Әлеуметтануда әлеуметтік құбылыстар мен процестердің бес негізгі заңы тұжырымдалған: 1 Әлеуметтік құбылыстардың қатар өмір сүру заңы. Мысалы, егер «А» құбылысы болса, ол әруақытта «Б» құбылысын қажет етеді.
2 Әлеуметтік құбылыстардың даму тенденцияларын анықтайтын заң. Мысалы, өндіргіш күштердің өзгеруі өндірістік қатынастардың өзгеруін талап етеді.
3 Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы алуан түрлі байланыстарды, қатынастарды анықтау заңы. Бұл заң іс – қимыл, атқаратын қызмет деп те аталады. Ол әлеуметтік объектінің әрбір элементінің, бөлігінің арасындағы байланыс, қатынасын бейнелейді.
4 Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы себепті байланыстарды бейнелейтін заң. Мысалы, әлеуметтік бірліктің негізгі, қажетті шарты – ол қоғамдық және жеке мүддені сәйкестендіру, үйлестіру болып саналады.
5 Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы байланыстардың болу мүмкіндігін білдіретін ықтималдық заңы.
Әлеуметтік құбылыстар мен процестерді және олардың арасындағы байланыстарды, қатынастарды біліп – тануда әлеуметтану жалпы теориялық ғылыми зерттеу әдістеріне сүйенеді.
Әлеуметтанудың басқа қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардан ең басты айырмашылығы – оның өзіне ғана тән әлеуметтік – экономикалық, саяси, рухани, құбылыс, процестерді зерттейтін арнаулы әдістерінің болуында.