Генерал. Жоқ.
Прокурор. Генерал мырза, шыныңызды айтыңызшы, жаңа әкімге кіргеніңізде сіздің де қалтаңызда конверт болды ғой.
Генерал. Болды. Сізде де болды ғой, прокурор мырза.
Прокурор. Болды. Мен сыйлаймын Қасқабай Төреқұловичты. Ілтипатымды құттықтау хатқа сыйғызып жазып, конвертке салып... (ойланып барып). Ну, енді... құрғақ қасық....
Генерал. Әбиірбек Рахымович, болды-болды... Мен де сыйлаймын әкімді.
Прокурор. Аудан әкімдері де сыйлайды.
Генерал. Түсінсемші! Сонда Қасқабай Төреқұловичтің сыйламағаны ма әкімдерді, бізді?
Прокурор. Бұл да маған түсініксіз.
Хатшы қыздың жанындағы үстелде жатқан көп телефонның біреуі шылдырлайды.
Хатшы қыз (телефон трубкасын көтеріп). Сәлеметсіз. Иә, өзінде. Қазір. (Телефонды әкімге қосып). Қасқабай Төреқұлович, президент аппаратынан Бұқарбаев.
Төрінші көрініс
Әкім (телефон трубкасын құлағына тосып, түсі бұзылып). Жоқ, босатуға болмайды... Бұл не сонда, Президенттің нұсқауы ма?.. Бәсе... Онда бұл әңгімені осымен тоқтатайық... Неге?.. Білсеңіз, бұл – аяқасты етуге болмайтын жәйт... Бұл бүкіл парақорлардың үстінен жай түсіреді. Ел билік басындағыларды сыбайлас жемқорлар мен парақорлардың шабақтарына ғана әлі келеді, акулалардан аулақ жүреді деп жазғырады, олары дұрыс. Міне, енді бір емес, он акула ұсталып отыр... Неге акула емес, нағыз өзі... Жарайды, аудан әкімдері тақымыңызға толмаса, мен – акуламын... Әрине, алған жоқпын, алмаймын. Осымның өзі-ақ бізді ағаш атқа мінгізетіндерге жоғары эшелондағы басшылардың оң ісінің ұштығын көрсетпей ме... Ара түспеңіз, бұған ешкімді араластырмаймын, өзім шешемін... Керек десеңіз, заң әлдеқашан шешіп қойған. Құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келеді екен, заңға, бір ғана заңға бағынуымыз керек. Ал, заң тәлкекке салынбайды, орындалады. Ағайынгершілік, бармақ басты, көз қысты жүрген жерде заңның күші кетеді... Бұл әңгіме осымен тәмам. Басқа шаруаңыз болса, айтыңыз... Онда жақсы.
Әкім телефон трубкасын орнына қойып, бір ырғалып отырады.
Ұялы телефоны шылдырайды.
Әкім (ұялы телефонды ашып, құлағына тосып). Да.. Иә, мен ғой, Сәуірбек Тәуірбекович... Иә, сондай бір ыңғайсыз жағдай болып тұр... Жо-жоқ, ол болмайды... Білесіз ғой, сізден аярым жоқ, бірақ мына айтқаныңызды орындай алмаймын... Жоқ. Қайта тарту – өзімді-өзім досқа күлкі, дұшпанға тәуба ету... Солай енді... Кешіріңіз!
Әкім ұялы телефонын жауып, ойланып отырып қалады.
Әкімнің ойы (радиомен). Апырым-ау, не болып барады мына дүние?! Сұры жаман гой. Қойсам ба екен, ел-жұртты шулатпай. Жоқ, еститіндер естіпті ғой. Ендігісі – маған жаппай жабылу. Бұл ел білмей ме, немене, телефон беделдің, сы- бырласу мен жыбырласудың құрығанын. Онда білсін. (Хатшы қызға телефонмен). Әсия, мені ешкімге қоспа.
Әсияның даусы. Ерік Көбеновичке де ме?
Әкім. Иә. Оны неге сұрадың?
Әсия. Қасым ағай: «Қазір Ерік Көбенович телефон соғады» деген.
Әкім. Не бүлдіріп жүр ол. «Ешкімді қоспа» дедім ғой. Прокурор мен генерал кірсін.
Прокурор мен генерал кіріп жайғасады.
Әкім (екеуіне томсырая қарап біраз отырады). Сөйлеңіздер, қайтсе жөн екен?
Достарыңызбен бөлісу: |