Білім беру қызметі: тұлғаны оқыту, тәрбиелеу және дамыту міндеттері шешілетін мақсатты, педагогикалық негізделген, білім беру субъектілерінің бірізді өзара ықпалдасу үдерісі.
Білім беру үдерісінің мониторингі: білім беру ұйымдарында білім беру үдерісін жүйелі түрде бақылау, диагностикалау, талдау, жағдайын, нәтижелердің өзгеру динамикасы мен жүзеге асырылу шарттарын бағалау және болжау.
Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау:білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкестігін бақылау мақсатында жүргізілетін рәсім.
Білім беру саласы:ең аз мөлшердегі және оқу пәндерінің функционалды толық жиынын қамтитын және оқушылардың дене, интеллектуалдық, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық, экономикалық, коммуникативтік және ақпараттық дамуын қамтамасыз ететін орта білім берудің базалық мазмұнының құрамдас бөлігі.
Білім мазмұны:тұлғаның жан-жақты дамуына және түйінді құзыреттіліктерінің қалыптасуына негіз болып табылатын әрбір білім беру деңгейі бойынша білім жүйесі (кешені).
Жалпы білім беретін мектеп: бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларын, сондай-ақ, білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны.
Кіріспе Бәсекеге қабілетті маман дайындауда, кәсіби білім берудің сапасын арттыру барысында білім беруде инновациялық технологиялар мен жаңашыл оқыту әдістерін қолданудың маңызы ерекше. Қазіргі кездегі саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени өзгерістер адам өмірінің барлық саласына өзінің әсерін тигізді. Адамдардың құндылықтары мен қызығушылықтары да басқаша сипат алды. Білімге деген сұраныс та өсуде. Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техниканың деңгейі де, оны басқару жүйесі де өзгеріп отыратыны белгілі. Осыған орай, педагогикалық қызметтің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктерді қажет етуде. Еліміздің экономикасына енгізілген нарықтық қатынас жалпы білім берудің тәсілдерін және оқыту әдісін түбегейлі өзгертті.
Заманауи білім беру процесінде жалпы білім беретін мектеп жағдайында модернизациялау қоғам мен мемлекет үшін жеке тұлғаны дамытудың перспективалық қажеттіліктері айқындала тусуде.
Себебі, дамыған елдердің экономикалық жетістігінің болуы білім беру жүйесінің жоғары тиімділігімен байланысты. Бүгінгі таңда әлемнің барлық елдерінде жоғары білім беру реформалары өзгеріске түсуде. Біріншіден, жаһандану үдерісіне сай экономиканың дамуы, сұраныстың өсуіндегі бәсекелестік, ұйымның өзгерістерін, жаңа сапалы қызметін жедел ұйымдастыру қажеттігі пайда болды. Екіншіден, ұйымдардың адами ресурстың сапасына, интеллектуалдық еңбекке басымдық беру үрдісі қалыптасты. Бұлар өз кезегінде қызметкерлерді үздіксіз оқыту үдерісін ұйымдастыруға алып келді. Осы талап үдесінен шығуда қазіргі уақытта оқу жоспары жаңа әлеуметтік-экономикалық ортада жұмыс істей алатын жоғары білікті менеджерді қалыптастыратын жаңа пәндерді қамтиды. Қоғам талабына байланысты мектептегі басқару жүйесі де үлкен өзгерістерге ие болды.
Сондықтан да, басқарушыға жаңа талаптар мен міндеттер қойылып, олардың ұстанатын қағидалары да жаңаша ұсынылды. Сондай-ақ, басқару ісіне әлеуметтік серіктестік тұрғысынан келу көзделуде. Яғни, басқарушы, басқарылушы, ата-ана, оқушылар араласуда. Бұл дегеніміз қазіргі адамдардың педагогикалық білімдерінің болуын қажет етеді. Болашақ мамандарды даярлауда бұл курс басқару ісінің тәсілдерімен, қағидаларымен, технологияларымен таныстырады.
Бүгінгі заман талабына сай озық білім мен адамгершілік мұраттарына негізделген ізгілікті тәлім-тәрбие беру ісін жүйелі ұйымдастыра білу де өте маңызды. Білім беру жүйесіндегі жаңа сапалық деңгейге жету мақсатындағы жоспарланған өзгерістері, ғылым мен техниканың дамуы және тұлғаның өзін-өзі дамытуға қабілеттілігі бүгінгі таңда бәсекелестік жағдайында басты фактор ретінде қарастырылуда. Қазақстанның білім беру саласындағы бұл жүйелі өзгерістер жаһандану кезеңіндегі болып отырған жаңа бастамалармен үндестікте дамуда.
Басқару жүйесі жауапкершілікті талап етеді. Менеджмент процесі- бұл басқарудағы қызметкерлердің әлеуметтік - экономикалық жүйеде мақсатқа жетуге бағытталған, белгілі технология бойынша жүзеге асатын іс-әрекеттерінің үздіксіз реттілігі және жиынтығы. Осыған орай, ұсынылып отырған оқу құралының мақсаты – болашақ мұғалімнің мектептің педагогикалық үдерісін және білім беру мекемелеріндегі кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру болып табылады.
Осы талапқа сай оқу құралында білім берудегі менеджменттің мәні талданады. Оқу құралы типтік оқу бағдарламасына сай құрастырылған.