Әлеуметтану теориясы



Pdf көрінісі
Дата28.09.2023
өлшемі205,36 Kb.
#182851
Байланысты:
leumettanu-teoriyasy 3 lecture



3-дәріс
ӘЛЕУМЕТТАНУ ТЕОРИЯСЫ
2-тарау. Классикалық әлеуметтану теориясы
Неміс әлеуметтануының дамуы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 
АШЫҚ 
УНИВЕРСИТЕТІ


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
2
Карл Маркс теорияларының түп тамыры мен табиғаты
Карл Маркстің дүниеге деген көзқарасына зор әсер еткен – неміс философы Гегель 
болды. Негізінен, неміс оқымыстылары, солардың ішінде жас Карл Маркс та тарих, саясат пен 
мәдениетті Гегель философиясы тұрғысынан талқылаған. Маркстің Берлин университетінде 
оқу барысында оның дүниетанымының қалыптасуына Гегельдің идеялары, сондай-ақ, 
оның өлімінен кейін ізбасарларының арасындағы жікке бөліну әсер етті. «Ескі гегельдіктер» 
ұстаздарының идеяларымен келісіп отырған болса, «жас гегельдіктер» гегельдік дәстүрлерді 
басшылыққа алғанмен, оның философиялық жүйесінің көптеген аспектілеріне сынмен қарады.
Гегель философиясының мәні екі ұғымнан құралады: диалектика және идеализм. Диа-
лектика дегеніміз – ойлау әдісі, сондай-ақ, дүние бейнесі. Бір жағынан, бұл – процесс, қарым-
қатынас, динамика, қақтығыстар мен қайшылықтардың маңыздылығын көрсететін әлем 
туралы статикалық емес, динамикалық ойлау тәсілі. Екінші жағынан, бұл – әлем статикалық 
құрылымдар емес, процестер, қатынастар, динамика, қақтығыстар мен қайшылықтардан 
тұрады деген дүние бейнесі. Диалектика, негізінен, Гегельдің есімімен байланыстырылғанымен, 
философияға одан бұрын келді. Гегельдің дәстүрлерімен тәрбиеленген Маркс диалектиканың 
маңыздылығын қабылдады. Алайда ол оның осы ұғымды пайдалануындағы кейбір 
аспектілеріне сыни көзқарас білдірген. Мысалы, ол диалектиканы тек идеялар қатынастарында 
ғана қарастыруға ниеттенген, ал Маркс диалектиканың өмірдің әлдеқайда материалдық 
аспектілеріне, мысалы, экономикада жарамды екенін сезді.
Гегельдің есімі идеализм философиясымен де сабақтасады. Бұл философияда басты акцент 
материалдық әлемге емес, ақыл-ойдың маңыздылығы мен психикалық қызмет нәтижелеріне 
қойылады. Идеалистер тек психикалық процестерге ғана емес, сондай-ақ, осы процестердің 
нәтижесінде пайда болатын идеяларға ерекше мән берген. Ол осындай идеялардың дамуына, 
әсіресе қоғамның «рухы» есебінде саналған идеялардың дамуына айрықша көңіл аударды.
Іс жүзінде Гегель идеалистік тұрғыда әлемнің эволюциялық теориясын ұсынды. Бастапқыда 
адамдар қоршаған әлемді тек сенсорлық деңгейде түсіну қабілетіне ие болған. Олар әлеуметтік 
және физикалық әлемді сезе білген, көрген және иісін қабылдай алған. Кейінірек адамдар 
өз-өздерін ұғынып, түсіну қабілеттерін дамытты. Өзін-өзі тану және өзін-өзі түсіну арқылы 
өздерінің қазіргі хал-жағдайларынан да әлдеқайда жақсара алатындарын ұғына бастады. 
Оның диалектикалық көзқарасы тұрғысынан адамдардың кім екені және кім бола алатыны 
туралы сезімдерінің арасында қайшылық туындады. Бұл қайшылықтың шешімі индивидтің 
қоғам рухындағы орны жайлы хабардар болуына байланысты. Индивидтер өздерінің түбегейлі 
жүзеге асуы – жалпы қоғамның рухын дамыту мен кеңейтуде жатқанын түсінеді. Осылайша, 
Гегельдің түсінігі бойынша, адамдар заттарды ұғынудан өз-өздерін түсінуге және кейін заттардың 
ғаламдық жүйедегі орындарын түсінуге дейін дамиды. Сөйтіп, әлем эволюциясының жалпы 
теориясын ұсынды. Бұл өзгеріс – сана-сезім деңгейінде орын алатын субъективті теория.
Фейербах
Людвиг Фейербах Гегель мен Маркстің арасындағы маңызды көпірге айналды. Ол жас 
гегельшіл бола жүріп, Гегельдің басқалармен қатар, сана мен қоғамның рухына көп көңіл 
бөлген көзқарастарына сынмен қараған. Оның материализм философиясын қабылдауы, Ге-
гельдің субъективті идеализмінен бас тартып, идеяларға емес, оның орнына шынайы адами 
жаратылыстың материалдық болмысына ден қою керек деген шешімге алып келді. Ол өзінің 
Гегельге қатысты сындарында, негізінен, дінге көп назар аударды. Оның пайымдауынша, 
Құдай дегеніміз – адамдардың өздерінің адами болмыстары тұрғысынан өзгешелігі жоқ күшті 
жобалап жасауы. Адамдар Құдайды өздерінен биік қояды, осының нәтижесінде олар одан 
алыстайды және оған бірқатар позитивті сипаттамаларды жобалайды, ал өздерін мінсіз емес, 
дәрменсіз және күнәһар деп санайды. Фейербах діннің осындай келеңсіздігін жою керектігін 
дәлелдеген. Бұған материализм философиясы көмектесе алады, соның арқасында дінңің 
емес адамдардың ең биік идеалға айналатынын айтқан. Материалистік философия дін секілді 
абстрактілі идеяларды емес, оның орнына шынайы адамдарды асыра дәріптейді.


3
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
Маркс, Гегель және Фейербах
Маркске Гегель мен Фейербах бірдей әсер етті және ол екеуіне де сыни көзқарас танытты. 
Маркс Фейербахқа ілесіп, Гегельдің идеализм философиясына бейімділігін сынаған. Бұл 
позицияны материалистік бағытты қабылдағаны үшін ғана емес, сонымен қатар, практикалық 
қызметке деген қызығушылығы үшін де ұстанды. Байлық пен мемлекет сияқты әлеуметтік 
фактілерге Гегель шынайы, материалдық болмыс ретінде емес, идеялар ретінде қарады. 
Тіпті еңбек секілді анық материалдық процестерді зерттегенде де, Гегель тек абстрактілі 
ақыл-ой еңбегін назарға алды. Бұл Маркстің шынайы, ақыл-есі бар адамдардың еңбекке 
деген қызығушылығынан қатты ерекшеленеді. Осылайша Гегель, Маркстің пікірінше, қате 
мәселелерді қарастырды. Бұдан бөлек, ол Гегельдің идеализмі өте консервативті саяси бағытқа 
алып келгенін сезді.
Маркс заманауи өмірдің мәселелерін шынайы, материалдық себептерге, мысалы, капи-
талистік құрылымдарына аударуға және адамдардың ұжымдық қызметінің көмегімен осы 
құрылымдарды жою арқылы мәселелердің шешімін табуға болатынын дәлелдейтін өзгеше 
позицияны ұстанған. Гегельдің философиясы шынайы материалдық әлемге емес, сана-
сезімге бағытталды, алайда оның диалектикасын материалдық базаға берік негіз етіп қалады. 
Маркс Фейербахтың Гегельге деген сын-пікірлерін бірқатар баптар бойынша мақұлдады. 
Мысалы, оның Гегель теориясының абстрактілігін қабылдамауы. Бірақ ол Фейербахтың 
позициясына толық қанағаттанбады. Біріншіден, Фейербах дінге акцент қойды, ал Маркс 
түгелдей әлеуметтік әлемді және соның ішінде экономиканы талдау керек деп сенді. Маркс 
Фейербахтың материализмін қабылдаса да, ол оның өзінің материалдық әлемге деген 
біржақты, диалектикалық емес көзқарасымен тым алыстап кеткенін сезді. Фейербах Гегельдің 
ең маңызды үлесін – диалектиканы – әсіресе адамдар мен материалдық әлем арасындағы 
қарым-қатынастарды өзінің материалистік бағдарына қоса алмады. Ақырында Фейербах 
көптеген философтар секілді праксистің – практикалық қызметтің, әсіресе революциялық 
белсенділіктің рөлін ескермегенін дәлелдеді. Бұл жайында былай деген: «Философтар әлемді 
тек әртүрлі жолдармен түсіндіріп қана қойған, бірақ, басты мәселе – оны өзгерту». Маркс осы 
екі ойшылдан аса маңызды екі элементті белгіледі: Гегельдің диалектикасы мен Фейербахтың 
материализмі. Сондай-ақ оларды диалектикалық материализм атты өзінің бағытына біріктірді. 
Бұл бағыт материалдық әлемдегі диалектикалық қатынастарға сүйенеді.
Саяси экономия
Оның материализмі және қоғамның экономикалық секторына үлкен қызығушылықпен 
қарайтыны, оны саяси экономистер Адам Смит, Давид Рикардо сияқтылардың шығарма-
шылығына ден қоюға итермеледі. Олардың позициялары Марксті барынша қызықтыратын. 
Ал негізгі алғышарттары – еңбек барлық игіліктің көзі екенін құптайтын. Бұл, ақыр аяғында, 
Маркстің еңбек құны теориясын жасауына жәрдемдесті. Ол аталған теорияда капиталистердің 
тапқан табысы еңбек етушілерді қанауға негізделгенін дәлелдеді. Капиталистер жұмысшыларға 
лайықты төлемақысынан азырақ төлеп, айтарлықтай қарапайым қулық жасады. Өйткені 
олар өздері жұмыс уақытында шын мәнінде өндірген тауарлардың құнынан аз жалақы алды. 
Осылайша қалыптасып, капиталистер арқылы қайта инвестицияланған қосымша құн бүкіл 
капиталистік жүйенің негізі болды. Капиталистік жүйе жұмысшыларды қанау деңгейін (және 
тиісінше, қосымша құн сомасын) біртіндеп көтеріп, табысты жүйені кеңейтуге жұмсау арқылы 
дамып отырған.
Маркске саяси экономистердің капиталистік жүйе мен еңбек етушілерді қанау қорқы-
ныштарын көрсетуі әсер етті. Алайда олар капитализм тудыратын жамандықтарды қанша 
сипаттаса да, ол саяси экономистерді бәрібір сынға алды. Олардың ойынша, жамандық – 
капиталистік жүйенің ажырамас бөлігі. Маркс капитализмнің жалпы табиғатына және оның 
ішінде адамдарды экономикалық табысқа жетуге талпындыратын тәсіліне наразылық білдірді. 
Сондай-ақ саяси экономистерді капиталистер мен жұмысшылар арасындағы қақтығысты 


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
4
көрмеу және экономикалық тәртіпті түбегейлі өзгерту қажеттілігін жоққа шығарғаны үшін 
сынға алды. Ол капитализмнен социализмге радикалды көшу міндетті деп санағандықтан, 
оған осындай консервативті экономиканы қабылдау қиынға соқты.
Маркс және әлеуметтану
Маркс әлеуметтанушы болған емес және өзін әлеуметтанушы деп есептемеген. Оның 
шығармашылығы әлеуметтану терминімен белгілеу үшін тым ауқымды болса да, еңбектерінен 
әлеуметтану теориясын кездестіреміз. Идеялары көпшіліктің көңілінен шықты, марксистік 
әлеуметтану мәселелеріне деген қызығушылық, бірінші кезекте Еуропада байқалды. Алайда 
ерте кездегі әлеуметтанушылардың басым көпшілігі оның шығармашылығына теріс қарады, 
бұл олардың өзіндік әлеуметтану жүйесін қалыптастыруына түрткі болды. Осы уақытқа дейін 
әлеуметтану теориясы, әсіресе Америкадағы теория Маркс теориясына қатысты дұшпандық 
көзқараспен немесе оны жете білмеуімен сипатталды.
Марксті қабылдамаудың негізгі себебі идеологиялық аспектіге байланысты. Көптеген ерте 
теорияшы-әлеуметтанушылар Ағартушылық дәуір мен Француз революциясының салдарына 
қатысты консервативті реакциясының ізбасарлары еді. Оның радикалды идеялары және 
ол болжаған әрі жүзеге асырғысы келген радикалды әлеуметтік өзгерістер көптеген ой-
шылдарға үрей тудырып, жеккөрініш сезімін оятты. Маркске идеолог ретінде қарамады. Оны 
әйгілі әлеуметтанушы-теорияшыл емес деп сендірді. Дегенмен идеологияның өзі Марксті 
қабылдамаудың нақты себебі бола алмас еді, өйткені, Конт, Дюркгейм және басқа консерватор-
ойшылдардың еңбектері тым идеологиялық сипатта еді. Идеологияның болуы емес, нақ осының 
мәні көптеген әлеуметтанушы-теорияшылардың оны қабылдамауының себебі болды. Олар 
әлеуметтану теориясын желеу етіп, Маркс пен ізбасарлары ұсынған радикалды идеологияның 
орнына, консервативті идеологияны сатып алуға дайын болды және соған ұмтылды.
Көптеген ерте теорияшылардың Марксті қабылдамауының басқа да себептері болған. 
Ол әлеуметтанушыдан гөрі экономист ретінде қабылданды. Ерте әлеуметтанушылар эконо-
миканың маңыздылығын мойындаса да, олар экономика әлеуметтік өмірдің бірқатар 
компоненттерінің бірі ғана екенін айтады. Оны бастапқыда қабылдамаудың өзге себебі – 
оның қызығушылықтарының мән-жайы. Ерте әлеуметтанушылар Ағартушылық дәуіріне, 
Француз революциясының хаосы мен индустриялық революциядан кейінгі тәртіпсіздіктерге 
қарсы белсене әрекет жасаса, Маркс мұндай бейберекеттікке немесе жалпы тәртіпсіздікке 
қынжылмаған. Керісінше, оны аса қатты қызықтырған және алаңдатқан индустриялық 
революциядан кейінгі капиталистік жүйенің ауыртпалығы болды. Осы ауыртпалықты түсіндіру 
арқылы бұл жүйені құртуға көмектесетін теорияны жасағысы келді. Марксті реформалар мен 
бірізді өзгерістер үшін консервативті алаңдатушылыққа қарсы келетін революция еліктірді.
Айта кететін басқа да айырмашылық – оның теориясы мен консервативті әлеуметтану 
теориясы арасындағы философиялық бастаулардың ерекшелігі. Консервативті теорияшы-
лардың көпшілігі Иммануил Канттың философиясынан қатты әсер алды. Өз кезегінде бұл 
оларды себеп-салдар категориясын пайдаланып, бірізді ойлауға мәжбүр етті. Керісінше, біз 
байқағандай, Маркс себеп-салдарлық терминдерге қарағанда диалектикалық түрде көбірек 
ойлаған Гегельдің ықпалына тап болды. Сонымен қатар диалектика бізді әлеуметтік күштердің 
үнемі өзара әрекеттестігіне дайындап отырады.
Маркс теориясы
Қарапайым тілде айтатын болсақ, Маркс адами жаратылыстардың негізгі табиғатын көру-
ге негізделген капиталистік қоғам теориясын ұсынды. Негізінен, капитализм – индивид пен 
өндірістік процесс, осы процестің өнімдері мен басқа адамдардың арасындағы кедергілерді 
жасайтын құрылым; нәтижесінде ол тіпті индивидтердің өздерін де бөліп тастайды. Бұл айы-
рудың негізгі мағынасы – адамдар арасындағы, сондай-ақ, адамдар мен олар өндіретін өнім-
дердің арасындағы табиғи өзара байланыстың үзілуі. Капитализм бірнеше капиталистердің 


5
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
өндірістік процесті, өнімді және оларға жұмыс жасайтындардың жұмыс уақытын иеленетін 
қос таптан тұратын жүйеге айналады. Бұл қоғамда адамдар өздері үшін өнім өндірудің 
орнына, капиталистердің шағын тобы үшін өнімдер өндіреді. Интеллектуалды түрде Марксті 
капитализмнің құрылымдары мен олардың акторларға тигізетін ауыр әсері өте алаңдатты. 
Саяси тұрғыдан адамдарды капитализмнің қанаушы құрылымдарынан азат етуге ерекше 
назар аударды.
Маркс утопиялық социалистік мемлекеттің қалай туатыны туралы қиялға жете мән берген 
жоқ. Одан гөрі оны капитализмнің жойылуына ат салысу көбірек қызықтырды. Капитализм 
кезіндегі қайшылықтар мен жанжалдар оның біржола құлауына алып келетініне сенді, алайда 
бұл процестің шарасыз екенін ойламады. Ол және оның ізбасарлары ХІХ ғасырдың соңы мен 
ХХ ғасырдың басында неміс әлеуметтануының басты бағытынан тыс қалып қойғанымен, 
ерте кезеңгі неміс әлеуметтануын Маркс теориясына оппозициялық ілім ретінде қарастыруға 
болады.
Вебер және Маркс
Атақты ойшыл, неміс әлеуметтануының ерте кезеңдегі өкілі Маркс Вебер теориялары-
ның көп бөлігі «Маркстің еңбектерімен ұзақ және қызу пікірталастар нәтижесінде» дамыған. 
Мүмкін, бұл асыра айтқандық шығар, бірақ, көбінесе оның теориялары Вебер ілімінде негатив-
ті рөл атқарады. Басқа жағынан алсақ, Вебер Маркстің теориясын «толықтырғысы» келіп, 
марксистік дәстүрде еңбек еткен. Сондай-ақ Вебер теориясының қалыптасуына марксистік 
теориядан басқа да көптеген еңбектер әсер етті. Вебер Маркстің жұмысымен жақсы таныс 
болмаған, өйткені, оның көбі ғалым қайтыс болғанға дейін жарияланбаған еді.
Вебер Маркс пен өз заманындағы марксистерді әлеуметтік өмірдің біржақты теорияларын 
ұсынған экономикалық детерминистер ретінде қарастырды. Демек, марксистік теория барлық 
тарихи оқиғалар экономикалық негізге апаратынын және барлық заманауи құрылымдардың 
экономикалық негізде құрылғанын қарастыратын теория деп қабылданған. Бұл Маркстің 
өз теориясы болмаса да, көптеген соңғы марксистердің позициясы осындай болды. Вебер 
экономикалық факторлар мен олардың идеяларға тигізген әсеріне назар аударудың орнына, 
идеяларға және олардың экономикаға әсер етуіне көп көңіл бөлді. Ол идеяларды экономикалық 
факторлардың қарапайым бейнесі деп қарастырғаннан гөрі, оларды экономикалық әлемге 
терең әсер етуге қабілетті, жеткілікті түрде автономды күштер деп санады. Әрине, Вебер 
идеяларға, әсіресе діни идеялар жүйесіне баса назар аударды және оны діни идеялардың 
экономикаға әсері ерекше алаңдатты. «Протестанттық этика және капитализм рухы» еңбегінде 
протестантизмнің идеялар жүйесі ретінде «капитализмнің рухы» идеялық жүйесіне және 
капиталистік экономикалық жүйенің қалыптасуына тигізген әсерін зерделеді. Вебер басқа да 
әлемдік діндерге осындай қызығушылық танытты, олардың болмысы өз қоғамдарындағы 
капитализмнің дамуына қалай кедергі келтіретінін зерттеді.
Маркстің теориясын толықтыруға негізделген жақсы мысалдың бірін Вебердің страти-
фикация теориясынан таба аламыз. Стратификацияға арналған еңбегінде ол әлеуметтік тапқа, 
стратификацияның экономикалық өлшеміне назар аударады. Вебер бұл фактордың маңыз-
дылығын мойындағанымен, стратификацияның басқа өлшемдері де басты фактор екенін 
дәлелдеді және «әлеуметтік стратификация туралы түсінікке бедел (мәртебе) және билік секілді 
параметрлерді қосып, оны кеңейту керек» деген пікір білдірген. Бұл қосымша параметрлерді 
қосу Маркстің көзқарастарына қарсы келмей, керісінше оларды кеңейтеді.
Зигмунд Фрейд
1800 жылдардың соңы мен 1900 жылдардың басында неміс әлеуметтану ғылымындағы 
тағы бір жетекші тұлға – Зигмунд Фрейд болды. Ол әлеуметтанушы болмаса да, көптеген 
әлеуметтанушылардың шығармашылығына әсер етті, оның идеялары әлі де әлеуметтік 
теорияшылар үшін өзекті болып қалуда. 1856 жылы 6 мамырда австро-венгриялық қала 


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
6
Фрайбергте дүниеге келді. 1873 жылы Фрейд Вена университетінің медициналық мектебіне 
түседі. Медицинаға қарағанда Фрейдті ғылым көбірек қызықтырды және ол физиологиялық 
зертханада жұмыс істей бастады. Медициналық факультетті бітірісімен, 1882 жылы зертханадан 
кетіп, ауруханада жұмыс істейді. Бұдан соң жүйке ауруларына маманданып, жеке медициналық 
тәжірибемен айналысты. Бастапқыда ол есірік яғни, истерия деген невроздардың бір түрін 
зерттеп білгісі келіп, гипнозды қолданды. Ол тәсілді 1885 жылы Парижде Жан Мартин 
Шаркодан үйренді. Кейінірек ол веналық дәрігер Йозеф Брейердің ұсынысы бойынша, 
есірік симптомдары алғаш пайда болған кезде емдеуге септігін тигізетін әдісті пайдаланды. 
Фрейд 1895 жылға қарай Брейермен бірге бірқатар революциялық тұжырымдары бар кітап 
шығарды: сол кезде физиологиялық деп саналған есірік секілді невроздардың психологиялық 
себептерін және емдеудің аурудың бастапқы себептерін талқылауын талап ететіндігін көрсетті. 
Осындай жолмен психоанализдің практикалық және теориялық саласы пайда болды. Фрейд 
невроздардың түбінде сексуалды факторлар немесе либидо жатады деген қорытындыға 
келгеннен соң, Брейерден бөлек тәуелсіз өз жолымен кетті. Бірнеше жылдар бойы терапевтік 
әдістерін жетілдіріп, жаңа идеялары жайлы көп еңбектер жазды. 1902 жылға қарай айналасына 
ізбасарларын жинай бастады және апта сайын өз үйінде бас қосты. 1903–1904 жылдары 
өзге ғалымдар, мысалы, Карл Юнг Фрейдтің идеяларын өзінің психиатрлық жұмысында 
пайдалана бастады. 1908 жылы бірінші Психоаналитикалық конгресс болды, ал келесі 
жылы психоаналитикалық білімдерді тарату мақсатында мерзімді басылым құрылды. Көп 
кешікпей психоанализ атты жаңа сала дүниеге келді, оған Фрейдтің Юнг сияқты адамдардан 
қатынасын үзіп, әрқайсысы өздерінің жеке идеяларын дамытып, түрлі топқа бөлінуі түрткі 
болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс психоанализдің алға басуын тежеді, алайда ол ХХ ғасырдың 
20-жылдарында қанат жайып, айтарлықтай дамыды. Ұлтшылдықтың ушығуына байланысты 
психоанализ орталығы Құрама Штаттарға ауысты және әлі күнге дейін сол жерде. Фрейд еврей 
болғанына және 1933 жылы ұлтшылдар оның кітаптарын өртеп жібергеніне қарамастан, 1938 
жылға дейін Венада тұрды. 1938 жылдың 4 маусымында президент Рузвельттің өзі тікелей 
араласып, кепілдік төлегеннен кейін ғана Венадан біржолата кетті.
Зиммель теориясы
Георг Зиммель Вебердің замандасы және Неміс әлеуметтану қоғамының негізгі құрыл-
тайшысы болды. Ол әдеттегідей әлеуметтанушы-теорияшыл болған жоқ. Оның еңбектері 
америкалық әлеуметтанудың ежелгі орталықтарының бірі – Чикаго университеті мен оның 
негізгі теориясын яғни, символикалық интеракционизмді қалыптастыруға жағдай жасады. 
Чикаго мектебі және символикалық интеракционизм 1920–1930 жылдардың басында аме-
рикалық әлеуметтануда үстемдік етті. Зиммельдің көзқарастары Чикагода айтарлықтай 
танымал болды. Бұған ерте кездегі осы мектептің басты өкілдері – Альбион Смолл мен Роберт 
Парктің оның теориясымен Берлинде 1800 жылдардың соңында танысқандары айтарлықтай 
себеп болды. Олар бұл идеяларды Чикагодағы студенттер мен оқытушы-профессорларға 
таныстырды, оның жұмыстарының кейбірін аударып, америкалық үлкен аудиторияға шығарды.
Вебер мен Маркс қоғам мен капиталистік экономиканың рационалдандырылуы секілді кең 
ауқымды мәселелермен айналысса, Зиммель шағын көлемдегі мәселелерге, нақтырақ айтсақ, 
дара әрекет пен өзара әрекеттесуге арналған еңбектерінің нәтижесінде атағы шықты. Ол Кант 
философиясымен өзектес өзара әрекеттесу формалары яғни, конфликт және өзара әрекеттесуші 
тұлғалардың типтері, мысалы, бейтаныс адам туралы ойларының арқасында танымалдыққа 
ие болды. Зиммельдің ойынша, адамдардың арасындағы өзара әрекеттің мәнін ұғыну – 
әлеуметтанудың негізгі міндеттерінің бірі. Алайда әлеуметтік өмірдегі өзара әрекеттесулерді 
тұжырымдамалық құралдарсыз зерттеу мүмкін емес. Өзара әрекеттесу формалары және 
өзара әрекеттесуші тұлғалардың типтері осы қажеттілік салдарынан қалыптасты. Зиммель 
сан алуан әлеуметтік жағдайларда кездесетін өзара әрекеттесу формаларының шектеулі санын 
ғана атауға болады деп есептеді. Осылайша, өзара әрекеттесу формалары туралы ақпаратты 
білу арқылы әртүрлі өзара әрекеттесу жағдайларын талдауға және түсінуге болады. Өзара 
әрекеттесуші тұлғалар типтерінің шектеулі санын қалыптастыру әрекеттесу жағдайларын 


7
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
түсіндіруге септігін тигізеді. Бұл жұмыс символикалық интеракционизмге үлкен әсерін 
тигізді. Символикалық интеракционизм, аты айтып тұрғандай, негізінен, өзара әрекеттесумен 
байланысты құбылыс. Сондай-ақ Зиммель, Маркс пен Вебер секілді, әлдеқайда ірі көлемдегі 
мәселелермен де айналысқан. Бірақ бұл еңбектер оның өзара әрекеттесуге қатысты жазған 
жұмыстарымен салыстырғанда аса маңызды болмады. Дегенмен қазіргі уақытта Зиммель 
әлеуметтануының ауқымды аспектілеріне деген қызығушылықтың артуы байқалып келе 
жатыр. Оның ішінара өзара әрекеттесу тақырыбына жазылған еңбегінің стилі ерте америкалық 
әлеуметтанушы-теорияшыларына анағұрлым ұғынықты болды. Маркс пен Вебер сияқты көп 
томдық еңбектерден басқа, Зиммель кедейлік, жезөкшелік, сараңдық пен ысырапшылдық, 
бөгделік секілді қызықты тақырыптарда бірсыпыра эссе жазды. Мұндай эсселердің қыс-
қалығы және материалға қызығушылықтың жоғары деңгейі оның идеяларының таралуын 
едәуір жеңілдетті.
Зиммельдің микроәлеуметтануына деген ерте америкалық көзқарас оның жұмысының екі 
аспектісіне теріс әсерін тигізді. Біріншіден, ол өмірлік философия қозғалысындағы ықпалды 
тұлға болды. «Өмір» ұғымы оның барлық жұмыстарының бастамасына негіз еді және ол 
«адамның әрекеті – үнемі өзгеріп тұратын, динамикалық өмірлік күштердің көрінісі» деген пікірді 
ұстанған. Адамдар өз өмірлерін әлеуметтік және мәдени формалар жасау арқылы айқындайды. 
Өмірден көп және өмірден де артық мәселесі Зиммельдің «Өмір трансценденттілік ретінде» 
эссесінде оның өмірге деген көзқарасын бейнелейді. Екіншіден, ғалымның шағын эсселеріне 
деген ықылас оның көлемді және макроәлеуметтанулық жұмыстарын көлеңкеде қалдырды. 
Мысалы, Зиммельдің ағылшын тіліне аударылған «Ақша философиясы» еңбегі мәдениет 
пен қоғамға қызығушылық танытқан көптеген теорияшылардың зор ықыласына бөленді. 
Макробағыт оның еңбектерінде әрдайым кездесіп отырғанымен, бұл еңбекте ол анығырақ 
байқалады.
Зиммельдің әйгілі диада мен триада жайлы жұмысында да бұл айқын байқалады. Оның 
пікірінше, екі адамнан тұратын диадаға үшінші жақ қосылып, триадаға айналған шақта 
әлеуметтану тұрғысынан кейбір маңызды оқиғалар орын алады. Диадада бола алмайтын 
әлеуметтік мүмкіндіктер пайда болады. Мысалы, триадада мүшелердің бірі, қалған екеуінің 
арасындағы келіспеушіліктерге төреші немесе делдал бола алады. Ең маңыздысы, мүшелердің 
екеуі бірігіп, үшінші мүшеден басым бола алады. Бұл индивидтерден дараланып, оларға үстемдік 
ететін ірі құрылымдардың пайда болуына мүмкіндік туғызатын шағын көлемді көрсетеді. 
Дәл осы тақырып – «Ақша философиясы» атты еңбегінің негізі. Ол, ең алдымен, заманауи 
қоғамдағы индивидтерден оқшауланып, оларға үстемдік ететін ақша экономикасының 
пайда болуымен айналысқан. Осы тақырып, өз кезегінде, Зиммельдің еңбегіндегі ірі және 
аса танымал тақырыптың бір бөлігі болды. Ол жалпы мәдениеттің индивидке үстемдік етуіне 
байланысты. Оның пікірінше, қазіргі заманда мәдениет және оның әртүрлі құрамдас бөліктері, 
ақша экономикасымен бірге әлдеқайда кеңейіп жатыр, олардың дамуы барысында индивидтің 
маңыздылығы азайып келеді. Осылайша, мысалы, заманауи экономикамен байланысты 
өнеркәсіптік технологиялар кеңейіп, одан әрі күрделенетін болса, жеке еңбектенушінің 
дағдылары мен мүмкіндіктері өз маңыздылығын жоғалтады. Соңында, жұмысшы бақылау 
жасай алатын өнеркәсіптік машинамен қақтығысады. Жалпы алғанда, Зиммель «заманауи 
әлемде жоғары мәдениеттің өркендеуі индивидтің маңыздылығының төмендеуіне алып 
келеді» деп санаған. Әлеуметтанушылар оның еңбегінің әлдеқайда кең ауқымды саласына бет 
бұрса да, оның ертедегі ықпалының зор болуына – бірінші кезекте өзара әрекеттесу формалары 
мен өзара әрекеттесуші тұлғалардың типтері секілді шағын әлеуметтік құбылыстарды зерттеуі 
бірден-бір себеп болды.
Итальяндық әлеуметтану
Ерте кездегі итальян әлеуметтануының басты тұлғасы
Консервативті, еуропалық әлеуметтану теориясының басты өкілі, итальян әлеуметтану-
шыларының бірі – Вильфредо Парето. Парето өз кезінде өте беделді әлеуметтанушы болды, 


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
3. Неміс әлеуметтануының дамуы
8
алайда қазір оның шығармаларының мән-маңызы бұрынғыдай өзекті емес. 1930 жылдары 
жетекші америкалық теорияшыл Толкотт Парсонс, Вебер мен Дюркгейм сияқты, Паретоға 
көп көңіл бөлген кезде, аз уақыт болса да, оның шығармашылығына деген қызығушылық 
байқалған еді. Оның кейбір негізгі тұжырымдарын санамағанда, соңғы жылдары Парето 
ілімінің маңыздылығы мен өзектілігі кеми бастады. Цейтлиннің пікірінше, ол өзінің «негізгі 
идеяларын Маркстің көзқарастарын теріске шығару тұрғысында» дамытты. Шын мәнінде, 
Парето тек Маркстің көзқарастарын ғана емес, сондай-ақ, ағартушылық философиясының 
ілімдерінің елеулі бөлігін жоққа шығарған. Мысалы, ағартушы-философтар рационалдыққа 
ерекше мән берсе, Парето адами инстинктер секілді иррационалдық факторлардың рөлін 
айрықша бағалаған. Мұндай көзқарас Маркстің теориясын мойындамаумен де үйлеседі. 
Демек, иррационалды, инстинкті факторлар аса маңызды әрі бұлжымас тегеурінді болып 
қарастырылғандықтан, экономикалық революция арқылы түбегейлі әлеуметтік өзгерістерге 
қол жеткіземіз деп үміттену мүмкін емес еді.
Ол марксистік теориямен қарама-қайшы келетін әлеуметтік өзгерістер теориясын жасады. 
Маркс теориясы бұқара рөліне назар аударған болса, Парето әлеуметтік өзгерістердің элиталық 
теориясын ұсынды, ал онда өз мүддесі негізінде жұмыс істейтін кішігірім элита басым екені 
айтылған. Ол иррационалды күштер үстемдігіне тап болған бұқара халықты басқарады. Себебі 
рационалды мүмкіншілік болмағандықтан, Паретоның жүйесіндегі бұқараның революциялық 
күш болуы екіталай еді. Бұрынғы элита азғындап, билік жүргізбейтін элиталық топтан немесе 
бұқараның үздік өкілдерінен қалыптасқан жаңа элитамен алмасқан кезде әлеуметтік 
өзгерістер іске асады. Жаңа элита билікке келгеннен кейін процесс қайта басталады. Осылайша, 
Маркс, Конт, Спенсер және басқалар ұсынған бір бағытты теориялардың орнына әлеуметтік 
өзгерістердің циклдік теориясына қол жеткізілді. Бұдан бөлек Паретоның өзгерістер теориясы 
көбінесе бұқараның мүшкіл жағдайын елемейді. Элиталар келеді-кетеді, ал көпшілік бұқараның 
өмірі өзгеріссіз қала береді.
Алайда бұл теория Паретоның әлеуметтануға қосқан ұзақ мерзімді үлесі емес. Бұл 
оның әлеуметтану және әлеуметтік әлем ғылыми тұжырымдамасымен байланысты: «Мен 
әлеуметтану жүйесін аспан механикасы астрономия, физика, химия үлгілерімен құрастырғым 
келеді» (Hook). Қысқаша айтқанда, Парето қоғамды тепе-теңдіктегі, өзара тәуелді бөліктерден 
тұратын тұтас жүйе ретінде түсінген. «Бір бөліктегі өзгеріс – жүйенің басқа бөліктеріндегі 
өзгерістерге апаратын фактор» деп есептеген. Парсонс өзінің 1937 жылғы «Әлеуметтік 
әрекет құрылымы» атты еңбегінде Паретоның қоғамдық жүйе тұжырымдамасына айрықша 
назар аударғаны мәлім. Бұдан біз Паретоның Парсонс көзқарасына аса маңызды ықпал 
еткенін көреміз. Қоғамға органикалық тәсілмен қараған әлеуметтанушылардың мысалы, 
Конт, Дюркгейм және Спенсердің ұқсас пікірлерімен бірге Паретоның теориясы Парсонс 
тұжырымдамасының, құрылымдық функционализмнің дамуында басты рөл атқарды. Қазіргі 
күнде оның еңбектерін оқитын әлеуметтанушылар сирек болғанымен, мұны ағартушылық пен 
марксизмнен бас тартып, марксистік перспективаға қарсы шығатын әлеуметтік өзгерістердің 
элиталық теориясын ұсыну ретінде қарастыруға болады.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет