Әкімдер президенті Қарғабаев. Қасқабайдың мұнысы несі-ей?!
Әкімдер гу ете қалады:
– Кім білген? Түсінбей қалдық қой ініңізді.
– Бізді мұқатқысы келгені ме, неменесі бұл?
– О заман да, бұ заман өз әкімдерін бүйтіп сүмірейткен әкімді кім көрген?
– Өзіне жаман бұл, біле білсе.
– Құреке, сіз барыңыз, айтыңыз ініңізге, мұның залалы алдымен өзіне тиеді.
– Қой!
– Рас. Бұл – қоғамға қарсы атылған оқ. Қазір біздің қоғамды ұстап тұрған ұлы күш – пара. Парасыз аяқ басқан адам – ақсақ, жарымжан. Біздің әкім сол параға қарсы күрес ашпақ болады. Бос әуре. Параның барондары бұл сұмдықты қазір-ақ естиді, сөйтеді де дереу қорғауға кіріседі бізді.
– Ия, сөйтеді. Уайымдамай-ақ қойыңдар, достар!
– Кел, біреуіміз Ерік Көбеновичке хабарласайық, ол кісі қағып алады мұның жынын.
– Сөйту керек.