Автордың толық аты-жөні: Кенесова Айдана Самигуллаевна
Баяндама тақырыбы: «Орыс-түрік соғыстарындағы қазақ генералы»
Секция: Заманауи гуманитарлық ғылым: өзекті мәселелері мен қолданылу аясы (философия, тарих, құқықтану, педагогика, психология, т.б.)
Жұмыс орны: М.Өтемісов атындағы БҚМУ
Ғылыми дәрежесі: 6М020300 - «Тарих» мамандығының 2 курс магистранты
Үй/жұмыс телефондары: 8 778 558 80 30, 8 705 135 47 92
E-mail: dan4ik30.06@mail.ru
Қатысу түрі (іштей/сырттай): сырттай
ӘОЖ: 94.(574)
ОРЫС-ТҮРІК СОҒЫСТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛЫ
Кенесова А.С.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Орал қаласы, dan4ik30.06@mail.ru
Ғұбайдолла Жәңгіров – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Ресейдің әскери саласында елеулі роль атқарған тұлғалардың бірі. Орыс-түрік соғыстарының белортасында болып, қолбасшылық қабілеттерімен көзге түсіп, кавалерия генералы дәрежесіне дейін жеткен тұңғыш қазақ - Ғұбайдолла Жәңгіров 1840 жылы 6 мамырда Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгірдің отбасында дүниеге келеді. Алғаш сауатын Ордадағы орысша-қазақша дәріс беретін мектептен ашқан Ғұбайдолла тоғыз жасында Ресей империясының таңдаулы оқу орны - Паж корпусына түсіп, аталған оқу орнынан білім алып шығады [1, 6 б.].
1856 жылы Ғұбайдолла Паж корпусын тәмамдап, корнет атанып, Петербургке казак полкіне лейб-гвардияға жөнелтіледі. Содан соң Орынбор губернаторының қарамағына қызметке жіберіледі. Орынборда ол көшпелі қазақ, қалмақ, башқұрт халықтарын басқару ісімен шұғылданады. 1866 жылы ротмистр шенін алып, Дон казактары атаманы қарамағына қызметке жіберіледі. 1868 жылы полковник шені беріліп, Ресейдің солтүстік-батыс өлкесіне қызметке ауысады. 1871 жылы флигель-адъютант болып тағайындалады. 1875 жылы қырғыз істері бойынша Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарады.
1877 жылдың 12 шілдесінде Ғұбайдолла Бела қаласында императордың бас пәтеріне келіп ұлы князь Николай Николаевичтің қарамағына өтеді. Император мен басқолбасшының тапсырмаларын орындай жүріп Ғұбайдолла патша мен Отанға ант берген адам ретінде қолынан келгенше аянбай қызмет етеді.1876-1877 жылдары Ғұбайдолла Бас қолбасшының штабымен және бас пәтерімен Беладан бастап Константинопольге дейінгі даңқты жолды жүріп өтеді. Әсіресе, Плевна (қазіргі атауы Плевен, Болгарияның солтүстігіндегі қала) түбіндегі шайқастарда Ғұбайдолла басқарған байланыс бөлімшесі ұтқыр қимылдайды. Плевен түбіндегі шешуші шайқастарға басшылық жасау үшін Александр патшаның өзі майдан шебіне келеді.
Соғыстан көп уақыт өткеннен кейін де император:
- Шыңғыс, менің туған күнімде майдан шебінде сүйінші хабармен шаттыққа бөлеп едің-ау. Сен сол күнді ешқашан естен шығармайтын боларсың? – деп сұрайтын.
- Ешқашан ұмытпаймын, жоғары мәртебелім! – деп жауап беретінмін мен [2, 1026 б.].
Бұл Ғұбайдолланың өз күнделігіндегі жазу. Екі қаруластың – Александр патша мен Ғұбайдолла генералдың жорық жолдарын еске алуы еді.
Сөйтіп соғыста көрсеткен ерлігі үшін Мәскеу Кремлінің Георгиев залының қабырғасында Балқан соғысы батырларының қатарында қазақ генералының да аты-жөні жазылды. Ғ.Жәңгіров «Ерлігі үшін» Алтын қылышынан басқа Әулие Аннаның І және ІІ дәрежесімен, Әулие Станислав орденінің үш бірдей дәрежесімен, Әулие Владимирдің ІІІ және IV дәрежелерімен, 1877-1878 жж. орыс-түрік соғыстарының естелігі құрметіне және Императорлық мәртебелілердің ұлықтау рәсімі құрметіне арналған медальдарымен, 1877-1878 жж. орыс-түрік соғыстары кезінде Александр ІІ Императордың жанында болу құрметіне орай арнайы белгі, Қызыл Крест (мұсылмандық) белгілерімен және Ресейдің және Еуропа елдерінің басқа да жоғары наградаларымен марапатталды. Патшаның ерекше жарлығымен 1877 жылы алтын қару алғандардың бәрі Георгиев кавалеріне теңестіріліп, ал үлкендік реті жөнінен 4-дәрежелі Георгиев орденінен кейінгі орында саналды [3, 103 б.].
Әкесі Жәңгірдің қарулар жинағындағы Елизавета патшайымның бабалары - Әбілқайырға, Нұралыға, І Александр патшаның – атасы Бөкейге, әкесі Жәңгірге берген атаулы-жазулы қылыштары қазақ хандарын ұлықтау рәсіміне орай берілген ескерткіш қарулар болатын. Ғұбайдолла болса сол тізімді жалғастырып, орыс патшасы ІІ Александрдың өз қолынан әскери қару алды.
Ғұбайдолла Жәңгірұлының орыс-түрік соғыстарына қатысуы Бөкей Ордасы жұртшылығын қуанышқа кенеді. Соғыс барлық (жаяу әскер, флот, артиллерия, атты әскер тағы басқалар) әскерлердiң түрлерiнiң қолданумен (Балкан және Кавказ) екi майданда бiр уақытта жұмыс iстей алған Ресей әскери iс-әрекетiнiң ары қарай дамуына үлкен ықпалын тигізді. 1853-1856 жылдары болған Қырым соғысындағы жеңілістен кейін Ресейде әскери реформа жүргiзiлдi, әскердiң құрылымындағы, әскерлердiң жауынгерлiк әзiрлігi, әскери өнеркәсiптiң дамуы, телеграф және телефон желiлері салаларында бірқатар жобалар жүзеге асты. Соғыс қарсаңында австриялық үлгi бойынша орыс әскерiнде тоғыз әскери-жорық телеграф парктері, олардың әрқайсыларында сегіз Морзе аппаратынан болды, 35 шақырымға созылған мыс телеграф өткiзгiшi, 7 арба, 2 станциялық күймелері болды. Парк штаты соғыс уақытында 373 адамнан тұрды, соның iшiнде 6 офицер және шенеунiктер, 12 телеграфисттен тұрды. Соғысқа 6 әскери-телеграф парктері қатысты, олардың iшiндегі төртеуі (3, 4, 5 және 6-шы) әскерді дала байланыстарымен тiкелей қамтамасыз еттi, ал екi парк (1-шi және 2-шi) резервте болды [4].
Жоғарыда келтірілген мәліметтерден орыс әскерiнiң тарихында 1877-1878 жылдардағы соғыста тұңғыш рет орасан зор аумақты алып жатқан майдан алаңында әр түрлі бағыттардағы әскери істерді басқарып бақылап отыру мақсатында электр телеграфы кең қолданылғанын анық байқауға болады. Мысалы, Софиядан Қара теңiзге дейінгі оның ара қашықтығы 400 шақырымға созылып жатты. Орыс әскерiнiң барлық телеграф қызметiнiң басшысы сияқты Ғұбайдолланың міндеті соғыс жоспарлары мен әскери операциялар жоспарларын, телеграф байланысының қызметін жоспарлау, жалпы әскери-телеграф парктерінің қызметiн күнделiктi басқару, үкiметтік телеграф пен әскери штабты байланыстыру және жеке қосылулармен үзiлiссiз қамтамасыз ету болатын. Отрядтар, корпустар және әскери штабтарда жеделхаттарды қабылдап, жiбере алатын меншiктi телеграф бөлiмшелерi болды. Далалық телеграф байланыс қызметiнiң басшысынан жоғарғы басшылықтың бұйрықтарын тез және дәл орындау, талаптылық, батылдық, ұйымдастырушылық қабiлет керек болды. Ғұбайдолла - басқа қазақ генералдары сияқты жергiлiктi әскери-азаматтық әкiмшiлiктегi қызметі үшін емес, Ресейдiң сыртқы жаулармен соғысында,соның ішінде оның оларда мәңгi жауы - Түрiк империясымен соғыста қатысқаны үшін бұл мәртебеге ие болады. Ол іс жүзінде әскери техника саласында генерал атағын алған бірінші қазақ болды [5, 70 б.].
XX-шы ғасырдың басында Ресей әскерінiң бас штабы "1877-1878 жылда Балқан түбегiнде орыс-түрiк соғыс бойынша материалдардың жинағы" атты 109-томдық кітапты шығарды. И.В. Гурко, М.И. Драгомиров, М.Д. Скобелев тағы басқалар сияқты белгiлi орыс әскери қолбасшыларының аты-жөндерімен бірге 1878 жылдың қаңтарынан бiрiншiден соңғы күнге дейiн соғысқа қатысқан генерал-майор Ғұбайдолла Жәңгіров Шыңғысханның тегі де кездеседі.
Шығыс және Батыс отрядтарының құрамындағы 5-шi және 6-шы әскери-телеграф парктері соғыста бас қолбасшы мен әскери корпустардың штабтарымен, алдыңғы қатардағы бөлімдермен қамтамасыз еттi. Тек қана 1877 жылдың маусымының өзінде–ақ 5-ші парк 85 шақырымдық телеграф сызығын 10 станциямен байланыстырып тұрды, 4500 жеделхаттар жөнелтіп қабылданып отырды. 1877-1878 жылдың қысында орыс әскерi түрiк әскерiн Балқан түбегінде жеңiп, талқандады және бұдан әрi Адрианопольге, сонан соң Константинопольге шығуға мүмкiндiк алды. Соғыстың қорытынды кезеңдерiндегi операциялардың сәтті өтуіне әскери штабтар және үкiмет телеграфымен басталған бағаналардың арасындағы орнықты телеграф байланысының бар болуы өз септігін тигізді.
Бела, Порадим, Горный Студень, Плевен, Богот, Сельви, Казанлык, Эски-Загра, Адрианополь, Сан-Стефано, Константинополь – бұл қалалар басқолбасшының бас пәтері және штабпен Дунай жағаларынан Қара теңізге дейін, алғашқы ұрыс далалары, қатыгез жеңілістерден жеңіске дейінгі жүріп өткен Ғұбайдолланың даңққа толы жолдары болды.
Басқолбасшыға жақын офицерлер және болашақта генералдар, Ресейдің белгілі әскери қызметкерлері – адъютант Д.А. Скалон мен ерекше тапсырмалар орындаушы М.А. Газенкампф орыс-түрік соғыстары жайлы естеліктерге толы күнделіктер жазып қалдырған, онда жоғарғы басшылықтың, ұлы князьдың бас пәтеріндегі офицерлер өмірі, тұрмыс-тіршілігі туралы жазылған. Скалон мен Газенкампф күн өткен сайын балқан жорығы оқиғалары туралы жазады. Басқолбасшының айналасында күнде жүрген жүз шақты адамның арасынан Скалон мен Газенкампф 5-6 адамды бөліп көрсетеді, олардың арасында міндетті түрде Ғұбайдолла болды, өйткені Ғұбайдолланы ұлы князьбен қызмет бабымен қатар шынайы достық сезімі бйланыстырды, олардың арасында, тіпті, патша үйі мүшелерінің істерін, патшадан жасырған құпиялар ашық айтылды [6, 91 б.].
Көп кешікпей бас қолбасшының «Флигель-адъютант полковник сұлтан Шыңғыс-ханды почта мен телеграф бөлімінің меңгерушісі генерал-майор Штальға көмекші етіп тағайындаймын. Николай» деген бұйрығын алды. Осылайша, Ғұбайдолла Бас қолбасшының штабымен және бас пәтерімен Беладан бастап Константинопольге дейінгі даңқты жолдан өтті. Әсіресе, Плевен қаласының түбіндегі шайқастарда Ғұбайдолла басқарған байланыс бөлімшесі ұтқыр қимылдады.
Ғұбайдолла өзінің жұмысқа қабiлеттiлігімен, техникалық сауаттылығы және ерекше ұғымталдығымен көпті таң қалдырады. Соғыс қызып, телеграф өткiзгiштерiнің қоры таусылған сәтте Ғұбайдолла олардың орнына казак найзаларының саптарын қолдануға бұйрық бередi. Сонымен қатар, оның басшылығымен соғыс барысында Дунай арқылы маңызды телеграф кабелi өткізіледі.
Орыс Балкан әскерiнiң (210 мың адам, 810 саймандар) бас қолбасшысы Ұлы князь генерал-адъютант Николай Николаевич болды. Түрiк әскерiн (206 мың адам, 400 саймандар) тәжірибелі сердар-экрем Абдул-Керiм-Паша басқарды (генералиссимус), кейін оны (мұсылмандықты қабылдаған немiс Карл Детруа) мехмед-Әли-Паша (генерал-фельдмаршал ) мушір ауыстырды [7].
Жәңгірұлының орыс-түрік соғысына қатысуы Бөкей Ордасы жұртшылығын қуанышқа кенеді. Бұл жаңалықты газеттен Медетқали Шөкіұлы оқып, халыққа жариялады.
Жұма күні, қарашаның 11-інде Имамдық мешітте намаз аяқталғаннан кейін мінәжат етушілер орындарынан көтеріле бастаған кезде Медетқали оларды тоқтатып, уағызды үн қатты:
-Мұсылмандар! Бәрімізге мәлім, біздің ақ патшамыз, император ағзам Александр Николаевич арайлаған күн секілді өзінің қасиетті шуағымен қол астындағы барша ұлтпен тең мұсылман дінді халықтарға да сәулесімен нұр шашады, әркез жәбір мен қысымнан қорғайды. Мұсылмандар Ресейдің барша жерінде өздерінің діни парыздарын еркін атқаруға кенеліп отыр. Міне, сол мұсылманның нәсілі, марқұм Жәңгір ханның ұлы флигель-адъютант сұлтан Ғұбайдолла Шыңғысханның, мен газеттерден оқып білгенімдей, Плевна қаласының түбіндегі ұрыста 31 тамызда «Алтын қылышпен» марапатталы ұлы мәртебелінің біздің хан әулетіне, жалпы Ішкі қазақ ордасына деген қайырымды назарын білдіреді.
Осы сөзімен саясатта көзі ашық, сауатты Медетқали Ғұбайдолла ерлігін жерлестеріне алғаш паш етті. Өзінің туған ұлының есімін оның құрметіне Ғұбайдолла қойды. Қайырымдылық ретінде өз атынан он күміс рубль, батыр аттас бесіктегі ұлының атынан 84-сынамалы, алпыс тоғыз мысқал күміс құмыраға «майдан мүгедектеріне жәрдем» деген жазу ойдырып, жөнелтті [8, 415 б.].
Бірақ 1879 жылда ол сүзекпен ауырып соғыс ол үшін аяқталады [1, 124 б.]. Ғұбайдолла тек әскери салада ғана емес, сонымен бірге әкімшілік қызметте де өзін таныта білді. Ол Ресейдің жоғарғы қауымындағы абырой-атағы мен зор ықпалын өз халқының мүддесіне жаратты. Мысалы, Мемлекеттік Думаның бағдарламасын жасауға сарапшы ретінде қатысып, қазақтардың сайлауға, сайлану құқығына қол жеткізуіне үлкен жәрдемін тигізді. Ғұбайдолла жас саяси қайраткерлер – Ә.Бөкейхановқа, А.Қалменовке, А.Бірімжановқа және тағы басқаларға ұдайы жәрдемдесіп, Бақытжан Қаратаев үшін ІІ Николай патшаның аудиенциясына қол жеткізуіне көмектескен.
Ғұбайдолла Жәңгіровтың барлық жасаған игі істеріне тоқталсақ, шегіне жете алмаспыз. Тек есте сақтарлық бір ғана жайт, Ғұбайдолла Жәңгіров 1894 жылы Ресейдің атты әскери кавалерия генералы жоғары әскери атағын алған жалғыз қазақ болды. Ол 1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысына қатысқан, 1868 жылы - полковник, 1878 жылы - генерал-майор, 1888 жылы - генерал-лейтенант атағын алған. Ғ.Жәңгіров әскери қызметін кавалерия генералы шенінде аяқтаған, ол бүгінгі армия генералы немесе әскери маршал шеніне тең атақ.
Өзінің әкесі қайталанбас тұлғадан білімге және өз-өзін жан-жақты жетілдіруге ұмтылыс сияқты жақсы қасиеттерді, өз ұстаздарынан алған үлгі-өнегелердің арқасында Ғұбайдолла өз өмірінде көптеген жетістіктерге жетті. Ол үлкен өмір мектебінен өтті, мемлекеттік қайраткер тәжірибесі мен білімін өз бойына жинақтады. Ол екі елдің мәдениетін өз бойында тоғыстырған адамға айналды. Жақсы білім алып, бірнеше тілдерді меңгеріп ол ресей әскери элитасына оңай сіңіп кете алды, бірақ ұлттық салт-дәстүрлерге опасыздық жасаған жоқ, өз бойында қазақ халқына тән қонақжайлық, отандасқа деген көмек қолын созуды аямау, философиялық ойлау жүйесі, сөзге шешендік, міне осы сияқты асыл қасиеттердің барлығы Ғұбайдолланың бойынан табыла білді.
Қалай болғанда да, Ғұбайдолла Жәңгіровтың төре тұқымына лайықты ел үшін атқарған қызметі, әскери ерлік күрестері бүгінгі ұрпаққа аян, қазақ елінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны айғақ.
Орыс-түрік соғыстарындағы қазақ генералы, қазақтың соңғы ханы Жәңгір баласы Ғұбайдолла - Ресей империясы әскери күштері байланыс әскерлерінің тұңғыш бастығы, соғыс жағдайында орыс армиясының әскери байланысын ұйымдастырған қайраткер, тіпті, Ресей байланыс әскерінің негізін қалады десек те қателеспейміз!
Әдебиеттер:
1. Мукатаев Г.К., Ирхина М.В. Султан Губайдулла Чингисхан – полный генерал от кавалерии: Документы и материалы. - СП6: «Издательство М.В. Ирхиной», 2003. – 159 с.
2. Хак А. Памяти Султана Чингисхана // Исторический вестник. 1909. № 12. Т. 118.
3. Арапов Д. Ю. Императорская Россия и мусульманский мир (конец XVIII – начало ХХ в.): Сборник материалов. – М.: Наталис. – 2006. – 480 с.
4. Абдиров М. Русско-турецкая война. – http://military-kz.ucoz.org. – Алынған уақыты: 02.05.2013 ж.
5. Арапов Д. «Не посягать на религию и не стеснять обычаев»: Генерал Чингис-хан и «мусульманский вопрос». // Родина, 2004. - №2. с. 70-72.
6. Скалон Д.А. Мои воспоминания. 1877-1878 гг. В 2 т. Том 1. – СПб., 1913. – 400 с.
7. Кочуков С.А. Общество, правящая элита, армия Российской империи и Русско-турецкая война 1877-1878 гг. – http://www.docme.ru. – Алынған уақыты: 27.03.2015 ж.
8. Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 528 б.
Достарыңызбен бөлісу: |