ТӘуелсіздік мемлекеттік тіл тірегі



Дата26.06.2018
өлшемі77,5 Kb.
#44784
ТӘУЕЛСІЗДІК - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТІРЕГІ
Адамзат тарихының сандаған ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс – тіл мәселесі болып табылады.

Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі болып табылады, сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді.

«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.

Ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу жолын сөз еткенде, тарихты айналып өтуге болмайды.

Елімізді ХХ ғасырда жетпіс жыл бойы билеген әкімшіл-әміршіл жүйенің ұстанған ұлт саясаты республикамызды мекендеген халықтардың табиғи даму заңдылықтарына ықпал етіп, туған тілінен, тарихы мен мәдениетінен айрылудың қатерлі жағдайына душар етті. Жалпы, қазақ тілінің мемлекеттік, саяси ауқымы сонау патшалық отарлау заманы кезінен бастап-ақ төмендей бастағаны белгілі. Бұл қауіптен қазақ тілі 1917 жылғы Қазан төңкерісінің арқасында құтылғандай болды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ұлт тілдеріне мемлекеттік және саяси тұрғыда жете мән беріліп, ұлт тілі мен мәдениетіне азды-көпті түсінушілікпен қарағандық байқалады. Себебі, жұмысшылар мен шаруалардың көсемі В.И. Ленин ұлт тілдері мәселелеріне жете көңіл бөліп, бірнеше ұлттардан тұратын мемлекетте ұлт тілдерін дамыту мәселесіне қатысты пікірлер қалдырды.

Бұл нұсқаулық қағидалар Қазақ автономиялы республикасы алғаш құрылған уақыттан бастап жүзеге аса бастады. Мәселен, Қырғыз (Қазақ) АССР-інің 1920 жылы қазанда өткен І Құрылтайының декларациясында қазақ және басқа ұлт тілдеріне жете мән беру мәселесі талқыланып, нәтижесінде «ҚАССР-нің мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану тәртібі туралы» декреті /1/ қабылданды.

Қазақ тілінде іс жүргізу мәселесін сөз еткенде, тағы да тарихқа тереңірек үңілуге туралы келеді. Бұл мәселе сонау 1920-30 жылдары оңды шешіліп, бірқатар тәжірибе жинақталғаны белгілі жайт. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы мен Халық Комиссарлары Кеңесі сол жылдарда конституциялық нормаларға сәйкес қазақ тілінде іс жүргізудің қалыптасуы мен дамуына жәрдемдесетін бірқатар қаулылар қабылдады: Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Қазақ және орыс тілдерін республикалық мемлекеттік мекемелерінде қолдану туралы» декреті, 1923 жылғы 20 қарашадағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті қазақ тілінде іс жүргізудің алғашқы заңды құжаттары болды.

Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті КСРО Орталық Атқару Комитеті Ұлттар Кеңесі Төралқасының 1927 жылғы 26 тамыздағы мәжілісінде жасаған «Республика мемлекеттік аппаратын тұрғылықтандыру туралы» баяндамасында қазақ тілінде іс жүргізудің республикадағы жайын әңгімелеп, оны одақтық деңгейде мәселе етіп көтерді. Қазақ тілінде іс жүргізуді республикалық деңгейде дұрыс шешу мәселесі Қазақ өлкелік партия комитетінің 1929 жылы 11-16 желтоқсанда өткен V Пленумында қаралып, қаулы-қарарында ерекше көңіл бөлінді /2/.

Алайда, ХХ ғасырдың 20-жылдары ортасынан бастап халықтардың тең құқықтығының принциптері, КСРО-дағы ұлттардың өз мәдениеті мен тілін дамыту құқығы шектеле бастады. Тіл саясаты өрескел бұрмаланып, оның орнына Сталиннің ұлттарды ұлттық рухани қазынасынан айыруды көздейтін «біртұтас кеңес халқын жасау» саясаты орнықты. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті халықтың және Кеңес Одағында, соның ішінде қазіргі Қазақстан Республикасында тұратын ұлттық топтардың мүдделері ескерілмей жүргізілді. Заңсыздық пен зорлық-зомбылық көп ұлтты мәдениетке орасан зор нұқсан келтірді, мұндай келеңсіздікке қарсылық білдірген зиялы азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады, көбісі ату жазасына кесілді.

Ғалым Н. Жанақованың тарихи зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, Кеңестік кезеңде қазақ тілінің өркендеуіне кері ықпал еткен мынадай ішкі және сыртқы әлеуметтік-демографиялық процестерді атап көрсетуге болады:

- ұжымдастыру немесе қолдан жасалған ашаршылық зардаптары;

- Кеңес Одағы бойынша, әсіресе Қазақстандағы жаппай индустрияландыру;

- Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей мен Украинадан ірі өнеркәсіп орындарының Қазақстанға көшірілуі;

- Кеңес Одағын басқарған Н.С. Хрущевтің тың игеру саясаты.

Ұжымдастыру жылдарында жіберілген қателіктер мен ашаршылық салдары Қазақстандағы демографиялық процестердің қалыпты арнасын бұзып, республиканың ұлттық құрамына ықпал етті, сайып келгенде, мұның өзі қазақ тілінің дамуына орасан зор зиян келтірді.Қазақ тілінің индустриясы дамыған республикада жетекші тіл бола алмауына кедергі жасаған объективті және субъективті факторлар болды. Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қынжыла жазғандай: «қазақтар ірі кәсіпорындарына бармағандықтан тіліміз өндіріс тілі бола алмады» /3/. Сондықтан, Қазақстанның өнеркәсіп саласында орыс тілділердің үстемдігі орнықты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында да қазақ тілі мен басқа аз ұлттар тілдерінің қолданылу аясы тарылып, орыс тілінің ықпалы күшейе түсті. Бұлай болуы елдегі қалыптасқан қоғамдық-саяси, этнодемографиялық жағдайларға байланысты заңды құбылыс еді (әкімшіл-әміршіл билік жүйесі соғыс өрті шарпыған өңірлердегі көптеген ірі кәсіпорындарды жері байтақ, елі жомарт Қазақстанға көшірді).

Тың игеру саясаты Қазақстандағы жергілікті ұлт – қазақтарды өз туған жерінде аз ұлтқа айналдырып, қазақ тілінің өрісін тарылтты.

Ал, тоқырау жылдарында біздің ғалымдарымыз қазақ тілінің тек ішкі құрылысын ғана зерттеді де, оның қоғамдық мәні, өмірдегі орны, ана тілінің тілдік қызметінің толық мәнді принциптері туралы сөз қозғамады. Жалпы, Кеңестік дәуірдегі зерттеулер, яғни 1989 жылы Қазақ ССР Тіл туралы Заңы қабылданған кезге дейінгі жарық көрген еңбектер ресми идеологияның шеңберінен шыға алмай, біржақты ғана жазылды. Бұл еңбектерде ұзақ жылдар бойы интернационалдық біртектілікті, «ұлттарды біріктіруді», яғни КСРО халықтары мен тілдерін жақындастыруды насихаттау мақсатты түрде көрініс берді. Мұның өзі кеңестік жүйе белгілегендей, Қазақстандағы ұлт тілдерінің дамуы негізінен алғанда, сол кезеңдегі партиялық мемлекеттік саясат ыңғайына сәйкес зерттелгендігін байқатады. Осылайша, 1980-жылдардың бас кезінде қазақ тілі өз республикамызда белгілі бір дәрежеде беделін жоғалтып алды деуге болады.

Міне, осындай объективті себептерге байланысты қазақ тілінің беделінің төмендеуі, қолданыс аясының тарылуы оны республика бойынша мемлекеттік тіл деп тануға итермеледі.

1985 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар Одағында «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» атты тақырыпта алқалы жиын өтіп, онда көрнекті жазушы-академик Ғабит Мүсірепов тіл туралы жасаған баяндамасында тілді – ең бірінші, ұлттың ұлттық белгісі, халықтың тарихы мен тағдыры, әдебиеті мен мәдениеті, дәстүрі мен салты, ән мен күйі, жаны мен тәні, тіпті мінез-құлқы деп танып, тілден айрылу – бәрінен айрылу екендігін, сол себепті ана тілін сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамыту шараларын жан-жақты ойластыру қажет екендігін баса айтты /4/. Жазушының бұл сөзі қазақ зиялы қауымы ортасында үлкен серпіліс туғызып, Алматыдағы қазақ тілінде мектептеп ашуға, басқа да игі мәдени шаралар өткізуге итермеледі, ал нақтылы түрде, мемлекеттік деңгейде ана тіліне қамқорлық жасау мәселесі батыл көтерілмеді. Әкімшіл-әміршіл жүйенің темірдей тәртібі ана тілі туралы нақтылы шындықты айтуға мұрсат бермеді.

1985 жылы қайта құру басталған кезден бастап қана, оның өзінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының әсерімен біздің республикамызда қазақ тіліне көңіл бөлініп, қазақ және орыс қостілділігінің қажеттілігі туралы мемлекеттік деңгейде мәселе көтерілді. Бұл ретте Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1987 жылғы 3 наурызда «Республикада қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» және «Республикада орыс тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» қаулылар /5/ қабылдап, біршама шаралар жүзеге асырылды. «Республикада қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» қаулыда партия және кеңес органдарында, министрліктер мен ведомстволарда, қоғамдық ұйымдар мен түрлі мекемелерде еріктілік принципін қатаң сақтау негізінде қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін курстар мен үйірмелер ұйымдастыруға жете көңіл бөлу ұсынылды, қазақ тілін дамыту ісіндегі кемшіліктер мен олардың себептері, алдағы кезде осы олқылықтардың орнын толтыру жолдары кеңінен көрсетілді.

Қазақстан КП ОК ұлттық және ұлтаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының арада бір жыл өткеннен кейін ұйымдастыруымен 1988 жылғы 11 мамырда өткізген республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ұлтаралық қатынастар мәдениетіне тәрбиелеудің көкейкесті мәселелеріне арналғанымен, мұнда тіл мәселесі, соның ішінде қазақ тілін оқыту, дамыту, мемлекеттік деңгейге көтеру мәселесі батыл айтылды. Орталық Комитеттің сол кездегі хатшысы, белгілі қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков ұлтаралық қатынастар мәдениеті тәрбиесі туралы негізгі баяндаманы жасай келіп, қазақ тілінің республикадағы сын көтермейтін ахуалы туралы: «...Соңғы кезде баспасөзде, оңашада және халық арасында республиканың қоғамдық және мемлекеттік өмірінде қазақ тілінің атқаратын рөлі мен алатын орны туралы пікірталас жүріп жатыр, мұны негізінен соңғы көптеген жылдар бойы қазақ тілін оқып-үйренуге назардың әлсіреп кеткенімен түсіндіруге болады... Орталықта да, жергілікті жерлерде де қазақ тілінде іс жүргізумен ешкім айналыспайтын болды,» /6/ – дей келіп, қазақ тілі төңірегіндегі қалыптасқан жағдайды толық айтып, кемшіліктердің бетін ашты. Одан әрі қазақ тілі мәртебесіне тоқталып: «Дегенмен мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің статусы туралы мәселе түсіндіруді талап етеді, өйткені республика конституциясында ондай ереже жоқ,» /6/ – деп атап көрсетіп, В.И. Лениннің «Міндетті мемлекеттік тіл қажет пе?» деген мақаласында марксистер міндетті мемлекеттік тілге қарсы болғанын, өйткені оны енгізу іс жүзінде осы тілді бүкіл халыққа еріксіз таңу деген сөз екенін атап көрсеткендігін мысал ретінде келтіре отырып: «Бірақ екінші жағынан жергілікті тілді, бұл жағдайда қазақ тілін оқып-үйренуді барынша көтермелеп отыруға болады, себебі тіл туралы мәселе – мәдениеттің ғана емес, сондай-ақ саясаттың да мәселесі, мұның өзі аса әдептіліктің, республикаға ат берген ұлтқа, оның тіліне құрметтің табиғи көрінісі болар еді,» /6/ – деп тұңғыш рет қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы мәселені көпшіліктің талқысына ұсынды.

Туған тіл төңірегіндегі келелі әңгіме, тартысты күрес 1989 жылы наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ана тілім – ардақтым» айдарымен жарияланған мақалалардан бастау алады. Тілші-ғалым, академик Ә. Қайдаров республикада мемлекеттік тіл – бір тіл, ол – қазақ тілі болуға тиіс екенін жан-жақты дәлелдеп жеткізген материалы осы айдармен жарық көрді /7/. Бұдан кейін жазушы С. Елубаев өз ойларын жоғарыдағы пікірмен сабақтастыра түсті /8/. Осыдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде сол жылы белгілі әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлерінің қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тану қажеттігі туралы республика жұртшылығына арналған ашық хаты «Тіл тағдыры – ел тағдыры» айдарымен жарияланды да, қоғамда тіл мәселесі төңірегінде үлкен толқыныс туғызды. Республиканың түкпір-түкпірінен ашық хатты қолдаған пікір-ұсыныстар «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына толассыз түсіп жатты. Олардың арасында жеке авторлармен бірге мың жарым адамға дейін қол қойған ұжымдық хаттар да көп болды. Сол кезеңде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуын қолдап, қордалы ой қозғаған заңгер-ғалым С. Сартаев, жазушы С. Шаймерденов, өздерін шынайы интернационалист ретінде танытқан қазақстандық орыс жазушылары Д. Снегин, И. Щеголихин, тілші-ғалым, украин А. Гаркавец құнды пікірлерін білдірді.

1989 жылы тамызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық комиссиясы дайындаған «Қазақ ССР-індегі тіл саясаты мен тіл құрылысының концепциясы» жобасы тұңғыш рет жарияланып, «Қазақ тілінің бұрын да мемлекеттік тіл ретінде белгіленгені мәлім, бірақ ұлт саясатындағы қиғаштықтардың салдарынан саяси, мемлекетік, ғылыми және мәдени өмірде лайықты дәрежеде қолданылмай келді,» /9/ – деп бұл мәселедегі істің нақтылы жайы ашық атап көрсетілді және «Міне сондықтан да қазақ тілінің мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, ғылым, мәдениет, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде, қызмет көрсету саласында кеңінен қоданылуына және барынша дамытылуына қазақ тілінде арнаулы орта және жоғары білім алу үшін жағдай жасау, оны үйренгісі келетін жұрттың бәріне мүмкіндік туғызу туралы қамқорлықты республика өз мойнына алуы үшін қазақ тілін қорғау және дамыту мақсатында оны Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі деп ресми түрде, конституция жүзінде тану керек,» /9/ – деп қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі алғаш рет ресми құжат ретінде жұртшылық талқысына ұсынылды. Тұжырымдамада атап көрсетілгендей, қазақ тіліне мұндай құрмет көрсету Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілін қолдану құқығын еш кемсітпей, еркін дамуына бөгет болмауға тиіс екендігі баса айтылды.Тіл тұжырымдамасынан кейін іле-шала баспасөзде жарияланған Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің «Республикада қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» 1987 жылғы 3 наурыздағы қаулысын орындау жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы /10/ қазақ тілінің өрісін кеңейтуге үлкен септігін тигізді. Қаулыда қазақ тілін оқып-үйренудегі 1987-1989 жылдар аралығында оңды өзгерістермен қатар, қоғамдағы рөлін кеңейту процесі әлі де баяу жүзеге асырылып жатқандығы, қолданылу аясын шектеудің бұған дейін орын алып келген үрдісі әлі жойылмағандығы т.б. кемшіліктер атап көрсетілді. Осы кемшіліктерді жоюдың, қазақ тілін жан-жақты дамытудың мемлекеттік шаралары белгіленіп, бұларды орындау тиісті министрліктер мен ведомстволарға міндеттелді. Бұл саяси құжаттың КСРО-дағы ұлт тілдері үшін маңызы зор болды. Осы платформаның «Ұлттық мәдениеттер мен тілдер туралы» тарауында: «Одақтас немесе автономиялы республикаға аты берілген ұлттың тілін мемлекеттік тіл деп тану – республикалардың өздері шешетін мәселе. Мемлекеттік тіл статусы тілді кемсітуге бастамауға тиіс, ол мұның қоғамдық және мәдени функцияларын кеңейтуді, бұл үшін қажетті материалдық-техникалық, кадр, педагогикалық немесе басқа да мәселелерді шешуді, басқа ұлт өкілдерінің жергілікті тілді оқып-үйренуін көтермелеп, оған көмектесуді көздейді» /11/ деп жазылып, ұлт тілдерінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге кең мүмкіндік ашып берді.

Тіл мәселесінің мемлекеттік деңгейде талқыға түсіп, жұртшылық арасында жаппай саяси тақырыпқа айналуы республика көлемінде қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тануға себеп болды. Осы талаптар мен ұсыныстар нәтижесінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңын қабылдап, оның 1-бабында «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» /12/ деп көрсетілді. Осылайша, халықтың көптен күткен арманы орындалды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бұл заң 1990 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгізілді. Бұл тарихи оқиға 1980-ші жылдардың соңына қарай қоғамдық өмірде орныға түскен әлеуметтік әділет принциптерінің бір жеңісі, қоғамтанушы ғалымдар мен көпшіліктің туған тіл жөніндегі талап-тілектері мен ұсыныстарын аса мұқият зерттеп қорытындылаудың нәтижесі болды.

Республикада Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін ғана 1990 жылдың 24 сәуірінде «ССРО халықтарының тілдері туралы» КСРО заңы қабылданып, онда тілдердің құқықтық мәртебесі нақтылы анықталды. Осы заңның 4-бабында: «Одақтас, автономиялы республикалар тілдерінің праволық статусын анықтауға, соның ішінде оларды мемлекеттік тілдер ретінде белгілеуге праволы» /13/ деп атап көрсетілді.

Тіл саласындағы ұлт саясатының адамгершілік-құқықтық принциптері заңды жолмен осылайша қайта жаңғырды. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, күнделікті өмір дағдысына айналдыру үшін кең көлемді, аса ауқымды істерді жүзеге асыруға тура келді. Осы ретте 1990 жылы мамыр айында Алматыда «Қазақстандағы тіл саясаты және оны жүзеге асыру жолдары» деп аталатын республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті, оның қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту ісінде маңызы орасан зор болды. Конференцияда республикадағы тіл саясаты мен ұлт тілдері дамуының теориялық және практикалық мәселелері талқыланып, республикада қазақ тілін және басқа ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы құпталды. Сонымен бірге, негізгі бағдар қазақ тілі мәселесіне арналып, оның мемлекеттік тіл ретінде дамуы жан-жақты қарастырылды. Тіл туралы заңдағы қазақ тіліне байланысты баптарды жүзеге асыру ғылыми және әдістемелік тұрғыдан негізделіп, оны дамытудың бағыттары белгіленді.

Қазақ тілінің мәртебесін жүзеге асыруға елеулі ықпал еткен фактор оның мемлекеттік мәртебесінің Қазақстан Республикасының 1993 жылғы қаңтарда қабылданған Негізгі Заңы – Конституциясында нақтылануы болды. Онда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп танылды /14/. Бұл бап Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған 1995 жылғы Конституциясында да қайталанды /15/.

Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары алда тұрған басты міндеттердің бірі мемлекеттік тілдің беделін, оны білу әрбір азаматтың өмірлік қажетіне айналатындай, қазақстандық патриотизмнің құрамды бөлігі болатындай деңгейге көтеру қажет болды. Сондай-ақ мемлекеттік тілге ресми қолдау көрсетумен қатар, оған бүкіл қоғам тарапынан қамқорлық жасау мәселесі де алға тартылды.

Осындай мақсаттарды көздейтін ҚР Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы № 3186 Өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасында» Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тілдік дамудың басым бағыттары мен тілдердің қызмет ету тетіктері айқындалып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамытуға жағдай туғызу жөніндегі мемлекеттік міндеттер белгіленді, мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасау тетіктері атап көрсетілді /16/.

Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттік қазақ тілін және басқа ұлт тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілеп берген, республикада қолданылатын барлық тілдерге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз ететін егемен еліміздің тіл мәселесіндегі тұңғыш заңы – «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабында қазақ тілінің конституциялық құқығы заңнамалық тұрғыда нақты көрініс тапты /17/.

ҚР Үкіметі 1998 жылғы 14 тамызда қабылдаған «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» № 769 қаулысында: «1. Орталық атқару органдары, барлық деңгейдегі әкімдер: 1) «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 23-бабына сәйкес, мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, мемлекеттік органдарда іс қағаздарын кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіруге байланысты іс-шаралар жоспарларын жасап, жүзеге асырсын» /18/ деген сипатта нақты тапсырмалар берілді.Осы ресми құжаттың заңды жалғасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы № 4106 Жарлығымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Дәл осы сипаттағы ресми құжат бұдан бұрын «Қазақ тілі және Қазақ ССР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы» деген атпен Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төралқасының 1990 жылғы 28 маусымдағы № 14-ІХ шешімімен бекітіліп қабылданған болатын. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңды орындауға бағытталған басқа да маңызды заңнамалық құжаттар қабылданып, мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің үнемі назарында болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», Қазақстан Республикасының Үкіметі 1999 жылғы 8 қаңтарда бекіткен «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның орындалуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ережесі» сияқты құжаттар қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық пайдаланудың аясын кеңейтіп, ресми құжаттарды ресімдеудегі рөлін жетілдіре түсті. 2005 жылы қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінде өткен кеңесте Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Д.К. Ахметов мемлекеттік тілде жүргізген бұл кеңесте министрлер мен ведомство басшылары бағдарламаны іске асыру бағытындағы атқарылған шаралар бойынша есептер берді. Он жыл мерзімге есептелген бұл Мемлекеттік бағдарламаны қабылдаудың өзектілігі тіл проблемаларын шешу жөніндегі шұғыл шаралар процесін мемлекеттік қолдау қажеттігімен айқындалады. Бағдарламада орталық және атқарушы органдардың, сондай-ақ еліміздің жетекші тілші-ғалымдарының ұсыныстары ескеріліп, Қазақстандағы тіл құрылысының ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтары, мақсаттары мен міндеттері айқындалған, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен іске асыру тетіктері белгіленген. Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері онда көзделген іс-шараларды қысқа мерзімді жоспарлауға негізделген. Ол әлеуметтік-лингвистикалық ахуалдағы өзгерістерге неғұрлым икемді оңтайласуға мүмкіндік береді, жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді және нақты нәтижелерге қол жеткізеді.

Айта кететін бір жайт, Бағдарламаға мемлекеттік тілді насихаттау және қоғамдық өмірдің түрлі салаларына енгізу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы № 127 Жарлығымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Олардың бастысы мемлекеттік органдардың іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы 2010 жылға дейін мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру кестесінің бекітілуі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында, басқа да алқалы жиындарда жасаған баяндамаларында мемлекеттік тілді дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. 2006 жылғы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, бүгінгі дамуы мен болашағы жайында айта келіп:

«– Үш бірдей мәселені бағдар ғып ұстану керек.

Біріншіден, Тіл туралы Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу;

Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілі 50 пайыздан кем қолданысқа түспеуі керек.

Үшіншіден, 2010 жылға дейін жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіп, әр облыстың мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң қабылау қажет./19/.

Мемлекеттік тіл мәселесіндегі Елбасының үлкен қадамы 2006 жылдың 24 қазанында Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында жасаған баяндамасы болды. Қоғамда үлкен серпіліс туғызған осы баяндамасында: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» /20/ деп Қазақстан Республикасы ұстанып отырған тіл саясатының мәнін түсіндіре келіп, маңызды ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты бүгінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі таңда мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатының негізгі мақсаты – жинақталған оң тәжірибені пайдалана отырып, тіл саясатын жүзеге асырудың жаңаша тетіктерін табудағы нақты іс-әрекеттерімізді белгілеп алудың тағы бір кезекті қадамын жасау болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. В братском единстве народов СССР. Документы и материалы. 1920-1937 гг. Алма-Ата, 1972. с.57-58.

2. Жанақова Н. Қазақстандағы тіл тарихы. Алматы, 2006. 77-б.

3. Сүлейменов О. Біздің мұратымыз тағы да сол – тауларды аласартпай, даланы асқақтату // Егемен Қазақстан, 1994. 26 ақпан.

4. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1986 жыл, №5.

5. ҚР Президентінің архиві. 708-қор, 133-тізбе, 36-іс, 80-п.

6. Воспитание культуры межнациональных отношений: Материалы респ. научно-практ. конф. сост. 11 мая 1988 года в г.Алма-Ате. А., 1988. с.23.

7. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл, № 10.

8. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл, № 24.

9. Қазақ ССР-індегі тіл саясаты мен тіл құрылысының концепциясы. Жоба // Өркен. 1989. 2-б.

10. Қазақ ССР Министрлер Советінде // Социалистік Қазақстан. 1989. 25 тамыз.

11. Партияның қазіргі жағдайдағы ұлт саясаты (КПСС платформасы) // Социалистік Қазақстан. 1989. 26 қыркүйек.

12. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы Заңы. – Кітапта: Ана тілім – ардағым. Алматы, 1990. 29-б.

13. ССРО халықтарының тілдері туралы // Социалистік Қазақстан. 1990. 6 мамыр.

14. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1993.

15. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995.

16. Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы // Тіл және қоғам. 2004. № 2. 7-б.

17. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы // Егемен Қазақстан. 1997. 15 шілде.

18. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы № 769 қаулысы. // Егемен Қазақстан. 1998. 11 қыркүйек, 14 тамыз.



19. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты. 2006. 11 мамыр. 7-б.

20. Назарбаев Н. Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі. // Егемен Қазақстан. 2006. 25 қазан.
Каталог: uploads -> doc -> 08bf
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
08bf -> Сабақтың мақсаты: 1 тіршілік үшін күрес және табиғи сұрыптау туралы мағлұмат алу. Есте сақтау қабілетін дамыту
08bf -> Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына арналған
08bf -> Сабақтың тақырыбы: Әбу Сәрсенбаев «Сен құрметте оны»,


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет