Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
Мәмбетов Жолдасбек Ормаханұлы
Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы ұлттық мінез
сипаты
Қазақ халқының бітім болмысы Ғ.Мүсіреповтің қай шығармасында
болмасын ерекше шабытпен, асқан сыршыл дәлдікпен суреттеледі. Сондай
қазақы мінез-құлықты суреткерлік шеберлікпен бейнелеген туындысы –
«Ұлпан» романы.
Роман оқиғасы он тоғызыншы ғасырдағы қазақ өмірінің елеулі бір кезеңін
суреттеуге арналған. Шығармаға арқау болған сюжет желісі өмірде болған
адамдардың өмірінен алынған. Ол туралы осы кезге шейін жазылған деректер
де баршылық. Біздің айтпағымыз көркем шығармаға негіз болған тарихи
оқиғалар желісі емес, сол өткен дәуір шындығын көркем туындыға
айналдырып, әдеби образдар тізбегін сомдаған жазушының мінез жасаудағы
шеберлік сырына үңілу.
Әрине осы уақытқа дейін жазылып келген зерттеулерде шеберлік
мәселесін стильге апарып телушілік басым. Мұның сыры кез келген стилі
қалыптасқан қаламгер үшін ешқандай тақырып та, оқиғаның өту мерзімі де
кедергі бола алмайды дегеннен туындаса керек. Ал И.С.Тургенев
шығармашылығы жөнінде жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген
О.Г.Егоров пен А.П.Чеховтың стильдік ерекшелігі туралы тың пікірлер айтып
жүрген М.Д.Качур сияқты ғалымдар стиль «белгілі бір оқиғаны жүйелеп қана
беретін трафарет емес» дей келіп, әр бір стилист жазушының ыңғайына
келетін тақырып пен уақыт мерзімінің болатынын нақты мысалдар арқылы
дәлелдейді.
Ал тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушылардың көпшілігінің тарих
тереңіне «сатылап енетіндігі» осы стильге қатыстылығымен ерекшеленсе
керек. Мысалы, І.Есенберлиннің тарихи романдарының алғашқысы «Қаһар»,
сонан соң «Жанталас» пен «Алмас қылыш», ең соңында барып «Алтын Орда»
романдарына ұласуы қаламгердің өткен тарихи оқиғаларға тереңдеп зерттеу
жүргізуіне ғана қатысты емес, сол дәуірдің адамдарының болмыс-бітімін, тіл
ерекшелігін түбегейлі меңгеру кезеңдеріне де байланысты болса керек. Мұнан
байқайтынымыз әр бір тарихи туындыны жазу барысында жазушы өткен
тарихи дәуірді бүгінгі күннен кері қарай сараптап, көне заман оқиғаларына
біртіндеп баратындығын аңғарамыз. Бұл біздің қазақ әдебиетінде ғана емес,
жалпы әлем әдебиетінде орын алып отырған дәстүр.
Бұл туралы тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрген қаламгерлер бір
ұлттың өткені мен бүгінгісінің арасында, соның ішінде салт-дәстүрінде,
адамдар мінезінде т.б. саяси-әлеуметтік факторлардың әр түрлі өзгерістерге
ұшырайтынын, сондықтан да қалыптасқан стильдік формада қалам тартудың
қиын екенін мойындайды.
Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы да «Оянған өлкеден» кейін жазылған,
онан сәл ертеректегі қазақтың патриархалдық тұрмысын бейнелейтін
шығарма.
«Ұлпан» романын тарихи роман деп кесіп айту қиын. Мұнда тарихта
болған адамдар мен елді мекендер, ру тайпалар суреттелгенімен олардың
саяси-әлеуметтік мәні туралы айтуды жазушы басты нысана етіп алмаған.
Керісінше бұл шығармада жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас, қуаныш
пен қайғыға, ой мен сезімге көбірек орын берілген. Оның өзі сол заманға сай
ұлттық бояумен нақышталып, реалистік болмыс-бітімімен ерекшеленеді.
Романдағы басты кейіпкерлердің мінез-құлқы, олардың арасындағы
шынайы адами байланыстардың әр алуан қырлары, оқиға өткен тарихи кезеңге
сай ерекше ұлттық сипатымен есте қалады.
Шығарманың экспозициясындағы Енесейдің Ұлпанға көңілі кетіп оны
ұзаққа созбақтамай-ақ Түрікпен Мүсірепті араға салып, өз ойына кесімді
жауап алуды көздеуі XIX ғасырдағы қазақы ожар мінездің көрінісі іспетті. Бұл
жерде, әрине, Есеней би де тағдырдың талай теперішін көрген адам ретінде
суреттелгенімен, оның дәл осындай өз сезіміне ие бола алмай, панасыз қызға
құрығын тастауы бүгінгі күн тұрғысынан анайылық болып көрінері сөзсіз. Ал
ол кезеңде мұндай әрекетті ешкім де астамшылыққа бағалай қоймаған.
Есеней өзінің сүйіспеншілік сезімімен іштей арпалысқанымен оны жеңе
алмасын біледі. Сондықтан да онан шығар жолды өзі тауып, өзі шешім
қабылдайды. Еліне жүргелі тұрған Түрікпен Мүсірепке:
“Аялдасаң қазір аттан. Артықбайға құда түсіп қайт. Неге шошып кеттің?
Ұлпанға Есенейдің көңілі ауып жүр де. Мендей шалдардың талайы-ақ тоқал
алады. Мен де өзіңдей сұр бойдақ. Сен қатыны жоқ сұр бойдақ, мен қатыны
болса да он жылдан бері сұр бойдақпын. Алпысқа келгенім жоқ. Керегі болып
қалса қыздың өзіне де сөйлесе кел”, – деп тапсырады. Байқап отырғанымыздай
жазушы Есенейдей ел билеген адамның сөз саптауын қысқа да бұйрықты
сөйлемдермен жеткізуге тырысқан. Бұл кесек сөздер Есенейдің одан бұрын
іштей ойлаған ішкі сезімімен қабыспайды. Қызды көріп отырып ол “Он күн
ойлансам да келер бір кеште Ұлпаннан басқа тірі жанға сөз бермей... Ұлпан не
айтса да қағып алып... біресе күлдіріп, біресе ойландырып... кейде қадалып...
күйдіріп, жандырып... қайтармын”, – десе, сол ойы сөз жүзінде мүлде басқаша
сарында баяндалады. Өйткені Есеней біріншіден, сезім жетегіне еретін
жігіттік шақтан өткен адам, екіншіден, ел тізгінін ұстаған билік иесі, қол
бастаған батыр, үшіншіден, ұлттық дәстүр аясынан шығып басқалай әрекет
ету де ол заман үшін ерсі болып көрінер еді.
Сондықтан да жіберген жаушысын қызға емес, өз замандасы әкесімен
сөйлесіп келуге жіберіп отыр. Бұл қазақы жол, қалыптасқан салт. Егер жазушы
оны сол дәстүрден өзгеше етіп суреттесе шығарманың реалистік сипатына
нұсқан келері сөзсіз.
Сөз соңында “ – Барып қайтпа, бітіріп қайт. Сибан деген бір рулы елдің
ордасы бір күні біржола жабылып қалсын демесең, көндіріп қайт!” – деп рулы
елдің келешегін де сөз арасына қыстыра сөйлеуі Мүсірепке үлкен маңызды істі
тапсырып отырғанын аңғартады. Жазушы осы бір деталь арқылы Есенейдің өз
ойынан қайтпайтын бірбеткейлігін, әр нәрсені ел мүддесімен байланыстыра
шешуге әдеттелген әккілігін шынайы таныта алған.
Шығармада Есеней образы бір текті жағымды қырымен ғана көріне
бермейді. Оның адам баласына тән кемшіліктері жақсы жақтарымен қатар
сипатталады. Ұлпанның ықпалына түсіп өз туыстарымен жақындасуы,
қарапайым халықпен араласа бастауы Есеней мінезімен кейде сиыспай,
бірікпей жататынын да байқамау мүмкін емес. Ескі патриархалдық
құрылыммен күресте Ұлпан жеңіске жетіп отырса, оның негізгі сүйеніші де
осы Есеней болады. Есенейдің ерлігі тек өткен соғыстардағы оқиғалармен
шектеліп қалмайды, оның елмен байлығын, керек болса билігін бөлісуі де
ерлік. Соны жазушы әр түрлі ұсақ оқиғалар жүйесінде шынайылықпен
баяндап, оқушысын сендіретіндей дәрежеде көрсете білген.
Ғ.Мүсірепов сомдаған Ұлпан бейнесі тарих сахнасында талай тар
кезеңдерде ел тағдыры үшін күреске шыққан аналар образының жиынтық
үлгісі.
Ұлпан Есенейге өз еркімен қосылған бақытты қыз деуден де аулақпыз.
Жазушы Есенейдің Ұлпанға деген ынтызарлық сезімін монолог, диалог
арқылы әртүрлі тәсілдермен сәтті бейнелегенімен, Ұлпанның Есенейге деген
көзқарасы салқынқандылықпен баяндалады. Алғашқы кездесуден-ақ
Ұлпанның Есенейге қырын қарайтынын байқамау мүмкін емес. Артықбай
батырдың үйіндегі әңгіме үстінде Ұлпанның Есенейге деген ойы диалог
арқылы былайша беріледі:
“ – Үйіріне барып қосылса үйірін түгел ала кетейін дегені де!” – деген
Есеней әзіліне, “ – Біздің үйге үйірлеп келген малдың қайыры болған емес, –
деді Ұлпан. Дауысына сезілер-сезілмес қатқыл үн қосты” – деген тіл
қатысулардан Есенейдің бетін қайтарып тастауға ниеттенгенін байқаймыз.
Күдік бар, қауіптену бар. Қуану жоқ.
Аңшы Мүсіреппен бірге аң аулап жүрген Ұлпанға Түрікпен Мүсіреп
келіп Есенейдің қолқасын айтқанда да Ұлпанның “... кем болса қырық жас
үлкен адам. Ұрпақсыз қалыпты... Ағашқа асылып өлмесең құтыла алмайсың”,
– деп ойлануының өзі оның тағдырға еріксіз бас игенін білдірсе керек. Оған
Мүсіреппен арадағы әңгімеде “Ол кісінің менің басыма келген бір бәле екенін
біздің үйге бірінші келген күні-ақ сезіп едім” – деуі де Ұлпанның Есенейге
деген жек көрушілік сезімін аңғартады.
Бірақ күштіге бас иіп, дәстүр шырмауынан шығу мүмкін емес екенін
Ұлпан жақсы түсінеді. “Қыз баланы қор қылатын өзіміз ғой” – дейтін
Артықбай батырдың сөзі де бұл ойымызды растай түседі. Ұлпанның ата-анасы
мен аз ғана кірме-кірлеуіттің Есенейге қарсы тұратын шамасының жоқ екенін
байыптай келіп, келісімін беруі де оның ақылдылығын, тереңнен ойлайтын
көрегендігін аңғартады. “Мен арзанға түсетін қыз емеспін”, – деп Есенейге
арнайы сәлем жолдаудың астарында болашақтағы үлкен бір іске бел байлап,
іштей бір шешімге келгендігі сезіледі.
Бұл бұрынғы көп шығармаларда кездесе бермейтін қазақ әйелінің ауыр
тағдырына қарсы Ұлпан ойлап тапқан өзгеше күрес тәсілі. Мұнда басқа
қыздардай “Құдай салды біз көндік” – деп мойынсұнғандық та, немесе өз
бақыты үшін арпалысып басын қатерге тігетін тәуекелділік те жоқ, ақылмен,
оймен алдын ала ойластырылған саналы әрекеттің ыңғайы сезіледі.
Қаламгер Ұлпан образын ескіден жирентіп, жаңаға жақындастыра
суреттегенімен де реалистік бағыттан ауытқып, қазақы салт-дәстүрді
тәркілеуге жол бермейді. Оқырман көңілінде Ұлпан бейнесі еркелігімен, тура
айтатын өжеттілігімен қайта сол көне дәстүрді жетілдіре түсетіндей әсер
қалдырады. Тәкаппар әйелдің бойындағы намысқойлық, көпке қамқор бола
білетін қарапайымдылығы оны бұрын қазақ романдарында кездесетін
кейіпкерлерден даралап, ерекшелеп тұратын өзіндік қасиеті. Сибан руының
жарлысын жарытып, балаларының сауатын ашуға күш салуы да оның халық
қамын тереңінен ойлайтын азаматтық бейнесін толықтыра түседі.
Ұлпан белгілі бір оқу бітіріп, сауатын ашқан адам емес. Оның өнеге
алып, үйренген ортасы – халықтық тәрбие. Сол халқы бойына еккен өжеттігі
мен табандылығы арқасында ең алғаш бір рулы елді жартылай көшпелі
халыққа түсіреді. Мұны Ғ.Мүсірепов өз шығармасында шынайы бейнелей
алған. XIX ғасырдағы қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік, экономикалық
халдің реалдық сипаты суреткер сомдаған образдар жүйесімен тұтасқан
бірлікте, тығыз байланыста бейнеленген.
Романға арқау болған кейіпкерлер Ұлпан да, Есеней де сол өткен
дәуірдің адамдары, өздері өмір сүрген қоғамның бірегей перзенттері.
Мыңғырған малының рахатын көрмей, қос ұлынан бір күнде, әйелінен тірідей
айырылған Есеней де, зорлықпен тұрмыс құрып, сүйініші жалғыз қызын ажал
құшағына беріп, өз баласындай көрген күйеу баласынан опасыздық тапқан
Ұлпан да сол ескіліктің езгісінде мерт болған жандар. Олардың өнегелі
істерінің ұмытылмай ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып келе жатқанын
Ғ.Мүсірепов романның сөз соңында былайша жеткізеді: “Шешеміз дегенің
бүкіл Сибанның құлағына жағатын сөз!.. Ұлпан шешеміз аты жоққа ат берген,
асы жоққа ас берген. Кедейге пана болған. Өзі Есенейдің ен байлығынан түк
қызық көрмей өткен адам, – деді қари”, – деген диалогтан Ұлпанның шынайы
мінезі, трагедиялық халі тұжырымды да қысқа түрде көрініс береді.
Достарыңызбен бөлісу: |