Екінші кітап



бет13/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   31
12. Өлмес мұра
(Ұ.Бағаев)
Ұзақ Бағаев сан алуан тақырыпқа қалам сілтеген журналист. Оның кейіпкерлері өмірде бар немесе болған адамдар. Олар ауыл–село еңбеккерлері, өндіріс озаттары, бір сөзбен айтқанда қоғамның белді азаматтары. Оның қай очеркін алсаңыз да онда шынайы фактіге құрылған оқиғалар тізбегі көз алдыңызға кесе көлденең тұра қалады. Әрбір кейіпкердің сөйлеген сөзі, іс - әрекеттерінде өздеріне тән табиғилық бар.
Ол өзінің көркем публицистикасында соны жаңалықты, ұнамды – мәнді фактіні, жаңа өрісі бар құбылысты қызу насихаттады. Оның публицистикалық мақалалары - өзгерген өңір, өскен ел, жаңарған дала, жасарған халық туралы толғау. Мысалы, автор өзінің «Жан сұлулығы» жинағына енген «Республикам менің» атты публицистикалық мақаласын басынан аяғына дейін әсерлі әуенмен, асқақ серпінмен жазып, түйдек – түйдек ой тастап отырады.
«Тыңда жолдас, тыңда дала, тыңда ел! Сөйлеп тұрған күн шығыстан жомарт өңір Қазақстан – байлығы дархан гүлбағыстан! Алтын дәнді, асыл кенді Торғай менен Қостанай!
Соколов пен Сарыбай, Жетіқара, Лисаков, Аманкелді, Арқалық – кенге, малға, астыққа бәрі жомарт, бәрі бай», - дей келе «Тыңда, тыңда жарандар, табысыма жеңісіме қараңдар! Не ғажайып, кереметтер болса да, соның бәрін жасап жатқан Адамдар! Мақтанамын, шаттанамын еңбеккерді көргенде, мың мәртебе алғыс айтам замандастың ерлік ісін жырға қосып бергенге. Кен қопарған, дән өсірген, Сарай салған құрыш қол – жұлдыздар ғой аспандағы, о ғажайып мұндай жұлдыз шығып жатыр жерден де!» (53) - деп өлеңмен, жыр екпінімен аяқтайды.
Міне, осы жолдарды оқып отырғанда, автордың фактілерді дұрыс іріктеп, екшеп ала білгенін, белгілі бір оқиғаға баға беріп, әдеби жағынан қиыстырғанын аңғару қиын емес.
Автор мақалаларының тақырыптық, проблемалық, идеялық бағыт – бағдары, ауқымы өте кең, қомақты, актуальды. Шығармаларында ол үн қатпаған, өзінің публицистикалық, тіпті азаматтық позициясын білдірмеген, ол өмір сүрген кезеңдегі оқиғалар кемде – кем.
Мәселен автордың «Торайғыр төсінде» атты публицистикалық шығармасының негізгі арқауы – «Көлбастау» колхозының бар байлығы, ел дәулетін жасау жолындағы колхозшылардың қажырлы күресі. Астаналық облыстың көршілес жатқан шаруашылықтарының бергені мен беретінін, осы өлкенің табиғат көрінісін келістіре суреттейді. Автор сонымен бірге бұл өңірдің «Торайғыр төсі» аталуының себептеріне тоқталады.
Соның бірі мынадай: «Ертеде осы маңда ірі – ірі соқтығыстар болыпты. Сондай шайқастардың бірінде қол бастаған батыр жігіттің астына мінген торы тұлпары осы тауда оққа ұшқан. Содан тау Торайғыр атанған екен.
Сан ғасырдың тарихы бар сол Торайғыр бүгінде жақсы қоныс, жайлы мекен. Күз, қыс және жаз айларында оның күнгейі мен теріскейіне Кеген мен Шелек аудандарының мыңғырған малы толады. Бұл тау әрі байырғы мекендеушілер үшін ауа–райының жайын біліп отыратын, өлшеуіш станция дерлік. Оның басына бұлт қонып, тұман түссе: жазда жаңбыр, қыста қар жаумай өтуі кем де кем. Сондықтан кейде шопандар ауа – райын бағдарлап отырады...
Ал анау шөккен нардай созылып жатқан ақ сәлделі тау Алматы Алатауының бір сілемі. Мынау қарағайлы жондар Іле бойындағы Матаймен астасады.
- Бұдан жүз жыл дерлік бұрын, 1858 жылы қазақ халқының атақты ғалым–саяхатшысы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға бара жатқан сапарында осы Торайғырды асып, Үш Мерке арқылы Қарқара жайлауынан өткен екен», - деп автор оқушысын тарихқа жүгіндіреді.
Автор ақ өлең формасында «Жас досқа арнау» (54) «Республикам менің» (55) атты романтикалық – публицистикалық мақалалар жазуды қолға алып, көркем очерк жанрын тұрақтандыру үшін көп еңбек етті. Оның журналистік шеберлігін білімі мен мәдениеттілігі әсерінен толықтырып отыратын. Өмірді терең зерттеп, белсене араласуы, өмірге деген құштарлығы мен халқына, туған еліне деген саф таза сүйіспеншілігі оның әйгілі публицистикалық шығармаларын тудырды. Мәселен, ол ілгеріде айтқан «Жас досқа арнау» мақаласын: «Арыны бар, жалыны бар жас өркен. Тал бойыңнан жігер көрем, ақыл көрем, күш көрем. Жаздай жайнап, күндей күлген жүзіңді, мақтан етем, қыран қанат, алғыр інім, ақ берен! - деп қуаныш сезімін білдіреді.
Студенттер, өрім жастар–жеткіншектер білімнен нәр алатын. Оқуменен, тоқуменен түлеп ұшқан ұядан, шыңға қомдап қанатын. Қандай қызық, қандай тұнық, жас өрен жігерімен тауды бұзып, қара тасты жаратын!» - деп тұжырымдайды.
Ұ.Бағаевтың публицистикасына бөлекше тән қасиет – ондағы пафос, өмірге деген ризашылық; ол әсіресе туған топырағы, ел–жұрты жайлы толғағанда бейне ауыздығымен алысқан тұлпардай алып қашып, арындап отырады. Бұл Бағаевтың бүкіл шығармаларына тән белгі. Бағаевтың очерктерін елірмей, елпілдеп екпіндемей оқу мүмкін емес!
Шын мәнінде көркемөнердің әлеуметтік мәні оның эстетикалық маңызымен өлшенбек. Осы тұрғыдан қарағанда автордың тақырыбы жағынан болсын, көркемдік жағынан болсын шоқтығы биігі – «Алтын таң» очеркі. Мұнда қаламгер очерктің оқиға желісін Хайролла есімді жігіттің өсу жолымен байланыстыра өрбітіп отырады.
«... Он сегізге жаңа іліккен балаң жігіт ағасы Зәкенмен бір күнде майданға аттанады.
Соғыстың басынан аяғына дейін ел намысын қорғайды. Майдан шебінен өзі аман оралғанмен туған ағасы оралмайды. Хайролла майданнан қайтып келген соң, Өскемен қорғасын – мырыш комбинатына жұмысқа орналасады. Лениндік партия қатарына өтеді.
Бірде жұмыстың қызған шағында өзімен бірге істейтін әріптес жолдасы қорғасынның күліне күйіп қалады. Дәрігер денесінің тоқсан сегіз проценті күйікке шалдыққанын айта келіп, жара қатаймай тұрып, етке ет жамау керектігіне тоқталады. Не керек, дәл осы сағатта Хайролла бастаған бір топ металлург жігіттер күйген жігітпен бірге ауруханаға жатып шығады...» (56) . Етінен ет кесіп берген ердің ерлігі бүкіл комбинат жұмысшыларына осылайша таралады.
Ауыл еңбеккерлерін сөз еткенде, алдымен тілге тиек етеріміз Сыр бойының майталман күрішшілері. Олардың ішінде басқа жұрттан ерекшеленіп, тұлғаланып тұратыны - Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Шиелі ауданы «Қызылту» колхозының күрішшісі Ы.Жақаев еді. Бұл ретте автордың «Ыбырай Жақаев және оның шәкірттері» атты очеркі өзінің әсем пейзажымен, өмірдегі нақтылы шындықтың әсерлі суретін көрсетумен оқушыға үлкен әсер етеді. Мысалы, ақ күріштің атасы көрген бейнет, Ыбекең төккен тер, оның көп жылғы еңбегінің рахаты, рекордтық өнімі – қызық хикая. Ұзақ Бағаев Ыбекең басындағы ізгі қасиеттерді талай уақыттан бері аралас–құралас жүріп байқағанын аңғартты. Ақжарқын, жаңалыққа жаны құмар, жатса–тұрса күріш егісінің қамын ойлайтын былтыр алған өніміне биыл місе тұтпайтын, ылғи ізденіп, үйреніп жүретін абзал азамат, - міне автордың суреттеуіндегі атақты күрішші бейнесі осындай.
Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газеті 1971 жылы 18- мамырда Ұзақ Бағаевтың «Диқан ата» (57) деген публицистикалық мақаласын жариялады. Мақала ерекше бір леппен, еңбек адамдарына деген ағынан жарылған, сүйіспеншілікпен жазылған: «Тұлғасы тұтас. Келбеті көркем. Мінезі жайдары. Сабырлы дарқан. Білекте қуат. Көңілі шуақ. Сөзге сараң, іске жомарт!
Қимылына қауым қайран қалғандай! Жігеріне жер де тәнті болғандай! Жүрегіне мейірімімен нұр құйып, дарынына даналық қосып алғандай!..»
Ұзақ Бағаев Сыр бойындағы ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың өмірін көрсетуге, өзінің үш бірдей очеркін арнаған. Автор қашан өз көкейінен осынау еңбегімен елге сыйлы ғажайып адамның толыққанды образы шыққанша бұл тақырыпты жазудан, зерттеуден жалықпаған.
Ұ.Бағаев очерктерін оқу үстінде көбіне көп байқайтынымыз – оның қаламының ел тіршілігімен үндес, халқының жүрегімен мұңдас болатыны. Мысалы, ол осы орайда өзінің «Жүрек оты» очеркінде тағдырдың қатал соққысына төтеп беріп, өмірталқысын талантымен бағындыра білген қазақтың Островскийі атанған Зейнолла Шүкіров туралы тамаша ой толғайды. Өмірдің есігін енді ғана ашқан бала балдырған шағында кәріп болып қалған кезеңінен оның кемел шағына дейін бейнелі сөздермен суреттейді.
«Ол кезде сәби едім, сегізде едім
Білмеймін нені арман қып, нені іздедім
Сарытөсек науқас болып жаттым әлсіз
Өмірден күдерімді тек үзбедім...»
Бұл – оның өз тебіренісі. Бұл оның жастық шағының суреті. Бұл – оның бүкіл өмірі... Автор мұны эпиграф ретінде ала отырып, өзінің пайымдауларын, тебіреніс – толғаныстарын әсерлі жеткізе білген.
Ендігі бір сыр шерткен очерктің аты «Қазына қамқоры» деп аталады. Мұнда халық таланттарының әдеби мұраларын жинаудағы Әлқуат Қайнарбаевтың сіңірген еңбегіне кеңірек тоқталады.
Әлқуат автордың пайымдауынша халық өнерін жан беріп сүйген адам. Автор оны былайша білдіреді. «Оның сан түрлі қолжазбаларымен танысқанда бұл пікірдің шындығына көзіңіз жетеді, ауыз әдебиетінің миуалы бақшасына саяхат жасайды. Еңбеккер жанның - әдебиет жанашырының мұндай мінезіне дән риза екеніңізді жасыра алмайсыз.
- Осындай еселі еңбегіңізді астана жақтағылар да білсе қандай жақсы?
- Неге білмесін, біледі. Қырқыншы жылдан бері біледі. Міне, мынау сол кездерден бері алынған хаттар. Енді осы хаттарға үңілесіз.

«Жолдас Әлқуат!


Сіздің қолыңызда Базар жыраудың өлеңдері, «Мақпал сегіз» поэмасы және басқа да халық жырлары бар деп есітеміз. Сондықтан сол материалыңыздың бір данасын бізге – Қазақстан жазушылар ұйымына жіберуіңізді өтініп сұраймыз.


Жолдастық сәлеммен Сәбит Мұқанов,
Әли Есмамбетов, 25 январь 1940 жыл»
Әлекең және бір хатты көрсетті. Онда Сәбең өзінің алғыс сезімін білдіріпті.
Белгілі әдебиет зерттеушісі Есмағамбет Ысмайлов жазған хатта былай делінген:
«Жолдас Әлқуат! Сіздің Мақаш арқылы берген материалыңызды жақсы білемін. Сізден он ақынның сөзін алған екен. (Базар, Ерімбет, Омар, Тұрмағамбет т.б). Бәрі де өлшеусіз бағалы, қызық.
Есмағамбет Ысмайылов,
5-апрель 1946 жыл»

Әлқуат қарияда бұл іспетті хаттар көп. Олар Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтынан, белгілі әдебиет зерттеушілерінен, ғалымдардан, достарынан, жолдастарынан келген хаттар.


Бұл жолдар автордың сөз саптау, оны орынды қолдана білу қасиетін көрсетеді. Қарапайым баяндау әрдайым бейнелі суреттеумен ұштасып жатады.
Ұзақ Бағаев творчествосындағы ұшқыр ойға, философиялық пайымдауға толы очерктің орны мүлде өзгеше де бөлек. Көлемі шағын, алымы мол. Ұзақ очерктері тартымды, эстетикалық әсерінің күштілігімен оқырмандарды баурап алады.
Мысалы, автордың «Дала жұлдыздары» кітабына енген «Әке мен бала» атты очеркінде екінші тыңды есінен шығармайды. Ол тың – қой шаруашылығы. Атадан балаға мирас болып келе жатқан құтты таяқ жалғастырушыға қалай тиетіні әңгіме болады.
-«Қолына таяқ ұстап, қойдың соңынан ере бергеннің бәрі қойшы бола бермейді, балам. Мал бақсаң «Жаман қойшы өрісін бір күнде тауысар» деп неге айтқан? Он айлық өрісті он күнде шиырлап кетуге болады. Ендеше өріс қадірін білген малшыға әрдайым құт, ал білмеген малшыға - жұт», (58) - дей отыра, әке мен бала арасындағы әңгімені әдемі суреттеген.
Сондай–ақ, ол өзінің «Жан сұлулығы» кітабына енген екінші бір «Шыңдалу» атты очеркінде тың игеруге алғаш үн қосып, Торғай төсін өзінің еңбек даңқымен дүрілдеткен механизатор Леонид Картаузовтың толыққанды образын жасаған.
Қаламгер оны дала қыранына балайды. Мұнда оның өмірінің барлық кезеңінен мағлұмат беріледі.Бірінші сырда еңбекке жаңа кірісер сәттен қиялы суреттеліп, директор мен оның арасындағы пікірталасты былайша өрбітеді.
«Ыңғайсыз болды–ау, шынымды неге айтпадым? Екі мүшемнің кемдігі сыр беріп алса қайтем. Ұяттың көкесі сонда болмай ма. Директор сезіктенбесе бір сәрі.
- Жігітім, денсаулығыңның жайын сұрамаппын, ауру–сырқаудан таза боларсыз.
- Денім сау, жолдас директор, аздап шекіп басатыным бар, бәтеңкемнен...(59)»
Келтірілген үзіндіден автордың идеясын айқын, ұғынасыз, оның кейіпкерінің қолынан бәрі келеді. Ол үлкен төзімділіктің, қайсарлықтың адамы. Сол төзімділіктің арқасында, өз бақытын еңбектен тауып, абырой – атаққа бөленеді.
Осындай ауыл еңбеккерлеріне арналған очерктер журналист творчествосында көптеп кездеседі. Солардың бірі – «Қыр қызы», (60) - деп аталатын очерк, былай басталады. «Алтын асықтай осы бір қарындастың аты–жөні – Оңласын Дәуренова. Ол өмір мектебінің қасиетті босағасын нық сеніммен аттаған еді. Ой көзімен қарасақ, бұл мерзім көп те емес, аз да емес. Көп болмайтыны, жас адамның келешегі әлі алда».
Мұнан кейін автор кейіпкерінің еңбек жолына кеңірек тоқталады. Оның мамандық сырын, өнерін қалай меңгергенін кеңірек аша түседі. О.Дәуренова – механизатор.
Алғашқыда тракторшы механизаторлар бригадасын ұйымдастырмақ болған Оңласынға совхоз басшылары келіспейді. Мұнысына жас қыз табандылықпен қарсы шығады.
Автор кейіпкерінің алғашқыда кездескен қиыншылықтар, ел ағасымен болған пікір – таласын былайша білдіреді.
«Ел ағасы Оңласынға: «Әуелі үйренуші болсаңдар қайтеді,-деп еді, Дәуренова тік кетті. Он жыл мектепте шәкірт болып, өндірісте тағы да үйренуші болсақ, қашан есейіп, қашан ер жетеміз. Бізге техника тілі таңсық емес».
Ол шаруашылық басшысымен арадағы пікірталасты осылайша білдіреді. Жақсы құрылған сюжетпен бірге кейіпкердің характері де ашыла түседі.Қыздың табандылығы, еңбекке деген шынайы көзқарас сәтті мінездеу арқылы ашылады.
Оның келесі бір Арал балықшыларының ерен еңбегі туралы мағлұмат беретін очеркі «Теңіз тарландары» (61) - деп аталады. Очерктің композициясы ұтымды. Мұнда автор балықшылар еңбегінің қыр – сырына тереңірек тоқталады.
Балық аулаудың арғы – бергі тәсілдері барынша қамтылды. Қар жастанып, мұз төсенген күндер, дауылмен алысып, жауынмен жағаласқан мезгілдер артта қалды. Теңіз ризығы аз емес екен. Жағалауда ақ бауыр тырналар мен сары желке сазандар төбе – төбе болып, үйіліп жатты».
Бұл сөйлемдер оқуға жеңіл, жалықтырмайды. Автор оқиғаны суреттеуде шұбалаңқылықтан қашқақтайды. Қысқа әрі нұсқа беруге тырысады. Әдеттегідей басынан аяғына дейін баяндау мен тәптіштеу онда тіпті байқалмайды.
Ауыр еңбек процесінің қаншалықты қиын, ауыр болғанын сіз бірнеше сөйлемнен ғана аңғарасыз. Бұл очеркте Ұ.Бағаев оқушысын әр кәсіптің қыр–сырынан хабардар етуші ретінде де жақсы көріне алған. «Қазір мезгіл не жаз, не көктем емес. Суық күз санаулы күннен кейін абыржыға ұласады. Ал абыржы дегеніміз балықшының от басында омалып отырып қалар шағы. Сондықтан қара су кезінде теңіз түбін тереңнен қамтып қалғандары абзал. Мұз ұстаса қалғанда су маржанын қойнау қолтықтарынан сүзеді. Жағалауларда сартабан шана, қабырғалы атандар, қақпан бел нарқоспақтар әзір тұруға тиіс».
Осы жолдарда асып бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Неге десеңіз, бәрі де қарапайым баяндалған. Журналист бұл кезеңді бірнеше сөйлем арқылы оқуға жеңіл, тартымды бере алған.
Еңбек адамының өршіл мінезіне тән іздену, үйрену, жаңалыққа ұмтылу, биік мақсат қою, мұратына жету тәрізді абзал қасиеттерді тап басып, түйіндей білуде очеркист шебер–ақ.
«Селекционер» очеркі «Тереңөзек» совхозының күріш сортын өсіретін машық селекционері Хан Се Дунге арналған. Мұнда автор даңқты күрішшінің ұзақ өмірінен қысқа очеркте жақсы мағлұмат бере алған. Шығарманың өн бойында көзге ұратыны–автор зерттеп отырған объектісінің сырын жақсы білетіндігі. Кәсіптік мамандыққа да, дақыл өсіруге де терең үңілетіндігі сондықтан. Автор оқушысына диқандық кәсіптің тауқыметі мен дақылды өсіру мәнісінен айшықты сыр ашады. Бұл бағдарда оның қаламы ұшқыр, қарапайым да көркем. Очеркист күріштің қандай дақыл екенін айтқанда ұзақ сонарға салынбайды.
«Күрішке ең қажеттісі күннің қызуы, ауаның ашықтығы. Дақылдың қас жауы қамыс пен шиін. Сыр суы күріштің жаны, себебі лайланып ағады, тамырдан жетпеген қоректі сабаққа сіңіреді. Тұқым баяғыдай суға емес, топыраққа себіледі» (62).
Осы жолдарды оқи отырып–ақ оқушы көз алдына дақылдың қалай өсетінін елестете алады.
Бір фактінің өзін жазушы тек өзіндік тәсілмен жеткізеді, тек өзіндік мәнермен көркемдейді. Мына бір жолдарға назар аударайықшы:
- Мынау «Руба», мынау «СП», екінші сөзбен «Советская пудра», өзім қойған ат. Пудра емей не,-дейді ол, бір дәнді жарып көрсетіп. Шынында опадай аппақ ұлпа шығады одан. Айталық мынау аса бағалы сорт «Чалвей» әрі өнімді, әрі тез піседі, көп жапырылып жатып та қалмайды, осы сорттың бір дәнін де ысырап етпей тұқымға сақтап, көбейтуіміз керек.
Ауыл селекционері өзге сорттарын да тізіп айтып, әрқайсысына сипаттама бергенше асығады. «Вулгарес», «Алакөл», «Кубань–10» тағы басқалар. Ол әрбір сорттың пісу ерекшелігін, өнімділігін басқа да қасиеттерін ерекше бір ықыласпен әңгімелейді. Осыған қызығасың.
Қорыта айтқанда Ұзақ Бағаев өмірде болып жатқан өзгерістерге белсене араласып, соның қай – қайсысына да кесімді пікір айтып, оқырманына ой сала білетін, оның көкейіндегісін тауып сырласа кететін дарынды публицист болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет