Экология және тұрақты даму пәнінің тарихы. Қоршаған орта туралы мәліметтер көнеден келе жатқан халықтардың эпикалық шығармаларында да кездеседі. Мысалы, үнділердің «Махабхарата» жырында (б.э.д. VI-IV ғасырлар) табиғаттың дүлей күштері – су тасқыны мен жер сілкінісі туралы деректер келтіріп, 50-ден астам жан-жануарлардың аттары аталып, олардың тіршілік етуі сипатталады. Тіпті кейбіреулерінің санының артуы және кемуі туралы мәліметтер де келтірілген. Вавилонның қолжазбалық кітаптапрында жерді өңдеудің әртүрлі әдістері мен тәсілдері келтіріліп, кейбір мәдени өсімдіктерді егу жолдары көрсетіледі. Ал Қытайдың б.э.д. IV-II ғғ. жылнамаларында бірқатар өсімдіктер туралы сөз қозғалып, олардың пісіп-жетілу мерзімдері де айтылады. Дәл осындай мәліметтер ежелгі дүние ғалымдары Гераклиттің (б.э.д. 530-470 жылдар), Гиппократтың (б.э.д. 460-370 жылдар), Аристотельдің (б.э.д. 384-322 жылдар) еңбектерінде келтіріліп, талданады. Эмпедокл өсімдіктердің қоршаған ортамен байланысты екенін, ал Гиппократ өз жұмыстарында орта факторларының адам денсаулығына әсері туралы өз ойларын айтады. Аристотель «Жануарлар тарихы» еңбегінде өзі білетін 500-ден астам жануарлардың атын атап, мінез-құлқына сипаттама беріп, оларды қоректенуі және тіршілік етуі бойынша топтарға бөледі. Мысалы, балықтардың миграциясы мен қысқы ұйқыға кетуі, құстардың жылы жаққа ұдіріл
ы, құстардың ұя салуы, жануарлардың ін қазуы және т.б. Ғылымды дамытудың алғы шарттары – нақты материалдар жинау мен оны жүйелендірудің тұңғыш тәжірибесі осылай жүзеге асады. Теофраст Эрезийский (б.э.д. 371-280 жылдар) қазіргі Жерорта теңізінің жағалауларындағы кең ауқымды кеңістікке өзі байқаған өсімдіктерге топырақтың және ауа райының тигізетін әсерлерін баяндайды. Филосовтың бұл еңбегінде сонымен қатар, әртүрлі ағаштардың, бұталардың, жартылай бұталардың қандай топыраққа жақсы өсетіні туралы деректер келтіріледі.
Осы уақыт аралығында өте аз ғылымдық мәні бар еңбектер жазылды. Олардың да басым көпшілігі Разестің (850-923 жылдар), Әбу Әли Ибн Синаның (980-1037 жылдар) дәрілік шөптердің қасиеттері туралы айтылған еңбектеріне, Марко Полоның (XIIIғ.), Афанасий Никитиннің (XVғ.) алыс елдердің табиғаты, мәдени өсімдіктері, жан-жануарлары туралы жазбаларында көрсетілген түсініктемелеріне, танымдық материалдарына сүйеніп жазылды.
Орта ғасырлар дәуірінің соңғы кезеңінде ғана ғылымға Альберт Великийдің (Альберт фон Больштедтің, 1193-1280 жылдар) еңбектері қозғау салды. Ол өзінің кітабында өсімдіктердің өсуінде топырақтың басқа «күн жылуының» да әсері ерекше роль атқаратынын және олардың «қысқы ұйқыға» кетуі өсімдіктердің өсіп-өнуіне, көбеюіне ықпал ететінін және бұл құбылыстардың бір-бірімен өте тығыз байланыстары бар екендігін ашып көрсетіп берді.
Қайта өрлеу дәуіріндегі географиялық жаңалықтардың ашылуы және белгісіз болып келген жаңа жерлерге қоныстану, биологиялық ғылымның күрт дамуына кең жол ашты. Нақты материалдарды жинақтау мен жүйелеп, сұрыптап көрсету сол кезеңдегі жаратылыстану ғылымдарының басты шартына айналды. Алайда, соған қарамастан табиғаттанушылардың еңбектерінде табиғат туралы метафизикалық көзқарастар да басым болды. Бұл еңбектерде өсімдіктер мен кейбір жануарлардың ортаға бейімделуі, жерсіну ерекшеліктері, су тасқынының орын алу себептері туралы ой-пікірлер кеңінен сөз болды. Олар бұл еңбектерін сол аймақтағы «Жан-жануарлардың тарихы» деп атады. Танымал ағылшын химигі Р.Бойль (1627-1691 жылдар) тұңғыш рет экологиялық жағдайларға байланысты тәжірибелерді жүзеге асырды. Ол әртүрлі жануарларға төменгі атмосфералық қысымның әр қалай әсер ететіндігін салыстырмалы көрсеткіштер арқылы дәлелдеп берді.
Сыртқы орта жағдайларының жануарлардың құрылысына әсері туралы мәселелерді XVIII ғ. екінші жартысында француз жаратылыстанушысы Ж.Бюффон өз зерттеулерінде қарастырды. Оның ойынша, бір түрдің екінші түрге айналуының себебі- «орта температурасы, азық сапасы және қолға үйрету», - деп санады.
Алғашқы эволюциялық ілімнің авторы Жан Батист Ламарк (1744-1829 жж.) «сыртқы жағдайлардың» әсері – өсімдіктер мен жануарлар эволюциясында, организмдердің бейімделуге өзгергіштігінің басты себебі деп есептеді.
Жер шарындағы ауа райының өзгеруі ондағы тіршілік ететін жануарлар, өсетін өсімдіктер әлеміне әсер ететінін, бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортадағы жансыз және жанды компоненттердің өзара тығыз байланыста болатынын XVIII ғ. Ресей ғалымдары да өз еңбектерінде көрсетті. Мысалы, орыстың атақты ғалымы М.В.Ломоносов «Жер қыртысы туралы» трактатында «адамдардың көбісінің табиғатта көргеннің бәрі жаратушының құдіретімен жасалған деп ойлаулары бекер» деп атап көрсетті. Ол табиғаттағы өзгерістер тек өсімдіктер мен жануарлар әлемінің тікелей қатысуының нәтижесі деп санады. Әр кезеңдегі жануарлардың өлі сүйектерін зерттей отырып, олардың тіршілік еткен табиғи жағдайлары туралы тұжырым жасады.
XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында қоршаған орта құбылысын зерттеушілердің саны бірте-бірте арта түсті. Ғылымның дамуының екінші кезеңі ботаникалық-географиялық ірі-ірі көлемді зерттеулерге ұласты. Өсімдіктер экологиясының негізін қалау мәртебесі неміс ғалымы А.Гумбольдтің (1769-1859 жж.) еншісіне тиді. Ол 1807 жылы Орталық және Оңтүстік Америкада жүргізген көпжылдық зерттеуі негізінде «Өсімдіктер географиясы туралы ойлар» деген еңбегін жарыққа шығарды. Онда ғалым өсімдіктердің өсуі мен өркен жаюы ауа райының жағдайына, әсіресе температуралық факторға байланысты екендігін жан-жақты ашып көрсетіп берді. Бертін келе бұл ойлар орыс ғалымдары К.Ф.Рульенің (1814-1858 жж.), Н.А.Северцовтың (1827-1885 жж.), А.Н.Бекетовтың (1825-1902 жж.) еңбектерінде одан әрі жетілдіріліп, тереңдетіле түсті.
Экология, жалпы бүкіл биология ғылымының одан әрі дамуына, эволюциялық ілімінің негізін салушы ағылшын ғалымы Ч.Дарвин (1809-1882 жж.) зерттеулерінің маңызы зор. 1859 жылы Ч.Дарвиннің «Табиғи сұрыпталу бойынша түрлердің шығу тегі» еңбегінде, табиғатта «тіршілік үшін күрес», яғни, қоршаған ортамен қарама-қайшылығы көп байланыстар табиғи сұрыпталуға алып келеді, эволюцияның қозғаушы күші болып табылады, - деп атап өтті. Оған атақты орыс ғалымдары В.В.Докучаев(1846-1903 жж.), В.И.Вернадский (1863-1945 жж.), В.Н.Сукачев (1880-1967 жж.), Н.Ф.Реймерс (1931-1993 жж.) үлкен үлес қосты. Олардың ішінен В.И.Вернадский «биосфера» және «ноосфера» концепциясының негізгі қағидаларын да тұжырымдады.
«Экология» ұғымын ғылымға алғаш рет енгізген неміс ғалымы Э.Геккель (1866 ж) экологияға мынадай анықтама берді: «Экология деп, біз табиғат экономикасына қатысты барлық білімдерді – жануардың оны қоршаған органикалық және бейорганикалық ортамен, әсіресе оның өзімен тікелей немесе жанама қарым-қатынаста болатын жануарлармен және өсімдіктердің өзара ынтымақтастық немесе қастастық әрекеттерінің бар жиынтығын зерттеу деп түсінеміз».
Экология жеке ғылым ретінде негізінен ХІХ ғасырдың аяғында қалыптасты. ХХ ғасырдың ортасына дейін гидробиологтардың, фитоценологтардың, ботаниктердің, зоологтардың экологиялық мектептері қалыптасты. Олардың әрқайсысында экология ғылымының белгілі бір жақтары дами бастады:
1-кезең-жеке ағзалардың бір-бірімен және қоршаған ортамен өзара байланыстарын биологиялық зерттеу.
2-кезең-трофтың байланыстарды, экологиялық пирамидаларды және т.б. зерттеу ( А. Гумбольдтың, Д.Дарвиннің, К.Ф.Рульенің жұмыстары).
3-кезең-ғылыми зерттеулердің негізі бірлігі ретінде экожүйелер мен биогеоценоздарды зерттеу.
4-кезең-биосфераны ғаламдық экожүйе ретінде қарастыру.
5-кезең-биосферадағы адамзат қоғамының ерекше ролін мойындау.
Экология бастапқы кезде биологиялық ғылымдардың құрамына еніп, организмдер мен қоршаған ортаның өзара тығыз байланысын ғана зерттеумен шектелген болса, қазіргі заманда экология шеңбері одан да әрі кеңіп, көптеген ғылымдармен, атап айтқанда – география, геология, агрономия, химия, архитектура, математика, физика, генетика, медицина, қысқасы ғылымның барлық салаларымен тығыз араласып кетті. Осылай қазіргі заманғы экология – зор қарқынмен дамып келе жатқан, Жер планетасындағы барлық тіршілік иелері үшін іс жүзінде аса зор маңызды, кешенді ғылым болып саналады. Экология болашақтың ғылымы және адамдардың өзінің өмір сүруі осы ғылымның дамуына тікелей байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |