2. Әлеуметтік ақпарат жинақтаудың әдістемесі мен техникасы
Әлеуметтану басқа ғылымдар сияқты белгілі бір әдістеме жуйесіне арқа суйейді, яғни ақпараттарды жинау мен өңдеуге және талдаудан өткізуде әр турлі тәсілдер мен ережелерге бағынып, оларды басшылыққа алады.
Әлеуметтік ақпарат алудың бірден-бір ұтымды тәсіліне құжатты сараптау әдісі жатады. Бұл зерттеу жұмысында кеңінен тараған және жанжақты қолданылады. Демек , ақпаратты сақтау мен жеткізу үшін адамның арнайы жасаган дуниесін әлеуметтануда құжат деп атайды50. Құжаттарда жеке адамның, ұжымның, халықтың үлкен тобының және жалпы қоғамның қызмет процестері мен нәтижелері жөнінде мағлұматтар жинақталады. Сондықтан олар әлеуметтанушылар үшін аса маңызды.
Әлеуметтану ақпараттарының қайнар көзі болып есептелетін құжаттардың алуан турлі топтамалары бар. Сонымен, құжаттар мынандай топтарға бөлінеді: 1) ақпараттың техникалық құралдарда белгіленуіне орай ерекшелінетін құжаттар. Бұның өзі үш турді қамтиды: а) жазба туріндегі құжаттар, оған қолжазба мен баспасөз басылымдары жатады; б) секенографиялық құжаттар, яғни дыбыспен берілетін магнитафон, күйтабақ жазбалары жатады.Айта кететін бір жай, құжаттық ақпаратты сақтайтындардың жаңа түрлері мыналар: микрофильмдер, ЭВМ дискісі, т.б. Жазба құжаттардың кең тарағаны архив материалдары, статистиқалық есептемелер, ғылыми жарияланымдар, баспасөз басылымдары, т.б.; 2) құжаттың түпнұсқасының статусына жатқызылғандар немесе авторына бөлініп берілгендер ресми және ресми емес құжаттарға ажыратылады.
Ресми құжаттар деп лауазымды адамдардың, қызметкерлердің арнайы дайындаған құжаттарын айтады. Бұған мемлекеттік статистика мен мемлекеттік архив мәліметтері, жиналыс хаттамалары. т.б. жатады. Ал ресми емес құжаттарды жеке адамдар жасайды, яғни хаттар, күнделіктер, т.б. ресми емес деп атауға болады; 3) ақпараттың сақталу көзіне орай ол басқа құжаттар-тікелей бақылаудың немесе сауалнама өткізудің негізінде алынған мәліметтер, ал екінші рет қатардағы құжаттар бастапқы құжаттарды сипаттаушы немесе қорытындылаушы болып саналады; 4) мақсат-міндетке қарай ажыраған құжаттар жатады; 5) мазмұнына қарай бөлінген құжаттар. Бұлар экономикалық, құқықтық, тарихи, техникалық, т.б. болып топтасқан. Зерттеуші өз қызметінде көбіне-көп жазба құжаттармен, әсіресе әдебиеттермен, баспасөз басылымдармен және машинкаға басылған материалдармен жұмыс істейді. Ол тұрақты түрде статистикалық түпнұсқалар, есеп беру баяндамалары, мақалалар, сондай-ақ қоғамдық пікірді білдіретін баспасөз және теледидар мәліметтеріне арқа сүйеді.
Құжаттармен жұмыс істегенде зерттеуші олардың сенімділігіне назар аударуы қажет. Осыған орай құжаттан алынар ақпараттың сенімділігін тексерістен өткізетін ережені білу шарт. Мұндай ережеге мыналар жатады:
Оқиғаларды суреттеуден оларға берілген бағаны ажырата білген дұрыс. Оқиғаларға берілген бағадан фактілер әлдеқайда сенімді болады. Кейде құжаттарға берілген баға болады, бірақ оларды суреттейтін жағдай толық берілмеген болып шығады. Әдетте мұндай құжаттарға күмандана қарау қажет;
Құжатты құраушының оны дайындаудағы ниетін, мотивін анықтаған жөн. Өз жұмысы жөнінде есеп беріп отырған автор өзінің еңбегін асыра көрсетуге тырысады. Ал бақылаушы органдар, керісінше, жұмыстағы кемшіліктер мен қателіктерді теріп жазады;
Құжатты әзірлеуші адамның фактілері, т.б. іріктеп алу әдісін де білген жөн. Бастапқы құжат екінші рет жасалған құжатқа қарағанда әлдеқайда сенімді болады;
Құжатты дайындау кезіндегі елдің, ұжымның, т.б. жағдайын білу шарт. Сонда ғана құжаттың сол уақыттағы жағдайды объективті беруі немесе бұрмалап отырғандығы анықталады.
Құжаттарды талдау дәстүрлі жолмен және формальды түрде жүреді. Барлық құжаттар түрлерін оқып-пайымдау сын тұрғысынан қарауды талап етеді.
Құжаттарды дәстүрлі жолмен талдаудың (кейде сапалы талдау деп те атайды) мәні мен сыры – құжаттардың мазмұнын сұңғыла түрде зерттеу, негізінде алынған ой-пікірді игеру, негізгі идеяларын бөліп алу, логикалық жағынан терең зерттеу, олардың авторларының саяси, азаматтық бағытын қадағалау, кейбір “айта алмағандарын”, бүркеме пікірлерін іздеп табу, автордың құжатты жазудағы тілі мен стиліне аса көңіл аудару болып табылады. Осындай сараптау жасағанда зерттеуші өзіне-өзі сұрақ қойып, айталық, құжаттың құндылығы неде, оны дайындаудағы мақсат не, ондағы фактілердің сенімділігі қандай деген сауалдарға жауап беруі керек.
Дәстүрлі әдіспен саралауда көбіне-көп зерттеуші интуициаға (көкейкөз) бой ұрып, құжатты өзі ұғымы төңірегінде ғана түсініп, елге түсіндіруде субъективтік бұрмалаушылыққа жол беруі мүмкін. Құжаттың мазмұнын түсіну мен талдауға субъективтікпен қатар психологиялық алғышарттар шаршап-шалдығу, т.б. Неғұрлым жан-жақты талдаудан өткен құжаттардың саны мен көлемі көп болса, соғұрлым олардың субъективтік бұрмалаушылығы кемиді. Баспасөз ақпараттарды деректерінің саны мен оның көлемінің артуы, ақпарат процесінің “бұқаралық” сипат алуы контентталдаудың пайда болып, қалыптасуының объективті алғышарттарына айналады.
Әдетте жүйеге келтірілмеген көп материалды сараптау қажеттігі туындағанда, талдауды іске асырғанда нақты жоғары дәлдік пен объективтілік талап етілгенде, зерттеуші үшін құжаттың тілі маңызды болғанда ғана контененталдау әдістемесі қолданылады.
Құжаттарды формальды немесе контент-талдау кезінде зерттеу текстпен жүргізіледі, бірақ мұнда құжаттың мазмұнын ашатын мәнді белгілері анықталады, сонда ғана ол түсінуге, есептеу операциясын жүргізуге қолайлы болады және мәтінге кірмей тыс қалған ақиқат іздестіріледі. Мәтінде көрсетілмеген шындықты оқиғалар мен фактілерден, адамдар арасындағы қатынастардан іздеу жеткіліксіз, сондықтан ақиқатты мәтінді дайындау кезіндегі материалдарды іріктеу принципінен де іздестіру шарт. Басқаша айтар болсақ, зерттеуші үшін мәтіннің мазмұнына енген ой-пікірдің бәрі өте құнды, маңызды болып саналады.
Контент-талдаудың келесі маңызды принципі ретінде құжаттың мағынасын ашатын бірліктерді анықтау қажет. Мәтіндегі ұғымдар, терминдер құнды әлеуметтік ақпарат береді. Мысалы, 1989-1991 жылдардағы баспасөз беттерінде жиі қолданылған егемендік, нарық, нарықтық қатынастар, т.б. ұғымдар елдің әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайының өзгергенін көрсетеді, осыларды ескере отырып, зерттеуші әлеуметтік талдау жасау қажет.
Арнайы тақырыпқа арналып жазылған мақала болмаса, онда керекті тақырыпты мәтіннің мағыналы абзацтарынан іздестірген жөн. Іздеп отырған тақырып мәтінде көп жағдайда әр түрлі көріністерде кездеседі, айталық, сөз түрінде, сөз тізбегі, айдар түрінде беріледі. Мысалы, 1990-1991 жылдардағы баспасөз беттерінде нарықтық экономикаға көшу, оған өтудің жолдары, оның әлеуметтік салдарынан сараптау басымырақ орын алады. Сондай-ақ зерттеуші сол тақырыптарды қолдаушыларды және оған қарсыластарды да анықтағаны дұрыс.
Тарихи тұлғалардың, саясаткерлердің, ғалымдардың есіміне де ерекше көңіл бөлген жөн. Олар баспасөз беттерінде, т.б. жиі кездесетін болса, онда олардың қоғамдық пікірге ықпалын анықтауға болады. Бұлардан кейін қоғамдық оқиғалар, фактілер де назардан тыс қалмауы тиіс.
Мақаланың, т.б. мән-мазмұнын ашатын мағыналық бірліктер таңдап алғаннан кейін, зерттеуші сандық көрсеткішке арқау болатын есепшот бірлігін анықтайды. Есепшот бірлігі дегеніміз – мағыналы бірлікті мақалада, т.б. қолданудағы жиілікті есептеу. Шығарманың жолдары, абзацтары, тыныс белгілері, таспа ұзындығы, тақырыптың аты немесе айдар көлемі, жұмсалған уақыт, сол немесе өзге хабарға бөлінген сағат есепшот бірлігі болып табылады.
Сонымен бірге контент-талдау әдістемесінің қолдану аясының шектеулігін де есте ұстау керек. Проблеманың ізденіс қырлары сан қатпарлы болғандықтан, ол формальды түрде талдап-саралауға көне бермейді. Бұл әсіресе құжатты жартылай немесе толық аша алмаудан, сөз мағынасының рет бермеуінен, т.б. көрінеді.
Ақпарат жинаудың маңызды көзі және әдістемесі – бақылау. Бақылау микроәлеуметтік зерттеулер жүргізгенде шағын топтарды, ұжымның әлеуметтік-психологиялық ахуалын, басшылық етудің тәсілдерін зерттегенде, қақтығыс, шиеленіс жағдайын саралауда жақсы нәтиже беретін тиімді әдіс болып есептеледі.
Әлеуметтану ғылымында түйсіну арқылы ақпаратты жинау және объект жөнінде барлық фактілерді тіркеу әдісін бақылау деп атайды. Ол қарапайым бақылаудан мынандай белгілері арқылы ерекшелінеді: 1) нақты зерттеу мақсатына бағындырылады; 2) белгілі бір әдістеме арқылы жүргізіледі; 3) бақылаудың мәліметтері белгілі бір әдістемемен хаттамаларға, күнделіктерге көшіріледі; 4) бақылау жолымен алынған ақпараттың сенімділігі және негізділігі тексерістен өтеді.
Бақылаудың сенімділігі субъекті мен объектінің арақатынасындағы жағдайдың біркелкілігі, процедураның құрылысы, ақпараттың репрезентативтілігі арқылы қамтамасыз етіледі. Солай дегенмен де, бақылау көбінесе зерттеушінің психологиялық көңіл-күйіне, оның талғамына, мәдениетіне, т.б. қасиеттеріне тәуелді болып келеді. Бұл талаптардың зерттеушінің бақылау жүргізу кезінде өз сөзіне, пікіріне және қимыл әрекетіне барынша сақ, байыпты болуын талап ететінін естен шығармаған жөн, сонда ғана оқиғаның табиғи желісі бұрмаланбайды. Ал бұған кері жағдайда зерттеуші анық емес, шүбә келтіретін сенімсіз ақпарат алуы мүмкін, сөйтіп оның байлам-қорытындысы толық дәлелденбеген, ал ұсыныстары үстірт, келте болады, бұл проблеманы шешудің тиімді жолын айқындай алмауға әкеліп соқтырады51.
Бақылаудың бірнеше түрлері бар. Оны жүргізуге техникасына, кімді бақылау қажеттілігіне орай бақылау – бақылаулылық және бақылаусыздық, яғни спонтандық түрлерге бөлінеді. Бақылаулық түрі зерттеудің тиянақты жоспарына және реттілігіне сәйкес жүргізіледі.
Тұрақтылығына қарай бақылау жүйелі және кездейсоқ болып бөлінеді. Жүйелі бақылауда, айталық, айдың әр күніндегі қимыл-әрекет ұқыпты түрде күнделікке түсіріліп отырады, кездейсоқ бақылауда ақпарат жоспарсыз жүргізіледі.
Бақылаушының қолданатын әдісіне орай бақылауды іштен және сырттан бақылау деп те ажыратады. Бұлардың біріншісінде зерттеуші әлеуметтік ортаға енеді, соған бейімделеді, сөйтіп оқиғаны іштен талдайтын болады, соның негізінде объектінің сырт көзге түсе бермейтін көптеген құпияларын білуге, ерекше ақпарат алуға мүмкіндік жасалады. Екінші жағдайда зерттеуші топтың арасында мүше болып енбейді, бақылау топтың сыртынан жүргізіледі. Сондықтан да бұдан алынған ақпарат атүсті, жеңіл-желпі болып шығады.
Іштен және сырттан бақылауды ашық түрде немесе жасырын (бүркеніш) атпен жүргізуге де болады.
Жасырын атпен іштен бақылау (бақылауға алынбаған топ мүшелері әріптестерінің бірінің зерттеуші екенін білмейді) әдетте “жабық” ұжымдарды зерттегенде қолданылады. Ашық ұжымдарда топ мүшелері өздерін ғалымның бақылап жүргенін білуіне болады. Сөйтіп, шамалы уақыт өткеннен кейін ұжым мүшелерінің зерттеушіге бойы үйреніп алады да, өздерінің дағдылы іс-әрекеттеріне, кәдімгі мінез-құлқына қайта енеді.
Бүркеніш атты жамылып іштен бақылау жасау ең тиімді тәсіл екен деп ұшқар ой қорытуға болмайды. Ашық бақылаудың өзіндік артықшылықтарын ұмытпаған жөн. Әсіресе оның еркін сұрақтар беру мүмкіндігі, кейбір сәтте жағдайға тікелей қатысып, килігіп кетуі, зерттеушінің топ ішінде өзін емінеркін ұстап жүре алу мүмкіндігі арта түседі.
Бақылау әдістемесінің көптеген артықшылығы бар. Оның болып жатқан құбылысты нақты байланыстармен анықтауға қабілеті бар. Бұлай бақылаудың оқиға жөнінде пікір-пайымдау жасаудан гөрі білім беру жағы басым болады. Бақылау жүргізуші респонденттердің (жауапшы) зерттеу салаларына жауап қайтаруға дайын екендігіне немесе қабілетіне бағынышты болмайды. Сондай-ақ бұл әдістің мейлінше қарапайым екендігін, оны қолдануға аса көп мөлшерде ақша-қаражаттың керек болмайтынын айта кеткен жөн.
Жалпы бақылау әдісі арқылы алынған ақпараттың сенімділігі індетті түрде тексерістен өткізіледі. Ол үшін бақыланған алғашқы объект дәл сондай жағдайда екінші рет бақылаудан өтеді. Екі бақылаудың нәтижесі бірдей болса, онда ақпараттың сенімді болғаны. Ақпараттың сенімділігін арттыруға қажетті бақылау жүргізудің қалыптасқан негізгі ережелері бар, оларды міндетті түрде білу керек. Ол ережелер: 1) зерттеуші бақылау бірлігін таңдап алуы керек. Мысалы, ұғымның психологиялық ахуалын зерттеу керек болса, шиеленіс оның бірлігі етіліп алынады, еңбек тәртібінің бірлігіне жұмысқа кешігіп келу, басшылар нұсқауларын орындамау, т.б. алуға болады; 2) фактіні, оқиғаны, құбылысты, процесті бағалаудан бұрын оны содан ажырата білу шарт. Айталық, мектептің педагогикалық кеңесін бақылаған зерттеуші оның 2 сағатқа созылғанына (бұл факті болады) көңіл аударса, кеңестің уақыты тиімсіз пайдалануы, оның солғын өтуі де (бұлар бағаға жатады) назардан тыс қалмайды; 3) бақылаудың нәтижесін қолма-қол жазып отыру керек, ол кейін жазылған болса, кейбір «майда-шүйдесі» ұмыт қалады; 4) зерттеуші өзі жүргізген бақылауды өзімен параллель бақылау жүргізуші әріптесінің жұмысымен салыстырғаны дұрыс; 5) бір объектіні бірнеше жағдайда бақылаған жөн. Мысалы, басшының күнделікті әрекетіне назар аударылады және төтенше жағдайда оның шешім қабылдауына ден қойылады; 6) бақылаудан алынған мәліметті өзге әдіспен алынған мәліметпен (айталық, құжаттар) салыстырған орынды.
Ақпараттың сенімділігі мен анықтығы субъективтік кедергі жойылмайынша қамтамасыз етілмейді. Дегенмен де, мұны жүзеге асыру оңай нәрсе емес. Себебі бақылаушы әрдайым өз тәжірибесіне, пайымтүсінігіне арқа сүйейді және өз көңіл-күйіне тәуелді болады. Бақылауға алынуға тиісті оқиғалар мәнді және мәнсіз оқиғалар ретінде жәй ғана топтастырылады. Бұл қарапайым топтасу бойынша мәнді оқиға міндетті түрде жазылып алынады, ал мәнсіз оқиғаны жазбаса да болады. Сөйтіп бақылаушы тәжірибесінің деңгейіне сәйкес талдау жасайды. Мұндайда бұрмалаушылыққа жол бермеу үшін екінші рет қайталап тексеріс-бақылау жасау керек немесе дерек жинаудың басқа да әдістерін қолдану қажет.
Солай дегенмен де, бақылау әдістемесінің қолданылу аясының мүмкіндігі шектеулі. Оған мына жайлар дәлел ретінде келтіре кетуге болады. Бақылауды сезген адамдар өздерінің табиғи қалыптасқан мінез-құлқын көбіне-көп бірден өзгертуге тырысады. Зерттеушінің әлеуметтік ортаға (ұжым, топ) шектен тыс бейімделуі де қауіпті, ондай жағдайда ол объективтік баға беру қабілетінен айрылып қалады. Бұл көбіне іштен бақылау кезінде орын алады, зерттеуші бақылауға алынған адамдарға толық сіңіп, олардың ұстанымына көшіп кетеді. Көптеген әлеуметтік құбылыстар мен процестерді зерттеуде бақылау әдісінің қабілет-мүмкіндігі өзінің дәрменсіз екендігін көрсетеді. Ол әсіресе әлеуметтік құрылымды, бұқаралық процесті, өткен оқиғаны, себептерді, нормаларды зерттеуден байқалады, бақылау бұларды тек аз көлемде ғана түсініп, білуге жақындата түседі.
Сауалнама әдістемесі. әлеуметтанушыға бақылау жүргізу арқылы алуға болмайтын немесе құжаттарда жазылмаған құбылыстар мен процестер (респондент пікірі, себептері, т.б.) жөнінде ақпараттар өте жиі қажет болады. Мұндай ақпараттар сауалнама әдісін қолдану арқылы алуға болады. Бұл әдіс ғылымда кеңінен тараған және барынша жиі қолданылатын әдістеме болып саналады. Оның мұндай дәрежеге көтерілуі әмбебаптығымен де түсіндіріледі. Бақылау барысында зерттеуші объектінің тек қана нақты мінезқұлқын белгілейтін болса, сауалнаманың көмегімен ол адамдардың бүгінгі қылықтары туралы кең көлемді мағлұмат ала алады, сонымен қатар олардың өткен уақытындағы тыныс-тіршілігімен бірге болашақ жоспары, ниеттері жөнінде де ақпарат алады. Сауалнама, әсіресе, индивидтердің субъективті жай-күйі жөнінде мәлімет алу қажет болғанда таптырмайтын ерекше құнды әдіс болып есептеледі. Сұрақтардың жиынтығы бұл әдістің түп негізін қалайды. Сұраулардың көмегімен ақпарат алынып жиналады. Ғылымда сауалнаманы жүргізушілер адамдар – анкетерлер (сауалшылар) және сұрақтарға жауап қайтарушылар – респонденттер (жауап берушілер, жауапкерлер) деп аталады. Алынған ақпараттың сипатына және оны алу тәсіліне қарап, сауалнама бірнеше түрге бөлінеді.
Сауалнама әдісінің екі түрі бар: олар – анкеталық және сұхбат немесе сұхбаттама (интервью). Сауалнама жауап алу ұжымдарының және жеке адамдардың кез-келген проблема бойынша пікірін білуге мүмкіндік жасайды. Әсіресе бұл әдіс құжаттар арқылы зерттеу, бақылау т.б. әдістерді қолдану үлкен қиыншылықтар туғызғанда пайдаланылады. Анкеталық сауалнама көп жағдайда алдын ала дайындалған анкетамен жүргізіледі, респонденттің атыжөні көрсетілмей (анонимді) өткізіледі. Әдетте анкета үш бөлімнен құралады: үндеулік, негізгі, төлқұжаттық. Үндеулік бөлімде қысқаша зерттеудің мақсаты туралы айтылып, оның мәні мен маңыздылығы атап өтіледі және зерттеу нәтижесі қалайша қолданылатыны жазылады, анкетаны толтыру ережесі көрсетіледі, қайтарылған жауаптардың құпиялылығы сақталатынына кепілдік беріледі. Анкетаның (сауалхат) негізгі бөлімінде қажетті ақпарат алуға бағытталған сұрақтар орналасады. Алғашқы сұрақтар бойынша түсінікті, қызықты болуы керек. Осылай жауап берушілердің қызығушылығын арттырып, ынтымақтастыққа жетуге болады. Бұлардан кейінгі сұрақтар олардың пікірін, оқиғалар мен қазіргі жағдайға беретін бағаларын білуге бағытталуы әрі күрделі болуы шарт. Ал төлқұжаттық бөлімде респонденттердің (жауапкер) демографиялық мәліметтерді (жасы, жынысы, т.б.) жөніндегі сұрақтар қойылады. Анкетаны құрастыруда сұрақтардың тұжырымдылығына баса назар аударылады. Анкетаны дайындау үшін зерттеуші сауалнаманың мақсаты мен міндеттерін анықтап біліп алады, содан соң логикалық жүйеде сұрақтар қарастырылып, оның жауаптарының түрлері көрсетіледі.
Анкетаның сұрақтары үш негізгі топқа бөлінеді: 1) ашық түрлері сұраулар, мұның жауаптары анкетада жазылмайды, оны жауапкерлер өз қолдарымен жазып қайтарады; 2) жабық сұрақтар, мұның жауаптары мен варианттары анкетада жазылады. Жауап беруші жауаптың астын сызып немесе дөңгелекшеге алып қайтарады; 3) аралас сауалдар, бұл бірінші және екінші топтағы сұрақтардың элементтерінен құралып, белгілі мөлшерде жауаптары да жазылады, бұлармен қатар «Басқасы не екенін көрсетіңіз?» - деген сұрауларға жауап алу да белгіленеді.
Анкеталы сұрақтардың түрлері түсінікті болу үшін мысалдар келтірейік: 1) Ашық сұрақ: «Қазақстандық газеттердің қайсысы халықаралық жағдайлар туралы сауаттық жазады?». Мұнда алдын ала сұрақ жауабының тізімі
1; берілмеген, сондықтан жауап беруші жауапты өзі әзірлеуге міндетті болады 2) Жабық сұрақ; «Сіздің болашақ мамандығыңызды таңдауға ықпал жасаған кім?» - ата-анам, мектептегі ұстаздарым, жолдастарым, болашақ мамандықты өзім таңдадым; 3) Аралас сұрақ: «Сіздің пікіріңізше нарықтық экономикаға көшу жастарға не береді?» - материалдық жағдайды жақсартады, материалдық жағдайды нашарлатады, жұмыссыздықты көбейтеді, жұмыс орнын кеңейтеді. «Сізді қазір қандай әлеуметтік проблема қатты толғандырады?». Қалған жауаптарды өзіңіз жазыңыз.
Анкета (сауалхат) құрастыру мен дайындаудың ережесі мен әдістемесі жасалып, қалыптасқан. Оларда:
Релятативтік, яғни ақпарат жинаудың осы формасының
қаншалықты дұрыс екендігін анықтаған жөн;
Анкетаның кімдерге арналғандығы, яғни оның белгілі бір жауап берушіге арналып жазылғаны. Мысалы, интелллигенцияға арналған анкетаны пайдалану арқылы жұмысшылардан сауалнама алуға болмайды;
Анкетаның объективтілігі, яғни қойылған сауалдарға қайтарылар жауаптардың өзге факторларға тәуелділік деңгейі;
Түсінуге оңай болуы, яғни анкетаның сұрақтары мейлінше ұғымға жеңіл тұжырымдалып, жауапкер адам мазмұнын өзі түсіне алатын болуы керек;
Қойылған сұрақтар бір-біріне үйлесімді, сыпайыгершілікпен ерекшеленуі қажет. Күрделі сауалдарды мағынасын ашатындай етіп қоя білген жөн, яғни олар көптеген сұрақтар деп аталатындарға ұрынудан сақтайды.
Демек, ашық және жабық сұрақтардың қайсысы «жақсы» немесе «нашар» деп олардың ара-жігін аша, бөліп салыстырудың қажеттілігі шамалы. Осы екі сұрақтардың өзіндік ұстанымы, қолдану аясы бар. Пікір жинау барысында өтетін сынақ (пилотаж) зерттеу кезінде ашық сұрақтар қолданылады, далалық зерттеуде жабық сұрауларды пайдалану басымырақ орын алады. Сұрақтарды «жабық» етуге мүмкіндігі жоқ сауалдар да бар. Мысалы, «Соңғы кезде көрген фильмдердің қайсысын сіз сәтті деп ойлайсыз?» «Иә» немесе «жоқ» тектес жауаптар беріледі-ау деген сауалдарды ашық сұрақтар қатарына жатқызу қажет.
Жартылай жабық сұрақтар деп аталатын сауалдар да өте жиі кездеседі. Мұндайда балама сұрақтардан соң ашық типтегі сұраулардың варианттары жазылады. Айталық, «Бұл сұраққа орай сіз не айтар едіңіз?», «Сіздің өз пікіріңіз болса, жазыңыз», т.б. Сөйтіп жауап берушінің өз бетінше жауап жазуға мүмкіндігі пайда болады, ал зерттеуші үшін варианттар жиынтығы кеңейді.
1 Тәжин М., Ағанов Б. Социология негіздері. Алматы: Ана тілі, 1993. 6-б.
Тіке сұрақтар нақты жауап берушіге бағытталады. Айталық, «Сіз...
білесіз бе?», «Сіз... туралы не ойлайсыз?», «Сіз... қанағаттандыңыз ба?» «Сіздің .... жөнінде пікіріңіз қандай?», т.б. Кейде тіке сұрақтардың орнына бір немесе бірнеше жанама сауалдар қойылады. Мысалы, жалақыға қанаттық ету туралы қойылады. Мысалы, жалақыға қанағаттық ету туралы сұрақ қою дұрыс емес, сондықтан оның орнына «Сіз бос уақытыңызды табыс табуға жұмсайсыз ба?», «Отбасыңыздың әр мүшесіне шаққанда неше теңгеден келеді?», т.б. қолдануға болады.
Қызмет аясына, яғни атқаратын міндетіне қарай сұрақтар: негізгі, тексеруші, сүзгіш, буферлік (аралық), тор құрушы сұраулар болып жіктеледі.
Тексеруші сұрақтар негізгі немесе бағдарлама сұрауларына қайтарылған жауаптардың шындығын тексерістен өткізуге бағытталған. Шындығында бұл қайтаталанып қойылған сауалдар, тек басқаша өңмен берілген. Мәселен, анкетаның мақсаты жауап берушінің жұмысына қанағаттану деңгейін анықтау еді делік. Осыған орай негізгі сұрақ: «Сіз жұмысыңызға қаншалықты қанағаттанасыз?» деп қойылса, онда тәуелді сауал: «Сіздің жұмыс орныңызды ауыстырғыңыз келе ме?» деп тұжырымдалады.
Сүзгіш сұрақтардың атқарар міндеті – сұрауларға жауап бере алатын немесе жауап беруге тиісті жауап берушілер тобын жауап бере алмайтын немесе жауап беруге тиісті емес адамдардан бөліп алуға келіп тіреледі. Мысалы, «Сіз спорттың қандай түрімен айналысасыз » деп сұрамастан бұрын жауап берушінің жалпы спортпен шұғылданатынын немесе айналыспайтынын білу қажет. Соңғы қойылған сауал – сүзгіш сұрақ болады. Егер жауап беруші оған жағымсыз жауап қайтарса, онда оның спортпен айналысу жөнінде басқа сұрақтарға жауап қайтаруының ешбір қажеті жоқ.
Буферлік (аралық) немесе алаңдатқыш сұрақтар жауап берушінің назарын жаңа тақырыпқа аудару үшін, алғашқы қойылған сұраулардың соңғыларына тигізген ықпалын бейтараптандыру жою үшін қолданылады. Мәселен, жастардың ауылдық жерден көшіп-қону проблемасын зерттегенде жауап берушіге ең алдымен ауылдық жерлердегі әлеуметтік қызмет көрсету төңірегіндегі проблемалар жөнінде сұрақтар қойылады. Олардың көпшілігі тұрмыстық қызмет көрсету саласының дамымай қалғандығын, клуб, кітапхана, т.б. жоқтығын өз жауаптарында атап көрсетеді. Бұдан соң қалаға қоныс аударудың себептері туралы сауалдар қойылады. Оларға жауап қайтарғанда , жауап беруші қалаға қоныс аударудың себебі ретінде әлеуметтік саладағы қызмет көрсетудің аталмыш кемшіліктерді атап көрсетеді. Жауаптардың осындай болуы қойылған сұрақтар блогінің басқалардан бөлінбегендігінен, дәлірек айтқанда, алаңдатқыш сұраулардың болмауынан туындайды.
Адалдықты анықтайтын сұрауларды тор құрушы сұрақтарға мысал етіп алуға болады. Оқырман қауымды зерттегенде зерттеуші жауап берушілерге бірнеше көркем әдебиетке сын пікірін білдіруді ұсынады. Алайда, көркем туындылардың тізіміне ойдан шығарылған автордың да аты енгізіледі.
Егерде жауап беруші ойдан шығарылған автордың шығармасын оқыдым, ол ұнады немесе ұнамады деп жауап қайтарса, онда өзі қайтарған жауаптарына оның адал еместігі әшкереленеді.
Тор құрушы сұрауларға өтіріктің детекторы деп аталатындар да жатады. Ол үшін жауап берушіге қат-қабат сұрақтар қойылады, айталық, «Сіздің әлденені басқадан жасырғыңыз келетін ойыңыз бола ма?», «Өзіңіз білмейтін заттар жөнінде айта аласыз ба?», «Ашуланып, теріңізге сыймай кету сізде кездесе ме?» егерде жауап беруші осы сұрақтарға «жоқ» деп жауап берсе, онда оның адалдығына күмән келтіруге әбден болады.
Анкета мен сұхбаттың сұрақтарына сауатты дайындау үшін көп жыл бойы жинақталған тәжірибе қажет. Бұл істі бастап жатқан зерттеуші, әдетте, осы мәселеде көптеген қателіктер жібереді, соның салдарынан объективті емес, сенімсіз ақпарат жинақталады. Мұндай ақпаратты жұмысты пайдалануға болмайды.
Осыған байланысты практикада жиі кездесетін қателіктер мен кемшіліктерге тоқталар болсақ, онда оларға, біріншіден, «көп сөзділік» жатады. Яғни анкетаны көп сөзбен көпіре жазып оның көлемін ұлғайтуға болмайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, анкетаның көлемі неғұрлым үлкен болса, ол соғұрлым нашар толтырылатын болады. Тиімдісі – көлемі орта анкета, ол 30-40 сұрақтан аспайды. Олай дейтініміз, адам 40 минуттан артық уақытын анкета толтыруға жұмсайтын болса, қателіктер жібере бастайды, оның соған беріле ден қоюына орай сұрақтар да жауапсыз қалады. Ғалымдар мазмұны жағынан бірдей екі анкетамен тәжірибе жүргізеді. Оның біріншісінің сұрақтары нақты етіліп қойылады, ал екіншісінің сауалдары көп сөзден құрастырылды. Соның салдарынан бірінші анкетаға қайтарылмай қалған жауап небәрі 3 пайызды ғана құраса, ал екіншісінде 20 пайыз көлемінде жауап берілмей қалды.
Қателіктердің бір тобы – анкетаның және сұхбаттың (сұхбаттаманың) сауалдарын дұрыс тұжырымдай алмауға келіп тіреледі. Кез келген сұрақты қоя салу орынсыз. Мысалы, оқушылардың кәсіптік бағдарын сараптау кезінде «Неге сен бұл мамандықты таңдап алдың?» деп сұрауға болмайды. Былай қарағанда, осы қойылған сұрақ зерттеудің негізгі міндетін жүзеге асыруға бағытталған сияқты. Бірақ ол оқушының тікелей «маңдайына» ұрғандай етіп қойылып отыр және нақты емес. Дұрысы ол сұрақты бірнеше шағын сұрауларға бөліп, нақты етіп қойған жөн, айталық, «Сені бұл мамандықтың несі қызықтырады?», «Сен өзің қаладың ба, әлде басқалар кеңес берді ме?», т.б.
Мазмұны әрқилы түсінік беретін сұрақтарды да қоюға болмайды. Мәселен, «Сіз өз уақытыңызды қалай өткізесіз?» деген сұрауға түрліше жауап беріледі: жақсы, жаман, киноға барам, саяхатқа шығам, жалғыз өткіземін, достарыммен боламын, т.с.с.
Жетекші сұрақтар жауап берушіні белгілі бір жауапқа бағыттайды. Осы орайда мынандай сұрақтарды шындығында да «Сіз... қаламайсыз ба?» немесе «Сіз.... болады деп ойлайсыз ба?» деп қоюға болмайды, өйткені олар қажетті жауапты өздері сыбырлап айтып тұр.
«Сіз... тілейсіз бе?», «Сізге.. ұнай ма?», «Сіз... құмартасыз ба?» іспетті сұрақтар жауап берушіні жағымды жауап қайтаруға итермелейді. «Иә білмеймін, иә құмартамын» сияқты жауаптар қайтару, айталық, білмейтін, құмар еместігін мойындамауымен гөрі әлдеқайда жеңіл. Сондықтан екі ұстанымға бейтарап сұрақтарды тұжырымдаған дұрыс. Мысалы, «Сіз «Асар» бағдарламасын ұнатасыз ба?» деген сауалдың орнына «Сіз «Асар» бағдарламасына қалай қарайсыз?» деген сұрақ қою дұрыс секілді.
Анкетаның сұрақтарына қайтарылатын жауаптары немесе сұхбатнаманы стандарттаудың варианттарын дұрыс тұжырымдай білу де маңызды. Бұл жерде де аса нақтылық, дәлдік және анықтық қажет. Айталық, «Сіздің газет оқуға қанша уақытыңыз кетеді?» деген сауалдарға «көп, аз» секілді қайтарылған жауаптардың варианты жарамайды, себебі, жауап берушінің біріне «аз» деген бір сағатты білдірсе, екінші біреуіне 3 сағатты түсіндіруі мүмкін.
Жауап берушіге ұсынылған жауаптардың баламасы толық, ойластырылған, тұтас логикалық жүйеге негізделіп құрылған болуы керек. Егер сұрақ жауап берушіге жауаптың көптеген вариантын ұсынатын болса, онда оны нұсқаумен қамтамасыз ету қажет. Нұсқау неше вариантты белгілеудің (бір, үш немесе бәрін) қажеттілігін түсіндіріледі.
Әлеуметтану зерттеулерінің барысында алынған мәліметтерге талдау жасау құралдарды толтыру сапасына бақылау жасаудан, қателерді түзетумен және сапасыз толтырылған жарамсыз анкеталар, бланкілер, карточкалар және т.б. бөліп алудан басталады.
Қойылған әрбір сұраққа қайтарылған жауаптың дұрыстығы анықталады, қажетті қажетті жағдайда жауап түзетіледі. Бұдан кейін дұрыс емес жауаптар есепке алынады.
Алғашқы ақпаратты өңдеудің мәні оны қорытындылау болып саналады. Қорытындылаудың нәтижесін әлеуметтану ақпараты деп атайды. Құралдарды (анкета, т.б.) өңдеудің тәсілі жөнінде алдын ала шешім қабылданады. 60-70 адамнан алынған сауалнама жауаптарын өңдеу қолмен, микрокалькулятормен жүзеге асырылады. Егерде анкета айтарлықтай үлкен болмаса (20 сұраққа дейін болса), онда 200-350 анкета қолмен өңделеді. Егерде құралдарда 20-дан көп сұрақтар болса, онда қолмен өңдеу мүмкіндігі 100-200 анкетаны құрайды. Электронды есептеу машинасымен өңделетіндердің нәтижесі табуляграммалар түрінде көрсетіледі.
Анкетадағы немесе сұхбатнаманың бланкісіндегі әрбір сұрақ белгілі бір бір дәрежеде өлшем шкаласы болып табылады. Өлшем бірлігі болып соларға сәйкес жауаптардың балама варианттары саналады. Осы позициялар (жауаптардың варианттары) бойынша распонденттер топтастырылады. Сонымен қатар, белгілі бір өлшем шкаласына жауап берушілердің объективтік сипаттары, олардың субъективтік бағалары, т.б. топтастырылады.
Өлшеу әр түрлі шкалалардың көмегімен іске асырылады, оған мағлұматтарды математикалық талдаудың әр түрлі ережелері сәйкес келеді. Әлеуметтану зерттеулерінде әдетте шкалалардың үш негізгі типтері: номинальды, рангтік (реттілік), интервалды қолданылады.
Алғашқы әлеуметтанушылық ақпараттарды қорытындылаудың ең қарапайым формасы топтастыру болып табылады. Осы кезеңде мәнді белгілері немесе бір ғана белгісі (мысалы, жынысы, жасы, білімі) ерекшеленеді және респондент анықталған белгіге сәйкес топтың біріне қосылады. Респонденттердің жауаптарын, айталық, жыныстық белгісін ескеріп жинақтағанда қарапайым топтастыру іске асады. Дәл осындай жұмысты маңызды белгі ретінде білім деңгейін анықтағанда да атқаруға болады. Бұл жерде топ екеу емес, кем дегенде үшеу немесе төртеу болуы тиіс.
Бөлініп алынған топтарды салыстыруға, теңестіруге болады, осыған байланысты қайсыбір әлеуметтік құбылыстарды, мотивтерді, жауап берушілердің мүдделерін терең әрі жан-жақты талдауға қол жеткізіледі.
Әлеуметтану ақпараты төмендегідей белгілеріне орай топтастырылуы мүмкін: номинальды белгісіне сәйкес (кәсібі, ұлты, т.б.); рангтік шкалаға сәйкес белгілер бойынша (мысалы, еңбектің сипатына орай: қол еңбегі, механизмдермен жұмыс, интеллектуалды еңбек); сандық белгілерәі бойынша (топтар сандық белгілермен сипатталады, оларды өзара сапалы салыстыруға болады, мысалы, жас мөлшері интервалы бойынша топтастыру: 18-20 жас, 21-25 жас, 26-30 жас, т.б.).
Әлеуметтану зерттеуінің нәтижесін өңдеу, талдау және қорыту бірнеше кезеңді қамтиды.
Бірінші кезеңде эмпирикалық міндеттерді жүйеге келтіру, диаграммалар, схемалар, кестелер, т.б. құрастыру жүзеге асырылады. Екінші кезеңде алынған ақпараттарды топтастыру, яғни оларды белгілі бір белгілеріне, проблемаларына, сұрақтарына, т.б. қарап жинақтау орындалады.
Үшінші кезеңде құбылыстарды суреттеу негізінде алынған ақпараттарды топтастыру жүргізіледі. Төртінші кезеңде теориялық типологиялау ісі атқарылады.
Жиналған ақпараттарды талдап, қорытындылаудың нәтижесінде зерттеуге ғылыми баға беріліп, проблеманы шешуге ұсыныстар жасалынады, ғылыми есеп беріледі. Зерттеудің қорытындысы бойынша жасалатын есеп берудің құрылымы көбіне-көп негізгі ұғымдардың әрекетіне сәйкес келеді. Алайда, зерттеуші бұл құжатты дайындау кезінде индукцияға бой алдырады. Есептің тауарларының саны әдетте зерттеу бағғдарламасында көрсетілген көземелдің санына дәл келеді, жауап ең алдымен басты көземелге беріледі.
Әдетте есеп берудің бірінші тарауында зерттеллген әлеуметтік мәселенің өзектілігі, зерттеу параметрлерінің (сұрыптау, ақпарат жинау әдістері, зерттеуге қатысушылар саны, жұмысты жүргізу мерзімі және т.б.) сипаттамасы қысқаша баяндалады. Екінші тарауда зерттеу объектісіне әлеуметтік-демографиялық белгілері бойынша (жынысы, жасы, білімі, т.б.) сипаттама беріледі. Бұдан кейінгі тараулар бағдарламада ұсынылған көземелдерге жауаптар іздестіруді қамтиды. Есеп беру тараулары қажет болған жағдайда параграфтарға бөлінуі мүмкін. Әрбір тарау немесе тіптен әрбір параграфты түйінмен (қорытындымен) аяқтау өте орынды саналады.
Жалпы қорытындыларға негізделген есептің қорытындысын практикалық ұсыныстар түрінде жазған дұрыс. Есеп беру 30-40 немесе 200300 бетке жазылуы мүмкін. Ол материалдың көлеміне, зерттеудің мақсаттары мен міндеттеріне байланысты. Есеп берудің қосымшасы зерттеудің бүкіл методологиялық және әдістемелік құжаттарынан тұрады: бағдарлама, жоспар, құралдар, нұсқаулар және т.б. Сонымен қатар, қосымшаға көбіне-көп таблицалар, графиктер, жеке өз пікірлері, есепке кірмеген ашық сұрақтарға қайтарылған жауаптар енгізіледі. Себебі бұл құжаттардың мәліметтері, жауаптары жаңа зерттеу бағдарламасын дайындауда пайдаланылуы мүмкін.
Содан кейін әлеуметтану зерттеуінің қорытындысын практикаға енгізу процесі басталады. Зерттеу нәтижелерін практикаға енгізудің әр түрлі формалары мен әдістері бар, оларға: практикалық ұсыныстар жасау, зерттеудің қорытындысын жариялау, ғалымдардың радио мен теледидардан сөйлеуі, зерттеушілердің басшылық органдары үшін құжаттар мен материалдардың жобаларын дайындауға қатысуы, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, симпозиумдар өткізу жатады.
***
Әлеуметтану курсы бойынша дайындалған осы құралында қарастырылған мәселелерді қысқаша қорытындылайтын болсақ, онда оның ең маңыздысы мыналар: әлеуметтанудың ғылым болып қалыптасу тарихы, оның жалпы теориясының дамуы. Бұл – әлеуметтанудың маңызды теориясы. Бұл теория ғылымда аса күрделі объекті саналатын қоғамды танып-білуді ілімдік негізге айналды. Осы теорияны қолдану қоғамның өмір сүруі мен дамуының заңдарын, әлеуметтік прогрестің механизмдерін, жолдарын анықтап, қоғамның даму болашағына терең үңіле білуге үйретті. Демек, жалпы әлеуметтанулық теорияны адамзат дамуын жеделдетудің тетігі десек те болады.
Әлеуметтану теорияларын қалыптастыруда әр түрлі пікірлер айтылды, тіптен бір-біріне қарама-қайшы келген көзқарастар да болады. Бұл жағдайлар оқу құралында көрініс тапты. Көп пікірлік және пікір сайысы қазіргі әлеуметтануда орын алуда, олар осы ғылымның аса маңызды екекндігін білдіреді. Өйткені олар әлеуметтану ойлары мен теорияларының толығыпжетілуінің жолдарын көрсетеді.
Әлеуметтанудың арнайы теориялары бұл ғылымның өз алдына жеке саласына арналған қоғамның күрделі мәселелерін танып-білуге ерекше рөл атқарады. Олар әлеуметтанудың жеке салаларының дамуына ықпал еткен объективті жағдайларды, бұларда орын алған құбылыстар мен процестердің өзгеріске түсуінің заңдылықтарын, ғылымдардың ұстаным-шешімдерін және т.б. қоғамдық өмірдің әр саласындағы қалыптасқан проблемаларды дер кезінде оңтайлы шешуге мүмкіндік беретініне көз жеткізеді. Соның ішінде ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайту, саяси тұрақтылықты сақтап, баянды ету, мәдениетті өркендеу, қоғамның әлеуметттік құрылымын жетілдіру, отбасының бірлігін сақтау жолдары мен тәсілдерін меңгеру қоғам үшін аса қымбат. Тұлғаны қалыптастырмайынша, оны жетілдірмейінше , қоғам да ілгерілемейді. Сол сияқты өркениетті қоғамнан тыс, оны тәуелсіз тұрғыда тұлғаның еркін және жан-жақты даму мүмкін емес.
Әлеуметтану зерттеуі теориялық пен эмпирикалық ізденістерді бірбірімен органикалық байланысты қарастырады. Себебі олар зерттеу процесін құрып, әрқайсысы өзіндік ерекше рөл атқарады. Эмпирикалық зерттеу - мәселенің нақты өмірмен байланысын қамтамасызх етіп, бір жақты абстрактілі пайымдаудан сақтандырады және практикалық мәні бар ұсыныстар жасауға негіз болады. Теориялық зерттеулер әлеуметтік фактілерді методологиялық тұрғыдан дұрыс жинақтау мен сараптауды қамтамасыз етеді. Олардың мәніне, даму бағыттарына және заңдылықтарына бойлай енуді, әлеуметтік көрегендік пен болжам жасауды қалыптастырады. Десек те, осы оқу құралына енбей қалған тақырыптар, мәселелер мен тұжырымдамалар да жоқ емес. Мысалы, дін, құқық, экономика және т.б. әлеуметтануларын айтсақ жеткілікті. Бұлар алдағы уақытта шығатын оқу құралдарына жалғасын табады деп ойлаймыз.