Тақырып бойынша өзін өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1 Экология ғылымының негізгі даму кезеңдері?
2 Экология құрылымы?
3 Негізін салушы ғалымдар?
4 Экология ғылымында қолданылатын зерттеу әдістері?
Тақырып 3. Экологиялық жүйелер, функциялары, энергия алмасуы және заттар айналымы
1 Ағзалар экологиясы анықтамасы.
2 Экологиялық факторлар жіктелуі.
3 Негізгі экологиялық заңдылықтар.
Ағза мен қоршаған ортаның қарым қатынасын зерттейтін экологияның бөлімін ағзалар экологиясы қарастырады. Экологиялық термин ретінде оны аутэкология деп атайды. Биологиялық жүйе ретінде аутэкология жекеленген тірі ағзаны – жануар, өсімдік немесе микроорганизм, оның қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасын зерттейді.
Тірі ағзаға әсер ететін ортаның элементтерін экологиялық факторлар деп атайды. Экологиялық фактор дегеніміз – ағза бейімделушілік реакциялар, не адаптациялар арқылы жауап беретін қоршаған ортаның кез келген элементі немесе жағдайы.
Кез келген ағзаға қоршаған ортада көптеген экологиялық факторлар әсер етеді. Өзінің ықпал ету ерекшеліктеріне қарай ол үш негізгі топқа бөлінеді: абиотикалық, биотикалық және антропогендік.
Абиотикалық факторлар – бұл тірі ағзаға әсер ететін қоршаған орта жағдайларының комплексі, өлі табиғаттың тірі организмдерге тікелей немесе жанама түрде әсер етіп, олардың өмір сүру жағдайын белгілеу қасиеті (температура, жарық пен басқа сәулелі энергия, ылғалдылық, ауаның құрамы, атмосфералық қысым, жауын-шашын, жел, су құрамы, топырақ, жер бедері, радиациялық фон, атмосфераның, теңіз және тұщы судың, топырақтың құрамы және т.б.).
Биотикалық факторлар – бұл бір ағзалардың тіршілік әрекетінің басқаларына тигізетін әсері. Тіршілік факторлары бұл тіршілік иелерінің бір-біріне әсер етудің барлық формалары. Әрбір ағза басқа жеке дараның (индивидтің) тікелей немесе жанама түрдегі ықпалын бастан кешіреді, өздерінің немесе өзге түр өкілдерімен өзара қатынаста болады немесе оларға тәуелді болып, не болмаса өздері әсер етеді (бәсекелестік, жыртқыштық, паразиттік, комменсализм, симбиоз, мутуализм және т.б.)
Антропогенді факторлар – адам қызметінің қоршаған ортаға тигізетін әсерінің жиынтығы зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы, топырақ қабатының бұзылуы, табиғи ландшафттардың бұзылуы және т.б.
Антропогенді факторлар организмдердің мекен ортасына, табиғаттың өзгеруіне, олардың өмір сүруі жағдайына тікелей ықпал жасайтын адам әрекетінің барлық факторлары.
Мұндай факторларға жататындар: өнеркәсіп, ауыл шаруашылық өндірістері, көлік пен шаруашылықтың өзге салалары. Әсіресе, соңғы жылдары антропогенді түрде табиғатқа әсер ету жылдамдығы арта түсуде.
Берілген жіктелу шартты болып табылады. Себебі, температураны абиотикалық фактор ретінде қарастырсақ, ол тірі ағзалардың әсеріне байланысты жиі өзгеріп отырады.
Жоғарыда келтірілген жіктеулерден басқа ағзалардың қоршаған орта факторларының әсеріне бейімдеушілік дәрежесін бағалауға негізделген (А.С.Мончадский) жіктелу бар. Бұл жіктелу бойынша барлық экологиялық факторлар үш топқа бөлінеді: 1-ші ретті периодты, 2-ші ретті периодты, периодсыз.
Ең алдымен тірі ағзаларда периодты факторларға бейімделуі пайда болады. Мысалы, Жер шарының тікелей өз өсінен және Күнді айналуы немесе Ай фазаларының ауысуы.
Аталған факторлардың тұрақты түрде қайталану циклдері Жердегі тіршілікке дейін де болған, сондықтан да ағзалардың бұл 1-ші ретті периодты факторларға бейімделуі олардың тұқым қуалау негізінде ертеден қалыптасқан.
Екінші ретті периодтық факторлардың өзгеруі 1-ші ретті факторлардың өзгеруінің нәтижесі болып табылады. Мысалы, ауаның ылғалдылығы – температураға тәуелді екінші ретті фактор.
Периодты емес факторлар ағза мекен ететін ортада қалыпты жағдайда болмайды. Олар кездейсоқ әсер ететіндіктен, ағзаларда бейімделу белгілері пайда болып үлгере алмайды. Мысалы, дауылды желдер, найзағай, өрттер, сонымен қатар адамның шаруашылық қызметін айтуға болады.
Тірі ағзаларға экологиялық факторлардың әсерінің қолайлы немесе қолайсыз болуы, ең алдымен оның әсер ету күшіне байланысты. Факторлардың жетіспеуі немесе шектен тыс көп болуы ағзалардың тіршілігіне қолайсыз әсер етеді. Ағзаның тіршілігі үшін анағұрлым қолайлы болатын экологиялық фактордың интенсивтілігін (қарқындылығын) оптимум деп атайды. Көптеген түрлердің гүлденуі, көбеюі үшін оптималды температуралар белгілі.
1840 жылы Ю. Либих (1803-1873) ағзалардың төзімділігі оның экологиялық қажеттіліктерінің тізбегіндегі ең әлсіз звеносымен анықталатынын дәлелдеді. Ол ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін анықтауда қоректік заттарға деген сұранысын зерттеуге бағытталған тәжірибелер жүргізді. Ю. Либих бидайдың өнімділігі оған көп мөлшерде қажет (СО2, Н2О және т.б.) жеткілікті мөлшерде бар қоректік заттарға емес, оған аз мөлшерде қажет және топырақта жеткіліксіз болатын (мысалы, бор) заттарға тәуелді екенін анықтайды.
Қазір Либих ережесі шектеуші факторлар заңы немесе Либихтің минимум заңы деп аталады. Бұл заңды былай тұжырымдауға болады: экологиялық факторлар жиынтығында төзімділік шегіне ең жақын фактор күші әсер етеді.
Экологиялық факторлардың тек жетіспеуі (минимум) ғана емес, оның артық мөлшері де (максимум) шектеуші әсер ете алады.
Минимуммен қатар максимумның да шектеуші әсері туралы түсінікті дамытқан 1913 жылы В.Шелфорд болды. Шелфордтың толеранттылық заңы: Экологиялық факторлардың минимумы ғана емес, оның максимумы да шектеуші фактор бола алады, ал олардың арасындағы ауытқу диапазоны толеранттылық шамасын (латын тілініен аударғанда tolerantia – шыдау, төзім), яғни ағзаның белгілі бір факторға төзімділігін анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |