Оқылым мәтіні
БҰҰ 70 жылдығы: Қазақстан Ұлттар қоғамдастығы арқылы адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты - оның Жарғысы. Тарихи деректерге қарағанда, Ұйым Жарғысының жобасы КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен жасалған. Құжат бес тілде - орыс, ағылшын, қытай, француз және испан тілдерінде әзірленіп, 1945 жылдың 26 маусымында оған Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды. Ал Жарғы сол жылдың 24 қазанында аталған конференцияға қатысушы елдердің Жарғыны ратификациялауына байланысты күшіне енді. Содан бері 24 қазан халықаралық қоғамдастықта Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде кеңінен аталып өтіп жүр. Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымына 193 мемлекет мүше. БҰҰ жұмысы Ұйымның Жарғысында көрсетілген мақсаттар мен ұстанымдар негізінде айқындалады. Жарғыға сәйкес БҰҰ кең ауқымды өкілеттікке ие. Ол бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, тұрақты даму, адам құқығы, қарусыздану, лаңкестік, гуманитарлық және төтенше жағдайлар, гендерлік теңдік, азық-түлікті басқару, өндіру және өзге де маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайды. БҰҰ хатшылығының басты әкімшілік лауазымды қызметкері Бас хатшы болып саналады. КСРО құрамында болған кезде еліміздің БҰҰ-да өзінің тұрақты өкілдігін ашуға еш мүмкіндігі болмаған еді. Дегенмен, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ мүшесі болды және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылы 15 сәуірде БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші Тұрақты Өкілі болып Ақмарал Арыстанбекова тағайындалды. БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілдігін құру туралы Президент Жарлығына 1992 жылы 5 маусымда қол қойылды. Қазақстанда БҰҰ-ның өкілдігі 1993 жылы 16 ақпанда ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ-ның іс жүзінде барлық мамандандырылған мекемелерінің, БҰҰ-ның екі өңірлік комиссиясының мүшесі болып табылады, ЭКОСОС-тың функционалдық комиссиясына, сонымен қатар ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, БҰҰ-әйелдер Атқарушы кеңесіне сайланып отырады. 2013-2015 жылдар аралығында Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығын қорғау Кеңесінің мүшесі болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартқан болатын. Оның біріншісі - барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен "бір+бір" формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды. Қазақстан экономика, экология, әлеуметтік даму саласындағы Ұйымдармен, халықаралық құқықтың ілгерінді дамуы, адам құқығының сақталуы, лаңкестікпен күрес, ұйымдастырылған қылмыстылық және есірткі бизнесі саласына аса ерекше назар аударады. Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін тиісінше бағаламау мүмкін емес. Қазақстан әлемде өлшемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде үлкен беделге ие. Мемлекетіміз Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімнің белсенді қатысушысы болып табылады және оның тез арада күшіне енуін қолдайды. 2009 жылы Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Лаңкестікпен күрес мәселесі БҰҰ-ның күн тәртібінен он жыл бойы түспеген тақырып. Қазіргі уақытта Қазақстан барлық 13 халықаралық әмбебап лаңкестікпен күрес туралы Конвенцияға қосылды. Қазақстан есірткі бизнесі және заңсыз есірткі таралуы саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың дамуына ерекше көңіл бөледі. Біздің мемлекет осы саладағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын бекітті.
Казинформ ақапараттық агенттігі сайтынан алынды.
https://www.inform.kz/kz/buu-70-zhyldygy-kazakstan-ulttar-kogamdastygy-arkyly-adamzatka-ortak-problemalardy-sheshuge-oz-ulesin-kosuga-umtylady_a2821152
Достарыңызбен бөлісу: |