Ерлан (орнынан ұшып тұрып). Бұл не сөз? Мама, сіздер мені осы үшін ертіп келіп пе едіңіздер?
Балқия. Әлбетте. Құдай қаласа, Зәуре біздің келініміз болады. Не, сен бұл сөзді қазір естіп тұр ма едің?
Ерлан. Жоқ, бұрын да естігем, жаңа да айтқансың. Бұларыңыз – сырттан тон пішу. Мұндай болмайды.
Тәттігүл. Болады. Біз құдалық сөйлесіп жатырмыз, Ерлан қарағым. Әңгіме піседі, Зәуре екеуің қосыласың.
Ерлан. Олай болса, арақ бар ма, әкеліңізші.
Тәттігүл. Бар (Серванттан бір шөлмек арақ алып, стол үстіне қояды). Ерлан, кішкене қоя тұрмадың ба, әңгіме жарассын, дастархан жасайын.
Ерлан. Дереу айтатын сөз бар, содан соң жарасасыңдар. (Шөлмекті ашып, серванттан екі рөмке алып, толтыра-толтыра құяды). Тәттігүл тәте, алыңыз, қызыңыздың бақытты болуы үшін ішіп жіберейік.
Тәттігүл (қуанып кетеді). Аламын, Зәуре екеуіңнің бақытты болуларың үшін у да болса, ішемін.
Екеуі рөмкелерін соғыстырып, тартып-тартып жібереді.
Ерлан (тағы бір рөмкені толтырып алып, ұстап тұрып). Қымбатты ата-аналар, сіздердің мына айтып жатқандарыңыздың бәрі – бос сөз. Зәуре өз сүйгеніне қосылады. Сол үшін ішемін мен (рөмкені қағып салады). Солай...
Әлім. Әй, тентек, арақ ішуге, осыны айтуға келіп пе едің сен мұнда?
Ерлан. Неменеге келгенімді білмеймін мен. Келген екенмін, ішетінімді ішіп, айтатынымды айтамын.
Достарыңызбен бөлісу: |