I БӨЛІМ
1956 жыл. Мәскеудің көп қабатты үйлеріндегі тұрмысы қарапайым зиялының пәтері. Бұл бөлме жұмыс кабинеті де, қонақ бөлмесі де. Үй иесі Галина Павловна - режиссер. Ол «Советтік ерлік» атты фильм түсіруге дайындалып жүргендіктен бөлмеде соған қатысты түрлі фото материалдар, символдық бұйымдар болуы әбден мүмкін.
Сахна ашылғанда ғарыш әуені естіліп тұрады. Бөлмеде періштелер ұшып жүр. Олар бөлмесіне кірген Галина Павловнаны бір айналады да ұшып кетіп қалады.
Енді ғарыш әуені Жеңіс маршына ауысады. Галина Павловна қолына болашақ фильмінің сценариін алып оқи бастайды.
Галина Павловна: Кеңестер Одағының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі - Советтік ерлік деген жаңа ұғым тудырды. Біздің бұл фильміміздің мақсаты -сіздерге Советтік ерліктің қалыптасу жолдарын ашып беру. Сонымен, Советтік ерлік. Ол қалай пайда болды? Бұл ерліктің өзге ерліктен айырмашылығы неде?
(Сыртқы есіктің қоңырауы шылдырап, Галина Павловна залдан шығып кетеді де, сәлдеи соң қуанышты күймен қайтып оралады)
Бауыржан келді, Бауыржан! Құдайым-ау, даңқы Кеңестер Одағынан асып, әлемге тараған Бауыржан Момышұлының өзі келді.
(Парадтық форма киіп, орден, медальдарын, айрықша белгілерін таққан полковник Бауыржан Момышұлы жайлап басып көрермендерге жақындайды)
Мен «Советтік ерлік» атты кино түсіруге материал жинау мақсатымен бір ай бойы жолсапарда болып, жақында оралдым. Ресей федерациясын теріскейінен күнгейіне, батысынан шығысына дейін шарладым. Орыс халқының үлкені мен кішісі қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлының есімін Ұлы Отан соғысында даңққа бөленген төл перзенттерімен бірге атайтындығына көзім жетіп қайтты, Бауыржан!
Бауыржан: Рахмет, Галина Павловна. Мені құрметтеген халыққа басымды иіп, тағзым етемін.
Галина Павловна: Ал, мәскеуліктердің сізге деген ықыласы тіпті алабөтен.
Бауыржан: Мәскеу менің де жанымның бір бөлшегі, қимасым.
Галина Павловна: Сізді айрықша көңілмен қабылдайтын мәскеуліктердің бірі, қарапайым орыс әйелінің отбасына хош келдіңіз,
Бауыржан: Ол орыс әйелі менің жанымды түсінетін жалғызым. Ешкімге аша алмайтын сырымды сақтайтын сыр қалтам.
Галина Павловна: Бауыржан - мен үшін ер-азаматтың эталоны. Сондықтан да пip тұтамын.
Бауыржан: Өзіңіз салтанатшыл болып кеткенсіз бе?
Галина Павловна: Фильм түсіргелі жатқанымды айттым ғой жаңа. Соның кадрдан тыс айтылатын сөздерін оқып жатқанда келіп қалдыңыз. Советтік ерлік салтанатын одан әрі жалғастырып жібергенім ғой.
Бауыржан: Сол салтанатыңызға зауқым соқпай тұр.
Галина Павловна: Болды, болды, ресми бөлім бітті. Аманбысыз, пірім!
Бауыржан: Бармысыз, періштем!
Галина Павловна: Хабарласпай келдіңіз.
Бауыржан: Иә, сол баяғы отставка мәселесімен Мәскеуге шұғыл келіп қалдым. Оның үстіне ішім шерге толып кетті. Шерімді кімге тарқатармын сізден басқа.
Галина Павловна: Келгеніңіз жақсы болды.
Бауыржан: Елдің көбі құса болып жүрмін десем сенбейді. Мені бақыты асып-тасып жүрген адам деп есептейді,
Галина Павловна: Әр көңілде бір қиял. Әркімнің өз дерті бар. Біреудің ауруы - дүние, екіншісінікі - қызмет, карьера, ал сіздің дертіңіздің табиғаты бөлек, кез келген адам шалдыға алмайды.
Ой, мен неғып тұрмын. Тез шай қамдап жіберейін. Ал, сіз жуынып-шайынып алыңыз да жайғасып отырыңыз. Әңгімені шай үстінде жалғастырамыз.
(Бауыржан ваннаға кіреді. Ғарыш сарыны. Галина Павловна құс болып ұшып жүріп шай қамдауда. Періштелер қоса ұшып жүр. Бауыржан ваннадан шыққанда періштелер оны да айналып өтеді де ғайып болады)
Бауыржан: Денем сергіп, жеңілдеп қалдым.
Галина Павловна: Шай да дайын болды. Сіз ұнататын грузин шарабы да бар.
Бауыржан: Иә, екеуміз оңаша отырып грузин шарабын ішпегелі де көп болды.
Галина Павловна: Келмей қойдыңыз. Хат та жазбадыңыз.
Бауыржан: Қол тимей кетті.
Галина Павловна: Ал, соғыс кезінде хат жазуға қолыңыз тиетін.
Бауыржан: Соғыстағы сағыныштың бөлек екенін мойындаймын. Солдат бір қолымен мылтық атып жатса, бір қолымен ауылдағы сүйгеніне хат жазып жататыны рас, әсірелеп айтқанда.
Галина Павловна: Ал, соғыстан қайтқан солдат қаруын өткізіп келмей ме?
Бауыржан: Өткізіп кетеді.
Галина Павловна: Демек, оның екі қолы да бос қой.
Бауыржан: Жоқ, соғыстан қайтқан солдаттың екі қолы да жұмыстан босамайды екен.
Галина Павловна: Ойы да, жүрегі де босамайтын шығар.
Бауыржан: Ах, хитрая женщина, қай жаққа қиялап барасыз? Болды, жетеді. Одан да жаңағы фильміңіз туралы айтыңызшы.
Галина Павловна: Білесіз бе, бұл фильмді түсіру маған тапсырылғанда қатты қуандым.
Бауыржан: Неге?
Галина Павловна: Екі қолым да, миым да, жүрегім де жұмысқа жегіледі ғой.
Бауыржан: Ал, жегіледі дейік.
Галина Павловна: Сөйтіп сізді миымнан да, жүрегімнен де қуып шығамын.
Бауыржан: «Советтік ерлікті» жүрегіңізден Бауыржанды жұлып тастайтын құралға айналдырмақ болғансыз ба?
Галина Павловна: Дәл солай.
Бауыржан: Бәрі көз алдыма келе қалғанын қарашы.
Галина Павловна: Кім ол тағы көз алдыңызға келе қалған?
Бауыржан: Қатындар да баяғы. Бір батырдың қолымен от көсеп, екіншісін құртып жіберетін ертегі-аңыздардағы апаларыңыз. Бірақ, бүкіл Совет ерлігін Бауыржанға қарсы қою ақылға симайды. Екіншіден, әйел қитұрқылығы қанша күшті болса да, екеуін майдандастыру қисынын қалай келтірер екен?
Галина Павловна: Бұл менің жүрегімдегі майдан. Өз жүрегімдегі майданның қисыны өзіме ғана мәлім.
Бауыржан: Дегенмен, сол майданның бір жағында жүргеніміз, әлде болғанымыз рас болса, біздің де белгілі бір мәліметтер алуға хұқымыз бар шығар?
Галина Павловна: Мәселен, қандай мәліметтер қызықтырады?
Бауыржан: Мәселен, Советтік ерлік сынды жойқын күш Бауыржан деген пақырды сіздің жүрегіңізден жұлып алып, қай жыраға лақтырып кетті екен?
Галина Павловна: Бауыржан деген пақыр сіз ойлағаннан мықты болып шықты. Советтік ерліктің ең керемет қасиеті өзінен табылып, жүрек майданындағы позициясын одан әрі нығайтып алды. Сөйтіп Советтік ерлік - Бауыржан теңдігіне айналды.
Бауыржан: Әйел қитұрқылығы қалай шарасыз қалды екен?
Галина Павловна: Әйел қитұрқылығы өзгенің күшінен емес, өз махаббатынан жеңіледі. Сондықтан мақтанып, масайрауыңызға болады, Бауыржан. Сіз әлі менің жүрегімнің төріндесіз.
Бауыржан: Сіз шынында жүрек мәселесінде қиын режиссер екенсіз. Бір сәтте Бауыржанды әлемге танылған қаһарман еттіңіз де, артынша оны таптап тастайтын жойқын күш тауып, қалтыраған қоянға айналдырдыңыз. Енді, міне, жүрегіңіздің төріне қоқырайтып қайта қондырдыңыз. Сайтан алғыр, қанша батыр болсам да, қатындардың қақпақылына түсе беремін.
Галина Павловна: Бұл ешқандай да қақпақыл емес, наз. Әйел сағынышының сыр беруі ғана ғой.
Бауыржан: Сірә, әйелдерді ешқандай еркек жеңе алмас.
Галина Павловна: Шынында қатты сағынып кеттім, Бауыржан. Кей-кейде бәрін тастап, сізге, Тверьге кетіп қалғым келді.
Бауыржан: Неге келмедіңіз? Маған да жақсы болып қалатын еді.
Галина Павловна: Шақырғаныңызды күттім. Шақырусыз барсам бекерге бөгет болармын деп ойладым.
Бауыржан: Міне, мен келдім.
Галина Павловна: Иә, келдіңіз. Енді жүрегім орнына түсті. Дүнием түгенделді.
Бауыржан: Енді ештеңе керегі жоқ па?
Галина Павловна: Сіздің жасандылыққа боялмаған сырларыңыз керек.
Бауыржан: Өзгелер өгейсіткен сырымды өзіңіздікіндей қабылдаған періште көңіліңізге құлдық.
Галина Павловна: Құрысын бәрі, Мәскеуі бар болсын. Жүр, кетейікші.
Бауыржан: Қайда?
Галина Павловна: Жуалыға, екеуміздің жастығымыз табысқан Алатаудың бауырына.
Бауыржан: Бұл енді сиқыршының болмаса, режиссердің қолынан келмес.
Галина Павловна: Ұлы үйлесім Жуалыға ғана емес, Ғарышқа да алып барады.
(Тау, дала, бұлақ пайда болады. Көктем. Таң.)
Есіңізде ме, сол күн?
Сол күн. Екеуміз өкіл болып жаңа ұжымдасқан ауылдарды аралауға шықтық.
Бауыржан: Иә, сіз онда Мәскеудің жолдамасымен келген аудан комсомолдарының жетекшісі болатынсыз.
Галина Павловна: Ал, сіз аудандық атқару комитетінің хатшысы едіңіз. Көктем еді. Таңертең күн жарқырап шығып, Алатаудың әрбір шыңы айшық-бедерімен анық көрінді. Екеуміз жолға шықтық.
Бауыржан: Сіз қопаң-қопаң етіп атқа отыра алмаушы едіңіз ол кезде.
Галина Павловна: Дегенмен, тез-ақ үйреніп кеттім ғой.
Бауыржан: Менің арқамда.
Галина Павловна: Ал сіз билей алмайтынсыз ол кезде.
Бауыржан: Мен билердің небір түрін меңгерген бишімін.
Галина Павловна: Менің арқамда.
Бауыржан: Шындықты мойындаймын, сіздің арқаңызда. Сіз Мәскеуден алып келген патефоныңызды жолсапарға шыққанда да қоржынның бір басына салып алып жүруші едіңіз.
Галина Павловна: Жолда тоқтап демалғанда патефонды қосып, орыстың ескі романстарын тыңдаушы едік.
Бауыржан: Ол саздар әлі құлағымда. Кейде сіз сығандардың биіне салып кететінсіз.
Галина Павловна: Ол сіз үйренгенше ғой. Сіз үйренген соң екеуміз жұптасып билейтінбіз.
Бауыржан: О, менің мыңқ етпес Мыңбұлағым. Сені Черняевтің мылтығымен жаулап алып еді, сенің ұлыңды патефон көтерген орыс қызы музыка деген құдіреттің ұлы ырғағымен ілестіріп әкетті.
Галина Павловна: Біздің жүректеріміз әлі де сол ырғақпен тербеліп келеді.
(Музыка. Екеуі жұптасып билейді.)
Бауыржан: Маған тағы да бір керемет күй сыйладыңыз Галина, рахмет.
Галина Павловна: Бітті, тез-ақ бітіп қалды.
Бауыржан: Не бітіп қалды?
Галина Павловна: Жаңағы сіз айтқан адам жанының ғажайып күйі, музыка, би бітіп қалды.
Бауыржан: Есесіне жүрегімізде оның жылуы қалды.
Галина Павловна: Ол рас. Айнабұлақтың басында өткізген ғажайып күйдің жылуын мен жүрегімде әлі сақтап келемін.
Бауыржан: Біз Айнабұлаққа борандатқан Шақпақты бірге асып барып жеткен едік.
Галина Павловна: Иә, асуға жете бере аспанды қара бұлт торлап, дүние әп-сәтте астаң-кестең болды да кетті. Желдің күштілігінен аттарымыз алға жылжи алмай ыға берді. Содан соң аттан түсіп, жаяулатып жүрдік. Сіз бір қолыңызбен аттардың тізгінін ұстап, екінші қолыңызбен арқаңызға жабысқан менің алақанымды тас қып қысып алып, қара дауылға қасқая қарап алға жылжи бердіңіз. Күшті жел қаңбақша көтеріп, қарша боратқан Шақпақтың жұдырықтай қара тастарынан да қаймықпадыңыз. Жүзіңіз қатты қарабұртып, көзіңіз от болып жанып еді сонда. Сөйтіп сіз ел «атан түйені де алып жығады» дейтін Шақпақтың боранынан мені де, аттарды да аман-есен алып шықтыңыз. Дауыл соқса соға берсін, тек алақанымыз ажырамаса екен деп ойладым мен сонда.
Бауыржан: Табиғат бораны бізді осылай табыстырып еді.
Галина Павловна: Ал, өмір бораны біздің алақанымызды ажыратып жіберді. Революциялық әндер айтып қатар адымдаған күндер тез-ақ өтті. Есіңізде ме, Бауыржан?
Бауыржан: Есімде.
(Әндетеді. По долинам и повзгорьям. Шла...)
Галина Павловна: Біздер нағыз фанатиктер едік. Партия қайда жұмсаса да ойланбай аттандық. Сіз әскери қызметке шақырылып, еліміздің ең ыстық өлкесі Түркіменстанға, одан әрі Қиыр шығысқа аттандыңыз.
Бауыржан: Сізді қайтадан Мәскеуге шақырып әкетті. Онд әрі режиссерлік оқуға түстіңіз.
Галина Павловна: Бірақ бәрібір сіз менің жүрегімде қалдыңыз.
Бауыржан: Менің өмірімдегі сіздің рөліңіз де бозбалалық құмарлықтан кеңірек, ауқымырақ болды. Сіз мені адамзаттық биіктерге жетеледіңіз, мәскеулік қыз.
Галина Павловна: Ол биіктіктерді мен дәл сіздің өз басыңыздан көргенмін, жуалылық бозбала.
Бауыржан: Анау не, мынау не деп өзіңізден әр нәрсені білуге құмартып, мазаңызды алған оқушы шала бозөкпеде қайдағы биіктік. Оның ауылы алыс еді ғой бізден.
Галина Павловна: Алыс емей-ақ, сіз тура сол ауылда өстіңіз. Қазақтар ар тазалығын көздің қарашығындай сақтап, адал адамдарды айрықша құрметтейді екен. Билікке ешкімді бұйрықпен тағайындамай, кім әділетті тек соған жүгініпті. Адам баласына бұдан артық қандай биіктік керек.
Бауыржан: Е, қазақтың ол заманы келмеске кетті ғой.
Галина Павловна: Заманы кеткенімен дәстүрі қалды. Сіз сол дәстүрмен тәрбиелендіңіз, адыр Құли!
Бауыржан: Немене? Сіз қайдағыны тантып кеттіңіз, коварная женщина!
Галина Павловна: Ашуланбаңыз, сіздің руыңыз Құли екені рас қой.
Бауыржан: Рас, Шымырдың Құлиымын.
Галина Павловна: Сіздерді адыр Құлилар, яғни, кеудесін ешкімге бастырмайтын, басынан сөз асырмайтын өр Құлилар деп айтатынын Жуалыда талай естігенмін. Оған намыстанбай-ақ қойыңыз. Құлилар өр, намысқой болмаса сіз қайдан шығар едіңіз?
Бауыржан: Хитрая женщина, тауып кеттіңіз. Шымырлардың өткен ғасырдағы көсемі Байзақ датқа Әулие-ата қазақтарын Кенесары қолына қосылып та, жеке бастап та ұлт-азаттық соғыстарын қайта-қайта жүргізген. Ақыры Қоқан билеушілері Шымкентке алдап шақырып алып, зеңбіректің аузына байлап атып жіберген. Солай, менің бабаларымның тарихы ұлт-азаттық соғыстарының тарихы.
Галина Павловна: Сіз сол бабаларыңызға лайықты ұрпақ болып өстіңіз.
Бауыржан: Рахмет, алайда, адамзаттық биіктер тек ар тазалығы мен әділеттіліктен тұратын болса, менің бабаларым әлдеқашан өздері армандайтын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманда өмір сүрер еді. Өкінішке қарай, рухани мұрасы мол ел емес, бүгінде білім-ғылымы мол ел ұшпаққа шығып жатыр. Мен сізді сол ұшпаққа апаратын періште ретінде елестеттім. Құлағыма сіздің періште қанатыңыздан суылдаған Ғарыш әуені келетін. Сол әуенді өмір бойы іздеп келемін.
Галина Павловна: Кім іздесе, сол табады. Сіздің құлағыңызға келіп тұрған Ғарыш әуені - өз жүрегіңіздің іңкәрлігі.
Бауыржан: Сол сарынды тыңдау үшін мен қолым қалт етсе, сізді есіме алып, хат жазуға отырушы едім.
Галина Павловна: Сіздің хаттарыңыз менің жанымның жалауы болды. Мен оны қайта-қайта оқитынмын. Әлі де сізді сағынғанда қайталап оқимын. Мен оны мұнда сақтап қойғанмын. Мінеки.
(Галина Павловна қолына алып, хатты оқи бастағанда сахна қараңғыланады. Музыка. Жарық қайта жанғанда проекциясымен майданда хат жазып отырған Бауыржан, үйінде оны оқып отырған Галина Павловна. Бауыржанның үні естіліп тұр.)
Галина Павловна, достым!
Аман-есенсіз бе? Бұл хатты түн ортасы ауғанда жазып отырмын. Сіз ұйықтап жатқан шығарсыз. Менің солдаттарым да ұйықтап жатыр. Ауыр шайқастардан қатары сиреп, қалжырап шыққан олар сәл тыныстап алып, тозақ отына тағы түседі. Бұл жолғы шайқастың қызуы тым биік болады. Соған солдаттарымды әзірлей алдым ба? Сол ой мазалап, ұйқы бepмeйдi. Соғыс деген, Галина Павловна, өмірдің катализаторы. Мұнда жақсы да, жаман да тез байқалады. Өкінішке қарай, кейін келіп қосылған жастардың біразының көкіректері бітеу. Бұл елде өткізіліп жатқан ұран-шаралардың сырты сәнді болғанымен мазмұны тым сұйықтығының салдары. Жастардың жанын қозғамайды, намысын жанымайды, ұлттық мақтанышын оятпайды ондай ұран-шаралар. Сондықтан ұрыс алдындағы осынау қысқа үзілісте жауынгерлерді рухани жағынан мейлінше мол қаруландыруға тырысып бағу керек. Бірақ, қайтіп, қалай, деген сұрақтар мені, алдымдағы жаумен шайқастың тактикасын айқындайтын командирді, тағы да артыма, елге қарайлауға мәжбүр етеді.
Халқымызды талай тарихи қысылтаяңнан алып шыққан ұлттық дәстүрлерін тәрк етудің ұшқарылығын майдан мысалдарымен дәлелдеп, республика басшыларына мен хат жазбасам кім жазады? Абай атамыздың кемел адам туралы ойлары да елеусіз жатыр. Бірақ әзірге оның бәрін жүйелеп жазуға мұрша жоқ. Тек сізбен ғана ой бөлісіп отырмын. Өйткені сіз бұл пікірдің парқын түсінесіз. Өзіңіз де дәл сол Абай сипаттаған адамсыз. Мен де келер ұрпақ сондай кемел болса екен деймін. Сол үшін де тағы бір қырғынға кіреміз. Аман шықсам міндетті түрде республика басшыларына хат жазамын. Құдай оны бұйыртпаса, жер бетінде Сіз сияқты адамдардың бар екеніне шүкіршілік етемін. Сіздер аз болсаңыздар да тепе-теңдікті сақтай аласыздар. Аман болыңыз, менің арманым!
(Сахна қайта қараңғыланады. Ғарыш әуені естіліп, ақ періштелер келіп кеткен соң жарық жағылып, Бауыржан мен Галина Павловнаның әңгімесі қайта жалғасады.)
Галина Павловна: Сіздің осы хатыңызды алғаннан кейін өзімді қоярға жер таппай кеткенім әлі есімде. Құс боп ұшып, майданға, сізге жеткім келді. Әзер дегенде «Советский экран» хроникасына Москва қорғанысынан сюжет түсіруге рұқсат алып едім, өкінішке қарай, бізді Армия штабынан әріге жібермеді. Панфилов дивизиясы шайқасып жатқан Волоколам бағытына қарай ұзақ телмірдім. Ойыммен ұшып барып, өзімді сізге атылған жау оғына қалқан еттім.
Бауыржан: Бұл қай күні еді?
Галина Павловна: 5 желтоқсан болатын.
Бауыржан: Дәл сол күндері Мәскеуге бағытталған неміс найзасының ұшы Крюковоға қадалып еді. Ал Крюковоны қорғау мен басқарған Талғар полкіне жүктелді. Біз немістің еш жерде жеңіліс көрмеген «Өлі бас» дивизиясымен шайқастық. Мен командир картасының Крюководан арғы Мәскеу жағын кесіп алып тастадым. Енді ары қарай шегінбейміз деп шештім. Талай сойқанды басымнан өткіздім ғой, бұл бір ерекше сойқан болды, Галина, ерекше сойқан. Немістер енді бір ышқынса Мәскеудің өзіне кіретінін білгендіктен жойқын ұрыс салды. Шайқастың тағдыры қыл үстінде тұрған шақта белімнен оқ тиіп, орнымнан қозғалтпай тастады. Кескілескен ұрыс үстінде командирдің саптан шыққаны жауынгерлерге жаудан жаман әсер етеді. Ал, мен болсам, қозғала алатын емеспін. Қасымда қол ұшын беретін де ешкім жоқ. Полкпен байланысым үзіліп, жалғыз жатырмын. Бір кезде айнала тым-тырыс болып қалды. Жау да, біздің жауынгерлер де бұлдырап кетті. Дүние тұманданып барып ашылғанда көмкерілген көк күмбезіне көзім түсті. Алатаудың ақ қарлы шыңдарының ар жағынан күн шапағатын шашып тұр. Сол күннің астынан ұшып шыққан бір періште бірте-бірте жақындап келді, Мен кіндік қаным тамған Айнабұлақтың басында жатыр екенмін. Періште сіз екенсіз деймін, мені самал болып желпіп өткеніңізде денем жеңілдеп, бойым сергіп қалғандай көрінді. Сіз мені орнымнан тұрғыздыңыз да, Шақпақ асуға қарай бастап жүрдіңіз. Соңыңыздан құс болып қалқып келе жатқан сияқтымын. Асуға келгенде Крюково үшін қырқысып жатқан шайқасты қайта көрдім. Адъютантым да табылды. Оғымды суырып тастап, полктің ұрысын басқара бердім.
Галина Павловна: Демек, сіз Крюково ұрысында ақылыңыз, күшіңіз, білім-тәжірибелеріңіз, бір сөзбен айтқанда, бойыңыздағы барлық талант-қабілетіңізбен бірге Ғарыштық мүмкіндігіңізді де пайдаланғансыз. Туған жеріңізден қиналған сәтіңізде ұшып шыққан періштенің жол сілтеуі соның жоралғысы.
Бауыржан: Білмеймін, бар күшімді жиып, алға жылжып, адъютантымды жолықтырғанша сондай күй кешкенім рас.
Галина Павловна: Сіз тегін адам емессіз, Бауыржан. Жау қоршауын бес рет бұзып, аман оралған кереметіңіздің зерттеушілер осы жағына көңіл бөлсе ғой!
Бауыржан: Ол кереметтің анасы - жауынгерлік дайындық.
Галина Павловна: Мен оны жақсы түсінемін. Дегенмен, соғыс деген кездейсоқтыққа да толы емес пе? Қаңғырған оқ, қапылыста бас салу, минаға түсіп қалу, толып жатыр.
Бауыржан: Соғыста кездейсоқтық деген болмайды. Оның бәрі күтпеген жағдай.
Галина Павловна: Мейлі күтпеген жағдай болсып. Сол күтпеген жағдайдан шығу жолын он ойлап, жүз толғап жататып уақыт қайда? Тұтқиыл шешім қабылдауға тура келмей ме?
Бауыржан: Әрине.
Галина Павловна: Miнe, сол кезде адамға не көмектеседі?
Бауыржан: Көп нәрсе. Әскери дайындығы, мінезі, тәжірибесі, саналылығы, еңсе түсірмейтін рухы...
Галина Павловна: Және түйсігі.
Бауыржан: Бәлкім оны да жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, мен практикпін, «жүз өлшеп, бір кескенді» қалаймын.
Галина Павловна: Бұл қасиетіңіз «Волоколам тас жолы» романында жақсы байқалып тұр. Онда жауынгерлерді соғысқа қалай даярлаған тәжірибеңізді ақылмен қорытып, ұғынықты әңгімелеп бердіңіз. Шынымды айтсам, соғыс туралы көркем оқулық оқып көзіміз ашылды. Оның шынайы шындығын түсіндік. Дегенмен сол оқулығыңыздың қалыбына симай қалған да жағдай болған шығар?
Бауыржан: Көкейіңіздегіні түсіндім, Галина Павловна. Бір жағдайды айтып берейін.
Жау шабуылы кезінде неміс найзасының ұшы тура біздің полкке қадалса, қарсы шабуыл кезінде полкім жауға біздің найзаның ұшы болып қадалды. Полкке қалың қарда жау тылына бұзып-жарып өтіп, олардың ең стратегиялық маңызды нысандарын басып алып, алға жылжи беру міндеті қойылды. Бұл тапсырманы орындасаң сені Суворов деп атаймын деп еді дивизия командирі Иван Михайлович Чистяков.
Алғы шепке келсем, шабуылдағы жауынгерлерім ошарылып қалған. Жағдайды білсем: алдымыздағы жазық түгелдей миналанған. Ал, минаны залалсыздандыратын бөлімшені күтсек жау жаңа шепке бекініп алмақ. Жауынгерлерге «менің артымнан еріңдер» деп айқайладым да, ақбозыммен борбайлата жөнелдім. Мені қанша батыр десе де көзсіз батырлыққа бармайтын адаммын. Әр қадамымды өлшеп барып тәуекел етемін. Бұл жолы қалай болғанын өзім де білмеймін. Әйтеуір менің ізіммен жылжыған жауынгерлер миналы жазықтан аман-сау өтіп, шабуылды үлкен табыспен аяқтады.
Галина Павловна: Соғыста кездейсоқтық болмайды деген өз тұжырымыңызға сүйенсек, сізді тәуекелге апарған - алтыншы сезіміңіз. Ғылымдағы ұлы жаңалықтарға тәжірибелерден бұрын түйсік алып келгендігіне мысал көп.
Бауыржан: Соғыс-тәжірибе алаңы емес, ал адам-түйсігімен ғана өмір сүретін айуан емес.
Галина Павловна: Дұрыс айтасыз, Дарвиннің эволюциялық теориясы бойынша адамдарда сана пайда болды.
Бауыржан: Адамзат эволюциясын жоққа шығаруға болмас, бірақ Дарвин маймылдан жаралса, менің тегімнің көкбөрі екені де рас. Менде кім тамағын тойдырса, соның әртісі болатын маймылдық мінез жоқ. Көкбөрінің тұқымдары одан гөрі өліп кеткенді артық санайды.
Галина Павловна: Елена Блаватская деген жазушы өткен. Өкінішке қарай, оның еңбектеріне тиым салынды. Әулиелігі бар адам екен. Ол кісінің жазуына қарағанда, адам оу баста энергия түрінде анау жақта (аспанды көрсетеді) пайда болған. Содан кейін бірте-бірте материалданған.
Бауыржан: Түсінікті материяны бірінші қоятын маркстік философияға мүддем қайшы екен.
Галина Павловна: Дәл солай.
Бауыржан: Есесіне о баста Мұхамедтің нұры жаралған деген ислам қағидатымен үйлесіп тұр.
Галина Павловна: Оның үстіне қазір ғылым квантты ашты ғой. Соның арқасында энергияның материяға, ал материяның энергияға айналатынын дәлелдеді. Демек, адам энергия күйінде пайда болып, бірте-бірте материалдануы әбден мүмкін. Бірақ материалдық пішіні айқындалған сайып өзі пайда болған анау жақпен байланысын жоғалта берген.
Бауыржан: Демек, адамдардың сезім-түйсігі жетіліп дамып келе жатқан жоқ, қайта топастанып келе жатыр демекпісің?
Галина Павловна: Дәл солай. Мәселен, энергия күйінде материалдық дүниені - демек тамақ пен киімді мүлдем тұтынбаған. Есесіне ол өз энергиясын еркін басқара алған. Сол энергиясы арқылы Египеттегі пирамидалар сынды алып құрылыстарды салған.
Бауыржан: Демек, ол адамдарда ішетін, төгетін екі тесік әлі пайда болмаған ғой.
Галина Павловна: Дұрыс айтасыз. Сол екі тесік пайда болған соң адам затының материалдық тұтыну тәбеті артып, ішкеніне, жегеніне, киінгеніне, мінгеніне мәз болып, соны қуалап кетті.
Бауыржан: Сайтанның азғыруымен Хауа анамыз пейіштің жемісін татып, материалдануды бастап жіберді деңіз.
Галина Павловна: Блаватскаяның айтуынша, бізге дейін жер бетінде адамзаттың төрт өркениеті пайда болып, құрдымға кеткен. Біз бесінші өркениетпіз. Бірақ, ең ашкөз, дүниеқоңыз өркениетпіз. Бұл өркениеттің тарихы - соғыстар тарихы.
Бауыржан: Сөздеріңіздің жаны бар. Халықтардың санасы көтерілген сайын қанағаты қашып, бүкіл әлемді қайта-қайта бөліске салуда. Бәрінен ағылшындар көп қармады, испандар мен орыстар да есе жібере қойған жоқ. Бұл үлестен немістер неге құр қалуы тиіс еді?
Галина Павловна: Иә, бірінші дүниежүзілік соғыста оларға үлес тимеді. Содан соң идеологтары «біз әлемдегі ең таза қанды ұлтпыз - арилерміз» деп ұрандатып жіберіп еді, өз бақытын басқа елді қырып-жою арқылы орнатпақ болып, қолына жаппай қару ұстады. Сонда адамзат проблемасын шешудің қантөгістен басқа жолы жоқ па? Адамдар саясатының да, идеологиясының да арты неге соғысқа әкеліп соға береді?
Бауыржан: Жер бетін әділетсіздік жайлап алғалы қашан? Оны бейбіт шешу мүмкін емес. Өйткені біріне-бірінің есесі кетіп қалған, оны қайтаруы керек. Солай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» қоғамды да соғыспен орнатуға және қорғауға мәжбүрміз.
Галина Павловна: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалағаны» қане? Капиталистік елдер қалай өмір сүреді, біз қалай өмір сүреміз.
Бауыржан: Соғыстың жарасы жазылсын. Біз де жақсы өмірге жетерміз.
Галина Павловна: Ал, қоғамның жарасы ше? Сіздіңше қоғамда еш ақау жоқ па?
Бауыржан: Адамзаттың ең ізгі ниетіне ревизия жасайтын құдірет жоқ менде. Оның қалай орындалуын көрсетіп беретін пайғамбар да емеспін.
Галина Павловна: Бірақ қаныңызды төгіп қорғаған қоғам пайғамбарларды талақ етіп, Құдайдың орнына көсемдерге құлшылық етеді.
Бауыржан: Ең бастысы - қанаушысы мен қаналушысы жоқ қоғам орнады тарихта. Ал, ниеттің мінінен емес, орындаушының олақтығынан кетіп жатқан кемшіліктерді көзім көріп, көңілім сезеді.
Галина Павловна: Адамзаттың игі ниетін жүзеге асыруда олақтық танытты деп тұрғаныңыз СОКП-нің көсемдері шығар. Бірақ сіз Сталинді қалай мақтайтыныңызды біз жақсы білеміз.
Бауыржан: Әскери адам ретінде мен оның Ұлы Отан соғысындағы жоғарғы бас қолбасшылық ролін мақтаймын. Оны әлемнің Шыңғысхан, Наполеон сияқты тирандарының қатарына қосамын. Бұл бұлтартпас тарихи факт.
Галина Павловна: Сталинді Социалистік қоғам орнатуда олақтық танытты деп тұрған да сіз ғой. Мұны қалай түсінуге болады?
Бауыржан: Бұл шындықты толық айту деген сөз.
Галина Павловна: Өткеннің жарасын тырнай бергеннен гөрі бәлкім шындықты да ұрпақ мүддесіне лайықтап айтқан жөн шығар.
Бауыржан: Шындықты бұрмалау - ұрпақ мүддесіне қызмет етеді дегенге мен келіспеймін. Белгілі бір саяси топтың, таптың, ұлттың мүддесіне қызмет етеді десеңіз, міне, бұған келісемін.
Галина Павловна: Алайда, сол саяси билеуші топ, тап немесе ұлт қоғамындағы тұрақтылықтың кепілі емес пе? Демек, жанылып, сүрленіп, белгілі бір кейіпке келтірілген шындық сол тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Бауыржан: Ол уақытша ғана тұрақтылық. Өйткені шындықтың басқа кейіпке келтіріліп, белгілі бір топқа, тапқа, әлде ұлтқа қызмет еткені ерте ме, кеш пе, өзгелердің наразылығын өршітеді. Олар елдің бәріне ортақ шындықты талап ететін болады.
Галина Павловна: Ортақ шындық - абсолютті шындық қой. Адамзат оған қалай қол жеткізбек?
Бауыржан: Адам ата мен Хауа анамызды Жаратқан ием жер бетіне тек ішіп-жесін деп жіберген жоқ. Хақ тағаланы танысын деп жіберді. Сондықтан абсолютті шындыққа жету - адамзат миссиясы. Жетсе - пейіш, жетпесе - ақырзаман. Сіз жаңа адамзат топастанып бара жатыр деген пікір айттыңыз. Демек, оның ақыры - ақырзаман.
Галина Павловна: Мен топастанып бара жатыр деп сезім тұрғысынан айттым. Ал, ақыл, сана тұрғысынан алғанда адамзат жетілді, оның әрбір ұрпағы одан әрі жетіле береді. Демек, өркениетіміз одан әрі өркендей береді.
Бауыржан: Соңғы 50 жылда адамзат екі рет соғыстан, екі рет аштықтан қырылды. Қуғын-сүргінге ұшырап, босып кеткендері қаншама. Соның бәрі адамзаттың бақытты болашағы үшін жасалды. Сонда соғысты басты құралы еткен ол қандай өркениет? Өркениеттің басты өлшемі не өзі?
Галина Павловна: Өркениеттің басты өлшемі - адамдарға жасалған игілік, молшылық.
Бауыржан: Әділдік пен адалдықтан аттап жасалған молшылықтың игілігін қалай көрмексіз? Ондай молшылық игілікке емес, соғысқа бастайды да тұрады.
Галина Павловна: Түсінікті. Демек, сіз коммунизм идеясы бүкіл әлемде салтанат құрғанда ғана тыныштық толық орнайды деген пікірдесіз ғой.
Бауыржан: Әлемдегі екі жүйе тұрмақ, көшеңдегі екі көрші де төбелеседі. Төбелесті болдырмайтын әділдік қана.
Галина Павловна: Сіз абсолютті шындықты талап еткендей, абсолютті әділдікті талап етіп отырсыз.
Бауыржан: Мен ол екеуін бөлмеймін. Шындық жоқ жерде әділдік болмайды. Ол екеуінің де анасы - тәрбие.
Галина Павловна: Тәрбие. Біз сондай қоғам орнатып жатырмыз деп жүрген жоқпыз ба?
Бауыржан: Бірақ іс жүзінде қоғамға қажетті тамаша үлгіні тәрк етіп жатырмыз.
Галина Павловна: Сіз қандай үлгілерді айтып тұрсыз?
Бауыржан: Әңгімеміздің басында сіз айтқан қазақ қоғамының дәстүрлерін айтып тұрмын. Бірі үшін бәрі, бәрі үшін бірі жауап беріп, «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деген принциппен тәрбиелейтін ұрпақты қазақ қоғамы.
Галина Павловна: Коммунистік қоғам принциптері де осы емес пе?
Бауыржан: Сөз жүзінде солай болғанымен халықтық дәстүрлерге негізделмеген.
Галина Павловна: Алайда, Совет халқы Ұлы Отан соғысындағы жеңісі арқылы коммунистік қоғамның артықшылықтарын да көрсетті деп ойламайсыз ба?
Бауыржан: Сіз зерттеп жүрген «Советтік ерліктің» төркіні, ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба дәстүрлерінде жатыр.
Галина Павловна: Біздің жауынгерлер жеке ұлт үшін емес, Отан үшін, Сталин үшін деп ұрандаған жоқ па?
Бауыржан: Оларды олай ұрандатқан өз ұлтының рухы. Біз ата-бабаларының аруағын қозғап, өз халқының рухымен қаруландырып барып, жауынгерлерді ортақ Отанымыз үшін шабуылға бастаық.
(Сыртқы есіктің қоңырауы шылдырлайды)
Сізге біреу келді ғой деймін, Галина Павловна.
Галина Павловна: Осылай бір оңаша шер тарқатып алуға да мұрша бермейді. Кім болды екен?
Бауыржан: Кім болса да, аса сүйкімді адам емес.
Галина Павловна: Оны қайдан білдіңіз?
Бауыржан: Қоңырау басысынан. Сіз қонағыңызды қарсы алыңыз, ал мен болконға шығып, темекі тартып келейін.
(Бауыржан балконға шығып кетеді. Ал, ауыз бөлмеге шыққан Галина Павловка генерал-майор шеніндегі бір әскери адамды ертіп келеді)
Галина Павловна: Хош келдіңіз, жолдас генерал.
Генерал: Рахмет, Галина Павловна. Құдай қосқан көрші болған соң халіңізді білейін деп бас сұққаным ғой.
Галина Павловна: Генералдың ілтипатына бөленгеніме қуаныштымын.
Генерал: Иә, генерал кез келген есікті қақпайды, Галина Павловна.
Галина Павловна: Әрине, әрине. Көрші болған соң ғана сіздің кұрметіңізге бөленіп жатырмын ғой.
Генерал: Сіз жай ғана көрші емессіз. Айналаңызға әдемілік беріп тұратын көрікті көршісіз.
Галина Павловна: Комплиментіңізге рахмет. Көрші болған соң көңілімді көтеріп жатырсыз.
Генерал: Мен шынымды айтып тұрмын, Галина Павловна. Сіз көңілге құрт түсіретін ерекше жансыз.
Галина Павловна: Генерал мен туралы пікірін білдіргелі ғана келмеген болар?
Генерал: Генералдың пікірі - маңызды пікір.
Галина Павловна: Оған сөз бар ма? Сіздің пікіріңізге зәру адамдар көп.
Генерал: Соның бірі сіз болуыңыз керек, Галина Павловна.
Галина Павловна: Мен... Әңгіме «Советтік ерліктің» әскери кеңесшілігі туралы болса, оны саяси басқарманың өзі бекітеді.
Генерал: Фильмде айрықша бөлім, яғни біз бекітетін де мәселе бар. Мәселен, сіз қандай батырлардың ерлігін көрсетпексіз? Олардың ата-тегі кім еді, бүгін кім болып жүр? Саяси көзқарасы қандай? Мұның бәрін сүзгіден өткізіп барып бекітеміз.
Галина Павловна: Сценариймен толық танысқан боларсыздар. Біз, әзірге негізгі жобадан ауытқи қойған жоқпыз.
Генерал: Таныстық, танысқаннан кейін де келіп отырмын. Кеңсеге ресми шақырғаннан гөрі, өзіңізбен емен-жарқын жағдайда, кейбір мәселелерді келісіп алғанды жөн көрдім.
Галина Павловна: Нақтылап айтсаңыз.
Генерал: Нақтылап айтсам, сценарийден Бауыржан Момышұлын мүлдем алып тастайсыз.
Галина Павловна: Москва қорғанысы туралы айтқанда Бауыржан Момышұлына тоқталмау мүмкін емес қой.
Генерал: Мүмкін емес нәрсе жоқ, Бәрі мүмкін.
Галина Павловна: Александр Бектің «Волоколам тас жолы» шет елдерге де тарап кетті. Сондай даңқты әрі тағылымды батырды қалай алып тастамақпын сценарийден.
Генерач: Кешіріңіз, сіз қателесіп тұрсыз.
Галина Павловна: Неден?
Генерал: Момышұлы романның ғана қаһарманы.
Галина Павловна: Алайда ерлік әрекеттері сипатталады ғой.
Генерал: Сипаттала берсін. Оған өкімет жарлығымен батыр атағы берілген жоқ, демек, оны Батырлар қатарына қосу саяси қателік болады.
Галина Павловна: Оны бүкіл халық батыр деп мойындайды, жазушылар кітап жазды, ақындар жырға қосты. Сонда солардың бәрі де саяси қателік жіберді ме?
Генерал: Галина Павловна, сіз зиялы қауым өкілісіз. Ресейдің нағыз патриотысыз. Соғыс жағдайы кейбір идеологиялық шегіністерге жол бергенін сіз түсінуіңіз керек. Оны дабырайтып жариялаудың да қажеті жоқ. Әрбір патриот айтпай-ақ түсінуі тиіс.
Галина Павловна: Қайдағы идеологиялық шегініс сіздің айтпағыңыз?
Генерал: Соғыс кезінде біз әр халықтың ұлттық мақтаныштарын көбірек көтермеледік.
Галина Павловна: Қазір ше?
Генерал: Қазір де белгілі дәрежеде көтермелейміз. Бірақ, бақылауда ұстаймыз.
Галина Павловна: Ке үшін керек ондай бақылау?
Генерал: Олардың ұлттық санасының белең алып кетуі одақ үшін қауіпті. Ал, одақтың тірегі сіз бен біз, Галина Павловна.
Галина Павловна: Қудайым-ау, Бауыржан Москва үшін шайқасты ғой. Сіз бен біздің Москвамызды Үлкен Отанымның астанасы деп қорғады.
Генерал: Қорғады, бірақ ол ұлтшыл.
Галина Павловна: Ah, ол ұлтшыл ма? Сонда сіз кімсіз?
Генерал: Мен өз Отанымның патриотымын.
Галина Павловна: Жоқ, сіз шовиниссіз.
Генерал: Шовинизм патриотизмнен туады.
Галина Павловна: Ал, ұлтшылдық ше? Ұлтшылдық қайдан туады?
Генерал: Ұлтшылдық - Кеңестер Одағының бірлігіне жік салады, ал шовинизм сол бірлікті тас қылып біріктіреді.
Галина Павловна: Алайда, мен білетін Бауыржан ұлттар арасына жік салуға да, тас қылып бекітуге де қарсы.
Генерал: Сонда ол нені жақтайды?
Галина Павловна: Әділеттілікті, иә, тек әділеттілік пен шындықты жақтайды.
Генерал: Менің әділетім де, шындығым да бұйрық. Мен бұйрықты орындаймын.
Галина Павловна: Сонда «Советтік ерлік» фильмінен Бауыржан Момышұлының есімін сызып тастаңдар деген бұйрық бар ма?
Генерал: Әрине, бар.
Галина Павловна: Көруге болар ма екен?
Генерал: Ол бұйрықты еш уақытта көре алмайсыз.
Галина Павловна: Неге? Мен орындаушымын ғой. Орындау үшін бұйрықпен танысуым керек емес пе?
Генерал: Ондай бұйрық еш уақытта жазбаша берілмейді.
Галина Павловна: Енді қалай беріледі?
Генерал: Ауызша, онда да емеурінмен.
Галина Павловна: Ондай бұйрықты орындамасам ше?
Генерал: Орындамасаңыз, жазбаша бұйрықты күте беріңіз.
Галина Павловна: Міне, сол кезде көре жатармыз.
Генерал: Көре жатпайсыз. Өйткені жазбаша бұйрық сізді «Советтік ерлік» фильмінің режиссерлығынан босату туралы болады. Мен мұның бәрін көрші болған соң да ашық айтып отырмын.
(Бауыржан кіреді)
Бауыржан: Браво, генерал, Сіз ас үйде тіпті ашылып сөйлейді екенсіз. Оның үстіне, оңаша, ешқандай куә жоқ. Бірақ олай болмай шықты, солай ма?
Генерал: Дәл солай болып шықты, полковник. Сіздің осында екеніңізді білген соң әдейі кірдім. Темекі тартқан болып, Галина Павловнамен оңаша сөйлесуге мүмкіндік бергеніңізге рахмет.
Галина Павловна: Сіздер бір-біріңізді жақсы білетін сияқтысыздар.
Генерал: Білгенде қандай. Сонау Қиыр Шығыстан бері.
Бауыржан: Генерал менің ажырамас серігім.
Генерал: Дұрыс айтасыз. Сенімнің серігі бақылау, екеуі еш уақытта ажырамайды. Сізге сенеміз, бірақ бақылаймыз. Өмір солай құрылған.
Бауыржан: Ізгілік пен зұлымдық та ажырамайды. Бір-бірінің бауырына кіріп алып шайқасады.
Галина Павловна: Сіздердің айтатын әңгімелеріңіз аз емес сияқты. Айып болмаса, мен ас үйге бара тұрайын.
Генерал: Әрине, әрине.
Бауыржан: Иә, генералдың маған айтатын әңгімесі бар сияқты.
Галина Павловна: Сіздердің рұқсаттарыңызбен. (Кетеді)
Генерал: Сіз өзіңіз туралы тым жоғары пікірде екенсіз, полковник. Ізгілік сіз де, зұлымдық біз бе?
Бауыржан: Мен бұл мәңгілік категорияларды сіз «өмір солай құрылған» деген соң ауызға алдым.
Генерал: Жоқ, сіз өзіңізді ізгілікке теңеп, ол ізгіліктің зұлымдықтан әрдайым үстем түсетінін тұспалдап тұрсыз.
Бауыржан: Генерал, өмірдің солай құрылғаны шындық. Ал, сіз бен біз сол өмірдің қай жағынан табылып жүрміз, ол басқа әңгіме.
Генерал: Мен сізді жек көремін.
Бауыржан: Не үшін?
Генерал: О, баста, Қиыр Шығыста жақсы кавалерист, жақсы артиллерист болғандығыңыз үшін, жақсы қылыштасқаныңыз, мергендігіңіз үшін, ылғи менен озып кеткендігіңіз үшін жек көрдім.
Бауыржан: Алмай-бермей жек көргенше, өзіңізді-өзіңіз қайрап озып шығуыңыз керек еді.
Генерал: Мен қанша тырыссам да сізден оза алмадым.
Бауыржан: Есесіне қызметтен оздыңыз.
Генерал: Соғыс кезінде сіздің даңқыңыз озып кетті.
Бауыржан: Алғы шепке сұранып баруыңыз керек еді.
Генерал: Мен айрықша бөлімді өміріме қауіпсіз көргенімді мойындауға тиіспін.
Бауыржан: Ал, менде өз өмірімнің қауіпсіздігін ойлайтын мүмкіндік болған жоқ.
Генерал: Бірақ, сіз тірі қалдыңыз.
Бауыржан: Tipi қалсам Құдай сақтаған шығар.
Генерал: Иә, сізді Құдай сақтап жүр, әйтпесе сонау Қиыр Шығыста-ақ құрып кететін едіңіз. Отыз жетінші жылы.
Бауыржан: Есімде. Полк командирінің үстінен донос жинадыңыздар ғой.
Генерал: Иә, сіздің сөзіңіз шешуші рөл атқарып, екеуіңіз де аман қалдыңыздар.
Бауыржан: Here менің сөзім шешуші рөл атқарды?
Генерал: Себебі сіз тек шындықты айттыңыз.
Бауыржан: Өтірік айту - мен үшін өліммен тең.
Генерал: «Халық жауы» ретінде айып тағылған полк командирін қоштау да өліммен тең болатын!
Бауыржан: Шындық үшін өлу мен өтірік айтып өлудің айырмашылығы жер мен көктей.
Генерал: Қолға түскенде көрер едім қалай сайрағаныңызды. Сіздің көптеген жерлестеріңіз жатты, Қиыр Шьпғыстың колонияларында. Біразының құжаттарымен танысуға тура келді. Ай, бірін-бірі ұстап берген топырлатып, еліңізде жүргеніңізде сізді де ұстап беретін еді олар. Әскери қызметке шақырылып қана аман қалғансыз.
Бауыржан: Өз қылмысыңызды халыққа жаппаңыз. Қағазды қалай толтырғыларыңыз келді, солай толтырдыңыздар. Ақты бақырайтып қойып қара дедіңіздер, дегіздіңіздер. Сөйтіп мақсаттарыңызға жеттіңіздер. Халықтың сөзін сөйлейтін арыстарын айдап-аттыңыздар да, «ләббай, тақсыр» деп айтқандарыңызды ойланбай орындайтындарға ел басқартып қойдыңыздар.
Генерал: Диірменнің тасынан бүтін түскен бидайдай боп сіз қайдан шықтыңыз осы?
Бауыржан: Оттан шықтым, оттан. Отан үшін отқа түс, күймейсің!
Генерал: Қайдан шықсаңыз да бас пайдаңызды білмейсіз.
Бауыржан: Мен ешуақта да қызметімді бас пайдама пайдаланған емеспін.
Генерал: Сіз де көлгірсиді екенсіз ғой, шындықтың жоқтаушысы. Кеңестер Одағының Батыры атағын алып, генералдың погонын тағып жүргім келмейді деп айтыңызшы, қане?
Бауыржан: Мен де пендемін. Қызметімнің лайықты бағаланғанын қалаймын. Бірақ берген жағдайда батыр атағын да, генералдық шенді де жеке басымның пайдасына пайдаланбайтыным да шындық.
Генерал: Сіз шындықтың қайда екенін білмейсіз. Сондықтан да шындық қайда деп айқайлайсыз.
Бауыржан: Ал, сіз шындықтың қайда жатқанын білесіз. Бірақ оны айқайлап айтуға мүдделі емессіз. Солай ма?
Генерал: Солай, біз бар шындықты білеміз.
Бауыржан: Бірақ сол шындықты халықтан жасыруға қызмет етесіз.
Генерал: Менің қызметім мемлекетім тарапынан лайықты бағаланып келеді.
Бауыржан: Иә, сіз генерал шеніне жеттіңіз, алғы шепте болмасаңыз да орден, медальдарыңыз да молдау екен.
Генерал: Иә, полковник, орденнің саны жөнінен де сізден озықпын. Біз әскери қызметті қатар бастадық. Бір дивизияда соғыстық. Сіз алғы шепте қан кештіңіз, мен штабта отырдым. Бірақ алған марапатым да, таққан жұлдызым да, отырған үстелім де сізден биік. Мәскеудің орталығынан ойып тұрып пәтер де алдым.
Бауыржан: Сіз бас пайдаңызды жақсы білесіз, генерал. Бұл жөнінен талантсыз.
Генерал: Иә, мен бас пайдамды еш уақытға ұмытқан емеспін. Бірақ ешкім оны маған кінә етіп таға алмайды.
Бауыржан: Бірақ, пайдакүнемдігіңізді сізбен қызметтес болғандардың бәрі біледі.
Генерал: Біле берсін.
Бауыржан: Олар бірде болмаса бірде бетіңізге басып, айыптап тастайды деп қорықпайсыз ба?
Генерал: Қорықпаймын. Олар айыптамақ тұрмақ, менің пайдакүнемдігімді барынша жасырады.
Бауыржан: Қалайша жасырады?
Генерал: Өйткені олар менің пайдакүнемдігімді пайдаланып, өздері де пайда табады. «Бал ұстаған бармағын жалайды», «Кісінің күні кісімен». Қай жерге, қай кеңсеге бармаңыз осы.
Бауыржан: Сіз не айтып кеттіңіз?
Генерал: Мен сіз білмейтін шындықты айттым, полковник мырза.
Бауыржан: Мұның бәрін не үшін айттыңыз?
Генерал: Сізден мықты шыққаныма масаттану үшін айтып тұрмын.
Бауыржан: Түсінікті болды. Бүгін мені отставкаға жіберу туралы бұйрыққа қол қойылды. Сіз оны көрдіңіз. Масайрадыңыз. Сол масайраған қалпыңызбен мені іздедіңіз. Телефонмен емес, көзбе-көз естіртіп айызыңызды қандырмақ болдыңыз.
(Галина Павловна кіреді)
Кеңес Армиясының полковнигі, Мәскеу шайқасының қаһарманы Бауыржан Момышұлын отставкаға жіберу рәсімін осылай өткізіп, мені мұқатқыңыз келді. Бүтін спектакль ғой бұл. Галина Павловна, достым, мына спектакльді музыкамен көркемдеп, жан бітіріп жіберсеңіз қайтеді. Режиссерсіз ғой.
Галина Павловна: Бұл спектакльдің басталып кеткеніне көп болған сияқты.
Генерал: Дұрыс айтасыз. Бұл финалы.
Галина Павловна: Тым ұшқары тұжырым емес пе?
Генерал: Әбден ойластырылған әрекеттің салдары бұл.
Бауыржан: Сіз де мойындаңыз, генерал. Бұрын менімен кездескенде ішіңізді тартып тұратын едіңіз. Енді мен отставкаға кеткен соң тынысыңызды еркін алатын сияқтысыз.
Генерал: Мен ғана ма екен? Сізді отставкаға жіберу арқылы бүкіл қоғам залалсыздандырылды.
Галина Павловна: Бұныңыз енді ешқандай өлшемге симайтын мәлімдеме.
Бауыржан: Жау жоқ болса, оны жасау керек. Әйтпесе генерал кіммен күреспек.
Генерал: Галина Павловна, біздің қызметтің генералы еш уақытта негізсіз мәлімдеме жасамайды.
Бауыржан: Галина Павловна, генералдың бүгін көңіл-күйі келіп тұр екен. Айтсын, мүмкіндік берейік.
Генерал: Иә, полковникпен әңгімемді аяқтауға рұқсат берсеңіз. Бірақ оның сізге қызығы бола қояр ма екен, Галина Павловна.
Галина Павловна: Сізді тыңдауға шынында да құлқым жоқ, генерал. (Шығады)
Бауыржан: Қандай қырағылық. Ac үйде тұрып та артық куәден қашасыз.
Генерал: Іске ешқандай қатысы жоқ адамнан деңіз.
Бауыржан: Жарайды, кұлағым сізде. Сонымен, мені отставкаға жіберіп, қоғамды қалай залалсыздандырдыңыз?
Генерал: Алдымен, қанша рет ұсынылсаңыз да сізге Кеңестер Одағының Батыры атағын бергіздірмедік.
Бауыржан: О, Бауыржан Момышұлының кеудесіне алтын жұлдыз тағуы қоғамға қауіпті екен ғой.
Генерал: Біз Мәлік Ғабдуллинге де Кеңестер Одағының Батыры атағын бергізбес едік.
Бауыржан: Мәлікке батыр атағына беру жөніндегі указ тым кешігіп кеткен еді. Сіздердің әрекеттеріңіз екен ғой.
Генерал: Иә, біздің әрекет болатын. Бірақ ол жігіттің жолы болғыш екен.
Бауыржан: Неге ылғи сіздердің жолдарыңыз бола бермек? Неге басқалардың жолы болмауы тиіс?
Генерал: Мәлік Ғабдуллиннің жолын болдырған сіз.
Бауыржан: Қағаздарын түгендеп, батыр атағына ұсынғаннан басқа не істеппін?
Генерал: Бізді айналып өтіп кеттіңіз. Дивизияны инспекторлық тексеруден өткізуге ең жоғарыдан даңқты орыс қолбасшысы Кутузовтың шөбересі келгендігі сіздің есіңізде ме?
Бауыржан: Иә, есімде.
Генерал: Сіз оны жақсылап қонақ еттіңіз.
Бауыржан: Иә, Кутузовтың шөбересіне біздің полктен қонағасы беру ұйғарылыпты.
Генерал: Қазақтардың қонағасы маршалдың шөбересіне ұнап қалыпты.
Бауыржан: Менің аспазым Жан - дивизиядағы ең мықты аспаз еді.
Генерал: Мәселені сол аспаз шешіп кетті ендеше.
Бауыржан: Ол сіздің ойыңызша. Мәселені шешкен аспаз емес, парасат. Кутузовтың шөбересі парасатты жігіт болып шықты. Қазақстан мен Қырғызстанда жасақталған дивизиядан жергілікті ұлт өкілдерінен Кеңестер Одағының Батыры аз шыққандығына ол ең сыпайынан айтқанда танданыс білдірді. Өздері айналасына топтастырған ұлттың өкілі ретінде сырт көзге ұрып тұрған сол ыңғайсыздықты сәл де болса жайбағыстауға тырысты.
Генерал: Сіз маршалдың баласын Құдайдың өзі айдап келіп тұрғанда басқа біреуді сұрағанша өзіңізді неге сұрамадыңыз? Сонда Мәлік Ғабдуллин емес, сіз Кеңестер Одағының Батыры болып шыға келер едіңіз.
Бауыржан: Сіз мені әлі түсінбейді екенсіз, генерал. Сірә, түсінбей өтетін шығарсыз.
Генерал: Басқа біреу үшін сұраған жеңілірек. Ал, өзің үшін сұрау ауыр. Сол ғой айтпағыңыз.
Бауыржан: Жеңіл ме, ауыр ма, мәселе онда емес. Мен еш уақытта өз еңбегімнің құнын өзім шығарып, соның өтеуін қол жайып, басымды иіп ешкімнен сұрамаймын. Бұл менің табиғатыма жат, түсінемісіз?
Генерал: Түсінемін, бірақ қабылдай алмаймын. Өйткені біздің қоғамда бейнелеп айтқанда, жыламаған балаға ешкім де тамақ бермейді. Қайта бұл неге тамақ сұрамайды, тумай жатып қайдан жетісіп қалған деп күндейді. Сіз бәрін мінезіңізден тауып жүрсіз, Бауыржан.
Бауыржан: Міне, мұныңыз имандай шындық. Тағы бір шындықтың бетін ашсаңыз қайтеді, генерал?
Генерал: Сұраңыз?
Бауыржан: Төлеген Тоқтаровты да Кеңестер Одағының Батыры атағына мен ұсындым ғой. Оның кандидатурасын неге жібердіңіздер?
Генерал: (Күледі) Оның несін сұрайсыз, полковник? Бәрі де түсінікті емес пе? Төлеген Тоқтаров - қарапайым жұмысшы. Қоғамға одан келер еш залал жоқ. Ал, сіз Мәлік Ғабдуллин екеуіңіз оқыған, сауатты, елді ауызға қарата алатын адамсыздар. Міне, мұндай ұлт адамдарының беделін көтеру қауіпті.
Бауыржан: Шынында да, батыр атауына ұсынғанда ұлт жауынгерлерінің біліміне де мән берілген бе?
Генерал: Қолыңызға қазақстандық Кеңестер Одағының Батырлары туралы жинақты алыңыз да, қарап шығыңыз. Көзіңіз оп-оңай жетеді.
Бауыржан: Қайран, Мұхаметқұл, серігім-ай. Осы қауіпті сен майданда жүргенде-ақ айтып едің.
Генерал: Исламқұловты айтып тұрсыз ба? Жиырма бес жыл болыс болған бай-шонжардың баласы болса да, өз орныңызға № 1 батальонға комбат етіп тағайындадыңыз.
Бауыржан: Ол ақтық қаны қалғанша нағыз ерлерше шайқасты.
Генерал: Дұрыс айтасыз, батыр атағына лайық офицердің бірі сол еді. Бірақ, тым көзі ашық жігіт екен. Журналист. Бұрын «Социалды Қазақстан» газетінің қызметкері болған.
Бауыржан: Сіз де менің көзімді біраз аштыңыз.
Генерал: Тағы не сұрайсыз? Сұраңыз.
Бауыржан: Рахмет, аржағын өзім де білемін. Мен бір жарым жыл 9 гвардиялық дивизияны басқарып, небір шайқастарға қатыстым. Бірақ Бұйрық бойынша дивизия командирінің міндетін атқарушы ғана едім. Соғыстан кейін Бас штабтың Академиясына іріктелген 250 офицердің ішіндегі жалғыз азиат болдым. Олардың бәрі де кейін генерал атағын алып, соған лайық лауазымдарға тағайындалды. Ал, маған генерал атағы тұрмақ, лайықты қызмет бұйырмады.
Генерал: Сізге біраз жұмыс ұсынылды ғой.
Бауыржан: Академияда оқытушылыққа қалдырмақ болды. ДОСААФ-тың төрағалығына бұйрық та берілді. Ал, менің көкейімде өз отбасыммен, әйеліммен, баламмен бірге тұруға мүмкіндік туатын Түркістан әскери округі тұрды. Тіпті әскери округтің командашасы генерал Петровтың өзі ДОСААФ-тан бас тарт, бұл отставкаға кеткенмен тең, мен қалайда сені дивизия, яки, бригада командирі етіп алуға Мәскеумен келісемін деп еді.
Генерал: Қарт генерал, жақсы адам, бірақ сізді Азияға жолатуға болмайтынын қайдан білсін.
Бауыржан: Иә, сіздер тағы да мықтылық танытып мені Сібірге «айдаттыңыздар».
Генерал: Бірақ сіз Сібірде жүрсеңіз де, Қазақстанға теріс ықпал етіп жаттыңыз. Алматы көшелерінде Бауыржан Момышұлын Жоғары Кеңестің депутаттығына ұсыну керек деген листовкалар пайда болды.
Бауыржан: Халқымның ілтипатына мың да бір рахмет.
Генерал: (Кекетіп) Рахмет. Ол астыртын таратылған листовкалар ғой. Ұлы Отан соғысынан кейін осындай астыртып әрекеттердің пайда болуы сұмдық емес пе!
Бауыржан: Шынымды айтсам, бұл істен мүлдем хабарым жоқ. Сібірде жүргенде Алматымен байланысым үзіліп қалды. Мен шынымен-ақ айдауда жүргендей көп жігіттер хат та жазған жоқ, жазған хатыма жауап та бермеді.
Генерал: Ақылды жігіттер екен. Ұлтшыл полковникпен байланыс жасаудың ақыры қайда апаратынын сезген ғой.
Бауыржан: Қайда апарады?
(Галина Павловна келеді)
Генерал: Түрмеге апарады. Тарихшы Бекмахановты қайда апарғанын ұмыттыңыз ба?
Галина Павловна: Ермұхан тамаша тарихшы болатын. Ол Қазақстанның Россияға қосылуының шын сипатын ашып беріп еді.
Бауыржан: Докторлық қорғағанда мен де барып тыңдадым.
Генерал: Сіз жай тыңдаушы болған жоқсыз. Оның демеушісі ретінде банкетінің ақысын төледіңіз.
Бауыржан: Иә, Кеңес Армиясы офицерінің жалақысын Қазақстан тарихының ақтаңдақтарын ашқан Ермұхандай азаматтың банкетіне жұмсағаным әлі күнге дейін көңіліме жылылық әкеледі.
Галина Павловна: Ермұхан докторлығын Мәскеудің өзінде қорғады. Бұл бір ел соғыс тауқыметін қанша тартса да, бір-біріне көңіл шуағын сыйлаған 1946 жыл еді. Орыс тарихшылары Кенесары хан көтерілісінің шын сипатын мойындады.
Бауыржан: Объективті шындықты мойындады.
Генерал: Соғыс жағдайындағы идеология уақытша мойындауға мәжбүр етті. Бірақ, уақыт өте келе, Кенесары ханның Ресейге қарсы көтерілісі тұрмақ, оның атын атауға тиым болды. Ал, Бекмаханов сотталып кетті. Солай, Бауыржан Момышұлы. Сіздің жұмсаған қаражатыңыз желге ұшты. Фу, фу.
Бауыржан: Қаражатты сөз қылып қайтесіз. Идеяны айтсаңызшы. Ермұхан ұшқындатқан идея ұшып үлгерді. Енді әрбір қазақ жасының жүрегіне қалықтап келіп қонып жатыр.
Генерал: Полковник, Қазақстанға барғанда жұмыстан дәмеленбей-ақ қойыңыз. Сізге енді ДОСААФ-ты да бермейді. Жоғарғы Кеңес тұрмақ, аудандық Кеңеске де депутат етіп сайламайды.
Галина Павловна: Сіз не деп тұрсыз, генерал? Бұл дегеніңіз барып тұрған диктаторлық қой.
Бауыржан: Генерал шындықты айтып тұр. Міне, бұл біздің қоғамның объективті шындығы. Кім сайланады, кім сайланбайды, бәрі алдын ала белгіленіп қойылған. Барыңызды айтып болдыңыз ғой деймін, генерал.
Генерал: Болдым, полковник.
Бауыржан: Сіздің әңгімеңізде мен үшін тосын ештеңе жоқ, генерал.
Генерал: Ешқандай өкінішсіз кетіп барасыз ба, сонда?
Бауыржан: Өкініш бар, әрине, неге өкініш болмасын. Менің халқым мануфактуралы соғысты меңгергенімен, машиналы соғысқа бірінші рет қатысты. Машиналы соғыста мерген болу, қылышкер болу аз, инженер болу керек. Мен халқымның инженерлікті меңгерген алғашқы офицерлерінің бірімін. Соғыста жинақтаған мол тәжірибемді бейбіт кезеңдегі армияда сыннан өткізіп, соғыс өнері туралы еңбектер жазбақ едім. Сол еңбектерді халқымның жастары болашақта пайдаланып, әскери өнерді әлемнің ешбір елінен кем түспейтіндей етіп меңгерсе деп армандадым. Міне, сол арманым орындалмай бара жатыр, генерал.
Генерал: Сіз академияда сабақ бергенде ұрыс тактикасы туралы еңбектер жаздыңыз. Сол аздық ете ме?
Бауыржан: Әрине, генерал, мен қазақ деген төрт миллионға толар толмас кешегі көшпелі ұлттың өкілімін. Озық елдердің қатарына қосылу үшін біздің әрқайсымызға бір адамның ісін ғана атқару аздық етеді. Әрбір қазақ екі-үш адамның істегенін істеуі керек.
Генерал: Дегенмен, бақыттысыз, полковник. Бәрібір бақыттысыз.
Бауыржан: Мен өз бақытым туралы ойлаған емеспін, генерал. Бірақ сізден жоғары тұрмын.
Генерал: Сіздің даңқыңыздың бір мысқалын берер ме еді маған.
Бауыржан: Міне, бұл біздің әңгімеміздің қорытынды нүктесі. Оны өзіңіз қойдыңыз. Сіздің рұқсатыңызбен генерал, мен темекі шегуге кеттім. (Шығады.)
Генерал: Сайтан алғыр, мен оның түсін беріп, ұнжырғасы түскенін көремін бе деп едім. Керісінше, өзім сыр алдыртып қойдым.
Галина Павловна: Алатаудың аршасы еш уақытта түсін бермейді, генерал.
Генерал: Аршаңыз не тағы?
Галина Павловна: Бауыржанның туған жерінде арша деген ағаш өседі. Ол қысы-жазы түсін бермейді. Беріктігі сондай, еш уақытта шірімейді. Айналасына ем боп жұғатын бойындағы жұпар иісін де жоғалтпайды. Бауыржан да сол арша, қасиетті жан.
Генерал: Дегенмен, қазір оның іші ұйқы-тұйқы екендігі сөзсіз. Сырттай ғана сыр білдірмеген болады.
Галина Павловна: Ал, сіздің қызғанышыңыздың қызыл иті тояттады ма?
Генерал: Ең бастысы, ол әскери қызметтен кетті.
Галина Павловна: Оның елі бар, баласы, әйелі бар.
Генерал: Ал сіздің кіміңіз бар, Галина Павловна?
Галина Павловна: Бұл не қылған төтен сұрақ?
Генерал: Әскери адаммын ғой, Галина Павловна. Байқаймын, сіз де жеке тұрасыз, менің де отбасым жоқ. Мына қабырғаны тесіп есік жасап жіберсек, пәтеріміз де кереметтей кеңіп шыға келер еді.
Галина Павловна: Пәтерді қосқанмен жүрек қосыла қояр ма екен?
Генерал: Ол уақыттың жұмысы. Үйренісіп кетеміз. Кітабыңыз көп екен. Асхананың біреуін кітапхана етуге болады.
Галина Павловна: Иә, менде кітап баршылық. Ал, сізде не бар, генерал?
Генерал: Тұрмыстан таршылық көрмейсіз, Галина Павловна, бір басыңызға жұмақ орната аламын.
Галина Павловна: Сіз жұмақтың қайда екенін білесіз бе?
Генерал: Мен жердегі материалдық молшылықты айтып отырмын.
Галина Павловна: Дүние қуған адам еш уақытта жұмақты сезіне алмайды.
Генерал: Сонда сізге қандай жұмақ керек, Галина Павловна? Аспандағы жұмақ па?
Галина Павловна: Жерде де жұмақ бар, генерал. Тек оған ену екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Генерал: Оған ену үшін не керек?
Галина Павловна: Жүрек керек, генерал, жүрек.
Генерал: Жүрек бізде де бар.
Галина Павловна: Жұмаққа жету үшін қос жүрек бір тербелісте соғуы керек. Солай, генерал, cay болыңыз.
Генерал: Cay болыңыз, Галина Павловна, біз әлі пікірлесеміз, көршіміз ғой.
Галина Павловна: Әлбетте, болыңыз.
(Генерал кетеді, Бауыржан кіреді)
Бауыржан: Ол өмір бойы менің көлеңкемдей қасымнан қалмап еді, енді сіздің көлеңкеңізге айналыпты.
Галина Павловна: Үлкен жатақханада тұрамыз ғой. Көрші таңдай алмаймыз.
Бауыржан: Цензор да таңдай алмайсыз.
Галина Павловна: Киносценарийдің тағдырын қызғаншақ генералға шештіріп қоймаспын. Одан да лауазымы жоғарыларға барамын.
Бауыржан: Бұл фильмге тапсырыс беруші Қорғаныс министрлігі ғой. Бұйрық сол жоғары лауазым иесінен келіп тұр. Оның себебін де жақсы білемін.
Галина Павловна: Себебі неде?
Бауыржан: Мен өз лекцияларымда оның соғыс тактикасы мен стратегиясындағы қателіктерін талдап бергенмін. Соны кешіре алмайды.
Галина Павловна: Сонда қалай болады?
Бауыржан: Тапсырыс берушінің дегені болады.
Галина Павловна: Киносценарийден сізді алып тастайтын болса, мен режиссерлықтан өзім бас тартамын. Тек сіз ренжи көрмеңіз, жарай ма?
Бауыржан: Мен «битке өкпелеп тонымды отқа жаққан адам емеспін». Понятно!
Галина Павловна: Дегенмен, генералмен дұрыстап сөйлесу керек.
Бауыржан: Вам ничего не понятно. Шындық үшін бәрі құрбан. Енді түсінікті ме?
Галина Павловна: Енді түсінікті.
Бауыржан: Ал, генерал орындаушы ғана.
Галина Павловна: Ыңғайсыз уақытта келіп тыныштығымызды бұзып кетті. Өзі тағы жердегі жұмаққа қалай жетуді сұрайды. Ал, сол жұмақты ұйқы-тұйқы еткенін сезінбейді.
Бауыржан: Олар болмаса бәлкім біз де сол жұмақтың қадірін түсінбеспіз.
Галина Павловна: Дұрыс айтасыз. Баяғы Айнабұлақтың басында билеген вальсімізді билейікші. Отаныңызға аттанар алдыңдағы қоштасу вальсі болсын бұл.
(Екеуі вальс билейді. Сахна біртіндеп жабылады)
Достарыңызбен бөлісу: |