Генерал. Қалған жоқ.
Қордабаев (салмақты). Бар ондай адам.
Прокурор. Қойыңыз.
Генерал. Ол кім?
Қордабаев. Әкім! Қасқабай Төреқұлович!
Прокурор (сақылдап күліп). Сіз де айтады екенсіз. Бүкіл әкім атаулының қызметі өтірік айту, алдау мен пара алудан тұрады. Олар, алдымен, Президентті, содан соң үкіметті алдайды. Егер алдамаса, орнынан ұшып кетеді. Президент әкімдерге басқарып отырған аймақтың экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөнінде тапсырманы аз бермейді? Әкімдер ол тапсырмаларды құлшынып қабылдайды, бірақ бірде-біреуі орындалмайды. Бұл өтірік емей, немене?
Генерал.Өтіріктің көкесі. Сөз бен істің бір жерден шықпауынан асқан өтірік жоқ.
Қордабаев. Ол – өтірік емес, Президенттің айтқанына тақ тұру.
Прокурор. Тақтұрған екен, орындасын. Орындай алмау – алдау. Сіз адамдардың бір-бірін жай тұрмыстық қарым-қатынаста алдайтынын ғана өтірік дейтін сияқтысыз, жоқ, өтіріктің өрісі кең, телефон шылдыр ете қалғанда баласына әкесінің: «Мен үйде жоқпын» дегенінен басталатын өтірік биліктің ұшар басында отырғандардың алуан түрлі айласымен астасқан. Сөйтіп қазір шын сөз бен өтірік сөздің аражігін ажыратып болмайтын дәрежеге жеттік, жоқ, дәреже қайда, оңбай құлдырадық.
Генерал. Шындық пен өтірікті ажырата алмай дал боламыз күнде.
Қордабаев (прокурор мен генералдың сөзін жақтырмай).Сөз-ақ! Екеуің айтыңдаршы, ал, өтіріктен құтылудың жолы бар ма?