Қордабаев. Несі бар, болады әлі зейнетке шыққан соң.
Прокурор. Өтіріксіз күн көру жоқ. Өтіріктің бір кереметі өз кейіпкерін тек өрге сүйрейді. «Өтірік өрге баспайды» деген мәтел әлдеқашан айдалада қалып, «өтірік өсіреді» деген тұжырым тұрақтанған.
Сахнаның сыртынан қонып жатқан ұшақтың гүрілдеген даусы естіледі. Мына үшеу әңгімелерін шорт үзіп, жолаушылар шығатын есікке беттейді.
Ерік Көбенович Мұсылманқұлов шығады.
Үшеуі лап беріп, жамырай амандасады.
Қордабаев.Ат-көлігіңіз аман ба, Ерік Көбенович?
Прокурор. Саламалейкум, Ереке!
Генерал. Сәлеметсіз бе, Ерік Көбенович?
Мұсылманқұлов (бәріне).Бұларың қай сәлем, бағана амандаспап па едік.
Қордабаев. Одан бері бір күн өткен сияқты.
Прокурор. Бір күніңіз не, көп күн өткен сияқты.
Генерал. Көп оқиға өтті.
Мұсылманқұлов (Қордабаевқа). Қасқабайдың өзі қайда?
Қордабаев. Ол жаңа келген, үкіметтік телефонға Дамир Тұңғышбаевич шақырып, асығып, соған кетті.
Мұсылманқұлов. Барсын. (Прокурор мен генералға) Сендер де барыңдар. (Қордабаевқа қарап). Маған Қасым Хасенович те жетеді. Осы облыстағы маған шын пейілімен берілген, жаны ашитын адам – осы Қаскең. Сендер кімнің тарысы піссе, сонын тауығысыңдар, Қасқабайларыңа барыңдар.
Прокурор.Қатты өкпелепсіз, Ерік Көбенович, бізге сол керек. Айтқаныңызға – құлдық. Бір жолға ашуыңызды беріңіз.
Генерал. Сөйтіңіз, Ерік Көбенович. Біз – сізге керек адамбыз.
Қордабаев. Ерік Көбенович, бұлардың жазығы жоқ, кешіріңіз.
Мұсылманқұлов. Түсінемін. Қасқабайдың осыдан сопы болып кеткенін көрермін. Әкімдікті бәріміз де өстіп бастағанбыз. Өмір өзі үйретті қалай өмір сүруді. Қасқабай қайда барады, ол да біз сияқты болады. Мен білетін Қасқабай менің жолыммен жүреді. «Көн тартса, қалыбына» деген сөз тегін айтылмаған.
Прокурор. Біздің әкім – сіздің көшірмеңіз. Сіз не істеңіз, ол соны істейді.