Генерал(тұтығып). С-с-сонда біз қайттік?
Прокурор. Біз де кетеміз!
Генерал. Кетпейміз. Ерік Көбенович әлі талай керек болады.
Әкім (сабырлы, прокурор мен генералға). Оны өздерің біліңдер. (Бағанадан анадай жерде сөзге араласпай тұрған Қордабаевқа). Сіз қалыңыз.
Қордабаев (түкке түсінбеген сыңаймен). Сіз не деп кетесіз сонда?
Әкім. Мені үкіметтік телефонға Дамир Тұңғышбаевич шақырып, соған кетті, деңіз.
Қордабаев. Жарайды. Айтамын. Солай деймін.
Әкім (үшеуіне ала көзімен бір қарап). Ерік Көбеновичті сендерге бердім.
Әкім енді ештеңені елең қылмай, кете барады. Прокурор, генерал, аппарат жетекшісі не істерлерін білмей, аң-таң болып тұр.
Прокурор (әкімнің соңынан қолын бір сермеп). Барсын!
Генерал. Қайда барады?
Прокурор.Баратын жеріне барады.
Қордабаев. Ол қандай жер сонда?
Прокурор. Ол – сыбайластық, жемқорлық, парақорлық жоқ жер.
Генерал (прокурорға разы кейіппен). Бұларға өтірік жоқ жер дегенді де қосу керек.
Прокурор (қуана келісіп). Өт-те дұрыс айтасың. Қазіргі күннің ең зұлым кеселі – өтірік. Ол – сыбайластардың, жемқорлардың, парақорлардың теңдесі жоқ қаруы.
Генерал. Рас айтасыз. Өтірікті бұрын бірен-саран адам айтатын. Оларды жұрт «өтірікші, суайт» деп иттің етінен жек көретін. Енді өтірікті келістіріп айтып, елді тақырға отырғызған адамды «ақылы көп» -деп көтермелейтін болды.
Прокурор. Өтіріктің осыншама өрістегені, әсіресе, бізге қиын болды. Қылмыскер кашан да өтірікші. Бұрын олардың бірді-екілі сөзі шын болушы еді, қазір барлық сөзі – өтірік. Айыптау қорытындысын шығару – жатқан азап.
Прокурор. Өтірік айтпайтын бір адам қалды ма екен мына жалған дүниеде?