Елдік пен егемендік ұстындары сабыр Мұрат-филология ғылымдарының докторы, профессор



Дата11.09.2020
өлшемі20,53 Kb.
#77748
Байланысты:
Сабыр М.-мақала



ЕЛДІК ПЕН ЕГЕМЕНДІК ҰСТЫНДАРЫ
Сабыр Мұрат-филология ғылымдарының докторы, профессор

Тәуелсіздік алғанымызға құдайға шүкір биыл 20 жыл толғалы отыр. Осы 20 жыл Қазақ ұлты тарихында ерекше алтын әріппен жазылатын ұлы белес. Етек жеңімізді жинап, егемен ел болып, әлемдік сахналарда үн қатып, төрт құбыламызды түгендеп, бабалар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманаттап кеткен тарихи мекенімізде салмақтанып, сарабдал саясат жүргізіп отырмыз. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Осы бабалар армандаған күнге ұзақ жылдар, ауыр күрестер арқылы жеттік. Қазақ елінің барлық тарихын соңғы 20 жылмен өлшеуге болмайды. Қазақ елі де, қазақ ұлты да Еуразия кеңістігіндегі тамырын тереңнен алған байырғы жұрт.

Мемлекет те алып ғимарат секілді. Оның негізі, есік, терезе, қабырғасы, шаңырағын тірейтін ұстындары болады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «ұстын – үлкен ғимараттардың ішкі төбесін және маңдайшасын тіреп тұратын, сәулеттік шеберлікпен салынған тіреу, бағана, колонна»,-деп көрсетілген. Елдік пен егемендіктің өз ұстындары болмаса, аспан астында дербес өмір сүру қиын, тіпті мүмкін емес. Сол ұстындарымыз қандай деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Тәуелсіздікке жетуімізде бізге бірінші ұстын болған МЕМЛЕКЕТШІЛДІК, ЕЛДІК САНА. Бұл қасиетті сана біздің тарихи жадымызда көне түркі заманынан қалған. Күлтегін ескерткішінде «Төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен»,-деп жазылған киелі сөздер қашанда жадымызда. Осы мемлекетшілдік, елдік сана орта ғасырларда Қазақ хандығы тұсында көрінді. Орта ғасырларда бір тұтас түркі әдеби тілінен өзіне тән қыпшақтық белгісін алып даралана бастаған қазақ тілі қазақ ұлтының негізін құраған тайпаларды бір орталыққа ұйыстырды. Алтын Орда сияқты алып мемлекеттің ыдырауы Қазақ хандығын дүниеге әкелді. Бұл заңды құбылыс, өйткені Алтын Орда жұртының 90 пайызы қыпшақтар болатын. Тарихшы Махмуд Хайдар Дулатитың «Тарихи Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығы 1465-1466 жылдары қалыптасты деп көрсетілген. Кейінгі замандардағы «Қасым ханнның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ елінің құқықтық мемлекет екенін көрсетеді.

ОТАНШЫЛДЫҚ, ОТАН ҚОРҒАУ ҰҒЫМЫ -тәуелсіздігіміздің басты ұстыны. ХҮІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысына дейін созылған жоңғар шапқыншылығы тұсында да, ХХ ғасырдағы Ұлы Отан соғысы жылдарында да айқын көрінді. Әсіресе үш жүздің басын құрап, елдігімізді ту етіп, ұлан-байтақ АТАМЕКЕНДІ қорғап қалған Абылай ханның рөлі зор. Мағжанша айтсақ:

Алыстан орыс, қытай - ауыр салмақ

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ

Артыңда -ор, алдыңда - көр, жан-жағы жау

Дағдарған алаш енді қайда бармақ?

Сол кезде елге қорған болған Абылай,

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.

Келесі бір ұстын болар қасиет РУХ ТӘУЕЛСІЗДІГІ. Қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»,-деген жазылмаған заңдылық бар. Бұл дала демократиясының жетістігі. Қандай да бір жауыз ханның, озбыр билеушінің алдында қазақ баласы айташағын айтып қалатын. Біздің жұртымыз тарихтың белгілі тұстарында саяси-әлеуметтік тұрғыда тәуелді болса да, рухани тәуелсіз болған. Қазақ зиялылары 1938 жылы қойдай көгенделіп, түрмеге жабылып, атылып жатса да ұлт мүддесі үшін айтарын айтып, жазарын жазып, рух тұрақтылығын, асыл адам айнымастығын көрсете білді.

Тәуелсіздіктің тағы бір тұғыры БОСТАНДЫҚҚА ҰМТЫЛУ, ҚҰЛДЫҚҚА КӨНБЕУ. Бұл әсіресе 1783-1797 жылдардағы Сырым батыр бастаған, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Кенесары мен Махамбет, Исатай бастаған көтерілістерде айқын көрініс тапты.

Еділді көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген

Таудағы тарлан шұбар біз едік

Исатайдың барында

Қара қазақ, сары бала

Қамы үшін қылыш сермедік,-деп Махамбет ақын ұлы арманын айтып кеткен.

Тәуелсіздігіміздің келесі бір ұстыны – бабалар аманаттап кеткен, бес Франция сиятын кең байтақ ТЕРРИТОРИЯМЫЗ. «Жер мемлекеттің негізі»,-деп ғұндардың көсемі Мөде қаған дәл айтқан. Ықылым заманнан осы күнгі дейінгі болып жатқан соғыстар –бәрі жер үшін. ХХ ғасыр басы қазақ жұртшылығы үшін күрделі де маңызды кезең болды. 1920 жылы Алаш арыстары Алихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермеков В.И.Лениннің алдында екі сағат отырып, қазақ жерінің осы күнгі шекарасын белгілеп, бұл даланың байырғы қазақ мекені екенін дәлелдеп шықты. Әсіресе Каспий теңізінің бір шетінің қазаққа тиесілі екенін, қазіргі Ақмола обылысы аймағы да қазақтікі екені дәлелдеп, В.И.Ленинмен сөз таластырып, өз пікірін қорғап қалған жиырма тоғыздағы жас жігіт Әлімхан Ермековке бүгінгі ұрпақ қарыздар.

Елдік пен достықтың тірегі - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ. Елбасының бастамасымен құрылған бұл ұйым этносаралық және конфессияаралық келісімді, бірлікті қамтамасыз етіп отырған саяси институтқа айналды. Несібе бірлікпен артады, ынтымаққа ырыс бітеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген кезде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқыныңың астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды».

Тәуелсіздіктің ұлы ұстыны –МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ. Алтын күннен бағасыз бір белгі боп қалған, нұрлы жұлдыз баба тілі ұлтымыздың басты кепілі. Мемлекеттік тіл Қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде өсіп-өркендеудің даңғыл жолына түсті. Елбасы биылғы жолдауында 2017 жылы қазақстандықтардың 80 пайызының, ал 2020 жылы 95 пайызының мемлекеттік тілді менгеруін жүктеді. Мемлекеттік тіл толыққанды өз функциясын атқару үшін еселеп еңбек етуіміз керек. «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі тіл, бірі ділің жүректегі»,-деп ХІ ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағүн айтқандай Қазақстан халқының тірегі де, достық, ынтымақтастықтың өзегі де - мемлекеттік тіл. Сөздің саласын табу қиын емес, анасын табу қиын. Сөз анасы да, іс анасы да –мемлекеттік тіл. ХХ ғасырдың басында «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»,-деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзінің маңызы зор. Кеңес үкіметі тұсында қағажу көрген қазақ тілі еліміз егемендік алуымен бірге еңсесін тіктеді. ХХІ ғасырда қазақ ұлты Қазақстан мемлектінің негізін құраушы титулды этнос болып, өз шаңырағын көтерді. Пейілі кең қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңдерде көптеген ұлт өкілдерін бауырына тартты. Соңғы ғасырларда Қазақстан саяси-әлеуметтік жағдайлардың себебімен көп этносты елге айналды. Қазақстанды мекендеген көптеген ұлт өкілдері елбасының сарабдал саясатын қолдап, тәуелсіз Қазақстанның даму, өркендеу жолында бірлесе еңбек етуде. Осы тұста мемлекеттік тіл ғылым, білім тілі, экономика, бизнес тілі, сыртқы қарым-қатынастар тілі ретінде өркендеуі керек. Ондай қызмет атқаруға қазақ тілінің байлығы да, құдіреті де жетеді. Кезінде ұлы орыс ғалымы С.Е.Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл- қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты»,-деп тегін айтпаса керек-ті.

Мемлекеттік тілдің тағдыры –біздің тағдырымыз. Біз өз тағдырымызға немкетті қарай алмаймыз. Мемлекеттік тіл біздің елдік намысымыз, елдік санамыздың шыңы. Ендеше мемлекеттік тіл тағдырына қазақ ұлты ғана емес, Қазақстанды елім, жұртым деп мекендеп жатқан басқа да этностар мен диаспоралар бірдей жауапты.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бәрімізге мәлім. Бірақ 10 жыл деп арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Алдымызда асқаралы міндеттер тұр. Олай болса, бірінші кезекте мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынастар тіліне айналуы, екіншіден, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық сферасында қолданылуы үшін пәрменді әрекет керек. Үшіншіден, «мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Бұның өзі мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік туғызады.

Ал 1986 жылғы жастарды алаңға алып шыққан ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ шын мәнінде ұлттық қозғалыс, сананы жаңғыртқан серпіліс, тәуелсіздікке ұмтылған ұран болды. Жоғардағылардың бұрынғыша басқара алмайтынын, төмендегілердің бұрынғыша өмір сүргісі келмейтінін көрсетті. Игі бастамамен алаңға шығып, қанға боялған жастар біздің замандастарымыз еді. Сол жылдары өз басым С.М.Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде студент едім. 1985 жылғы «Қайта құру» саясаты қоғамға жаңаша ойлауға мүмкіндік берді. Коммунизмнің елес екеніне көзіміз жете бастады. Ең қиын да күрделі пән «Ғылыми коммунизм» «саясаттану» болып өзгертілді. С.Ордалиев сияқты ғұлама профессорлар лекция арасында «қайран Жаһандар мен Ахаңдар-ай» деп күрсініп қоятын. Олардың кімдерді айтқанын кейін түсіндік. Ал студенттер жатақханасында филфак, журфак студенттері болып жарыса жыр оқитынбыз. М.Мақатаев, М.Шаханов, Ж.Нәжімеденовтердің мыңдаған жол өлеңдерін жатқа айтып, жарысу дәстүр еді. Жыр кеші қыза-қыза келе саясатқа ұласатын. Сол кездегі пікірталас кештерінде үлкендер айтуға қорқатын сұрақтар туындайтын. Мәселен, Ұлы Қазан төңкерісі қазаққа не берді, зияны қаншалықты, пайдасы не?, Қазақстан Кеңес одағының құрамынан шығып өз алдына дербес ел бола ала ма? Осындай күрделі сұрақтардың шешіміне әркім өзінше жауап іздеп у-шу болып жататынбыз. Қазір ойлап қарасақ сол кездегі жастардың саяси сауаты әлеқайда жоғары болған екен. Сондықтан да жастар алаңға айқын мақсатпен, ұлы арманмен шықты. Бабалардың мыңжылдық арманы болған Тәуеліздіктің 20 жылдық мерекесі ерекше аталып өтетіне сенеміз.

2010 жылдың желтоқсан айында өткен ЕҚЫҰ-ның АСТАНА САММИТІ елдігіміздің көрінісі, мемлекетіміздің абыройы, тәуелсіздігіміздің мәңгілігін көрсеткен әлемдік жиын ретінде тарихқа енді. Қазақстанның әлемнің алпауыт елдерімен тең иық түйістіріп отыруы, әлемдік жиынға төраға болып, ортаға саналы ой тастауы, дүниежүзілік саясатқа өз көзқарасын білдіруі –сөз жоқ үлкен мақтаныш. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салииқалы саясатының жемісі.



Тәуелсіздігімізді нығайтып, мәңгілік баянды қылатын тағы бір ұстын –БІЛІМДІ ҰРПАҚ. «Мен жастарға сенемін»,-деп ұлы Мағжан айтқандай, алаш атын шығаратын өскелең ұрпаққа Елбасы үлкен үкімет артып отыр. Сондықтан да соңғы жылдары білім саласында реформалар жүргізілуде. Білім беру жүйесінде инновациялық технологиялар енгізіліп, әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру жолы қарастырылуда. «Болашақ» бағдарламасы аясында мыңдаған қазақ жастары әлемнің ең таңдаулы білім ошақтарында оқып жатырғаны мәлім. Еліміздің барлық мектептері комьпютермен жабдықталды. «Сапалы білім Қазақстанның инновациялық дамуының және индустриализациялануының негізі болу керек»,- деп Президент атап көрсетті. Жоғары оқу орындары білім мен ғылымды ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауы қажет. Елбасы өз атындағы «Назарбаев университетінде» сөйлеген сөзіне «интеллектуальдық ұлт» туралы айта келіп, бүгінгі заман білікті де, білімді жастардың заманы екенін, Абай айтқандай адам баласы бір- бірінен білім, ақыл, өнер, мінез арқылы ғана озатынын ескертті.

ХІ ғасырда М.Қашқари «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке ие»,-деп жазған еді. Бабалардың қанымен тал бойына дарыған осынау әдемі қасиеттерімен үлгі болар тәуелсіз елдің ұрпақтары замануи білімді де, жеті жұрттың тілінде меңгеріп, тәуелсіздіктің туын асқақтататына Елбасы да, қазақтың қалың жұрты да кәміл сенеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет