп тұрған, үндес - өзектес жыр жолдары деп білеміз.
Қ.Бекхожин эпик ақын. Сонықтан да оның қазақтың эпикалық поэмаларының даму, өркендеу, процесіне қосқан үлесі ұшан – теңіз.Көзі тірісінде 40-тан астам өлең жинақтары шығып, жиырма шақты ірі поэмалар жазған ақынның шығармаларында кісі аттары, кейіпкерлері өте көп. Бұл жайында ол кезінде: «Мен жазған жиырма шақты поэмалардағы кейіпкерлердің көпшілігі – тарихта болған белгілі адамдар немесе өмірде шындық негіздері бар бейнелер. Сол кейіпкерлердің бір қатарын мен өз көзіммен көрдім, олардың абзал өмірінен, әйгілі істері жайында өздерімен танысып, сұхбаттасқан едім. Тегінде, тарихтан анық естіп білгенімді немесе көріп жете барлағанымды жазуға мен ертеректен бейімделдім», - деп жазған. [89]
Қ.Бекқожиннің алғашқы жазған поэмасы «Кек» деп аталады. Ол 1938 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарияланып, оқырманнан тиісті бағасын алады. Поэманың бас кейіпкері азамат соғысының қаһарманы – Балтабай Баратбаев. Автор дастанында халық аңыз етіп айтқан, өзі дер кезінде естіп – білген оқиғасын, азамат соғысының ері Балтабай бейнесін былай деп жырлайды:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет