3. Дін әлеуметтануының атқаратын функциялары. Адам мен қоғам өмірінде діннің атқаратын міндеттері әр түрлі, көп жақты және көп бағытты болып отыр. Діннің қоғамға, дін жолын ұстанушы топтар мен тұлғаларға ықпал жасаудың негізгі бағыттарын әлеуметтануда діннің функциясы деп атайды.
Индивидтер мен әлеуметтік құрылымның алуан түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, дін әр түрлі және мәнді функцияларды атқарады. Функционалдық амал дінді әлеуметтік феномен ретінде зерттеу және түсіндіру үшін өте жемісті болып шықты. Сонымен бірге функционалдық амалды нақты жасауды және бір қатар шектеу қоюды да қажетсінеді. Өйткені әр түрлі қоғамда әр түрлі дін бірдей функция атқармайды яғни діннің функцияларын жәй ғана тізіп шығу ретінде әмбебап функционализм қолданылмайды.
Сонымен бірге діннің функционалдық теориялары қоғамда кіріктендіру және тұрақтандыру әмбебап факторы ретінде өмір сүреді. Бұл жерде қоғам мәдени-рухани бір тұтастық ретінде көрінеді, онда кіріктену және тұрақтылық тек рухани мәдени факторлардың көмегімен, діни символдардың көмегімен ғана қамтамасыз етіледі. Алайда бұл жерде қоғамның кіріктенуі және тұрақтануы адамға тән құрмет және тарихи дамудағы қажеттіліктер негізінде, оның мүддесін қанағаттандыру және оларды діни емес мәдени механизмдер арқылы үйлестіру мүмкіндігі көзден таса қалып қойған. Әлеуметтанушылардың пікірінше қазіргі дамыған демократиялық қоғамда ықпалдасу көбіне-көп заңнамалық және жалпы құқықтық жүйемен қамтамасыз етіледі, бәріне ортақ құндылықтардың рөлін, адам құқығының рөлін іске асыруды құқық институттары көп жағдайда өздеріне алған.
Тарихтан, мысалы, қоғамға қысым жасау және күш көрсету сияқты факторларда әрекет еткені белгілі, олар әлеуметтік жүйелерге қолдау көрсету үшін рухани-мәдени факторларының ықпалдасу мен сақтау деңгейлері мен масштабтарында әрекет етті. Осыдан шыға отырып ықпалдасу мәселесін тек дін ғана атқаратын функция деп қарастыруға болмайды. Бұл функция күрделі өзара әрекет жүйесін құрастырушылардың бірі ретінде көрініс табады.
Сонымен қатар дін ықпалдастырмайтын фактор қызметінде атқара алады әрі белгілі бір қатынастарда, мысалы, экономикада егерде ол еңбекті ұйымдастырудың қазіргі әдістерін кіргізуге, техниканың дамуына кедергі келтірсе дисфункциялық қызметте атқарады.
Бір ғана діннің өзі әр түрлі тұрғыда өзінің әлеуметтік салдарлары бойынша жағымды және келеңсіз функциялар атқаруы да мүмкін. Әр түрлі әлеуметтік жағдайда сол бір ғана діни механизм функционалды және дисфункцияналды болуы мүмкін. Дін бір жағдайда тұрақтандырушы факторы ретінде әрекет етсе, келесі бір жағдайда қақтығыстар мен сілкіністер тудыратын фактор ретінде де әрекет етеді.
Осы айтылған ескертпелерге қарамастан дін үшін аса тән және оның әлеуметтік бейнесін айқындайтын функцияларын төртке бөліп көрсетуге
болады: маңызды функция немесе мәнді функция; ұқсастыру функциясы; әлеуметтік ықпалдастық және тұрақтылық функциясы; мәдени құндылықтарды ең бастысы этникалық құндылықтарды сакреализациялау функциясы. Бұл аталған функциялардың алғашқы екеуі негізінен тұлғаға, индивидке бағытталған, ал олардың соңғы екеуі – әлеуметтік құрылымға, мәдениет жұйесіне бағытталған.
Маңызды функцияны немесе мәнді функцияны М.Вебер барлық діндердің басты функциясы ретінде қарастырады. Дін өз көзқарасы бойынша дүниенің сондай бейнесін, дүниенің құрылысын түсіндіреді. Оның түсінігінде әділетсіздік, жапа шегу және өлім қайсыбір «түпкі болашақ» үшін маңызды бар ретінде көрінеді. Кімнің болмасын иығына түскен мұндай лайықсыз жапа шегу адам өмірден өткеннен кейін жақсылықпен орнын толтырады. Ал жамандық міндетті түрде жазаланатын болады.
Бұл функцияның орын толтыру аспектісі осындай. Бірақ оның басқа да қырлары болуы мүмкін, ол мысалы, адамның бір күнмен өмір сүрмейтіні туралы және бүгінгі күнге қамқор жасауымен қанағаттанбауы туралы еске сала отырып, жалпы адам өмірінің мақсаты туралы есте ұстау қызметін атқарады, осылайша нақты тұлға үшін және топ үшін немесе қоғам үшін қолданылатын өмірдің мәні нақтыланады. Осы ниет мәселесі олардың күнделікті тыныс тіршілік және мүдделері аясынан келіп шығады. Адамның Мені «өз» тобының немесе «өз» қоғамының бар екендігін мойындатумен қатар басқалардың да бар екеніне оларды есте ұстаудың қажеттігіне және олардың мүдделерін есепке алудың керектігіне яғни «басқаны» өзінің тең әріптесі ретінде мойындауға қызмет етеді.
Дін өмірді ойлауға үндейді. Бұл үндеуді жүзеге асыруда басқалардың дамуы үшін үлкен қиыншылықтар туғызбайтындай етіп қайсыбір индивидтердің немесе топтардың өмірін ойлы етіп жасайтын тиімді жолдарды, тиімді құралдарды табу проблема болып саналады. Осылайша әлеуметтанушы үшін функцияны үндеу ретінде ғана анықтау маңызды емес, керісінше функцияның қоғамға қатысы бар әрекет етуі механизм ретінде қарастыру маңызды.
Тарих ізгілікке шақырған үндеудің куәсі, бірақ оған қарамастан ізгілікті емес адамдар жиі шығады. Діннің мәнді функциясы туралы мәселе бұл діннің нақты тұлғаның, топтың, қоғамның өмір мәнін табуға ықпал ету мәселесі.
Дін шын мәнінде ұқсастыру функциясында атқарады. Қазіргі тез өзгеретін қоғамда, әсіресе үлкен әлеуметтік мобильдікпен және «географиялық» өзгерумен қатар қай дінге жатуы сезімін нығайту өте қажет. Сондай-ақ дін индивидтің балалықтан қарттыққа дейінгі өмір жолындағы индивидуалдық дамуында және оның рөлінің өзгеріске түсуінеде осындай рөл атқарады.
Адамның жас мөлшеріне қарай орындалатын көптеген салттар мәдениеттердегі діни дәстүрлердің бөлігі. Бұл жерде әңгіме адамның ұқсастығын сақтау сезімі туралы болып отыр, сол арқылы адам өзін танытуға, индивидуалдыққа, ішкі жан дүниесінің біртұтастығын және сол тұлғаның өмір сүруінің мәнділігіне қол жеткізеді. Сонымен қатар бұл діннің тұлғаның психологиялық дамуына жағымсыз ықпал жасайтынын жоққа шығармайды. Бұл ықпалдың қаншалықты жағымды болғанына орай дін тұлғаның пісіп жетілуіне, әлеуметтенуіне соншалықты ықпал етеді.
Дюркгейм дін функцияларының ішінде индивидтің жеке ұқсастықтарынан гөрі, ұжымдық ұқсастықты қолдауға ықпал ететін функцияны маңызды санайды. Бұл дін функцияны сол топтың, әлемдегі өзге топтардың арасындағы алатын орнын және маңыздылығын түсіндіру арқылы шешеді. Діннің осы адамдарды ықпалдастыратын функциясы дәстүрлі қоғамдарда, әсіресе бір текті қоғамда мейлінше тиімді қызмет атқарады. Қоғамның жіктерге бөліну жағдайларына сәйкес, соның ішінде діннің жіктелуі плюрализмнің артуына орай дәстүрлі діндердің бірде-біреуі, бұл функцияны атқаруға қабілетсіз. Бұл жағдай діннің қоғамның тұрақтылығын қоғамдық нормалар мен құндылықтар арқылы ықпал етуіне де қатысы бар. Осы тұрғыдан алғанда қоғамның дамуына сәйкес діннің мүмкіндігі өзгереді. Жалпы қазіргі дін әлеуметтануы діннің функциясы мен рөлін түсіндіруде қоғамдағы құндылықтар нормалар және мәдени стандарттарға оның ықпалымен байланыстырады, яғни кез-келген әлеуметтік жүйелерде адамның өмір сүру жағдайларына бейімделу қажеттілігімен байланыстырады. Тарихи деректерді, жазба деректерді, құжаттарды талдау дінді әлеуметтанулық тұрғыдан зерттеудің маңызды құралы болып саналады. Зерттеудің бұл тәсілдерді діни ұйымдарды типтеуді жүзеге асыруда, қоғам тарихындағы дін эволюциясының кезеңдерін айқындауда, капитализм дамуына протестантизмнің ықпалын қарастыруда және т.б. зор табыспен қолданылды. Ұқсатуды аса маңызды деп есептеген.
Адам және қоғам өмірінде дін құрылымының элементтері айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Дін интегративтік міндет атқарды. Бұл функция адамдарды тұтас қоғамға біріктіруге, оны тұрақтандыруға және белгілі бір әлеуметтік тәртіпті қолдауға мүмкіндік береді. П. Бергердің сөзі бойынша, дін «қасиетті перде», сол арқылы адам өмірінің құндылықтары мен нормалары көрінеді, әлеуметтік тәртіптің орындалуына және әлемнің тұрақтылығына кепілдік беріледі.
Діннің атқаратын міндеттерінің бірі-реттеушілік функциясы. Оның реттеушілік функциясы қоғамда қабылданған әлеуметтік жүріс- тұрыс нормаларының әрекетін нығайтады және күшейтеді, формальді (шіркеу ұйымдары арқылы) және формальды емес (моральдік нормаларды алып жүруші ретіндегі дінге сенушілер) әлеуметтік бақылауды іске асырады. Бұл функция сондай-ақ әлеуметтендіру механизмдері мен құралдары арқылы да жүзеге асады. Осы реттеуді жүзеге асыруда діни құндылықтар маңызды. Діни құндылықтарды әртүрлі элементтер құрайды. Олар адамдардың барлық қатынастарын жөнге салатын ережелерден, нормалардан, қағидаттардан тұрады. Аталмыш ережелер мен нормалар адамдар қатынастарының «дұрысын», «бұрысын» айқындаушы болып саналады.
Діннің қоғамда атқаратын міндетіне психотерапиялық функция жатады. Діни әрекеттер, құдайға құлшылық ету, наным-сенімдер, салтжоралар діндарлардың өміріне жұбаныш береді, көңілдерінің тынышталуына ықпал етеді, оларға моральдық тұрақтылық, сенімділік береді, дінді тұтынушыларды стрестерден және өзіне-өзі қол салудан сақтайды. Дін өздерін жалғызбын, ешкімге керек емеспін деп жапа шеккен адамдарға діни салт-жораларды өткізу кезінде өздері ортақ әлеуметтік әрекетке қатысушы ретінде сезінуне көмектеседі. Сонымен бірге шіркеу мұндай адамдарды қайырымдылық шараларына да тартады, сол арқылы олардың қайтадан «қоғамға енуіне», жан тыныштығын алуына жәрдемдеседі.
Діннің қоғамда атқаратын коммуникативтік функциясының да өзіне тән ерекшелігі бар. Дінді ұстанушылар үшін қарым қатынас екі бағытта жүреді: бірінші құдаймен байланыс бағытында ( қарым-қатынастың жоғары түрі), екінші бір-бірімен өзара қарым-қатынас бағытында (екінші қатардағы қарым-қатынас). Қарым-қатынас нәтижесінде діни сезімнің күрделі кешені пайда болады: қуану, елжіреу, масаттану, сұқтану, бағыну, тіл алу, мәселені позитивті шешуге үміт ету және т.б., бұл кешен жағымды мақсат құрғызады, одан әрі діни қарым-қатынасқа және шіркеуге, мешітке баруға мотивация қалыптастырады.
Діннің мәдениетті таратушы функциясы социетальды және жалпы адамзаттық сипаттағы мәдени құндылықтар мен нормаларды, дүние мен адам туралы мәдени және ғылыми түсініктерді, тарихи дәстүрлерді, айтулы даталарды, сақтауға және жеткізуге мүмкіндік береді.
Сайып келгенде дін қазіргі қоғамда толықтай функциональды әлеуметтік институт болуын жалғастыра отырып, маңызды интегративтік
реттеушілік, коммуникативтік, психотерапиялық, мәдениетті таратушы рөлін атқаруда.
Марксистер діннің функцияларын жоғарыда баяндалғандарға толығымен қарама-қарсы бағытта түсіндіреді. Маркстік көзқарас бойынша қоғамның дінді қажетсінуі, ең алдымен, адамдардың табиғат құбылыстарының және т.б. алдында дәрменсіздік көрсетуден шыққан. Осыған орай діннің басты және жалпы функциясына бұлдыр (иллюзорлық) – компенсаторлық қызмет жатады деп есептейді. Опиум сияқты, дін адамдарды шынайы жасампаздықтан аластатып, қайғы-қасірет, жапа шегуді жеңілдетудің, қиыншылықтарды жеңудің жолдарынан көз бояушылық жасап, адастырады. Осылайша дін адамдарды ақиқаттан бұрып әкетеді, олардың өмірлік проблемаларының нағыз табиғатын танып білуге және сол мәселелерді жоюға кедергі жасайды, қоғамның прогресс жолын түсуіне бөгет болады.
Дінді талдау үшін әлеуметтанушы-зерттеуші, жалпы әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде әлеуметтану дайындап, жасаған және қолданған әдістерді пайдаланады, атап айтқанда сауалнама және статистикалық талдау, бақылау және эксперимент, кросс-мәдени салыстырмалы талдау; құжаттарды талдау сынды әдісі маңызды әдістердің бірі. Сауалнама сауалшының сұрақтар арқылы, стандартты сұқпаттасу түрінде өтеді. Респанденттерге адамдардың қай дінге жататындығы туралы олардың қай шіркеуге, мешітке баратыны жөнінде, қай құдайға сыйынатыны, қандай деңгейде діни шариғатты дін оқуын білетіні, оның жекелеген моменттер туралы, мысалы, о дүниеде өмір болатынын, жын перілердің өмір сүретініне сенетіні және т.б. жөнінде көзқарасы қандай, екенін анықтайтын осындай сұрақтар діншілдіктің сипаты мен қарқыны туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Сауалнама әдісі діншілдіктің қайсібір ерекшелікті белгілерінің арасындағы корреляцияны анықтауда және белгілі бір әлеуметтік мақсаттарды және сипаттарды айқындауда пайдалы.
Аса тереңдегі жатқан себепті байланыстарды анықтау үшін сауалнама әдісі қолданылады. Сондай-ақ ол статистикалық, бақылау, эксперимент әдістерінің көмегімен анықталған мәліметтерге қосымша мәліметтер жинау қажеттілігі туғанда қолданылады. Бұл әдісті қолдануда кездесетін қиыншылықтардың бірі, ол сауал қойылған адамдардың ойы мен сөзінің арасындағы сәйкессіздіккте жатыр. Сондықтан сауалнама нәтижесінде алынған мәліметтерге түсініктеме беру аса маңызды болып саналады.
Бақылау эмперикалық зерттеудің келесі әдісінің бірі болып табылады. Бұл стандартталған бақылау болуы мүмкін. Мұнда әлеуметтанушының қолында зерттеудің белгілі бір бағдарламасы болады және бақылау барысында ол алынған көрсеткіштерді, мәліметтерді жинап, дәптерге жазып отыруды жүзеге асырады. Бұл іштей бақылауда болуы мүмкін. Сондықтан ол зерттейтін адамдардың арасына бірге өмір сүреді немесе жұмыс істейді. Осы әдісті әлеуметтанушылар соңғы уақыттарда жаңа діни қозғалыстарды зерттеуде жиі қолданылып жүр. Топтың өміріне араласу арқылы әлеуметтанушы адамдардың діни тұрғыдағы жүріс-тұрысын, мінез құлқын бақылауға мүмкіндік алады. Десекте бақылау бақылауға алынған адамдардың топтың жаңа мүшесіне сенім артуына орай ашық және жасырын түрде жүргізілуі мүмкін. Бұл әдістің айтарлықтай басымдылығы бар. Өйткені ол әлеуметтанушының қатысуы арқылы бақылауға алынған әрекеттердің ерекшелікті жағдайларын анықтауға қол жеткіздіртеді. Бақылаушыға дінді ұстанушылардың өздерінің көзқарастары туралы не айтатынын және олардың не істейтінін салыстырып, байқауға салыстырып болады. Бақылаудың көмегімен нақты және терең «сапалы» мәліметтер алуға болады. Алайда бұл әдістің шектеулігі де жоқ емес. ең алдымен оның жоғары білікті болуын, екінші қатардағы мәліметтерді алып тастап, аса маңызды деген мәліметтерді барынша объективті анықтай білу қабілетін талап етеді.
Іштей бақылау дін әлеуметтанушысы үшін зерттелетін жағдайды бақылауға толықтай мүмкіндік береді.
Эксперимент әдісі, әлеуметтану зерттеулерлерінің басқа салаларында қолданылатын, әлеуметтанудың дінді зерттеуінде айтарлықтай дерлік қолданылған емес. Оның себебі дін әрбір тұлғаның терең әрі асыл сезіміне тиеді, сондықтан эксперимент қандайда бір мақсатқа байланысты жүргізілсе де этикалық тұрғыдан адамның діни сезімі есте ұсталу тиіс. Десекте индивидтердің қайсібір себептерге байланысты эксперимент жүргізуге келісім беретін кейбір жағдайларыда болады. Бұл мысалы экстрасенс, емшілік, бақсылық сияқты ерекше қасиеттерді зерттегенде немесе діни оқытудың бағдарламасын енгізіп, ұсынылған модельдің тиімділігін анықтауда эксперимент жұргізіледі.
Контент талдау алуан түрлі құжаттарды талдаудағы айтарлықтай қатаң әдіс болып есептеледі, соның негізінде зерттеуші діни талаптарды бөліп көрсетеді немесе айтыла бермейтін ниеттерді, пікірлерді зерттеу материалдарынан ажыратып алады. Бұл мысалы, қайсыбір жекелеген дінді уағыздаушы немесе діни ұйым, ағым үшін уағыз мәтіндерін талдау, бұл көпшілікке танымал діни әдебиеттерді және т.б. талдау болуы мүмкін. Осы талдау сол топтың нақты діни сапасын көруге мүмкіндік береді, оның ресми ілімнен өзгешелігін байқатады. Осылайша әлеуметтанушы, зерттеуші әр түрлі және бірін-бірі толықтырып отыратын әдістерді қолына шоғырландырады. Теориялық қорытындылар жасау үшін қажетті мәліметтерді жинақтауда, сол әдістер эмпирикалық деңгейде діни жүріс-
тұрысты, мінез-құлықты зерттеуге мүмкіндік береді, 4. Қазіргі Қазақстандағы діндер. Қазақстанда саяси жүйені демократияландыру үрдісі, ХХ ғасырдың 90 жылдардың басында басталған, еліміздегі діни өмір саласын да толықтай қамтып, елде түбегейлі жаңа діни жағдайдың пайда болуына алып келді. Бұрынғы мемлекеттік атеизм саясатының орнына енді дін мәселесін демократиялық жолмен шешу келді. Бұл Қазақстан азаматтарының дінге сену еркіндігіне жол ашты және өз діндерін таратуға мүмкіндік берді. Алайда ата-бабаларының өткен мұраларымен таныс еместер және ислам туралы аз ғана білімі бар діндарлар қазіргі кезде діндердің ара-жігін ажыратуға қабілеттсіз болып шықты. Осымен байланысты еліміздің мұсылмандар арасында ертеде тараған дәстүрлі ислам дінін жандандыру қолға алынып, салт-жораларын, руханилықты құрайтын дүниетаным мен ішкі түйсінуді қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Әсіресе басқаша көзқараспен ойлайтындарға аса төзімділікпен, шыдамдылықпен қарайтын, христиандарға және идеяларға байыпты да байсалды қарайтын Ханафит мазхабына ерекше көңіл аударылып отыр. Қазіргі біздің елімізге исламның Ханафиттік жолын ұстанушылар халықтың 70 пайызын құрайды. 46 Қазіргі таңда Қазақстанда 3972 діни ұйымдар бар және 46 конфессия жұмыс істейді. Діндердің жандануы барысында елімізде бұрыннан келе жатқан дәстүрлі ислам діні мен православия діні белсенді қызмет атқара бастады. Қазақтар дәстүрлі исламның сунит бағытын ұстаған және ұстап келеді. Елімізде 11 млн. жуық мұсылман бар, ол 24 ұлт өкілдерін қамтыған. Олардың конфессионалдық ұқсастыруларының мынандай негізі өлшембірліктері болды.
діни дәстүрлер мен салттарды қалпына келтіру, оны өмірде ұстау;
діни мінез-құлық нормаларын орындау;
Меккеге қажылыққа бару діндәр мұсұлмандар арасында аса танымал шараға айналды. Ешбір қиыншылыққа қарамастан жыл сайын жүздеген қазақстандықтар пайғамбардың отанына сапар шегетін болды.
Ескі мешіттер ғимараттары жөндеуден өтті және жаңа мешіттер көптеп салынды, сөйтіп олардың саны жыл сайын арта түсті. Жаңа мешіттер салуға ел азаматтары ерікті түрде қаржылай көмек көрсетті және бұл айтулы іске шетел азаматтарының жәрдемдері де оң ықпал етті. Егерде КСРО кезінде мешіт саны шектеулі болса, мысалы бір қалада бір мешіт жұмыс істесе, ал қазіргі кезде әрбір елді мекенде мешіт бар десек артық айтқандық емес.
Қазақстанда Православия діни бағытын ұстанушылар өздерінің саны жағынан екінші орын алады, оны негізінен орыстар, украиындықтар мен белорустар ұстанады. Бүгінде аталмыш діннің бағытында 3 ирархия, 280 приход, 8 монастрь қызмет атқарып отыр.
Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде дәстүрлі емес конфессияларда пайда болды. КСРО тұсында тек екі конфессияның – православия мен ислам дінінің қызмет істеуіне, оның өзінде оларға партия мен мемлекеттік органдардың қатаң бақылауымен рұқсат етілгені белгілі. Елімізде демократиялық қоғам құру қазақстанда көптеген діни мекемелердің, ұйымдар мен институттардың құрылуына, оң әсерін тигізді. Сонымен қатар осы кезден бастап әлемде кейбір жартылай немесе толықтай тыйым салынған діни мекемелер діни орталықтарға айналып отырғанын айтуымыз қажет. Дәстүрлі емес протестантизм, евангелизм және т.б. дін өкілдерінің саны артуда. Жоғарыда аталған жайттардан шыға отырып дәстүрлі емес діндерді Қазақстанда белгілі бір нәтижелерге жетті деуге болады. Оның бірнеше себептері де бар:
үгіт-насихат, жарнама-басылым қызметінің жоғарғы деңгейде қойылуы;
миссионерлердің өз жағына жаңа жақтастарды тартуда көрсеткен белсенділігі;
түсінікті тілде қызмет ету;
наным-сенімдерінің қарапайым болуы; - әртүрлі діни әдебиеттермен қамтамасыз ету;
шетелдік қаржылай көмектің көрсетілуі және т.б.
Кеңестік кезеңде этноконфессионалдық ұқсастыру мына бағыттарда жүрген еді:орыстар өздерін православиялықпыз деп санады, қазақтар, қырғыздар, өзбектер – мұсылмандарымыз деп есептеді. Қазір бұл көп өзгеріске түсті. Бүгінде славяндар ғана емес, қазақтар және т.б. славян емес халықтар өзге діни идеологияны қабылдауда. Жаңа наным-сенімдер олар үшін аса тиімді деп есептелінеді. Осылайша қоғамда жаңа рухани идеалдарды іздестіру үрдісі белсенді жүрді.
Бұл үрдістің барысында аралас діни қауымдастықтар құрылды, бұл үрдістің ерекшелігін көрсетті. Осы аралас діни қауымдастықтарда әртүрлі этностардың өкілдері (орыстар, немістер, қазақтар, қырғыздар, белорустар және т.б.) ортақ рухани құндылықтары уағыздайды. Солардың арасында Орта Азия елдерінде көп тарағаны Евангель христиан-баптистер қауымы. Ол ел ішінде танымалдылыққа ие болып, әр ұлт тілінде дұға оқудың арнайы жиындарын өткізіп тұрады. Әр ұлт тілінде аударылып, шығарылған інжілімен қатар діни әндер жазылған көптеген буклеттер мен інжілден үзінділер келтірілген открыткалар шығарып, таратады. Осындай жұмыстарының арқасында шіркеу өзінің жаңа этникалық базасын жасады десек болады.
Баха ел арасындағы танымал діни қауымның бірі. Оның халықты өзіне тартатыны ешбір құдайды және пайғамбарларды: Мұхаммедті, Христосты, Кришнаны және т.б. жоққа шығармайды. Баха ілімі өзіне әртүрлі діни ілімдердің бүкіл рухани құндылықтарын жинақтаған. Ол адамзат тарихының циклдік идеясына негізделген. Бірінші цикл алғашқы пайғамбар болған Адам - Атадан басталады. Оның ісін Мұса (Моисей), Кришна, Будда, Зороастра, Христос және Мұхаммед жалғастырған. Баха ілімі әртүрлі жалпыадамзаттық құндылықтарды-жақсылықты, ізгілікті, адамгершілікті түсінуді кеңейтуге және тереңдетуге тырысады; бірақ ол ислам мен христиандықтағы құдайға құлшылық ету салт жораларының күрделілігін мойындамайды.
Жетінші күн адвенистер қауымыда жұрт арасынан қолдау табуда. Олардың ережесіне сәйкес дінде ұлт ешқандай маңызы емес, сондықтан қауым әркімнің қандай ұлтқа жататынына қарамастан барлық тілек білдірушілерді қабылдай береді. Шет елден көмек алатын бұл шіркеу қайырымдылықпен де айналысады: қажетсінгендерге ақысыз – пұлсыз түскі ас берді, киім-кешек және аяқ киімдер таратты, қарттар үйіне, кемтарлар мен балалар үйлеріне көмек көрсетеді.
Ваххабизм (Уаххаб) – суннит ағымының бір бағыты. Ол XVIII ғасыр аяғында Арабияда пайда болған. Оны негіздеген Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб. «Абдулуаххаб «дінді тазалау» яғни пайғамбар заманына оралу мақсатымен өз ағымын, қозғалысын ұйымдастырды. Оның ойынша тек бәдәуи арабтар емес, барлық мұсылмандар таза ислам доктринасынан алыстаған болып есептеледі. Олар үшін пайғамбардың, әулиелердің қабірлерін зиярат ету, Аллаға жекізуші құрал (тауассул) Аллаға серік қосу болып есептеледі (ширк). Олар өте қағидашыл. Мысалы, «бас ауыруға анальгин ем» десеңіз, бұл сөз Аллаға серік қосу (ширк) болып есептеледі. «Яссауидей әуленің құрметі үшін мына дұғаны қабыл қыл» десең, діннен безгенсің (мушриксің). Бұлар өз дініне жат, алыс қалғандарды тез баурап алатын доктрина. Абдулуаххаб «Құран мен Сунна» басқа да негіздерді қабылдайтын мазхабтарды дінге жаңалық қосу деп (бидғатшылықпен) кұстаналайды. Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан (жахил), олардың сеніміне кірмегендерді «дінсіз» деп қарайды. Абдулаххабаб «біздің ханафи мазхабын кафирлердің мазхабы» деп қарайды47.
Уаххабистердің басты орталықтары Орта Азияда Наманған мен Әндіжанда орналасқан.
Мұсылман мәдениеті халықтардың этникалық және діни ерекшеліктерін дәріптеуге бағытталған. Қазақстанда бірнеше діни мәдени қоғамдар әрекет етеді. Солардың арасында белгілісі «Мұсұлман әйелдері Лигасы», «Фатима» Ассоциациясы, «Рифах» қозғалысы.
Сондай-ақ, Орта Азия мен Қазақстанда Ұллы трансцендентальды Медитация, Шри және Чинмог орталықтары, Сатья Саи орталығы, Соңғы Завет шіркеуі, жаңа ғасыр қозғалысы, құдай балалары (құдай отбасы) және
т.б. бірқатар аз санды дін ізбасарларыда әрекет етуде. Діни бірлестіктер әлеуметтік жағдайға бейімделгісі келеді, саяси оқиғаларға қатысуға тырысады, өздерінің орындарын саяси сахнадан табуға құлшыныс білдіреді. Оған мысал ретінде неохристиандық – «шіркеу бірлестігін», сайентологиялық – «сайентология шіркеуін», неоориенталистік дін «Кришна санасының халықарылық қоғамын», сонымен қатар шайтан топтары – «шайтан шіркеуін» және т.б. айтуға болады. Жоғарыда аталған діни ағымдар, кейде секта қозғалысы деп аталған, дәстүрлі діндерден ерекшелігі этноспен байланысының болмауында, олардың әлеуметтік базасын негізінен жастар құрайды48 Әрбір дін өзіне тән белгілер мен символдарды қалыптастырған. Белгілер мен символдар ең алдымен қарым-қатынас құралы болды. Оларды адамдар табиғаттан алды немесе қолдан жасады. Олар түсінікті, мән – мазмұнды жеткізе білді. Принциптік символдарды игере отырып, біздер олардың негізгі мазмұнын түсінуге жақындаймыз. Христиандықта крест ерекше маңыздылыққа ие болған, ол Исус Христостың ұлы құрбандық бейнесімен ұштасқан. Жалпы крест қарама қарсылықтарды біріктіруді білдіреді: руханилық пен материалдықты, көктегі мен жердегіні, дүниенің арғы жағы мен бергі жағын және т.б. Кресттің көбіне тік тұруы дүниенің осьін, ал көлденең салма көкжиекті білдірген. Крест символы жынперілерден қорғайтын ерекше магиялық күшті иемденген деп есептеледі.
Исламдағы жарты ай мен жұлдыздар символы аса кеңінен тараған символдар. Олар өз кезінде Византияның (354-1453жж.) мемлекеттік символдары болған. Осман империясы 1453 ж. Константинополді жаулап алғаннан кейін, бұл символдарды өздерінің соғыстағы жеңісінің символдарына айналдырған. Бұл символдар ислам мемлекеттерінің жалауларында, мешіттерінде, пошта маркаларында бейнеленген. Мұсылман теологтарының арасында жарты ай мен жұлдыздар символдарының төмендегідей түсініктер берілген. Жарты ай Арабия құмдарында жолаушыға жұмсақ және салқын сәулесімен жол көрсетеді, ал жұлдыздар – өзінің тағдырына қарсы қозғалыс жасаудың бағыт-бағдары. Осы символмен ассоциаланған дін Аллахқа апаратын өмірлік жолды көрсетеді. Жарты айдың уақытқа орай толық айға айналатыны сияқты исламда әлемге өзінің ықпалын күшейтеді және ерте ме кеш пе ол бүкіл адамзаты қамтитын болады. Символдың жалпы мәнінде исламның болашақта әлемдік жеңіске жету идеясы жатыр.
Аңызға сәйкес ханзада Гаутама (Сиддхорта, Будда) өзі күріш сабақтарынан жерге дөңгелек салған, ол туу мен өлім шеңберін символдаған. Мәңгі космос затының дөңгелегі баяу төмен қозғалады, бұл оқтын - оқтын қозғалыс. Сыни кезеңде дүниеге Кришна, Будда, Христос немесе басқа ағартушы (жарық беруші) келеді де мейірімділік заңының қозғалысына жаңа серпін береді. Сегіз шабақ нирванға апаратын сегіз жолды білдіреді. Әдеттегі күнәлі адам –дөңгелектің сыртқы жағында болады да шеңберді айналудан өтеді, ал көзі ашылған адам дөңгелектің қозғалысынсыз –ақ оның ортасына, нирванға сегіз жолмен жетуге мүмкіндігі бар. Сегіз шабақ былайша сипатталады: дұрыс көру, дұрыс шешу, дұрыс айту, өзін дұрыс ұстау, өмірде дұрыс құралдарды пайдалану, дұрыс күш жұмсау, өз санасын ақиқатпен толықтыру және дұрыс шоғырлануға үйрену. Дөңгелектің осьі төңірегінде кейде үш сатыдан тұратын кіші шеңберді бейнелейді. Дөңгелектің әрбір секторы ауыру мен бақытсыздықтың себептерін білдіретін белгілерден тұрады.
Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет. Бұл дегеніміз барлық діндерге қатысты мемлекеттің бейтараптықты сақтауы, оның дінен тәуелсіздігі және кез келген теологиялық тұжырымдамалардан еркіндігі. Мемлекеттің зайырлы болуы оның дамуы мен жаңғыруының кепілі. Мемлекеттің зайырлы болуы көп түрлі діндерге құрмет пен діни сенімге төзімділікті білдіреді, қоғамда зайырлық типтегі гуманизмді жасауға итермелейді, зайырлы азаматты, өз отанын сүйген патриотты қалыптастырады. Зайырлы типтегі гуманизмді қалыптастыру, өз кезегінде жаңа типтегі мәдениетті, дін аралық төзімділікті бекітеді, осылайша халықтың діни ұқсастығын сақтайды.
Зайырлылық құрметтеуге тұрмайтын жүріс-тұрысты және адамгершілікке жатпайтын әрекеттерді мойындамайды, сонымен қатар индивидтердің жүріс-тұрысындағы немесе сыртқы түріндегі діни немесе секталық көріністерді қаламайды, оларды ешкім қоғамға таңуы тиіс емес деп есептейді.
Сонымен бірге секта уағыздаушыларды көп жағдайда сектаға келушілердің жеке өмірлеріне барынша араласуына тырысады және өздерінің ықпалына түскен адамдардың жүріс-тұрыс түрлерін мейлінше өзгертуге күшін салады. Бұл олардың киім-кешектеріне, тағамдарына, салтжораларына өзгерістер енгізуге мәжбүрлеуден бастап, адамның санасына, ойлауына түзетулермен аяқталатын үрдіс.
Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынастарының біздің елдегі моделі адамның құқығы мен еркіндігін құрметтейтін демократиялық қағидаттарының қоғамдық және діни мүдделердің теңдестігіне, әрекеттік қатынастарға және өзара түсіністікке тырысуға негізделген. Діни сенім саласындағы мемлекеттің саясаты бейтараптық, төзімділік және парапарлық сияқты үш негізгі қағидаттан тұрады. Осылардың арасында діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпауды мақсат еткен мемлекеттің бейтараптық қағидатына басты орын беріледі.
Төзімділік қағидаты діни сенімдерге құрметпен қарауды білдіреді. Парасаттылық қағидаты барлық бірлестіктердің және әртүрлі діни сенім өкілдерінің заң алдындағы теңдігін көрсетеді. Сондықтан күш қолдануға Конститутциялық құрылысты құлатуға, билікті алмастыруға және т.б. шақыратын яғни заңды бұзатын кез келген діни бірлестік міндетін еркін атқаруға тиісті емес.
Сайып келгенде, жалпы әлеуметтанудан дін әлеуметтануының жеке ғылым саласы болып қалыптасуы діннің құрылымын, қоғамда атқаратын функцияларын, оның ұйымдық типтерін, діндерді классификациялауға және т.б. мәселелерін ғылыми тұрғыдан талдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл ғылым діндердің даму заңдылықтарын, қазіргі кездегі тенденцияларын айқындауға септігін тигізіп отыр.