«экспо – 2017» қай тілде сөйлейді? тақырыбындағы мақалаға талдау



Дата30.03.2018
өлшемі36,99 Kb.
#39874
«ЭКСПО – 2017» қай тілде сөйлейді?

тақырыбындағы мақалаға талдау



(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)

13- қаңтар 2016 жыл



2017 жылы Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Бүгінде ауқымды шараға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұған дейін Елбасының қатысуымен Үкіметтің бірнеше отырысы өтіп, барлық мәселелер бірнеше рет егжей-тегжейлі пысықталған болатын. 
Еліміз 2012 жылы ЭКСПО шарасын өткізу мәртебесін жеңіп алған кезде Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде «ЭКСПО – 2017» көрмесін Астанада өткізу туралы шешім тарихи оқиға болып саналатынын айтып, «ЭКСПО – 2017 тарихымыздың тағы бір алтын парағы деп бағалаған еді. «Енді алдымызда «­ЭКСПО – 2017» көрмесін лайықты деңгейде өткізу міндеті тұрғанын, бұл еліміз үшін сын ғана емес, жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Астанада «­ЭКСПО» көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді» деді Елбасы.

Иә, халықаралық шараны ойдағыдай өткізуіміз шарт. Себебі ЭКСПО арқылы барша әлем Қазақстанның өзіндік болмысын, бет-бейнесін, тарихы мен мәдениетін, өнерін, жаңа инновациялық серпінді қадамдарын танып біледі. Сонымен қатар «ЭКСПО» көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсететіні белгілі. Бұл орайда Елбасы көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін көрсетудің маңыздылығын да айтқан болатын. «Отандық мәдениет қайраткерлерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс» екенін жеткізді. Демек, ЭКСПО көрмесі арқылы еліміздің мәдениетін, тарихын танытудың зор мүмкіндігі туып отыр. Осы мүмкіндікті біз барынша пайдалануымыз қажет. Осындай мәселелерді ойға алғанда біз елімізде келер жылы өткізілетін ЭКСПО халықаралық көрмесінде мемлекеттік тіліміздің де мәртебесін асқақтатуымыз керек. Ол үшін Астанадағы ауқымды шараны мемлекеттік тілде өткізуіміз керек. Сонда ғана Қазақстанды әлем елдері терең тарихы, озық мәдениеті, ұлттық болмысы бар ел ретінде таниды. Бізде кейде халықаралық шаралардың орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастырылып жататыны бар. Біз осындайдан арылуымыз қажет. Былтыр Елбасы БҰҰ сессиясында қазақ тілінде баяндама жасағанда, ана тіліміздің мәртебесі биіктей түсті емес пе? Барша әлем қазақ тілінің үнін естіді. Елбасының баяндамасы барлық тілдерге аударылды. Ешқандай қиындығы болған жоқ. Демек, қазақ тілінің дәрежесін арттыру, оны халықаралық деңгейге шығару өз қолымызда тұр. Тек соған деген ниет, ықылас болса болғаны. Біздің шенеуніктердің, шетелге іссапармен баратын делегациялардың да көбінесе ондағы әріптестерімен орысша сұхбат жүргізіп отырғанын байқаймыз. Бұл да санамызға берік орнығып қалған ескі қағидадай әсер қалдырады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екенін барша әлем жұртшылығы құр танып қана қоймай, қазақ тілі арқылы қазақ халқының төл өнері мен мәдениетін, тарихын, ұлттық болмысын, ұлы дала өркениетінің ғажайыптарын танып білулері шарт. Ал осыған біз қандай жағдай жасауымыз керек деген мәселе туындайды? Егер де Астанада өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінде мемлекеттік тіліміз тасада қалып, алдыңғы қатарға орыс тілі немесе ағылшын тілдері шығып кететін болса, шетелдік қонақтар Қазақстанды лайықты деңгейде тани алмай қалуы мүмкін. Өйткені тіл дегеніміз – бұл халықтың жан-дүниесіне, салт-санасына жол ашатын кілт. Тек сол арқылы біз әр халықтың өзіндік бет-бейнесін танып білеміз. ЭКСПО-көрмесінде қазақ тілінің мәртебесі асқақ болуы керек деп отырғанымыздың бір мәнісі осында. Тек сол арқылы біз еліміздің де мәртебесін биіктете түсеміз.
Тіл мен мемлекет, мемлекет пен тіл егіз ұғым екенін түсінетін кез келді. Оны бір-бірінен бөле-жара қарауымызға болмайды. Қазақстан деп айтылған жерде мемлекеттік тіл бірге жүруі керек. Қазақстан делегациясы, Қазақстанның атынан шетелге барған өкілдер қазақ тілінде сөйлеуі керек. Қазақстан және қазақ тілі! Осы екі ұғым қай жерде де бірге насихатталып, бірге танылуы керек. Сонда ғана біз мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, қолданыс дәрежесін арттыра аламыз. Әйтпесе, бәрі бекершілік болып кетуі де ғажап емес. Ол ЭКСПО көрмесі бола ма немесе басқа да халықаралық шаралар бола ма, қазақ тілінің бәсі, өзіндік орны айқын көрініп, сезіліп тұруы тиіс. Кез келген шетелдік қонақ келген кезде оның ойында яки санасында: «Бұл ел қай тілде сөйлейді екен?» деген сауал тұратыны анық. Егер барлық шаралар орыс тілінде ұйымдастырылса, олар Қазақстаннан еліне қайтқан кезде: «Бұл ел орыс тілінде сөйлейді екен» деген ой қалыптасуы әбден мүмкін. Сонда ондай шаралардан біздің ұтқан жеріміз не болмақ
Қорытынды:

Тілімізді асқақтата алмасақ, қазақ тілі арқылы өз құндылықтарымызды наси­хаттай алмасақ, мемлекетіміздің абыройына сын емес пе? Осы тұрғыдан көп ойланып, бір­қатар нақты шараларды қолға алуымыз керек.


Бізде тағы бір жаман әдет бар. Басы қазақша басталып, әрі қарай өзге тілдер қосарланып кетеді. Неге тек бірыңғай мемлекеттік тілде өткізбеске? Сөйленген сөздер, жасалған баяндамалар қазақ тілінен өзге тілдерге аударылып берілсе, оны да ұйымдастыруға біздің әлеуетіміз жеткілікті.

Қазақ тілі және мәдениеті



кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.С. Қалыбекова

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет