Отбасы және неке әлеуметтануының адамның тіршілік әрекетінің формасы ретінде отбасының өмір сүруі, дамуы мен өзгеруінің ішкі және сыртқы факторларының жүйесін, сонымен қатар оның құрылысын және қоғамдағы әлеуметтік функцияларын қарастыруды қамтиды.
Отбасы және неке әлеуметтануында әлеуметтік қатынас ретіндегі неке және осы қатынастың негізі болып саналатын әрі тарихи белгілі бір ұйымдасқан ерекшелікті әлеуметтік жүйе ретіндегі отбасы арасында қайсыбір айырмашылықтар қалыптасқан. Осыдан келіп, неке әдетте әйел мен еркектің арасындағы тарихи өзгеріске түсетін катынастардың әлеуметтік формасы ретінде пайымдалады. Ал отбасын тарихи белгілі бір ұйымдықты меңгерген шағын әлеуметтік топ ретінде және бір мезетте ерекше әлеуметтік институт ретінде қарастыру анықталған. Отбасына деген әлеуметтік қажеттілік ең алдымен коғамның халықты физикалық және рухани жағынан ұдайы өндіру мұқтаждығынан туындаған. Отбасындағы көшбасшылық, оны анықтаудың өлшем-бірліктері, отбасының қоғам алдында атқаратын міндеттері, некеге отыру мен ажырасудың уәждері үлкен зерттеуді тудырып келе жатқан мәселелердің қатарына жатады. 1. Отбасы әлеуметтануының пәні мен оның функциялары. Отбасы — ежелден қалыптасып қана қойған жоқ, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік құрылымының негізгі элементтерінің біріне айналды. Отбасы ерлі-зайыптылардың арасындағы, ата-ана мен балалар арасындағы, басқа да туыстық тұрпаттағы қарым-қатынастарды негіздей отырып, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына орай қоғаммен, мемлекетпен тығыз органикалық байланыста болады.
Отбасында пайда болып, тұрақты орнықкан әлеуметтік жағдайды сараптау, оның мән-мазмұнын ашу, сонымен бірге сол ортадағы әке мен шешенің, олардың ұрпақтарының алатын орнын, рөлін, отбасының ішкі құрылысын, атқаратын функциясын және т.б. зерттеу әлеуметтану ғылымының алға қояр аса маңызды талаптары.
Отбасы - белгілі бір әлеуметтік нормалар, санкциялар, мінез-құлық (жүріс-тұрыс), құкық және міндеттер үлгілерімен, ерлі-зайыптылар, атааналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастарды реттеушілікпен сипатталатын әлеуметтік институт болып табылады.
Сонымен қатар отбасы — некеге немесе қаны бір туыстыққа негізделген, ал оның мүшелері тұрмыстың ортақтығымен, өзара жауапкершілікпен және өзара көмек көрсетумен байланысқан шағын топ. Неке отбасындағы қатынастарды қалыптастырушы болып саналады.
Некенің маңызды принциптері бар. Олардың қатарына жар таңдау еркіндігі, сүйіспеншілік, өзара сыйластык, т.б. жатады.
Қоғам некелік байланыстардың нығаюына, отбасының тұрақтылығына мүдделі. Мемлекет отбасына өзінің отбасы және неке туралы заңдарымен ыкпал етіп, отбасы мүшелерінің бір-бірімен және олардың қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынастарын реттеп отырады.
Отбасы көптеген қоғамдық ғылымдардың: әлеуметтанудың, экономиканың, құқықтанудың, этнографияның, психологияның, педагогиканың, саясаттанудың және демографияның зерттеу объектісі болып саналады. Олардың әрқайсысы өз пәндерінің ерекшеліктеріне орай отбасының өмір сүруі мен дамуының ерекше жақтарын жете зерттеп қарастырады. Мысалы, әлеуметтану отбасына талдау жасағанда ең алдымен оны некенің негізінде құрылған және белгілі бір әлеуметтік қызметтерді атқарушы әлеуметтік институт ретінде қарастырады, сөйтіп некенің тұрақты немесе тұрақсыздығының себептерін және отбасын нығайтудың жолдарын зерттеуге көңіл аударады. Осыдан келіп әлеуметтік институт пен шағын әлеуметтік топтың белгілерін өз төңірегіне жинақтаған отбасының пайда болуы, оның өмір сүруі мен дамуы заңдылықтарын зерттейтін әлеуметтанудың тағы бір саласы — отбасы әлеуметтануы қалыптасты.
Отбасы әлеуметтануы екі бағытта дамып келеді. Оның бірінші бағыты бойынша отбасының тарихы зерттеледі, оның шығуының әлеуметтік заңдылықтары талданады. Екінші бағыт әлеуметтік институт ретіндегі (отбасы мен қоғамның өзара әрекетін талдау) қазіргі отбасының қалпын және шағын әлеуметтік топ ретіндегі (отбасы ішіндегі қатынастарды зерттеу) жағдайын зерттейді.
Әлеуметтік институт тұрғысынан отбасыны қарастырғанда некеотбасы қатынастары саласындағы қоғамдық сананың қалыптасуына, әр түрлі жағдайдағы халықтың қайсыбір топтарының отбасылық тәртібіне жалпылама сипаттама беруге, отбасының негізгі міндеттерін жүзеге асыру тиімділігіне және т.б. баса назар аударылады.
Отбасын шағын әлеуметтік топ ретінде зерттегенде қазіргі отбасының даму кезеңдерінің, құрылымдарының және атқаратын қызметтерінің қалыптасу жағдайлары, әке-шеше мен олардың ұрпағының арасындағы өзара қарым-қатынас, отбасындағы міндеттерді әркімге бөлу, ажырасудың себептері мен мотивтері және т.б. осындай мәселелер қарастырылады.
Әлеуметтану отбасының функцияларына, отбасы саласындағы келеңсіз құбылыстарға (ажырасу санының артуы, көптеген отбасыларының дүниеге бір ғана нәресте әкелуге бағыт ұстануы, жалғыз бастылардың санының өсуі, т.б.) талдау жасауға да үлкен көңіл аударады.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда отбасы белгілі бір локалдық құрылымы және атқаратын әлеуметтік қызметтерінің ерекшеліктері арқылы сипатталады.
Отбасының локалдануы — бұл тек туыстық қарым-қатынастармен шектеліп қалмай, туыстардың бірлесе өмір сүретіндігін де мойындайды, соңдықтан олардың тұрмысында ортақ элементтердің болуы, отбасы мүшелерінің экономикалық өзара көмек көрсетуі үнемі ұшырасып тұрады. Бұл тұрғыдан алғанда отбасын қоғамның экономикалық, ұясы ретінде қарастыруға болады.
Отбасының құрылымы — бұл оның негізгі элементтерінің тұтастығын қамтамасыз ету тәсілі болып саналады. Отбасының құрылымы мен тәртібі, өмір салты, дәстүрі, өзге отбасыларымен және қоғаммен өзара қарымқатынастары бір-бірімен тығыз байланысты екені рас.
Отбасылары қоғамдық басқа да институттар іспетті белгілі бір функциялар аткарады. Отбасының функциясы дегеніміз оның белгілі бір әлеуметтік салдары бар қызметі. Өзге институттардың атқаратын міндеттерінен мұны жеке-дара бөліп көрсету үшін отбасы қызметін ерекшелікті және ерекшеліксіз деп ажыратады. Отбасының ерекшелікті қызметтері онын отбасылық мәнінен келіп шығады және қоғамдык құбылыс ретінде отбасының ерекшеліктерін бейнелейді, ал ерекшеліксіз кызметтер белгілі бір тарихи жағдайға орай еріксізден немесе бейімделуден туындайтын отбасының міндеттері21. Отбасының ерекшелікті қызметтеріне:
халыктың ұдайы өсіп-өнуі, яғни дүниеге нәресте әкелу;
балаларды асырап, сақтау (экзистенциалды); - балаларды тәрбиелеу;
(әлеуметтендіру) жатады.
Бұл қызметтер қоғамның әр дәуірде өзгерістерге түсуіне қарамастан отбасының ертеден келе жаткан міндеттері болып саналады.
Отбасының ерекшеліксіз қызметтері жеке меншіктің жинақталып қорлануы мен оған ие болу жөніндегі статусты, өндіріс пен тұтынуды, үй шаруашылығын жүргізу мен демалуды ұйымдастыруды, отбасы мүшелерінің денсаулығы мен амандығына қамқорлық, микроахуал жасауды қамтиды. Бұл қызметкердің бәрі отбасы мен коғам арасындағы байланыстың тарихи сипатын көрсетеді, отбасындағы нәрестенің дүниеге келуі, оның күтімі мен тәрбиесінің калай жүретіндігі назардан тыс қалмайды. Сондықтан отбасындағы өзгерістер әр түрлі тарихи кезеңдегі олардың ерекшеліксіз қызметтерін салыстырудан байқалады. Айталық, жаңа бір жағдайға орай қызмет түрлері де модификацияланады, шеңберін тарылтады немесе кеңейтеді, толық немесе жартылай іске асады, тіптен жойылып кетуі де мүмкін.
Отбасы халықты ұдайы өндіретін орта. Халықтың табиғи азаюы жаңа ұрпақты тұрақты түрде өмірге әкелуімен іске асуы тиіс, десекте балалар физикалық және психологиялық жағынан сау саламатты болуы қажет. Осы маңызды функцияны атқару, мұнсыз қоғам өмір сүруін тоқтататын, ең алдымен отбасын жүйелеген. Сонымен қатар қоғам үшін демографиялық қопарылыстардан немесе құлдыраулардан сақтануда бала тууды реттеп отыруда маңызды.
Қазіргі кездегі халықты ұдайы көбейтіп, өсірудің (репродуктивтік) жағдайына тоқталатын болсақ, онда еліміздегі әр отбасында екі немесе үш баладан болуы керек, сонда ғана халыктың саны азаймайды. Алайда, бүгінде дүниеге нәресте әкелу деңгейінің төмендеуі, қарттардың санының артуы, бір балалы немесе баласыз отбасыларының көбеюі, некесіз туған сәбилер санының артуы байқалады. 80-жылдарда қалыптасқан қағида бойынша көптеген отбасылар баланы күтуге, асырауға, жаксы тәрбие беруге жағдай жоқ, оған баспананың тарлығы, материалдық қиыншылықтар, үй шаруашылығының ауырлығы мүмкіндік бермейді десе, енді біреулері ең алдымен өздері үшін өмір сүргісі келетіндерін желеу етті. 90-жылдары бала тууды шектеудің, сылтаулары мен кағидаларындай басқа да үлкен өзгерістер байқалды, соның ішінде материалдық-экономикалык себептер, ертеңгі күнге деген сенімсіздік алдыңғы қатарға шықты. Ажырасулар, некеге адамдардың кеш отыруы да (35—40 жаста) бала туу санының азаюына әкеліп соғуда. Елдің әр аймақтары мен халықтың әрқилы топтары арасында дүниеге нәресте әкелу көрсеткіштері әр түрлі. Қазақстандағы экономикалық дағдарыс украин, орыс, беларусь, неміс, корей, татар диаспораларының нәрестелі болуына аса кері әсер етті. Бұларда адамның ұдайы өсу қарқыны байқалмайды. Қазақ халқының да жағдайы соларға жақын. Жұмыссыздық, балаларға арналған тауарлар бағасының артуы, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мөлшерінің төмен болуы, т.б. себептер ата-аналардың қоғам алдындағы ерлізайыптылық парыздарын орындау аркылы өмірге нәресте әкелу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр.
Халықтың ұдайы өсуі мен күнделікті бала тәрбиелеу жөніндегі мәселелерді бір-бірімен ұштастыратын орта — отбасы. Ол дұрыс қалыптаспай, сәбидің, баланын жан-жақты дамуы мүмкін емес. Оның үстіне отбасын бұл мәселеде бірде-бір институт немесе ұйым алмастыра алмайды. Отбасындағы тәрбие атаулының барлығына әке-шеше тікелей ықпал етеді. Отбасының күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі өзара қамқорлык пен жылылық сезім, туыстық қарым-қатынастар, басқа да жағдайлар баланың бойындағы көптеген мәні зор әлеуметтік сапаларды қалыптастыратын және оның дұрыс дамуына үздіксіз ықпал ететін тәрбиелік күш болып табылады. Өйткені әкешешенің үлгі боларлық қасиеттері ұл мен қыздың ой-санасының таным дүниесінің артуына, адамшылық жақтарының орнығуына әсерін тигізбей қоймайды. Ата-ананың тәрбиесі сәбидің туған күнінен бастау алып, оның жас ерекшеліктеріне сәйкес күрделеніп, тәрбиенің талап-міндеттері күшейеді. Отбасыда ұлдар мен қыздар тәрбиенің манызды түрлері — еңбексүйгіштікке, кішіпейілділікке, ұкыптылыққа және т.б. баулығаны. Үй шаруашылығындағы еңбекке жасөспірімдерді тарту, соған жаттықтыру арқылы оларды жұмыс істеуге, оны сүюге тәрбиелеудің маңызы зор. Ата-ананың ішімдікке салынуы баланың тұлға ретінде қалыптасуына кері әсер етіп, олардың мінез-құлықтарының, тәрбиесінің теріс бағыт алуына, сөйтіп жеткіншектің, қылмыс жасауына себепкер болады. Отбасындағы тәрбие рөлінің осылайша кұлдырауы отбасы ішінде болып жататын аса өзекті өзгерістерге де тікелей байланысты. Отбасында қалыптасқан дәстүрлі ережеден, яғни шаңырақ иесі - ер адам деген қағидадан ауытқып, ерлі-зайыптылардың отбасындағы құқығын бір деңгейге қою да ер адамнын тәрбие барысындағы беделін жойып, оның отбасы мүшелеріне ықпал ету дәрежесін төмендетті. Осыдан барып әкесі мен шешесі отбасындағы біртұтас тұлға деген түйсік-түсінікті бойына қалыптастырып, сіңістіре алмаған жасөспірімдер әкесі мен шешесі бір-біріне мүлде тәуелсіз, бөтен адамдар деп қарастырады. Әлеуметтанушылардың пікіріне сүйенсек, отбасы тәрбиесінің қалыптасқан бірнеше тұрақты стереотиптері бар: бала центризмі, профессионализмі, прагматизмі. Бұлардың біріншісінде балаларға деген жалған махаббат бәрін кешірімпаздыққа сайдырып, соған итермелейді. Мұндай отбасында балалар шолжың болып өседі, тыйым салулар мен жүктелген міндеттерді мойындамайды, соның ішінде ата-ананың алдындағы міндетін, борышын да ескермейді. Әдетте осындай балалардың қалыптасуына отбасындағы ересек адамдар ықпал етеді. Әсіресе бұл бір бала өсіріп отырған отбасында және немерелерін өмірде кездесетін қиыншылықтардан қызғыштай қорыған әжесі мен атасының тәрбиесіне берілген балалар бойында жиі кездеседі. Осының салдарынан өзіне койылатын жауапкершілікті қабыл алмайтын инфантильді жас адамдар легі өсіп-жетілуде.
Профессионализмге келетін болсақ, онда ата-аналар балаларының тәрбиесін бала-бақшалары мен мектептердегі кәсіби тәрбиешілер, педагогтардың иығына артып, өздері тәрбие беруден тыс қалады. Мұндай ата-аналар өз балаларына материалдық жағдай жасауды ғана басты борышым деп санайды. Ал тәрбие дұрыс болмаса, оған балалары кінәлі деп есептейді немесе өздеріне ауыртпалық түскенде ғана тәрбие ісіне араласады. Әлбетте, мұндай ата-аналар өз балаларына тәрбие тұрғысында ықпал етуде қатаң тыйым салу, оларды балағаттау, ұрып-соғу тәсілдерін колданады. Сөйтіп, ата-аналар мен балалар бір-бірінен алшақтай бастайды, өзара қарымқатынастары бұзылады, олардың сенімі де жоғалады, бірлесе отырып талқылайтын мәселелерінің шеңбері де қысқара түседі. Осылардың салдарынан мұндай отбасындағы баланың бойында ересектермен пікір алысу тәжірибесі қалыптаспайды, ересектермен өзара қарым-қатынас орнатудағы қабілеттері дамымайды да, бұл жағдай кейін баланың әлеуметтік ортамен байланысуын күрделендіреді.
Прагматистік тәрбие - баланы тәжірибелілікке, істі тез шешу қабілетін арттыруға, материалдық пайда табушылыққа, іскерлікке бағытталған. Нарықтык экономикаға көшу кезінде тәрбиенің осы бағытының кең түрде етек алуы әдетте қауіп-қатерге ұрындырады. Утилитаристік тәртіпке келетін болсақ, ол әдеттегі сана деңгейінен тым жоғары дәрежеде дамымайды, жаңа жағдайға орай соның ыкпалынан шыға алмайды. Жоғарыда баяндағанымызды түйіндейтін болсақ, отбасының тәлім-тәрбиесінің статусы да, онда орын алған келеңсіздіктер де жас ұрпақтың әрқайсысына көп әсер етеді. Сонымен бірге бұл жаңа адамды дайындаудың маңызды процесінің болашақтағы қорытындысы қандай болатынын анық көрсетеді.
Отбасының әлеуметтендіру функциясы осы тәрбие функциясымен сабақтасып жатыр. Кейбір әдебиеттерде осы екі функцияны отбасының атқаратын бір міндеті ретінде қарастырады. Отбасы ғана ұрпақтан-ұрпаққа мирас болатыны мәдениет үлгілерінің негізгі алып жүрушісі болып саналады, тек отбасында ғана баланың қоғамдық мәдениетке және оның дәстүрлеріне араласуы жүреді, қоғамдағы жүріс тұрыс ережелері туралы, мораль нормалары туралы ар-намыс, жақсылық әділдік ұғымдары туралы білім алады. Отбасында оның тұлға ретінде қалыптасуының негіздері қолданады, қабілеті анықталып, баланың болашақтағы мамандығын таңдау іске асады. Балалардың ересек отбасы мүшелерінің жүріс-тұрыс, мінез-құлық үлгілерін өз бойларына сіңіріп көшіріп алуы отбасылыққа әлеуметтенудің басты тәсілі болып саналады.
Отбасыньң шаруашылық-экономикалық функциясы отбасылық қарымқатынастардың әр түрлі мәселелерін, нақты атап айтар болсақ, олар үй шаруасын жүргізу, отбасы бюджетін кұрып, жұмсай білу, тұтынуды ұйымдастыру, үйдегі жұмысты тең бөлу проблемасы, қарттар мен мүгедектерге қолдау, көмек көрсету мен қамқорлык жасау, т.б. қамтиды. Үй тіршілігін механикаландыру деңгейінің төмен болуы, тұрмыстық қызмет көрсету тораптарының қызметін пайдаланудың қиындауы мен қымбаттауы тұрмыстағы проблемаларды ең алдымен әйелдердің иығына артты, бұл олардың онсыз да ауыр рөлдік жағдайын қиындата түсті, дәлірек айтқанда, әйелдердің кәсіби қызметі мен олардың отбасындағы міндеттері арасында, әйел, ана және еңбекші арасында қайшылықтар туындады. Зерттеулерге жүгінсек, жұмыс істемей отбасында отырған әйелдердің тұрмыс тіршілігі қызметтегі әйелдерді аздап болса да қызықтырады, өйткені олар балалары мен күйеулерін күтуді маңызды шара деп есептейді, Көптеген әйелдер ер адамдарға карағанда жұмыс уақыттарының қысқа болуын, ал жылдық демалыстарының ұзақ болуын қалайды.
Отбасының рекреациялық функциясы қазіргі кезде ерекше маңызға ие болып отыр. Өмірдегі құбылыстар тез өзгерістерге ұшырап, соның салдарынан әр түрлі әлеуметтік және психологиялық тұрғыда ықпал ету арта түскен бүгінгі таңда стрестік жағдайлар саны біршама көбейіп, отбасы бұдан кейінгі ерекше терапиялық рөл атқару міндеттерін өз мойнына алды. Өйткені әрбір отбасы жан тыныштығын, өзара сенімнің қалыптасуын, қауіпсіздік сезімі мен психологиялық тұрғыдағы оңды ортаны қалайды, әрі соны орнықтырады. Аталмыш функция өзіне рухани-эстетикалық сәттерді, сонымен қатар отбасылық демалысты ұйымдастыруды да өз кұзырына қосып алған. Отбасы өмірінің рекреациялық мәселесі отбасы қатынасының мәдениетімен тығыз байланысты, бұл отбасының жалпы өміріне, оның тұрактылығына, тіптен некенің сақталуына үлкен ыкпал жасайды.
Отбасының статустық функциясы да бар. Отбасында тәрбиеленген әрбір адам өз отбасының мүшелеріне етене жақын кейбір статустарды мұра етіп алады. Бұл ең алдымен тұлғаның мынандай аса маңызды статустарын: ұлтын, қала немесе село мәдениетіндегі орнын және т.б. жағдайларды қамтиды. Таптық коғамдарда отбасының белгілі бір әлеуметтік жікке бөлінуі баланың келешек өмірін көбіне-көп анықтайтын мүмкіндіктер жасайды. Әлбетте, таптық статус адамның күш-жігеріне орай және қолайлы жағдайлардың тууына байланысты өзгерістерге ұшырайды, алайда, адамның болашағын оның өз отбасынан іздеу керек. Ата-анасының және туыстарының статустарына етене жақын рөлді атқара білу статустарына баланы дағдыландырып, дайындауды міндетті түрде отбасы жүзеге асыруы тиіс. Оны іске асыру барысында баланы әр түрлі жағдайларға, мүдделерге, құндылықтарға, өмір салтына қызықтыра отырып тәрбиелейді.
Қорғау функсиясына келетін болсақ, онда отбасы институты өз мүшелерін әр түрлі деңгейде физикалық, экономикалық және психологиялық тұрғыда қарастырады. Отбасы институты қоғамдық баска институттардың арасында ерекше орын алады, оны жете зерттеуге де айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені отбасы ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалатын мәдениет үлгілерін одан әрі жалғастырушы, ілгері апарушы болуымен қатар, тұлғаны әлеуметтендірудің қажетті жағдайын да қалыптастырады. Адам әлеуметтік рөлдерді тек отбасында ғана үйренеді, білімнің негіздерін алады, мінезқұлық дағдыларын қабылдайды.
Отбасылық өмір ережелері, олардың алғышарттары мен бастаулары, салт-дәстүрлері әр қоғамда өзіндік өзгешеліктері арқылы ерекшеленеді. Өз қоғамындағы отбасылық өмірдің құрылымы, отбасылық дәстүрі мен бастаулары әркімге ең тәуірі, бірегейі болып көрінеді. Сөйтіп, отбасылық өмір көбіне-көп этноцентризм тұрғысынан қарастырылған. Отбасы қоғамның маңызды бөлігі болып саналады десек, онда неге адамзат бәріне ортақ отбасы үлгісін жасамайды? - деген сауал туады. Бұған жауап беру үшін отбасы институтының шығуы мен дамуы туралы мәселені қарастыру қажет.
Көптеген қарапайым қоғамда отбасы ешкімге ұксамайтын бірден-бір дара тұрған ерекше өміршең және функция атқарушы институт болып есептеледі. Айталық, қазіргі Орталық Африка тайпалары мен Солтүстіктің көптеген халықтарында әлеуметтік институттардың басқа елдерге тән өзге формалары байқалмайды. Оларда әр деңгейдегі билік етушілер, формалды заңдар, дін қызметшілері, мамандандырылған кәсіпкер жоқ. Бұл қоғамдағы адамдардың бүкіл өмірі отбасында ғана өтеді. Билікті, азық-түлікті және өзге де құнды ресурстарды бөлу мәселелері бір ғана отбасының шеңберінде, тіпті әрі кеткенде бірнеше отбасының кеңесінде ғана шешіледі. Бір сөзбен айтсақ қарапайым қоғамдарда әлеуметтік институттар қанағаттандыруға тиісті физикалық және әлеуметтік кажеттіліктер болмайды. Ондай коғамдарға отбасы институты жеткілікті. Сайып келгенде, отбасы қарапайым аңшылар мен жер өңдеушілер үшін экономикалық өнімдерді бөлудің бірегей үлгідегі жеке-дара және жеткілікті институты болып табылады.
Бұған қарағанда біршама күрделі мәдениет деңгейіне көшу кезінде басқа институттық құрылымдар үлкен маңызға ие болады. Қарапайым тайпалардың өзіне етене жақын адамдармен және өзге де көрші тайпалармен сауда-саттыққа көшуі саудагерлерді, тауар тиеушілерді және т.б. отбасы институтының шеңберінен өрбитін мамандықтарды қалыптастырды. Бұлардан сәл кейін сауда өнімдерін өндіретін арнайы шеберлер мен қолөнершілер пайда болады. Олар кәсіби жіктелістің одан әрі іске асуының негізіне айналады. Пайда болған экономикалық институттар отбасылық рөлдер мен функциялардан тыс қызметтерді мамандандыруды жүзеге асырады.
Қарапайым қоғамдарда тәртіпті сақтау мен орнықтыру әлі де ресми заңдардың, полиция органдарының, соттың қатысуынсыз-ақ қолдау тауып отырады. Онда отбасы ғана бедел иесі болып саналады: отбасының ішінен сайланған бедел иесі оның өзге мүшелеріне өз билігі мен ықпалын жүргізеді. Тайпа көлемінің ұлғаюына байланысты мәдениет те күрделене түседі, сөйтіп енді формалды саяси ұйымдардың қажеттілігі туады. Отбасыларының отағалары тайпалық кеңестерге біріге бастайды, тайпалар конфедерацияларға бірігеді, түптеп келгенде, мұнын өзі бюрократияның пайда болып, дамуына әкеп соғады.
Сайып келгенде, қарапайым коғамда немесе қазіргі қоғамда болсын саяси ұйымдардың қалыптасуы ғана ұйымдаспай келген адамдар тобырын бірлескен, үйлесімді саяси немесе әскери әрекеттер жасай алатын адамдар қауымдастығына біріктіруге ықпал етеді. Дәл осындай жолмен, яғни кәсіби еңбек бөлінісінің арқасында дін қызметкерлері мен мұғалімдердің заңдастырылған рөлдері пайда болып, дін және білім институттары дами бастайды. Адамдар мұндай тәжірибемен өте сирек айналысатындықтан, бұл отбасы дәстүрімен шеңдеспейді. Демек, отбасы бүкіл әлеуметтік институттардың негізі болып саналады, біз отбасылардың дамуын сөз еткенде жалпы қоғамның дамуын қарастырғандай боламыз.
Қоғамның өзге де институттары сияқты отбасы да қоғам үшін маңызды белгілі бір функцияларды атқару үшін қабылданған нормалар мен процедуралардың жүйесін құрайды. Бұл жағдайда отбасы неке немесе адамдардың туыстық қатынастары арқылы байланысқан топ ретінде анықталады. Ол балаларды тәрбиелеуді қамтамасыз етеді және басқа да коғамдық маңызы бар қажеттіліктерді қанағаттандырады. Көптеген қоғамдардағы отбасы функциялары бір-бірінен соншалық деңгейде ерекшелене қоймайды, ал отбасында қалыптаскан дағдылар мен әдет-ғұрыптар осы функцияларды жүзеге асыруда адамдарға үлкен көмек көрсетеді. Алайда, бұлар мейлінше әр түрлі болады. Отбасылық, өмірдің бүкіл түрлерін, бітім-болмысын теріп жазатын болса, онда әр қоғамның отбасын кұрудағы өзіндік ерекше формасының болғанын аңғару қиын емес.