Бірінші бөлімнің соңы.
II БӨЛІМ
20 жыл уақыт өткен. Мәскеу маңындағы санаторийдің ашық павильоны. Бауыржан беседкада отырып қалғып кеткен. Періштелер келіп оны желеп-жебеп біраз айналып өтіп, сахнадан кетеді. Бауыржан оянады.
Бауыржан: Галина Павловна келе жатыр. Мен оған Мәскеуге келгенімді де, қайда орналасқанымды да айтқан жоқ едім. Қайдан біліп қойды екен?
Галина Павловна: (Кіріп келе жатып) Мен сіздің жебеуші періштеңіз емеспін бе? Қайдан біліп қойдыңыз деуге бола ма?
Бауыржан: Амансыз ба, Галина Павловна!
Галина Павловна: Бармысыз, Бауыржан! Денсаулығыңыз қалай? Мұнда келгеніңізге он күн болыпты. Неге хабарласпадыңыз?
Бауыржан: Сізге көрінгім келмеді?
Галина Павловна: Неге?
Бауыржан: Сіз пip тұтқан Бауыржан жоқ қазір! Қазіргі Бауыржан мүжілген шал, урод!
Галина Павловна: Сіз мені ренжітесіз, Бауыржан.
Бауыржан: Мені де түсініңіз, достым. Көзіңізге қусүйек болып көрінгім келмесе, сізді сыйлағаным. Алдымен осында тығылып, өзімді де, мына жазбаларды да ретке келтіріп алайын дедім.
Галина Павловна: Бұл жаңа шығарма ма?
Бауыржан: Жоқ, әр жылдардағы жазбаларым, еш жерде жарияланбаған.
Галина Павловна: Сіз Кеңес адамының күрделі өмір жолын бейнелейтін көлемді шығарма жазбақ едіңіз. Оның алғашқы кітабын, «Ұшқан ұяны» көпшілік жылы қабылдады. Бірақ одан әрі жалғаспады.
Бауыржан: Өйткені одан әрі ақтаңдақ. Кім жазыпты оны? Құдіретті Шолохов та «Көтерілген тыңымен» тоқтады. Мұхтар Әуезов «Өскен өркенін», Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкесін», Ғабиден Мұстафин «Қарағандысын» жалғастыра алмады. Сөйтіп кеңес адамы мен қоғамының әлем алдындағы артықшылығын көрсететін шығармалар дүниеге келмеді.
Галина Павловна: Есесіне «Артымызда Москваны» жаздыңыз.
Бауыржан: Жаздым. Қаруластарым туралы қаламмен қашап ескерткіш орнатқым келді.
Галина Павловна: Мына жазбаларыңыз да қаруластарыңыз жайында ма?
Бауыржан: Бәрі жайында, қаруластарым туралы да, қаламдастарым туралы да. Жалпы өмір туралы ойларым.
Галина Павловна: Қызық екен. Философиялық жазбалар болып жүрмесін тегінде. Оқыңызшы.
Бауыржан: Өмір мен өлім бірлесіп,
Бір-бірімен ілесіп
Жалғанды қызық қылады.
Өмір мен өлім алысып,
Тартыста жүріп танысып,
Күресті қажет қылады.
Өмір мен өлім аңдысып,
Көз айырмай бағысып,
Аңқауын жемтік қылады.
Дене өлгенмен жан тірі
Мәңгілік жүрек соғады.
Галина Павловна: Дене өлгенмен жан тірі
Мәңгілік жүрек соғады.
Совет поэзиясы үшін тосын сөз ғой мынау. Жаңалық.
Бауыржан: Қайдағы жаңалық, Абайды қайталау.
Галина Павловна: Дегенмен, бұл Бауыржанның көпшілік білмейтін жаңа қыры. Өлендеріңізді баспаға даярлау керек.
Бауыржан: Бұл өзім үшін жазылған поэтикасы төмен өлең. Оның үстіне көрмейсіз бе, Марксизм терістейтін идеализмнің исі аңқып тұр. Демек, жарияланбайды. Ал, жариялау керек болса, Бауыржанның нағыз материалистік тұрғыда жазылған мұралары жетеді.
Галина Павловна: 1944 жылдың қаңтарында Алматыда оқыған лекцияларыңыздың жазбаларын айтасыз ба?
Бауыржан: Иә, сол жазбаларды айтамын. Госпитальдан шығып демалысқа келгенімде Сәтбаев пен Әуезов ұйымдастырып еді ол лекцияларымды. Көреген кісілер еді ғой, ол ағаларым. Мен соғыстан аман ораламын ба, жоқ па, білгенімді алып қалайық деп ойлады ғой.
Галина Павловна: Бұл кезде «Мосфильм» Алматыға көшіп келген. Григорий Львович екеуміз келіп тыңдағанбыз. Сіз тамаша лектор едіңіз. Мен мақтаныштан жылап отырдым.
Бауыржан: Жыламай-ақ Кәрім Мыңбаевпен әзілдесіп мәз-мейрам болып отырғансыз.
Галина Павловна: Ол лекция басталмай тұрып қой. Сіз екеуімізді де орнымызға қойғаннан кейін біз лекцияға бүтіндей берілдік. Мен сонда қанша режиссер болсам да, адам психологиясы жайында сіздің қасыңызда түк білмейді екенмін деп ойладым. Сірә, сіз психология туралы монография жазған тұңғыш қазақ шығарсыз?
Бауыржан: Жоқ, психология туралы тұңғыш қазақша оқулық жазған Жүсіпбек Аймауытов.
Галина Павловна: Білмейді екенмін.
Бауыржан: Оның еңбегін пайдалану былай тұрсын, атын атауға да тиым салынған.
Галина Павловна: Түсінікті. Халық жауы ретінде атылып кеткен болды ғой.
Бауыржан: Сол арыстардың бірі.
Галина Павловна: Ал, сіз халық жауы емессіз, сіздің практикалық, яғни, материалистік тұрғыда жазылған бұл ғылыми еңбектеріңіз неге жарық көрмейді?
Бауыржан: Он жерден практикалық ғылыми еңбек болғанымен біреулер бұл жазбаларымнан ұлтшылдық көретін болар.
Галина Павловна: Құдайым-ау, Кеңес Армиясының қатарында ұлтшыл атанғаныңызға түсінемін. Армияда бәрі қалыпқа салып қойылған. Ал, туған Қазақстаныңызда, ұлт республикасында сіз қалайша ұлтшыл атанасыз?
Бауыржан: Біздегі жаудай басқа ұлт республикаларынан мүлдем бөлек. «Мәскеуде жел тұрса, Қазақстанда дауыл соғады» деген сөз содан қалған.
Галина Павловна: Асыра сілтейтіндердің заманы өткен жоқ па?
Бауыржан: Басқа республикаларда өтсе өткен шығар, біздің Қазақстанда тамырланып алған.
Галина Павловна: Қойыңызшы, Бауыржан. Бұл мүмкін емес.
Бауыржан: Өкінішке қарай, солай, біздің Қазақстанда әлі асыра сілтеп келеді. Министрліктер мен аймақтар тіпті бір-бірімен жарыса асыра сілтейді.
Галина Павловна: Нақтылы мысал айтпасаңыз көңілім мүлдем сенбей тұр.
Бауыржан: Нақтылы мысал дейсіз бе? Жетіп артылады. Қазақстан малды ең көп өсіретін республика бола тұра, өз қалаларын мал өнімдерімен қамтамасыз ете алмайды. Есесіне, Мәскеудің жоспарын асыра орындап, орден-медальдарды қап-қабымен алады.
Галина Павловна: Өзіңіз айтушы едіңіз ғой, соғыс жарасы жазылса, жағдайымыз жақсарар деп. Тамақ проблемасы шешілер. Ел аман, жұрт тыныш қой.
Бауыржан: Жоқ, ел аман, жұрт тыныш емес. Мылтықсыз майдан бүтіндей этностарды бейбіт күнде-ақ баудай түсіріп жатыр. Осы бағытпен кете берсе, қазақтар да мәңгүрттеніп, қазақ болудан қалады.
Галина Павловна: Мұныңыз енді орынсыз. Қазақстан Одақтас Республика. Өзінің Конституциялық хұқықтары бар.
Бауыржан: Өкінішке қарай, ол хұқықтар жай әншейін декорация.
Галина Павловна: Қалайша декорация? Мен Кавказ, Балтық жағалауы, Орта Азия республикаларында жиі боламын. Декорация деп айта алмас едім.
Бауыржан: Ол республикаларда мен де қызмет атқардым. Олар Одақтық саясатты ұлттық иммунитетке зияны тимейтіндей етіп жүзеге асыруға тырысатындығын өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім.
Галина Павловна: Рас, мен Қазақстанда соғыстан кейін болған емеспін. Онда бәрі жақсы деп бұқаралық ақпарат құралдары жабыла мақтап жатады.
Бауыржан: «Құлды бәрекелді өлтіреді». Өзгелер ұлт мектептерін ашып жатса, Қазақстан келешегі жоқ деп қазақ мектептерін жаппай жапты. Ал, қалаларында қазақ балабақшасы мүлдем жоқ. Мәскеу осыны мақтап жатыр. Ал, кейбір ғалымдар Қазақстан қазақ мектептерін жаба берсе, коммунизмге елден бұрып жетеді деп диссертация да қорғады.
Галина Павловна: Қазақстанда қазақ проблемасы осынша мүшкіл деп ойламаппын.
Бауыржан: Иә, біздің Қазақстандағы асыра сілтеудің бір сорақы мысалы осы. Хрущевты пайдаланып қазақ жерін жан-жақтан жырымдап бөліп алуға мүмкіндік беріп жүрген осы жағдай.
Галина Павловна: Қазақ жерін бөлшектетпей аман алып қалған да өздеріңіз емес пе?
Бауыржан: Ел екенбіз, ер-азаматымыз да бар екен. Ел басшымыз Дінмұхамед Қонаев Хрущев бастаған Мәскеудің ығай-сығайымен ырғаса жүріп, Маңғыстауды Түркіменстанға бергізбеді, Ерейментаудан неміс автономиясын ашқызбады, кейінірек Брежневті икемге келтіріп, өзбектерге кеткен оңтүстіктегі үш ауданды қайтарып алды. Ал, Қазақстанның солтүстігінде тың өлкесін құрғанда көкейлерінде оны РСФСР-ға қосып жіберу тұрғанын көрген Жұмабек Тәшенов ашық қарсы шықты. Елге келгенімде «сен халыққа керексің» деген сөзді шың көңілмен айтып, шынайы қамқорлық жасаған екі басшы болды. Бірі - Жұмабек Тәшенов, екіншісі - Ілияс Омаров. Ілияс шығармашылығыма жағдай тудыруға тырысса, Жұмекең КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумы төрағасының орынбасары ретінде маған соғыс кезінде берілмеген Кеңестер Одағының Батыры атағын алып беремін деп барынша әрекет етті. Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың тарихи ролін қалпына келтіруге де әрекет жасап бақты. Мeн Рахымжан ерлігі туралы деректерді сол кісінің тапсырмасымен жинаттырдым.
Галина Павловна: Оларды қазір ешкім де білмейді.
Бауыржан: Ағашты елдің бәрі саялайды, мәуесін үзіп жейді. Бірақ сол ағашты ұстап тұрған оның тіні екенін де ешкім есіне ала бермейді. Бұл азаматтар да ұлттың тіні тақылеттес. Біздің халқымыз тіні сау халық. Тіні сау халық кезі келгенде дүр сілкіне алады. Менің күндіз-түні Құдайдан тілейтінім де, жанұшырып жүрген тірлігім де сол - халқымның алтын тінін ірітпей-шірітпей, құртқа жегізбей саф күйінде сақтап қалу.
Галина Павловна: Ұлтшыл атанып, өмірдегі сыбағаңыздан қағылып жүргеніңізде не бітірдіңіз?
Бауыржан: 1941 жылғы ауыр шайқастарда атым шығысымен-ақ сол беделімді салып, республика басшылары Нұртас Оңдасыновқа, Мұхаметжан Әбдіхалықовқа хат жазып, демалысқа келгенімде бірінші хатшы Скворцовқа ауызба-ауыз айтып жүргенім қазақ тілі мен қазақ тарихының, елді ел етіп ұстап тұрған салт-дәстүрлерінің аянышты халі еді ғой.
Галина Павловна: Ол әрекеттеріңізден нақтылы нәтиже болды ма?
Бауыржан: Қырғын соғыс жағдайында екінші республикалық ақындар айтысын өткізуге ой салғандардың бірі, сірә, мен шығармын. Идеология хатшысы Әбдіхалықов менің ұсыныстарым бойынша Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен тарихын оқыту туралы Орталық Комитет қаулысының жобасын да әзірлеп еді. Бірақ одан жоғарыдағылары ұнатпады ғой деймін. Аяқсыз қалды. Жаңағы айтқан диссертацияларға да наразы пікір білдірген жайым бар. Бірақ бәрібір қорғалды.
Галина Павловна: Өкінішті екен. Еңбегіңіз еш болыпты.
Бауыржан: Өкініштісі өкінішті. Бірақ еңбегім еш болды деп ойламаймын. Менің ол әрекеттерімнің де тигізген пайдасы баршылық.
Галина Павловна: Қабылданбай қалған қаулыдан қандай пайда?
Бауыржан: Біріншіден, Мәскеу қазақ тілі мен тарихының жоқтаушылары үзілмегенін сезінді. Екіншіден, «ел құлағы елу» деген, кейінгі ұрпақ естиді, естиді де, бұл істің жаңа жанашырлары өсіп жетіледі.
Галина Павловна: Бұл соғыс батырына емес, ұлт батырына тән әрекеттер екен.
Бауыржан: Ресми билік мені соғыс батыры ретінде де танығысы келмейді.
Галина Павловна: Бұл мүмкін емес қой.
Бауыржан: Мүмкін болғанда қандай. Менің туған Жуалымдағы аупарткомның бірінші хатшысы Жеңіс мерекесіне арналған баяндамасында менің есімімді атамаған.
Галина Павловна: Бұл сұмдық екен.
Бауыржан: Сұмдығы әлі алда. Жамбыл облысының обком хатшысы да солай еткен.
Галина Павловна: Ақылыма сыймайды. Несін алып едіңіз, олардың?
Бауыржан: Обком хатшысы менің қарамағымда рота басқарған жігіт еді. Ұрыс үстінде жаудан өңкеңдеп қашқанын көріп аттың бауырына алып, сабап жүріп, қайтадан позициясына әкеліп орналастырғанмын. Кейіннен қайта атып тастамағанына рахмет айтып, жақсы соғысты. Бірақ бәрібір менің сабағанымды кек тұтып қалыпты. Сол кегін алған түрі ғой.
Галина Павловна: Сонда олар қандай уәж айтқан?
Бауыржан: Кеңестер Одағының Батыры емес екенмін. Олар тек батыр атағы ресми берілгендердің ғана есімін атапты.
Галина Павловна: Арындаған толқынды алақанымен жаппақ болған бейшаралық қой ол. «Волоколам тас жолы» мен «Артымызда Москва» арқылы сіз бұл кезде бүкіл әлемге танылғансыз.
Бауыржан: Иә, менің кітаптарым Кубада әскери-психологиялық оқулық ретінде пайдаланылып, Шығыс Еуропаның көптеген елдерінің журналистері жабыла жазып жатқан кез еді бұл.
Галина Павловна: Демек сіз нағыз ұлттық батырсыз. Сіз туралы баспасөзде қаншама жазылды, кино түсіріліп, спектакльдер қойылды.
Бауыржан: Бәрін аңдап қайта оқып көріңіз. Мен бар болғаны комбатпын. Комполкпін, Мәскеу түбіндегі шайқастардың қаһарманымын.
Галина Павловна: Халықтың сізге деген ықыласын қайда қоясыз?
Бауыржан: Мен халқыма бек ризамын. Олардың маған деген риясыз көңілі үнемі мерейімді үстем етіп отырды.
Галина Павловна: Иә, олар ресми батырлардан да сізді артық көргені баршаға аян. Бірақ мен білетін Кеңестер Одағында зиялылар мен халық арасында тікелей байланыс жоқ. Бәрі партия комитеттері арқылы жүзеге асырылады. Ал олар мақұл көрмесе, он жерден соғыс батыры болсаңыз да, ешқандай аудитория қабылдамайды.
Бауыржан: Иә, Жоғарғы съездер мен сессияларда мәселе көтеру мүмкіндігі менде болмады.
Галина Павловна: Ондай мүмкіндік жасалса, Сіздің соғыс батыры деген мәртебеңізге қайраткер деген мәртебе қосылады.
Бауыржан: Иә, Бауыржанды ресми қайраткер еткеннен сауынашы мен қойшыға өздері жазып беріп, жоғары мінбеден сейлету тиімді болғаны ғой.
Галина Павловна: Соғыс батырының еңбекшілермен, студент- термен, оқушыпармен кездесулеріне тыйым болмаған іпығар. Әлде оны да шектеп қойды ма?
Бауыржан: Арнайы шақырулар, кездесулер болып тұрды. Мұндай кестелі кездесулер халықтың мейірін қандырмайтынын да сезіп жүрдім. Сондықтан халық та, мен де бір-бірімізбен кездесудің кез-келген мүмкіндігін пайдаландық. Мәселен, демалыс орындарында, мейманханаларда, мейман болған үйлерде, тіпті, пойыздарда жұрт мені қаумалап алса, мен де оларды кет әрі демедім. Ал, үйімнің есігі келем, жүздесем дегендерге әрқашан ашық. Еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдерден өздері келіп немесе хат жолдап жатты. Бәрін мүмкіндігімше назардан тыс қалдырмадым.
Галина Павловна: Нағыз ұлт батыры деген осы емес пе? Сіз тірі кезіңізде-ақ ақындар ең көп жыр арнаған аңыз тұлғаға айналдыңыз.
Бауыржан: Менің халқым 1937-38 жылдары арыстарынан айырылып, жетімсіреп жүрген кезінде басталды ғой Отан соғысы. Елді ұйыстырған хандарынан, қол бастаған батырларынан, сөз бастаған шешендерінен айырылған халық жаңа рухани тірек іздеді.
Галина Павловна: Сол кезде, майдан жақтан жанартаудай атылып Бауыржан шықты. Мұңын мұндап, жоғын жоқтаған азаматының айбарлы үнін естіген халық өшкені жанып, өлгені тірілгендей болды.
Бауыржан: Мен алдымдағы жауға оқ атсам, артымдағы халқыма сөз арнауды перзенттік парызым деп білдім. Бірақ қайтейін, батырлық даңқын жеткенмен, перзенттік сөзім көпке жетпей жатты ғой.
Галина Павловна: Сіздің үніңіз тар кабинеттерде, шағын аудиторияларда шыққанымен, жаңғырығы бүкіл қазақ даласын шарлады. Тіпті батырлығыңызды дәріптеген баспасөздің өзінде ұлтжандылығыңыз есіп тұрды. Өйткені ұлтжандылығыңызды батырлығыңыздан, патриоттығыңыздан, тіпті мемлекетшілдігіңізден бөліп тастау мүмкін емес еді.
Бауыржан: Иә, мен қай кезде де ұлт мүддесін мемлекет мүддесі, менің үлкен Отанымның мүддесі деп білдім.
Галина Павловна: Сіздің айтқандарыңыз бен жазғандарыңызда соғыс шындығы ғана жатқан жоқ, адамзат болмысының шындығы жатыр. «Волоколам тас жолы» мен «Артымызда Москваның» әлемді шарлап кетуінің төркіні сонда.
Бауыржан: Мен бар болғаны адам болмысын шынайы беруге тырыстым. Александр Бектен де соны талап еттім.
Галина Павловна: Сіздің Александр Бекпен бас кейіпкер және автор ретінде жасасқан жазбаша шарттарыңызды аудармашы Құрманбек Сағындықов маған оқытқан. Оған қарап мен сізді «Волоколам тас жолының» Александр Бекпен тең құқылы авторы деп білдім.
Бауыржан: Шынымды айтсам, мен ол кезде жүріп жатқан соғыс туралы шынайы шығарманың кімнің авторлығымен болса да ертерек жарық көргенін қаладым. Ал, сол авторға барынша көмектесуді командирлік парызым деп есептедім.
Галина Павловна: Жазушыға болашақ шығармасының көркемдік тәсілін ұсыну командирдің міндетіне жатпайтын шығар.
Бауыржан: Мен соғыс шындығы мен психологиясының дәлдігін ғана қадағаладым.
Галина Павловна: Ұрыстағы адам болмысын сіз «дәлдігі» деп командирдің тілімен айтып тұрсыз, ал әдеби тілге көшіргенде сіз шығарманың көркемдік бояуының мөлшерін белгілеп бердіңіз. Сөйтіп көркем шындық туралы ойынызды Мәскеудің жазушылары алдында дәлелдеп шықтыңыз.
Бауыржан: Таланты танылған жазушылар соғысқа шақырылған жоқ, демек, майдан шындығын білмеді. Соғыста жүрген бірлі-жарым жас қаламгерлерде шығармашылық тәжірибе мен уақыт жетіспеді. Сонда қаншаға созылары белгісіз соғыс шындығын арттағы халыққа кім ашып береді? Әйтеуір біреу бастау керек қой.
Галина Павловна: Сол біреу-сіз болдыңыз. Сірә, шығарманың қалай жазылуына автормен тең құқық иеленген бас кейіпкер бұрынғы-соңғыда сіз ғана шығарсыз. Әлем әдебиетінде бұндай тәжірибені бастаған сіз боларсыз.
Бауыржан: Мен соғыста талантты командир екенімді таныттым. Бірақ талантты әдебиетші едім дел айта алмаймын. Көрген-түйгенімді жазғаным болмаса, тәсіл-мәсілінде шаруам жоқ.
Галина Павловна: Тым қарапайым болу да керек емес, Бауыржан. Сіз Әуезовке және басқа қаламгерлерге жазған хатыңызда көркем шындықты талап еттіңіз. Тіпті олармен шындықты қалай көркемдеу туралы ойларыңызды да бөлістіңіз. Маған жазған хаттарыңызда да ондай ойлар бар. Шындықты көркемдеуге барар жолда сіз алдымен адам психологиясын зерттедіңіз. Сіздің соғыс психологиясы туралы жазбаларыңыз Алматы зиялыларынан бұрын Александр Бекке оқыған лекцияларыңыз емес пе екен деп ойлаймын. Солай, Бауыржан, сіздің бұл қырыңызды әлі ешкім зерттеген жоқ. Жуық арада зерттей алмайтын да шығар. Өйткені ондай зерттеушіге соғысты, әдебиетті білумен бірге, философ-психолог та болу керек.
(Генерал кіреді. Жай киінген)
Генерал: Бауыржан, аманбысыз? Құдай-ау, қаншама уақыт өтті көріспегелі. О, менің сүйікті көршім Галина Павловна да осында екен ғой, Амансыздар ма?
Бауыржан: Генерал...
Генерал: Александр Васильевич...
Бауыржан: Аманбысыз, генерал. Өзіңіз қалайсыз?
Генерал: Жүріп жатырмыз. О, нағыз шығармашылық әңгіменің үстінен түстім-ау деймін. Бұл кітап жазу деген жақсы екен ғой. Қаламақысы да жоғары көрінеді. Қазір байып алған шығарсыз, Бауыржан?
Бауыржан: О, генерал, бұл әлемде шығармашылық адамдарынан бай ешкім жоқ.
Генерал: Әлемді айтпай-ақ, осы Кеңес үкіметінің байларымен-ақ шектелсеңіз қайтеді. Әлемде миллиардерлер де бар.
Бауыржан: Шығармашылық адамының байлығы ақшамен бағаланбайды.
Генерал: Енді немен бағаланады, алтынмен бе?
Бауыржан: Алтын да өлшем бола алмайды оның байлығына. Оның байлығына өлшем жоқ.
Генерал: Өлшем жоқ дегеніңіз құнсыз дегеніңіз бе, болмаса құнына баға жетпейді дегеніңіз бе?
Бауыржан: Екеуі де. Білгенге маржан, білмеске арзан.
Генерал: Бәрібір миллиардерлердің байлығымен әлемде еш жазушының байлығын салыстыруға болмас.
Бауыржан: Эх, генерал, байлықтың екі түрі бар. Бірі - материалдық, екіншісі - рухани. Материалдық байлықты тұтынамыз, ішеміз, жейміз, сосын тышамыз. Ал, рухани байлықты көзімізбен көріп, сезімімізбен қабылдаймыз да, жанымызда мәңгілікті сақтаймыз. О дүниеге алып кететініміз осы рухани байлық. Ал, материалдық байлық осында, жерде қалады.
Генерал: Полковник, сіз о дүниеге сенесіз бе? Сіз коммунист емессіз бе?
Бауыржан: Менің де, сіздің де, басқалардың да, барлық халықтардың да ата-бабалары сенген бір Жаратушының барлығына.
Генерал: Дұрыс қой. Дегенмен, әдебиет пен өнер туындысының бәрін шедевр деуге болмас.
Бауыржан: Өкінішке қарай, белгілі бір топтың материалдық қажеттігін өтеуге ғана қызмет ететін кітапсымақтар болады.
Әй, подлый мир писак наемных!
Архивные крысы, обожравшиеся буквами книг;
Вас, лицемерных попугаев, ненавижу!
Я, солдат, на бой вас зову!
Мудрый Соломон в наследство вам завещал:
Библии - войну. Евангелия - мир.
Корана - поэзию, Будды - учтивость постичь...
А для вас честь - копейка...
Совесть - хлеб...
Ремесло - сапог...
Творчества - портянка...
Патент вам не дом, а грязный хлев!
Генерал; (аң-таң үнсіздіктен соң) Бауыржан, сіз кімсіз?
Бауыржан: Кеңес Армиясының отставкадағы полковнигімін, ептеген көрген-білгенімді жазумен айналысамын.
Генерал: Жоқ, Буддаға, Библияға, Евангелияға, Құранға баға беретін сіз кімсіз?
Бауыржан: Мен баға беріп тұрған жоқпын, оқырман ретінде қалай қабылдағанымды айтып тұрмын.
Генерал: Сіз солардың бәрін оқыдыңыз ба?
Бауыржан: Оларды оқымасаң адамзат болмысын аша алмайсың, ал адамзат болмысын білмесең жазушы бола алмайсың.
Генерал: Кеңес жазушылары діни сауаты болмаса да, кітаптарды бұрқыратып жатыр ғой. «Әй, подлый мир писак наемных!» деп сіз соларды айтып отырсыз ба?
Бауыржан: Отызыншы жылдарға дейін қалыптасқандары әлем туралы толық түсінік ала алды. Ал, одан кейінгілері уызынан жарымай, көрініп тұрған дүниені мойындап, көрінбейтінін жоққа шығаратын материалистік іліммен ғана қалыптасты.
Генерал: Сөзіңіздің жаны бар, Бауыржан. Дәл айттыңыз, уызымыздан жарымағанбыз, әлі жарымай келеміз.
Бауыржан: Бірдеңеге наризасыз ғой, генерал.
Генерал: Қалай нариза болмайсың, мені, Кеңес Армиясының генералын нағыз кемеліме келіп тұрған жасымда алды-артыма қаратпай айдап шықты.
Бауыржан: Айдап шыққаны қалай?
Генерал: Отставкаға жіберді. Пікірімді сұрамады да.
Бауыржан: Оқасы жоқ. Генералдың зейнетақысы өзіңізге толық жетуі тиіс.
Генерал: (кекетіп) Генералдың зейнетақысы. Ақша ма сол. Во, Американың, Англияның генералының зейнетақысымен өмір сүруге болады. Тіпті біз танкімізбен таптаған Германия ше? Батысы әлдеқашан озып кетті бізден, шығысының тұрмысы да тура біздей сорлап тұрған жоқ.
Бауыржан: Біздің елдің тұрмыс деңгейі де көтеріліп келе жатыр.
Генерал: Тасбақаның жүрісі біздікі. Бір танысым қазір Италияда тұрады, бірнешеуі Америкада. Ал, еврейлер есебін тауып Израилға кетуде. Міне, тұрмыс солардікі.
Бауыржан: Осыны айтып тұрған сіз, Кеңес Армиясының отставкадағы генералысыз ба?
Генерал: Иә, мен.
Бауыржан: Айрықша бөлімде істедіңіз. Былайша айтқанда, мемлекеттің сенімді көзі мен құлағы болдыңыз.
Генерал: Өйткені көзі мен құлағы болған мені ол мемлекет лақтырып кетті. Саяжайымды да алып қойды.
Бауыржан: Әкеңіз шалбар сатып әпере алмаса, безесіз бе, сол әкеден!
Генерал: Ол, әке...
Бауыржан: Бұл Отаныңыз...
Генерал: Эх, Бауыржан, Бауыржан. Отанын кім жек көреді. Отан үшін қан төктік. Бірақ бала-шағасына жақсы жағдай жасап бере алмайтын болған соң кетіп жатыр олар.
Бауыржан: Сіз ше?
Генерал: Жоқ, мен кетпеймін.
Бауыржан: Өйткені айрықша бөлімде істедіңіз.
Генерал: Иә, кезінде бәрі болды. Өтті, кетті. Сіз маған кек сақтамайтын шығарсыз, Бауыржан?
Бауыржан: Жоқ, сіз кішкентай тегіршік қанасыз ғой. Не қылайын кек сақтап.
Генерал: Біз қызметімізге адал болдық қой, Бауыржан. Сіз де, мен де.
Бауыржан: Иә, «адал болмай азаматпын демеу керек».
Генерал: Міне, міне, біздің ұрпақтың принципі осы еді. Ал, қазіргілерден шошимын, Бауыржан.
Бауыржан: Сіз кімдерді айтып отырсыз?
Генерал: Қорғаныс министрлігінің төңірегіндегілерді айтамын да баяғы. Қара басының қамы үшін қазынаның қаражатын судай шашуда. Міне, Отанын сатып кететін нағыз солар.
Бауыржан: Егер қазынаның қаражатын судай шашып жатқаны рас болса, Отанын сату деген сол.
(Галина Павловна кіреді)
Галина Павловна: Бауыржан, сізді іздеп жатыр.
Бауыржан: Иә, уколдың уақыты болған екен. Генерал, өкінішке қарай, әңгімемізді бөлуге тура келеді.
Генерал: Мен көрші ғимаратқа кеше орналастым. Әлі кездесеміз, полковник.
Бауыржан: Cay тұрыңыз. (кетеді)
Генерал: Cay болыңыз.
Галина Павловна: Сусын ішіңіз, генерал.
Генерал: Рахмет, Галина Павловна. Ішуге болады.
Галина Павловна: Мінекиіңіз.
Генерал: Мен сіздерге таң қаламып.
Галина Павловна: Кімдерге?
Генерал: Бауыржан екеулеріңізге. Екеуіңіз бөлек қалада тұрасыздар, бөлек тәрбиенің, бөлек ұлттың адамдарысыздар. Соған қарамастан, өмір бойы бірге жүрген адамдай бір-бірлеріңізді емеуріннен түсінесіздер. Жаңа Бауыржан жүзіңізге қарағаны сол еді, сіз ештеңе деместен шығып кетіп, міне, мына сусынды әкеліп отырсыз, ғажап.
Галина Павповна: Сіздің әйеліңіз болды ғой.
Генерал: Болды. Ажырасып кеттік.
Галина Павловна: Демек, дәм-тұздарыңыз жараспаған екен ғой.
Генерал: Жараспады.
Галина Павловна: Дегенмен, жақсы күндеріңізде тез түсініскен кездеріңіз болды ма?
Генерал: Болды.
Галина Павловна: Қандай мәселеден?
Генерал: Қандай болушы еді, тұрмыстық мәселеден. Екеуміздің талғамымыз дәл келетін. Мен терезе перденің сұйық сары түсті болғанын қалайтынмын. Ол да соны қалайтын. Қандай дүние алмайық, бір-бірімізді айтпай түсінетінбіз.
Галина Павловна: Солай деңіз. Сары перде дейсіз бе?
Генерал: Ерлі-зайыпты ретінде де реніш болған жоқ.
Галина Павловна: Әйел мен еркек ретінде бір-бірлеріңізге сай келіпсіздер, ал адам ретінде үйлестіңіздер ме?
Генерал: Әйел мен еркек адам емегенде кім?
Галина Павловна: Екі жыныстының үйлесуі әлі адам ретінде түсінісу емес. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің жан дүниелерін байытқанда ғана олардың махаббаты тұрақтанады.
Генерал: Әскери адаммын. Үйленгеніммен үйіме айында-жылында ғана бас сұққан күндер көп болды. Әйтеуір әйелім мен екі баламды ашықтырған жоқпын. Менен одан өзге ештеңе тілемейтін сияқты еді.
Галина Павловна: Әйелдің сұрамағаны керек етпегені емес.
Генерал: Солай екен. Дуся басқа біреумен дәм-тұз жарастырып кетті.
Галина Павловна: Көңілдері де жарасқан шығар.
Генерал: Қайдам, бір-екі жылдан кейін одан да ажырасты.
Галина Павловна: Ал, балаларыңыз қайда?
Генерал: Әйеліммен бірге.
Галина Павловна: Ендеше неге қосылмадыңыз қайтадан. Балалар үшін.
Генерал: Балаларға алиментімді төлеп тұрдым,
Галина Павловна: Әкенің жөні бөлек қой. Алимент әкенің орнын толтыра алмайды.
Генерал: Шынымды айтсам, өзім де бойдақтық тұрмысқа үйреніп қалыппын. Ешкімнің алдында ешқандай міндеттемесі жоқ рахат өмір болып көрінді алғашқыда.
Галина Павловна: Ал, қазір қалай көрінеді?
Генерал: Сіз бәрінің астаң-кестеңін шығардыңыз. Сізбен көрші болғалы бойдақтық өмірімнен мән кетті.
Галина Павловна: Неге?
Генерал: Сіз жақтан бір жылылық есіп, мені өзіңізге тартып тұрасыз, әйтеуір. Әрине, мен Бауыржан бола алмаспын. Бірақ өзіме сіз сияқты адамды серік етуім керек екенін түсіндім.
Галина Павловна: Мен сізге бір кеңес берейін, генерал. Бойдақтық өмірге тойған болсаңыз, әйеліңізге қайтып қосылыңыз. Қайталап айтамын, балаларыңыз үшін. Адамның кешірімді болғаны дұрыс.
Генерал: Ал, Бауыржан кешірер ме еді?
Галина Павловна: Бауыржан өскен тәрбие бойынша ана мен бала үшін еркек барлық құрбандыққа барады.
Генерал: Жаңағы өзіңіз айтқан жан үйлесімін де құрбандық ете ме?
Галина Павловна: Иә, жан үйлесімін де құрбандық етеді.
Генерал: Бұл өзі қызық болып кетті ғой, Жан үйлесімі үшін ұмтылады, сөйтеді де жан үйлесімін құрбандыққа шалады. Түк түсінсем бұйырмасын.
Галина Павловна: Ол да үйлесім. Үйлесімнің ең көкесі. Асықпай ойлансаңыз, түсінерсіз.
Генерал: Иә, иә, сау болыңыз, Галина Павловна.
Галина Павловна: Cay болыңыз.
(Генерал кетеді. Галина Павловна әрі-бері жүреді. Бауыржанның үстеліне жақындап, жазбаларды оқи бастайды.)
Галина Павловна: Мынау менің хатым ғой. Не жаздым екен?
(Алып қарай бастайды. Сахна қараңғыланады. Проекциямен хат оқып отырған Бауыржан көрінеді. Галина Павловнаның даусымен оқылады)
Бауыржан, қымбаттым!
Хатыңызды алып, амандығыңызды біліп қуанып қалдым. Бірақ көңіл-күйіңіздің онша емес екендігін сезіндім. Бейбіт әскери өміріңізде Сібірдің суығынан да қатты тиіп, Сізді соғыстан бетер жүйкелеткен жағдайлар бар екен ғой. Иә, үстіңізден донос жазып, әскери қызметіңізге тексеру ұйымдастырып жүргендер Сіздің даңқыңызды көре алмайтындар. Олар әскери ұрыс тәжірибеңізді енгізуге мүмкіндік бермей жатса, өз қызғаныштары арқылы Отан мүддесін аяққа таптағандар. Бірақ олар жасап алған жақсы жағдайларынан әрі ештеңені көрмейді. Сол жақсы жағдайға өзін орай-орай ауырлаған салмағынан өзі отырған бұтағы көтере алмай күндердің күнінде шарт сындыратынын да сезбейді. Өкініштісі, оларға ұлттық санасының соншалықты төмен екендігін дәлелдей алмайсыз. Өзіңізді орға жығып кетеді. Бірақ әрекетсіз отыру да Сізге жат. Сіз күрестің адамысыз. Отан мүддесі үшін күресесіз. Сондықтан күрес тактикаңызды өзгертсеңіз қайтеді. Мәселен, өзіңіздің енгізбек болған жаңалықтарыңызды әскери академиялардың біріне дәріс беру арқылы неге жүзеге асырмасқа? Болашақ командирлер оны Кеңес Армиясының әр бөлімдеріне алып кетер еді.
Сібірге барғалы Қазақстанмен қарым-қатынасыңыз да үзіліп қалды. Мәскеудің әскери академияларының біріне ауыссаңыз жерлестеріңізбен кездесіп тұруға мүмкіндік алар едіңіз. Олар мұнда жиі келіп тұрады ғой.
Академиялардың бірінде жұмыс істеу шығармашылығыңызға да жол ашар еді деп ойлаймын. Бауыржан, Сіз феноменсіз. Бірақ, Сіздің феноменіңізді өзіңіздей етіп ешкім аша алмайды. Александр Бек те, басқалар да оны өзіңіздей сезінбейді. Сондықтан Сіз өзіңізді қалыптастырған мектептерді ашып жазуыңыз керек. Мәселен, Ұшқан ұяңыздан бастағаныңыз жөн болар еді. Сіз халқыңыздан алыста жүрсеңіз де халқыңыз Сізден көп нәрсе күтеді. Сіз ол сенімді ақтауға тиіссіз.
(Жарық қайта жанғанда Галина Павловна отыр. Бауыржан кіреді)
Бауыржан: Ойға беріліп кетіпсіз.
Галина Павловна: Сіздің мына жазбаларыңызды оқыдым. Ішінде менің жазған хаттарым да бар екен.
Бауыржан: Осы жазбаларымды сізге тапсырсам деп едім. Көзіңіздің қарашығындай сақтарсыз.
Галина Павловна: Қазақстан архивтерінің біріне неге тапсырмайсыз?
Бауыржан: Қазақстан академиясының архивіне тапсырған дүниелерімнің біразы қолды болыпты. Бір ағаларым ұлтшыл Бауыржанның кесірі тиіп кете ме деп маған жазған хаттарын ұрлатып алыпты. Содан бері архивімді тек жеке сенімді адамдарға тапсырып жүрмін.
Галина Павловна: Бұл жазбаларыңыз жарыққа шығады деп үміттенесіз бе?
Бауыржан: Адамды алға сүйрейтін - үміті. Үміт болмаса өмірде мән де болмайды.
Галина Павловна: Сонда қашан шығады деп ойлайсыз?
Бауыржан: Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде
Деп боздар халқым қазақ мен өлгенде
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Галина Павловна: Өлім туралы тым ерте ойланып жатқан жоқсыз ба?
Бауыржан: Білген адамға өлім күнде оның қасына ілесіп жүр. Кәрім Мыңбаев есіңізде ме?
Галина Пвловна: Иә, ол тамаша жан еді.
Бауыржан: Сонымен бірге талантты ғалым да болатын. Қазақстанның шөлейтті аймақтарын гүлбаққа айналдырамын деп керемет жобалар жасап, оны жүзеге асырып та жатыр еді.
Галина Павловна: Сіздердің рухтарыңыз үндес болатын. Оны да ұлтшыл деп сөз ететін. Самолет апатынан қаза тапты ғой марқұм.
Бауыржан: Кәріммен бірге мен де сол рейспен Мәскеуге ұшуым керек еді. Табан астынан балам Бақытжанның ыстығы 40 градустан асып қатты ауырғаны. Оны бұл күйінде қалдырып жол жүре алмадым.
Галина Павловна: Бақытжанға ауруды сізді ажалдан құтқару үшін жіберген сияқты. Мынау кісі таңданатын жағдай екен. Әй, бірақ, Жаратқанның қай құпиясып біліп жатырмыз.
Бауыржан: Бұл апатта адамның да кұпиясы бар ма деген күдігім бар.
Галина Павловна: Адамның қандай құпиясы болуы мүмкін?
Бауыржан: Білмеймін, мен самолеттердің қалай өртенетінін майданда көрген адаммын. Жай апаттан қанша жанса да адам мәйітінің күл боп кетуі мүмкін емес.
Галина Павловна: Әдейі ұйымдастырылған аса қуатты жарылыс демексіз бе, сонда?
Бауыржан: Олай деп айтуға еш дәлелім жоқ. Жай апат емес екені тағы талассыз. Бір ғана нәрсе анық, мен тірімін, сізге Қазақстанда қалдырғым келмеген жазбаларымды әкеліп тапсырып тұрмын.
Галина Павловна: Жаңағы оқыған өлеңіңізде жүз жылдығыңызда еліңіз сізді басқаша бағалайды дегенді нық айтасыз.
Бауыржан: Дүниенің бәрі өткінші. Империялар күйреп, саясат та сан құбылып жатады. Адамның құбылнама етіп ұстайтып бір-ақ нәрсесі бар. Ол - шындық. Ал шындықтың тірегі - әділдік пен адалдық. Нағыз ұлтын сүйген адам, нағыз мемлекетшіл адам сондай адам.
Галина Павловна: Miнe, сіз сондай адамсыз. Бірақ өмірдің ирониясы сонда, сізді әскерден ерте босатып жіберді, ал мемлекеттік жұмысты мүлдем бермей қойды.
Бауыржан: Әскерім жоқ, есесіне,
Рухым одан несі кем
Қалың қолға айырбасқа бермейтін.
Бақытым жоқ, есесіне,
Халық мұңы - несібем
Бақытыңа бер десе де бермейтін.
Көңіл шолып қос дүниені
Басқа жақын таппаймын.
Дәм-тұзыңды халқым сенің
Қайтіп қана ақтаймын.
Жүз ойланып, мың толғанам,
Тиер қалай пайдам саған.
Солай. Мен «бақаның бағынан сұңқардың сорын артық көрген» адаммын.
Галина Павловна: Рухыңыз неткен өршіл еді, Бауыржан.
Бауыржан: «Өжет жүрексіз ой-тұл»,«Айбындана шапқаннан ажал да сескенеді».
Галина Павловна: Сіздің жүрегіңізді өжеттендіріп, ажалға қарсы айбындандыра шаптырып тұрған қандай күш? Қайдан келіп жатыр ол?
Бауыржан: Аспаннан.
Галина Павловна: Аспаннан?
Бауыржан: Иә, аспаннан. Олардың әруағы мені тыныш қойған емес.
Галина Павловна: Қайдағы әруақтар?
Бауыржан: Өмірінде жетпіс жасқа ақын жеткен
Көп жылдары айдау мен түрмеде өткен ...
өлмеймін, менікі де өлмейді, - деп,
Салы айдап Енесайда суға кеткен.
Галина Павловна: Сіз кімді айтып тұрсыз?
Бауыржан: Ақын көкемді айтып тұрмын, Галина. Олар атылды, атылмағаны осылай қорлықпен өлді. Бірақ олардың әруақтары жетім қалған халқының рухын қалай көтеремін деп қазақ даласын жанталаса кезіп жүрді. Бірақ, адам түгіл, әруақтың өзі үркіп, ұрпағына қона алмай қалған кезеңге тап келдік емес пе.
Галина Павловна: Сол әруақтар сізді тапты.
Бауыржан: Иә, маған дем беріп, қанат бітіріп келе жатқан сол көкелерімнің рухы.
Галина Павловна: Сіз жасыңызда олардың еңбектерін көп оқыған болдыңыз ғой.
Бауыржан: Иә, мен Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Тұрар Рысқұловтың, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Халел, Жанша Досмағанбетовтердің, Құдайберген Жұбановтың еңбектерін еміп, істерін үлгі етіп өстім. Менің жүз жылдығымнан бұрын сол көкелерімнің жүз жылдығы тойланса екен. Міне, сонда халқымның «өшкені жанып, өлгені тірілер» еді.
Галина Павловна: Білесіз бе, Сіз батыр және жазушы ғана емес, қайраткерсіз. Жаңағы көкелеріңіздің ісін өлтірмей одан әрі жалғаған қайраткерсіз. Халқыңыз әлі сізді қайраткер ретінде де танитын болады.
Бауыржан: Батырлығымның ресми бекітілмегені сияқты қайраткерлігім де мойындалмас.
Галина Павловна: Халық қайраткер деп орынтақ иесін емес, белгілі бір идеяны алып жүрушіні және жүзеге асырушыны таниды. Сіз тиым салынған Алаш идеясы мен бүгінгі күнді жалғастырып тұрған көпірсіз. Арыстарынан айырылған халықтың сізді рухани тірек етіп жүрген себебі сол.
Бауыржан: «Ер өледі, ел қалады», қалған ел жаңа ұрпағын тербетеді. Шүкір, біздің халықтан өз ұлтының тарихын, тілін, ділін, жоқтайтын жастар шығып жатыр. «Аз и Ясымен» атой салған Олжастың өзі не тұрады.
Галина Павловна: Демек, ұлттық мұраға деген көзқарас оңала бастағаны.
Бауыржан: Иә, саясат желінің осылай оңынан тұрып қалатыны болады. Соны қапысыз пайдалана қойған жазушыларға ризамын. Іштей тынып жүр екен ғой жігіттер.
Галина Павловна: Жоқтаушысы көбейіп, жоғы табылып жатқанда халықтың қайғысын арқаладым деп қайғыра бермей, қуанышын да бөлісе білу керек шығар.
Бауыржан: О, не дегеніңіз, сонау отызыншы жылдардан кейін тарс жабылған тарихымен қайта табысқан халық - жоғалтқан анасымен қайта қауышқан бала тәрізді болды ғой. Жас ұрпақтың өз тарихын ана сүтіндей емірене емгенін көргенде кеудемді шаттық кернейді, әрине. Керемет бір бақытты күй кешемін.
Галина Павловна: Ендеше, көңіліңіз неге жүдеу? Даңқыңызды шығарған Мәскеуге келген соң біраз серпілсеңіз болмас па?
Бауыржан: Қазақиямда жиылған шерімді өзіңе айтып тарқатқым келгені рас. Ұлымның анасы Бибіжамалдан айырылу, жаңа отбасын құру әрекеттеріне байланысты кейбіреулердің өсек-аяңдары, атақ-даңқымды көре алмайтындардың аяқтан шалуы, шындықты айтқаным үшін мені қоғамнан шеттету, жүйкемді біраз қажытты.
Галина Павловна: Сіз олардан биік тұрсыз ғой. Пенделердің пенделігіне пенделікпен жауап беріп қайтесіз.
Бауыржан: Пенделерден биікпін деп аспандау адамдыққа жатпайды. Адам биікке пенделерге пайдам тисін деп көтеріледі.
Галина Павловна: Дегенмен, биіктегі адамның әрекеті де биік болып, ұсақ-түйектерге бара бермеуі керек шығар.
Бауыржан: Эх, Галина Павловна, достым, пенделер борандатып кеп жібергенде оның тозаңы Күнді де көлегейлейді.
Галина Павловна: Тозаңның аты тозаң, ұшса - басылады, қонса - сүртіледі.
Бауыржан: Тозаң қалыңдаса, қайлаласаң кетпейтін керішке айналады.
Галина Павловна: Сіз жазушысыз, пенделікпен ұлы мұраттарды оқырман жүрегіне сіңіру арқылы күресесіз.
Бауыржан: (Мәдидің «Қаракесегінің» әуенімен. Бауыржан бұл әнді сүйіп орындаған)
Жазушы, батыр деген атағым бар,
Көп қатын алды деген шатағым бар.
Қас жауым кескілескен, кесе алмаған
Құт ағым, алмас тілім, ақ арым бар.
Галина Павловна: Miнe, мен білетін Бауыржан осылай десе керек. Шамырқанса шалт қимылдап, шарт кесетін, бірақ нақ кесетін Бауыржанды көріп тұрғандаймын.
Бауыржан: Рахмет, Галина Павловна. Сізді көріп біраз серпіліп қалғаным рас. Еруліге қарулы. Сіз де бір ән айтыңызшы. Сыбызғыша сызылып, қарлығашша қалықтайтын даусыңызды сағындым.
Галина Павловна: Орыс романстарының бірін айтып берейін бе? Жастық шағымызды еске алайық.
Бауыржан: Жастық шақ - өмірдің көктемі, ал қазір күз.
Галина Павловна: Онымен не айтпақсыз?
Бауыржан: Қазақстаннан бойтұмар етіп тағып кеткен әніңіз бар еді ғой. Соны айтыңызшы.
Галина Павловна: Ақан серінің «Қараторғайы» ма? Ой, оны мен басқа елдерге барғанда да айтып жүрмін. Жақында латыш жерінде фильм түсірдім. Бір отырыста латыштарға «Қараторғайды» айтып бердім. Қатты ұнады. Тіпті үнтаспаға жазып алды.
Бауыржан: Сізге Жүсіпбек Ақан серінің өз сөзін үйреткен. Оның мәнісі былай. Атығай - Қарауылдың бас иесі Әлібек Зілқараұлы деген кісі Ақан серіге ұшқыр қара бедеуін мінгізіп, бір жылда 60 түлкі алатын Қараторғай атты бүркіті мен түзу мылтығын сыйлап, жәннат ішігін кигізіп өзіне өкіл бала етіп, қамқорлығына алған. Сағынайдың асына Әлібек бармаған. Барғанда Құлагерді мерт етуге ешкімнің батылы бармас еді. Әлібек дүниеден қайтқанда Ақан сері Қараторғай - бүркітін де алып келіп, «иең өлді, сен де азат бол» деп аспанға ұшырып жіберген. Сол Қараторғай шырқау биіктен өзін Әлібектің қабіріне тастап жіберіп өліпті. Сөйтіп, иесімен бірге жерленіпті. Бұл әнді Ақан сонда шығарған.
Галина Павловна: Барады қараторғай қанат қағып
Астына қанатының маржан тағып
Арысым, ел қорғаны, батырым-ай
Айрылдым қапияда сенен неғып?!
Қараторғай
Ұштың зорға-ай
Бейшара шырылдайсың жерге қонбай
Қолымнан «хош» деп ұштың Қараторғай
Түстің бе ажал кұрған қара торға-ай
Тәңірдей сиынатын Әлекем-ай
Жүргейсің әруағыңмен елді қорғай
Бауыржан: Мен сізді ұшырсам деймін, періштем.
Галина Павловна: Ұшырғаны қалай?
Бауыржан: Азаттық беремін.
Галина Павловна: Қараторғайдың азаттығы керек емес маған.
Бауыржан: Әр нәрсе уағымен. Барлығының мезгілі бар.
Галина Павловна: Сөзіңіз тұңғиықтанып барады ғой, Бауыржан.
Бауыржан: Мәскеуге енді қайтып келмеспін.
Галина Павловна: О, не дегеніңіз. Әлі-ақ...
Бауыржан: Өтірік жұбатпаңыз, періштелер көлгірсімейді.
Галина Павловна: Құдайым-ау, ауруыңыз қатты батып жүр ме? Менің мықты таныс дәрігерім бар.
Бауыржан: Мені Құдіретті доктордың өзі шақырып жатыр.
Галина Павловна: Мен Жаратқанға жалбарынамын.
Бауыржан: Сірә, мұндағы миссиям бітті ғой деймін.
Галина Павловна: Мен, мен...
Бауыржан: Қашан жазып, мәңгілікке жадыма
Қалдырғанмын жүрегімде атыңды
Үзілсе өмір, болған іске налымай
Баяндаймын бабалардың алдында
Алып кетіп сенің махаббатыңды.
Галина Павловна: Қараторғай ақылды құс екен, Бауыржан.
Бауыржан: Сіз не деп тұрсыз? Ол құс қой.
Галина Павловна: Ал, мен періштемін.
Бауыржан: Онымен не демексіз?
Галина Павловна: Мен сізді шығарып салуға тиістімін.
Бауыржан: Қайда?
Галина Павловна: Қазақстанға.
Бауыржан: Жерім сол кіндік кесіп, кірім жуған
Аспанның тірегіндей болып тұрған.
Сары арқа, асқар тауды мекен еткен
Қазақ атты ел еді мені туған.
Галина Павловна: Сіз сол халқыңызбен қайта қауышасыз, Бауыржан.
Бауыржан: Келтіреді мені алдына Жаратқан
Есеп беру жазмышымыз өйткені
Айтам оған қар төсеніп, мұз жастап,
Шайқаспенен күн батырып, таң атқан
Өмірімнің халқым үшін өткенін
Соңы.
Достарыңызбен бөлісу: |