Шаншар атай. Уәде, ендеше. Рұқсат болса, қайтайын мен енді.
Сәбит. Рұқсат, рұқсат. Сау болыңыз. (Сәбит атайдың қолын алып қоштасып жатып). Сәл аялдаңызшы, ақсақал, шоферға айтайын. Жеткізіп салсын сізді.
Шаншар атай. Жо, қоя-ақ қой соныңды, қарағым.
Сәбит. Неге? Бір пәсте апарып тастап қайтады қазір-ақ.
Шаншар атай. Күнде мініп жүрмеген соң, жараспас сол құрғырың...
Сәбит. О, не дегеніңіз? Сіз мінбей, кім мінбек оны? Жарасады.
Шаншар атай. Кім білген тағы?
Сәбит. Несі бар? Мініп барыңыз.
Шаншар атай. Адамдікі емес, атақтікі шығар деп едім ол шіркінді, болмадың ғой, балам-ай. Мейлің, әкелші, шіреніп тұрып отырайын бір өз орныңа. Көп болса жұрт бір күлер: «Лөгкөбай мұның не теңі?» - деп.
Сәбит. Сөйтіңіз. (Сәбит риясыз күліп келіп орнына отырып жатып, хатшысын шақыртатын кнопкасын басты).
Бесінші көрініс
Бірінші көріністегі картина. Көшемен абыржып асығып-үсігіп Күләнда келе жатыр. Қолында шелегі бар Әлипа апай қарсы ұшырасады.
Достарыңызбен бөлісу: |